• Тарих толқынында
  • 30 Қараша, 2020

ДАЛА РЕФОРМАТОРЫ

Заманның бір орында, бір сәтке де тұрмайтынын мекен еткен, мекен ететін тегі адам, саналының бәрі дерлік білетін, біле беретін дүние. Қоғам алдыңғы қатарға қарай беттеп, дами түседі. Оған ілесу адамның міндеті ғана. Уақытты тоқтатуға адамның әлі келмейді, уақыт дүлей күш. Оның аясында ғана қимылдау адамзатқа игілік болмақ. Төрткүл дүниеде уақытынан озу, уақытты мойындату деген гепотезалар бар. Оларды тек процестер мен тұлғаларды нұсқап-ақ шамаға айналдырамыз. Қоғамға көшбасшы ауадай қажет. Ол жазылмаған заңдардың қағидасы. Ұлтты төрге сүйреу кез-келген жұмыр басты пендеге бұйыра бермейтін қасиет. Ол үшін асқан талант пен қанына біткен өзгеден озық функциялардың жиынтығы болуы шарт. XIX ғасыр – қазаққа ноқта кигізіліп, қазыққа байлауға шақ тұрған мезеті болатын.

Қазақ тегінде қарғы бау көрмеген, бұғауланбаған ұлт. Алдындағы малын да байламайтын. Байлап, матап мал баққанды, мәңгілік бір орында тұрақтағанды қаны қаламайтын. Көшпенділік – басты мұраты. Сондықтан, отаршылдық орта шенінен асқанда, қарсылық жасау, қан төгу үлкен ерлікпен пара-пар болатын. Саясатты, сол қоғамның бағытын түсіну, әлемдік қимылдарды бағдарлап, таразылау сол заманның белді иесіне бұйырар бақ еді. Сол әрекетті жасаған бірегей тұлға – Кенесары болатын. Абылайдың ақ жолын ұстап, хандықты қалпына келтірді. Аз мерзімге болса да. Осындай қиын-қыстау заманда хандық құрып, хан атану ХVІІ ғасырдағы әскермен, заманынан мүлде қалық қарумен сол кездегі әлемдегі әскери күші теңдессіз патшалық Ресейге қарсы күрес жүргізу данышпан көсем мен парасатты реформатор ғана жасай алатын әрекет болатын. Сондықтан, хан Кене өз заманындағы рухы басым, ойы озық, сараптамасы жойқын, саясаты сарабдал, жоспары нық үлкен батыр, пайымы ұшқыр азамат болатын, болмасқа амалы жоқ еді.

Өзінен әлдеқайда басым, зор империямен ашық күресу ақылды көп қажет етті. Орыстың әскери институт, кадет корпус бітірген талай офицерлері Кенесарының дала мектебінің түлегі екенін еріксіз мойындап, таңдай қақты. Еуропадағы басылым беттеріне жарыса жазды. Кәрі құрлықтың халқын дала реформаторының қимылдарына сүйсіндіріп, қошеметіне бөледі. Кенесарыны дала реформаторы деп айтуымыз керек, оған міндеттіміз де. Отаршылдық құрсауындағы далада хандықты қалпына келтіріп, өзінің мемлекет жобасын жасауы, бақайшағына дейін озық әскери техникамен қаруланған әскерге қарапайым сойыл, найзамен төтеп беріп, бітімге келу үлкен істің жемісі. Талай бекіністерді өртеп, орыстың білімді офицерлерін тұтқында ұстауы зор әлеуеттің нәтижесі. Біз оны толығымен реформатор деп мойындауымыз керек. «Қаһар» романында Кенесарының реформаторлық қимылдарын көптеп келтіреді. «Қазақтың басын біріктіруден, қасқырдың басын біріктіру жеңіл» – делінген заманда біраз қазақтың басын біріктіріп, ержүрек қазақ жауынгерлерін атқа қондырып, Алатау асырып апаруы үлкен реформаторлықтың нышаны. Мысалы, «Қаһар» туындысында аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин Кенесарыны былай бағамдайды: «Кенесары дегеніңіз кекілікті ілуге әккі қуқұйрық тәрізді, сотқар әкесі мен тентек ағаларының соңынан жүріп, әбден шынығып алған, ұрысқа бірден кіріп кетпей, Чириков есаул секілділер басқарған кішкентай жасақтарды қағып тастап, күш жинауда. Омбы генерал-губернаторына «Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Қарқаралыдан Жайыққа дейін ата-бабамыздың жері еді, сендер соларды тартып алып, бекініс салып жатырсыздар, мал бағып, күн көретін бізге де жер керек» – деп әлсін-әлсін хат жазып, жұртты дүрліктіре түсуде. Ақтау бекінісі салынды дегеннен бері тіпті өршіп алды. Қан төгіспейік, Ақтау бекінісін салмаңдар дейді. Бұның өзі үлкен реформаторлықтың жүйесіндегі әрекет. Үлкен ұрысқа бел шешпей, орыстың шағын топтарының көзін құртуы, жауынгерлерді жеңіс дәмімен рухтандыру, алпауыт орыс дегеніңнің өзін жеңуге мүмкін екенін ұқтыра білуінің өзі үлкен пайымның астарындағы қимылдар. Адам қанын төккісі келмейтінін де баса ескертеді. Бейбіт мәмілеге келуді, елшілікті, қағаз жүзіндегі заңнамалылықты қалайды. Бұл да қазақ даласындағы тың бастамалардың алды.

Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» хамсасының бірінші тарауы «Толғақ» кітабында Хан Кенені былай бейнелейді: «Дүние – байлық, шен-шекпен, жастықтың өмірді алдаушы ететін аз күндік желігі оны ешқашан қызықтырған емес. Біреудің жанына батқан кәкір оған екі есе бататын, тек оны қайсарлықпен сездірмеуге тырысатын еді. Өзінің тел өскен туыстары не болса соған күйіп-пісіп, шыбынсыз жаз күндері ұрынарға қара таппай жүргенде, ол атына мініп, басы ауған жаққа безіп кетіп қала беретін. Туған жерге, исі қазақ қауымына деген сүйіспеншілік қайдан пайда болды оған? Әйтеуір тек жүріп өлмейтінін, тағдырдың өзіне сыйлаған жаздың қысқа таңындай шолақ ғұмырын әлдебір зор іске бағыштарын іштей жақсы сезетін» – делінген. Өреден бөлек жаратылған жан-дүниесін, қаптаған қазаққа ұқсамай, бөлек туғанын, ғұмыры мен қасық қанын ұлты, жері, халқы үшін кез-келген сәтте қиюға дайын екенінің өзі қай қоғамның бағасымен алсақ та үлкен данышпандықпен өлшенер процесс. Ұлы адамдар келер өлімін сезеді-мыс, дейді қазақ. Кенесары да шолақ ғұмырын әлдебір зор іске бағыштарын іштей сезген тұлға. Бұл жағын жазушы Р.Тоқтаров айқын ашады. Ендеше, осы бір ұлы іс – ұлт-азаттық көтеріліс, хандық билік, бар қазақты басқару секілді дүниелермен өлшенді. Ұлы істі ұлы адамдардың жүргізетіні әлемге белгілі, жазылмайтын ұғым. «Қаһар» романында «Кенесары бір қиын мәселені шешерде қалың қабағын қарс жауып, бір қолымен исфаған семсерінің сабын ұстап, темір торға қамалған жолбарыстай ақ орданың ішін кезіп, ерсілі-қарсылы жүре, көп ойланатын. Мұндай кезінде сұлтанның сырт бейнесі шынында да жолбарыс болатын желкесі күдірейіп, өткір көздері әдеттегісінен гөрі қызара түсіп, тірі жанға тіл қатпай, сұстана қалатын. Осындай ашулы, ойлы шағында оның үстіне ешкім батып кіре алмайтын, өйткені, ол бұл кезде жайшылықтағыдай емес, адам көңіліне қарамайтын қатал келетін» – деп сипаттайды. Үлкен ойдың жетегіндегі қаһарманды бұлайша бейнелеу өр намысты, күрделі, кезек күттірмейтін мәселені шешер тұлғаның кейпі екендігі айдан-анық. Жайшылықта бөлек, халық тағдырын ойлану сәті бөлек екендігін ұқтырады. Бұл да тумысы басқа, ұлы тұлғаларға тән қасиет. Хан болғасын да өзгелерден ерекшелену критерийлері қажет. Ал өз қоғамындағы бірегей тұлға болу Кенесарыға дарыған. Бұл да бір реформаторға тән қасиеттердің бірі. Ал жайшылықта Кенесарыны өте биязы, кішіпейіл, көпшіл, өз жақындарының тойын басқаратын думаншыл жан ретінде суреттейді. Р.Тоқтаровтың «Толғақ» туындысында жансыз ретінде оң қолы шабылған Атош та хан Кенені сыртынан да ғайбаттамайды. «Кенесары жауына мейірімсіз де, қатал екені рас, бірақ жайшылықта кісі көңілін қалдырғысы келмейтін биязылығында да шек жоқ, қарауындағы халықты бас-басына, аты-жөні мен шыққан тегіне қарап айырып, мұң-мұқтажын зерттеп білу үшін алдына келтірмей қоймайды», – дейді. Өзін жазалап, қару ұстар оң қолынан айырса да өте жақсы пікірде. Бұл дегеніміз халыққа өте жайлы хан болды деген сөз. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» атты шығармасында: «Халық бақытты болады, егер жайлы әкім басқарса» – делінген. Жай жүрген жұрт та, бір кем болған жау да бір пікірде болғаны үлкен баға. Халық әділ бағасын әрқашан береді. Ал Кенесарының өз заманында осындай қолдауға ие болуы үлкен реформатор, халық бірлігінің негізі, жайлы хан, мейірімді басшы екенінің толық айғағы. Кенесары қанша алып күштің иесі, теңдессіз батыр, жауырыны жерге тимеген жан болса да ақыл-ой, білім керектігін жақтаған азамат. Өз заманының қарсыласы табылмаған батыры, туған бауыры Наурызбаймен тілдесу сәтінде де «Қара жердің кіндігі қанша арамтер болсақ та қара күшке айналмайды екен. Ақылың мен қайратыңды екі жақтап ұстайтын білім керек. Содан ақсадық қой біз алдымен. Мен білім деп халықтың өзі іргелі еңсесін көтеретін даналықты айтамын», – дейді. Өздері қанша қажыр-қайрат иесі болса да, алдына бес орыс қарусыз тап келсе үстінен өтетін айбары барын біле тұра, білімді көксейді. Өздерінің білімі орыстан қалық екенін ашық мойындайды. Кем тұсы, осал жағы екенін анық сезеді. Біліммен ғана мыңды жығатынын сезеді. Ақылды да, қайратты да ұстайтын білім екенін ұғады. Білімді тізгін ретінде пайымдайды. Бұл – өте үлкен тұжырым. Заманында атқа қонған қара күштерді біліммен басқару керектігін, ілім-білімді меңгеру ғана тыныш, еркін өмір сүрудің жарқын формасын жасай алатынына кәміл сенеді. Бұл – данышпандық. Қоғамындағы ұлы ұсыныс. Бұрын қазаққа бейтаныс қағида. Жоңғар мен қалмақты білімсіз жеңген ұлтқа, тыңнан ұсыныс тасталды. Дала реформаторының жасаған үлкен ісінің аясындағы дүние. Оның дала данышпаны, түзге тыңнан түрен салған, халықты жаңаша бағытта қозғап, басқарудың жаңаша механизмдерін әкелгені де хақ. Ел басқару ісіне өзгерістер енгізді. Ежелден қалыптасқан қағидаларды жаңартады. Бұл да халыққа тың бастама, өмірге тыңнан көзқарас, жаңаша жүйе еді. Абылай заманында жойылған хандық кеңесті жаңғыртты. Керуендерді тонамай, салық салуға көшті. Ел арасындағы салықты Кенесары белгілеген адамдары ғана жинайтын болды. Жер дауы мен жесір дауын, барымтаны бұрын ақсақалдар шешсе, кейін Кенесары белгілеген адамдар шешті. Бармақ басты, көз қыстылық, рушылдық, туыстыққа жол бермеді. Сөйтіп барлық тұсқа өз адамдарын қойып, қазақ даласындағы билікті өз қолына түгелімен орнықтырды. Бұрын есікте жүрген құл өлсе қожасы құн төлемейтін. «Құл да ел қорғауға жарайтын жан» – деп, өлген құлға құн төлететін еткізді. Елді қорғау кез-келген азаматтың міндеті екенін ұқтырды. Ел қорғау жолында сұлтан да, құл да бірдей екенін ұқтырды. Бұл жаппай патриоттық тәрбиелеу ісінің айғағы. Дұшпанына сұлтаны да, құлы да тұра ұмтылса қарсылас шақ келмейтінін ұқтырды. Бұл да философия. Қазақ даласына жаңаша үрдіс.

Көтеріліске жалғыз қазақ ұлты емес, көптеген ұлттардың қатысқандығы белгілі. Поляк, башқұрт, орыс, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түркімен ұлттары қазақ халқының азаттығы үшін қан төкті. Осының бәріне Кенесары мүмкіндік берді. Көтерілісті, азаттық жолын тек қазақ емес, интернационалдық сипатта жасағысы келді, бұл үлкен шешім, үлкен бастама еді. Өзінің хатшысы етіп поляк халқының көтерілісіне белсене араласқан Юосиф Гербургті тағайындады. Зеңбірек құюды қолға алды. Әшірап деген башқұрт жігітіне қазақ шеберлерін қосып, зеңбірек жасатуы да алысқа көз тіккен мақсаттар нәтижесіндегі ой жемісі еді. Тұтқынға түскен өзге орыс солдаттарын азаптамады, барынша өз жағына шығаруға үгіттеп, көндіріп бақты. Өз жақтастарын көбейтуге мол жұмыс атқарды. Өзіне көмек қолын созған рулардан салықты жинамады. Қолды тек батырлар ғана бастайтын болды. Батыр бастаған қолдың мүшесіндегі қарапайым жауынгерде батыр болуға ұмтылып, сол батырдың қимылын жасайды. Бұл да үлкен тұжырым. Барлығы қазақ даласындағы қаймағы бұзылмаған, қалыптасқан бір күйге тыңнан бастама еді. Тың бастамаларды көтеріп, дала аясына шашқан Кенесары өз қоғамындағы дала реформаторы бола білді. Қазаққа бейтаныс дүниелерді көрсетіп, қолымен жасатып, көзімен көргізді.

 Берік НҰРМҰХАМЕДОВ,

гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

1184 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз