• Ұлттану
  • 30 Қараша, 2020

ДІНДАРЛЫҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Қайрат Затов,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, дінтану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы

Қазіргі дін социологиясы мен психологиясындағы маңызды, әрі күрделі мәселелердің бірі – діндарлық ұғымы. Дін социологиясы діндарлық феноменін зерттеуде оның әлеуметтік көріністері мен өлшемдеріне басты назар аударатын болса, дін психологиясы діндарлықтың индивидуальды және топтық деңгейдегі көріністері мен ерекшеліктерін сипаттауға талпынады. Діндарлықтың социологиялық анықтамалары макро және микроәлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне негізделсе, психологиялық анықтамалар тұлғалық, тұлғааралық және кіші топтар талдауына сүйенеді.

Социологиялық зерттеулер қоғамдық дамудың белгілі бір кезеңдердегі діндарлықтың өсуінің немесе кемуінің тенденциялары мен факторларын анықтауға мүмкіндік береді, ал психологиялық талдау оның мәні мен себептерін ашуға ықпал етеді. Яғни, діндарлықты социологиялық және психологиялық тұрғыдан зерттеу бір-бірін толықтырып отырады. Социологиялық және психологиялық зерттеулер қазіргі діндарлықтың мәні мен тұрпаттарының өзгеріске ұшырағанын аңғартады.

Қазіргі дінтанулық ғылымда діндар-лықтың орныққан ортақ ұғымы жоқ, осы себепті зерттеушілер бұл феноменді әртүрлі аспектілерінен қарастырып, нақты зерттеу үшін маңызды қырларын ашып көрсетуге ұмтылады.

Дін социологиясында діндарлық деп тылсым күшке, «қасиеттілікке» сенетін және оған құлшылық жасайтын, дін мен оның қағидаттарын ұстанатын индивидтер мен олардың топтарына тән күйді айтады. Мұнда маңыздысы діни сенім мен дін канондарының индивидтер мен олардың топтарының жүріс-тұрысына ықпалы мен әрекеттерін мотивациялауы. Бұл діндарлық дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Діндарлық дәрежесі діндарлық белгілерінің көріністерін анықтайды (Құдайға деген сенімнің беріктігі немесе әлсіздігі, құлшылықтар жүйелігі мен діни ұстанымдардың тұрақтылығы және т.б.). Діндарлық дәрежесімен салыстырғанда, діндарлық сипаты ұғымы индивидтер мен олардың топтарының діни наным-сенімінің нақты түрі мен бағытын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, конфессионалдық тиесілігін, діни сенімнің ұлттық немесе аймақтық ерекшеліктерін ашады. Сондай-ақ, дін социологиясында діндарлық деңгейі ұғымы да кеңінен қолданылады. Бұл сауалнамаға қатысқан барлық респонденттердің діндарлық белгісі анықталғандарға қатысты көрсеткіші (айталық 100 адам сауалнамаға қатысып, оның 10-да діндарлық белгілері байқалса, діндарлық деңгейі 10% болады). Діндарлық деңгейі динамикалық көрсеткіш, уақыт аралығында өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан, дін социологиясындағы тағы бір маңызды өлшем – діндарлық қалпы. Діндарлық қалпы белгілі бір уақыт аралығындағы діндарлықтың дәрежесінің, сипатының, деңгейінің сандық және сапалық көрсеткіштерін синтездейді.  Мысалы, діни уағыз-насихаттардың, миссионерлік қызметтің қарқыны діндарлық қалпына ықпал етуі мүмкін. Мұндай кезеңдерде құлшылық орындарына баратын, діни ұстанымдарды сақтайтын индивидтердің үлес салмағы артады (ораза уақытында мешіт жамағатының санының артқанын, бірақ оразадан тыс уақыттарда мешітке келушілердің санының азайғанын байқауға болады). Әрине, бұл көрсеткіштер діндарлықтың сыртқы белгілері мен өлшемдеріне қатысты, дегенмен олар дін саласында орын алып отырған құбылыстар мен өзгерістер туралы объективті мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Ел аумағындағы (немесе белгілі бір аймақтардағы, ірі қалалардағы) діни ахуалды бағалау үшін сауалнама нәтижелерімен шектелуге болмайды, діни ахуал туралы дұрыс мәліметтерге қол жеткізу үшін бұқаралық санадағы діни үдерістерді, діни идеологиялардың мазмұнын, тұрғындардың конфессиональдық құрылымын, ресми және бейресми діни ұйымдармен бірдей бірлестіктердің қызметінің бағыты мен қарқынын және олардың қызметінің жалпы әлеуметтік орта мен нақты топтарға ықпалын есепке алу қажет. Мысалы, қандай діни бірлестіктердің қатары өсіп отыр, олардың культтік және культтен тыс қызметінің нәтижелері қандай, діни бірлестік мүшелерінің жыныстық, жастық, әлеуметтік құрылымы және т.б. көрсеткіштерін сараптау маңызды. Мұндай горизонтальды социологиялық зерттеуді вертикальды (тереңдетілген) психологиялық талдаумен сабақтастыру маңызды. Бұл тұста діни тұлға, кіші әлеуметтік орта ұғымдарына назар аударып, олардың психологиялық-ментальдық ерекшеліктері мен сипаттарын ашып, түсіндіре білу қажет.

Қазіргі дінтану мен психологияда діндарлықтың төмендегідей түсіндірмелері бар:

– діннің жекелеген индивидтер мен әлеуметтік-демографиялық топтардың жүріс-тұрысы мен сана-сезіміне ықпалы (Д.М.Угринович) [7, с.127];

–  тылсым күшке сенетін және сыйы-натын, дінді қолдайтын және оның ілімі мен қағидаттарын қабылдаған жекелеген топтар мен қауымдастықтарға, индивидтерге тән ерекше ахуал (Ж.Т.Тощенко) [6, с. 293];

–  діни сана мен жүріс-тұрыста, қарым-қатынаста көрініс табатын индивидтер мен топтардың сапалық сипаты  (И.Н.Яблоков) [11];

–  табиғи және әлеуметтік құбылыстарды эмоциональдық, құндылықты тұрғыдан қабылдауды қамтитын адамның шындыққа деген біртұтас қатынасы, шындықты әмбебапты тылсым күш призмасы арқылы қабылдау (Р.А.Финк) [9, с.17];

–  діни мистикалық тәжірибе барысында қалыптасатын және адамның сезімдік, эмоциональдық толғаныстарына негізделетін түйсіктік сенімділік тұрпатындағы адамның дүниеге деген белгілі бір қатынасы және тылсым күштерді түсінуі (У.Джеймс) [2, с. 98];

–  біз өмір сүріп отырған дүниеміз одан да зор тылсымның бір бөлігі және онда адамның тіршілік етуінің асқақ мақсаттары жүзеге асады дегенді сезіну (В.Вундт) [1, с.152];

– тотем және табу арқылы институ-ционализацияланған адамның құштар-лықтардан бас тартуының барысында пайда болған психологиялық, мәдени және әлеуметтік детерминацияланған және қоғамның онсыз тіршілік етуі мүмкін емес құбылыс (З.Фрейд) [10, с. 33].

Бұл анықтамалар діндарлық құбылысы мен көрінісінің әртүрлі аспектілерін қамтиды, оның себеп-салдарларын әртүрлі бағалайды, алайда, оларға ортақ нәрсе діндарлықты адам мен тылсым күш арасындағы байланыс ретінде қарастыруы. Әрине, бұл байланысты иллюзорлы немесе әлеуметтік-психологиялық шартталған деп қарастыру діндарлықты талдаудағы зерттеушілердің дүниетанымдық ұстанымдарымен, методологиялық принциптерімен сабақтасып жатады.

Діндарлықтың құрылымында когнитивті, эмоциональдық және жүріс-тұрыс (поведенческий) компоненттерін ажыратады. Кейінгі зерттеушілер бұл құрылымды идентификациялық және нормативті-құндылықты компоненттермен толықтырады (Е.А.Ходжаева, Е.А.Шумилова).

Когнитивті     компонент діндар санасындағы Құдай және басқа да құдіретті күштер туралы түсініктерді және олардың образдарын қамтиды. Діни наным-сенімдер діндарлардың түсініктері мен түйсікте­рінің, сезімдері мен эмоцияларының, толғаныстарының бастаулары, солар арқылы діндар қасиеттілікпен қарым-қатынас орнатады. Когнитивті компонент діни ілімнің барлық элементтерін өзара байланыстырып, бұқаралық санаға бейімдейді. Тұжырымдай айтқанда, когнитивті деңгейде иррациональдылықтың рационалдануы орын алады. Адам санасы мен ойлауы хаосқа төзбейді, ұзақ уақыт түсініксіздік жағдайында қала алмайды, сондықтан, сана мен ойлау қоршаған әлемді реттілік пен тәртіпке келтіруге, түсініксізді түсіндіруге, иррационалдыны рационалдандыруға ұмтылады. Миф, дін және ғылым адам санасы мен ойлауының осы эволюциясындағы тізбектер болып табылады.

Алайда, бұл эволюцияны бір бағытты, тізбекті құбылыс ретінде қабылдауға болмайды. Анығында қоғамдық санада мифтік, діни және ғылыми түсініктер қабаттасып жатуы мүмкін, бірақ белгілі бір факторлар олардың біреуінің басымдылыққа ие болуына ықпал етеді (мысалы, секуляризация үдерісі мен ағартушылық идеялары қоғамдық санада ғылымның үстемдік етуін қамтамасыз етті).

Діни сана Құдайға, құдіретті күшке деген сенім негізінде жаратылыс пен адам болмысын, олардың мәні мен мақсатын түсіндіруге, дәйектеуге, тұжырымдауға ұмтылады. Діни санада концептуальдық және күнделікті тұрмыстық деңгейлерді ажыратады.

Діндарлықтың эмоциональдық компоненті түйсіктермен, сезімдермен байланысты. Дін оны қабылдаған адамға психологиялық әсер етеді. Діни наным-сенімнен туындайтын және дінмен ғана байланысты ерекше сезімдер болады, олардың қатарына тәуба, мойынсұну, Жаратушыға деген махаббат, разылық, жұбаныш және т.б. жатады. Діннің аса маңызды психологиялық қызметінің бірі – жұбату қызметі. Кең мағынасында жұбату – жағымсыз толғаныстарды жойып, жан-дүниесі мен көңіл-күйіндегі қақтығыстардан тазарту мақсатында адамға ықпал ету. Діни жұбатудың өзіндік ерекшеліктері діндардың санасын діни түсініктер мен идеялардың, образдардың әсер етуімен байланысты (өмірде кездесетін қиындықтар Құдайдың сынағы, оған төзе білген адамға осы және бақи дүниеде Құдайдың сыйы болады және осыған ұқсас идеялар). Діннің жұбату қызметінің психологиялық астарлары өмірлік қиындықтарды, азап тартуды жеңе білумен байланысты. Яғни, ол адамдардың белгілі бір психологиялық қажеттіліктерін өтейді. Діни құлшылықтар мен рәсімдер адам бойындағы жағымсыз сезімдер мен көңіл-күйді залалсыздандырады және сол арқылы діндар тұлғаның психикалық тұрақтылығын, тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Алайда, деструктивті-тоталитарлық діни ағымдар мен ұйымдар адам бойында жағымсыз діни толғаныстар мен сезімдерді үнемі жаңғыртып отыру арқылы оларды бағыныштылықта және бақылауда ұстауға талпынады. Олар үрей, күнә, басқаларға деген төзімсіздік пен сенімсіздік сияқты сезімдер мен эмоцияларды қоздырып отырады.

Діндарлық адам бастан кешетін діни тәжірибеден де нәр алады. Діни тәжірибені зерттеген ғалымдар оны онтогносеологиялық емес, психологиялық қадым тұрғысынан қарастыру қажеттілігіне назар аударады. Психологиялық қадым өз кезегінде діни тәжірибенің мәдени-әлеуметтік астарлар мен қырларын назарда ұстауды талап етеді. Себебі діни наным-сенімдер этноментальдық және  мәдени-әлеуметтік контекстерді де қамтиды. Қоғамда дін тек әлеуметтік институт, әдет-ғұрыптар мен ғибадат-құлшылықтар ретінде ғана емес, діни толғаныстар, сезімдер мен эмоциялар ретінде де орын алады. Дінге бет бұрған адам үшін оның сыртқы көріністеріне қарағанда, ішкі мәні әлдеқайда маңызды болмақ, ал ішкі мән мен мазмұнды тұлғаның психологиялық толғанысынан, сезімі мен эмоциясынан тыс қарастыру мүмкін емес. Діни тәжірибенің осы аспектілеріне алғашқылардың бірі болып назар аударған У. Джеймс «психология аясында қала отырып, біз діни ілімдермен, әдет-ғұрыптармен емес, діни сезімдермен, көңіл-күйлермен істес боламыз» деп жазады[1 У.Джеймс. Многообразие религиозного опыта. Бесплатная электронная библиотека Royallib.ru. 2б.]. (Діни тәжірибе ұғымын талдауға арнайы мақаламызды арнағандықтан бұл жерде қайталауды артық санаймыз. Қызығушылық танытқандар мақала мәтінімен таныса алады).

Діндарлық адамның жүріс-тұрысында және басқалармен қарым-қатынасында көрініс береді. Діндарлықтың  жүріс-тұрыс компонентінің екі аспектісін ажыратуға болады. Біріншісі, құлшылық және т.б. діни  рәсімдермен байланысты культтік аспектісі, екіншісі діни сенімнен нәр алатын культтен тыс аспектісі. Екіншісіне діни бірлестік немесе діни ұйым мақсаттарына қызмет ету, қайырымдылық шараларына атсалысу, діни мазмұндағы ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу немесе қатысу сияқты әрекеттер кіреді. Белгілі бір жағдайларда діндар адам осы қызметті діни парыз ретінде қабылдайды.  Өз кезегінде оның мұндай әрекеті діндарлықтың нормативтік-құндылықты компонентінен туындайды. Бұл компонент діни ілімнің, оның моральдық-этикалық ұстанымдарының діндар санасында қаншалықты терең орныққанын айқындайды. Дінді қабылдау күнделікті өмірде осы діннің қағидаттары мен ұстанымдарына сай әрекет етуге, діни сенім өлшемдері мен құндылықтарын әртүрлі тұрмыстық жағдайларда басшылыққа алуға бағыттайды. Діндарлықтың нормативтік-құндылықты компоненті діни сенімнің догматикалық және концептуальдық негіздерін игеруді, білуді қамтиды және діндар адамның құндылықтар жүйесін қалыптастырады.

Діндарлардың құндылықты ұста­нымдары олардың құлшылық-ғибадаттар мен діни парыздарға деген қатынасын, діни қауым мүшелерімен өзара байланысын, әлеуметтік және адамгершілік қасиеттерін және жүріс-тұрысының мотивтерін сипаттауға мүмкіндік береді. Мұнда діни ілімде насихатталатын діни өсиеттердің маңызы зор. Нормативтік-құндылықты компонентте  дін тарихында өзіндік орын алатын тұлғалардың іс-әрекеті мен образы арқылы дін канондарына сай келетін жүріс-тұрыс үлгілері діндарлардың бойына дарытылады, яғни, бұл діндарлықтың бұл құрамдас бөлігі діни қағидаттар тұрғысынан дұрыс, әрі позитивті саналатын жүріс-тұрыс үлгілерін концептуальды негіздейді, насихаттайды және қалыптастырады. 

Діндарлықтың идентификациялық компоненті адамның қай конфессияға тиесілі екенін сезінуімен байланысты (Мысалы шиа немесе сунниттік бағыттағы мұсылман, православ немесе католик христиан және т.б.). Идентификациялық компонент конфессиональдық діндарлықтың қалыптасуында маңызды орын алады және оның бағытын анықтайды. Бұл компоненттің қалыптасуы мен дамуында діни дәстүрдің алатын орны ерекше. Адам әлеуметтену барысында қоғамда қалыптасқан құндылықтарды, діни наным-сенімдерді, моральдық-этикалық нормаларды игереді. Қоғамның рухани-діни негіздері берік, мығым болатын болса, азаматтардың діни немесе конфессиональдық бірегейлігін шайқалту оңайға соқпайды. Мұндай қоғамда діни конверсия үдерістерінің қарқыны бәсең және қоғам үшін қауіпті деңгейге жетпейді. Қоғам дәстүрлі дін институттарына қолдау көрсету арқылы өзінің конфессиональдық идентификациясын нығайтады және жат діни ағымдардың ықпалына тосқауыл қояды.

Діндарлық біртұтас құбылыс және жоғарыда аталған компоненттердің барлығын қамтиды және олар бір-бірімен тығыз байланыста болып, өзара ықпалдасып отырады. Сондықтан, діндарлық құбылысын зерттегенде, құрылымдық-функциональдық методологияның тиімді тұстарын кеңінен қолдану қажет. Бұл әрбір компоненттің діндарлық жүйесіндегі орны мен рөлін, қызметін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.

Қазіргі Қазақстандағы діни ахуал мен діндарлықтың даму тенденцияларын талдау барысында оның үш типін анықтауға болады. Шартты түрде оларды позитивті діндарлық, авторитарлық діндарлық және деструктивті діндарлық деп жіктеуді жөн көрдік.

Позитивті діндарлық тарихи қалыптасқан діни дәстүрдің аясында дамиды және жүзеге асады. Діндарлықтың бұл тұрпаты діни немесе конфессиональдық тиесілікті сақтай отырып, өзге діни дәстүрлердің құндылығын, діни-моральдық ұстанымдарының маңыздылығын теріске шығармайды. Мұндай діндарлық типі ашықтылығымен, диалогқа бейімділігімен және толеранттылығымен сипатталады.

Авторитарлық діндарлық топтық діни бірегейлік негізінде қалыптасады. Діндарлықтың мұндай типіне өз діни сенімінің ақиқаттылығына күмәнсіз сену және оны Құдайды танудың бірден-бір бірегей жолы ретінде қарастыру, өздерінің діни сенімін абсолюттендіру тән. Бұл типтегі діндарлық иелеріне топтық оқшаулану, төзімсіздік, басқа діни дәстүрлерді терістеу мен сынау, сындарлы пікірталасқа бейімсіздік тән болып келеді.

Деструктивті  діндарлық адам психикасында теріс үдерістердің белең алуымен сипатталады. Бұл көбінесе тоталитарлық секталардың құрбаны болғандардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысында көрініс береді. Олардың психикасында жағымсыз діни сезімдер – үрей мен күнәһарлық, апокалипсистік дүниетүйсіну сияқты белгілер айқындалады. Мұндай діндарлық типіне сындарлы ойлаудың тежелуі, қоршаған әлеуметтік шындықты қабылдамау, оқшауланушылық пен әртүрлі фобиялар тән.

Діндарлықтың мұнан  басқа да типтерінің болуы ықтимал, мысалы, шынайы діндарлық пен ситуативтік діндарлықты ажыратуға болады. Біріншілерге дін мен оның қағидаттарын өмірлік ұстаным, өмір салты ретінде қабылдау тән болса, екіншілері дінді дүниелік мақсаттарға жетудің құралы, әлеуметтік статус пен беделдің атрибуттары ретінде қарастырады.

 

2899 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз