• Еркін ой мінбері
  • 29 Желтоқсан, 2020

ТУЫМЫЗДЫ НЕГЕ ҚАСТЕРЛЕЙ АЛМАЙ ЖҮРМІЗ?

Руслан ХАМЗА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының атқарушы директоры

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әр елдің өзінен басталады. Егерде бөтен елдер Гимнімізді шатастырып, масқаралап жатса, оның себебін өзімізден іздеуге тура келеді. Ал, рәмiздерiмiздi ұлықтау, құрмет тұту – бiр Тудың астында берекелi күн кешкен жандарға ортақ мiндет.
Тұғырлы Тудың қасиетiн айтамыз, бiрақ сол қасиеттi қорлап жатқандарға бұл күнi қандай жаза қолдана алдық? Ойландыратын жайт.
«Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым».
Сүйінбай бабамыздың мұндағы «қайдағысы» жанып тұрған намысы ғой! Жазатайым сол бөрілі байрақ құласа, не болар еді? «Бөрілі байрақ құласа, күйремей кеткен жан емен». Ал, мынандай бейбіт заманда байрақ құлағаны былай тұрсын, Мемлекеттік Туымыз қайта-қайта қорланып жатыр. Ендеше, қорланған Туымыздың көрінісін есімізге түсіріп көрсек артық болмас.
Арыға бармай-ақ қояйық, әйтпесе сөз ұзарады. Беріден бастайық.
2010 жылы қыркүйектің басында Тараздағы Абай атындағы гуманитарлық колледжде өткен сенбілікте көк байрақпен қоқыс тасып жүрген екі студенттің ұялы телефоны арқылы түсіріліп алынған бейнекөрініс масқара болып жарияланған болатын. Алайда, аталған дерек бойынша қандай да бір шара қолданылғанын естімедік.
Сол жылдың желтоқса­нында Талды­қорғанның мамандандырылған аймақаралық әкімшілік сотында ҚР Мемлекеттік Туынан шырша ойыншықтарына арналған қап тігіп, сатылымға шығарған «Жигули» компаниясының тірлігі май шаммен қаралды.
2012 жылғы наурызында Нұр-Сұлтан қаласындағы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ғимаратының төбесінде жыртылып қалған ҚР Мемлекеттік Ту бірнеше күн ілініп тұрды. Аталған мекеме осы келеңсіздік үшін кешірім сұрауға да жараған жоқ.
ҚР Мемлекеттік Туды қорлау фактісі, 2012 жылғы сәуірдің басында Атыраудағы Орталық ықшамауданындағы Көлік прокуратурасының ғимараты жанынан көшені тазалап жүрген гастарбайтерлердің қоқыстарды еліміздің көк байрағына салып жүргені байқалды. Атырау облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, аталған факт бойынша қылмыстық іс ашылып, күдіктілерді және еліміздің Туының олардың қолдарына қалай түскені анықталып жатқанын хабарлады.
2012 жылдың шілдесінде ХХХ Жазғы олимпиада ойындарының ашылуы қарсаңында Лондонның орталығындағы Парламенттік алаңда, күн бейнесінің орнына тесігі бар ҚР Мемлекеттік Туы орнатылған. Сол Туға байланысты «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты А.Перуашев сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы М.Құл-Мұхаммедке ашық хат жолдаған болатын. Алайда, осыған тікелей жауапты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі нақты ресми жауап қайтара алмады.
2012 жылғы қыркүйекте1989 жылы туған К. есімді Атырау қаласының тұрғыны «Мерседес Бенц-320» маркалы автокөлігінің алдына Қазақстанның Туын заңсыз орнатып, жазаға тартылды. Әрине, «атыраулық азамат осылай еліне деген патриоттық сезімін көрсетпекші болған шығар, содан көлік капотын да білместіктен жапқан шығар» деген ой келсе де, Атырау қаласы прокурорының аға көмекшісі атап өткендей, соттың шешімін қатаң жаза деп санауға болмайды. К. есімді әлгі азамат көлігінің лас капотына Туды қалай болса, солай жапсыра салғанын айтты. Бұл қадамға ол саналы түрде барған болып шықты.
2014 жылы шілде айында әлеуметтік желіде Қазақстанның Мемлекеттік рәміз­дерінің бірі – көк Туды жүк көлігінің брезенті ретінде пайдаланған сурет кеңінен талқыланды. Бұл фотоны танымал жүргізуші, шоумен Марат Оралғазин түсіріп, Instagram желісінде жария еткен болатын. Суреттен жүк көлігінің Алматы көшелерінде кетіп бара жатқанын байқауға болады. Бұл жөнінде жауапты министрліктерде және Парламентте нақты мәселе ретінде қаралмады. Қарасай ауданының тұрғыны А.Есімбеков небары әкімшілік жазамен құтылып кетті.
Нұр-Сұлтанда тұратын Жандос Құрманбаев балконына Қазақстан Туын Г.Головкиннің жеңісіне орай ілгенін әлеуметтік парақшасында: «ҚР жалауын терезе жаққа патриоттық сезіммен әрі #GGG жеңісіне байланысты ілгенмін. Бүгін жалауды алып тастады. 394 400 тг айыппұл салды». «Бұл қалай болғаны? Біз неліктен өз патриоттығымыздан, еліміздің жалауынан қысылуымыз керек? Түркияда, мысалға, Ту ілінбеген балкондар мен шатырлар сирек кездеседі», – деп жазады Facebook-тағы қолданушылар. Қорыта келгенде, Жоғарғы Сотының ұйғарымымен аталған іс қысқартылып, айыппұл алынып тасталды.
2015 жылдың 11 маусымы күні «Бек-Асыл Сервис» ЖШС-нің жұмысшылары Шымкенттегі Ғали Іляев көшесінің бойындағы қоқыс контейнерінен қалдық­тарды тазалауға М.Сайлаубаевтың басқа­руындағы «Dong Feng» автокөлігімен келеді. Жәшіктен қоқыстарды алып жатқанда арасынан ақ түсті қалтадан Қазақстанның Мемлекеттік Туы табылады. Жұмысшылар Туды жайып, соған қоқысты сала бастаған. Бұл сәттің фотосуреттері сол күні-ақ ғаламторға тарап кетеді. Ал, коммуналдық жұмысшылар туды қорлағандары үшін жазаланды. Шымкенттегі әл-Фараби аудандық сотының 2015 жылдың 8 шілдесіндегі үкімімен «Бек-Асыл Сервис» мекемесінің екі жұмысшысы Т.Биболат және Г.Қалдыбаева айыппұл төледі.
2015 жылғы қазан айында Қазақстандық тәттіқұмарлар шоколад қабындағы ҚР Мемлекеттік Туының суретіне лайықты құрмет көрсетпейді. Сенаттың пленарлық отырысында сөз сөйлеген С.Еңсегенов ҚР Мемлекеттік рәміздерін пайдаланатындарға көңілі толмайтынын жеткізді. Аталмыш шоколад «Рахат» АҚ шығаратын өнім болып табылады. АҚ басқарма төрағасы міндетін кәріс азаматы атқарады. Шетелдік компанияларға ҚР Мемле­кеттік Туын ілу Конституциялық заңмен міндеттелмек пе?
Кезінде Парламенттің Сенат отырысында «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» №258 Конституциялық заңына осындай өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс қаралды. Өкінішке қарай, аталған заңға өзгеріс жасалғанымен шетелдік компаниялар кеңселерінің алдында қазақтың байрағын желбіретуге аса құштар емес.
2016 жылы Ольга Шумилова ҚР Мемле­кеттік Туын қоқысқа тастағаны үшін қоғам сынына ұшырады. Қостанайлық әйел халықтан кешірім сұрап, қатаң сөгіспен жазадан құтылды.
2017 жылы қазан айында Қызылорда қаласының тұрғыны Сұлтан Тумашинов шағымданған болатын. Азамат патриот болғаным үшін заң алдында жауапқа тартылдым деп ашынып отыр. Мемлекеттік туды терезесінің алдына іліп қойғаны үшін айыпталған азаматқа 453 мың теңге көлемінде айыппұл салынып отыр.   Қызылордадағы Ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы тиесілі пәтердің терезесінде ілініп тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көріп, осы азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, ҚР Жоғарғы Сотының ұйғарымымен қабылданған шешімнің күші жойылды.
Түркістан облысы Келес ауданының білім ошағында Қазақстан Туына түйреуішпен дәрі тамызғыш іліп, ем алып жатқан әйелдің видеосы таралып кетті. Оқиға Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Абай ауылындағы Саз мектебінде болған. Сарыағаш ауданының тұрғыны Л.Дарханбаева Facebook желісіндегі парақшасына 2020 жылдың 6 тамыз күні сағат 13:50-де Келес ауданы Абай ауылында орналасқан Саз мектебі басшысының міндетін уақытша атқарушы З.Умаргазиеваның Мемлекеттік Туды қорлағаны туралы жазба жариялаған. Оны Абай балалар саз мектебінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Асанов есімді мұғалімі ұялы телефонының бейнекамерасына түсіріп, әлеуметтік желіге салған болатын. Өкінішке қарай, құзырлы органдар басшыға қатысты ешқандай шара қолданбады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбеков: «Халқыма тек бақыт тілеймін. Білгенімнің бәрін халқымнан үйрендім. Менің еңбегімді бағалаған сол ұлтымның әр азаматы бала-шағасы, немере-шөбересімен бақытты ғұмыр кешсе екен» – деген екен.
Шәкен Ниязбековтың қазаққа тарту еткен тамаша Туы әрқашан тәуелсіз қазақтың көгінде желбіреп тұрғай!

Атырау қаласы

1935 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз