• Заманхат
  • 13 Қазан, 2011

ТАЛАНТТЫ ТУЫНДЫЛАРЫМЕН-АҚ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАҒА АЙНАЛДЫ

БАТЫР-БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ТОЙЫНА ДАЯРЛЫҚ КЕЗІ КӨП СЫР ҰҚТЫРДЫ Біз Алматыдай әсем шаһарда тұрамыз. Мен Мереке ағаны қазір де жиі көріп жүремін. Өзгелерін қайдам, ал, мен ол кісінің осыдан жиырма жыл бұрын, әдебиетіміздің бірқатар классиктерімен бірге жүріп, інілік ізеті мен сыйластығын танытқандығына да куә едім. Соның бәрінде де сол алыптарымыз ол кісіні үлкендердің тәрбиесін, зиялылығын, өнегесін көрген, әрі үлкенді сыйлағыш, ініге ізетшіл азамат деп те білетін. Кезінде солардың: «Мерекежан-ау, сенің тәп-тәуір талантың бар, саған енді тапжылмай отырып, жазу қажет», - дегендерін де талай рет құлағымыз шалған... Содан бері Мәкең көзге түспей жатса, ол кісі таудың бір тыныш жерінде қамалып алып, жазу жазумен ғана шұғылданып жатыр-ау деп ойлайтын едік. Сол сеніміміздің өзімізді ешқашан алдамағаны тағы шындық... Мен өз басым Мереке Әбдешұлын алғаш осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын, Оралға келген бір сапарында көрген едім. Мен ол кезде Оралдағы облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет жасайтынмын. Білетін ағаларымыз оны «Атыраудың жігіті» дейді. Бірақ, байқаймын, Мереке аға өзімізбен ірлегес жатқан Атыраудың баласымын деп еш именшіктеп тұрған жоқ, кәдімгі Оралдың өз баласы секілді, Оралдың арғы-бергі өткеніне, әсіресе, байырғы Бөкейліктің шежіресіне қатысты көсіле сөйлеп, соның бәрін кәдімгідей бір біліктілікпен, әрі өсімсіне де айтып тұр. Ақсақал қаламгерлердің бірінен естігенім, Мәкең алда Шығыстың шынары, Бөкейліктен шыққан Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы көлемді бір очерк жазбақ көрінеді. Одан кейінгі бір дендеп кірісері – Бөкейліктің шежіресі. Екеуі де көкейге қонатын, бірақ Мәкең өзінің алдағы жазатын дүниелеріне қатысты қайсыбір қаламгер ағаларымыз құсатып, алдын-ала аңыз таратып, көп дабыралатпайды екен, кейін әлгі дүниелерін үлкен басылымдарға шығартқан күннің өзінде де ондайдан іргесін мүлдем аулақ ұстайды екен. Оны мен жазушы ағамның бойынан күні бүгінге дейін де байқап жүрмін. Бірақ менің Оралдан көрген Мереке ағам талантты, не жазса да, алдын-ала ойланып-толғанып, әбден пісіріп-түсіріп алып жазатын жазушы ағамның бойындағы кісілік, қаламгерлік келбетінің тек бір бергі жағы ғана екен. Менің өзім де ол кісіні бертінде, Алматыға көшіп келіп, алматылық басылымдардың бірінде қызмет жасап жүрген кезімде ғана кеңірек танып-білуге мүмкіндік алдым. Менің бұрынғы университетте оқып, одан кейінгі әскерде жүріп, осыншама танып-білген әсем Алматым бір бөлек те, өзім қарапайым қала тұрғыны болып, осы қалада өмір сүріп, көп редакциялардың бірінде жұмыс жасап жүрген кезімдегі танып білген Алматым бір бөлек екен. Өзім қызмет жасайтын «Зерденің» бас редакторы бүгінгі атақты ақын Есенғали Раушанов аға болатын. Одан басқа Алматыдағы қаламгерлерден көп ешкімді танымаймын. Біз ол кезде Көкбазардың іргесіндегі тоғыз қабатты баспасөз үйінде болатынбыз. Іргемізде «Жалын» деген әдеби журнал бар. Жастау кезіміз ғой, көбінесе сол журналды іштартамыз. Сылтауын тауып, кейде сонда бір кіріп шыққымыз келеді. Сөйтіп жүргенімізде, сол 90-шы жылдардың бас кезінде елде Исатай мен Махамбет батырлардың кезекті мерейтойлары аталынып өтілетін болып, соның ұйымдастырылуындағы кейбір ұсақ-түйек жұмыстарына Мереке аға бізді де жекті. Сол кезде кезінде байырғы Бөкейліктің тарихын көп зерттеген Мереке ағадан Исатай мен Махамбет батырлар хақындағы бүгінге дейін ел білмейтін талайғы шежіре-сырларды да көп естідік. Батыр аталарымыздың көтерілістері шын мәніндегі отаршыл саясатқа қарсы көтеріліс болғандығын және оның халықтық сипат алғандығын дәлелдейтін талайғы әдеби мұралар да аз емес екен. Солардың бірқатары осы тойдың кезінде Алматыдан және сонау Ресейдегі бірқатар мұрағат қоймаларынан да табылыпты. Енді солардың біразы «Жалын» журналында, тағы бірқатар басылымдар мен баспалардан да шыққалы жатыр дейді. Қуанышымызда шек жоқ. Мереке ағаның бар деген жерлеріне дейін тездетіп барып келеміз. Әйтеуір, бабалар тойына қатысты шаруаның ішіндегі қолымыздан келгеннің ешқайсысынан да тартынайын деп жатқанымыз жоқ. Той да болып қалды. Ертең үлкен тойдың Алматыдағы салтанаты ашылады деген күні Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың алдына бірнеше киіз үй тіктік. Бірнеше киіз үй ғой, жұмысымыз түннің бір уағына дейін де ұласты. Қала көліктерінің бәрі де тоқтаған, кейін үйге таксимен ғана қайттық. Ертесіне Алматыда батыр бабаларымыздың тойы дүркіреп өткенін ел көрді. Бірақ осы тойдың кезіндегі даярлық жұмыстарының кезі менің Мереке ағаны танып-біліп, аға тұтуымның басы болғандығын да жасыра алмаймын. Сондықтан, мен Мереке аға ұйымдастырған әдеби-мәдени шаралардың қай-қайсысына да үлкен үмітпен қарайтынмын. Олардың нәтижелі болып шығып, келесі бір ел игілігіне айналар шаралардың жалғасы боларына да сенетінмін. Бертінде «Жалын» журналының бас редакторы, атақты ақын Мұхтар Шаханов Жоғарғы Кеңестің депутаты болып кетті де, өзіміз көптен бері білетін талантты жазушы Мереке Құлкенов аталмыш әдеби басылымға бас редактор болып тағайындалды. Мен бұл кезде «Жұлдыз» журналында очерк және публицистика бөлімінің меңгерушісі болып істейтінмін. Жұмысбасты болып жүріп, бұл кезде мен «Жалынға» бұрынғыдай жиі барып тұруды сәл сиретіңкіретіп те кеткен едім, бірақ Мереке аға мені ұмытпапты. Бас редактор болып тағайындалғанының ертесіне-ақ мені өзіне шақыртып алып, «Жалынның» жауапты хатшылығы қызметін ұсынды. Мен жүгіріп келіп, бұл ұсынысты «Жұлдыздағы» бас редакторым, атақты жазушы Мұхтар Мағауин ағаға айттым. Ол кісі: «Өсіремін деп тұрса, жолыңды қалай бөгеймін? Сапарың сәтті болсын», - деп, ұжымның алдында өзінің ақ батасын беріп, шығарып салды. Шыны керек, мен алғаш «Жалынға» қызметке келген кезде, көпке дейін бой үйрете алмай, өзім іштей біртүрлі болып жүрдім. «Жұлдызда» бөлім меңгерушісі болсам да, сол қызметім қазіргімнен гөрі, әлдеқайда жоғары, әрі беделдірек те секілді болып көрінді. Бірақ бұның бәрі де тек уақытша ғана әсер, тек уақытша ғана жағдайлар екен. Мәкең өзі бас редактор ретінде қол қойып шығарғалы отырған алғашқы нөмірін жоспарлаған кезде ұжымды жинап алып, көп ақылдасты. Әрқайсымыздың пікірімізді сұрайды. Содан нөмір жоспарланып, енді жұмысымыздың бас-аяғы жинақтала келді-ау деген кезде, бір күні Мереке аға айтты: «Жастардың басылымы дегенмен, осы бізге бір сүйекті материал керек секілді. Әбекеңнің жағдайы қалай екен? Қолында даяр тұрған несі бар екен?» - деді. Ол кісінің Әбекең деп отырғаны Әбділдә атамыз еді. Ол кісінің ана кезде Арабия жағындағы біреулері өзінің жырларына ғашық болып, өлең шығарып, онысы алматылық басылымдарда жарық көріп, бір гулесіп қалғандығымыз ғана болмаса, жалпы соңғы жылдары атамыздың есімі көп естілмей кетіп еді. Мәкең де сол жағын ескеріп отыр екен. Және де, алғашқы бір реттегі жоспарлаудың үстінде Мәкең маған қарата сөйлеп: - Сен ертең Әбекеңнің үйіне барып, халін біліп, егер, даяр тұрған өлеңдері болса, нөмірге береміз деп, сұрап алып келсеңші, - деді. Әбділдә атамыз тау жақтағы Жазушылардың Шығармашылық үйінің маңайындағы жеке үйінде тұрады екен. Ертесіне мен Мереке аға берген адрес бойынша, Әбділдә атамыздың үйін де оңай таптым. Өзінің бүтіндей өмірін әдебиетке, поэзияға берген айтулы тұлға емес пе, енді өзінің жаңа жырлары хақындағы әңгімеге атамыздың бірден-ақ іші жылып сала берді. Мерке аға да Әбділдә атамыздың өлеңдер топтамасын редакцияға келген бойда-ақ бірден нөмірге салды. Құдайға шүкір, сол жолғы нөміріміз тіптен де жаман болып шыққан жоқ. Оны да нөмір шыққаннан кейінгі, оқырмандарымыз бен авторларымыздың хабарласып, бірқатарының редакциямызға жиі келгіштеп кеткендігінен де біліп-ақ жатырмыз. Әрі, бір жағынан, Қазақстанның Халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың сондағы топтама өлеңдері Мәкең қол қойған алғашқы нөмірдің ғана емес, қазақ баспасөзінде айтулы орны бар Мереке Құлкеновтың әдеби басылымның бас редакторы ретіндегі тұсауын да кескен қомақты бір дүние болды. Менің бұл жердегі Мәкең қол қойған алғашқы нөмірден кейін, әдеби орта «Жалынға» ерекше көңіл қоя бастады деп отырғандығым да тегін емес. Сол баяғы «Жалында» істеп жүрген кезім. Біздің баспаханамыз «Дәуірде» болатын. «Дәуір» баспаханасы Көкбазардың қарсысындағы тоғыз қабатты баспасөз үйінде еді. Бір күні осы баспаханаға келе жатып, екінші қабатта Тұманбай ағамен кездесіп қалдым. Мен «Зердеде» жұмыс істеп жүргенде, біздің Тұмағаң басқаратын «Балдырған» журналымен кәсіподақ ұйымымыз бір болатын. Соған орай, мерекелік дастархандарда, екі редакция бір жерден табылып жататын едік. Талай жақсы әңгімесін тыңдадық. Енді көрген бойда-ақ ағамызға сәлем беріп, өзімнің бүгінде қайда жүргендігімді айтып жатырмын. Тұманбай ағам айтады: «Иә, «Жалындарыңды» көріп, оқып жүрмін. Қазіргі бағыты жақсы. Бірақ бұл «Жалын» бұрын менен өлең сұрайтын еді, қанашама уақыт өтті, ондағылар менен өлең сұрауды қойды», - дейді. «Тұмағаңның өкпелегені қалай?» - деп, кейін бұл ойымды жоспарлаудың кезінде Мәкеңе айттым. Мәкең: «Тұманбай ағам бұрын осы «Жалынды» басқарған, сондықтан, ол кісінің өкпесі дұрыс. Сен енді ол кісімен тез арада хабарласып, келесі нөмірге өлеңдерін сұрат», - деп, тағы да бір шұғыл тапсырма берді. Кейінгі бір нөмірімізге көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің жаңа топтама өлеңдері шыққанда, журналымыз, шыны керек, тіптен-ақ та жанып кетті. КСРО-НЫҢ ЫДЫРАУЫН ЗИЯЛЫЛАР БОЛМЫСЫ АРҚЫЛЫ БОЛЖАЙ БІЛДІ Осы алғашқы нөмірлер бас редактор Құлкеновты біршама шынықтырып, алдағы жұмысқа да әбден-ақ құлшындыра түсті. Әлі есімде, бірде Мәкең кезекті жоспарлаудың үстінде өзінің осы басылымда бас редактордың орынбасары болып жүрген кезінде-ақ алысты-жақынды шет елдердегі байырғы қандастарымыздың әдеби мұраларын жариялауды тиіп-қашты болса да, қолға алғандарын тілге тиек ете келіп: «Шет елдердегі қазақ әдебиетінің үлкен бір отасы мына іргеміздегі Қытайда тұратын бауырларымыз ғой. Солармен бүгінде еліміздің қатынасы да жаман емес. Біздің бүгінгі елімізде өріс алған қазақтануға қосқан бір үлесіміз болсын, біз осы Қытайдағы қазақ қандастарымыздың әдеби ортасымен байланысқа шығып, солардың бүгінде не істеп, не тындырып жатқандықтарын біліп, әдеби мұраларын өз оқырмандарымызға ұсынып көрсек қайтеді?» - дей қалды. Жақсы-ақ іс екендігін өзіміздің де ішіміз сезеді, бірақ біздің көбіміз енді әлгі жерде олай-бұлай деп, көп ештеңе дей алмадық. Өзіміз ол жаққа бара алмаймыз, әрі Қытайдан келіп, бізге сіздермен байланыс жасағымыз келеді деп тұрған жазушы ағайындарымыз да жоқтың қасы. Сонда бұл істі кім атқарады? Бастаған ісіміз орта жолда қалып қойып жүрмей ме? Мәкең айтады: «Осында Қытайдың елшілігі бар ғой, солардың қандай көмегі бар екен? Соны білейік?!.» - дейді. Елшілікке хатты мен жаздым, тексіміз қазақша, Мәкең соны үстінен бір қарап жіберіп, қол қойды. Енді сол хатты редакцияның жауапты хатшысы ретінде елшілікке мен апарып тапсыратын болдым. Қытай тілін білмеймін ғой, сондықтан, біртүрлі жүрексініп бардым. Сөйтсе, ондағы мамандар орысша сайрап тұр екен. Елшіліктің жасы отыз бес-қырықтардағы мәдениет жөніндегі хатшысы шығып, хатты өзі қабылдап алды. Мен орысшалап мән-жайды біршама түсіндіргендей болдым. «Жәрайды, жұмыстанып көрейік», - деді ол кісі. Бірақ ай өтпей, бізге елшіліктен хабар келді. Олар біздің хатымызды Қытай Жазушылар Одағының жанындағы Қазақ әдебиеті бөлімінің басшыларына тапсырыпты. Қазір ондағылар «Жалынның» ұсынысы бойынша әжептәуір жұмыстанып жатқан көрінеді. Біз қуанып қалдық. Мәкең басында Қытайдан қанша көлемде материал келсе де, оны журналға толық күйінде жариялайтындығын да бірден-ақ ашып айтты. Көп кешікпей, елшілік арқылы Қытайдағы Жазушылар Одағының ондағы қазақ әдебиеті үрдісінен жан-жақты мағлұмат беретін әдеби талдау мақаласымен бірге, бір топ көркем шығармалар да келіп жетті. Кейін бұл материалдар бүтіндей бір нөмірге жуық орынды қамтып, басылым беттеріне шықты. «Жалынның» оқырмандары Қытайдағы байырғы қандастарымыздың арғы-бергі әдеби үрдісі және Қытай Жазушылар Одағының олардың әдеби өміріне қандайылықты дәрежеде мән беріп отырғандығының қыр-сырымен де алғаш журналды Мереке Әбдешұлы басқарып отырған кезде танысты. Бұл біздің сол кездегі әдеби өміріміздегі үлкен бір жаңалық та болатын, бірақ Мәкең «біз сондай бір игілікті іс тындырдық» деп, ешқашан бәлсінген емес. Сол баяғы сабырлы қалпынан бір айнымайтын. Арада бір-ер жылдай уақыт өткенде, «Жалынның» жиырма бес жылдық мерейлі тойы да келіп қалды. Мәкең сол кезде тағы да бас қатырып, көп ойланды. «Шулатып жиын өткізуге де тап онша құмар емес едім, бірақ кешегі әдеби альманахтан басталған республикалық «Жалын» әдеби журналы бүгін жігіт жасына дейін келіп отыр ғой. Соны көрмеген-білмегендей болып, біздің үнсіз қалғандығымыз қалай болар екен?» - деді. Біз ұжым болып, басшымызды қолдадық. Содан былай, алдағы мерейтойға деген даярлық жұмыстары да қызу түрде басталып кетті. Ел аяғы тынышталған күз айларының бірінде журналымыздың мерейтойы Қазақстан Жазушылар үйінің мәжіліс залында салтанатпен аталынып өтілді. Мәкең демеуші тауып, артынан бір тәуір мейрамханада мерекелік дастархан мәзірін де ұйымдастырды. Күндізгі мерекелік жиынға қатыса алмаған талай атақты ақын, жазушы, қайраткерлеріміз де кешкілік осында бас қосты. Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов ағалар, министр Бірғаным және ақын Ақұштап апамыз да жастар әдеби басылымын осындайылықты биік дәрежеге дейін жеткізіп, мерейлі тойын жоғары деңгейде өткізгендігі үшін бас редактор Мереке Әбдешұлына өздерінің алғыстарын білдіріп, жақсы-жақсы тілектерін айтты. Енді мерекелік кешіміз аяқталып, қонақтарымыз тарқай бастаған шақта, мейрамхана залына маңдайы жарқырап, дана дидарлы Зекең, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов ағамыз кіріп келді. Зекең өзінің атақты досы Шыңғыс Айтматовтың шарқыртуымен бе, әлде Бішкектегі біреудің докторлығын қорғауға қатысып келген бе, Алматыға өзі жаңа ғана келіп, енді бүгінгі қызықтың бәрінен кешігіп қалдым-ау, тым құрыса, «Жалынның» ұжымына бір көрініп кетейінші деп, осында әбден-ақ асығып жетіпті. «Шырақ, құлақ салғайсыз» деп қойып, Зекең «Жалынның» қазіргідей жалындаған рухын көргендігіне қуанатындығын және өзінің жастау кезінде жазып, жазушылық атағын біраз жерге дейін жеткізген атақты «Жалын» романымен аттас әдеби басылымның қадамдарына қашан да тілектес, ниеттес екендігін, әрі өзінің ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовтің де кезінде «Абай жолындай» роман-эпопеясын жаза жүріп, әдебиетіміздің жас буынымен байланысын бір үзбегендігін, жас таланттардың осындай бір әдеби басылымы болғандығын қатты қалағандығын алға тарта келіп, сол ұлы рухты асқақтатып отырған басшымыз Мереке ағаға зор шығармашылық табыс тіледі. Бірақ біз асқар таудай биік тұлға санайтын Мереке аға да кезінде Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, өзінің қаламгерлік қызметін алғаш Алматыдағы газет редакцияларының бірінде қарапайым әдеби қызметкерліктен бастапты. Күнұзақты хат қорытып, редакцияның арнайы тапсырмасымен мақалалар жазып, әртүрлі көлемдегі сұхбаттар жүргізген де кездері болыпты. Бірақ соның бәрі, түптеп келгенде, болашақ үлкен жазушының қаламгерлік тәжірибесі мен шеберлігін молайтуына өзіндік бір септігін де тигізіпті. Біз Алматыдағы әдеби ортаға ол кісіден біршама кейіндеу келсек те, жақсы білеміз, жазушы Құлкеновты қалың қазақ оқырманына талантты жазушы ретінде танытып, қалыптастырған орта - «Қазақ әдебиеті» газеті. Ол осы газетте қызмет жасап, өзінің шығармашылық биіктеріне дейін де көтеріле алды. Мәселен, алғаш осы газетте жарияланып, бертінде Мәкеңнің бірнеше жинақтарына енген «Үрей» әңгімесі көлемі жағынан өте шағын дүниелердің қатарына жатар еді. Ал, енді өзінің көтерген жүгі жағынан... Алғашқыда ол оқырмандарға тіршілікте жиі кездесетін қарапайым ғана бір оқиғаны сөз еткендей болып көрінетіндігі рас, бірақ осында зерделі оқырман үшін ойланып, толғануға дейін жетелейтін көптеген мәселелер де тоғысып жатыр. «Түннің бір уағында подьезден құлақ тұндыратын ащы дауыс естілді». Әңгіме осылай басталады және барлық сюжеттік желілер де осыдан тарқайды. Ал, олай болса, Құлкеновтың әңгімесінің басындағы «құлақ тұндырған ащы дауыстың» жетегі бізді енді қайда алып барар екен? Бәлкім, сіз бұл жерде «ойпыр-ай, алдағы бір шытырман оқиғаның шеті әлден-ақ шығып тұр екен ғой» дерсіз. Жоқ, оқырман, сіз енді әлгі бір түн түнегін түрген «ащы дауысты» естіп, подьездің дәлізіне қарай шыға келген ұйқылы-ояу тұрғындарды көресіз. Бәрін де өздерінің түн ұйқыларынан тік тұрғызған жаңағы ащы дауыс. Ол әлдеқалай подьезге кіріп кетіп, енді кейін қарай шыға алмай тұрған бала мысықтың дауысы еді. Жоқ, енді бұл жердегі әлгінде ғана «құдды емшектегі нәрестенің әлденеге мазасызданып, қолды-аяққа тұрмай шыңғырып жылағаны сияқты» мысықтың дауысы да далада қалады. Жазушы бұл жерде әлгі бір ащы дауыстан шошынып оянып, әлде соны естігелі бері, жөндеп ұйықтай алмай, дәлізге қарай шыға келген көршілердің әрқайсысының ішкі толғаныстары мен ішкі жандүниелеріне де үңіледі. Өйткені, сол тұрғанда, олардың әрқайсысының да әлгі бір ащы дауыстан алған өз қауіп-қатері мен үрейлі, мұңды сезімдері тағы бар. Әсіресе, бұл жердегі үрей тым басым... Осы бір үрейлі ой-толғаныстар мен сезім арпалыстарының кезінде кейіпкердің болмыс-бітім, мінез-құлық, олардың әрқайсысының тағдыр талайы да айқындала түседі. «Үрейдің» сонау сексенінші жылдары жазылып, жарық көргендігін ескерсек, бұл үрей тек бір подьезд тұрғындарының ғана бойларындағы үрей емес, бүтіндей қоғамның бойындағы үрейлі сезім емес пе екен деген ойымыз да өзін ақтай түсер еді. Социалистік қоғамның әбден өзінің шегіне дейін жетіп, Кеңестер Одағындағы аз ұлттардың рухын таптай бастаған тұсында содан кәдімгідей бір қауіп етіп, халайыққа ескерту жасау үшін бұдан асырып айту, не бұдан артық батылдық жасап, бұндай тақырыпқа қалам тербеу де мүмкін емес еді. Ал, «Үрейдің» авторы соған барыпты. Бір қарасаң, жаңағы жалаң киіммен подьезге шығып тұрғандардың бәрі де біздің астаналық қаламыздағы зиялы деген тұлғаларымыз. Бірақ, енді қараңызшы, солардың ешқайсысының да бала мысықты есіктен әрі қарай шығарып жіберіп, тыныштық табуға шамалары келер емес. Өйткені, әлгілердің бәрінің де санасын әлдеқандай бір үрейлі сезім билеген. Тіпті, біреуі жаңағы мысықты жерден алуға батылдық жасағандай болып еді, оған екіншісі (жігіттің жұбайы): «Жолама! Жұқпалы ауру болса, қайтесің!» - деп, «жанұшырған дауыспен селк еткізеді». Үрей билеген адамдардың бәрі дәрменсіз күй кешіп, қаралай үрейлі ой, үрейлі сананың тұтқынына айналады. Үрейлі сезімнің ұңғыл-шұңғылы көп, түбі де түпсіз терең болады екен-ау. Сен осы жерде алып қоғамдағы зиялыларымыздың шын мәнінде тым дәрменсіз болғандығын, әлгіндегі ең мүсәпір жандар да солар екендігін анық көргендей боласың. Бұл үрейді тоқтататын, әлгі бала мысықты аластайтын алып күш бұл дүниеде мүлдем жоқ та секілді. Жоқ, сөйтсе, бұндай батылдық әлгі подьездегі зиялы адамдардың емес, манадан бері жөндеп ұйықтай алмай, дәлізге өз көршілерінің ең соңы болып шаққан маскүнем жанның ғана бойынан табалады. Осы бір көзсіз ерлік кешегі бір-ақ сәтте гүрс етіп құлаған кеңестік жүйені де еске түсіргендей еді. Жалпы жазушы ағамыз өзінің «Үрей» атты кітабындағы қай-қай әңгімесінде де астарлап жазумен бірге, суреттеп жазу, кейіпкер әрекеттері мен олардың қимыл-қарекеттерінің өзінен де сырлы сезімдер туғызып, оқырман жүрегін барынша баурап әкетуге үлкен мән береді. «Жаңбырдан кейіндегі» Мәрзия кейуананы ұзақ уақытқа созылған азапты ойлардан кейін, бір-ақ сәтте төсегінен тік тұрғызып, бұрынғы күйеу баласының үйіне қарай дедектетіп ала жөнелетін ұлы күш – не күш? Баспадағы өлеңдерін шығартпай отырған редактор қызға салақұлаш етіп хат жазып, бүтіндей сырын ақтарып отырған жігіттің бойындағы мұқалмайтын жігердің арғы жағында тағы не жатыр? Олардың алғашқысында бойында шындыққа көз жеткізбей, жаны тыншымайтын ақ-адал ана жүрегінің пәктігі көрініс тапса, екіншісіндегі жанған от – ғашықтық сыры мен жүрек лүпілі еді. Жазушы осыны лиризмге толы, әрі өзінің жібектей жұмсақ, жылы сөздерімен әдемі түрде жеткізеді. Ал, «Қылкөпірдегі» суреттеулер ше? «Үй ішін жайлаған болмашы жарықтан кітап сөресінің үстіндегі балауызға өкшесін көтере ұмсынып тұрған балғын қыздың талдырмаш денесі байқалды» деген сөйлемдерден кейін сенің ол әңгімеден көз айыра алуың мүмкін бе? «Топ-томпақ бейкүнә еріндері мен үшкірлеу келген жұқалтаң қыр мұрыны, жанарында балауыздың сәулесі ойнаған қой көздері, кеудесіне құлаған соқпақтай қара бұрымы бір-бірімен жараса қалыпты» деп, қазақ бойжеткенін иненің көзінен өткізгендей қылып, әспеттейтіндігін қайтерсің?!. «Қайран қазақ арулары-ай» дейсің, осындайда!.. Осындай әдемі суреттеулер «Жазылмаған хабар» әңгімесінде де бар. «Әдіре қалғыр шаштың әлегі ғой, аш беліне түсетін қос бұрымын жиып әкеліп, желкеге түйемін дегенше сағат тілі тоғыздан асып кетеді» деген сөйлемді, оның арғы жағынан өзі әдемі, әдемілігіне сай күтімі де бір басына жетерлік қазақ қызының мұқияттылығы мен пысықтығына да сүйсінгендей боласың!.. Ал, осындағы «әсіресе, көктем шыға кеудесі ойық көгілдір көйлегін киіп, шашын иығына төгілте бос жіберіп, көшеге шыққанда, ашқарақ көздердің біразға дейін соңынан қалмайтынын сезінудің өзі неге тұрады!» деген сөйлем айшықты суреттеу мен суреттің өзін сезімге айналдырудағы шеберлікті де байқатпай ма?!. «Соңғы күн» әңгімесіндегі кейіпкерлер – ауыл адамдары. Солардың бойларындағы іс-әрекеттерінен ауыл философиясының өз жұмбақтарын да аңғарғандай боласың. Өмір қандай қатал, бірақ, ауыл адамдары өздерінің бойларындағы жібектей болып ескен мінездерінен, адамгершілік, мейірбандық қасиеттерінен еш ажырай алмайды. Бәлкім, солардың қалайша қаскүнемдіктің құрбанына айналып шыға келгендіктерін сезбей қалатындықтары да сондықтан шығар?!. Жазушының «Ақкөңіл», «Мазасыз түн», «Кенже», «Қоштасу», «Ескерткіш», «Өрттен кейін» әңгімелері мен «Жібек жолы», «Таң самалы», «Үрей», «Ғашық» прозалық кітаптарына енген басқа шығармалары да – осындай шымыр да, шиыршық атқан дүниелер. Ондағы кейіпкерлер де өзіндік дара мінез, кісілік қалпы, адамгершілік болмыс-бітім, сыршыл сезім, аңқылдаған ақ-адал жүрек лүпілімен-ақ есіңде ұзақ уақытқа дейін сақталып қалады. Құлкенов, сөз жоқ, көпқырлы қаламгер. Мүмкін, оның өмірлік тәжірибесі, талғампаздығы мен ойшылдығы жүрегін әр кезде әрқалай толғандырып, қаламын батыл-батыл қимылдатуға да жетелейтін шығар?!. Бірақ жазушының 2007 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жібек жел» әңгімелер, толғаулар кітабына енген «Біздің қоғам» публицистикалық-философиялық толғамдары оның ұзақ жылдық ізденістері мен толғаныстарының жемісі деуге лайықты. Біз осы қоғамда өмір сүріп, қоғамдағы болып жатқан жаңалық, өзгерістерді өз басымыздан кешіп, күнделікті солардың әрқайсысына өзіндік бағамызды беріп, бірде қатты разы болып, бірде әлдеқандай бір өкпе-назымызды, ренішімізді сездіріп жатсақ та, қаламгер ретінде бүтіндей қоғамның болмыс-бітімі, оның аяқ алысы, осы қоғамдағы өмір сүретін адамдар, шенеуніктер, әр деңгейдегі басшылар, әкім-қаралар, қазанның басында отырғандар, ересектер мен жастар, ана-аналар, кейінгі ұрпақ тағдыры, елдің болашағы хақында кең ауқымды ой толғап көрдік пе екен? Айтсақ айтқан да шығармыз, әлдебір материалдарымыздың ішінде кіжінгендей болып отырып, жазған да шығармыз, бірақ соны енді жүйелеп, тұтастай бір қоғамның болмыс-бітімі ретінде алға тарту жазушы Құлкеновтың ғана еншісіне бұйырыпты. Ол сондықтан да «біздің қоғамда қалыптасқан ұғым, біздің қоғамда пайда болған пенделер мен сол пенделерге арналған лауазымдар туралы айтатын уақыт жеткен сияқты» дейді. Сөйте отырып, алғаш әңгіме тиегін «қарапайым халық» деген ұғымның бүгінгі қоғамымызда қалайша пайдаланылып, оның әр кезде қалайша құбылып, бірде «өзін-өзі қорғай алмайтын, өз құқын білмейтін, өзінің қоғамдағы орнын ешкімге дәлелдей алмайтын адамдар» деп бағаланып, бірде «ел басқарған көсем де, байлыққа бөккен шонжар да» шығатын үлкен орта делініп жүрген қара халықтың қадір-қасиетін даралаудан бастайды. Бірақ сол қарапайым халықтың арасынан шығып, қара халық пен мемлекеттің «есебінен байып, Құдайын танымай кеткен азғантай топтың» өкілдерін мысқылмен түйреп, солардың бүгінде солайша сайрандап жүрулеріне жағдай жасап қойып, ал, өздері шарасыздықтың құлдығынан шыға алмай жүрген «кедейлер, жұмыссыздар, қайыршыларды» бірден ойлануға, толғануға шақырады? Ойланатын жағдайлар аз емес, мәселен, «Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келген жұмыссыздар Қазақстанда қалып қойып жатыр. Жай қалып қоймай, жұмысқа орналасады. Кейбіреулері аш-жалаңаш келіп, бас-аяғы бес-алты айдың ішінде өзінің жеке кәсіпорнын ашып, кісі жалдап баюға айналады», «біздің жастар баспен ойлайтын, талантты қажет ететін жұмыстарға көп жоламайды. Есесіне базарда арба сүйреткенге мәз», «Бірақ қарапайым халықтан әлдеқашан қол үзіп, атқа мініп, кісі қатарына қосылғандар бұған онша бас қатыра бермейді», «ол бәрін шетелдік өлшеммен ғана бағалайды», «қарапайым халық көп нәрседен бейхабар, мақұрым», «надан халықты басқару аса оңай, әрі ыңғайлы екенін бүгінгі шенеунік жақсы біледі». Жоқ, бұл тек құр теория ғана емес, автордың өмірмен, елмен, қарапайым халық, ел зиялылары, сол шенеунік ағайындардың өздерімен араласып жүргендегі көрген-білген, көңілге түйгендері мен қойын дәптері ме, әлде жүрек төріне жазып алғандары ма, әйтеуір, жанды деректері де жетерлік. «Біздің қоғам» сонау 2004 жылы жазылып, жыл бойына «Ана тілі» ұлт газетінде жарияланып, бертінде жеке кітап болып басылып шыққанмен, бұндағы бірқатар дәлел-деректер қазір де актуалды. «Министр және атқамінерлер», «Депутаттар», «Мемлекет мүлкі және байлық», «Көше тәрбиесі», «Мемлекеттік тіл және қазақша мен орысша» тәуелсіз еліміздің жаңадан қалыптасқан құрылымдары мен сол құрылымдық жүйедегі лауазымдық жүйеде отырған тұлғалар мен халықтың арасындағы қарым-қатынастың өзекті мәселелері, қайтсек мемлекеттің іргесін мықтап, ел, халық мүддесін жоғары қоюдың мүмкіндіктерін қарастырамыз деген сауалдар төңірегінде ой өрбітіліп, бірқатар сыни пікірлер мен оңды тәжірибелер бүкпесіз ортаға салынған. Әсіресе, мемлекеттік тіліміздің хал-жағдайына қатысты өзіндік зерттеулері мен әлеуметтік пікірлерге сүйене отырып, «қазақ тілінің еңсесін көтеруіне де... орыс құлқымыз («орысшылдық мінез» деген мағынада айтып отыр. – С.Х.) зиянын тигізіп келе жатқанын» ашына айтады. Осы тұстағы автор келтірген бір қызық детальмен де келіспеске амалың жоқ; мәселен, кешегі тоталитарлық жүйеде қазақ халқының орыстандыру саясатына деген қарсылығы күшті болып, Алматы сияқты астаналық қалада бір қазақ мектебін аштыра алмай, әр емен есікті бір қағып жүрген зиялыларымыздың сол кездегі ұлтжандылық сезімі, қалай дегенмен де, бүгінгіден әлдеқайда биіктеу сияқты болып көрінеді. Бүгінгі ел зиялылары мен болашақ ойлы жастарымызды толғандыратын ойлар мен толғақты пікірлер, батыл алға тартылған дерек-детальдар пәлсафалық пайымдауларға толы «Құрідеті күшті ақша», «Бізде қылмыстық топтар бар ма?», «Тым орыстанып кеткен халықпыз», «Пара», «Ішкі шекара», «Прокурор, адвокат, сот», «Бай мен кедей», «Қазақ неге жалқау?» мақалаларында да жетерлік. БӨКЕЙЛІКТІ ЖЫР ЕТКЕН АЛТЫ КІТАПТЫҢ РЕДАКТОРЫ ЖӘНЕ БІРҚАТАР ТАРИХИ ТУЫНДЫЛАРДЫҢ АВТОРЫ Біз жазушының шығармашылығындағы биік бір белесі саналатын «Біздің қоғам» еңбегі хақында ой айтамыз деп отырып, сәл алға қарай шауып кетсек, оқырман өзі кешірер, Құлкеновтың бұл еңбегін жазғанға дейін және одан кейін де қоғамдағы толғақты мәселелер, жазушылар, тұлғалар хақындағы ұсынған очерк, мақала, эсселері де – бір төбе. Осының бәрі келіп қосылғанда, қаламгер шығармашылығының молдығы мен салмақтылығын да анық көрсетер еді. Қаламгер жаны зерттеуге құмар, ол қазақ үшін, халық үшін қажетті, елге ортақ ой айтуға тұратын дерек-детальдарды анықтап, ақиқатына жеткенше, ізденуден де еш танбайды. Оның Шығыстың шынары – батыр қыз Мәншүк туралы «Аққан жұлдыз, қыршын тағдыр» деректі әңгімесі осылайша дүниеге келгендігі анық. Ең қызығы, жазушы халайыққа бұрыннан таныс жәйттерді қайта қаузап жатпай, батыр қыздың шыққан ортасы, оны тәрбиелеген отбасы, ата-ана, бүтіндей әулет хақындағы қызықты ойларды алдыңа тартады. Осы тұстағы оның «Өнер адамдары жиі-жиі бас қосатын берекелі үй Мәметовтер шаңырағы болыпты. Бейімбет Майлин, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ахмет Жұбанов, Құдайберген Жұбанов, Мәриям Хакімжанова, тағы басқа ақын-жазушылар елге, жерге мәдениетке қатысты ортақ әңгіме айтып, жарасым тауып жүріпті» дегендей сөйлемдерін тебіренбей, толқымай оқуың еш мүмкін емес. Ал, «Ұлттың бақыты немесе мен білетін Шерағаң» мақаласында ұлттық әдебиетіміздің белді бір өкілі, тәлімгер-редактор туралы өзі білетін жәйттерді ортаға сала келіп, оның «Ай мен Айша» роман-эссесіндегі Айша образына арнайы тоқталады. «Қарапайым қазақ әйелі». Және де, ол жәй ғана кейіпкерге айналған әйел заты емес, алып Шерханның өзін дүниеге әкеліп, аналық ақ сүтін беріп өсірген әзіз жан!.. «Айша анамыздың елге, жерге, балаға деген махаббаты, қажымас қайсарлығы, нәзік сезімі, өмірдің өзіндей қарапайым даналығы біз білетін Шерағаңның бойында табылатын ұлы қасиеттер емес пе?!.» деп те толғанады. Мәкеңнің қаламдас ағасы Өтебай Қанахин, қаламдас, қанаттас інісі Рақымжан Отарбаевтың шығармашылығы туралы ой өрбіткен «Жазушының жүрегі», «Ешкімге ұқсамайтын ғажайып әлем» мақалаларын да тебіренбей, толқымай оқуың еш мүмкін емес. Ұзақ жылдық зерттеу, зерделеу тәжірибесі оның тарихи деректердің сырына тереңірек үңіліп, деректерді заман, уақыт талабына сай сөйлету және тарихи деректер рухынан тұлғалардың өміріне қатысты сыр аңдатуға да үйретіпті. Қаламгер қарымын танытатын сондай бір сүбелі жұмысы – «Есіл ердің бірі Халел Досмұхамедов» деректі әңгімесі. Бұнда да біз жазушының тәуелсіздік дәуірінде ардақты алаш ақсақалы Халел Досмұхамедов туралы (бертінде Халел Досмұхамедовтың өмірі мен қызметі» деген атпен жеке кітап болып жарыққа шыққан) алғашқылардың бірі болып қалам тербегендігін ұмытпауымыз керек. Жазушы бұндағы әңгімесін Халел ағамыздың тарихи тұлғасы кеңестік дәуірдегі тарихи шығармаларда біршама бұрмаланып жазылғандығынан бастай отырып, енді тәуелсіздік дәуіріндегі бүгінгі таным-түсінік, бүгінгі жас ұрпақтың есінде мәңгі сақталып қалуға тиісті тарихи тұлғаның шынайы болмысын анықтайтын, соған біршама көмегі тиетін мұрағаттық деректер мен қайраткер-қаламгер шығармашылығындағы айшықты, танымдық мәні ерекше дүниелерді бөле-жарып айтады. Жазушының соңғы жылдары Америка сапарынан жазған «Көк мұхитты көктей өтіп» көлемді очеркі мен әр кезде елдің ортақ мәселелері хақындағы әңгімеге белсене араласып, туған жер, туған елдің қазына-байлығы, іргелі өндірістік орындар, жер дауы, мемлекеттік тілдің болашағына қатысты ой, пікір білдіріп («Мен айтпасам» атты топтама мақалалары) отыруы да азаматтық позициясы мен тыншымайтын қаламгер екендігін аңғартар еді. Мәкеңнің кезінде ұлы Махамбеттің өмірін жан-жақты айшықтаған «Бас» драмасы (драматург Р. Отарбаевпен бірігіп жазылған) 2003 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің екінші жүлдесін жеңіп алған. Ал, Махамбеттің 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Махамбет» кітапханасы сериясымен шыққан 20 томдық кітап пен «Махамбет елі» кітап-альбомын үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) даярлауда және «Букеевской Орде 200 лет» жобасы бойынша жарық көрген 6-томдық кітаптың жалпы редакцияларын басқарды. Публицистикалық «Қазақстан» кітабы, «Махаббат мұнарасы», «Жәңгір хан» пьесаларының авторы. Шығармалары бірнеше шет тілдеріне де аударылған. Осындай үлкен қаламгер, қайраткер тұлға, өзің аға тұтатын азаматтың шығармашылығы хақында сөз етіп отырып, оның отбасындағы сүйікті жар, ардақты әке, мейірімді ата екендігін тілге тиек етпеу мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес, Мереке ағаның сүйікті жары Гүлсім апай да – қаламы қарымды қаламгер, танымал журналист, соңына шәкірттер ерткен биік тұлға. Ол кісі де кезінде Мереке аға секілді, өзінің қаламгерлік қызметін қазақтың көрнекті ақыны, қайраткер, үлкен зиялы тұлғасы Фариза Оңғарсынова басқарған «Қазақстан пионері» газетінің редакциясында бастапты. Фариза апамыздың бойындағы тәлімгерлік-зиялылық қасиеттер Гүлсім апамыздың бойына да молынан дарыған. Сөйте жүріп, Мереке Әбдешұлындай үлкен қаламгер, қайраткер тұлғаның тұрмыстағы барлық жағдайын жасап, ағамызбен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелер сүйіп отырған Гүлсім апайымыздың тұлғасы да болашақ зиялы қазақ қыздары үшін үлкен өнеге деуге болады. «АНА ТІЛІ». ҚҰЛКЕНОВ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ!» Қазақ баспасөзінде алыптар қай кезде де аз болмаған. Бүгінгі жаңаша көзқараспен қарағанда, мен еліміз өзінің тарихи тәуелсіздігін жариялағалы бері, ұдайы ел назарында келе жатқан сондай алыптарымыздың бірі жоғарыда біз сөз етіп отырған белгілі жазушы, талантты журналист, драматург, баспагер, қоғам қайраткері Мереке Құлкенов деп білемін. Дегенмен, Мереке ағаны еліміздің рухани үрдісінде жаңа бір қырынан танытып, таудай биік тұлғаға айналдырған кезеңі республикалық «Ана тілі» апталық газетін басқарған жылдары екендігі ақиқат. Олай дейтін себебіміз, «Ана тілі» газеті бұрыннан-ақ та біраз жылдық тәжірибесі бар, әбден қалыптасқан, өзінің атына заты сай, әрі танымдық-тағлымдық мәні ерекше газет болғанмен, бұл басылымның басына жазушылығы мен журналистігі бірдей, әрі өмірлік тәжірибесі мол Мереке Әбдешұлы келісімен, оның еліміздің қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени өмірімен байланысы жаңа бір қырынан да өрісін тапты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында барша алаш жұртынан сүйінші сұрай келген талайғы салалық газеттердің бертіндегі тағдыр талайы қалай болғандығын әлеуметтің өзі де көрді ғой!.. Бірақ Мереке Әбдешұлы бұл басылымды тұралатқан жоқ, қайта оның алдағы жүрер жолын тың соқпақтарға салып, шабысын әбден өзінің бабына дейін де келтіре бастады. Мен өз басым бас редактор Құлкеновке «Ана тілін» ел оқырмандарына жаңа бір қырынан танытып, ел зиялыларының әр санын асыға тосып отыратындай оқылымды, жаңалығы мол, әрі өмірдің өзіндей шынайы басылымға айналдыруына оның біліктілігі мен тәжірибелілігінің де көп септігі тиді-ау деп есептеймін. Зерттеушілер бұл тұрғыдағы өз сөздерін әлі де айта жатар, бірақ бас редактор Құлкенов бірінші кезекте «Ана тілінің» журналист-кадрларын дұрыс іріктеп, дер кезінде оларға дұрыс бағыт сілтеп, дәл сол кездегі бүтіндей қоғам, қазақ жұртшылығы, тіл жанашырлары мен ел жанашырлары бірдей үміт етіп, асыға күткен зәру мәселелерді дәл уағында орынды көтеріп, соған оқырман-жұртшылықты да батыл түрде араластыра алды. Осы газеттің арқасында мемлекеттік тіліміздің хал-ахуалы мен алдағы болашағы газет ұжымы, не тілші-ғалымдар, әдебиетші-мамандар, тіл бірлестіктері мен әр деңгейдегі тіл комитеттері белсенділерінің ғана емес, қайтсек тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, қайтсек ұлттық, мемлекеттік мәселеде жұдырықтай болып жұмыла аламыз деп осыншама бас ауыртқан барша қоғамның да кезек күттірмес мәселесіне айналды. Мүмкін, осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын, ұлт газетінің негізін қалап, болашаққа аманат, өсиет етіп кеткен Ақаңдар мен Жақаңдардың көргісі келген ұлт газеті де дәл осындай газет болған шығар?!. Құлкенов басқарған «Ана тілінің» бұл жетістігін сол кезде тұңғыш Елбасымыз бен Үкімет және Парламентті басқарған қайраткер тұлғаларымыз да көрмеді, білмеді деп айта алмаймыз. Мәселен, 2004 жылы «Ана тілі» газетінің бас редакторы Мереке Құлкенов газет оқырмандары атынан тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа шығып, сан тарау салиқалы сұрақтар қойғанда, Нұрсұлтан Әбішұлының оған ықыластана, әрі үлкен жанашырлықпен жауап бергені күрмеуі көп мәселенің өзегі әбден пісіп жетілгендігін де аңғартар еді. Және де, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты Елбасымен болған аталмыш сыр-сұхбат өзінің «өтпелі кезеңінде» тұрған «Ана тілі» газетінің ғана емес, мемлекеттік тілді өзінің жаны, рухы, ділі санайтын бүгінгі тәуелсіз еліміздің рухани-мәдени өмірінің алдағы даму бағытын да айқындап бергендей болды. Сонымен бірге, бұл газет бір тек мемлекеттік тілдің ғана ауқымында қалып қоймай, тіліміз арқылы, тарихқа да, саясатқа да, этнологиямызға да, ғылымға да, әдебиет пен өнерге де кеңінен қалам тербеп, жаңа авторлар тартып, жер-жердегі оқырмандар аудиториясының ауқымын да кеңейте түсті. Біз әлі күнге дейін талқыға салып, мемлекеттік дәрежедегі бір шешімін ала алмай кете жатқан «тіл полициясы», «тіл инспекциясы» дегендердің негізін де алғаш осы басылымның өзі қалап, соның барлық қара жұмысын да осы басылымның бір өзі ғана атқара бастады. Соның бәрінің көптік еткендігіне қарамастан, бас редактор Құлкенов «Ана тілінің» қоғамдағы беделі мен оқырман-жұртшылықтың өздеріне деген үміт-сенімдерін ақтап, газет редакциясының жылма-жыл тәуелсіздік талаптары негізінде Қазақстанның әр аймағына жүйелі түрде экспедициялар ұйымдастырып, тақырыптық зерттеулермен шұғылданғандығын да естен шығара алмас едік. Жылма-жылғы «Ана тілі» аруы» байқауларының алғаш негізін қалап, оны республикалық деңгейдегі ел мерейіне айналдырып қойған да баяғыдағы атақты редакторлар Қасым Шәріпов, Сейдахмет Бердіқұлов, Сапар Байжанов, кешегі айбыны айдай жерге дейін жететін атақты Шерхан Мұртазаның ұлттық журналистикамыздағы, журналистикамыз бен мәдени-рухани өмірімізді байланыстырудағы жолын жалғастырып, үлгі-өнегелерін өзінің бойына ілген осы Құлкенов болатын. Әрине, Құлкеновтың баспасөз қызметіндегі бай іс-тәжірибесі, ақ-адал еңбегі, алғырлығы мен бергенінен гөрі, бере жақтарының әлі көп екендігі дер кезінде бағаланбай қалды деп те айта алмаймыз. Ол Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері, Президент сыйлығының иегері, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының Құрметті профессоры да атанды. «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал, 2006 жылы Мереке Әбдешұлы «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры – Редакторлар Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Оның қаламгерлік тұлғасымен бірге, қайраткерлік тұлғасымен жарқырап көрінген тұсы да – осы кез. Мереке Әбдешұлы бұл мекемені екі жылдан астам уақыт бойына басқарыпты. Осы екі жылдың ішінде ол өзінің «Ана тіліндегі» бай шығармашылық тәжірибесі мен бұрын көп сырын алдыра бермейтін көптеген шеберлік қырларын бүтіндей «Қазақ газеттіріне» қарасты басылымдардың шығармашылық жұмыстарына да батыл түрде енгізе алды. Бұрын да тап өздері деңгейлес өзге басылымдардан кенжелеңкіреп қалмағанмен, «Ана тілі», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Ақиқат», «Мысль» журналдарының жұмыстарында да кәдімгідей бір алымдылық байқалды. Бас директор Құлкенов қағазбастылық пен жиналысқұмарлыққа онша көп үйір емес екен. Бірақ ол кезінде осындағы қай редакцияның да шығармашылық ахуалына айырықша мән берді және бұл жағын үнемі өзінің назарында да ұстап отырды. Әр редакцияда ілездемелер уақытылы түрде өткізіліп, ондағы өздерінің жақсы қырынан бағаланған материалдар мен олардың авторлары бертінде бірден назарға алынып, кейін олар шығармашылық және материалдық тұрғыдан лайықты түрде марапатталатын да жағдайға жетісті. «Қазақ газеттерінің» тарихындағы тағы бір белесті кезең оның жанынан еліміздегі тұңғыш «Экономика» газеті мен «Үркер» әдеби жастар журналының шыға бастауы болса, олардың да алғаш тұсауын кесіп, сәт сапар тілеген қайраткер-қаламгер Мереке Әбдешұлы болатын. ТҰЛҒАЛАР ТҰЛПАРЫ ҚАЛУДЫ БІЛМЕЙДІ Алдыңғы толқын ағалардың тәлім-тәрбиесін көп көрген адам, шынында да, бөлекше қадір-қасиеттерге ие болып келеді. Ондай адамдар көп асығып-аптықпайды, бірақ өзінің аяғын анық басады. Жазғанын бірден басылымға ұсынбайды, бірақ оқырманын риза ететіндей шаруаларды ғана тындырады. Осындай кесек бітім – Мереке ағаның бойындағы тағы бір танымал қасиеті. Олай болса, таланттың жүйрік тұлпары жүйтки берсін деп тілейік! Серікқали ХАСАН

638 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз