• Ұлттану
  • 06 Желтоқсан, 2020

ДЕГДАР

Халқымызда «көнекөз», «көнеқұлақ» деген сөздер бар. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» оған: көп жасаған, көпті көрген, арғы-бергіден хабары мол, біраз нәрсенің жөнін білетін қария, көкірегі ояу, сөзі сара қарт деген сипаттағы анықтама берілген. Академик, философия ғылымдарының докторы Досмұхамед Кішібеков міне, осындай жан. 95 жасқа келсе де қимылы ширақ, сөзі сергек ақсақал өзі 50 жылдан астам уақыт еңбек етіп, қызмет атқарған Қ.И.Сәтбаев атындағы техникалық университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Төменде біз ғалымның өмір белестерінің әр кезеңіндегі көңілге түйген ойларын сұхбат ретінде беріп отырмыз.

– Әңгімеміздің әлқиссасын сіздің балалық шағыңызбен тұспа-тұс келген бір жағдайдан бастасақ, аға! Ол бүкіл қазаққа, мұқым ел-жұрт басына түскен ауыр да азапты кезең еді. Аштық, ашаршылық деп аталатын сол нәубетті қазіргі ұрпақ тек кітаптан оқып, мұрағат құжаттарынан ғана білуде. Ал: «Ол зобалаңды көзімен көрген, оған куәгер болған жандар ше? Олар не дейді?» деген сұрақтар туындағанда: «А-а-а, ондай адамдар бар ма қазір? Тірі ме еді?» деген қарсы сауалдар қойылып қалатын да жағдайлар болып қалады арамызда. Сондай кезде 32-жылғы бала, қазіргі егде тартқан өзіңіз сияқты аға ұрпақ өкілдері еске түседі. Сіз сол уақытта 7-дегі жасөспірімсіз. Есіңізде не сақталып, көз алдыңызда не жатталып қалды деп ойлайсыз?

– 1932 жылдың қысы мен 1933 жылдың көктеміндегі бір сұрқай көріністі ұмытқамын жоқ. Біздің Шиелі кентіне қалай келгені белгісіз, пошымы бар демесең, тірі аруаққа ұқсайтын адамдар пайда бола бастады. Жергілікті өкімет орындары оларды жинап, бейне төтенше жағдай кезіндегідей шұғыл ұйымдастырылған шошала, брезент шатыр және киіз үйлерге орналастыруға кірісті. Ұсқыны кеткен, жүруге әл-дәрмені жоқ бұл бейбақтарды белсенділер тәулігіне бір рет сұйық быламықпен тамақтандырды. Мемлекет есебінен берілетін ол көмек түрі атала деп аталатын. Біз оның қалай дайындалатынын көрдік. Қайнаған суы бар қазанға екі-үш тостақ ұн салып араластырған соң, ашқұрсақтарға бір-бір ожаудан құйып беретін. Бірақ нәрсіз тағам олардың көпшілігін құтқара алмады. Аталаны ішкендер де, ішпегендер де о дүниеге аттанып жатты.Жергілікті халық мұнда келушілерге алғашқы кезде қолдағы барымен бөлісіп, көмектескенін білемін. Бірақ кейін ойдан-қырдан ағылған аштар күрт көбейіп кетті. Сол кезде барлығына бірдей жәрдемдесу мүмкін болмай қалды. Сөйтіп ел абдырап, жұт жұрттың бәріне ауыр тие бастады. 1933 жылға қарай ашыққандар Бидайкөлдегі балықтарды талғажау етуге кірісіпті деп естігенбіз. Өкінішке қарай, одан да қайыр болмады. Тұзсыз жей берген шабақ, шортандардың етінен адамдар ісіп-кеуіп кетеді екен. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, аштар Бидайкөлден осылай ажал тауып жатты.

Ол кезде мен өзің айтқандай 7-8 жастағы баламын. Шиелідегі орыс мектебінде әріп танып, жазу-сызуды үйренген оқушымын. Естияр кезім ғой. Бәрін болмаса да кейбір көріністерді әлі ұмытқамын жоқ. Сондағы есімде ерекше қалып қойғаны, біздің кентке келгендердің арасында ашыққандар ғана емес, аурулар да көп болды. Оларға жүріп-тұрудың өзі қиынға соғатын. Егер сондай адамның бірі көшеде құлап қалса, қайтып тұра алмай, сол жерде жан тапсыратын. Ал жергілікті билік өкілдері ондай өліктерді таңертең арбаға салып жинап, ауыл сыртына апаратын да шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көме салатын. Жадымда қалған тағы бір жағдай, ол кездері темір жол стансасы маңайындағы астық қоймасында бидай, күріш, арпа, тары баршылық еді. Бірақ олар көктемгі, күзгі егістік тұқымына деп көздің қарашығындай қорғалатын. Ұрланбасын деген оймен дәрілеп тастап, қамба сыртына «Уланып қалмаңыздар!» деген сипаттағы плакаттарды іліп қоятын. Артық айтып қайтейін, ол жылдардағы  менің  білетінім  осы,  қарағым.

– Сіз туып-өскен жер кезінде депортация мен эвакуация­ның бекеті болған өңір екенін тарихи оқулық­тардан жақсы білеміз. Оған мысал ретінде 1938 жылғы Қиыр Шығыстан жер аударылған корейлер мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Украина және Белоруссиядан көшірілген тұрғындарды айтсақ, соның өзі жеткілікті. Сонда, яғни, тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне тап болған жоғарыдағыдай жандардың қандай ерекше, тосын іс-әрекеттері болды? Олардың өзгеше қимыл-қарекеттері нендей жағдайлар арқылы сіздің есіңізде қалып қойды? Осы сауалдарға өмірлік сипаттағы табиғи бір мысалмен жауап бере аласыз ба?

– Айтайын. Соғыс басталған жылдың алғашқы қысы еді. Соның алдындағы қыркүйек, қазан айларында-ақ біз­дің Бірінші Май атындағы колхозға Украинадан эва­куа­цияланғандар келе бастаған. Олардың барлығы сол кездегі бауырластық пен мейірімділік қағидаттары бойынша қарсы алынып орналастырылды. Содан соң әркім шама-шарқына қарай жұмыс істеуге кірісті. Ашығын айтайын, олардың барлығы күнделікті іске бірден белсене араласып кеткен жоқ. Өйткені, эвакуацияланғандардың көпшілігі мұнда бірінші рет келгендіктен, ауылдағы еңбектің ерекшелігін білмейтін еді.

Бірде кеңседегі бастық арық тазалаумен шұғылданып жатқан колхозшылар бригадасының құрамына қарт кісіні қосып жіберіпті. Әлгі қария жұмысқа жұрт сияқты күрек немесе сүймен емес, скрипкамен келіпті. Ол өзінің өнер адамы екенін, ауыр жұмыс істей алмайтынын, сондықтан осындағыларға жақсы музыкалық шығармалар ойнап беруге дайын екенін айтты.

Оның тыңдаушылары колхозшы қазақтар еді. Олар мұн­дай ұсыныспен бірден келісті. Барлығы жабылып және бір қосымша норманы орындап тастау бригада мүшелері үшін неге тұрады? Түсіністікпен қабылданған өтінішке риза болған қарт скрипканы қолына алып, ойнай жөнелді. Жалаң қолмен, ешбір үзіліссіз тарта берді. Саусақтары суықтан домбыға бастағанда колхозшылар от жағып, оның жылынып алуына көмектесті. Ал қария болса, мұндай қамқорлыққа қатты ыңғайсызданатын сияқты. «Елдің барлығы жұмыс істеуде, ал мен болсам демалып отырмын», – деп ойлай ма, кім білсін, от қасында көп кідірмеді. Домбыққан саусақтары сәл икемге келген соң, дереу скрипкасын қолына алды. Қайран талант, есіл еңбек-ай десеңші! Әлгі қария скрипканы бар ынтасымен шабыттанып ойнауда. Бірақ оның өнері ешкімді онша селт еткізе қоймады. Музыкасы төңіректегі колхозшыларды шабыттандырмады. Мүмкін ол Бетховеннің «Ай сонатасын», Григтің «Солвейгін», Чайковскийдің «Жыл мезгілдерін», Бородиннің «Князь Игорь» шығармасындағы «Далалықтар биін», Римский-Корсаковтың «Шахерезадасын» осындағылар біледі деп ойлап, орындаған шығар. Бірақ, еңбек иелері, қарапайым жұрт ол кезде бұдан хабары жоқ еді.

Қарт адам музыка ойнап тұрып, өз басынан өткендерін ойлады-ау деймін, бір кезде көңілі босап жылады. Көзден аққан жасы сақалына тамшылап, мұз болып қатты, суық желден қалтырады. Оны көрген қазақтар басын шайқап: «Аспапта ойнауыңды тоқтатып, сәл дамылда. Қолыңа күрек алып жылын, әйтпесе құрисың», – деді. Ал скрипкашы еуропалық музыка сазының бұларға әсер етпегеніне, өзімен бірге толғанбағанына, онымен қатар қамықпағанына, рухтанып, жігерленбегеніне таңданды. Қазақтар болса: «Бұл байғұстың есі дұрыс па екен?» – деген сыңайда оған аяушылықпен қарады. Дегенмен де скрипкашының өнері өздеріне ұнайтынын танытатындай түр көрсетуге тырысып бақты. Әрине, олар сол кезде еуропалық классикалық музыканы қабылдауға дайын емес-ті. Төңкерістен кейінгі 24 жыл ішінде жетістіктер көп болды, жұрт сауатын ашты, дүниетаным көкжиегі кеңейді. Сонда да болса… Егер, скрипкашы қария оларға қазақ немесе ортаазиялық халық музыкасынан бір нәрсе тартқан болса, ауылдағылар оны үлкен қызығушылықпен тыңдаған болар еді. Бірақ танымы да, түсінігі де бөлек ол өнер иесі оны қайдан білсін.

Эвакуация кезіндегі осы тосын оқиға ойымнан кетпейді. Қарттың одан кейінгі тағдырынан бейхабармын.

– Сіз жастық шағыңыз Ұлы Отан соғысы жүріп жат­қан кезбен тұспа-тұс келген ұрпақтың өкілісіз. Заман­дас­тарыңыздан майдандағы жағдай туралы сұрай қалсақ, олардың көбі сөз басын блиндаждағы май шам, окоптан алға қарай ұмтылған атака, қарсы жақтағы жаңбырдай жауған оқ туралы айтудан бастап, әңгімесін немістердің шегініп қашқанымен, өздерінің сол шайқаста ерлік көрсетіп, мақтау қағазын алғанымен аяқтайды. Десек те… Соғыста да өмір болды ғой. Адамдар онда да ойланды, толғанды. Арман-қиялға берілген кездері де болды. Майдангерлер естеліктерінде неге осындай жайлар айтылмайды? Сөздің тоқетері, қағыс қалып келе жатқан осы тақырыпты жандандырып, оған өмірлік, нақты мысалмен жауап беруге қалайсыз?

– Жергілікті әскери комиссариаттың шақыруы маған 1943 жылы мектептегі соңғы сыныпта оқып жүрген кезімде келіп жетті. Мені Петропавлдағы авиамеханиктер мектебіне жіберді. Анықтамалар толтырып, медициналық комиссиядан өттім. Өзімді әне-міне ұшқыш болатындай сезініп жүрмін. Бұл әскери мектеп әуе қырандарын емес, бар болғаны авиамеханиктер даярлайтынын қайдан білейін. Бірақ уақыт өте келе комиссия бізді Петропавлдағы авиамеханиктер мектебіне де, одан соң Ташкенттегі әскери училищеге де қабылдамады. Барлығымызды Самарқандтағы 368-запастағы атқыштар полкіне жіберді.

Мұнда келгеннен кейін, бізді әскери бөлімшенің өкілі қарсы алып, тиісті жерге алып кетуге тиіс еді. Барлық тобымызбен вокзал алдындағы алаңда командирді күтіп тұрдық. Мен шеткеріректе едім. Бір цыган әйелі келіп: «Қолыңды бер, бал ашайын», деді. Таңданып тұрып, үнсіз келістім. Ол: «Әскерде боласың, майданға бармайсың, профессор боласың», деді. Мен бұған мән бермей, балгердің айтқандарын сол сәтте-ақ ұмыттым. Әлгі әйелге қағаз ақша ұсынып: «Қасымда досым бар. Мен сияқты ол да өте жақсы оқыды. Оған да бал ашып беріңізші?» дедім. Жанымдағы мектептен бірге келе жатқан досым Мәлібеков Тұрсынбекке цыган әйел дәл маған айтқанын қайталағандай болып: «Әскерде боласың. Майданға барасың. Офицер боласың», –  деді. Менің: «Профессор болмай ма?» – деген сұрағыма: «Не біліп тұрмын, соны айттым», – деп жауап берді. Жоғарыдағы сөздерді естіп тұрған Шахизат Жорабеков бізден қалмайын деді ме, көріпкелге алақанын үн-түнсіз, байқауымша амалсыз жайғандай болды. Цыган әйелі оған былай деді: «Әскерде боласың, үйіңе қайтпайсың».

Мұнан кейін бал аштыруға ешкімнің батылы бармады. Көріпкелдің келгені қандай жылдам болса, кетуі де сондай тез, көзден ғайып болды. Ал біз үшеуміз еріксіз ойға шомдық. Өмір жолымыз цыган әйелдің айтқанындай шығып жатса қалай болмақ…

Көп ұзамай біздің 368-полкке Ташкенттегі училищеден комиссия келді. Бірнеше солдатты, соның ішінде Шахизатты да іріктеп алды. Бес айдан кейін оларды майданға аттандырды. Содан досымыз кезекті бір шабуылда оққа ұшып, қайтыс болып кетті. Ал Тұрсынбек Мәлібековті комиссия соғыс жылдарында Харьковтен Самарқандқа эвакуацияланған танк училищесіне оқуға ұсынды. Сол жерде ол офицер болды. Оның шынында да майданға жолы түспеді, соғыс аяқталған соң, үйіне қайтты. Мәскеудегі жоғары сауда мектебінде білім алып, кейін Үкімет төрағасының орынбасары болған Сұлтан Жиенбаевпен бірге осы саламен айналыс­ты. Мен… Иә, мен кезекті сынақтан соң авиация мектебіне қабылдандым-ау! Өте жақсы оқып, ұшақты да шырқ үйіріп меңгеріп, енді майданға аттанамын деп жүргенде, 1945 жылы 9 мамырда соғыстың аяқталғанын радиодан естідім. Елге қайтып, Қызылордадағы пединституттан бір-ақ шықтым. Көріпкелдің айтқаны расқа айналды. Майданға бармадым. Ғылымға бет бұрып, профессор атандым.

– Ол оқиға қалай болды? Яғни, ғылым жолына түсуіңізге кімдер ықпал етіп, қамқорлық көрсетті?

– 1949 жыл. Қызылорда. Институтта оқытушы болып жұмыс істеймін. Каникул кезінде республикалық газеттен Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасына оқуға түсуге жарияланған конкурс туралы хабарды көзім шалып қалды. Онда «Диалектикалық және тарихи материализм» мамандығы бойынша бір орын бар екен. Үш пәннен сол жылғы тамыз айында емтихан болуға тиіс.

Әрекет жасап көру керек деп шештім. Каникул кезі болғандықтан, ешкімге еш нәрсе айтпай, Алматыға аттанып, Ғылым академиясының аспирантурасына құжаттарымды тапсырдым. «Түсіп кетсем жақсы, ал түсе алмай қалсам, еш нәрсе жоғалтпаймын», деп ойладым.

Аспирантурадағы бір орынға үш өтініштен келген екен. Менімен бәсекеге түскендердің екеуі де Алматыда жоғары оқу орындарын бітіріп, осында жұмыс істейтіндер, бірақ менен айырмашылығы – олар оқытушылар емес. Үшеуміз де емтиханды ойдағыдай тапсырдық. Олар екі пәннен «жақсы», шетел тілінен «қанағаттанарлық» баға алды. Соңғы сабақтан менің де білімім шамалы болғандықтан, «қанағаттанарлықты» қанағат тұттым. СОКП тарихынан «жақсы» деген баға алсам, философиядан «өте жақсы» болып шықтым. Бір балл артықшылықпен жеңіске жетіп, тамыздың аяғында үйге, Қызылордаға қайттым.

1949 жылдың қыркүйегінде біздің институтта оқу бас­талды. Сол кезде кенеттен мен Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының президенті Қ.Сәтбаевтың қолы қойылған хат алдым. Онда аспирантураға қабылданғаным, оқудың 1 қа­занда басталатыны туралы айтылыпты. Өзім сабақ беретін институтта мұны ешкім күтпегендіктен, ректорат абыр-сабыр болды да қалды. Өйткені, ол кезде мамандардың өте тапшы кезі еді. Мені бұл тығырықтан ҚазМУ-ден келген жас маман құтқарды.

Алматыға дер кезінде келдім. Ғылым академиясының жатақха­насына орналастым. Шет тілінен берілетін сабақ­қа қатысып жүрдім. Профессорлар бізге өзіміздің негізгі пәнімізден де лекциялар оқыды. Мен академиялық кітапха­наның оқу залының тұрақты оқырманы болдым. Осылайша күз, қыс, көктем айлары өте шықты. Барлық емтихандарды ойдағыдай тапсырдым.

Мұнан кейін мені академик Қаныш Сәтбаев өзіне шақырып, былай деді: «Академия еліміз мұқтаж болып отырған мамандықтарға бірнеше аспиранттар қабылдады, бірақ бізде оларды даярлайтын кадрлар жоқ. Сондықтан, оқуды жалғастыру үшін сізді Мәскеудің тиісті институтына жібереміз деп шештік. Бұл жөнінде КСРО Ғылым академиясымен уағдаластық бар». Мен: «Оқуды осында жалғастырсам қайтеді? Отбасым Қызылордада еді»,  – дедім. Қаныш Имантайұлы диссертацияны мұнда жазған күннің өзінде оны талқылап, қорғауға қабылдау керек. Бірақ республикада ол үшін ғылыми кеңес те, мамандар да жоқ екенін, бәрібір Мәскеуге бір емес, бірнеше рет баруға тура келетінін, сондықтан қазір аттанып, бүкіл жұмысты сонда аяқтағанның жөн болатынын мұқият түсіндірді. Мұнан кейін мен мынадай дәлелге жүгіндім. «Онда барған аспиранттарға жатақхананы қаланың сыртынан беретін көрінеді. Электричкамен жүруге тура келеді. Бұған қыруар уақыт, көп ақша кетеді ғой». Бұл уәжіме Қанекең былай деп жауап берді: «Алаңдама, ол жөнінде Сергей Ивановичпен өзім сөйлесемін. Мәскеуге дейінгі жол төленетін болады». Менде енді мұндай ұсыныспен келісіп қана қоймай, Ғылым академиясы президентінің әкелік қамқорлығын алғыспен қабылдаудан басқа ештеңе де қалмаған еді.

…Міне мен Мәскеудемін. Қазан вокзалынан метроға отырып, Ленин даңғылындағы 15-үйден бір-ақ шықтым. Онда КСРО Ғылым академиясының Төралқасы орналасқан еді. Ғылыми кадрлар даярлайтын ғимаратқа бас сұқтым. Осындағы аспирантура бөлімінде құжаттарымды қарап болған адам: «Якорь» қонақ үйіне жолдама береміз», – деді. Мен шошып кетіп: «Неге қонақ үй? Жатақханадан орын беріңіз», – дедім. Маған: «Олай істей алмаймыз, бұл Сергей Ивановичтің ұйғарымы», – деп жауап берді. Мен сыпайылықтың бәрін ысырып қойып: «Сергей Иванович деген кім?» – деп сұрадым. «Бұл қалай? Ол өзіңізге қамқорлық жасайды, ал сіз оны білмейсіз. Сұрап отырғаныңыз КСРО Ғылым академиясының президенті, академик Сергей Иванович Вавилов қой!» – деді бөлімдегілер таңданысын жасырмай. Мен тілімді тістедім.

…Сонымен, мен ғажайып, ұлы адамдар – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев пен Сергей Иванович Вавиловтың арқасында КСРО Ғылым академиясының есебінен Мәскеудің қақ ортасындағы қонақ үйде екі жарым жыл тұрдым. Кейін осы және одан да басқа ізгі жүректі асыл ағаларымыздың арқасында кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап, елге оралдым.

 – Кейде адамның өзі мүлде күтпеген түсініксіз бір жағдайлар болады. Артынан, яғни, уақыт өте келе оның бәрі қалыпты жағдай секілді көрінетіні тағы бар. Сіздің өмір жолыңызда сондай оқиғалар кездесті ме?

– Иә. 1953 жылы Мәскеуден оралғаннан кейінгі алғашқы айларда бізде, академияға жаңадан қосылған ғылым кандидаттарында біраз бос уақыт болды. Ғылыми-зерттеу жоспарын жасауға әлі қосылып үлгермеген кезіміз. Сол уақыттағы тәртіп бойынша әр жұмыс күні сағат 9:00-де келу және 18:00-де қайту ретінде журналға жазылуы қажет. Біз келіп жазыламыз да кітапханаға кірмей тұрып, бір жарым сағаттай саябақта жүріп қайтамыз. Содан кейін жұмысқа кірісеміз. Біз ол кезде бесеу едік: А.Еренов, С.Байсалов, Ғ.Уәлиханов, К.Бейсембиев және мен.

Бір күні ойламаған жерден қатарымызға бейтаныс жігіт қосылды. Соны байқаған К.Бейсембиев бірден: «Сен кімсің, қайдан келдің?», – деп оны сұрақтың астына алды. Ал ол болса еш саспастан: «Тілендиевпін. Атым – Нұрғиса. Өздеріңіз сияқты мен де Мәскеудегі оқуды бітіріп оралдым. Абай атындағы Опера және балет театрына жұмысқа орналастым. Алматыдағы №12 мектеп-интернатта бірге оқыған мына сыныптасыма әдейілеп келдім», – деп маған қарап күлімсіреді. Аң-таң болған жолдастарым маған қарай бұрылды. Мен: «Біреуге ұқсатып, қателесіп тұрған шығар», – дедім әріптестеріме. Ештеңеге түсінбеген К.Бейсембиев: «Жарайды, ендеше! Мен басқа біреу ме деп ойлап қалып едім. Бізбен бірге жүре бер», – деп қолын бір сілтеді.

Ол кезде қуғын-сүргін жылдарының салдары санадан кете қоймаған уақыт еді. Көпшілік бейтаныс жандардан қауіптенетін. Алайда, бұл түсінбестік одан әрі өрбіген жоқ. Қайта Нұрғиса Тілендиев біздің сенімді серігімізге айналды. Қызығы сол, ол мені өмір бойы өзінің мектеп кезіндегі досы санап өтті. Онысын «Отырар сазы» оркестрімен концерт беруге келгенде біздің бұрынғы политехникалық институттың, кейінгі Қ.И.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университеттің басшылығына да бірнеше рет дәлелдемек болды. Мен оны райынан қайтара алмадым. Мүмкін оның бала кезде маған ұқсас жақсы досы болған шығар. Менің мектепті Алматыда емес, Шиеліде оқығанымды білетін жандар бұл туралы естіп, күлетін және ұлы композиторға ризашылықтарын білдіретін. Ал өз басым Нұрғисадай ғажайып өнер иесінің өзіме деген осындай ерекше ілтипатын мақтан тұтатынмын.

– Жұрт аузында осы күнге дейін: «1954 жылғы П.К.По­номаренко айтқан сөз ғажап еді. Республика зия­лыларының алдында жасалған сол баяндаманы қазір тауып алып, газетке жарияласа ғой шіркін!» – деген пікірлер ара-тұра айтылып қалады. Тың игеру бас­талғанда Қазақстанға бірінші басшы болып келген ол кісінің аталмыш сөзін біз көптен бері мұрағаттардан жалықпай іздеумен келеміз. Бірақ, өкінішке қарай, баяндама баспасөз беттерінде жарияланбаған, мәтіні еш жерде сақталмаған. «Оның басты себебі, Пантелеймон Кондратьевич ел алдында қағазға қарамай, ауызша сөйлеп еді және ол басқосу Орталық Комитеттің пленум, бюро сияқты ресми жұмыс шарасы емес, ұлт зиялыларымен кездесудегі ашық әңгіме болатын. Мүмкін содан да тасқа басылып, таспаға түспеген шығар», – дейді зерттеуші ғалымдар. Айтыңызшы, сіз бұл жөнінде не білесіз? Оған қатыстыңыз ба? Егер сол жиынға куәгер болсаңыз, онда қандай әңгімелер қозғалған еді?

– 1954 жылы жазда Алматыдағы Опера және балет теа­трын­­да интеллигенттер жиыны өткізілетін болды деп ес­тідік. Мен ол кезде академиядағы Тарих, археология және этнография институтының философия секторын­да жұмыс істейтінмін. Ондағы партия ұйымының хатшысы Ақай Нүсіп­беков те, ал мен оның орынбасары болатынмын. Сон­дықтан, республика Ғылым академиясының коммунис­тері есепте тұратын Фрунзе ауданында өткізілетін түрлі жиын­дарға көбіне мен баратынмын. Бұл жолы да солай болды.

Театрға келсем, зал қатысушыларға лық толыпты. Ине шаншар бос орын жоқ. Партердің орталау жерінен бір орын тауып алып отырдым. Жиналыс басталды. Сөз П.К.Пономаренкоға берілді. Ол орта бойлы, қасқа бас, сырт пішіні орнықты, бет-әлпеті дана адамға ұқсас, жүріс-тұрысы нық, әр сөзін асықпай шегелеп айтатын кісі екен.

Пантелеймон Кондратьевич сөзін ә дегеннен-ақ Қазақстан тек кен көздеріне мол, келешегі зор республика ғана емес, сонымен қатар мәдениеті жоғары, білімді де білікті кадрларға жеткілікті ел екенін атап айтты. Бірақ осы ғажап адами ресурсты пайдалануда, жұмысты дұрыс ұйымдастыруда билік басындағылардың өресі жетпегенін еске салды. Мәселен атағы әлемге жайылған тұлғалар: академик-геолог Қ.Сәтбаев пен жазушы-ғалым М.Әуезовті республика басшылығы бағалай білмей, қыспақ көрсетіп, тентіретіп жібергенін не деуге болады деді. Біз енді ол дарындарды қайтадан Алматыға шақырдық. Олар қазір өз жұмыстарын атқаруда. Шешен осылай дей келіп, Ә.Қанапиннің есімін атады. Ол СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп келген соң, жергілікті билік бұл кісіні жұмыссыз қалдырыпты. Аталып отырған адам Мәскеудегі академияға барғанша Алматы облыстық партия комитетінде бірінші хатшы болған. Сонда оның жазығы не? Ол жағы белгісіз. Біз оны да жұмысқа шақырдық, деп көп мысалдардың бірі етіп айтып өтті. Еске сала кетейік, П.К.Пономаренконың сол сөзінен кейін Ә.Қанапин Мәдениет министрі болып, біраз жақсы жұмыстар атқарды.

Бірінші хатшының аса ілтипатпен атағандарының ішін­де ғалым Төлеген Тәжібаев та болды. Ол, деді Пантелеймон Кондратьевич, өзінің іскерлігі, білімділігімен КСРО Сыртқы істер министрі В.М.Молотовпен бірге АҚШ-қа барып, Нью-Йоркте біраз уақыт жұмыс істеді. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамблеясына құжаттар дайындауға қатысып, керемет қабілеттілігін көрсетті. Құрметке ие болып, қазақ халқының мақтан тұтар ұлдарының біріне айналды. Республика басшысы сондай-ақ сөз арасында ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылға да тоқтай келіп, оның ғажап, суырып салма ақын болғанын айтты. Сөйтті де бұл кісінің басқа өлеңдерін былай қойғанда, «Ленинградтық өрендерім» туындысын немен салыстыруға болады, жауға жасалған жойқын соққылардың бірі осы болған жоқ па деді. Біз Қазақстанға жұмысқа келгеннен кейін басшы маған да, екінші хатшы Л.И.Брежневке де сұранып қабылдауға келгендер болды. Солардың ішінде кейбіреулері Жамбыл ақын емес, жай сауатсыз, қарадүрсін адам. Оның атынан өлең шығарған оның Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев секілді хатшылары деген сөздерді айтты. Осылай деген жолдастардың аттарын атамай-ақ қояйын, бірақ біз олардың солақай пікірлеріне қосылмайтындығымызды білдірдік. Өйткені, қазір арамызда Жамбыл жоқ, бірақ әлгі ақындар бар. Олар да, даукестер де осы залда отыр. Егер, Жамбылдың атынан өлең жазған әдеби хатшылар, ақындар болса, неге олар Жамбылдың шығармаларындай дүниелер туғызбайды. Көзім жетеді, туғыза алмайды. Әрине, қарт жыраудың өлеңдерін әлгі ақындар қағазға түсірді, оны Павел Кузнецов, Марк Тарловский орыс тіліне аударды. Жамбыл өлеңдерінің кейбір жерлерін олар өңдеген де шығар, бірақ, мәселе онда емес. Мәселе қарт ақын туындыларының терең мәнінде. Ұлы жырау шығармалары ғажап рухани байлық, ғасырлық ойларды толғайтын құнды сөздер. Олай болса, мәселе тек ұйқастық формада емес. Басқада. Жамбыл өлеңдері гранит, ал әлгі ақындар сол гранитті қашап, жылтыратты, көпке жеткізді деді. Сөйтті де әр халық өз асылын бағалай білуі керек екенін еске салды.

Пантелеймон Кондратьевич бұдан кейін, тың игеруге байланысты ауыл шаруашылық мамандары, әсіресе, ылғалы аз жерлерде егін егудің мәнісін білетін білікті кадр­лар көп болуы керек деді. Сөйтті де ауыл шаруашылығы институтының рөліне тоқтап, оның ректоры Ә.Жұматов осы залда отыр дей бергенде қызық оқиға болды. Ол кісі біздің қатардан орын алған-тын. Театр іші қапырық тартып ысып кеткендіктен Әубәкір аға қалғып отыр еді. Аты аталғанда шошып оянып, орнынан қарғып тұрғаны. Бұған отырғандар ду ете түсіп, күлкіге батты да қалды.

Сөз соңында П.К.Пономаренконың айтқаны: Қазақстан Жазушыларының бірінші съезі 1934, екіншісі 1939 жылы өткен екен. Содан бері 15 жылдай уақыт болыпты. Біз жазушылардың үшінші съезін өткізуге келістік. Бірақ оған одақтағы басқа да республикалардан белгілі қаламгерлерді шақыру керек. Олар келіп республикамен таныссын, атқарылып жатқан істерді көзімен көрсін. Ел Қазақстанды М.Әуезов романы арқылы ғана біледі. Ол халықтың бұрынғы өмірі, енді сол ұлттың бүгінгісін өз елдеріне жеткізсін деп ұйғардық деді. Кейін Қазақстан Жазушыларының сол үшінші съезіне Михаил Шолохов, Леонид Соболев, Мұстай Кәрім, Берді Кербабаев шақырылды-ау деймін. Әйтеуір ол өте үлкен, келелі жиын болып өткені есімізде.

П.К.Пономаренко Қазақстанда бір жылдай ғана қызмет атқарды. Ел-жұртқа сөзімен де, ісімен де жақсы әсер қалдырды. Ойлап қарасам, содан бері 60 жылдан аса уақыт өтіпті. Ескертіп айта кетейін, мен күнделік жүргізген адам емеспін. Сондықтан, ойымда не қалды, соны ғана айтып отырмын. Кейбір пікірлерді ұмытқан да шығармын. Бірақ сол жиында айтылған әңгімелердің ұзын-ырғасы жалпы алғанда осындай. Біле білсек, бұл да өткен өміріміз ғой. Оларды да еске алған, елдің есіне салған жөн.

– Ғылымда көп нәрсе кездейсоқ пайда болып, жаңалық­тар мүлде күтпеген жерден ашылады деп жата­мыз. Ал соларға қозғау салатындай, ықпал ететіндей жайт­тар қаншама. Ендігі әңгімемізді осы тақырыпқа бұрып, оған өзіңіз куә болған оқиғалар арқылы жауап берсеңіз дейміз.

– 60-жылдардың бас кезінде Түрікменстанда Бүкіл­одақтық ғылыми конференция өтетін болды. Оған Қазақ­станнан бірнеше ғалымдар шақырылдық. «Ашхабад» қонақ үйінде орналасқаннан кейін жақын маңдағы саябаққа серуендеуге шықтық. Мен Сағындық Кенжебаевпен және Әмір Қанапинмен бірге келе жаттым. Алдымызда Ақай Нүсіпбеков, Серікбай Бейсембаев, Әбді Тұрсынбаев сияқты ағаларымыз бара жатты. Әңгіме барысында Тұрар Рысқұлов туралы сөз болды. Мен бұл тұлғаның Моңғолия астанасының бұрынғы Урга деген атауының орнына Улан-Батор деп жаңаша ат бергенін айттым. Мұны құлағы шалып қалған Серікбай Бейсембаев ақсақал біз жаққа шұғыл бұрылып: «Солай ма?» деді. Мен: «Иә» деп жауап бердім. Осымен әңгімеміз біткен болатын.

Конференция өз жұмысын аяқтады. Бәріміз Алматыға оралдық. Бір күні Серікбай Бейсенбайұлы өзі директор болып қызмет істейтін Партия тарихы институтынан қоңырау шалды. Шаруасы Урга қаласын қайта атауға Т.Рысқұловтың қатысы туралы әнеугүнгі өзім айтқан әңгімені нақтылау екен. Ағамызға мен 1951 жылы Мәскеудегі аспирантурада оқыған жылдары В.И.Ленин атындағы кітапханада сабаққа дайындалып жүріп, Т.Рысқұловтың бір газетке берген сұхбатын оқығанымды айттым. Онда оның 20-жылдары Коминтерннің өкілі болып Моңғолияда қызмет атқарған кезінде сол елдің жаңа астанасын қайта атау туралы мәселе қойылған съезге қатысқанын сөз еттім. Сонда оған байланыс­ты әртүрлі нұсқалардың қарастырылып, олардың бәрінің қолдау таппағанын, ақырында Т.Рысқұловтың қалаға өзіміздің Қызылордаға ұқсас ат беруді ұсынғанын, сөйтіп жаңа астананың Улан-Батор (Қызыл Батыр) деген әдемі атауға ие болғанын оқығанымды баяндадым. Сұхбатта Т.Рысқұлов өзінің бұл ойының жұрттың бәріне бірден ұнағанын, оны халық Хуралында қабылдайық деп шешкенін әңгімелейді дедім.

«Өзің айтып отырған мақала қай газетте, қашан жарияланған?» деп сұрады Серікбай Бейсембаев. Мен қай күн, қай ай екені есімде жоқ екенін, ол кезде халық жауларының есімі қауіпті болғандықтан дәптеріме жазып алмағанымды, ал газеттің 1927 жылғы «Вечерняя Москва» екенін айттым. Осыдан кейін біраз уақыттан соң Серікбай Бейсембайұлының Моңғолияға барғанын естіп-білдім. Онда Улан-Батордағы ғалымдар менің ақпаратымды растапты. Тіпті олар онда қаланың атын қайта атау және Урга деген ескі атты ауыстыруға байланысты Т.Рысқұловтың сөйлеген сөзі жазылған съездің стенограммасын да көрсетіпті. Ғылымда кейде міне, осындай сәттер де болады. Мен әріптес ағамызға жай ғана есте ұстағанымды айтып бердім, ал ол ғылыми қорытындыға ұласты.

– Белсенді өмірлік бағдар. Азаматтық биік ұстаным. Қоғамға, өмірге деген сергек те сындарлы көзқарас. Жаңаша ойлау машығындағы патриотизм. Айтыңызшы, өзіңіздің ұзақ ғұмырыңызда осы құнды қасиеттер сіздің және сіздің замандастарыңыздың бойынан қай кезде, қандай жағдайда ерекше көрініс берді деп ойлайсыз?

– 1986 жылдың 19 желтоқсанындағы оқиға есімнен кетпейді. Сол күні бұрынғы Қазақ политехникалық институты, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетіне СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы М.Соломенцев пен республиканың жаңа басшылығына сайланған Г.Колбин келді. Мақсаттары – Орталық алаңға жақын орналасқан біздің жоғары оқу орындарындағы студенттердің толқуға мол қатысқанын айыптау. Кремль эмиссарынан кейін сөз алған институт ректоры Б.Рақышевтен соң оқытушылар маған қарады. Мен осы кездесу қарсаңында, яғни, 18 желтоқсандағы Орталық Комитет мәжілісінде Алматыдағы оқиғаларға байланысты «қазақ ұлтшылдығы» деп берілген бағаға келіспейтінімді білдірдім. Бұл бүкіл қазақ халқын аты-жөні жоқ айыптау дедім. Сол арада М.Соломенцев сөзімді бөліп жіберіп: «Алаңда болған оқиғаға сонда қандай баға бересіз?» деді. Оған былай деп жауап бердім: «Болған жайтқа ұшқары, асығыс тұжырым жасауға болмайды. Оны жан-жақты және объективті түрде зерттеу керек». Сөз ретіне қарай айта кетейін, өзімнің бұл ойымды кейін баспасөз бетінде жарияладым да. Осыдан соң көп ұзамай қаладағы зиялы қауымның Г.Колбинмен Қазақстан Жазушылар одағында өткен кездесуінде атақты ақын, менің майдангер замандасым Жұбан Молдағалиев өз халқына жасалған қиянатты ашына айтып, бұл мәселедегі азаматтық ұстанымын: «Мен қазақпын, өз халқымды мақтан етемін. Маған оның қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат. 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп, сабаған жағдайды естіп білгенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім. Мұны көргенше кешегі өзім қатысқан Ұлы Отан соғысындағы шайқастарда неге оққа ұшып, өліп кетпедім екен деп ойладым», деген сесті сөздермен білдірді. Жұбан Молдағалиев осылай десе, жасы бізбен тұстас отандасымыз, сол кездегі республикалық «Ленин кичи» газетінің бас редакторы Иннокентий Хан: «Желтоқсан оқиғасына біржақты қарауға, асығыс баға беруге болмайды. Өйткені, ұлт мәселесі, ұлтаралық қарым-қатынас өте шетін нәрсе. Бұл тақырып БК(б)П-ның ХІІ съезінен кейін қайтып қаралмай, көп жағдай қордаланып қалғанын ескеруіміз керек. Сіздер айыптап жатқан рес­публикамыздың тұрғылықты ұлтына келсем, өз басым қазақ халқына кінә қоя алмаймын. Осы жерде өстім. Осы жерде оқыдым. Өздеріңіз білесіздер, осы жерде жұмыс істеп келемін. Бұл елден жамандық көргенім жоқ», – деді ағынан жарылып. Ол кездері осындай тағдыршешті пікірлерді академик Салық Зиманов пен көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің де тайсалмай айтқаны бар. Менің және менің замандастарымның азаматтық ұстанымы, олардың белсенді өмірлік бағдары дегенде ойыма міне, ел-жұртқа сын болған кезеңде сыр бермеген осындай асыл қасиеттері оралады.

…Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан кейін жарты жыл өткенде СОКП Орталық Комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысының шығуына байланысты мені өзіміздің Орталық Комитетке шақырды. Ол құжатта «қазақ ұлтшылдығы» баса айтылған еді. Бөлім меңгерушісі А.Устинов желтоқсан оқиғасына байланысты Мәскеуден үлкен өкілеттіктері бар комиссия келе жатқанын жеткізе келіп: «Мүмкін, өз пікіріңізден ресми түрде бас тартарсыз?» деді. Мен: «1986 жылдың 19 желтоқсанындағы айтқан сөзім эмоцияға берілген уақытша көңіл-күйдің немесе қандай да бір ширығудың салдары емес, өзімнің терең сенімім», екенін баяндадым. Бөлім меңгерушісі өзінің ақыл-кеңесін менің ой елегімнен және бір өткізуімді ескертті. Сөйтіп, ол кісімен тіл табыса алмай тарқастық.

СОКП Орталық Комитетінің 1989 жылғы қыркүйектегі пленумында республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты бүкіл қазақ халқын кінәлаудың қате екендігін айта келіп, жөнсіз айыптаудың алынып тасталуына, сөйтіп, әлгі қате қаулының жойылуына қол жеткізді. Ал Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі айтқан үлкен комиссия сол күйі қарасын көрсеткен жоқ.

Келесі жылы Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Бұл – үлкен қуаныш, мерейлі мереке.

– Иә. Азаттығын аңсамайтын адам, еркіндігін көксемейтін ел болушы ма еді?! Ақжарылқап бұл күнге біз сағынып жеттік қой. Басымызға қонған бағымызды енді ұзағынан сүйіндірсін дейік. Тәңірге тәубе, егемендігіміздің елең-алаң шағынан бастап, тәуелсіздіктің тура жолына түскелі бергі ширек ғасыр уақыт ішіндегі өмірімізге ризамыз. Елімізде тыныштық болды. Ауызбірлігі мықты жұрт атандық. Жастарымыз дүниежүзінің ең мықты жоғары оқу орындарында білім алуда. Бейбіт саясат, қонақжай көңіл, жомарт мінезіміз арқылы Қазақстанды дүйім дүние танып отыр. Тәуелсіздіктің тойы қарсаңындағы қарт адамның шын лебізі, риясыз ниеті осы деп біліңдер, қарақтарым!

 Сұхбатты жүргізген

Жанболат Аупбаев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты

Нұр-Сұлтан

 

1796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз