• Тарих толқынында
  • 30 Қараша, 2020

АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

Даниял Танзенов,
М.Өтемісов атындағы БҚУ жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының ғылыми қызметкері, тарих магистрі

Адамзат тарихында қилы-қиямет оқиғалармен, дүбірлі даму үрдісімен ерекше орын алған ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін де сындарлы кезең болғаны белгілі. Осындай шешуші сәтте ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен алтын айдарлы арыстарымыздың қазақ даласын патша өкіметінің озбырлықпен өзіне қаратып, жер саясатын күшейтіп, жергілікті халықты тозығы жеткен ен далаға ығыстырып жатқанын ашына жазып, кейін өз шығармаларының өзекті тақырыбына арқау еткен арыстарымыз еңбегі ұшан- теңіз. Бүгінгідей тәуелсіз ел жағдайында тарихымызды ұлттық тұрғыда қарап, жаңаша саралар болсақ, ұлт зиялыларының қалдырған еңбектеріне де шолу жасау арқылы ондағы тың деректерді тарихи тұрғыдан қарастырғанымыз жөн. Солардың қатарында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, Р.Мәрсеков, Т.Шонанұлы, С.Асфендияровтардың есімдері бұл күнде зор ілтипатпен аталады [1].

Мақалада қарастырып отырған мәселеміз қазақ зиялыларының ұлттық мүдде тұрғысы, қазақ мемлекеттілігі мәселесіне сіңірген еңбегі хақында болмақ. Қазақ мемлекеттілігі, ұлттық мүддені айтсақ, міндетті түрде жер мәселесі  қозғалатыны сөзсіз. Ал ХХ ғасырдың басында алты Алаштың баласының мұң-мұқтажын жоқтап, өздері сол үшін жанын қиған ұлт зиялыларын алаштың азаматтары деп қалай атамасқа. Қазақ қоғамында ХХ ғасырдың басында жер мәселесінен үлкен дау болған емес.

Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, аузы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрес деп бағалаған жөн. Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке, елдікке тарту, әлбетте оңай бола қойған жоқ. Соның үшін де А.Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп «Масасын» ұшырды, М.Дулатов «Оян, қазақ!» деп ұран салды, С.Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!» – деп жалын атты. Ал Ә.Бөкейханов, Р.Мәрсеков, Т.Шонанұлы, С.Асфендияровтар «Қазақ қайда барады?», «Жер мәселесі» деп, патша саясатынан зардап шеккен халықтың мұң-зарын жоқтап, ойын ортаға салып, орыс басылымдарына қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан патша саясатына қарсы мақалалар жазды.

Тегеурінді патша үкіметінің орыс емес ұлттардың жеріне иелік етіп, өзіндік әрекетке көшкен тұста, қазақ зиялылары да қарап қалған жоқ. Өз ойларын қасқайып тұрып ортаға салды, жазды, жарыққа шығарды. Бұның бәрі бүгінде мұрағат құжаттары қатарында сақтаулы. 

ХХ ғасырдың басындағы қазақ жерінің тағдыры – ел тағдыры еді. Қазақ жерінің жоқтаушысы болған белгілі ғалым Телжан Шонановтың елді отарлау жерді отарлау тарихы деп бағалауы шындық болатын [2]. Сондықтан да, алаш азаматтарының көтерген өзекті мәселесінің бірі қазақтың өмір сүруінің тіршілік көзі – жер мәселесін әділетті шешу еді. Жер мәселесін күн тәртібіне қойған басылым «Айқап» журналының бетінде жер мәселесін биік деңгейге көтеріп, оған демократиялық сипат беріп, отаршылдыққа қарсы наразылық рухын жандандырған авторлар қатарында Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхановтар бар-тұғын. Олар «Қазақ» газеті арқылы бұл мәселені Ресейдегі реформалармен байланыстыра, отаршылдық сипатпен біртұтас қарап, оны қазбалай түсті.

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының алдында тұрған негізгі де, өзекті проблема – ұлт проблемасы болып, ел болып сақталып қалуы болатын. «Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсынов басылымның №4-ші санындағы бас мақаласында бұл туралы: «Істің мәні жалғыз-ақ тамақ асырап, күн көруде қалмас, өз бетімен күн көре алмаса, өзге жұрттың есігінде жүріп, малайлықпен тамақ асырап, қазақ тіршілік етеді ғой. Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар, атымыз жоғалмай қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе»,-деп көрсетті [3]. Қазақты шын теңдікке жеткізетін мәселенің бірін А.Байтұрсынов «Аңдаспаған мәселе турасында» деген мақаласында «Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлі болу мәселесі» [4] – деп көрсетіп, жер тағдырының ұлт тағдыры екенін айқындай түседі.

 «Қазақ» газеті жер мәселесін тереңдете қарады, олар қарашекпенділер қозғалысының қазақ шаруасына, көшіп-қонып келгендерге деген пайдасы мен залалын бірге қарады, ұлтаралық шиеленістерді алға тартты, болашақта қазақ жері эрозияға ұшырап, дағдарыс боларын айтты. Қазақ елінің жерінен айырылып, шөл далаға, тау-тасты бөктерлерге кетіп, шаруасы құлазып бара жатқанын дәлелдеді, переселен қозғалысын тоқтатуды талап етті. Патша өкіметінің аграрлық саясатына ашықтан-ашық қарсы шықты. Өткен ғасырдың басындағы қос басылым «Қазақ» газеті мен «Айқап» қазақ ұлты тұрғысынан елдік мәселелерін көтере білді.

Ахмет Байтұрсыновтың «Айқап» журналының бірінші санында «Қазақтың өкпесі» деген мақаласы басылды. Мақалада да жер мәселесі көтеріледі. Онда автор: «...Қазақ жерінің қазыналық болуы – амалсыздықтан»,деді. Бірақ сол қазыналық болу нәтижесінде ғана қазақ жері біртұтас. Ал башқұрттар болса жерді шәй, шекер, шүберектей болмашы нәрсеге сатып, жерін тауысты, шаһар-шаһарға тозып, тентіреп кетті, кетпегені кедейліктен жүре алмайды. Тұрған шаһарының көшесін сыпыратын, қорасын тазалайтын, отынын жаратын, қара жұмысын қылатынның бәрі болмаса, көбі естек...», – деп жазады А.Байтұрсынов [5].

Ахмет Байтұрсынов қазақтың күнінің, тіршілігінің жермен байланысты екендігіне «Шаруа жермен бай, жерден айырылған соң, жұмыс біткені» деп баса көңіл аударады. Қазақстанда капиталистік қоғамға тән элементтер дами бастаған кезде, «Амалынды түзет, түземесең ешкімге кінә қойма», – деп жерден айырылмау керектігін қатты ескертеді. «Еңбексіз егін шықпайды, терлесең терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды», – деп қазақ шаруасын еңбекке шақырады. Ахмет Байтұрсынов өзінің «Тағы да жер жайынан» [6] деген мақаласында патша өкіметі орыс қара шекпенділерін қазақ жеріне орналастырылуы кеңінен жүргізіп жатқан кезде қалай жерді молырақ игеру мәселесіне өз пікірін білдіреді. Патша өкіметі қазақ жерін мемлекеттік деп танып отырған тұста «Жердің басы патшалық болғанымен шөбі, суы қазақтігі, қазақ жерді патшалықтан сроксыз арендаға алған қисабында», – дей келіп, шұрайлы жерлерге егін егуді, қалың қазақ тұтас отырып қалу мүмкіндігін ойластырады.

Патша үкіметі ішкерілеп еніп, жергілікті қазақ ауылдары жерлерінен қуып жатқан кезде Ахмет Байтұрсынов өзінің «Қазақ пайдасындағы жерді алу турасындағы низамдар, бұйрықтар» [7] деген мақаласында патша өкіметінің жер туралы жарлықтарын, заңдарын кеңінен талдап, қазақ шаруасының мұң-мұқтажын қорғайды, елдік заңды біліп, өз орнынан заңсыз қозғалмауына шақырады.

А.Байтұрсынов қазақ жерінің пайдаланылуы жөнінде әртүрлі пікір бар екенін айтады және қазақ жеріне мәдениет туын эволюциялық жолмен орнатуды қалайды. Себебі өз әріптестерінің қазақ отырықшы болып, қала салуы керек деген пікірлеріне қарсылық ретінде: «Қазаққа қала болсаңдар мәдени жұрт боласыңдар деп ақыл берушілер, әуелі, қала адамына тиісті кәсіпті үйретіп алып яки ғылым, өнер үйреніп, жаман жерді жақсы жер орнына, аз жерді көп жер орнына тұтынарлық дәрежеге жетіп алып, қала бол десе, оған біз де қол қояр едік», «Жұрттың тірлік күйде я өлімтік күйде өмір шегуі өзінің жігерінен болады», «Жер жеке адамның емес алдыменен ұлттың мүддесі, сондықтан да, ол мемлекеттің қазынасы», үнемі солай болады» – деді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қазаққа жерінен айрылмауды ескертті, себебі қазақ жерді жеке меншікке алуға әлі дайын емес. Патша өкіметінің отырықшы қылу саясатына сеніп, аз жерді иеленгенімен қазақ негізгі ұлттың байлығы ұлттық мүддесінен қол үзеді. Патша өкіметі халықтың аңғалдығын пайдаланып, жақсы шұрайлы жерлерді өзіне алып, халықты құнарсыз жерлерге ығыстырады. Сөйтіп ел жерінен айрылады, құнарлы жерлерінен қол үзген елдің тұрмысынан күй кетеді, елден күй кеткесін кейінгі ұрпаққа ештеңе қалмайды. «Отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандығын, отырықшы нормамен қазақтар жер алғанын переселен чиновниктері не үшін қуаттайтындығын қазақтарға түсіну енді қиын болмас шығар»,деген сөзімен түйіндей түседі [8].

Туған елінің тағдыры үшін алаңдаған Т.Шонанұлы «Жерден айырыларда қазақтың қабырғасы қайысып, омыртқасы майысады. Жалғызынан айырылғандай жермен қоштасады. Ботадай боздап өлең айтады», – деп ұлтының жерге деген қатынасын суреттей отырып, патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлаудағы өрескел әдістері мен оның қазақ халқының тағдырындағы қасіретті салдарын нақты деректер негізінде ашып көрсетеді.

Патша өкіметінің қазақ жерлерін қарашекпенділерге беруге кірісуі, халықтың шұрайлы, сулы, нулы жерлерінен айырылуы, мұндай зорлықтың күйзеліс пен дағдарысқа әкелгендігі ғасыр басындағы ең негізгі өзекті мәселеге айналды. Қазақ жерлерінің тарылып, дәстүрлі шаруашылықтың іргесі сөгіліп, әл-ауқатының нашарлауына байланысты, жер пайдалануда түрлі әдістерді ұстану, жер тапшылығынан отырықшылыққа көшу қажеттілігі және т.б. мәселелер төңірегінде әр алуан пікірлер айтылды. Ұлт зиялылары да ортақ уәжге келе алмай, екі топқа бөлінді. Бірінші топқа отырықшыландыруды уағыздаған Б.Қаратаев, М.Сералин, М.Дулатов енсе, екіншісінде көшпенді өмір салтын жақтаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, т.б. қазақ зиялылары тұрды. Бірінші топтың мүшелері 1911-1915 жылдары үзбей шығып тұрған «Айқап» журналының төңірегіне шоғырланды. Шаруалар отарлауы, жер мәселесі, тағы сол сияқты түйткілдер журнал бетіне үнемі жарияланып тұрды. Сонымен бірге, патша өкіметінің қоныстандыру саясатының мәнін, мақсатын, жай-жапсарын түсіндіруде үлкен насихат жұмыстарын жүргізді. Журнал бетінде отырықшылыққа шақыру жайында басылған мақалалармен қатар, оған қарсы пікір айтушылардың көзқарастары басылды. Отырықшылыққа көшу, қала салу идеясын ұстанған бағытында журнал беттерінде «Қазақ өкпесі», «Тағы да жер жайынан», «Жер мәселесі», «Біздің бұрыңғы һәм қазіргі халқымыз», «Көшіп жүру керек деушілердің пікірі», т.б. шағын мақалалар жарық көрді. Шын мәнінде отырықшылыққа көшу идеясы даусыз құнды бастама болатын. Сондықтан да, олар өз мақалаларында отырықшы өмір салтын насихаттаумен болды. Осы бағытта М. Дулатов жер алып отырықшылыққа көшу, қала болу, мәдениетті елге айналуға шақыру мақсатында былай деген: «...15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің ұшы көрінбей, бұлай болғанда енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып, ақырында пақырлыққа жетуі ықтимал. Жер аз-көп болса да бұл заманның өнер-білім заманы болған шақта әр жерде жайылып жүргенде оқудан мақұрым қалармыз. Надан халық білімді халықтардан өз дінін, хақын сақтай алмай, дүниеде ақыры есебін бітіре алмай қалуы ықтимал». Бұдан түйгеніміз М.Дулатов қалыптасқан жағдайдан шығар жол – жер алып, отырықшылыққа көшу екендігін жасырмаған. Отырықшылық өмір білім мен мәдениетке жол ашады деп есептеді. Осы көзқарасқа қарсы пікірді «Қазақ» газеті төңірегіне жиналған қазақ зиялыларының бірі – Ә.Бөкейханов білдірді. Ұлтжанды тұлға: «...мал бағып, шаруа қылып келе жатқан жұрт, орыс 15-тен жер берді деп егінші бола қоймайды. Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-тен жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады... 15-тен жер алмай тұрып жан-жағыңа қара дейтініміз, 15-ті алып, осы алақандай жерге мал бақпақ, ал бұған мал бағылмайды», – деп жазады. Ә.Бөкейхановтың «15-і» патша өкіметінің «жерге орналастыру» саясатынан шығып отыр. 15 деп отырғаны, патшалық әкімшіліктің әрбір жан басына шаққанда бөлінетін жер үлесі, яғни, отбасында қанша жан болса, әрқайсысына 15 десятинадан жер берілді [9]. Жоғарыда келтірілген деректердің өзіндік мәні бар. Себебі, ұлт зиялылары көзі көрген жағдайлардан қалыс қала алмады. Осы тұста М.Дулатұлының қазақ ұлтының жерінен ығыстырылып, баз кешкен күйін суреттеген пікірі мен өлең жолдары сол шақты айшықтай түскендей: «Патшалы Ресейге қазақ халқының көшпелі тұрмысы ұнамады. Отаршыл патша үкіметі алдымен қазақ жерін иемденді. Құнарлы, сулы жерлерін Ресейден келген шаруаларға бөліп, кесіп берді. Осы жерлерге орнағандарға кәсіппен айналысыңдар, байыңдар деді. Миллиондаған басыбайлықтан босағанмен, жерсіз күн көретін амалы жоқ шаруаларды шығысқа сілтеп, тоғытып жіберді. Керісінше, қазақтар суы жоқ, шөбі сирек, шөл далаға ығыстырылды. Олар өз елдерінде тұрып, бодан болды», – дейді де, жағдайды өз шығармасында:

«Шығарған жер өлшеуге землемерлер,

Бұл үшін кеткен бізден жақсы жерлер.

Тәтті шөп, тұщы судың бәрі осында,

Табатын бұған хәйла қайда ерлер?», – деп ойын ашық білдіреді [4].

М.Дулатұлының еңбектерін деректанулық тұрғыдан талдаған деректанушы ғалым Қ.Атабаев: «Деректану ғылымы қағидаларына сай, әрбір туындының, яғни, дерек көзінің пайда болуының өз объективтілігі, яғни, пайда болу себептері, алғышарттары бар десек, онда М.Дулатұлы еңбектерінің пайда болуының объективті алғышарттары, көрсетілген әр кезеңнің өзіне тән ерекшеліктерінен, нақты уақыт аралығында қалыптасқан нақты тарихи жағдайдан туындаған ұлт мүддесі. Ұлт мүддесі, объективті ұлт тағдыры – М.Дулатұлы еңбектеріндегі өнбойынан өтер өзегі. Біріншіден, М.Дулатұлының алғашқы еңбектерінен бастап айқын көрінетін нәрсе – оның өз ұлтына, қазағына деген шексіз сүйіспеншілігі. Екіншіден, жинаққа енген еңбектерге деректанулық талдау жасау Ресей сияқты алып империяның бодандығындағы елдердің бірінде дүниеге келіп, ер жеткен азаматтың ұлт бостандығы үшін жүргізілген күреске жастайынан араласқан саяси қайраткер екендігін көрсетеді», – деп сипаттайды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының жайын дәл суреттей білген М.Дулатұлы, сол «қалың ұйқыдағы» қазағын оятуды өзіне басты мақсат етіп қойған. Ол 1909 жылы Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан басылып шыққан «Оян, қазақ» атты өлеңдер жинағында анық айтылған:

Көзіңді аш, оян, қазақ көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп,

Қазағым, енді жату жарамасты, – немесе оның «Қазақ жерлері» деген өлеңінде:

Қазағым, жерің қайда атамекен,

Қазақ, қазақ болғалы мекен еткен.

Хазірде бәріңізді қуып шығып,

Орныңа қала салып, «хохол» жеткен, – деген немесе

Мінекей, келді мұжық көшкен бұлттай,

Қазақтың қояр емес жерін құртпай,

Келді де егін салып байып кетті,

Жалқау ма бұлар, тәңір-ай, біздің жұрттай, – деген жолдары М.Дулатұлының қазақ қоғамында орын алған жағдайды өлең жолдары арқылы жеткізген құнды дерек көзі болып отыр [10].

Ал келесі ұлт жанашыры Р.Мәрсеков болса, ХХ ғасырдың басында қазақ халқының басындағы ауыр жағдайды сипаттай келе, «Қазақ қайтсе, жерге ие болады» деп патшалық өкіметтің қазақ даласында өзіне тиімді саясат жүргізіп, жер бөлу мәселесінде жергілікті қазақ халқымен санаспай жүзеге асырып жатқанын қатаң сынға алады. Ол «Жер мәселесі» атты мақаласында переселен учаскелерінің құйтырқы әрекеттерін былайша ашық көрсетеді: «Көшпеліліктен отырықшылыққа айналу өте қиын мәселе һәм тіршілік мәселесі. Бұл мәселе әсіресе қазақ даласына ішкі Русиядан мұжықтар ағыла бастағаннан бері қиындады. Переселен управлениесі бар ыждақатын мұжықтар жер кесіп беруге жұмсап, қала болуға сұранған қазақтарға аз ілтипат бөлетін болды. Қазақ арыздарының көбіне 3-4 жылға шейін жауап ала алмай, сенделіп жүргендері аз емес. Қала боламын деген қазақтар арыздарында отырғысы келген жерлерін көрсетеді. Көбінесе олар бұрыннан өздері мекендеп келген жерлерін сұрайды. Алайда, жер кесушілер қазақ жерінің ең қоңдысын мұжықтарға һәм казактарға алады да, қазақтарға ең нашарын қалдырады. Көбіне қазаққа жер кескенде, олардың тілектері тыңдалмайды, сұраған тәуір жерлерін бермей, төрелер өз ұнауынша шетке шығарылған жерлерді ғана береді. Мұндай халді көрген қазақтар соңынан өздерінің мұжық қатарында қала болуға 15-тен жер сұрағанына қатты өкінеді» [11].

Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі тарихты зерттеген зиялы қауым өкілдерінің бірі С.Асфендияров өзінің тарихи зерттеуінде былай келтіреді: «Қазақ даласы Патша өкіметіне бағынған соң, қазақ арасында жер жөніндегі қатынас орасан өзгере бастады. Бұл арада екі мәселені қарастырып кету қажет. Бірі – патша өкіметінің жерді отарлауы, екіншісі – қазақтың өз арасындағы жер мәселесі туралы патша өкіметінің саясаты.

Патша өкіметінің жерді отарлауы қазақ шаруасына орасан зиян тигізіп, қазақ еңбекшілерін күйзелтіп өліп-тірілетін халге жеткізді. Патша өкіметі қазақ жерін, орыстың дүбәрән-помешік (дворян-помещик) табының мүддесі үшін отарлады.

Отарлау саясатын жүргізгенде, өте сорақы түрде әскерлік-феодалдық әдісін қолданды. Қоныс аударушылардың отарлау құрылымы үш дәуірге бөлінеді: әскерлік отарлау, қара шаруаны отарлау және 1905 жылғы төңкерістен кейінгі переселен саясаты [12].

Патша өкіметінің қоныс аудару саясатының негізгі жолдары мыналар:

  1. Ең шұрайлы жерлерді патша өкіметінің көшіп келгендер жұмысын басқаратын шенеуіктердің жолсыз зорлықпен алуы.

2.Қазақ елінің ешбір жағдайымен санаспай, халықтың қолайлы қоныс тәртібін бұзуы.

  1. Қазақ ауылдарын бұрынғы үйреншікті жерінен қуып жіберіп, отырықшылыққа қолайлы жерді, егін суаратын жақсы арықтарды, өсірген бақтарды, тағы басқа осы сияқты елдің еңбегі сіңген ел тіршілігіне керекті орындарды патша өкіметінің қоныстанушыларға күшпен алып беруі.
  2. Қоныстанушылар өз беттерімен келіп, қазақ жерін зорлықпен басып алуға да патша ерік берді [7, 70-72].

Ойымызды түйіндей келе, Алаш зиялыларының ұлттық мүдде тұрғысындағы жан айғайы жайдан-жай туған жоқ, олар қазақтың мыңдаған жылдар бойы жүріп өткенін кеңінен зерделеді. Хандардың, батырлардың, ойшылдардың, ел мен жер тағдыры тұрғысындағы ұстанымын, күресін ескерді, терең білді осының нәтижесінде өз еріктерімен жер тағдырына ара түсті.

Белгілі тарихшы Х.М.Әбжанов ХХ ғасырдың басындағы жағдайға байланысты ойын былай жеткізді: «... Алаш қозғалысының басында тұрған ұлт зиялылары қазақ қоғамына отарлаумен жабысқан біліми, ақпараттық, техникалық зәрулік пен етектен тартқан ішкі қайшылықты тереңінен білгендіктен, үндемей қала алмады. Мемлекеттік билікке сүйенумен оң нәтижеге жету мүмкін еместігін ескеріп, қолда бар қару – айтқан сөз айтылған жерде қалмауы үшін газет-журнал шығаруды жөн санады. …Алаш зиялылары қарақан басының қамын күйттемей, ұлт азаттығын ұлы мақсатқа айналдырды. Алаш зиялылары қазақ қоғамын отарлық езгіден алып шығатын, дамып кеткен елдер қатарына қосатын жолдарды іздегенде, пікір алуандығын жоққа шығармады [8].

«Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы беттерінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты қазақ зиялыларының жер мәселесі туралы көзқарастары патша өкіметін ойландырмай қоймады. Ұлт зиялыларының арасындағы кейбір келіспеушіліктер болғанымен де, алайда олардың барлығын толғандырған ортақ мәселе біреу, қазақ халқының ұлттық мүддесі мен тағдыры.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Абикенова К.Е. «Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми қызметі (1894-1938 жж.)» тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты. Алматы 2007. 19 б.; Абикенова К.Е. «Телжан Шонанұлының және Патшалық Ресейдің қазақ даласындағы жер саясаты» Отан тарихы, 4/2005. 34-40 бб.; О.Мұқатова Патшалық Ресейдің отарлау саясатының әлеуметтік-экономикалық салдарлары., Алматы. Қазақ университеті 2014. 74-78 бб.; Н.А.Тасилова «Қырғыздардың (қазақтардың) жер пайдалану материалдары...» - Қазақстан тарихының дерек көзі (ХІХ ғ.соңы – ХХ ғ. басы) Алматы, Қазақ университеті – 2011, 150 б.; Қ.Атабаев «Деректану» Алматы, Қазақ баспасы 2007, 207-209 бб.; Р.Мәрсеков «Қазақ қайда бара жатыр» Алматы, Елтаным баспасы - 2013, 133-134бб.; С. Асфендияров «Қазақ тарихының очерктері», Алматы. Санат 1994 68-69 бб.
2. Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. Алматы, 1995.8. Х.М. Абжанов ««Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының арасында отырықшылыққа көшу салдары туралы дау-дамай орын алған», Аңыз адам, №3(63) ақпан 2013, 33-34 бб.
3 Қазақ. Алматы, 1998. 14 бет.
4. Қазақ. Алматы, 1998. 86 бет.
5. Смағұлова С.О. Ұлттық интеллигенция және ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы аграрлық мәселе. Автореферат, Алматы, 1999. – 28 бет.
6. «Айқап» – Алматы, 1995. 47 бет.
7. Айқап. – Алматы, 1995. – 96-б, 367-б.
8. Ахмет Байтұрсынов, Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991 – 464 бет.
9. О. Мұқатова Патшалық Ресейдің отарлау саясатының әлеуметтік-экономикалық салдарлары. Алматы. Қазақ университеті 2014. 74-78 бб.
10. Қ. Атабаев «Деректану» Алматы, Қазақ баспасы 2007, 207-209 бб.;
11. Р. Мәрсеков «Қазақ қайда бара жатыр» Алматы, Елтаным баспасы – 2013, 133-134бб.
12. С. Асфендияров «Қазақ тарихының очерктері», Алматы. Санат 1994 68-69 бб.

1352 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз