• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2020

ДАНАЛЫҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ

Серікқали ХАСАН,
жазушы, журналист, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі,
«Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Қаймана қазақ баласы, қазақ ортасы, тұтастай қазақ қоғамы өз рухани мәдениетінде Абайдай алыппен тұңғыш рет қауышып, әр тақырыпта ой толғасып, тереңнен сыр шертісіп, өзі де тұтасқан бір іргелі ұлт, тұтастай бір алып тұлғаға айналып кеткелі бері қай заман?! Бұл уақыт деген құдірет неткен ұшқыр да, зымыран еді десейші?!

Абайды танып, ұлы ақынмен әр жолы да қуаныса қауышып, дана тұлғаның өршіл рухтағы идеяларымен рухтанғалы бері, қазақ халқы, қазақ қоғамы Абайдың өз уағында даналықпен айтылған ойларын өмірде жүзеге асырып, арман-тілектерін дәл оның өзі арман еткендегідей дәрежеде орындауға талпынбаған, содан бері осы бағытта белгілі бір кезеңдерде үлкен жеңістерге жетіп, әрі қарай тағы өрге қарай биіктемеген кезі болды ма екен?! Бұл тұрғыда қашан да ауыз толтырып айтар әңгімеміз тіптен-ақ жетіп жатыр емес пе?! Ал, шындап келгенде, ұлы Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясынан кейінгі өз елімізде өмірге келген және ақын, дана Абайға қатысты ең бір үздік шығармашылық туындысы мүсіндеу өнерінің майталман шебері, Қазақстанның Халық суретшісі, Қазақстан республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Хакімжан Наурызбаевтың қолымен мүсінделген Алматыдағы Абай даңғылы мен Достық көшелерінің қиылысқан тұсындағы атақты ескерткіш-мүсін емес пе?! Қалай десек те, атақты ескерткіш-мүсіннің авторы Хакімжан аға өзінің алдындағы алыптардың бірі Мұхтар Омарханұлы сынды, Абай атамыз өмірге келіп, өзінің бар өмірін, небір шығармашылық шабытқа толы жылдарын өткізген қарт Шыңғыстаудың баурайында өмірге келмегенмен, ол да өзінің сонау бала кезінен-ақ ұлы Абайдың өнегелі өмірі мен бай шығармаларына, сондағы даналық ой қайнарларына үлкен бір қызығушылықпен қарап, өзінің де Абай рухына шын берілгендігі соншалық, өмірде өзі ұлы ақынды тіптен көрмесе де, кешегі күндері ауылдағы мектеп қабырғасында жүрген бозбала шағында-ақ бейнебір өзін бұл өмірде ақын Абаймен талай мәрте бірге жүріп, бір ауылда онымен қатар өскендей, дана тұлғаның өзіне тән мінезін, оның «елім, жұртым» дегендегі елжіреген жүрегін де көріп, талайғы талантты жырларының ең алғаш шыр етіп өмірге келгендігіне дейін куә болғандай-ақ сезініп өсіпті. Болашақ даңқты мүсіншінің жас кезіндегі осы бір еліктеушілік, әлде Абайға деген зор сүйіспеншілігі, оның шығармалары мен даналығына үнемі таң қалумен болғандығының өзі де Хакімжан аға өмір сүрген, оның «Болмасаң да, ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп, ұлы Абайдың өзі айтқандай, арман құшағына берілген жалынды жастық шағында, не одан көп бұрынғы және бертінгі кезеңдегі барша қазақ еліндегі өз заманынан озық туып, барша қазақтың көгіне өрмелеп шығып, күн болған ақын, дана тұлғаға шексіз құрметті де байқатқандай-ақ қой! Сол Хакімжан ағамыз бертінде Алматыдағы Абай ескерткіш-мүсінінің қалайша өмірге келгендігі және оның өз уағында бір Алматы ғана емес, бүтіндей еліміз үшін де мәні зор оқиға болғандығына дейін үлкен бір сағынышпен еске алыпты. Қызық емес пе, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын, осының бәрін атақты мүсіншінің өзі де зор сағынышпен еске ала отырып: «Мені дәл осы Алматыда ұлы Абайдың алып ескерткішін мүсіндеуге алып келген ақиқат та балалық, жастық шақтан бергі Абайға, оның шексіз өнегеге толы өмірі мен бай шығармашылығына деген құштарлығым еді», – дегенді де ашып айтыпты. Бұл да бүгінгі заман, бүгінгі Абай атамызға деген шексіз сүйіспеншілік пен құрметтерін алға тартып отырған жас ұрпақ үшін бір қызық жәйт, шежерелі сыр емес пе?! 1954 жыл еді дейді. Абай атамыздың өмірден озғандығына арада елу жылдай уақыт өтіпті. Аз да уақыт емес қой! Ал, кезінде ақын атамыз өмірден қыршын кеткенде де, қарт Шыңғыстаудың баурайында оның өмірі мен шығармашылығына байланысты, талайғы игі іс-шаралар бұған дейін де ауық-ауық өткізіліп келмеді ме?! Абайтану бағыты осы кезде де қазу өрісін тауып жаттты ғой! Соның бірі бертінде тұтастай еліміздегі Абайтану ілімі, Абайды жан-жақты танып-біліп, ілім-білімін барынша бойға сіңіру жолындағы ұлы жорық үстінде Мұхтар Омарханұлының талай ондаған жылдар бойына толғатып, өмірге әкелген «Абай жолындай» ұлы роман-эпопеясына да ұласпады ма?! Енді реті келгенде, ел зиялылары, ел бақарған қайраткер ағаларымыз өз ғажайып поэтикалық туындылары және даналық ойларымен туған халқымен біте қайнасып, қазақ рухымен бірге ғұмыр кешіп жатқан алып Абайдың сол тұстағы ел астанасы Алматыдағы бір көрнекті жерге ескерткішін тұрғызудың қамына кірісіп, бұрынғы Одақ көлемінде бір үлкен шығармашылық байқау жариялапты.

Хакімжан аға бұл кезде өзінің әлдебір шығармашылық жұмыстарымен сонау шалғайдағы Өскемен жақта, сондағы өр Алтайдың шың-құздарының етегіндегі ғажайып көрік-келбетімен көз тартып тұрған өңірлерді аралап, алдағы жаңа бір тың туындыларының қам-қарекеттерімен жүрген болатын. Байқау жарияланғалы бері де арада бірнеше күндер өтіпті, ал, ол бұл кезде ондай жаңалықтан мүлдем хабарсыз еді. Сапардың аты сапар, жүрісі де тым көп еді. Ол сол сапарда жергілікті алтайлықтардың алыс өңірлерге, табиғаттың сонау шалғайдағы ең бір тұнып тұрған тұстары мен алып Алтайдың бір ғажайып бөктерлеріне дейін барып, үлкен бір әсерге бөленіп, шығармашылық күш-қуат алу жөніндегі ұсыныстарына да келіседі. Ал, әлгі әлемдік деңгейдегі алып ақын, дана тұлғаның Алматыдағы болашақ тас мүсінін сомдауға байланысты жарияланған сынақ-байқау туралы хабарды ең алғаш құлақтары естіген бойда-ақ: «Біздің Хакімжанның да ойында баяғыдан бері осындай бір асыл арманы болушы еді ғой?! Ол өзінің көптен бері жүрегінің төрінде сақтап жүрген сол арманын ендігі ұмытып кеткен жоқ па екен?! Қане, көрейікші?!» – деп, Шығыс өңірде еш алаңсыз сапарлап жүрген Хакімжанның соңынан телеграф арқылы: «Осылай да, осылай! Сен де бұл бәйгеде өзіңнің бір бағыңды сынап көрсеңші! Тап бір сол бәйгеден озып, бірден-ақ жеңіп шықпасаң да, өзің сонау бала кезден бері шексіз жақсы көретін, талайғы жақұттай өлеңдері мен даналық сөздерін әрбір үтір, нүктесіне дейін әлі күнге дейін мақамдап, жатқа айтып жүретін ұлы Абайдың алдындағы суреткер ретіндегі бір биік парызыңнан құтылар едің ғой!» – дегендей қылып, Алматыдағы суретші достары бір жеделхат салып жіберіпті. Мүмкін, Хакімжанның сол жолғы өр Алтайға барғандағы бір шаруасы сәл кемшіндеу де соққан шығар, алайда, енді мынандай қуанышты хабарды алғаш құлағы шалғанда-ақ, жасы әлі отызға да толмаған, осы кезге дейінгі өз кәсіби қызметіндегі тындырғандарынан гөрі, әлі тындырары, шыққан биіктерінен гөрі, әлі де бір шағын жотасы көрініп үлгермеген биік асулары көп талантты мүсінші ерекше қатты толқып жүріп, тау бөктерінен қайтадан асығыс төменге түсіп, соның ертесіне тездетіп Алматыға да келіп жетеді. Байқауға қатысуға бірден ұсыныс түсіреді. Өзінің болашақ шығармашылық шедеврына айналып, еліміздегі Абайтануға өзінше бір іргелі үлес болып қосылар ұлы туындысына қатысты небір алашапқын тірліктерге толы күндері осылайша басталып кете барыпты. Алдағы шығармашылық байқаудың талап-шарттары Алматыдағы бұрынғы өтіп жүрген көп шығармашылық байқаулардың тәртіп-талаптарына қарағанда, анағұрлым күрделі, әрі қатқылдау да болыпты. «Абай – қазақ халқының ұлы ақыны, данышпан тұлғасы! Ол кім-кімге де оңайлықпен алдыратын көркемді шың емес, оның да өзіндік биігі, өзіндік астар-сырлары тым тереңде жатыр! Өздерің қараңдар, қабілетім, талантым, алыптың терең сырларын әріден түсіне аламын дегендей нық сенімде болсаңдар ғана, үміт етуге болады», – дегендей де бір ыңғай байқалады. Қалай дегенмен де, байқау-сынақ жұмыстары басталып кетті. Оған, тіпті, сонау Ресейден, Белоруссия мен Татарстаннан да талайғы мен деген талантты, шеберлік жағынан келгенде, қапелімде ауыздарымен құс тістегендей небір мықты деген мүсіншілерге дейін белсене қатысқалы жүрген көрінеді. Олардың қатарына Хакімжаннан өздерінің жасы, атағы, дәрежесі зор Қазақстанның өз шебер суретші-мүсіншілерін тағы қосыңыз! Абайды зерттеп, Абайдың даралығы мен даналығына ерекше бір құштарлықпен қарап, алып Абайдың осынау тарихи Отаны, туған Қазақстанына деген құрметтерімен бірге, өздерінің мүсіндеу өнеріндегі даралықтары мен соны сипатты шеберліктерін бейнелеп көрсеткісі келетіндердің алғашқы реттегі қарқыны, солардың зор ынтасы мен жігері де қаралай қызықтырып, кейде, тіпті, «Абайды мендей жетік біліп, оған дәл осы менің өзімдей шексіз құштарлықпен қарайтын мүсінші әзірге бұл өмірде жоқ шығар» деген күннің өзінде де, әлгілер болашақта алып Алатаудың бөктеріндегі әсем Алматының төрінде осыншама менмұндалап, алда әлі талай замандар бойына іргесінде талантты ақындар әрдайым өздеріне рухани ұстаз-тәлімгер санайтын ұлы Абайға арнаған от жүректі жырларын оқып, тағысын-тағы түрлі халықтық мерекелік іс-шараларын өткізіп жататын тарихи Абай мүсінінің авторы болғысы келетіндердің өр кеуделерінің өзі-ақ сені де қаралай ықтыра түскендей еді-ау.

Көптен бері бүтіндей елдің назары Алматыда еді. Абай есімі тағы да жаңғырыға естілді. Көп жүректерде: «Байқауға кімдер қатысады?! Кім жеңіп шығады?» – дегендей бір сұрақ. Сол кезде осынау сынақ-байқаудың барысына байланысты қоғамда әртүрлі ойлар да үнемі алға тартылып жататын. Әлгі байқауға қатысқысы келетін, әлден-ақ ұзын-саны 57-ге дейін жеткен ылғи да мүсіншілік өнердегі «сен тұр, мен атайын» дейтіндердің бәрі де қазақтың ұлы ақын, данышпан тұлғасын үнемі биік шыңның басынан көріп, әйтеуір, қайткен күнде де, дананың даналығын осыншама айқайлата айтып, әрі, бір жағынан, өздерінің ешкімге ұқсамайтын, тек бір өздерінің тас жарғандай таланттарына ғана тән шеберлікпен сомдайтын асыл тұлғаның жоба-бейнесі қызу бәсекеде озып шығарына қазірдің өзінде де әбден сенімді-ақ! Сол кезде алда әлі жыр алыбы Жамбыл, қазақтан шыққан ұлы шығыстанушы-ғалым Шоқан Уәлиханов, Шығыстың жоқ жұлдызды шынары Мәншүк Мәметова, күй атасы Құрманғазы Сағырбаев, ұлы ақын, қайраткер тұлға Сәкен Сейфуллин, кеңестік дәуірдегі ақын қыздардың ішіндегі алыбы, жыр-шырайымен әрдайым жырсүйер қауымды таңдандыруын қоймай келе жатқан Мәриям Хакімжанова, сахна саңлағы, талайғы хас таланттардың тәлімгер-ұстазы Серке Қожамқұлов, атақты геолог-академик, сол бір күндерде Қазақстан Ғылым академиясының президенті болып отырған Қаныш Сәтпаевтың да тасқа қашалған ескерткіш-мүсіндерін өмірге әкеліп, шығармашылықтағы көп армандарыма тезірек қол жеткізсем-ау деп, тек бір сол жолда аянбай еңбек етіп жүрген Хакімжан да көп ойланды.

Кеше ғана атақты Алтай баурайына жасалынған шығармашылық сапарын орта жолдан кілт үзіп, Алматыға қайтып келген оның толғанысы тіптен де күшті еді. Өзі тастан қашап, мүсін жасаудың жас перісі, әрі жүрегі алып ұшқандай талантты жас шебер болғандықтан, өзінің ылғи да осылайша қатты қиналғанда, не әбден шүмегі толып, шабыты қысқанда, қапелімде сая табатын жері іргедегі алып таудың жасыл желекті бөктері ғана болатын. Ыстық ұясы, панасы, ақылшысы, досы, көмекшісі де сол тау бөктеріндегі сая еді. Тағы да сол тауға, сонау Медеу жақтағы бір тыныш жердегі жағалай иықтасып жатқан алып жартастардың жандарына барып, сондағы ұшар басы түу алыстағы сан құбылған шынардай, тіптен қол жеткізбестей биіктегі көк күмбездермен таласқан ақ тақиялы Алатаудың әдетте алып тастардан өзінше бір өрнек салып, қапелімде қиял жетпестей, небір ғажайып тірліктерді мүсіндей алатындай шеберлігіне, ал, шындап келгенде, бұл Алматыда, жоқ-ау, тіптен бүтіндей қазақ даласында дәл осы асқар Алатаудан зор, алып тұлғалы Алатаудан шебер мүсінші де жоқ екендігіне көз жеткізгендей-ақ болып, неге екендігі қайдан, енді өзінің айналасына бір ерекше қызығушылықпен қайта-қайта қарағыштай береді. Осындайда өзінің ойына да келмейтіні жоқ. Бұл таудың бөктеріне бұған дейін де талай мәрте келмеді ме?! Бірақ, бұл жолғысының жөні, әсері тіптен де бөлекше еді. Кейде өзі қарсы алдындағы бұрынғысынан да зорайып, бейнебір төбесі көкке шаншылғандай болып тұрған алып тауға таңырқай қарап тұрып: «Бұл Табиғат-ана Жер-жаһандағы ең ежелгі және ең алғашқы ұлы мүсінші емес пе?! Бәлкім, сол ежелгі дәуірлердегі ең бір ұлы мүсінші де өзіндік бояу-бедері, алқын-жалқын түстері мол, әдетте төбесін күн сүйгенде, тіптен-ақ құлпырып, сені өзінің небір ғажайып тірліктерімен баурайтын (ал, түнде әдеттегідей жарық аймен аймаласып, дәл сол сәттен бастап, өзі де жер бетіндегі ең сұлу болмыс-бейне, ең алып тұлғаға айналып, талайғы телегей-теңіз сырларға толатын, тіпті, сол іңір шағында әдеттегідей өзі аппақ аймен аймаласып, ұзақ уақыт бойына үнсіз тұрғанда, дәл өзінің іргесіндегі әлдебір нәзік сезімді ән, әлде күмбірлеген қоңыр күйге ұқсап, үсті-үстіне сылқылдап, тастан-тасқа ойнақтай секіріп жатқан суық бұлақ сенің жүрегіңді осыншалықты қатты тербетіп, ағыл-тегіл арманшыл ойларға жетелейтін) біздің осы алып тұлғалы Алатауымыз шығар-ау?!» – дейді іштей күбір-күбір етіп.

Не деген ғажайып көрініс?! Не деген ғажайып шақ еді бұл?! Хакімжан ағаның әдетте Абай шығармаларын қатты құмарта оқып, оның әрбір даналық сөздеріне терең ой жіберіп, өз қиялындағы алып Абаймен де әлсін-әлсін жолығысып, сыр аңдағандай-ақ болып, ал, енді араға көп уақыт салмай, осынау тау бөктеріне келгенде, тап бұлайша терең толғанысқа берілетіндігінің жөні де жоқ емес! Алатаудың өзін неге осыншалықты қызықтырып, ылғи да өзінің баурайына қарай шақыра беретіндігінің сырын өзі де іштей талай рет аңдамады ма?! Алып Алатаумен айнымастай достарға айналғандығының бір себебі де осында шығар?! Ал, сен үшін бұл таудың аңызы, іргесіндегі Алматы, Алматының мыңдаған тұрғындары өмірімен өте-мөте тығыз байланысты тағдырлы кезеңдері де өте-мөте қызықты емес пе?! Соның бәрі келіп қосылғанда, әлгі жерде сенің де қиялыңды тіптен-ақ шырқатып жіберетіндігіне не дерсің?! Эһ, алып тұлғасы Алатау! Табиғат-ананың осынау ғажайып жаратылысы сонау есте жоқ ескі дәуірлерде алғаш алыстан менмұндалап, қарауытқан алып тау болып жаратылғалы бері, мүсіндеу және тау, тастарға өзінше тіл бітіріп, қажет десең, солардың өзін ағыл-тегіл сырларға толтырып, үндестіріп, қауыштырудан  бір танбаса, ал, адамзат баласы ең алғаш табиғат-ананың анық қолтаңбасы қалған мүсіндеу өнеріне тек бертінде ғана бой алдырмады ма?! Бұл да өзінше бір қызық дерек, қызықты сыр еді-ау?!

Осы жерде, таудың саялы бөктерінде кең тыныстап отырып, өзі тағы көп нәрселер туралы да ойлады. Әсіресе, өнерге қатысты ойлары тіптен де әріге қарай өрлей түспеді ме?! Соның бәріне де осы бір күндерде бұның бүтіндей жан-дүниесін жаулап алған осынау алып Абай, дана тұлғаның болашақта Алматыда бой көтермек ескерткіш-мүсініне қатысты байқауға қатысамын деп жүріп, осылайша қатты толғанған сәттері ғана басты себепкер болмады ма?! Абайдың тас мүсінді ескерткіші! Хакімжан осылайша тереңнен толғанып отырып, тағы да ағыл-тегіл ойға шомды. Бұл жолғы толғанысы  тіптен әріге кетті. Ал, шындап келгенде, адамзат үрдісіндегі мүсіндеу өнерінің ең бір құдіретті шебері, әрі өзінің аз ғұмырында барша адамзат баласы үшін тастан талай мәрте сыр шаштырып, сол киелі тастың сыры, тас-құпияның тіліне тағы өзінше үн қаттырып, не тастың тәтті тілі арқылы әуелетіп ән шырқатып, тағысын-тағы күй күмбірлеттіріп, ағыл-тегіл жыр толғатуға жол ашып кеткен итальяндық марғасқа Микеланджелло еді ғой! Бертінде Францияда өзіндік мүсіндеу өнерінің тағы бір еуропалық ғажайып үлгісін өмірге әкеліп, өзіндік бір дәстүрге айналдырып, шеберлер мектебін қалыптастырған Т.Бонтан деген біреу шығып, өнер шежіресінде есімі алтын әріптермен таңбаланып жазылып қалса, ХІХ ғасырда тұтастай Еуропа мен Америкада адамзаттық мәні бар, негізінен өркениет өрістеріне қатысты іргелі оқиғаларға ғана арналып, ал, ХХ ғасырда әлемнің әр қиырында ауық-ауық төбе көрсетіп, өздерінің тәуелсіздікке жету жолындағы күрестерімен атақтары шыққан қайраткер-тұлғаларға және өз шығармашылықтарында талайларды талантты туындыларымен таң қалдырып, өнерлері өрге басқан жазушыларға, суретшілерге, музыканттарға арнап, тастан мүсін жасау өнері кең қанат жая бастады. Әлемдік деңгейдегі үлкен қызығушылық, шығармашылықты қолдау, мүсіншілердің қалыпты жұмыстарына жағдай жасап, олардың қолдарынан шыққан алып мүсін-ескерткіштерге деген сұраныс та үсті-үстіне ұлғая түскендігі тағы шындық. Өркениет өрісі, мәдени тұрғыда биіктеудегі бір іргелі бағыт та еді ғой бұл! Осындай киелі өнермен табыстырған тағдырға да мың алғыс демейсің бе, сен, енді?! Бұны өнерге осыншалықты құштар еткен де өз сүйікті өнері еді ғой! Ал, бертінде өзі Харьковтағы мемлекеттік өнер университетінде оқып жүргенде, сондағы атақты мүсінші-оқытушы, мүсінші-шеберлердің республикалық және Бүкілодақтық байқауларына қатысып, жүлдегер атанған және украин халқының маңдайына біткен ұлы ақыны Тарас Шевченконың өмірінен ескерткіш-мүсіндер жасаудың теңдессіз шебері Ольга Кудрявцева бұларға өзінің кезекті дәрістері кезінде мүсіндеу өнерінің Шығыс Еуропаға, соның ішінде, бертінде патшалық Ресейге қалай келіп жеткендігі, оның алғашқы қадау-қадау қадамдары қалайша басталғандығы хақындағы талай сырларды ақтармады ма?! Өзі көпті көрген, көп оқыған, көп жерлерге де сапар шеккен, әрі өз кәсіби өнеріне қатысты дүниелерді өте көп білетін жан еді ғой! Әдетте оның әр жолғы сабағы да анағұрлым қызықты, әрі десе, әр жолғы онымен аудиторияда, шеберханалық лабораториялардағы кездесудің өзі де есте қаларлықтай-ақ болып өтіп жататын. Сонда да білгендерін, өзінің түйгендерін үнемі алға тартып, жалықпай айтып отыратын. Сонау ХVIII-ХІХ ғасырлардағы мүсіндеу өнерінің майталмандары К.Б.Растрелли, М.И.Козловский, Б.И.Орловский, И.П.Мартос, ал, олардың ең алғаш бұл қиын өнерге өз тұсында қалай келгендіктері, мүсіндеу жұмыстарындағы бай іс-тәжірибелері, әрқайсысының өздеріне тән шеберліктері хақындағы әңгімелердің өзі де талайғы тәуліктер мен талайғы сағаттарға дейін ұласқан дәрістермен жалғаспады ма?! Олардың өнердегі озық идеяларын сол кездегі мемлекет, үкімет, елдің атақты патшалары да дер кезінде қолдап, тағысын-тағы өздерінің көмектерін де жасап жатыпты. Өнердің аты қашан да өнер ғой, өз идеяларын жүзеге асырып, мәрмәр тастың өзін аңқылдатып сөйлетуге келгенде, сол тұста шеберлік өнегелері жағынан қапелімде оларға тең келер тұлғалар да болмады дейтін. Әдетте солар тастан қашап, тарихи кезеңдерде қайта тірілткен Петр Бірінші патша, атақты әскербасылар А.В.Суворов, М.И.Кутузов, орыс тарихынан айрықша орын алатын тарихи тұлғалар К.Минин мен Д.Пожарский халықтың рухани-мәдени өміріне ерекше қатты әсер еткендігін былай қойғанда, Санк-Петербург пен Мәскеу қалаларының сән-салтанаты мен мәдени-рухани өресін тіптен де құлпыртып-ақ жібермеді ме?! Осынау атақты ескерткіштердің өздері туралы да осы кезге дейін қаншама рет жазылып, қаншама рет өз деңгейінде сырлы әңгімелер шертілмеді десейші?! Харьковтағы оқу, мүсінші-монументалист Ольга Кудрявцеваның тәлімінде шек бар ма?! Өзі де бір ғажайып өнер иесі емес пе?! Ол көбінесе әдетте өзінің шеберханасында әлдебір үлкен де, жауапты мемлекеттік тапсырыстарды орындап, күні-түні жұмыстан қолы бір босамай жүрсе де, аудиториядағы дәрістерін бір үзіп көрді ме екен? Көп нәрселерді де бұлардың құлағына құйып кетуге асығатын еді ғой. Басқасын айтпағанда, бертіндегі кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарындағы өнердегі И.А.Андреев, Н.В.Томский, В.И.Мухин, К.М.Мерашвили сынды талайғы тарлан, небір шеберлігі асқан дарын иелерін көріп, ал, әлдебір шығармашылық жұмыстар кезінде, өзі де солармен бірге жүрген кездегі естігендері және солардың өз кәсіби өнерлеріндегі шеберліктерін салыстыруға келгенде, қапелімде солардың алдарына түсердей ешкімді таппайтындықтары ше?! Шеберлік  әлемінде шек бар ма?! Жоқ-ау, бәрінен бұрын, солардың Кеңестер Одағының әр қиырындағы бірқатар одақтас республикалардың астаналық қалалары мен басқа да іргелі орталықтардағы көрнекті жерлерге небір атақты және тарихи тұлғаларға арнап тұрғызған ескерткіш-мүсіндері, не тек бір солардың сырларына ғана қатысты телегей теңіз әңгімелер... Сол кешегі кеңестік дәуірдегі мүсіндеу өнерінің өрге шыққан келесі бір кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдарында елді жаудан қорғаудың кезінде, майдан даласында ерекше ерліктер көрсетіп, жау оғынан қаза тапқан қаншама жүздеген батырларға арналған ескерткіш-мүсіндермен де толығып, өзіндік жалғасын тапқандығы... Бұның өз өмірінде еш ұмытылмастай болып жатталып қалған сондағы сол дәрістер бертінде арада тағы талай уақыт өтіп, өздері де ендігі өнердің терең қайнарларына қарай бағыт алған тұста, бұлардың  өздерінің де естерінен бір шықпай, әлсін-әлсін осылайша сағындырып та отырмады ма?!

Одан арғысы осы отырған Хакімжанның өзіне де белгілі еді. О алып тұлғалы Алатау, бұның осы бір күндердегі ең айнымас досы, сенімді серігі, сырласы да осынау киелі тау емес пе?! Тау баурайына келгенде, бұның өзі де ерекше құлпырып, іштей бір күш-қуаттың салқарын да сезінгендей болатын. Өз қалаған өнерінің әзірше өнер атаулының ішіндегі ең бір ірісі, ең бір сыры терең тарланы екендігіне дейін де іштей қатты сезінетін. Бұны алда қазақ мүсіндеу өнерінің тарихында тұңғыш рет алып Абайдың ескерткіш-мүсінін жасауға деген зор үміт-сенімнің жетегіне ергізген құдірет те осында емес пе?! Бұл оңай сынақ емес. Ойландыратындығы сонда еді. Тек бір өзіне ғана емес, бұл бүтіндей ел үшін де үлкен бір сынға айналып отырған жоқ па?! Өзінің қандай үлкен сынақтың алдында тұрғандығын енді бұның өзі де тыңғыш рет қатты сезініп, алдағы үлкен жауапкершіліктің салауат-салмағына дейін де ойша бағамдай түскендей еді. Ал, шындап келгенде, кеңестік дәуірдегі мүсіндеу өнерінде кең өріс алған бір үлкен дүмпудің әсер-ықпалы кешегі сол сұм соғыста өздерінің талайғы өжет ұл-қыздарынан айырылып, қайғы-қасірет шексе де, естерін тез жиып, олардың ерліктерін осыншалықты аңызға айналдыра бастаған Қазақстанға да келіп жетті. Осы жағдайлардың бәрін қайтара бір есіне ала отырып, енді Хакімжанның өзі де іштей қатты таң қалды. Жоқ-ау, керек десең, бұл үшін сол кезден бері арада талай замандар да сырғып өтіп кеткендей емес пе?! Сол алыс жылдарда-ақ алдағы елдегі қалалар мен ауыл, аудан орталықтарында бой көтеруге тиісті талайғы ғажайып ескерткіш-мүсіндер өздерінің есім-сойы, ерлік шежіресі, атақ-даңқтарымен әлден-ақ халықтың ішкі әлемінде, ой-санасында да әбден қалыптасып-ақ үлгергендей еді-ау! Ендігі жерде тек соларды қалыпқа түсіріп, тас-мүсіндерге орнату жұмыстары ғана қалғандай болып көрінгендіктерін қайтерсің?! Дәріс қана емес, шын өмірде де осылай болмады ма?! Аһ, бұл өз басы ол кезде, алыстағы өз туған өлкесінде жүргенде, әлі балапан шашты бала ғана екен ғой! Қанша дегенмен, содан бері арада бар-жоғы тек он жылға да жетер-жетпестей ғана уақыт өтіпті-ау?! Соның бәрінің солай екендігіне өзі де сене алмай тұрғандай ма, қалай?! Ал, шындығына келгенде, осыдан он жылдай уақыт бұрын, Хакімжанның өзі де арман қанатына енді ғана мініп, алып-ұшып, осынау әсем Алматыға әлі келмей тұрып, өз туған өлкесіндегі жергілікті жерде, онда да, кешегі соғыс жылдарындағы қиын жағдайға байланысты ауылдағы орта мектептің жетінші класын енді ғана бітіріп, әрі қарай оқуын жалғастыруға тіптен мүмкіндігі болмай, әрі отбасындағыларға қолғабыс болудың жәйін ойластырмады ма?! Бұл ол кезде әуелі колхозда қарапайым ғана жұмысшы, кейін аудандық атқару комитетінде іс қағаздарын жүргізуші және тағы басқалай да кәкір-шүкір жұмыстарды ғана атқарып жүрген болатын. Жо-жоқ, ол кезде Хакімжан алда әлі оқу оқып, кәсіби мүсінші болармын деп тіпті армандай да алмайтын еді ғой. Соғыс кезі. Бүтіндей елдің де тағдырындағы ең бір қиын кез. Тұрмыстары да өте қиын болды, бірақ, сол жүргенде, өзінің кешегі мектептегі оқушылық өмірінен бергі әуелі қамырдан, сосын балшықтан, кейін басқа да илеуге икемді материалдардан мүсіндер жасауға деген ерекше бір құштарлығын... Күнделікті ауыл ішіндегі қапшық тасып, ауыр жұмыстарды атқарып жүрсе де, қапелімде оңайлықпен тастай алмай, қолы бір қалт етсе-ақ болды, бірден өз жүрегін қатты тебірентіп, ағыл-тегіл толғанысқа түсіре бастаған тақырыптарға арнап, әртүрлі мүсіндерді де жасай бастайтын. Сол жүргенде, өзінің көздері де тіптен нашар көретін, соған қарамастан, өзінің әлдебір көңілі ауған тақырыптарға қалай да балаңдау мүсіндерін жасап, соның бәрін адамдардың бейнетті өмірімен байланыстырып, талайғы қиял жүзіндегі бейнелерді де ақырындап өмірге әкеліп үлгерген. Аһ, сол тұста Хакімжан тек бір Арқа өңірінде ғана емес, бүтіндей туған Қазақстанында да мүсін өнеріне бағыт ұстаған жалғыз қазақ баласы тек бір өзі ғана екендігін білді ме екен десейші?! Алайда, бұның сондағы ең алғашқы көрермендері, өз өнерінің ең әділ сыншылары мен жанашырлары да сол әлгі өзінің туған өлкесіндегі өнерге бейжай қарай алмайтын қарапайым ғана жандар еді-ау. Атақты «Ана» романын жазған ұлы жазушы Максим Горький мен кешегі соғыстың алғашқы жылдарындағы ең бір қиын шақта, жау құрсауында қалып, азапқа түскен ленинградтықтарға арнап, «Ленинградтық өренім» атты отты жырларын жазып, бұрыннан да белгілі ақын аты енді тіптен аңызға айнала бастаған атақты ақын Жамбыл Жабаевқа арналған мүсіндерін аудандық атқару комитетіндегі ағайлары қатты ұнатып: «Хакімжан, әзірге біздің қолымыздан келері тек сол ғана, сенің алғашқы бір үлкен көрмең де сол болсыншы», – деп, әлгі мүсіндерін көбінесе жоғарыдан, не осы өңірдегі ауыл-ауылдардан өкілдер жиі келіп, міндетті түрде атқару комитеті төрағасының кабинетінде қабылдауда болатындықтан, бірден сол кабинеттің ішіне қойғызған еді. Өз туындыларына ең алғаш рет ең жоғары баға беріліп, өз балаң өнерінің ең бір биік төрге шыққан кезі де дәл осы тұс болатын.

Содан бері арада бар-жоғы тек он жылдай ғана уақыт өткен екен-ау. Өнер үшін, адам өмірі үшін бұл өзі тым аз да мерзім емес қой! Хакімжан бұл  туралы бұған дейін де талай мәрте ой кешкен. Алматыдағы өнерлі ортадағы өмірін де талай мәрте сарапқа салды. Алайда, осы кезең ішінде тек өзінің Алматы мен Харьковтағы оқыған-тоқығандары, болашаққа деп жоспарлаған, бірақ, әлі өзі қолға да алып үлгермеген кейбір эскиздері ғана болмаса, тап бір бұның өзінің атын шығара қоятындай жарытымды ештеңесі де жасалынып үлгерілмеді емес пе?! Соның бәрі де өзін қатты ойландыратын, кейде, тіпті, соның өзі бұл үшін ағыл-тегіл уәйіміне де айналмайтын ба еді?! Бұны ылғи да осынау Алатау-ұстаз, Алатау-тәлімгер, Алатау-ақылшысының қасына баруға жетелейтін жағдайдың сыры да осында жатқан жоқ па?! Әрине, алда әлі алып Абайдың ескерткіш-мүсінін жасау жөніндегі үлкен сынақ-байқауға қатысамын деп, көңілі алып-ұшып, осы отырғанда, өзінің бертінде Алматыдағылар әр кезде жоғары бағалаған «Жас шахтер», ұлттық нақышқа толы, бір жағынан, қарапайым халықтың өмірімен тығыз байланысты болып келетін «Көкпар», «Жас бүркітші», «Жеңімпазбен жүздесу» және атақты Жамбыл ақын өмірінің белгілі бір кезеңін арқау еткен «Жас Жамбылдың басы» дегендей мүсіндері ғана бар еді. Оларға деген сұраныстың әлі күнге дейін көптігіне және ептеп өзінің өнердегі атын шығарып жүргендігіне қарамастан, қазіргі кезге дейінгі өзінің ауыз толтырып айтарлықтай тындырып үлгергендері тым аз-ақ қой. Осының бәрін ойлағанда, кейде өзінің отырған жерінде-ақ қаралай мысы басылып, осы кезге дейінгі көп уақытын тек бірыңғай ұсақ-түйек жұмыстармен өткізіп алғандығына іштей қатты өкінгендей де болатын. Қазір де соның бір сызы іштей қатты сезіліп-ақ қалғандай емес пе?! Соған қарамастан, ендігі жерде бұның қазақтың данышпан ақыны, ойшыл, қайраткер-тұлғасы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын кең тұрғыда қамтитын, алда әлі Алматыда тұрғызылатын алып мүсін-ескерткішін де жасағысы келеді. Бұндайдағы алға үлкен мақсат қойып, армандаған да жақсы ғой, бірақ, өзі тап осы жерде тым қол жеткізбестей биікке қарай қол созып отырған жоқ па?! Өз өмірінде бірінші рет дәл осы таудың бөктерінде отырғанда, дәл осындай бір күдікшіл ойы да елес беріп қалғандай болды. Бірақ, онысын енді тез арада ақылға да жеңдіре алды. Абай бейнесі бұның кәсіби өнердегі ең бір асыл арманы да еді ғой. Мүмкін, бұны әу баста мүсіндеу өнеріне осыншама қоярда-қоймай жетелеген, тіпті, кешегі соғыс жылдарында да осы өнерден еш қол үзбей, күндіз колхозда жүк тасып жүріп, ал, кешкілік бір қолы босағанда, өзгеше бір әлемге енгізгендей әсерге бөлеп, өз күйбеңімен өзі ғана болып, өзінің өнерге деген аңсарын үсті-үстіне тағы ұлғайта берген жағдай, сөйтіп жүріп, ақыры өзін осынау тау бөктеріндегі әсем Алматыға дейін жетелеп алып келген құдірет те сол асыл арманы шығар?! Ендеше, бұл енді несінен жасқанады?! Енді тағы не тұрыс бар?! Жоқ-ау, бұл тек өзіндік бір тілек, асыл арман ғана емес, осы жүргенде, өзінің бұл тұрғыдағы ел-жұрт әбден құлақтанып үлгерген алдағы үлкен сынақ-байқауға қатысып, алда әлі өзінің ондағы бәсекелестерін жеңіп шығамын ба дегендей бір үміті де зор еді!

Тау бөктеріндегі сол күн енді өзінің ғұмыры есінен кетер ме?!

Хакімжан сол күні тау бөктерінде, сондағы әлдебір сызды тастың үстінде еш тапжылмастан ұзақ отырды, сонда өзі де шамадан тыс көп қиналды. Бір ойы бір ойға жалғасады. Соның бәрінен де жол тапқандай болады. Бұндай ішкі сенімнің мықтылығы, батылдық деген де жақсы ғой, бірақ, сол кейін шынайы өмірде өзінше нәтижелі болып шықса, тіптен де жақсы емес пе?! Жоқ, алдағы сынақ-байқау бұны әлі де жүрексіндіре береді. Сосын да қалаға қайтуға тағы асықпады. Тау бөктерінде әрі-бері серуендеп, бір жағынан, бой сергіткендей болып, әлі де жүре бергісі келді. Күнге шағылысып, өзі тіптен сан құбылып көрінсе де, әлі де өзінің алыптығынан бір танбаған Алатауға да қайта-қайта елеңдеп, оған жиі қарағыштай береді. Алатау-мүсінші, Алатау-алып осындай бір сәттерде өзіме болысып, әлдеқандай бір ақылын айтар ма екен деп, сол алып таудың осындай тапа-тал түстің кезінде де қаралай көз қарықтырғандай-ақ болатын биік шыңдарына тағы да шаншылып, үңіле көз салады. Бұның қазіргі бір үлкен жанашыры, ақылшы-досы, ұстаз-тәлімгер, ең жақын деген сырласы да осынау асқар Алатау екендігін анық сезінеді. «Сол енді өзіме бірдеңе дер ме екен? Ең қиналған шақта, не алда әлі тағы осындай азапты сезімге бөлене бермеу үшін бұл бәсекені орта жолдан кілт тоқтатып, өзгелерге бірден жол босатқаным дұрыс па?!» – дегендей де ойы жоқ емес! Осы бір сәттерде уақыт та тық-тық етіп, еш тоқтаусыз өтіп жатқан еді ғой, Хакімжан әлі де биік таудан көз ала алар емес, жоқ, сөйтсе... сөйтсе... мына Алатау-мүсінші, Алатау-ұстаз да ендігі жерде көп жағдайды әріден түсініп, Хакімжанның өнердегі өз алға қойған мақсатынан еш тайынбай, алдағы өз болашақ көркем шедеврына ерте қол жеткізу жөніндегі ойларына да еш күдіктенбей, қайта ендігі жерден өзін қуана құптай да түскендей ме, қалай?! Осы сәт өзінің қос самайынан шып-шып етіп, ыстық тер шықты... Көп түйіндер шешіліп, бір табанды шешімге өзі де сонда келді.

Сонда да Хакімжан аға жиналып алып, қалаға қарай қайтуға тап онша асығатындай жағдайда емес-ті. Тау саясы, тау самалы да өзін жібергісі-ақ келмей тұрғандай еді. Тағы да бір терең ойға берілді. Алда әлі үлкен сынақ-байқау тұр еді ғой. Бұл бәсекеде тек кәсіби шеберлік қана емес, үлкен таным, көркемдік қабылдау, өре биігі, Абайдай алыпты жоғары деңгейде көрсетіп, сонымен бірге, бүтіндей бір халықтың таным өресі, алдағы ұлы болашаққа деген арман-тілегін де көрсете білу қажет емес пе?! Ол үшін сен кешегі өткен тарих, ең бастысы, Абайдың өмір жолдары мен шығармашылықтағы биіктерін де Абайдың өз дәуіріндегідей-ақ жақсы білуге міндеттісің ғой! Абай өмірі, Абай шығармашылығындағы осы кезге дейінгі өзіне беймәлім жаңа бір парақтар да өзінің көз алдына дейін елестеп сала берді. Тағы да көп жәттер есіне түсті. Жоқ, Хакімжан ендігі жерде ұлы Абайға қатысты жағдайлардың бәрін де басынан қайта бастағысы келді. Оған уақыт та бар еді. Бұл үшін абайтану, Абайдай алыпқа деген сүйспеншілік пен құштарлық әу баста өз туған өлкесінде, кешегі соғыс жылдарында ауылдағы қарапайым адамдардың Абай шығармаларын қашан да сүйсініп оқып, ұдайы оның сөздеріндегі жаңалықтары мен әсемдік әлемі, кескіні бөлек сөз өрнектері хақында сөз таластырып, қызыға әңгімелейтіндіктері мен өзінің де әр жолы Абай жырларын оқығандағы арманы тіптен ұлғайып, қиялы тіптен шарықтап кететін кездерінен басталмады ма?! Сол кез бар айшығымен тағы бір қайтара өзінің есіне түсті. Енді алып Алатаудың бөктеріндегі әлдебір көркем келісімдермен ұласқандай болатын үлкенді-кішілі жақпар тастар емес, өзінің иір-иір бұтақтарын жайқалтып, осыншама қалың өскен алып қарағайлары да ерекше бір тұстағы «гүр-гүр» етіп, осыншама тасқындаған бұлақтың етегіне дейін келіп, оның ақ көбіктерін екпіндете атқылап, тастан тасқа ойнақтай секіріп жатқан қызық қылықтарына тіптен күлімсірей қарап, тағы да ағыл-тегіл ойға шомып, Хакімжан бір сәт өзінің қолындағы Абай жырларының жинағына ұзақ үңіліп, құмарта оқи бастады.

Жоқ, сен Абай жырларына көз салып тұрып, одан қалайша ажырай аларсың?! Кеше ғана, жоқ, тіпті, осыдан көп жылдар бұрын оқып, көңіліндегі әлдебір асыл армандарының түп қазығына айналып сала берген жыр жолдары енді саған мүлдем басқаша сыр шашып, мүлдем басқаша арман биігіне қарай самғатып ала жөнелгенде, ең әуелі «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз қара қасы сызып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды» деп басталатын жырдың бойындағы аңсарлы сезім сені әрі қарай бірінен бірі асып, ағыл-тегіл сезім шалқарымен бірге, терең сырлы ойларға жетелейтін «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Өлең – сөздің патшасы», «Желсіз түнде жарық ай», тағы басқа да ондаған өлең шумақтарымен де жалғасып кете бармады ма?! Бұнда да Абай өзге емес, дәл бұның өзіне үн қатып: «Хакімжан, сен баяғыда соғыс жылдарында, сонау Батыста қырғын соғыс жүріп, күндіз майдандағыларға көмек ретінде, өзің де бір тыным таппай, колхозшылардың арасында ересектермен бірдей жұмыс жасап, ал, кешкілік үйге келгенде, ылғи да менің жыр кітабыма көз салып, рахат бір сезім-күйге енетін едің ғой! Жоқ, мен бұның бірін де ұмытқаным жоқ! Бірақ, ол кездегі көңіл-күй, ол кездегі сенің басыңдағы жағдай да мүлдем басқаша болатын! Сен осы бір жыр жолдарын енді қайталап бір оқып көрші!» – деп те тұрғандай емес пе?! Бұл оны қалайша естімесін? Абайдың өз үні болып жеткен тілекті бұл енді қалайша орындамасын?! «Мендей ғарып кез болса, Мойын салсын, ойлансын, Қабыл көрсе сөзімді, Кім таныса сол алсын».

Дәл осы кезде бүтіндей асқар тау да өзінше гүрілдетіп, алып Абаймен бірге үн қатып, дәл бір Абайдың даналық мұхитындағы өзгеше бір сарқырамалардай-ақ осыншама арқыраған жыр жолдары маңайдың бәрін де бір үлкен дүбірге бөлегендей бола қалмасы бар ма?! Жоқ, бұл олай емес, әлгінің бәрі Хакімжанның өз ішкі әлемінде ғана болып жатқан гүрілдер мен сарқыраған сезім тасқындарының сылдыры мен сыңғыры еді. Әу баста осы кезге дейін қаншама рет оқып, бірқатарын әбден жаттап алған жырларына бір көз салсам-ақ болды, әрі қарайғысы бірден өзімнің есіме түсе қояды дегенмен, жоқ, Хакімжан бұл кітаптың беттерінен қапелімде өзінің көзін еш айыра алар емес! «Асыл аға, Абай аға! – деді осы сәт Хакімжан өз  қиялындағы Абаймен де үн қатысқандай болып. – Сенің асыл жырларың мен даналық ойларыңдағы асыл сөздеріңді бүгінгі мына мен ғана емес, бүтіндей өз туған халқың, тіпті, бертінде өзіңнің жыр-мұраларың жетіп, сенің сол жауһар жыр-мұраларыңмен танысқан өзге жұрттардың да асқан бір ынтызарлық, тағысын-тағы үлкен бір қызығушылықпен қабылдап, өз жүректерінің төріне дейін шығарғалы бері қай заман?! Тек сенің қадіріңді бүгінгі біз әлі де өз биік деңгейіне дейін жеткізіп, дәл өз дережесінде дәріптей алмай жатырмыз-ау, осы! Халқыңның, туған еліңнің ендігі бір асыл тілегі сенің осынау алып тұлғалы бейнеңді Алматының төріне жарқыратып қойып, күнде өзіңмен бетпе-бет жүздесіп, емін-еркін сырласып, тіптен рухы биіктеп, жандарын кәдімгідей-ақ тазартып, ал, өздері асқақ көңілмен жүру ғана емес, кейінгі ұрпағына да өздерінің саған деген сүйіспеншілік пен зор құрмет жолын ұстануға бағыттағысы келеді ғой! Жақсы тілек, ұлы мұрат жолындағы зор арман да емес пе еді бұл?!» Жоқ, бұл енді Абай атаға қараса, ол да мына алып тауға ұқсап, сонау шыңдардың биігінен ғана көрінгендей еді. Хакімжан өз ретінде бұны да бір үлкен жақсылыққа жорыды. Рас, Хакімжанның ұлы Абайға қатысты сөз еткенде, бірден жұлқына үн қатып, «бұл жерде менің өз танымын, өз аңсарымды оятқан жәйттер де аз емес қой» дейтіндігі де тегін емес-ті!

Ол да өзінше бір терең сыр емес пе?! Жо-жоқ, Хакімжан бұл туралы әзірге дейінгі жан баласына да сыр ғып ақтарған емес! Мүмкін, оның реті де келмеген шығар?! Баяғыда Абайдың көшірме күйінде ел ішіне тегістей тарап кеткен жыр жинақтары Арқадағы кең көсіліп жатқан Қараөткел маңы, одан бері қарайғы тағы қаншама қазақ ауылдарына дейін де жетпеді ме?! Абайдың әдетте көп жердегі ауыл бетке шығарларының қолдарынан ғана табылатын, әрі өздері әбден қолға ұстай-ұстай, әқжемденіп қалған қолжазба-кітабында айтылған асыл сөздердің бәрі кезінде ел арасына тез тарап, содан былай, жағалай иықтасып жатқан әрбір қазақ ауылы, әрбір қазақ отбасы, әрбір қазақ баласының шаңырағындағы киелі сөз, даналық ойлардың қайнарына да айналып шыға келмеді ме?! Абай есімі қазақ даласына ең алғаш осылай тарап, ел-жұрттың жүрегінен осылайша берік орын алмады ма?! Шындап келгенде, бұл да сол алыс жылдарда Абайды әлі өзінің қолына оның көнелеу жыр кітабын ұстап үлгермей жатып-ақ танып-біле бастамады ма?! Асыл Абайға деген өз жүрегіндегі бүршік атқан сүйіспеншілігі, Абайдай ақылдың кеніне деген зор құрметі де сонда оянбады ма?! Сол жүрек, сол сүйіспеншілік пен жүректегі асыл арман еді ғой бұны Абайға сонау бала кезден бері-ақ ерекше құштар қылған?! Ал, сол күні, мәселен, сондағы өз өміріндегі ең бір қастерлі сәттердің бірінде Алатаудың жұпар иісі аңқыған бөктеріндегі осыншама дамылсыз шуласып, төменге қарай сарқыраған тау бұлағын жағалап, етектегі соқпақ жолдармен төменге қарай ақырындап түсіп келе жатқанда, бұның көз алдына тағы да ұлы Абайдың әр жылдардағы өмір белестері де көлбең-көлбең етіп, елестей бастамады ма?! Бұл үшін, әрине, ұлы Абайдың баяғыда Шыңғыстау баурайындағы шағын қазақ ауылындағы халық ақындарының жырларына сусындап, сөз өнерінің қадір-қасиетіне дейін тым ерте танып-біліп өскен балаң кезі де анағұрлым қызықты-ақ қой. Өнерге ерте бойлап, өз жанынан ауық-ауық өлең шумақтарын шығарып, өз ауылындағы ақындықты, жердің киесін біледі, сөздің қасиетін түсінудей-ақ түсінеді дегендердің ең алғашқы бір мақтауына ілігіп, төбесі көкке жеткендей-ақ болып жүрген кездегі болмыс-бейнесі одан да ыстығырақ па, қалай?! Өз шығармашылығында Шығыстың ұлы ақындарын үлгі-өнеге тұтқан Абайдың ақындық өмірдегі шынайы ғұмырбаяны, жырқұмар, даналықтың астарына терең үңіліп, сөздің құдіретін әріден түсіне алар жұртына, қалың қазақтың ортасындағы оқырмандарына қаратып, жыр төгілдіртетін кезі де дәл осы бір тұстарда емес пе еді?! Қаншама жыр, қаншама асыл сөз, ақ қанатты армандар... Абайдың даналық ойларымен ажарланған қасиетті қазақ сөзінің де киесі тіптен-ақ ерекше екен ғой! Бақса, Абайдың шығармашылықта тым шырқау биіктерге көтерілген кезеңдері де көп болыпты-ау! Қай кезде де Абайдың еңсесі биік, рухы тіптен жоғары болып, өзін соңыра жақын жерден бір көру, оның өз аузынан шыққан асыл сөзді өз құлақтарымен бір естіп, тым құрыса, Абайдың үні осындай екен ғой дегендей таңырқауларының ыстығын басып, бір тыншу да талайлардың өмірдегі бір асыл арманы болмады ма?! Солардың да өзі алып Абайдың бір заман, бір өлке, бір қалың елдің ішіндегі қазақ оқырмандары мен өз халқының Абайдай алыбын аңсаумен келген бетке шығарлары екен ғой! Абайдың талантты жырлары және даналық ойларымен ерте танысып, Абайдай алыпқа ерте көңіл бөлген Арқаның және Қараөткелден бері қарайғы қалың жұрттың Абайға деген құрметтерінің ерекшелігін осыншама танытқылары-ақ келіп, талай рет ел арасындағы әлдебір айтулы тұлғаларға арналып берілген үлкен ас, басқа да жиын-тойларға шақырған кездері де аз болмапты ғой! Әттең, әттең... сол кездегі жолдың қашықтығы, жоқ, әлде сол заманның кезінде де, өз жырларына тарлық жасап, жолын кесуді көксегендердің ендігі жерде өзінің тірліктегі әрбір адымын да аңдып, жолына соншалықты төсқауыл қойылғандығын Абай өз өмірінде тым ерте сезініп, өз ауылы, әрі кетсе, Семейдің маңайынан әріге көп ұзап шыға да алмаған екен ғой! Эһ, сұм заман, сен сол алып Абайды өз уағында осылайша тұтқындап, оны осылайша қамаққа да алған екенсің ғой!

Абай ата, қайран асыл тұлға! Сен кешегі заманда: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық, кім көңілді көретін, болады ермек?» – дегенде де, өз жайлауыңда, не Семейдегі өз ыстық ортаңда жа ешқандай бір рахат күй кешпей, дәл осындай жағдайдағы таршылықта ғана күн кешкен екенсің ғой?!

Осы кезде бұның өзінің де тынысы тарылып, үні де құрып қалғандай-ақ еді. Жоқ, әне, әрі қарай тағы да өз көңіліне осыншама саулап, Абай жырлары да тоқтаусыз құйыла берді, құйыла берді... Абай жырларының бәрі де шетінен талантты, бәрінің де іштеріндегі асыл жауһарлары тағы жеткілікті-ақ! Абай қай кезде де өзінің талантты шығармалары, даналық ойлары арқылы ғана алыптығын танытумен келді емес пе?! Абай алғаш өзінің қолына қалам ұстаған, одан кейінгі жалындаған жастық, желігі мол жігіттік шақтары мен ендігі жерде ел қызметіне араласып, әдеттегідей бір тыныш жерде оңашаланып отырып, жыр жазуға, тереңнен толғап, ағыл-тегіл сыр айтуға тіптен уақыты болмай жүрген кездердің өзінде де, мәрттігі мен асыл сөздің киесіне деген өзіндік бір берік ұстанымдарынан еш айырылмады емес пе?! Абай 1889 жылы Омбыдағы «Дала уәлаяты» газетіне «Жазды күн шілде болғанда» және «Күлембайға» деген жырларын Көкбайдың атымен жібергенде де, содан бергі дәуірде де ерекше бір шабыт құшағына еніп, емін-еркін жазу жазуға бір отырғанда да, талай күндер бойына ауылдан көп алысқа ұзап шықпай, бірде қатарынан сегіз, жеті, екі, бес, үш, кейде бір ай, бір маусым ғана емес, бірнеше маусымның ішінде де жалғыз ғана өлең жазып, араға тағы аз-аздан уақыт салып, атақты Лермонтов, Крылов, Гетеден еркін аудармалар жасап, өмірінің ақырына дейін тағы өзінің қауырсын сапты қаламынан қол үзбей өткен кезеңдерінің әр жылында да тек бір жоғары биіктерден ғана көрініп, әрдайым да өзінің осыншалықты алып ақын, кемел ойлы данышпен тұлға екендігін де танытумен-ақ болмады ма?! Демек, соңыра бұның да Алматы төріндегі алып тұғырлы ұлы Абайдың тас-мүсініне оның жыр мұхитындағы ғажайып ғұмырының кез-келген кезеңін арқау етсе де болады екен-ау!

Хакімжан осы кезде жол үстіндегі асқақтай өсіп тұрған әлдебір алып ағаштың етегіне келіп, іргедегі тауға, сонау күнге шағылысып, тіптен биіктеп кеткен ақ тақиялы шыңдарға тағы да бір мәрте үңіле көз салды. Не деген салқар тереңдік, Абай жырлары да, Абайдың даналықпен айтылған ойларында да осындай бір тереңдік пен биіктіктер ғана шалқып-тасып жатқан жоқ па?! Қай кезеңде де, бұның өзінің қай жасында да... Өзінің қандайма бір жауһар жыр жолдарын тездетіп ақ қағаздың бетіне түсірудің кезінде де... Өзінің қайсы бір даналық сөздерін айтқанда да... Жоқ, Хакімжан ел таныған, халықтың жүрегінде мәңгіге жатталып қалған ұлы ақын, данышпан тұлғаның шынайы өз бейнесін қалыптауды, соңыра сәті түсіп, Алматының қай тұсындағы көрнекті жерге орнатылса да, халайық өз рухани өміріндегі шынардай-ақ болып шырқап тұрған алыпты, дана тұлғаны күнде жақын жерден көріп, оның аруағы алдында бас игісі келгендердің бәрі де сонау бала кезден-ақ өздерінің жүрегінде жатталған, өздері енді өзге жұрттардың мәдениетінде, өнерінде бар тас қашап, адамның дидарын, тұтастай кеудесі мен асыл тұлғасына дейін мүсіндеу деген әдістердің көмегі арқасында Алматының қақ төрінде өздері бетпе-бет көргісі, онымен тағы да сағыныса көрісіп, ағыл-тегіл сыр түйгісі келгендердің бәрінің де көңілдерінен шығатындай немесе Абайдың соқтықпалы, соқпақты өмір белестерінен өтіп, өзінің ақындығы, даналығымен нағыз халық қамқоршысы болып, ел ағасына айналған кезіндегі болмыс-бейнесімен де кездескендіктерін қалады. Өзі білетін, өзінен-өзі-ақ өз көкейінде алыстағы сарқырамалардың салқарындай-ақ болып, зор екпінмен осыншама ағылып-төгіліп келіп, құйылып жатқан жырларын өз қиялында іштей тағы да күбірлей оқып, оның даналық сөздерін де ақырын іштей күбір-күбір етіп, сан рет қайталай берді... Бұл кезде Хакімжанның өз қиялындағы, жоқ-ау, тек бір өз қиялындағы ғана емес, өз бай шығармашылығы, өз дәуіріндегі даналығы, онда да, оның өзі туралы ел арасындағы талайғы аңызға айналған әңгімелердің сөлі, қаймағы дерліктей-ақ толыққанды, салиқалы жүзі өзінің көз алдында тағы да көлбең-көлбең етіп тұр еді. Ха-ха, алдағы бұл бейнелейтін ескерткіште өзінің басында әкеден, тіптен, арғы дәуірлердегі аталарынан қалған өнегедей, керемет қонымды бір тақиясы бар, иығына өңірі ашық желбегей шапан жамылған Абай Құнанбаев сол қолына жыр кітабын, мейлі, өзінің көзі тірісінде баспадан жыр кітабы шықпаса да, қолжазба-кітап түріндегі рухани шедеврларын қысып ұстаған күйінде терең ой үстінде және аяқтарын ілгері қарай ақырын басып келе жатса... Ха-ха, ол ол ма, бұл соңыра әлгі өзі күні-түні бір тыным таппай, осыншама ерекше тұрғыда мүсіндеген алып ақынның ескерткіш-тұлғасы бұның өзіне сыры әбден мәлім, әрі сапасы да әжептәуір жоғарылау қоладан құйылып, ал, оның астындағы биік тұғыры қымбат бағалы граниттен тұрғызылса, тіптен-ақ қатып кетпей ме?!

Хакімжан сол күні үйге тым кештеу оралды. Қуанышы да шаш-етектен. Түнімен тағы жөндеп ұйықтай алмай, ұзақ армандаумен болды. Атақты мүсінші-монументалист, талайғы құрлықтардағы алып елдердің үлкен шаһарларында қолтаңбасы қалған Вичетич, оның шығармашылықтағы шеберліктері хақындағы естігендері есіне түсті. Бертінде оның өз аузынан естігендері тағы бар... Жоқ, енді бұның өзі де: «Аһ, соңыра үйтсем-ау, бүйтсем-ау!..» – дегендей басты бір байламдарын жасады. Атақты Вичетичтың әр кезеңдерде үлкен шеберлікпен жасаған әлемдік деңгейдегі талайғы атақты ескерткіш-мүсіндерін де өзінің көз алдына дейін елестетіп әкеліп, соңыра өз көркемдік биігіндегі алып Абайды да өз дәрежесінде осыншама жарқырата көрсетсе, қаланың сәулетіне әлден-ақ ерекше сән қосқалы тұрған тас-мүсінді Абайдың да абыройы тіптен-ақ асқақтайын деп тұрған жоқ па?! Артынан Хакімжанды алда әлі өзімен шығармашылық бірлестікте қызмет жасауға әлден-ақ сақадай болып отырған алматылық танымал сәулетші, кезінде Алматыны заманауи архитектуралық ескерткіштермен ажарлауға өзінің айрықша үлесін қосқан, ал, бертінде, тіпті, өзінің ерекше жасанған көрік-келбетімен өзге жұрттарды да таң қалдыра бастаған қаламызды сәулеттік ескерткіштермен айшықтап, әсемдеудің кезінде сонау Еуропа, Азия және Американың талайғы іргелі орталықтарында небір тарихи-мәдени, жоғары сапалық деңгейдегі архитектуралық ескерткіштер тұрғызған, есімі бүгінде әлемге танымал суретші-мүсінші Е.В.Вучетичпен біраз істес, сырлас-дос болған И.И.Белоцерковский де қолдап-қолпаштап: «Хакімжан, енді мына бір тұста былай етсек, сенің ойға алған, арманыңа қанат бітірген дүниеңнің бәрі де тіптен қатып-ақ кеткелі тұр», – дегендей қылып, өзіндік бір ой-пікірлерін алға тартып, ал, болашақ атақты «Абай Құнанбаев» ескерткіш-мүсінінің тұғырын ақынның алып тұлғасын мазмұндық жағынан әлі де толықтырып, әрі мен сәнін үсті-үстіне тағы байыта түсетіндей немесе «алып Абайдың шынайы өмірдегі, не өнердегі өз шыққан биігін символдық тұрғыдан бейнелеп, бүгінгі адамдарға және келер ұрпаққа да айрықша әсер ететіндей етіп, өзінше бір көлбеу өрлетейік» дегенді де айтыпты. Аһ, Хакімжанның сондағы қуанышында бір шек болса еді-ау, тегі! Тек әзірше қиялдағы көркем бейнесінің шалқарын шашыратып, орта жолдан төртасын төгіп алмай, соңыра Алматыда бастау алғалы тұрған атақты сынақ-байқауды ұйымдастырып өткізетін құрметті комиссияның алдына дейін тезірек жеткізіп үлгерсе етті!

Қызық жағдай, өнердегі өзінше бір қызықты тағдыр да емес пе? Әйтсе де, өнер адамдарының өміріндегі өте сирек кездесетін оқиға! Хакімжан кеше ғана әрдайым өзінің осылайша жаны қысылып, жалма-жан сырласуға, өзіне ақыл қосуға жанашыр-дос таппай отырғанында, ылғи да өзінің алдынан жүзі жарқырап шыға келетін алып Алатаудың кең қолтықты баурайына бекерден-бекерге бармапты. Бір тек сондағы тауға, алып таудың шың-құздары мен әрдайым өзіне киесі мен қадір-қасиетін анық сездіре беретін сән-салтанатына қарап, іштей бір қуатты әсер-күйдің өзінше бір ыстық құшағына бөленгенде-ақ, асқақ арманына тағы да өзінше бір арман жалғап, өзіндік қиялдарын тағы бір жаңа қиял өрнектерімен де байыта түсіпті. Аһ, бұндай көңіл-күйді бұл бұрын-соңды өз басынан өткеріп көріп пе екен десейші?! Өзі де тіптен қыран қанаттанып, шығармашылықтағы өршілдігіне дейін еселеп арттырып, үйде отырып-ақ, өзі қанша күндерден, тіпті, сонау балалық, жастық шақтан бері армандап, соншалықты үміт-сенім артқан тақырыптағы жұмыстарына үлкен бір құштарлық сезімінің ыстық құшағына бөленіп отырып, сондағы жұмыстарын да сәтті тұрғыда бастапты. Бұны сол кезде оның өзі де, өзгелері де байқапты. Рас, бұнда да Хакімжанға өзге емес, өзі балалық шақтан бері ерекше құштарланып, ұдайы өзінің қолынан тастамай, қолайы келген сәттердің бәрінде де осыншама шұқшиып үңіле беретін ұлы Абайдың өз талантты туындылары мен оның әр жылдарда тереңнен толғатып, асқан даналықпен айтылған сан қилы тақырыптардағы және халықтың өмірін тегістей қамтитын телегей теңіз ойлары бірден көмекке келіпті. Бұрынғысы бұрынғысы ма, дәл сол бір сәттерде де алып ақын, кемел тұлғаның кітаптарына бір көз салса-ақ болды, данышпан Абай сол сәттердің бәрінде де бірден оның көз алына дейін елестеп, өзінің бар болмыс-бейнесімен де көріне берген ғой! Ең бастысы, сондағы жас таланттың тілегі көктегі мың-сан қанатты періштелердің де құлақтарына шалынғандай-ақ болып, сондағы барлық тілегі де бірден-ақ қабыл болмады ма?! Эһ, бәрінен бұрын, шығармашылық рухына бөленген Хакімжанның сол кездегі жанын жадыратып, соншалықты көңілін тасытқан қуанышын-ай десеңші?! Ол сонда өзінің ұлы Абайдың алдындағы бір перзенттік, замана биігіндегі суреткерлік парызын абыроймен өтегендей бір ерекше көңіл-күйді де бастан кешпеді ме?! Соның артынша-ақ Алматыда өткен сынақ-байқаудың кезінде қазақтың талантты жас мүсіншісі, өз өнерінің хас шебері Хакімжан Наурызбаевтың «Абай Құнанбаев» атты ескерткіш-мүсін-жобасы алқалы топта кәдімгідей алымдылық танытып, сондағы қаншама күндерден бергі «бас бәйгеңді шаппай-ақ бергейсің» деп, осыншама жұлқынып-ақ тұрған талайғы өз бәсекелестерін жеңіп шықты.

Бүгінде ұлы Абайдың Алматыдағы әлем жұртшылығы білетін, әрі ерекше қатты ұнататын дара ескерткіш-мүсіні осыдан алпыс жылға жуық уақыт бұрын, өмірге осылайша үлкен даярлықпен келіпті. Халқымыздың өзінің дара ұлы, данышпан тұлғасына деген зор сүйіспеншілігі мен асқан құрметінің қайнары жаңа бір кезеңде осылайша тағы толысып, дананың даналығына деген сағынышы да осылайша өзіндік бір жалғасын тауыпты. Бұл ескерткіш-мүсін бертінде өзінің газет-журналдардағы түрлі-түсті суреттері, теледидардағы бейнесі арқылы тек ел ішіне ғана емес, барша әлемге де тарап кетпеді ме? Бір қызығы, тамаша суретші, мүсінші-монументалист Наурызбаевтың ұлы Абайдың өзінің даналықтың шырқау биігіне дейін көтерілген шағындағы ғажайып өмірін бейнелейтін, әрі кеше ғана Алматыда өткен үлкен сынақ-байқауда үздік шыққан тарихи ескерткіш-мүсіні жобасы Қазақстанның сол тұстағы бірінші басшысы, әдебиет пен өнерді жете түсінетін, әрі жас таланттарды дер кезінде қолдай білетін ардақты тұлға Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың да кең тұрғыдағы қолдауы мен шапағатына бөленіпті... Бұл өзі осыдан ондаған жылдар бұрын, өмірде шын қалай болса, осы тұста біз де бұл деректі сол күйінде ғана келтіргенді жөн көрдік. Дінмұхаммед Ахметұлы талантты жас мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың Алматыдағы көптен бергі осыншама шулата айтылып келген үлкен өнер бәйгесінде ақбоз аты озып келіп, өнерлі тұлғаның басына бақ қонғалы тұрғандығын бірден қолдап, сол бір сәттердегі өзінің де қатты бір қуанышқа берілетіндей себебі, ол осы бір кезге дейінгі «өзімнің мүсіндеу өнеріндегі тындырып үлгергендерімнен гөрі, алда әлі тындырарым көп деп», алдына әлден-ақ үлкен мақсат-мұрат қойып, өз өнеріндегі шеберлік шыңына дейін жетуге осыншама жан салып жүрген талантты мүсінші-суретші Хакімжан туралы, оның әу баста бұл өнерге және осынау тау бөктеріндегі әсем Алматыға дейін қалайша жеткендігі хақында соған дейін республикалық Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, әрі өзіне ұстаз-тәлімгер санайтын мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтан да көп естіпті. Бірде, дейді, – бұл, сірә, кешегі күркіреп өткен соғыс жылдары, онда да, тылдағы Қазақстанның ірге түбіндегі Сталинградтың түбінде небір жан алысып, жан беріскендей талайғы кескілескен ұрыстар жүріп жатқан кез болса керек, – Нұртас Дәндібайұлы сол кезде майдандағыларға азық-түлік даярлаудың жәй-жапсарымен жан-жақты және тереңірек танысу мақсатымен шалғайдағы Қостанай облысына барғанда, оның өңірдің өзге бір қиырындағы Ұзынкөл ауданына да жолы түспей ме?! Мезгіл қақаған қыстың кезі еді ғой, саршұнақ аяз да жан шыдатар емес, аудандық атқару комитетінің төрағасы Алматыдан келген жоғары лауазымды басшылармен бірге, беті сәл мұздақтана бастаған күртік қарды омбылап, біраз жерлерге дейін барып келген соң, Нұртас Дәндібайұлына өзінің кеңседегі кабинетіне кіруді өтінеді.

Кабинет те салқындау, жағалай терезелеріне қасаттанып мұз қатқан, бірақ, сондағы бір бұрыштағы стол үстінде тұрған атақты Горький мен жыр алыбы Жамбылдың балаңдау қолдан шыққан тас мүсіндерін көріп: «Бұны кім жасаған?» – деп сұрап қалмай ма?! Төраға сәл жымиып: «Ие, осында бізде бір мүсінші бала бар еді. Бұрын өзі ауылда тұрған. Адамдардың фотодағы, не кітап пен газет-журналдардағы суретіне бір қарап жіберіп, балшықтан сол әлгі бір көргендегі зердесі арқылы-ақ кез-келген адамның бейнесін дәл өзіндей-ақ етіп жасап шығатындай да қабілеті бар екен. Он саусағынан өнері тамған баланың балауса жұмыстары аудандық байқауда да әлденеше мәрте топ жарыпты. Соның талантты өнерін қолдайық деп, бірқатар бұйымдарын осында қойғыздық. Өзі жалғыз көзді, тағдыры тым аяныштылау...» – дейді өзі де қинала үн қатып. Кезінде жер-жерден талайғы жағдайы нашар талантты балаларды жинап әкеліп, талайғы өңірлердегі орталықтарда және Алматыда да оқытып-тоқытып, қатарға қосуға талай рет қол ұшын созған атақты Оңдасынов бұндайда қайдан үн-түнсіз қалсын?! «Кәне, шақыртшы, өзін! Өзінің сәл балаңдығы ғана болмаса, талғамы, талабы әлден-ақ зор екен!» – деп, артынша ұялшақтап, өзінің жүзін сәл төмен қарата беретін бала мүсінші Хакімжанның өзінен сыр тартып, әрі-бері сөйлесіп көрсе, әлгі балақанның өзінің өнерден тіптен қол үзбей, алда әлі кәсіби тұрғыда тереңдетіп оқығысы да келеді екен.

Оңдасынов кейін облыс орталығына келгенде, сондағы облыстық атқару комитетінің төрағасы Даниял Керімбековке Ұзынкөлдегі Горький мен Жамбылдың тас мүсінін сомдап, алда өнер жолындағы оқуға түскісі келетін суретші баланы Алматыға қалай да тездетіп жеткізуді өтінеді.

Көп мәселе осы жерде түпкілікті түрде шешіледі.

Баланы алдын-ала Алматыға баруға даярлайды. Ал, Хакімжан келер жылы оқу басталарда, Алматыға арнайы шақыртылып, бірден сондағы Көркемөнер училищесіне қабылданып, жер-жерден жиналған өзі сынды жас таланттармен бірге оқи да бастайды. Қызық тағдыр, баланың бойындағы ұшқындаған таланты да тіптен зор екен. Өзі анасынан жастай жетім қалып, біраз жетімкөңілділікті де бастан кешкен. Кешегі соғыс жылдарында Алматыға кеше ғана қалың жаудың қолы астында қалған Батыс өңірлердегі адамдармен бірге эвакуациямен келіп, ал, дәл Хакімжан астаналық қаладағы Көркемөнер училищесіне оқуға түсетін жылы, сондағы мемлекеттік қабылдау комиссиясын басқарған харьковтық тынымал мүсінші, Харьковтағы В.В.Верещагин атындағы өнер мұражайы жанындағы өнер мектебі мен Харьков Өнер университеті мүсіндеу факультетінің түлегі, тас сырлары арқылы адамның өршіл мінезі мен ыстық сезімін паш етудің шебері Ольга Николаевна Кудрявцева Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың ұсынысымен жеткізілген баланың мүсіндеу өнерімен жан-жақты таныса келіп, өз көздерінше бір нәрселерді де жасатып, оның өнері, шеберлігі мен кеудесіндегі жігеріне өте қатты разы болып, мүсінші баланың тағдырына талайдан бері осыншама зер салып, бәрін сырттай қадағалап отырған қайраткер Оңдасыновқа жіберілетін ресми хатқа өзінің тасқа басқандай әдемі жазуларымен «Бұл бала дәл қазіргі кезде Алматыда үйретілуге тиісті нәрселердің бәрін де біледі. Ол ендігі жерде Мәскеудегі архитектуралық институтқа оқуға баруға тиіс» дегендей сөздерге дейін де жазыпты.

Алматыдағы Абайға арналып тұрғызылмақ болашақ ескерткіш-мүсіннің авторы елдегі басқа да жер-жерден жиналған талантты балалармен бірге, сол жылы жолдамамен бірден Мәскеуге қарай жөнелтіледі. Алматылықтар сол кезде болашақ өнер тарланы Хакімжанның өнердегі тағдыр-талайына қатысты шаруалардың бәрін де дер кезінде жасап, жан-жақты үйлестіріп үлгергенмен, сол екі ортада тек бір нәрсені ғана ескермепті. Мәскеудегі архитектуралық институт бар-жоғы жеті кластық қана білімі бар баланы мемлекеттік қабылдау емтиханына жібере алмайды екен... Оның бәрінің де сұрауы, үлкен жауапкершілігі тағы бар... Түсінікті-ақ, бірақ, Хакімжан да тырмысып болмапты... Ол сонда өзіне осының бәрін түсіндіргісі келгендерге барынша қарсылық көрсетіп, әрі өзін де бір қайсарлық танытып: «Менің алда қалай да оқуым керек. Мен енді бұл Мәскеуден ешқайда да кетпеймін», – деп, аталмыш институттың ауласынан шықпай, ақыры сондағы даярлық бөліміне қабылданып, өзі күзде сол жоғары оқу орнының ғимаратында пешке от жағушы болып, жұмысқа да орналасады. Түнгі сағат үште тұрып, таңғы сағат 8-ге дейін пешке күрекпен көмір салып, ыс иісі мүңкіген жеркепенің ішінде отыратын. Өзінің бертінде жүзеге асырған бірқатар эскиздерін де сонда жасапты. Арманы тіптен асқақтап, шаршағандығын да сезбейтін... Ал, ертеңгілік сағат 9-да институттың даярлық бөліміндегі сабағына қатысуы керек...

Бұл кезде Харьковтағы мемлекеттік Көркемөнер институтына кеше ғана ректор болып келген мүсінші-педагог, Хакімжанды өзінің Алматыдағы эвакуацияда жүрген күндерінен бері-ақ жақсы білетін Ольга Кудрявцева өздері ендігі Мәскеуде оқып жүр-ау деп ойлаған Хакімжанның басындағы қалыптасқан қиын жағдайды естіп, енді оны тездетіп Харьковқа алдыртып, сондағы өзі басқаратын институтқа еш қиындықсыз қабылдап, ел қатарлы оқыта бастайды. Хакімжан мүсіндеу өнеріндегі монументальды ескерткіш-мүсіндер жасау, әсіресе, өнердегі небір айтулы тұлғалар, соның да ішінде, әдебиеттегі, өнердегі алыптардың өмірі мен бай шығармашылығын әр қырынан үндестіре отырып, заманмен, қоғаммен әрдайым құшақ жайыстыра қауыштырудың көптеген құпияларын өзінің кешегі Алматыда оқыған жылдарынан бергі ұстаз-тәлімгері Ольга Кудрявцеваның талайғы ұлағатты дәрістерін тыңдап, өндірістік тәжірибелері кезінде мықтап бойға түйгендігі байқалады...

Шынында да, қызық тағдыр, елге, жұртқа да өлшеусіз үлгі-өнеге болатындай-ақ жағдай емес пе?! Оның үстіне, өз уағында мемлекет қайраткері Оңдасыновтың тарапынан жасалынған үлкен бір жанашырлығы мен қамқорлығы арқасында ғана өзінің өнерге деген соншалықты зор ынта-жігері орта жолда су сепкендей-ақ болып, мүлдем басылып қалмай, ендігі жерде үлкен кәсіби жолға түскен жас талантты мүсінші Хакімжан Наурызбаевпен басқа кездердің бірінде емес, дәл осы өзі әу бастан-ақ басты назарында ұстап отырған ұлы Абайдың таяуда Алматыда тұрғызылмақ алып ескерткіш-мүсініне байланысты өткізілген сынақ-байқаудан озып шығып, қуанышы кереметтей тасып жүрген шағында кездескендігіне Дінмұхаммед Ахметұлы да ерекше қуанышты-ақ еді. Соның артынша-ақ, осының бәрін таныстары арқылы Хакімжанның өзі де естіп жатыр: «Бұл сол Хакімжан ба?» – дейді сонда Димекең алғаш бұның есімін естігенде-ақ маңайындағылардан тағы да тәптіштей сұрап. Өзін кешегі сынақ-байқаудың қорытындысымен егжей-тегжейлі тыныстырған адамдар: «Иә, Димеке, бұл сол әлгі баяғыда өзінің шалғайдағы ауылында жітіншіде оқып жүргенде-ақ, атақты Горький мен Жамбыл атамыздың мүсіндерін сомдаған қостанайлық талантты бала Хакімжан ғой. Ол Харьковтағы Өнер институтын осыдан үш жыл бұрын ғана аяқтапты. Бұл күндері оның өзі де Алматыдағы Көркемөнер училищесінде болашақ жас шеберлерге дәріс оқып, тәлім-тәрбие көрсетуде. Өзінің осындағы өнерлі ортадағы беделі де әжептәуір-ақ екен», – деп жауап беріпті. Ал, ол кісі соның бәріне тіптен қатты разы болғандығын білдіріп, әрі өзінің қуанышы тағы көпке дейін басылмай, әлгі жерде іштей бір сүйсініспен басын шайқап тұрып, кеше ғана жүзден жүйрік шыққан болашақ Абай ескерткіш-мүсіні авторының ендігі жерде артық-ауыс ештеңеге алаңдамай, батыл іске кірісе беруіне сәттіліктер тілепті.

Бұның өзі де Хакімжанның дәл осы тұстағы шығармашылығына үсті-үстіне тағы бір үлкен күш-жігер қосқандай-ақ әсер етіпті. Өзінің осы кезге дейінгі азабы, толғаныстары және ағыл-тегіл ізденістерінің босқа кетпегендігіне шаттаныпты. «Алып Абай, ардақты Абай ата, өз шығармашылық және даналық ойларыңмен өзің де маған біраз болысқан едің ғой! Саған да мың да бір рахмет!» – дегенді де айтып үлгереді. Алайда, болашақ Абай ескерткіш-мүсінінің авторы өзінің кешегі үлкен сынақ-байқауда жеңіп шыққан туындысын өмірдегі нағыз шынайы ескерткіш-мүсінге айналдырардың аз-ақ алдында, алдымен, елдегі абайтану бағытындағы бірқатар іргелі еңбектермен кеңірек және жан-жақты танысып, тіпті, ол ол ма, өзіне жақсы таныс Абай шығармаларының әрқайсысын тағы да қаншама рет қайталап оқып, ондағы үлкен тереңдік, небір көз арбайтындай көркемдік құдіреттеріне үсті-үстіне тағы көз жеткізгендей болып, бір жағынан, кешегі күндері өзінің атақты роман-эпопеясын өмірге әкелудің кезінде өзіне бұрыннан жете таныс, әрі өзінің де бүтіндей балалық, жастық шағы өткен Абай елі, Абайдың сондағы туып-өскен ортасы, бүтіндей шығармашылық кезеңдеріне куәгер болған қарт Шыңғыстаудың баурайына тек бір жылдың өзінде ғана бірнеше рет барып, соның бәрінде де сондағы талайғы рет өмірдегі шын Абайдың өзін көрген, кешегі күндері Абайдың көзі тірісінде, онымен ұдайы тұрақты қарым-қатынаста болып, алыптың барлық шығармашылық сырларымен әбден жете таныс қаншама жандармен әр жолы да қуаныса көрісіп, әрі сондағы солардың үлкен бір тебіреніс-толғаныс үстінде айтқан естелік-әңгімелерін молынан пайдаланып, өзінің содан былайғы шығармашылықтағы жұмысының да тым тезірек алға басқандығы сынды, ендігі жерде бұның да алыстағы сол қадірі ерекше Абай еліне барып, өзінің де сол жақтан өзгеше бір әсерге бөленіп, осы кезге дейінгі өзіндік қиялдары мен көркемдік жобаларын талайғы тың дерек, сырлы әңгіме, тарихи дерек-мәліметтермен байыта түскісі келмеді ме?! Бұл сапар Хакімжанды қатты қызықтырды. Кейін, әрине, оның да өзіндік бір орайы келе қалды. Аһ, сондағы Абай елі, ондағы ұлы ақынның байырғы жерлестерінің дерегі мол, ерекше әсерлі әңгімелері, ой-хой, сондағы солармен әр жолғы жекелеген жүздесу, дананың өміріне қатысты телегей теңіз сырларға қаныға түсулері ше?! Бұл кезінде өзінің Абай өмірінен талай жылдар бойына іргелі ізденістерін сәтті жалғастыра жүріп, тынымсыз жұмыстанған атақты роман-эпопеясын өмірге әкелудің кезінде Мұхтар Омарханұлы талай рет барып, сондағы оның кейде айлап, апталап ел, жер көріп, талайғы жергілікті тұрғындармен кездесіп, талайғы тарихи оқиғалар, небір сыры терең тарихи орындардың шежірелеріне дейін тәптіштей сұрап біліп, ең бастысы, өз кезінде өмірдегі Абайды көрген, Абайдың қасында және қандайылықты айтулы кезеңдерде де қаншама рет бірге болған, не алып Абайдың өзіне ең жақын ағайын-туыстары ретінде әулеттегі былайғы кездерде көп айтыла бермейтін талайғы жағдайлардың сырын әріден терең білетін, сенің бұндайдағы осыншама  тәптіштеген қай-қай сұрағыңа да жан-жақты етіп жауап бере алатындай адамдардың көбісі бұл өмірде мүлдем жоқ болғанмен, заманында өмірдегі Абайдың өзін көргендерді көрген, Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты талайғы таңсық жәйттерді көзі тірісінде сол әлгі атақты Абайды көргендердін, Абайдың көптеген асыл жырларын өз тұсында оның өз аузынан естігендердің әңгімелеріне қанық адамдар сол өңірде әлі де бар еді.

Хакімжан сонда Шыңғыстау баурайына үлкен бір құштарлық сезіммен осылайша сапарлап келіп, сондағы алысты-жақынды талайғы жерлерді тіптен жаяулатып аралап, ал, осындайдағы ұзақты жол үстінде Абайдың аңызын әріден білетін тағы талайғы ондаған адамдармен кездесіп, сағаттар бойына олардың әңгімелерін еш жалықпай тыңдағандығы үшін бертінде ешқашан да өкінбеді, қайта өзінің бұндайдағы қуанышы үсті-үстіне тағы тасып, әсері тіптен де өршелене түспеді ме?! Бұрынғы өзінің оқыған-тоқыған, ақын, дана тұлғаның мәңгі өлмес талантты туындыларынан алған мол әсерлерінің үстіне, оның өмірдегі қарапайым қалпы, әдеттегі дағдысы, сөйлеу мәнеріндегі мақамдары, қас-қабағы, мөлдіреген тұнық жанарлары, сәлемдескендегі жұмсақ, жылуы мол алақаны, мейірім-шапағаты, адамға деген құрметі, сыйластығы, тағысын-тағы тек бір ұлы адамдарға ғана тән мінез-құлқына қатысты жан-жақты танып-білгендері ше?! Ойпыр-ай, сондағы өзінің тек бір тәуліктің ішінде-ақ шұрқыраса жүздесіп, кездескен жердің бәрінде де ағыл-тегіл сырласып, сондағы олардың барынша әсерлі етіп, әрбір айтқандарына дейін өзінің қойын дәптеріне мұқият жазып алған адамдары қаншама?! Апыр-ай десейші, сондағы солардың көп нәрселерді әріден қозғай отырып, осыншама қызықты етіп әңгімелеп, анық-қанық етіп айтуларындағы Абай бұрынғы бұл білетін, бұл таныған Абайдың өміріндегі әлдебір елең еткізерліктей көріністерді қайтара бір көз алдына дейін елестетіп, жаңа бір баяу-бедер, айшық, сызықтармен де байыта түскендігін қайтерсің?! Бірде Семейде, келесіде Жидебайда, тағы бірде Қасқабұлақтың маңайындағы бір ауылдарда Абайды еске алып, өз қиялында онымен қайтара бір кездесіп отырғанда да, әлгінде ғана кездескен әңгімеші-шежірешілерінің сөздеріне қарап, әлі де осы өңірдегі Абайдың байырғы өз ауылында, сондағы өзінің байырғы ағайын-туыс, жерлестерінің арасында жүрген өмірдегі шын Абайдың, жо-жоқ, ешқандай да бір қоспасыз, артық-ауыс әсірелеп, бояулары тым қалыңдатылып жіберілген Абайға еш ұқсамайтын қарапайым ғана кемел тұлғаның өзін де көріп, әсерленгендігі соншалық, дәл сол кезде өзі де бір тұстан Абайдың өзі де келіп қалған екен-ау деп, орнынан атып тұра жаздаған сәттері ше?!

Тәйірі-ау, мүсіншіге, қолына қалам ұстап, алда ешқандай бір әсерлі сөз жазып, көркемдік ойларын да ешқандай бір орайы келген сөз орамдары, не тілі жатық, қоры бай қазақ сөздерімен өрнектемейтін, тек бір ғана қарапайым тастың өз сыры, сол тастың өнбойындағы өз құдірет-күшімен тіл табысып, тастың ажар-көрік, сұлулық сымбатымен ғана жұмыстанғалы отырған мүсіншіге бұндай әңгімелердің қажеті бар ма еді?! Ха-ха, болғанда да қандай?! Абай ең біріншіден, заты қазақ, әрі өз дәуірінің сымбаты бөлекше жаратылған заңғар тұлғалы азаматы ғой! Ақын, данышпан тұлғаның да өз ішкі әлеміне бойлатып, қадір-қасиетін арттыра түсетін жағдайлары адамгершілік, азаматтық болмыс-бітімінде және өзіне тән мінезінде емес пе?! Аһ, ол кезді бұл енді қалайша ұмытпақ?! Сондағы әсерлерін алдағы Абайдың тас мүсінімен жұмыстанудың кезінде қалайша ескермесін?! Сондағы Абай заманы куәгерлерінің қай-қайсысы да өздерінің Абайға деген өзіндік бір шексіз сүйспеншілік, құрмет сезімдерін бірден дәл бір өздері ойлағандай дәрежеде жеткізе алмай, көп ретте қаралай тағы сөзден жаңылысып, кейде, тіпті, аяқ астынан тұтығып, жөндеп сөйлей де алмай қалғандай болмайтын ба еді?! Жоқ-ау, тіпті, сол кезде Абайды күнделікті өмірде көп көрмесе де, өздерінің оған деген құрметтерінің тым жоғары екендігі соншалық, өмірде оны бір көріп, қолын алып амандасып, ақыл-кеңесін тыңдамауды өздеріне күнә санағандай болып, талай мәрте ат арытып, түу алыстан бір қиырдағы Абай ауылына арнайылап келіп, ешқандай ескертусіз, алдын-ала олай-бұлай деп хабар ұшығын да жеткізусіз-ақ: «Ассалаумағалейкү-ү-үм, Абай аға?!» – деп, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған алып тұлғаның шаңырағына имене басып кіргендердің талайының әңгімелерінде де танымдық-тағлымдық жәйттері толып жатпайтын ба еді?! Алып Абайдың шаңырағына, не оны іздеп, алыстан ат арытып, жәй ғана адамдар келмейді! Соны өзі де жетік білгендіктен, Абай қай кезде де өз үйінің табалдырығынан аттаған жандардың бәрін де бірден төрге шығып, ал, бұл кезде өздері ас ішін жатса, олардың да дастархан басында өздерімен бірге отырып, әңгімелерін әрі қарай кең отырып, жалғастыруды да өтініп жатады екен.

(Жалғасы. Басы №10-санда)

 

1230 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз