• Еркін ой мінбері
  • 30 Қараша, 2020

ӘЛЕМДІК ІНДЕТ АДАМЗАТҚА СЫНАҚ БОЛДЫ

Мұратхан ШОҚАН,
«Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі:

Әлемде қалыптасқан пандемиялық ахуал көптеген елдерге өз әсерін тигізуде. Экономикалық дағдарыстан бөлек адамдардың моральдық ахуалы, психологиясына әсер етуде. Десек те, біз алдағы күндерімізге үмітпен қарап, алдымыздан шыққан тосқауылдарды жеңе білуіміз керек. Осы ретте, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі Мұратхан Шоқанмен әңгімелескен едік. Әңгіме барысында ақынның бүгінгі әлемдегі ахуалға берер бағасын білдік. Сонымен қатар, шығармашылығындағы жаңалықтары жайында хабардар болдық.   

– Өзіңіздің қоғамда болып жатқан көп дүниелерді, түрлі ахуалдарды рухани-философиялық тұрғыдан пайымдайтыңызды жақсы білеміз. Қоғамның, елдің басынан өтіп жатқан жағдайларға қандай баға берер едіңіз? Не түйдіңіз?

– Әлемдік ауқым алған індет тұтас адамзатқа сынақ болды. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» немесе «жұт жеті ағайынды» деген халқымыздың дана сөзі бар. Ел басына күн туған сәтте, бұл сөздердің бекер айтылмағаны анық болды. Менің түйгенім, ниет пен пиғылды дұрыстамасақ, алтын өзен боп ақса да халыққа жетпейді. Сондықтан, қоғам болып жарты бидайды жарып жейтін, бүтін бидайды бөліп жейтін бағзы бабалар рухын ұрпақтар санасына сіңіріп өсіруге күш салуға тиіспіз. Болмаса, «жығылған үстіне жұдырық ұрып» өз түбімізге өзіміз жететін түріміз бар... Бұған індетпен күрес барысында орын алған дәрі-дәрмектердің бағасын өсіру, тағы басқа да келеңсіз жағдайлар көзімізді жеткізді.

– Жалпы, сіздің ойыңызша бүгінгі адамзат баласы қайда бет алып барады?

– Менің есіме «Көз жасымды төгіп алдым» деген өлеңім түсіп отыр. Онда мынандай бір шумақ бар:

Жасыл шарда бірге шырқап бал әнді,

Адам қашан жау көрмейді адамды?

Үлгі алмай ма құдайсынған пенделер,

Құдай сүйіп тұрған жоқ па ғаламды?!

Жалғыз мекеніміз – жасыл шарда адамзат баласы әлі сәбилік сананың жетегінде әркім өзін құдай көріп бір-бірімен қырық пышақ болып қырқысып жүр. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Тұтас адамзат баласына өркениеттік ояну керек. Бір-біріне біз адамзатпыз деп құшақ ашатын ұлы махаббат керек. Болмаса, адам баласы ақыр заманды өз қолдарымен жасап, құрып жоғалады.

– Енді ұлтымыздың мәселелеріне ойы­сайықшы. Біз, қазақтар, бүгінде қандаймыз? Рухани-болмысымыз, дүниетанымымыз өзгергені сөзсіз. Бірақ, сол өзгерістердің арғы жағында сапалық өзгерістер көбірек пе, әлде аз ба, көңіл толмайтын тұстар да баршылық па?

– Суға түскеннің киімінің су болып шығатыны секілді жаһандану тасқынының әсері болмауы мүмкін емес. Алайда «Суға кеткен тал қармайды» демей ме. Ұлт ретінде өз болмысымызды жоғалтпауға ел болып қармануға тиіспіз. Өйтпесек, құдайға шет боламыз. Өйткені, құдайдың қалауымен адамзат баласы ұлтқа, ұлысқа бөлініп, әр ұлт өзіне тиесілі тілімен, ділімен, ішкі, сыртқы өзгеше болмысымен қалыптасты емес пе? Біз ұлтымызға, ұлттық құндылықтарымызға, ғылым-білімге махаббатпен қарасақ, құдайдың қолдауына ие болып, өркендеп өсеміз. Шөп те тамырынан ажыраса, қурап қалады ғой. Тамырымыздан ажыраудан сақтасын!

– Жастарды кітап арқылы тәрбиелеу, кітап арқылы рухани құндылықтарды насихаттауды қолға алып, түрлі жобаларды жүзеге асырумен айналысқаныңызды білеміз. Ұлтымыз кітап оқудан, газет-журнал оқудан қол үзіп бара жатқан жоқ па? Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Қайбір жылы жастарды кітап оқуға талпындыратын «Сыйлықты кітап оқыту» жобамды жүзеге асырдым. Жоба барысында жастардың бар ықыласымен кітап оқығанын көріп қуандым. Сол кезде студенттерден мұғалімдер: «Сендерге не болған? Бәрің кітап оқып кетіпсіңдер ғой», – деп таңғалып сұрапты. Кейін қаражатқа байланысты жоба тоқтап қалды. Негізінен мемлекеттен қолдау болса, кітап оқытатын, рухани кемелденуге бастайтын қоғамға пайдалы тамаша жобаларды жүзеге асыруға болады. Кітап күн секілді. Кітапты көп оқыған адам адаспайды. Көгінде күні бар адам болғанға не жетсін?!

– Сіздің бойыңызда нағыз қазаққа тән қасиеттер көп екенін байқаймыз. Қазақы ойлау, ұлттық дүниетаным, әлемді, ортаны қазақтың көзімен қабылдап, қазақтың сана-сезімімен, түйсігімен қабылдап, ой өрбітуге жақынсыз. Сіздің бойыңыздағы ұлттық дүниетаным қалай қалыптасқан? Өскен-өнген ортаңыздан, тәлім-тәрбиеңізден болар. Осы туралы айтып өтсеңіз?

– Мен ағартушы отбасында дүниеге келдім. Ертек тыңдап, қисса жаттап өстім. Кішкене кезімнен кітапқа құмар болдым. Әкем маған мектепте оқып жүргенде, жеке кітапхана ашып берді. Төменгі сыныпта оқып жүріп, жоғары сыныптардың ана тілін, әдебиетін бір-екі жұмада оқып тастайтынмын. Біздің ауылда балаларды ата-анасы ғана емес, тұтас ауыл тәрбиелейтін. Бір қателік жасасаң, ауылдың кез-келген адамы танып тұрса да, «Кімнің баласысың?» – деп сұрайтын. Ата-анамыздың атына сөз келтірмеуге тырысатынбыз. «Ұят болады», «обал болады» деген сөздер біздің бағынатын заңымыз болатын.

- Сұхбатымыздың соңында өзіңіздің жеке шығармашылығыңызға ойыссақ. Не жазып жүрсіз? Қандай кітаптарыңыз жарық көрді? Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?

– Қазір баспаға екі философиялық кітап дайындап жатырмын. Қазірге дейін «Жиырманың жалыны», «Маған көктем сыйлашы», «Жүрекке жүгіну», «Тазалыққа ұмтылу», «Түнгі лирика» атты жыр кітаптарым, «Жаратылыснама» атты философиялық кітабым жарық көрді. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік жемісі» «Қытайдағы қазақ кәсіпкерлері» атты фотоальбомдар құрастырдым. Бірнеше жылдан бері «Әдебиет әлемі» деген орталық құрып, жастардың шығармашылығына қолдау білдірумен айналысып жүрмін. Былтыр, 2019 жылы мен басқаратын «Тұлға-достық» қоғамдық қорының қаржыландыруымен еліміз бойынша тұңғыш рет Алматы қаласынан «Поэзия аллеясын» салып, халықтың игілігіне ұсындық. Адам баласы өмірге келген соң, азды-көпті бір нәрсе істеп кеткені дұрыс қой.

- Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен

Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ

 

991 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз