• Ел мұраты
  • 28 Желтоқсан, 2020

БІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ – БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОЙЛАУЫН ДАМЫТУ

Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты, доцент

 Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали Серікбайұлы Мерзадиновке сұхбаты үшін алғысымызды білдіре отырып, аталған тақырып аясында, яғни, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру (Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 4 мамырдағы №15 Жарлығына сәйкес) мәселелері төңірегінде Академияның жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының кафедра меңгерушісі, саяси ғылым кандидаты, доцент Бүркіт Ғалымұлы Нұрмағамбетовпен әңгімелескен едік.  

Бүркіт Ғалымұлы, Академиядағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің ерекшелігі неде?

– Біздің магистранттар мен докторанттар қазіргі қызметкерлер болғандықтан, оларды оқыту теория мен практиканың өзара тығыз байланысы мен қызметтік міндеттерді шешуде ғылыми тәсілдерді әзірлеу қағидатына негізделген. Бұл үшін құқық қолдану практикасының проблемалық мәселелерін зерделеуге басты назар аударылады. Бұл ретте пайдалы теорияны қалыптастыру үшін білім алушылардың өздерінің әлеуеті барынша пайдаланылады. Осылайша, біз қалай жұмыс істеуді үйретпейміз, өйткені, оны тек іс жүзінде үйренуге болады. Біздің міндетіміз – ұсынымдар мен «құралдар» беру, күрделі мәселелерді шешу және білім алушылардың шығармашылық ойлауын жандандыру.

Магистрлік және докторлық зерттеу­лердің тақырыбы қалай қалыптасады? Тақырыптар қаншалықты практикаға бағдарланған?

– Магистрлік және докторлық диссер­тациялардың тақырыптары құқық қорғау органдарының практикалық қызметі­нің сұраныстары ескеріле отырып қалыптастырылады.Барлық тақырыптар тәжірибеге енгізілген және заңнамалық реттеу мен қолдану практикасының проблемалық аспектілерін ескере оты­рып жасалған.Мысалы, құқық қорғау органдарының ұсыныстарын ескере отырып, білім беру процесіне «Құқық қорғау қызметінде азаматтық заңнаманы қолдану проблемалары», «Қылмыстық іс жүргізу мәжбүрлеу шараларының құқықтық реттеу және құқық қолдану практикасының проблемалары», «Жедел-іздестіру қызметінің ақпараттық, тактикалық және болжамдық негіздері», «Басшының сөйлеу мәдениеті» және т.б. пәндер енгізілді.

Академияда қандай дайындық бағыттары бар?

– Бүгінгі таңда біз «Құқықтану» және «Құқық қорғау қызметі» мамандықтары бойынша ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистранттарды дайындаймыз. Бізде екі мамандық бойынша ғылыми-педагогикалық бағыттағы докторантура да бар. Өткен жылы Академия алғаш рет бейінді магистратурада басқарушы кадрларды даярлауды бастады. Құқық қорғау органдарының қажеттіліктерін ескере отырып, биыл магистратурада мемлекеттік тапсырыс көлемі қосымша 20 орынға ұлғайтылды.Ағымдағы оқу жылынан бастап қашықтықтан оқыту технологияларын қолдана отырып, магистратурада кадрлар даярлауды алғаш рет енгіздік. Қашықтан оқытудың болашағы зор екені жасырын емес. Егер бүгінгі күні Академия күндізгі оқуға тек 40 адамды қабылдай алатын болса, онда қашықтықтан оқыту шеңберінде білім алушылардың саны бірнеше есе артады, әрі практикалық жұмыстан қол үзбей, Академияның құқық қорғау органдарының кәсіби өзегін нығайтудағы рөлін арттырады.Пәндерді оқыту кезінде оқытудың заманауи әдістері қолданылады. Интерактивті әдістер, іскерлік ойындар, коучинг, батыру әдісі, жиынтық талдау және т.б. белсенді қолданылады.Академия құрылған сәттен бастап 108 маман оқытып шығарылды, оның ішінде магистратурадан – 95адам (2017 ж. – 26, 2018 ж. – 40, 2019 ж. – 39) және докторантурадан – 13 адам (2018 ж. – 3, 2019 ж. – 10).

Жұмысқа орналастыру мәселесі қалай шешілуде?

– Бізде жұмыспен қамту мәселесі мүлдем жоқ, өйткені, барлық білім алушылар құқық қорғау органдарының қазіргі қызметкерлері болып табылады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының магистратурасына және докторантурасына қабылданған қызметкерлерге оқу уақытына оқуға жіберілгенге дейін атқарған соңғы штаттық лауазымы (уақытша атқармайтын) бойынша лауазымдық айлықақысының жетпіс пайызы мөлшерінде лауазымдық айлықақы белгіленеді. Академия түлектерін құқық қорғау органдарының кадр резервіне алу тәжірибесі енгізілді. Осы мақсаттарда, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін үшжақты келісімшарт жасалады (Академия – қызметкер-құқық қорғау органы), оның шарттары бойынша соңғысы оқуды аяқтағаннан кейін түлекті бұрын атқарған лауазымынан төмен емес лауазымға тағайындайды және оны кадр резервіне есепке алады.

Академия магистранттары мен докторанттарын кім оқытады?

– Сабақтарды практикалық жұмыс және ғылыми-педагогикалық қызмет тәжірибесі бар оқытушылар жүргізеді. Біздің профессорлық-оқытушылық құрам – құқық қорғау органдарының талдау материалдарына қол жеткізе алатын, практикаға жақын адамдар. Практикамен байланысын жоғалтпау үшін олар жыл сайын тиісті органдарда тағылымдамадан өтеді. Осымен біз құқық қорғау жүйесіне кірмейтін басқа заң жоғары оқу орындарынан ерекшеленеміз.

Оқу үрдісіндегі басты тұлға оқытушы болып табылады. Сондықтан, білім беру сапасын қамтамасыз ету саясаты оқытушылар корпусын қалыптастырудан басталады.Бүгінгі таңда Институтта кәсіби оқытушылар корпусы құрылған. Институттың ғылыми әлеуеті 2 ғылым докторынан және 17 ғылым кандидатынан, 2 философия докторынан (PhD), 10 құқық және заң ғылымдарының магистрінен тұрады.

Оқушылардың кәсіби деңгейі қандай?

– Академияға оқуға келген қызмет­керлердің кәсіби деңгейі тиісті деңгейде. Олардың құрамы әртүрлі. Біреуі кеше жұмысқа келген қызметкер болса, екіншісі тәжірибелі, сұранысқа ие кадр болуы мүмкін.  Тиісінше, олардың оқу процесіне деген сұраныстары мен үміттері де әртүрлі. Сондықтан, біз бәріне үйренуге ыңғайлы болу үшін «алтын» ортаны табуға тырысамыз.

Мысалы, біздің докторанттарымыздың зерттеулері негізінде Білім және ғылым министрлігі және Назарбаев Универ­ситетімен бірлесіп мынадай жобалармен жұмыс басталды: «Қауіпсіз люктер», «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөніндегі талдамалық бағдарлама» және «Педофилияның алдын алу». Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетімен және Академияның магистранттары мен докторанттарымен бірлесіп әлеуметтік сараптама қорытындысы бойынша «Бала қауіпсіздігі», «Үйдегі баланың қауіпсіздігі», «Кәмелетке толмағандарға ішімдік және темекі өнімдерін сату» атты қысқа метражды фильмдер дайындалды.

Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан

Диана ІЗБАСАР

882 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз