• Ұлттану
  • 29 Желтоқсан, 2020

ШЕШЕНДІК ӨНЕРДІҢ ҚЫРЛАРЫ

Түркі әлемінде де, Ұлы Дала елін­де де, Еуропа төрінде де бірегей даналардың дуалы аузынан шығып, ұрпағына мирас болып қалған құнды ойлардың күллісі сөз құдіреті арқылы берілетіні мәлім. Ал даналар дүниеге келтірген құндылықтардың бірден-бір заңды мұрагері – сол халықтың өзі. Демек, халық даналығы – ұлттық сана межесі, ой-өріс тұнбасы. Олай болса, халық даналығы – тілінде. Тексіздік – тілсіздіктен. Егер де тіл мүмкіндігі шектеліп, сөз байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жетіспей жатса, даналық ой-пікір де шарықтап дамымақ емес. Ендеше даналықты білдіретін түйін-тұжырымдар, ұғым-түсініктер сапына аталы сөз, мақал-мәтел, қанатты сөз, нақыл сөз, шешен сөз, өсиет сөздерді қосар едік. Бұлар – даналық пен парасаттылықтан туындаған терең ой, логикалық тұжырым, философиялық толғаныс, дүниетаным, өмір тәжірибесі, тағылым-тәлім көріністері, көркем сөзбен көмкерілген қалыптасқан тіркес, шағын мәтін, қысқа да нұсқа ой үзіктері.

Жақсы сөз – жарым ырыс. Жақсы сөз айту жоқтан барды құрастыру, тыңдау­шының құлағына әйтеуір бір жағымды сөз тауып айту емес, тыңдаушының тағатсыздана тосқан асыл арманына сәйкес, діттеген ойына сай, мақсат-мүддесін дәл тауып, тап басатын, көңілін көтеріп, сезімін сергітетін,  құпия сырдың кілтін тауып айта білу. Халқымызда жақсы сөз естісек, «аузыңа – май, астыңа – тай!» деп жатуы тегін емес. Бұл ретте мақал-мәтел – көркем сөз өнерінің көрнекті өрнегі, ұлт рухының құдіретті күші, асыл сөз – көненің көзіндей сирек айтылатын, ащы да болса шынайы шындықты баяндайтын, мағына-мәні терең, ақыл-парасатпен өрілген өнегелі сөз, билер сөзі – қуатты да қанатты, ақыл да нақыл сөздер, нақыл сөз – өнеге, өсиет ретінде айтылатын аталы сөз, шешендік сөз – ділмәр адамдардың әр кезде түрлі жағдаяттарға байланысты тауып айтқан, нысанасына да дөп тиіп жататын ұтымды, өткір, ақылды да ғибратты өсиет сөздері, аталы сөз – түркі әлемінде «мақал-мәтел» мағынасында ең алғаш қолданылған және халық даналығының қорлана қалыптасуына ұйытқы болған байырғы атаулар. «Аталы сөзге арсыз ғана қарсы тұрады» деуіміз тегін болмаса керек-ті. Ал қанатты сөз – қоғамдағы әлеуметтік, саяси, мәдени, тарихи жағдайларға байланысты айтылған және сол сәтте жұртшылық құлақтанып, қарапайым халық арасына тез тарап, елдің рухын көтеріп, патриоттық сезімін оятатын ұтымды да әсерлі қалыптағы жалынды сөздер, өсиет сөз – өмірде көп жасап, көпті көрген, алған тәлімі мен тәжірибесі, тағылымы мол қазыналы қарттардың кейінгі жас ұрпаққа арнап айтқан мәнді де мағыналы ақыл-кеңестері, көсем сөз – ойшыл да дана, білгір де білікті, парасатты да ақылман адамдардың, сөз бастаған шешендер мен топ бастаған көсемдердің дуалы аузынан туындап, қалың жұртшылық арасына кең тарап, санасына сіңіп жиі айтылып жүретін ақыл-нақыл, бағдарлы да мақсатты ой түйіндері, тәмсіл – мақалға да, мәтелге де жақын әрі ұқсас, бірақ екеуінен де өзіндік айырмашылығы бар кіші жанрға тән тұрақты тіркестердің бірі. Қысқасы, бұлар – халық даналығының алтын қоры, рухани байлығымыздың қайнар көзі. Ал осыншама халықтық құндылықтың асып-төгіліп жатқан мол мұрасын сол қалпында жер-жаhанға паш етіп тұрған ана тіліміздің құдіретті күші мен сөз байлығы, көркем де бейнелі өрнегі. Демек, халық даналығының ұйытқысы – оның тілінде, сөздің құдіретті күшінде (Қайдар Ә.Т. Халық даналығы (Қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу). Алматы: «Тоғанай Т» баспасы, 2004.-15-23-бб.).

Ал шешендік, шешендік сөз, шешендіктану дегеніміз не? Біздің­ше, шешендік – сөйлеген сөзге тыңдаушылардың ешбір қиналыссыз құлақ қоюы ғана емес, сондай-ақ айтылған мәселеге ерекше ынта-ықылас танытып, тақырып байыбына терең бойлауға ұмтылысының оянуына түрткі боларлықтай сөз екшей білу өнері. Бұл ретте ол барлығының тізгінін өз қолына алған, күллі өнердің қасиет-күшін өз бойына жинақтаған ілім саласы деуге әбден сыйымды. Шешендік сөз – қоғам мен оны басқару туралы ілім. Шешендік – көшбасшылық негізі. Шешендік сөз дегеніміз – белгілі бір мәселені ауызша талқылау, белгілі бір ойдың ақиқаттылығын түсіндіру де. Шешендік өнер – ауызша түрдегі әдеби шығармашылық та. Шешендіктің мәні тек шешендерде ғана емес, қалыптасқан жағдайға да байланысты. Шешендік сөздің әкесі – шешен, анасы – аудитория, тек аудитория ғана қалыпқа келтіріп, жан бітірмек. Сондай-ақ, шешендік өнер – көрген-білгенді көкейге тоқып кеп үйренуді тілейтін, үнемі айтыс-тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы қол жететін өнер. Шешендік өнер – қай заманда, қандай қоғамда болса да, қауымға, көпшілікке үлкен әсер ететін, оның санасын, сезімін баурап, күш-жігерін тасытатын қуатты құрал, күні бүгінге дейін құдіретін, қасиетін жоймаған өнер. Шешендік сөз – халық даналығы, ақыл-ойдың құймасы, әдеби тілдің бастауы. Дәстүрлі шешендік сөздер – белгілі бір мәселеге байланысты тапқыр ой, көркем тілмен айтылған және халық қабылдап, жиі қолданып, сөйлемдік құрамы қалыптасқан жүйелі, үлгілі сөздер. Шешендік сөз – оқыс айтылған ойларға қисынды әрі жедел жауап қайтару. Көп ойлану, найқалу шешендікке жараспайды. Шешендік сөз суырып салма ақындықпен де туыстас. Десек те, жалпы шешендік өнер тек шартты түрде ғана өнер делінеді, ал шын мәнісінде, бұл – бойында бұған қатысты аса қажетті белгілері жоқ болса да, әрбір адам игере алатын басым дәрежедегі шығармашылық іс-әрекет те. Әрбір сауатты адам үздіксіз де қажырлы, мақсатты да ұмтылысты еңбектің нәтижесінде шешендік өнер негіздерін, яғни, аудитория алдында түсінікті де қызғылықты және иланымды сөз сөйлеу білігін әбден меңгере аларын да жоққа шығармалық (Қыдыршаев А.С. Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Монография.-Алматы. 2000-270 б.; Қыдыршаев А.С. Шешен –лектор профессиограммасы.-Орал: БҚМУ баспасы, 2004.-56 б.).

Ғұламаларға сүйене ой түйер болсақ, Платон пікірінше, шешендік – сендірудің шебері, оның бар мәні де, міндеті де осында. Ал Аристотель риторика міндетіне сендіру емес, әрбір нақты жағдайларға сәйкесті сендіру амалдарын таба білу енетіндігін айтады. Ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің пайымдауынша, егер де диалектика тек шынайы білімге негізделген қисынды дәлелдер арқылы тұжырымдалатын ой қорыту тәсілі болса, риторика шешендік қисынға, ой-пікір жүйелігіне, ұғымдар үйлесіміне негізделеді. Ахмет Байтұрсынұлының түйіндеуінше, шешен сөз мақсаты – негізгі пікірді баяндап, түрлі дәлелдермен сипаттап түсіндірумен қоймай, пікірге нандыру, сендіру, ұйыту, балқыту, иман келтіру. М.Сперанскийше, шешендіктің негізі құштарлықта, сезімділік мәнісінде. Шешендіктің басты қағидалары – жүрекке әсер етіп, ақылды бағындыру. Ф.Честерфильдше, шешендіктің түп мақсаты – адамдарды иландыру. (Қыдыршаев А.С. Шешендік тағылымы. Орал, 2006.-7-15-б.б.).

Қазақтың көне тарихындағы, көркем әдебиетіндегі шешен-билерді (Майқы, Кетбұға, Асан қайғы, Жиренше, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Сырым) түгел түптеп білу, мұраларына үңілу, керегінше пайдалану да жас ұрпаққа қажетті қағи­да. Шешендік өнердің туып, қалыптасуы қоғамның пайда болуымен байланыстылығы туралы пікірді қазақ шешендік өнерінің даму тарихы да дәлелдейді. Демек, қазақ халқының зор мақтаныш боларлық мәдени бай мұраларының мол саласы – әдебиет мұрасы. Философиямен қабысқан терең ой-пікірлер арнасынан асқан ақыл, сезімді сергітіп, жүрек тербеткендей қажырлы қайрат, екпін, ынта, аңсаған әділдік, бой шымырлатып, жүйе босатарлықтай сөз – осылардың бәрі қазақ халқының ауыз әдебиетінің асылдығын көрсететін қасиеттер. Сол себептен де «Өнер алды –қызыл тіл» дейді қазақ мақалы. Қазақ халқы адам баласының қоғамдық қатынасының ең маңызды құралы сөзді өте жоғары  бағалай білген. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп, орынды айтылған жақсы сөздер отыз тістен шығып, рулы елге жайылған, көпке өнеге болған. Мұндай жүйелі сөздер ауыздан-ауызға көшіп, атадан балаға ауып, біздің заманға да жеткенін көреміз. Қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ауыз әдебиеті – түпсіз бұлақ, бітпес мол қазына. Қазақ халқының мәдени мұрасының ішінде көпке дейін ойдағыдай еске алынбай, зерттеу жағынан кенже қалып келген өткендегі ұлы сөз аталарының, айыр көмей, темір жақ шешендерінің қамал бұзарлықтай қаhарлы, жүйе босатарлықтай жылы сөздері, өмірді кеңінен алып, заманында кемеліне келтіре сөйлеген би-шешендердің ескіден қалған нақыл сөздері қазақтың ауыз әдебиетінен көрнекті орын алады. Шешендерден қалған мұндай шебер сөздер, бір жағы­нан,қазақтың елдік, қоғамдық өмірінің күллі қырларын елестететін айнасы болса, екіншіден, халықтың ой-пікірінің, сана-сезімінің, жалпы дүниетанушылық көзқарасының арнасын, жеткен кемелін көрсетеді. Әділетті сағалаған шешен-билердің, ақыл айтқан қадірлі ақсақалдардың атақтарын іргелі қазақ еліне әйгілі еткен – олардың ұлт атынан, іргелі ел, аймақ атынан айтқан шешен сөздері, әділ биліктері, өмірдің өзгешеліктерін ақылға салып, өлшей айтқан болжал сөздері. Бұл тұрғыдан келгенде, от ауызды орақ тілді шешен-билеріміз – ұлт көшбасшылары.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі, фольк­лорындағы ауызша айтылған сөздердің иесі бары, айтушының аты белгілісі, тек осы шешен-билер сөздері ғана. Аталы сөздері іргелі елге жайылып, шешендік даңқтары талай заманды басып өтіп, өзгермей, өшпей, мұра болған ақылгөй адамдар қазақ халқында жүздеп саналады. Өз басы ғана емес, сөзге жүйрік болған аталарын былай қойғанда, түу ата тегінен бері қарай, тұқым қуалап, төңірегінің көбі шешендікке ие болғандардың өзі сан алуан. Бізге сөздері жеткен шешендердің көпшілігі қазақ хандығы орнағаннан бастап көрінеді. Демек, қазақтың үш жүзіне ортақ, сонау әріден келе жатқан Асан қайғы, Жиренше шешен, Сыпыра жыраулар – өткенді өрнектей ойына тізіп, кезеңін кеңінен қамтыған, келешекті болжағыш, нағыз самғаған саңлақтар. Шешендіктері шешеннен асып, батпан бұлды сөздері еттен өтіп, сүйекке жетіп, жазықтыны жанынан түңілдірген сөз иелерінің атақтары Алтын орда хандығы ыдырап, қазақ хандығы ерекшеленген замандардан бері қарай анықтала бастайды. Сол тұстағы халық абыройына ие болған дүлдүл қазақ шешендерінің қай-қайсысы да екі ауыз аталы сөздерімен ердің құнын, рулы елдің ісін бітірген деседі. Ендеше, қазақ халқының ертедегі елдік мәні бар істерінің бәрі осындай аталы сөз айтқан көсемдерінің алдына келіп шешілетін болған, шешендердің айтқан құнарлы сөздеріне жұрт бағынатын болған. Бұл сөздерді мазмұн жағынан алып қарасақ, өмірді кеңінен шолып, тереңнен қамтығаны байқалады. Мұндай шешендер аз сөйлеп, көп айтқан. Естіген, білгендерін көңілге көп түйіп, сөздерін көпке бірдей әділдікке сүйей, тұжырымды етіп, тәлім-тәрбиелік мәнін өсіре, жауыздықтан аулақтата, жақсылықты үлгі ете, сөз тыңдаушыларды жетелей сөйлеген. Көптің басына қауіп төніп, ел шетіне жау тақалған замандарда, болмаса ел мен ел егесіп, қару күшін сарқып, көп есеге салған күндерде, не болмаса хандардың қаталдығы, білегі жуан белділердің әділетсіздіктері шектен асып, қауымның қабырғасына батқандай кездерде, шешен билердің елдік мәні бар ем сөздері ондайларға тойтарыс беріп, енді қайтып беттетпейтін болған. Әз Жәнібек, Әз Тәуке замандарын былай қойғанда, қазақтың етек-жеңі біркелкі жиналып, іргелі ел болған кезі Абылай хан заманы болса, ол кезең қазақ халқының тарихында өзгеше көрінеді. Ақылды Абылай елдің ақылгөйлерін төңірегіне жинап, елеулі іс істеуге ұмтылған. Ол кездерде қазақ халқының байтақ жер-суы мен байлығы сырт дұшпандардың тынышын ала берген. Қазақ елі талай жауларымен жағаласып, көп қиыншылыққа кездесіп отырды. Сол күндерде елге ақылшы болып, батырлармен бірге елдің елдігін, бүтіншілігін, намысын қорғасқан да осы сөз иелері – шешен, билері. Әз Жәнібек заманында қазақта екі-ақ түрлі кісі болыпты: бірі – батыр, бірі – би деу де осыны дәлелдейді. (Қыдыршаев А.С. Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Монография.-Алматы. 2000. -47-58-б.б.).

Халық тарихында шешендік сөздер ас-жиындарда, жәрмеңкеде айтылатын дау-тартыс, ақындық, шешендік айтыстармен ғана шектелмегені мәлім. Бұл орайда көпті көрген данагөй қариялардың үлгілі, өнегелі, ақыл-нақыл, үгіт-насихат, әзіл сөздері де мол. Дегенмен де шешендік сөздердің қайсысы қай уақытта шығып, қалай қалыптасқанын кесіп-пішіп айту да оңай емес. Мәселен, ежелгі грек тарихында шешендік өнердің өсіп-өркендеуіне атақты Солон заңы бірден-бір себепкер болғаны мәлім. Ежелгі Афиннің мемлекеттік қайраткері әрі ақыны Солонның (б.ғ.д. 638-558 жж.) құлдық пен сот істерін демократиялауға бағытталған әлеуметтік реформалары «Солон заңы» делінген. Солон заңы бойынша Афиннің әрбір азаматы өз мүддесін қорғауға тиісті болған. Ал бұлай істеу әркімнің қолынан келе бермейтіні де аян. Осыдан келіп сот алдында айтылатын сөзді алдын ала жұптайтын, даярлайтын логогрифтер – сөз жұптаушылар пайда болған. Ал дау-талап мәселесін қарайтын қазақ қауымындағы ежелгі әдет заңы («Жеті жарғы» іспетті) гректің Солон заңына ұқсастырылады. Демек, қазақ қауымында ертеден қалыптасқан ел ішіндегі дау-жанжалды мәмілемен шешіп реттеудің халықтық тәсілі дәстүрлі шешендік өнердің дамуына әсер еткен. Афин азаматтарының шаршы топ алды өз көзқарастары мен саяси мақсаттарын баяндау қажеттігі шешендікпен арнайы шұғылдануды керек еткені сияқты халық алдында талқыланатын дау-жанжал, билік-бітім сөздерде жеңіске жету үшін қазақ билерінен халықтың салт-санасын, әдет-ғұрпын жетік білумен бірге ойға ұшқыр, тілге шешен болуды талап еткен. Демек, қазіргі таңдағы ұлт көшбасшыларының тұлғалық қасиеті осы аталған білік-дағдыларымен де ерекшеленбек.

 Қысқасы, көшбасшылыққа тән қазақ шешендік өнерінің тарихи тармақтары сан қатпарлы. Ұлттық шешендік өнерінің тарамдарын білу – бүгінде ұтқыр ойлы, шешен тілді көшбасшы ұрпақ тәрбиелеудің кепілі де. Халқымыздың сөйлеу өнеріне қай кезеңде де ерекше мән бергені аян. Ал қазіргі таңда тілдік қатынастың барлық түрлерін игерген жоғары мәдениетті көшбасшы тұлғаларға қоғам қажетсінуі айқын аңғарылуда. Қайта оралған «тиімді коммуникация жағдайы мен формасының құралы» шешендіктану (риторика) ғылымы қоғамдағы сөйлеу мәдениеті деңгейін көтеру мен көшбасшы шешен тұлғаларды баулу, қалыптастыру мәселесін шешу жолдарын ұсынуы тиіс. Ал әлемдік шешендіктану ілімінің бір тармағы қазақтың шешендік дәстүрін, әлеуметтік феномен тұрғысынан таразылағанда, белгілі бір әлеуметтік ортада, қоғамда, қалай да бір адами оқиғаға байланысты қалыптасып, айрықша тапқырлықпен, суырыпсалмалықпен, көркем тілмен айтылатын озат ойлар мен тәлімді тұжырымдар үрдісі болмақ. Ал қазақтың от ауызды орақ тілді көшбасшы шешен-билер мұрасының тағылымын рухани байлығымыз ретінде кейінгі ұрпаққа қалай дәріптеп, оның тереңдігіне, тұңғиығына қалай бойлап жүрміз? Мәселен, қазақ халқы шешендік мұрасының көшбасшы жас атаулыға жұғысты болар өнегелік-тағылымдық бір қыры – сөздің құдіретті күшке ие екендігін аңғартуы, сөздің өзіндік бояуы, дәмі, адам сезіміне әсер етерлік қоңыр исі бар екендігін, ал оның күші дауыс ырғағы арқылы берілетіндігін танытуы. Демек, дауыс үнділігі – сөйлеушінің сан қырлы қалтарысты иірімдерін танытатын басты құрал да. Шаршы топ алды қарсыласынан сескенгендер ол құралды орынды қолдана да алмайды, дірілдеп, жарқыншақталып шыққан дауысыңнан сенің кім екенің де танылмақ. Мысалы, халық шежіресінде Қазыбек бидің қалмақ ханы Қонтажыға айтқан сөзінің аса байсалдылықпен айтылатынын, әр сөздің үні сазды шығатынын, онда асып-сасудың, мүдірудің жоқтығын білеміз. Бұл байсалдылықпен, қоңыр үнділікпен, ешбір кідіріссіз екпіндете шыққан дауысынан жауы оның психологиясын біліп отыратындығын байқаймыз. Онда Қазыбектің ерлігі, қайсарлығы сезілумен қатар, достық құшағы да ұғынылады. Шешен сөзі қарсыласының жан жүйесін босатып тастайды, абдыратып жібереді, бірақ өзі ықшам, белі бекем буылған, өлісерге баруға бел байланған, серттен ауытқу сезілмейді, қарсыласын ойынан жаңылыстырып, құмықтырып тастайтыны аңғарылады.

Шешендік – Ұлы Дала елі тектілігінің айқын белгісі. Ұлт шешендігінің көшбасшылық өнегелік тағылымы тұңғиық терең. Шешендік негізі – ой еркіндігі, сөз еркіндігі, ауызекі тілдегі сөздерді әдемі тізбектеп оралымды орналастыру, тиімділігін күшейтіп, қисынды ойға сыйғызуды аңғартуы; сөзбен тоқтату, сөзден жаңылыстыру, қарсыласын сөз тыңдарлық жағдайға түсірудің орасан күшті өнер екендігіне көз жеткізу, яғни, қарсыласыңды ұтымды сөзіңмен, тапқырлығыңмен, шешендігіңмен иілте білу оңай шаруа еместігін, сөзсіз, бұл ойлау қабілетіңе де байланыстылығын, шаршы топ сенің төкпектетіп, ешбір мүдірмей сөйлеуіңе тәнті боларын, ұшқыр ойлы қалыпта сөйлей алатын адамның қолынан кесімді істің де келері дау туғызбайтындығы; тұспалдап сөйлеуге, мегзеуге, бернелеуге, символдауға, басқаны айта отырып, нені нысаналап отырғанын жасыра айтуға, жұмбақтап айтуға, яғни, терең зейінділік пен ойлылыққа төселтуі; астарлап сөйлеу халқымыздың сөйлеу мәнері екендігін, бұл тек сөйлеу шеберлігімізді ғана емес, сөйлеу мәдениетімізді де танытатын, ойлау қабілетімізді аса тереңдетер құбылыс екендігін аңғартуы; тапқырлыққа, шапшаңдыққа, тез жауап берушілікке баулуы; өзгені тыңдауға, өзгенің өнегелі ісінен тағылым алуға жөн сілтеуі.

Шешен сөйлеуге баулу – парыз іс. Бүгінгі Ұлы Дала елінде, туған жерімізде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, ана тіліміздің қоғамдық қызметі жоғарылаған кезеңде шешендік сөздің әлеуметтік мәнін ұғындыру ісі және мемлекеттік тілде шешен сөйлеу мәдениеті мәселесі аса өзекті. Ал жас тұлғаларды шешен сөйлеу мәдениетіне баулу ісі – өз алдына мән-мағынасы зор мәселе. Демек, қазіргі таңда шешен, шешендік өнер, риторика, шешен сөйлеу мәдениеті дегеніміз не, шешендікке қойылатын талаптар, қағидаттар қандай, қазақ шешен-биле­рінің, шешендік сөздердің тағылымы неде, шешендікке баулу амалдары қандай  тұрғысындағы мәселелер турасында да жан-жақты ойланып, шешендік өнер жайындағы еңбектерді електен өткізіп, шешендікке қатысты материалдарды екшей қарап, жоғары және орта мектеп не болмаса колледж, интеллектуалды мектеп, лицей, гимназия сынды білім ордаларының студент-шәкірттеріне шешендікті арнайы пән ретінде оқытуды ритор-мамандарымыздың дұрыс мағынасында қолға алуы – ұрпақ алдында парыз іс.

Әлемдік шешендіктану ілімінің тарихи теориясы мен технологиясын таразылағанда түйгеніміз тоқсан тарау. Бірі – ежелгі Римде, көне гректерде, араб, үнді, қытай жерлерінде риториканың басты пәндердің бірі ретінде жүргізілгендігі, соған сәйкес ғылыми оң көзқарастың қалыптасқандығы. Мәселен, бір ғана Римдегі шешендіктануға арналған мемлекеттік мектептің негізін салушы Марк Фабий Квинтилианның 12 томдық «Шешендік өнер тәлімі» еңбегі неге тұрады. Сондағы басты себеп – ел көшбасшыларын, замана заңгерлерін, қоғам қайраткерлерін, жалпы жас тұлға­ларды, кәсіби мамандарды сапалы даярлаудың шешен сөйлеумен тікелей байланыстылығына анық көздің жетуі.

Жоғары оқу орындарында шешен сөйлеу мәдениетіне баулудағы мақсат­тардың бірі – теориялық және қолданбалы пән ретінде шешендіктану турасында жүйелі ұғым қалыптастыру, түсінік беру. Сол арқылы болашақ педагог-психолог, филолог, заңгер, саясаттанушы, дінтанушы сынды мамандарға қоғами маңызды шеберліктің негіздерін меңгеруге септесу. Жалпы ілгеріде әрбір кәсіби маманнан теориялық білім дәрежесі сай болумен бірге, сол ғылым қағидаларын шәкірт атаулыға, тыңдаушыға жеткізер икем-дағды қажеттілігі, яғни, шешен сөйлеу мәдениеті де талап етілмек. Маман тілі мәселесі дегеніміз – осы. Ұлы дала өлкесінде, туған топырағында ана тілінде көпшіліктің көңілінен шығардай шешендік білік-дағдысы жоқ маманға ойлана қарауға тура келеді.

Шешен сөйлеуге баулу мәселесі ма­шық­тық бағыттың басымдылығымен ерекшеленеді. Бұл күрделі шеберлік білім мөлшерінің молдығын қажетсінуімен бірге өзіндік жеке тәжірибелер негізіндегі икем-дағдылармен де тығыз бірлікте сомдалады. Мәселен, жағада отырып суға түсушілерді бақылау арқылы суға жүзуді, малтуды үйрене алмайтынымыз сияқты, үнемі жүргізілетін тәжірибелер мен жаттығуларсыз шешендік дағдыларды бойға бойлату, денеге дарыту мүмкін емес. Дұшпандары «адуын аңға» балаған Демосфеннің өзі алғашында аузына қиыршық тас салып сөйлеп, дауысын жүгіріп жетілдіріп, биік құз жартастарға өрмелеу үстінде өлең оқып шыңдаған. Орыс халқының риторика ілімінің іргетасын қалаушылардың бірі М.В.Ломоносовтың өзі құз басында тұрып, теңіздің асау толқындарымен жарыса өз одаларын оқып, жарыссөзде жеңіске жету жолдарына шыныққан. Қазақтың дүлдүл шешені Жиренше болса өзімен айтысатын жан жоқта басындағы бөркін қурай басына іліп қойып, сонымен таласқа түсетіндігі аңыз желісінен мәлім. Қысқасы, әркім мақсатты түрде тер төге еңбектенсе, нағыз көсілген шешен болатындығын дәлелдей білген.

Шешен болу үшін, тек туа біткен талант болу керек, яғни, табиғи дарынды сазгер, суретші, ақын сияқты болу керек, ал өзгелердің пешенесіне таңдаулылардың өнеріне тамсану, таңдай қағу ғана жазылған деген ұғым – бүгінгі таңда ақылға сыйымсыз, таяз ойлаудың айғағы. Әріден келе жатқан талас пікірлердің бірі көпшілік қауымға шешендік өнердің даруы я дарымауы мәселесіне осылайша қарсы дау айтуға болар. Талант болып тумадым деп өкінудің қажеті шамалы, таланттар сирек болады, ал өз ісінің майталман шебері болу – әркімнің қолында, тек жатыпішер жалқаулықтан сақтасын де. Халық айтпай ма: «Сөйлей-сөйлей шешен боларсың» деп. Ғұламалар айтпай ма: «Ақын туа қалыптасады, шешен жүре қалыптасады» деп. Дегенмен, көп көргеннің бәрі көсем, көп сөйлегеннің бәрі шешен еместігі де аян. Кедейлік неден? – деп сұрапты біреу Төле биден. – Кедейлік үш ағайынды. Оның тұңғышы – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы. Осы үшеуін бойына үйір қылмаған адам кедей болмайды, - деп жауап беріпті Төле би.  Бізге керегі де осы. Тегін түйіндер емес, астарында термен келер тәжірибе жатыр. Демек, шешендіктің өнер делінуінде шарттылық басым. Шындығында, шешендікке әрбір сауатты адам меңгере алатындай машықтық іс-әрекет жиынтығы тән. Сол себептен де кез-келген маманның толыққанды дәрежесіне сай болуына адамның қабілеті мен ұмтылыс-жүрек қалауының нақты түрде үлкен рөл атқаратыны табиғи қағида. Шешенді оның ерік-жігерінен тыс тәрбиелеу мүмкін емес. Керек десеңіз, ерекше жоғары деңгейдегі қабілет-қарымды да дамыту, өрістете өрбіту, қалыптастыру бағытындағы жүйелі де сатылы іс-әрекеттер жасалмаса, бәрі де бос әурешілік, яғни, керемет қабілет-қарым құмға судай сіңіп, далаға лағады.

Шешендік өнер – тыңдаушының ақылы мен сезіміне әсер ететін субъективті және объективті күрделі даналық тәлім, шығармашылық қалыптағы қатаң ғылыми түйін де. Кезінде атақты төңкерісшіл кеңес шешендерінің бірінен шешен сөйлеу мәдениеті жөнінде оқып үйренуге ден қойдыңыз ба деп сұрағанда: «Иә, сөйлей білу техникасы жөнінде көп оқыдым. Негізгі жұмысыма байланысты мінбелерден жиі сөйлеу қажеттігіне сәйкесті, мен  мұны өте жақсы жүзеге асыруға міндеттімін де. Ал ол үшін тынымсыз тер төге оқып-үйрену қажет-ақ» деген екен. Бұл ретте қазақ ғұламалары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Құдайберген Жұбанов, Ғабит Мүсірепов, Қаныш Сәтбаевтардың шешендік тағылымы өз алдында телегей теңіз. Түйін нүктесі болар пікір – қазақ ғұламаларының шешендік қалыптары іркіліссіз ізденіс үстіндегі шәкірттерге таптырмас толымды тағылым.

Сөзді көпшілікке таратудың, жұрт­шылықты сендірудің немесе тәрбиелеу құралы ретінде қолданушы әрбір маман адам шешендік өнердің ғылыми негіздерімен, яғни, аудитория алдында түсінікті де ұғынықты, сенімді де иланымды қалыпта сөз сөйлей білу дағдыларын меңгере білуі тиіс. Ал шәкірт атаулыны шешен сөйлеу мәдениетіне баулу жолындағы міндеттер қатарына көпшілікпен жанды қалыпта сөйлесу шеберлігін меңгертуді; тілдік қарым-қатынас жасау адам өмірінде кім-кімге де ауадай қажеттілігіне саналы қалыпта көз жүгіртуді; шешеннің аудиториямен қарым-қатынасының күрделі үрдісін болашақ маманның көз алдына келтіру, яғни, ойша моделін жасау, осы үрдіске орай ілгеріде іс басында ұшырасар мәселелер шоғырын айқындауды; ауызша шешен сөйлеу шеберлігін өз бетімен немесе топтық сабақтар арқылы меңгерушілерге сала бойынша қажетті кешенді білім, білік және дағды жинақтауға көмектесуді қосамыз.

Шешендіктану негіздеріне баулу ісінің түпкілікті мақсаты туралы айта отырып, біз кәсіби іс-әрекеттегі жетістіктерге жетудің негізгі жағдайы ретінде шәкірттердің іскерлік қатынастағы тәжірибелік дағдыларының дамуын есте ұстаймыз. Қай кезеңде де жоғары дамыған коммуникативтік қабілеттер ерекше бағалануда. Бұған Платонның: «Егер де белгілі бір қаладағы даулы талас туындап жатқан халық жиналысына не кез келген өзге де бір жиынға шешен мен емші дәрігер қатар келе қалса, дауды шешер, таласты тоқтатар бәтуәлі сөз айтуға бұл екеуінің қайсысын қалар еді деп ойлайсыздар. Сөзсіз сөз өнерін меңгерген шешенге жүгінер еді, тек оның ықыласы болса болғаны, ал емші-дәрігерге ешкім назар аудармас еді. Мен бұған кепіл бола аламын» (Қыдыршаев А.С. Шешен –лектор профессиограммасы.-Орал: БҚМУ баспасы, 2004.-17-б.), – деуі дәлел. Қазіргі уақытта, нарықтық қатынастардың даму кезеңінде, жас маман жұмыс істейтін орнын бұрынғыдай бөлу бойынша емес, амалсыздан өзі іздеуге мәжбүр болған тұста, индивидуумның коммуникативтік дағдыларының дамуы бұрынғыдан да ерекше мәнге ие. Біздіңше, бұл реттегі сөйлеу өнері мен қарым-қатынас өнеріне оқытудың қажеттілігі жөніндегі таза прагматикалық көзқарасты философиялық топшылаумен толықтыруға болады. Жоғары оқу орындарының бағ­дар­ламасына міндетті шешендік өнерді енгізу – болашақ мамандардың гуманитарлық ойлауын кеңейтудің тағы бір мүмкіндігі. Ал, қазіргі әлеуметтік жағдай ортақ адамзаттық құндылықтарға жауапкершілікті басшылыққа ала отырып, кең тұрғыда гуманитарлық бағытта ойлау, замана ырғағына қарай өндірістің даму заңдылықтарына сәйкесті кәсіби шығармашылық реттегі іс-әрекетті құра білу қабілеттілігі қағидасына сай мамандарды талап етеді.

Риторикалық мәдениет – шешен сөйлеудің дағдысы. Сөйлеу әрекетінің табиғатын философиялық -дидактикалық тұрғыдан тану риториканы білім мен білік, дағды жинақтайтын ерекше ілім ғана емес, осынын негізінде мәдениеттің тұғырлы құндылықтарына қол жеткізу арқылы риторикалық мәдениет биігіне көтерілу тұрғысында бағалауға жетелейді. Біздіңше, риториканы мәдениет саласында қарастыру риторикалық іс-әрекет мәнінің бұрын-соңды акцент берілмей, елеусіздеу қалып келген жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік туғызады.

Сөйлеу әрекетінің табиғатын фило­софиялық-дидактикалық тұрғыдан тану риториканы білім мен білік, дағды жинақтайтын ерекше ілім ғана емес, осының негізінде мәдениеттің тұғырлы құндылықтарына қол жеткізу арқылы риторикалық мәдениет биігіне көтерілу тұрғысында бағалауға жетелейді. Біздің­ше, риториканы мәдениет саласында қарастыру риторикалық іс-әрекет мәнінің бұрын-соңды акцент берілмей, елеусіздеу қалып келген жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік туғызады.

Риторикалық мәдениет турасын­да сөз қозғарда, ең алдымен, көпші­лікке ежелден мәлім, бір-бірінен ал­уан интерпретациялық тұрғыда айыр­машылығы бар  «мәдениет» ұғымы туралы тоқтала кеткен жөн. Мәселен, қазіргі таңда адамзаттың мәдениетке қатынасының кең көлемде жүйесі алға тартылуда. Онда мәдениетке қатысты теологиялық көзқарастан марксистік көзқарасқа дейінгі, рационалистіктен эмотивистікке дейінгі, технологиялықтан символдыққа дейінгі, жекеліктен субстанциялыққа дейінгі, креативистіктен  деструктивистікке дейінгі көзқарастар талқыға салынуда. Десек те, нәтижеде мәдениеттанушылар арасында мәдениет туралы ортақ тұжырымның жоқтығы байқалады. Бұған мәдениет турасында шамамен бір жүз елу анықтаманың тіркелуі дәлел. Сондай-ақ, мәдениет ұғымының көп мәнділігі соңғы жылдары жарық көрген мәдениеттің жалпы теориялық мәселелеріне арналған (М.Каган, Л.Коган, Б.Яросов, П.Гуревич) монографиялық зерттеулерде де атап көрсетіледі. Бұған Э.Тейлор, Э.Кассирер, М.Хайдеггер, Г.Францев, З.Файнбург, Э.Маркарян, В.Сагатовский, Н.Чавчавадзе, Л.Кертман, В.Библер, Н.Злобин, Б.Ерасов, В.Келле, М.Мамардашвили, Р.Тшуми, А.Щвейцер, И.Херман, А.Лосев, В.Краус, Л.Митрохин, В.Канке сынды зерттеушілердің тұжырымдарын қосыңыз. Мәдениет турасындағы пікірлер шоғыры алуан түйіндер жасауға жетелейді.

 Ендеше мәдениет дегеніміз не? Мәдениет дегеніміз – қоғам мүшесі ретінде адам баласының бойына құрамына білім, өнер, заң, мораль, салт-дәстүрлерге орайлас қабілет, дағдыларды  қамти жинақталған кешен; адамның өзіндік еркіндікте көрінуіне бірден-бір әсер етуші тіл, өнер, дін, ғылым іспеттес үдеріс, оның алуан қилы сатылары; адамзат баласының биік өлшемдерді меже тұтып, оларды зерде сүзгісінен өткізе, жоғарғы құндылықтарға қол жеткізуі;  материалдық, рухани құндылықтардың тұтастығы;  іс-әрекет технологиясы; адам іс-әрекетінің амалдары; өмір сүру салтының бағдарламасы; тығыз астаса түйінделген құндылықтар; қоғамның рухани келбеті; мәдениеттердің диалогы; бұрынғы және қазіргі кездегі мәдени құндылықтар ретінде айқындала негізделген адамның шығармашылық іс-әрекеті; әлеуметтік іс-әрекет барысында адамға тән күш-жігердің қалыптасуы мен дамуына бірден-бір септесер іс-шаралар мен амалдардың жүйесі. Мәдениет руханилық өндіріс жүйесі ретінде өз құрамына рухани құндылықтар мен  білім-бағдарларды туындатуды, сақтауды және қолдануды қалайды, ал бұның бәрі қоғам мен адамның рухани әлемінің құрамында қамтылмақ. Ендеше мәдениет іс-әрекеттің мақсат-міндеттері, ереже-уәждері және қағидаттары қалыптасатын күллі іс-қимылдың рухани өлшемі іспеттес. Демек, мәдениет – адам  өмірінің сан алуан қырын қамтамасыз етуші барлық іс-әрекет  жүйесінің алғышарты және құрамдас бөлігі сияқты адамзат іс-қимылының рухани компоненті. Мәдениет адамды қалыптастырушы  тұрғысында танылмақ, яғни, іс-әрекеттің субъектісін дамыту шарттары; қоғамдық өмірдің түрлі саласындағы адам іс-әрекетінің амалдарын аталмыш субъектіні меңгеруінің шарттары ретінде көрінуі; адам іс-әрекетінің барша салалары арқылы өтетін бірден-бір қайталанбас өзек; адамды биіктете отырып, оның өміріне құндылық дарытар құрылым. Мәдениеттегі бастысы – материалдық жетістіктер емес, индивидтердің адами биік идеалдарға қол жеткізуі; адамды өзіндік табиғи шегінен алып шығатын адами дамудың біртұтастығы; өзіндік жеке жетілу, өзіңді-өзің таныту тұрғысындағы жан-тәнімен жасалған іс-әрекет; адамның рухани тұрғыдан жетілу шарттары ретіндегі жүйе, адам баласының бірден-бір ұмтылар жарқын да таза, абсолютті идеалды тұрғыдан жетілуі. Мәдениет – қоғамдық-тарихи дамудың жай ғана үрлеп қойған қорабы емес, қайта оның ішкі жұмыс жасау компоненті және бірден-бір алғышарты, адам өмір сүруінің нағыз сапалық қажеттілігі; адамның шынайылық, әдемілік және ізгілік заңдылықтары бойынша өзіне де, өзгелерге де байланысты шығармашылық іс-әрекеті, бағалаушылық қарым-қатынасы.

 Қысқасы, «мәдениет» турасындағы түрлі көзқарастарға зер сала қарасақ, жоғарыда түйінделген қағидаттарды бір-біріне мүлдем кереғар, келіспестей тұжырымдар деуге келмейді. Зерттеу­шілердің мәселенің қай аспектісіне акцент беруіне қарап, ұсынылған анықтамаларды жалпылама тұрғыда бірер құрылымдық нұсқаларға топтауға әбден болар еді. Жинақтай айтсақ, мәдениет дегеніміз – рухани әрі материалдық тұрғыдағы құндылықтарды туындату және соған қол жеткізу бағытындағы адамның шығармашылық іс-әрекеті. Нәтижеде адам жеке тұлға ретінде де, сондай-ақ  ешкімге ұқсамас, қайталанбас индивид ретінде де өзіндік ашылу, толымды тұрғыда қалыптасу, шымырлана беку үрдістерін бастан кешпек. Ал бұлайша өрілген тұжырым мәдениетті феномен ретінде біртұтас ерекше құбылыс тұрғысында түсінуге жетелейді. Мәдениетті осылайша қабылдаудың тағы бір қыры – мәдениеттің тұңғиық мәні адам іс-әрекеті арқылы ғана ашылатын оның философиялық-антропологиялық түсінік ретінде тұжырымдалуы. Яғни, мәдениет – адам дамуының, оның жеке тұлға және индивид ретінде өзінше қалыптасуының, оның қабілет-қарымының, білік-дағдыларының ашылуы мен жетіле түсуінің тиімді алғышарты.

Мәдениетті философиялық-антро­пологиялық тұрғыда талдау оны феномен ретінде танудың өзіндік белгілерін (мәдениеттің адамның ішкі жан-дүниесіне тән екендігі, соның негізінде адамның ішкі сарайы айқындалатындығы; мәде­ниеттің толғаныс актілерінде туын­дайтындығы; диалог үстінде туындап, жүзеге асатындығы; өте жоғары, биік құндылықтар екендігі; жоғары да биік құндылық ретінде кез келген тәжірибеде көрінетіндігі; өзіндік тылсым құпия мәнге ие екендігі, ал адамдар оларды тану, ашу арқылы дамып, жетілетіндігі) айқындауға мүмкіндік туғызады. Ал мәдениет турасындағы бұл белгілер адам ұғымын біртұтас жүйе қалпында танытады. Адам өзінің біртұтастығын мейлінше толық әрі терең тұрғыда тек шығармашылық іс-әрекет үрдісінде ғана, құндылықтарды туындатуда, нақтылап анықтауда ғана, яғни, мәдениет кеңістігінде ғана ашып көрсете алады.

Мәдениет турасындағы жалпы көзқарастар бізді шешендік өнерге қатыс­ты риторикалық мәдениет жөніндегі пайымдауға жетелейді. Риторикалық мәдениет бағалау-бағдарлау бағытындағы сөйлеу әрекетін айқындайды. Риторикалық мәдениетті өз бойына ұялата білген адам рухани тұлға және айқын да жарқын индивидтік қалыпта көрінбек. Біздіңше, риторикалық мәдениеттің жүзеге асуы қазіргі таңда бірден-бір ерекше мәнге ие. Бұл іспеттес рухани өзін-өзі жетілдірудің материалдық жағын қанағаттандыру мен өндірістің өсу қарқынының адамзат санасында жаңаша көрініс табуы, қоғам мен жеке тұлға турасында берілер әлеуметтік бағаның өзгеруі күн тәртібіндегі риторикалық мәдениеттің қалыптасу ерекшелігін де айқындамақ. Бұл бағыттағы мәселенің оң шешім табуы адамдардың тұрмыстық құндылықтардан рухани құндылықтарға қайта бағдар ұстануы негізіндегі адамзаттың ішкі жан-дүниесінің қайта жаңғыруы жолымен жүзеге аспақ. Демек, қазіргі заманның ғаламдық проблемасы – бұл таза экономикалық, саяси не ғылыми проблемалар емес, ең алдымен, адамгершілік-рухани проблемалар. Ал мұндай жағдайда риторикалық мәдениеттің қалыптасуы – біздің пайымдауымызша, адамды өзгертудің, оның рухани тұрғыда қайта жаңғыруы мен ілгері дамып жетілуінің тиімді жолдарының бірегейі.

Ал жас тұлғаның бойына риторикалық мәдениетке қатысты білік, дағдыларды қалай жұғысты етпекпіз.  Басты жолы – жоғары оқу орындарында, білім беру ордаларында шешендіктану (риторика) ғылымын  игеру арқылы. Біздіңше, шешендіктану пәнін оқытуды қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениеті және ұлттық ділімізбен байланысты шынайылыққа, ізгілік пен әдемілікке ұмтылуға бағытталған жас тұлғалардың сөйлей білу білік-дағдыларын, қабілет-қарымын дамытуды көздейтін риториканың кешенді қалыптағы интеграцияланған пән екендігі туралы түсініктен туындата білген дұрыс. Сондай-ақ, риторикалық мәдениетті, риторикалық біліктілікті қалыптастыру – бұл тек оқудағы бір ғана бағыт емес, сонымен бірге, өзге де оқыту пәндеріне әсер ету құралы да, интеллектуалдық және эмоциональдық тұрғыда жетіле дамудың тиімділігін қамтамасыз ететін, әлі де тереңірек айтсақ, жас тұлғаның әлеуметтік тұрғыда бейімделуінің тиімді жүруіне бірден-бір қажетті алғышарт та. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында, ұлттық мектептерде шешендіктану пәнін оқытуда риторикалық білімнің негізі ретінде логос, пафос және этос үштік тұғырының өзара үйлесе сәйкес келу идеясы да ескерілуі тиіс. Ендеше, шешендіктану тұңғиығына терең бойлау, шешендік өнерге баулу жай ғана риторикалық технологияны меңгеріп қана қою  емес, сондай-ақ бұл – бізге ата-бабамыздан мұра ретінде қалдырылған жоғары адамгершілік тұрғысындағы құндылық ретіндегі ұлттық риторикалық идеалды танып-білу. Демек, шешендіктануды ұлттық риторикалық идеалдың бөлінбес бөлігі ретінде қабылдай білуіміз керек.

Қоғамда сөйлеу мәдениеті проблемасы жетіп артылады. Ал кәсіби маманның риторикалық мәдениетінің қалыптасуында ойланар тұстар да жеткілікті. Жалпы кез келген кәсіби маманның сөзі жұртты ұйытып, тыңдаушылардың айызын қандыруы тиіс. Ондай сөзді тыңдай беруден әсте ешкім жалықпасы да айқын. Өкініштісі – көп тұста мамандарымыздың сөзі әсерсіз, нәрсіз келіп, тыңдаушысын мезі етіп жіберетіндігі. Мұның өзі сөздің коммуникативтік сапасы, қысқаша айтқанда, сөз сапасы деген аса күрделі ұғыммен тығыз бірлікте. Ал сөздің коммуникативтік сапасы сөз байлығы, сөз дәлдігі, сөз дұрыстығы, сөз тазалығы, сөз әдебі секілді белгілерімен танылмақ. Мәселен, кәсіби маманның оралымды тіліне қойылар талаптың бірі – сөз байлығының болуы. Сөзі жұтаңның ойы да таяз көрінбек. Соның салдарынан мақсатсыз қайталау да көп болмақ. Орынсыз қайталау тілдің коммуникативтік сапасын күрт төмендетіп, ойды дәл, мазмұнды жеткізуге кедергі болмақ, нәтижеде аз сөзбен көп мағына беру қағидаты бұзылары ақиқат. Сөздің коммуникативтік сапасынан туындата өрсек, бүгінгі жас тұлғалардың риторикалық мәдениетін қалыптастыру бағытында тыңдар құлақ, ұғар ұғым болса тереңнен таратып айтылар тұстар жеткілікті. Ең алдымен мәлімделер түйінді тезис – келешек зиялы қауым сапына енер жастарымыздың бойында шешен сөйлеу дағдылары болуының аса қажеттілігінің өзекті мәселе екендігі. Ал тарата таразылар болсақ, бүгінгі көшбасшы жастарда қашан да тыңдаушы қауымға әсер ете сендіре білу дағдысының болуы абзал. Осы тұрғылас дағдыларды игеру үшін әрбір жас атаулы шешендік өнер қағидаларын білу міндетті. Жарқын да бейнелі, тартымды сөйлей білуге, өзіндік сөйлеу стилін қалыптастыруға, ішкі табиғи қалып, ерекшелік және икемділіктерді ескере келе, өзіндік сенімділікті қоюлатуға ұмтылуы дұрыс. Белгілі бір ой ұшығын тыңдаушыларға жеткізе отырып, олардың бойында қажетті әсер қалдыру үшін ерік күші, темперамент және тер  төге еңбек ету керек-ақ.

Тақырыпқа сай шаршы топ алдында сөйлеу жастан да, жасамыстан да психологиялық әзірлік пен алдын-ала жаттығуды талап етері даусыз. Егер де көшбасшы сөйлеуге тиісті тақырыбына қатыссыз барлық қам-қарекеттер мен қажетсіз ойлардан арыла білсе, алға қойған мақсатты межеге тез жетері анық. Тек осындай қалыпта ғана ол ауди­торияға әсер етіп, көпшілікті өзіндік көзқарасының дұрыстығына иландыра алады. Өкінішке қарай, көпшілік жағдайда жас тұлғалар не айтарын жақсы біле тұрса да, өз ой-түйіндерін тыңдаушыларына дәл де дөп жеткізе білмейді. Басты себеп, сөйлеушінің іскери әдістемелік жағынан әзірлігінің кемшіндігі, тыңдаушыларды қабылдау ерекшеліктерімен таныс еместігі, аудиториямен қарым-қатынас дағдыларын игермегендігі. Біздіңше, бұл орайдағы әрбір жас атаулыға қажетті риторикалық мәдениетті бойға жұғысты етуге септесер түйіндерді білу аса маңызды. Ол қандай түйін-тұжырымдар болмақ? Біріншіден, шешендік туралы әр кездегі тұжырымдардан өзіне қажеттісін ала білуі. Шешендік кісі көркі, ақылмен билеу өнері; тіл өнері мен сөйлеу мәдениетінің ең жоғарғы сатысы; дидарласушымыздың жүрегі мен ақыл-ойын баурап алуға, оны не нәрсеге болса да сендіруге, иландыруға септесетін бізге берілген сый; кез келген нақтылы зат туралы шебер сөйлеу өнері және сонысымен өзгелерді өз ойына ойыстыра білу екендігін; біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туындай келе, білгірліктен кейін тұратындығын; сөз бен ойға негізделетіндігін; биік дүниетаныммен, ғылым-білімді терең меңгерумен, xалықтың тұрмыс-тіршілігін, жөн-жосықтарын жүйрік танумен, жалпы айтқанда адамзаттың руxани мәдениетінен мол xабардар болуымен, ой өрісінің кеңдігімен тамырлас екендігін білгені жөн. Демек, кәсіби маманға қажетті шешендік дегеніміз – тыңдаушылардың жан-сезім әлемін сөзінің әдемілігімен, образдарының жарқындылығымен, нақыл, ғибрат сөздердің ұшқырлығымен толқытатын, баурайтын өнер, өзгеше қабілет-қарым, тума қасиет, сондай-ақ өскен ортаның, үлгі жандардың, ұлағатты еңбектердің тағылым-тәрбиесі, өзіндік дүниетанымының нәтижесі. (Қыдыршаев А.С. Шешен сөйлей білеміз бе?( Шешен сөйлеу мәдениетінің алтын қағидалары).Оқу құралы.-Орал, 2017.-7-13-бб.).

Екіншіден, шешен табиғаты туралы айқын түсінігінің болуы. Шешен қашан да қарулы жауынгердей сақадай сай қалыпта мәнді де ұлы істерді үздік орындауға және әрдайым жеңіске ұмтылуы; онда диалектиктің тапқырлығы, философтың ойы, ақын тілі, заңгердің жады, трагиктің дауысы болуы; дәл де нақты дәлелдермен иландыра білу, тыңдаушылардың жан дүниесіне өтімді де батымды сөзбен ой сала әсер ету, сондай-ақ судьяның көзін жеткізуден гөрі, оның көңілін көтере руxтандыру маңыздырақ екенін аңғару білігінің болуы; шешеннің парызы – шындықты айту, ал ең ұлы қасиеті – қажет нәрсені ғана айту емес, сонымен бірге қажеті жоқ нәрсені айтпау екендігін білуі тиіс. Демек, дарынды ділмәр шешен, біздің жағдайымызда, көшбасшы жас тұлға әр нәрсенің мән-мәйегі мен әсемдігін өзіне қайтара алады. «Шешен сол – сөйлер сөзден қамалмаса», - дейді Шал ақын. Шынтуайтына келгенде, шешендер айтқан сөзі арқылы адамның ақылына қону жағын ғана көздемейді, сөздің қанға, жанға әсер етіп, арбау сияқты адамның ойын да, бойын да балқытып, билеп алып кетуге ыждаhат етерін ескеру абзал. Шешенге орасан сезімталдық, құбылыс атаулыны жанды қалыпта елестете білу ауадай қажетті. Ол өз тыңдаушыларының бойында шалқыған шабыт, дария сезім, атқарылар іске сәйкесті құштарлық ұялатқысы келсе, ең алдымен осыны өз бойынан өткізуі тиіс. Орайлы тұста М.Т.Цицерон шынайы шешеннің, тума таланттың xалық өмірі мен әдет-ғұрпын, салт-сана дәстүрлеріне мейлінше жетік болуын баса атайды. Шешен шаршы топты өрнекті ойларымен иландырады, оның ұлылығы асқан шабытпен, құлшыныспен, пафоспен өлшенбек. Демек, ол көпшілікті сөзінің оттылығымен, жарқылымен, күшімен, көріктілігімен баурап алмақ. Сондай-ақ, шешен елге түсінікті болуы үшін, бүкпесіз ашық болғаны жөн. Ұзын сөздің қысқасы, шешен – тыңдаушылардың рухани дүниесін байытушы, өмірдегі, қоғамдағы алуан түрлі құбылыстарды байыбына жетіп, талдап түсіндіруші, белгілі бір ой-пікірлерді, халықтық мәселелерді жеткізуші, жан сала насихаттайтын үгітші. Бұл орайда ол – әлеуметтік-саяси тұлға. (Қыдыршаев А.С. Шешен сөйлей білеміз бе?( Шешен сөйлеу мәдениетінің алтын қағидалары).Оқу құралы.-Орал, 2017.-364 б.; Борохов Э. Энциклопедия афоризмов. М.: Мысль. 2003. – 686 с.; Душенко К.В. Большая книга афоризмов. М.: Мысль. – 2006. – 1056 б.).

Үшіншіден, шаршы топта сөз бастау­дың қиындығын аңғаруы. Тер­леп көрмеген тер қадірін қайдан білсін! Көшбасшы жас тұлға әр кез «Көш бастау қиын емес, қонатын жерде су бар; Қол бастау қиын емес, шабатын жерде жау бар; Шаршы топта сөз бастау қиын, шешімін таппас дау барлығын»; сөйленер сөздің «бастамасы», «ұсынбасы», «мазмұндамасы», «қыздыр­масы», «қорытпасы» боларын  білуі тиіс. Данышпан Абай айтпай ма, «сөз танымайтынға сөз айтқанша, өзіңді танитын шошқаны баққан жақсы» деп. Демек, өзгеге қарата сөз сөйлеу, шаршы топта сөз бастау қайдан оңай болсын. Сөз екшей білу өнері тыңдаушы қауымның жүрек лүпілі мен сана-сезімінің, өз жеке ойымыз бен сөзіміз арасында байланыс орната білу білігінен құралмақ. Бұл арада біз адамзат жүрегінің түкпірін жете түсінуіміз, тіпті оның әрбір қалтарысты иірімдерін сезіне де аңғара білуіміз керек, тек сол жағдайда ғана айтылмақ сөзіміз өзгені иландырмақ. Мәселен, тыңдаушыларымыздың орнына өзімізді қоя отырып, таңдаған формамыздың тақырыппен үйлесімділігін, көпшілікті елегізітіп, еліте толғандыра аларлықтай сезім тудыратындығына көзімізді жеткізіп көрелікші. Бұл ретте мүмкіндігінше қарапайымдылық пен табиғилық қалып сақтай отырып, «түймедейді түйедей» етпеуге, мәндінің құнын түсірмеуге ұмтылған дұрыс. Таңдаған сөйлеу формамыз мейлінше айқын да жарқын болғаны, мазмұнға сәйкес келуі және құрамына тек аса қажеттілерді ғана кіріктіргені жөн. Жалпы адам нені жан-тәнімен сезінсе, ұғынса, соны ғана ол жетер жеріне жеткізіп айта алмақ. Өзі жақсы білмейтін жайды уағыздағанда ғана кісі сөз таппай қалады. Адамды ой жетектей алса, ол анық сөйлемек, ал адам ойын жетектей алса,  одан да анық сөйлері анық. Белгілі ойшыл Р.Эмирсонша түйіндесек, адам модадан шығып қалмайтындай етіп сөйлеп, жазуы үшін, қашан да ақ сөйлеп, адал жазу қажет-ақ. Бұл арада атақты Аристотельдің «Платон – менің досым, алайда ақиқат орны қымбат-ақ» дейтін сөзін естен шығармау жөн. Десек те, шешендердің жүйрік ой толғауы тыңдаушылардың талғамына тәуелді. Демек, әрбір көшбасшы тұлға не айтарын, қашан айтарын және қалай айтарын жете түсінуі тиіс. Бұл ретте тыңдаушылардың назарын аудару үшін, қысқалық, ширақ сөйлеу, көңілді сергітетін қысқа да нұсқа қайырым-шегіністердің болуы алғы межелі мақсатқа жетуге еселеп жәрдемдеспек. Алғыр шешен күні бұрын тыңдаушылардың ойлары мен көңіл-күйін өткір сезінеді. Ол аса сақтықпен сөйлейді, әбден өзіне бағындырып алған соң, олардың сезім-күйлерін билеп әкетпек. Көшбасшы тұлғаның сөйлеу стилі тартымды да отты болуы тиіс. Ол тыңдаушылардың ынтасын біржола өзіне қаратуы тиіс. Сөйлеушінің әңгімесі оқтын-оқтын шамырқанған шабытпен айтылып, қадау-қадау ой-пікірлерді жаудырып, төгіп, төпелеп жіберуі де кейде артық емес. Ендеше, шешен қырағы, байқампаз болса, аудиторияның шып-шырғасын шығармай  уысында ұстары даусыз. Егер де шешен сөзі аудиторияға ғаламат әсер ететін болса, онда тыңдаушылардың көздері от шашып, жүздері гүл-гүл жайнап, ықыластанып, жұмсақ жымиып, бастарын изеп, қошта­ғандай, қолдағандай ым-ишараттар жасайды. Ыстық ықыласын, ізет-ниетін дауыстап та білдіреді. Сөйтіп, шешен мен аудиторияның құлшынысы бірдей оянып, оттай маздап, бір-бірін жетелеп, қоян-қолтық араласып, туысып кетпек. Қысқасы, жас көшбасшы шешен ретінде оны тыңдамау, түсінбеу, онымен келіспеу мүмкін емес болатындай тұрғыда сөйлеуі дұрыс. (Қыдыршаев А.С. Шешен сөйлей білеміз бе?( Шешен сөйлеу мәдениетінің алтын қағидалары).Оқу құралы.-Орал, 2017.-364 б.; Шаймерденұлы Е. Қазақ афоризмдері. Алматы, 2008. – 304 б.).

Төртіншіден, сөз сөйлеуге даярланудың қажеттігі туралы. Жастар небір өнер, не даналық шыңына оларды оқып-үйренбей жету әсте мүмкін еместігін; кімде-кім өз сөзін алдын-ала дайындаса, сол – халыққа нағыз берілген, шын мәнінде халық үшін қызмет ететін жан, ал көпшілік сөзімді қалай қабылдайды дегенге немқұрайлы қараушылық – сендіруді емес, күшпен көндіруді мақсат еткендік екендігін есте ұстағаны жөн-ақ.

Бесіншіден, сөйлеу мәдениеті туралы ойлануы. Сократ айтады: «Сөйлеп көріңіз, мен Сіздің кім екеніңізді айтайын» деп. Демек, жас көшбасылар адамның хайуанаттан артықшылығы – тілі, ал оны орынды қолдана алмаған адамның хайуаннан бетерлігін есте ұстап, кез келген сөйленген сөз жанды құбылыс іспеттес, ол бас-аяғы бар дене секілді және де тұтас кеуде тұсы мен аяқ жағы бір-бірімен үйлесімді де сәйкесімді әрі біртұтастықта өрілген болып келуі заңды екендігін сезінуі, жақсы сөйлеу жай ғана естіртіп жақсы ойлау екенін ескеруі ауадай қажет.

Алтыншыдан, сөйлеушінің жылы жүзді, жылы сөзді бола білуі. Жас тұлға әр сөздің айтылуына қарай мың сан мағынасы барлығына үңілуі қажет. Себебі ұстамды да орынды сөйлей білуі ділмарлықтан көп артық. Шынында да, ақылды ақырын сөйлер де, жауабын күтер. Бұл ретте А.П.Чеховтың «Мен өзімді тежеуге үйрендім, өйткені парасатты кісі өзін бетімен жібермеуі тиіс» дегені бар. Сондай-ақ сөйлеушінің сөйлеу сәтіндегі жан-дүниесінің қозғалыстары дене қимылымен ұштасуы тиіс. Бұл ретте: «От сықылды жылы болсын жүзіңіз бен сөзіңіз» деген Шәкәрім сөзі ой салса керек. Ал А.С.Пушкин мағынасыздықтың екі түрін атайды: бірі – сезім мен ойдың жетімсіздігінен пайда болар сөздің көптігі, екіншісі – сезім мен ой асып-төгіліп жатса да, оны жеткізер сөздің кемдігі. Сондай-ақ шешен нәзік құбылыстарды қатқыл үнмен айтса, не болмаса ыңғайсыз әңгімелерді нәзік дауыспен жеткізсе, тыңдаушысын иландыра алар ма еді.

Жетіншіден, қысқа да нұсқа сөйлеуге төселуі, тіпті, үндемей қалудың да үлкен күш екендігін сезінуі. Ж.Баласағұни: «Көп сөйлеме, азбен келтір иінін, Бір сөзбен шеш түмен сөздің түйінін» демей ме. Шын сөз қашан да – нұсқа, жақсы сөз қашан да қысқа болмақ. Көп сөйлеген мылжың шын сөзді аз айтады. Ақылы келте адамның әдетте тілі тым ұзын болады. Ойшыл адам, мүмкіндігіне қарай, көп ойды аз сөзге сыйғызуға тырысып, қысқа сөйлейді. Бүге-шүгесіне дейін түгін қалдырмай айтуға тырысу нәзік сезінуге қабілетті адамды жалықтырып, намысына тиеді. Тілінде тиегі жоқтардың бәрі бөспелер ауылынан. Ең бергісі жалған жымиып, босқа даңғырлайды. Қысқасы, «Аз сөйлер де, көп тыңдар, Хас асылдың баласы», - деп, Махамбет бабамыз айтқандай, кім-кімге де аз сөйлеп, көп тыңдаған жөн. Қашан да аз сөйлеген қателеспес, аз жеген ентікпес. Жас атаулы ең қысқа сөздің мағыналы көзқарас екендігіне назар аударуы артық болмас еді. Демек, қазақтың Қабдоловына сүйене ой түйсек, «көп біліп, дөп сөйлеген – шешен, аз біліп, көп сөйлеген – мылжың». Ал Исократқа сүйенсек, екі жағдайда ғана сөйлеуді қолдайды: бірі – өзіңнің сөйлер нәрсеңді айқын ойланып алғанда, екіншісі – бір нәрсе жайында айтудың аса қажеттілігі туындағанда. Тек осы жағдайларда ғана үндемегеннен сөйлеуді мақұл көрсе, қалған тұстарда сөйлегеннен сөйлемегенді анағұрлым артық санайды. Шал ақын айтпай ма: «Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық, Бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық» деп. Иә, көп сөйлеген көп сәтсіздікке де ұшырамақ, ендеше сөзге сақ болу шешендіктен де асқақ. Өз саласының майталманы А.Ф.Кони мәнді ештеңе айтпағаннан, үндемеуді артық көрсе, білгір Боуви: «Ақылды сөйлеу – қиынның қиыны, ақыл безбеніне салып үндемей қалу одан да қиын», - деп тұжырады. Демек, өзінің тіліне күші жетпеген адамның сөзінде шынайы шындық болмасы анық. Ұлы ойшылдарымыздың бірі Анақарыс кейінгіге тіліңді, тәбетіңді, нәпсіңді тыйып ұстау турасында ұлағат қалдырған (Қыдыршаев А.С. Шешен сөйлей білеміз бе?( Шешен сөйлеу мәдениетінің алтын қағидалары).Оқу құралы.-Орал, 2017.-364 б.; Энциклопедия мудрости. Литературно-художественное издание. Издательство «РООССА», 2007. – 814 б.).

Демек, қазіргі жас тұлғаларымыз риторикалық мәдениетке қатысты аса қажетті білік, дағдылар – орнымен сұрауға, көңіл қойып тыңдауға, байсалды түрде жауап беруге және басқа айтар ештеңесі жоқ кезде сөйлеуді доғаруға үйренгені абзал. Бұл орайда: «Егер айтпағаныңа бір рет өкінер болсаң, үнсіз қалмағаныңа жүз рет өкінерсің», - деген Л.Н.Толстойдың бұған жалғастыра, «адамдар қалай сөйлеуді үйренумен әуре болып жүр, ең басты ғылым қалай және қашан үндемеу керектігін» айтуы ескеруге тұрады. Десек те, есті адам қашан да тілін тыяр-ау, ойымыз тыйылмасын делік. (Қыдыршаев А.С. Шешен сөйлей білеміз бе?( Шешен сөйлеу мәдениетінің алтын қағидалары).Оқу құралы.-Орал, 2017.-364 б.).

Қысқасы, шешендік – ел келешегі жастардың  рухын аспандатар, асқақтатар өнер. Ал Ұлы Дала елінің халықтық рухы орасан. Тек рух сақталса ғана, жастар рухын оята білгенде ғана халық мерейі, абыройы қаз қалпында болмақ. Рух тұнған тұста ғана қалыптасу үстіндегі тұлғаны тұтандырар, ілгерілетер идея да күшті. Демек, бүгінде жастардың рухын еселеп жандандыра, жаңғырта түсер кешенді ойлы істер ауадай қажет. Ал ел болашағы – қазақ жастарының рухының биіктігі, жоғарылығы – Ұлт Тәуелсіздігі сақталуының бірден-бір айғағы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, шешендік шежіре – рухани байлық көзі. Халқымызға тән шешендік өнер тәліміне кейінгі ұрпақты тәнті етер болсақ, орасан рухани шапағат, парасат сыйлаймыз. Ал рухы зор, рухани бай ұрпақ – еліміздің сенімді келешегі.

 

Абат Қыдыршаев, 

 педагогика ғылымдарының

докторы, профессор,

Қазақстан Педагогикалық ғылымдар

академиясының академигі,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

8939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз