• Еркін ой мінбері
  • 30 Қараша, 2020

ӘДЕТТІ – ӘДЕП ТҮЗЕЙДІ

Шолпан ҚЫДЫРНИЯЗОВА,
Құрмет орденінің иегері, айтыс ақыны, «Қаратөбе» ауданының Құрметті азаматы

«Көрген-білгенін айтпаса, аға кінәлі» деген екен грек философы Платон. Салтыңды білмей – халқыңды, ғұрпыңды білмей – ұлтыңды білмессің» деп бала кезімізде әжеміз бізге жиі айтушы еді. Әңгімелері мен мысалдарында ақыл мен нақыл тұнып тұратын. Еліміздің қай түкпіріне барсаң да, дала даналарының өнеге өрілген ізін көресің, тәлім тересің, ғибрат аласың. Қазақ болып туғаныңа мақтанасың, ұлтымыздың ұлағатына шаттанасың, осы ұрпақ сабақтастығы үзілмесе екен деп тілейміз.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, татулықты ту еткен Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданының алақандай Алакөл деген ауылында дүниеге келіп, өсіп-өндік, ұлттық мектепте оқыдық. «Үлкеннің алдынан өтпе – көрінбей қаласың, кішінің жолын кеспе – көмілмей қаласың» деп бабаларың бекер айтпаған, үйден шыға еркінсіп кетпеңдер, көшенің көзі де, сөзі де көп, ерсі қылықтарың үйге сендерден бұрын жететінін ұмытпаңдар» деп шегелеп тастайтын әжем. Анамызға да, бізге де естірте: «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма», «Ұлы ұрыншақ, қызы сүреншек үйден қиқу кетпес» дегендерді жиі қайталайтын-ды.
Ол кезде «Неге қайталай береді екен, жатталып қалды ғой» деп ойлайтынмын. Бұның әдеп сабағы екенін өзім әже болғанда жан-жүрегіммен ұғындым. Әжем де, анам да дауыс көтермейтін, тәптіштеп түсіндіруден талмайтын, басталған іс оң нәтиже бергенше қасымыздан қалмайтын, жұмысты бірге атқарысып, мақтап қоюды да ұмытпайтын. Бүгінгі тәрбиеде маған ата-аналардың төзімі жетіспейтіндей көрінеді. Түйін: Ұлды түртпектеп тұқыртпа, ұмтылысы азаяды, қызды суық сөзбен сыпыртпа, құлшынысы азаяды.
«Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие және әдеп. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне опат әкеледі» деген орта ғасырдың атақты ойшылы, дүниежүзі білімі мен мәдениетінің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбунасыр әл-Фарабидің сөзі тәрбие тәмсіліне айналды. Қазақ сынды сыналап, мінді тұспалдап айтқан, көргенін көпіртіп, естігенін лепіртудің алдын ала білген, «мақтамен бауыздау» деген тіркес содан қалса керек.
Мысалы: Үлкеннің алдынан өтіп кеткен бозбаланың қылығын анасына: «Пәленшежанның көру қабілеті төмендеген сияқты ғой, көзін тексертсейші, кеше молданың мұрнын сүріп кете жаздады ғой», қызға бозбалалар қырындап жүргенін байқап қалса: «Сенің балапандарыңа күзен келді ме екен, кеше түнде итің шабалақтап кетті ғой», әйелімен жанжалдаса беретін көршіге: «Келіннің құлағын жел қаққан-ау, айқайлап сөйлейтін болыпсың ғой» дей салады. Әдеп пе? Әдеп. Түйін: Әдетті әдеп түзейді.
«Саналы ұрпақ тәрбиелегің келсе, ана тіліңді ұмытпа, салт-дәстүріңді ұлықта, ұлттық тәрбиеңді құлыпта» деген бабалардың ұрпағымыз. Қазақ баланы жасынан тірлікке баулып, талпындырып, табандылыққа, еңбекке тәрбиелеген. «Дұрыс әрекет мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады», – дейді әл-Фараби. Анам: «Үйренгенің өзіңе жақсы, жасағаның маған жақсы», – деп осы мектептен бұғана қабырғамыз қатпай-ақ өткізді.
Бір жылы қолдағы сиырдың қыста бұзаулайтыны белгілі болды. Анам қол орақпен шалғын шауып, біз балауса жұлып, жинасып, бір қанар жас бұзауға шөп дайындап алдық. Қысқы каникулда сиыр бұзаулады. Анам екі бөлмелі үйдің қазан жағынан орын әзірлеп, әп-әдемі ұрғашы ала бұзауды сол жерге алып келді. Сабақ басталғанша ұлдар шөбіне, қыздар тазалығына жауапты болдық, қасынан шықпаймыз. Жазда дайындалған көкмайсадан ағам күлте жасап, бұзаудың алдына қояды. Тәмпіш танауын делдитіп, бір тал шөпті аузына алып, қызықтап отырған бізге қарап, көрдіңдер ме дегендей басын шұлғып қойғаны сүйкімді-ақ. Бұйра жүнінен енесінің тілімен салынған іздер жылтырап, сұлуландыра түскендей, кезек-кезек маңдайынан сипап, мәзбіз. Бұзау жатқанша айналсоқтап, көзден таса қылмаймыз. Қыздың үлкені мен болған соң, бұзауды тосу кезегім бірінші келді. Бұзау тұрған бойда әкем әдейі ауыз жиегін әдіптеп, балық консерві қалбырынан жасап берген ыдысқа тоса қоямын. Алғашқыда «сыр» ете түскен тосын дыбыстан шошып, қозғалып қалып, қолымды да бүлдірді, сосын ол да, мен де үйренісіп кеткеніміз соншалық, тосуды күтіп тұратын болды. Бұзау бөлмеден шыққанша, еңбек сабағы үйде тоқтаған жоқ. Бұзауды күту арқылы мойнымызға жауапкершілік алған екенбіз. Бұл сабақ бізді – бастауыш сынып оқушыларын тазалық, мұқияттылық, малжандылыққа баулыды. Кейін өзіміз үй болғанда, көргеніміз бен ойға түйгенімізді ұл-қызымызға үйреттік, жамандық көрмедік.
Түйін: «Адам естіп білгені арқылы ғана жетілмейді, еңбек пен іс-әрекет үстінде қалыптасады» деген екен неміс оқымыстысы Альберт Эйнштейн. Ұлы Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Біз өскен ауылдың жері құнарлы, суы тұщы, құдық қазса, суы тайыздан шыға келеді. 7-8 сыныптарда анам еңбек сабағын жазда үй жанында пеш тас соққызудан бастады. Сіңлім екеуіміз қалып суырып, күніге 100 тас соғу мүмкіндігіне ие болдық. Тасты кептіреміз, жан-жағын қырамыз, үш бұрыштап үйеміз, анам сұраушыларға өткізіп, киім, оқу құралдарына ақша жинаймыз. Бала болып орынсыз ойынға бой алдыру деген біздің үйде болған емес. Ойынға белгіленген уақытпен шығамыз, үй жаққа қарайлап жүреміз, анам шақырғанда ойын аяқталады. Еріншектік, шаршау, сылтау дегенді білмей өстік, тәртіпке көндік, тәрбие алдық. Түйін: Анаңды тыңда, төзіміңді шыңда.

1911 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз