• Ұлттану
  • 29 Желтоқсан, 2020

ФИЛОСОФ БОЛМЫСЫ

«Ең білгір философқа түкке тұрғысыз
сұрақтарға жауап беру қиындық туғызады»
Хилон

Берік Аташ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер
кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы

Философия тарихының бастауынан-ақ қалыптасқан «Философия дегеніміз не?» деген сауал 2500 жылдай уақыт философиялық дискурс аясында бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан, нақты жауабы ұсынылмаған, метафизикалық мәселе ретінде тұрақтаған маңызды түйткілдердің бірі екендігі сөзсіз. Шындығында, бұл сауалдың түп-төркіні «Философ дегеніміз кім?» деген сұрақтан басталуы тиіс. Себебі, біріншіден, философияны тек философ және философиялық ой ойлайтын рухани тұлғалар ғана жасайды, демек, олар да белгілі бір деңгейде өздігінен-ақ философқа айналады. Сондықтан, философияны жасаған философтың қандай екені бұл тұста бастапқы мәселеге өтеді. Өйткені, ол философияны қалай түсінеді, солай қалыптастырады, ал философия тарихы сол философтар ұсынған идеялардан басқа  түк те емес. Екіншіден, «философиялық» деп сипатталатын атрибут «философтық» дегенмен сәйкес келеді. Егер де, сол философиялық мазмұнды қамтитын идея, құбылыс, табиғаттың мәні өздігінен-ақ, ішкі мағынасы жөнінен «философиялық» болатын болса, ол нақты дәйектеліп, талданып, сарапталып, философиялық деңгейге көтеріліп, қоғамдық сана оны сондай дәрежеде бағалаған болса, оның субьектісі  философ болып шығады, сондықтан, бәрінің әу бастан философтық екендігі түсінікті жайт. Ал философ болмаса, оның философиялық мағынасы да ашылмайды, демек, философ, сайып келгенде, бүкіл рухани және материалдық болмысқа философиялық мағына енгізуші немесе сол мағынаны философиялық деңгейде ашушы болып шығады. Үшіншіден, бұл сауалды тек философ қана сараптай алады, яғни, мәселе тек философқа ғана тағайындалғандықтан, әуелі сол философтардың, аталған түйткіл аясында ортақ бір жалпылама идеяға тоғысатындығы сөзсіз болғандықтан, «философия дегеніміз не» деген дискурсты философтың өзінің ішкі болмысын зерделеуден туындату рефлексиясы да нақты нәтижелер бере алады.  Төртіншіден, антика дәуірінің көне ойшылы  Протагор ілімінен бастау алатын «адам – барлық заттардың өлшемі» деген қағиданы ұқсату бойынша, «философ – философияның өлшемі» деген феноменологиялық ұстанымды байыптай аламыз. Ендеше, философ, тұтас дүниетанымның, философиялық білімдердің өлшеміне айналады. Бесіншіден, философия дегеніміз сол философиялық мәселелердің қойылуы, ұсынылуы, «шешілуі», бұдан басқа түк те емес. Немесе философия дегеніміздің өзі философтардың философияны қалай түсінетіндігі бойынша ортақ бір парадигмаларды басшылыққа алып ұсынған идеяларынан айни алмайды және мүмкін де емес деп айта аламыз.  Философиялық мәселелерді ұсынып отырған философ болғандықтан, «бұндай мәселелердің қойылуының мәні неде, ол қалай шешімін табады» деген сауалды ашу – алдымен сол философтың өзіне үңілуді қажет етеді. Ең басты мәселе – осы. Сайып келгенде, бұндай басты мәселені ашу, тек философияны ғана емес, жалпы дүниетаным мен адамзаттың руханияттық ой аймағының, әлемнің онтологиялық қыр-сырының, тұтастай тарихи-рухани таным жолының, т.б. түпмағынасын ашуға келіп тірелгендіктен арнайы зерделеуге тұратын іргелі бағдар ретінде құптауымызға болады. 

Сонымен қатар, философ басқа зиялы немесе ғылым иелеріне қарағанда, қоғамдық санада көп жағдайда өзіндік бір ерекше болмысы бар өзге үшін трансцендентальді феномен ретінде қабылданады. Өйткені, ол қоғамдық нормаларға сіңірілген қасаң стереотиптер мен қалыпты ойлау машығынан теориялық-практикалық түрде алшақтай алады, сондықтан, қабілетіне байланысты оның ой еркіндігі алаңы философ еместер үшін үш тарапта бағаланады: біріншісі, оңды – терең шығармашылық құндылыққа ие, көрегенділік танымды меңгерген, түсінуге, ұмтылуға тиіс идеалдарды жасай алатын тұлға, экзотикалық иірімдің егесі, асқақтаған идеяларды тудырушы, т.б. болса, екіншісі, жағымсыз – абсурдтылық пен интеллектуальді ойынқұмар, софистика мен схоластикаға әуесі, ешқашан іске аспайтын метатеориялармен әуре болушы, адасу мен психологиялық ауытқуларға да ұқсас «жалған» мәндермен айналысатын адам болып бағалануға дейін сабақтаса береді. Үшіншісі, К. Ясперс айтқандай, «Біз «философ дегеніміз кім» деген мәселеге арнайы тарауды арнағанмен, нақты жауапты тудыра алмадық. Бірақ бір маңызды ескертпе бар: философтың міндетті түрде өзінің жүйесі, әлемге көзқарасы болады. Бұл көзқарас неғұрлым терең және кең болған сайын, философ соғұрлым төлтума және мағыналы болады», деген сияқты көзқарастарға келіп тоғысатын бейтарап тоқтамдар деп тұжырымдай аламыз.

«Философ дегеніміз кім» атты мәселенің тек қана қойылуының өзі философ және философ еместер үшін ортақ болғанмен, философты ашу, оның болмысына үңілудің ерікті-еріксіз түрде өздігінен-ақ философиялық мәселе болып шығады. Сондықтан, онымен тек философ қана шұғылданатын интроспекциялық таза рефлексияға өтеді. Олай болса, қозғалып отырған мәселені тарих, құқық, миф, техника философиясы, т.б. тәрізді және Г.Струве, Фр.Кеппен сияқтылар ұсынған «философияның философиясы» деген де бағытқа жанасатын «философ философиясы» деп атауымызға болатын арнайы сала ретінде ажыратып ала аламыз. Себебі, «философтың философиясын философиялық емес тұрғыдан пайымдаудың жолы жоқ» деп кесімді пікір айтуымызға болады. Бұл мәселені философ емес адам талқыламайды, ал философтың қаншама мәрте философиялық емес тұрғыдан пайымдаулары бәрібір өздігінен-ақ философиялық болып шығады, себебі, қойылған мәселеге философиялық ойтаным өздігінен-ақ сіңірілген.

Бір қарағанда бұл мәселе ғылым этикасы, деонтология, ғылым социологиясының пәніне ұқсас. Бірақ бұл аталған ілімдерден, сәйкес жақтары бола тұра, айырмашылығы философ басқа ғалымдардан өзін оқшаулап барып қарастыра алатындығында, себебі, «философқа философиялық тұрғыдан келудің» өзіндік ерекшеліктерімен кезігеді. Нәтижесінде, философтың философты философиялық тұрғыдан зерттеуінің философтық болып айшықталатындығы туралы алгоритм алынады. Әзірге, философ дегеніміз – барлығына сырттай үстем және неғұрлым жалпылама көзқараспен қарай алатын, сыни ойлаудың жоғары деңгейіне көтерілген, тіпті қажет жағдайда өзінің ой-сана қоймасында қайшылықтар тудырып, оны өмір бойы шешуге бағдарланған, ақиқатты іздеуде шығармашылық рухының асқақтығына сенімді болып келетін, ерікті-еріксіз түрде продуктивті ойлауға тағайындалған «өзі-үшін-өзі» маңызды субьекті деп пайымдауымызға болады. Философ философиясы кең арналы, іргелі мәселе болғандықтан, оны әр алуан тұрғыда қарастырудың бағдарларын былайша ажыратуымызға болады: онтологиялық-космологиялық, экзистенциалдық-тұр­мыстық, феноменологиялық-герме­невтикалық, саяси-мәдени-әлеуметтік, психологиялық-этикалық, т.б. Осы бағдарлар аясында мынадай жалпы мәселелер тоғысын да ұсынып өтпекпіз: философтың ғарыштық әлемге, әлеуметтік қоғамға, нақты өмірге және философияға қатынасы мен кері байланыстары,  философтың өзіне-өзі (жеке Менге) қатынасы мен бағалауы (өзінің философ емес, жай адами және философ тұлғасын), философ пен жалпы руханияттық әлем, дана мен философтың ұғымдық арабайланысы, философтың философқа деген қатынасы, философтың әлем, қоғам, адамзат, тұрмыс-тіршілік алдындағы жауапкершілігі мен еркіндігі, т.б. мәселелермен тоғысатын жалпы философ болмысы. Мәселен, К. Ясперстің философтарды жіктеп көрсетуі философтың философқа қатынасын толғануға келіп тоғысады.    

Біз осы орайда, философ философиясын таразылауда жоғарыда атап өткен қырлары­ның ішінен экзистенциалдық-тұрмыстық бағдарды нысанаға алып байыптап өтпекпіз және оның ішінде «ақиқатты іздеу сәтіндегі философ болмысы» деген түйткілге тоқталамыз. Бұл мәселе Н.Бердяевтің трансценденттік алдындағы жалғыздығын түйсінуі, қайғының өмір белестері арқылы күшеюі мен сейілуі және зерігу мен қайғыдан азат философияны негізге алып, сол күнделікті өмірдің айтып жеткізілмейтін қайғысынан құтылу үшін ғана философ болғандығы турасындағы пессимистік сарынды экзистенциясы бойынша және осындай идеяға келіп тоғысатын көзқарастар арқылы ғана емес, кең көлемдегі жалпы тіршілік пен философ болмысы бойынша ашылуы тиіс. Немесе психоаналитиктер тұжырымдағандай, философиямен шұғылдануды «өмірден қашу», «сублимация», т.б. деп ұғынатын түсініктер де қарастырылып отырған мәселеде біржақты сипат алатындығын атап өткіміз келеді.      

Экзистенциалистік тұрғыдан, кез-келген философ ақиқатты іздеу аясында қаншама рет бәрінің салыстырмалы екендігін қайталап отырса да, екі ақиқаттан айни алмайды және міндетті түрде оған сөзсіз сенімді болады; біріншісі, өзінің бар екендігі, екіншісі өзінің идеясының түпкі шындыққа барынша жақын екендігі немесе сол идеяның иесі «өзі» екендігі. Мәселен, релятивистердің өзі, бәрінің салыстырмалы екендігін негіздей отырып, осы «бәрінің салыстырмалы екендігі» туралы идеяға сеніммен қарайды. Тіпті шеткі релятивист немесе скептиктің  өзі өз идеясына (сол релятивизм мен скептицизмді негіздеу туралы емес) күдікпен қарағанның өзінде, оның өзі үшін ғана шындық екендігінен әріге аса алмайды және сол сәтте релятивизм идеясын абсолюттендіріп үлгереді. Яғни, «абсолютті ешнәрсе жоқ» деген тұжырымды абсолюттендірген релятивист «абсолютті бір нәрсе бар» дегенді меңзейтін парадоксқа кезігеді. Келесі кезекте ол осы парадоксты әр түрлі тұрғыдан шешу мақсатын қойып отырады және рухани жетілген сайын өзін-өзі ішінара терістеумен философтық өмірін жалғастырады және бұның өзі өзінің жетілуі болып шыққандығымен қанағаттандырылады.    

Кез-келген философтың көзқарастар жүйесі философия тарихындағы философ­тардың ешқайсысының идеяларымен тура түбегейлі сәйкес келмейді, себебі, ол адамзат тарихындағы ой алыптарының ұстанымдары мен ұсынған пікірлерінің, тұжырымдамаларының, идеяларының ұтқырлығы мен ақылға қонымдылығына қарамастан, табылмай қалған ойлаудың арналары мен парадигмалары таусыл­майтындығына сенімді болғандығы өз алдына, жеке өзінің төлтума идеяларын, ол қандай деңгейде болса да,  паш етіп отыруға тағайындалған. Өйткені, қандай да ұлы философ болсын, мүлтіксіз, кемелденген тұтас бәрін қамтитын тұжырымдама жасауы мүмкін емес, осыны тереңірек түсіне білгендіктен, философтың сыни санасы, сол «ұлы философтың» кемшін тұстарын ерікті-еріксіз түрде көре біледі, кей жағдайда табуға ұмтылады, тіпті болмаса, кей сәттерде өзі  аса сенімді болмаса да, әйтеуір «бірнәрселер» табады және оны өзі қайтадан сенімді тұғырларға айналдырады.  Ал тұтас философия тарихы бойынша, мәселенің қозғалмай қалған тұстарын таба білуде шығармашылық рух асқақтығы оның  философ дәрежесін өзіне-өзі қайталап беріп отырады, яғни, философтың өнімді-креативтік-сыни ойлауға тағайындалған санасы шексіз идеялар кеңістігінде дәрменсіздік көрсетуіне жол бермейді. Себебі, философ үшін осы «шексіз идеялар патшалығы» оның дәрменсіздігі мен адасуы үшін емес, керісінше, өзін-өзі үнемі қайтадан танып, өзін-өзі жетілдіріп, өзіне-өзі қайшы келіп отыруы үшін тағайындалған идеялды әлем, сайып келгенде, бұл, философ екендігін бекітіп отыруға қажетті рухани шикізат іспеттес. Философтың пайымдауында біртұтас идеялар әлемінің (оны қаншама рет сырттан бақыласа да) шексіз арналарының өзі сан-салалы шексіздікке бағдарланған, сондықтан, ол өзін осы арналар мен шексіз салалардың арасынан өзі таңдаған бағытына түсу құқын иеленгендігі үшін бақытты сезінеді. Ол өз ойын сыртқа шығара ма, шығармай ма, мәселе онда емес, ол өзінің жеке басының ісі, бірақ ойлау еркіндігі мен құқын иеленгендігі үшін, тіпті шабыты мен шығармашылық қабілетіне сай ой алаңында емін-еркін самғай алатындығы оны  «философиялық алаңдағы» (басқа сала емес) бақытына масаттандырады.

Бірақ екінші бір қырынан алғанда, оның дәрменсіздігі мен өзін философиялық алаңда бақытсыз сезінуінің экзистенциалды алғышарттары бар тәрізді. Алдымен, оның рух асқақтығы мен шабыты, берісі, адамның ішкі дүниесі мен әрісі ғарыштық, тіпті құдай хақындағы мәселелерге дейін еркін толғанады, дегенмен, ол өзінің жерлік-тәндік болмысының құрсауын қайтадан түйсінген сәтте, амалсыздан қайта оралған кезде, өзі күн сайын толғанып, тіпті ол туралы белгілі бір тұжырымдар шығарып жүргендігіне қарамастан, универсум мен континуумның шексіздігінің алдында қайтадан дәрмен­сіздігінің куәсі болады. Нақтырақ айтқанда, космологиялық, теологиялық, онтологиялық мәселелерді еркін толғаған асқақ және батыл рух, тасталмайтын-еріп жүретін адами физиологиялық өз-тәні бар екендігін есіне түсіргенде, өзінің тұңғиық-үмітсіз әлем алдында түкке тұрғысыз әлдене екендігін қайтадан сезінеді. Демек, асқақ рух пен тәннің дәрменсіздігін түйсінген сана қайшылыққа түседі, бұл қайшылық та әрқалай шешіледі. Мәселен, осындай тән мен рухтың қайшылығының бір ғана қыры Қорқыт атаның өлімнен қашу аңызындағы негізгі сарындардан анығырақ байқалады. Философиялық ойтаным иесі Қорқыттың өлімнен қашуы бұл жерде де, философ философиясы туралы толғаныс және философтың тәні мен рухының қайшылығы мен келісімділігінің философ үшін түп ойтолғам екендігін паш ететін бағдар.   

Философ өзінің рухын өзі асқақтат­қандығын, тіпті оны өзі жасап алғандығын сезінген уақытта да, толықтай түйсінсе де, ол философиялық ой тудыруын тоқтатпайды, себебі, оның рухы тек асқақ қана емес, шабытты, жігерлі, батыл, әсіре интенциялы, ізденімпаз, «талабы таудай», ойы қуатты болып тағайындалған. Өйткені, ол осы қасиеттері арқылы философ емес адам батылы жете бермейтін немесе үрей билегендіктен бара бермейтін, адам баласының ой өрісінің шама-шарқы «жетпейтін» деп білетін: құдай болмысы, өлім мен шексіздік сияқты метафизикалық мәселелерді өз деңгейінде емін-еркін талқылай алады, кем дегенде оған бет бұрады, тіпті болмаса, оның танылмайтындығы туралы философиялық тұрғыдан толығырақ-асықпай саралап береді.  Осы мәселелер аясында скептиктер мен агностиктер де, өзге философтардың идеяларын терістегенмен, өздігінше жаңа бір қорытындылар жасайды. Яғни, әлемді түбегейлі немесе толықтай тану мүмкін еместігі туралы қорытындыға келу үшін, әуелі оны танып қарауға, біліп бастауға бет бұру керек екендігі түсінікті.       

Философ емес пен философтың өзара қатынасындағы бірін-бірі бағалаулары көп жағдайда қайшылықты болып келеді. Жоғарыда айтылғандай, жағымсыз көзқарас тұрғысынан алғанда, қоғамдық қарапайым санада, философ өмірлік тәжірибеден алшақ, ғылыми сейілген, мүлде қажетсіз және шешілмейтін мәселелерді толғануды кәсіпке айналдырған жан иесі деген пікірлер сақталып қалған. Себебі, бұл біріншіден, бүгінгі адамзаттың руханияттық келбеті мен дамудың жетістіктерінің түп тамыры әу-баста осы философияда жатырғандығын түйсіну қарапайым санада қиындық тудыратындықтан, яғни, руханияттық түпбастаудың тарихи жадыда көмескіленгендігінен болса, екіншіден, философия заманынан тым озық жүретіндіктен құр қияли болып көрінетіндіктен, үшіншіден, философия кең болғандықтан, философиялық ой-толғамдар мен идеялар арасында, шындығында да, практикалық мағынасы төмендеу, тым абстрактілі пікірлер тұтасып кететіндіктен, төртіншіден, философтар постпозитивизм мен релятивизмді ұстана отырып, мәселені шешу барысында интеллектуалды ойын алаңы арқылы өзін көрсетуді жанама мақсат ретінде қоятындықтан, бесіншіден, постмодернизмнің «реализмі» философ тудырғандықтан натуралды ойлаудан алшақтап кеткендігінен,   т.б. Философ осы тұста бұндай сыни-терістеуші пікірлер аясында ерікті-еріксіз түрде философия мен философ болмысының апологеттеріне айналады, ал өздігінше «бәрін түсінетін кең масштабты ойлаушы философ» дәл бұл мезетте көп жағдайда келісімпаз бола алмай қалады. «Философиядағы жанжал», позитивизм, постмодернизм сияқты метафизикалық мәселелерді терістеушілер де, метафизиканың «шеңгелінен» шыққанмен, метафизикалық емес философиялық мәселелердің апологеттеріне айналады.   

Керісінше, философ бұлардан өзін асқақ сезінеді, креативті-шығармашылық ойлау, сыни-толықтырушылық таным, продуктивті-дискурсивті сана қабілетін, шынайы сыртқы бейнені және ішкі мәнді көре білу тәрізді өзінің тұлғалық қабілетін, т.б. іштей мақтан тұтады, жоғарыдағы қоғамдық сананың кемсітушілік бағалауларына аса көп алаңдамайды. Бұл «мақтаншылық» философтың философ ретінде өзінің болмысын жалғастыруының бірден-бір кепілі, шындап келгенде, жоғарыда атап айтқандай, философиялық ойлау ерекшеліктерін қамтамасыз етіп отыруының негізгі құралы десе де болады. Себебі, философ әлеуметтік-саяси аренадағы даналық беделділік немесе философтық мәртебе арқылы емес, рухтың еркін ой тасқынына қабілеттігі  арқылы өзін-өзі үнемі жасап, яғни, философтық-философиялық болмысын қайталап отыратын болмысы арқылы «мақтанады». Демек, оның рухының асқақтығы мен үстемдігі өзін философ қылып қалыптастыратын ажырамас қасиеті. «Философия шындықтан да, тіпті өлім шындығынан да асқақтауға ұмтылатын билікке құмарлық», – деген ұстанымдарды философ тұлғаның өзіне көшірсек, түп төркіні ақиқат, бірақ ішкі мазмұнды толығырақ ашпайды. Нақтырақ айтқанда, философ адамзат танымының шексіздік арнасын нақты көрсету мен оның құндылығын дәйекті паш ету үшін өзінің асқақ болуы қажеттілігін құрбан қылатын және ақиқатты іздеу жолында рухани болмыс «билігіне құмар» жан иесі. Ал философтың өлімнен асқақтауының арнайы ұсынылған өзіндік бір үлгісін Л. Фейербахтың сенімсіздеу-күңгірттеу идеясынан анығырақ көруге болады.

Бірақ бұл асқақтық пен философиялық сейілу міндетті түрде әлеуметтік оқшаулануды туғызады деген түсінікті білдірмейді, ол психологиялық-экзистенциалдық тұрғыдан жатсынылған болуы ықтимал, ал тұрмыстық-әлеуметтік негізде оқшау емес, дегенмен, осы жатсынылғандық ой тұңғиығындағы бір сәткі оқшаулық есебінде қаралады. Себебі, философ тек метафизикалық мәселелерді ғана емес, қоғамдағы күрделі ахуалдарды, өткір мәселелерді, өзекті түйткілдерді де шешуге қабілетті болғандықтан философиялық алаңнан алшақтап кеткен тұрмыстық өмірге қайта-қайта қайтып оралып отырады. Өйткені, қоғамдық шынайы өмірге араласпайтын философ болмайды, араласпайтын болғанның өзінде,  «араласпаймын деген ұстанымы» арқылы араласып отырғандығын сезінбей қалады және не үшін араласпайтындығы туралы қорытындысының өзі философиялық болып шығады. Сондықтан, уақытша оқшаулықтан оралған философ шынайы қоғамдық өмірдің мәселелерін өздігінше ұсына алады, әрине, бұл идеялар қайткенмен де философ емес тұлғадан ерекшеленіп тұрады. Ал оқшаулықтан оралмағандар психоанализдегі «өмірден  қашу» ұғымын жетік білгенмен, психиканың «қорғаныш тетіктерінен» де хабардар болғанмен, осы тәсілді қолданып, кей сәтте қолданып отырғандығын мойындамай, өзін одан да асқақ сезініп тұрады.

1671 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз