• Ел мұраты
  • 29 Желтоқсан, 2020

БІЗ ҚАЛАЙ СӨЙЛЕП ЖҮРМІЗ?

Бүгінде қазақ тілінің табиғи тазалығын сақтау өзекті мәселеге айналып отыр. Ата-бабамыздан саф алтындай таза күйінде келесі ұрпақтарға берілген ғажап тіліміздің мөлдірлігі, тұнықтығы неліктен өз дәрежесінде сақталмай келеді? Қандай амалдарды қолдануға болады? Тіл тазалығын қалай сақтаймыз? Осы және өзге де сауалдарды «Келелі кеңес» айдарымызда тіл мамандары мен тіл жанашырларына қойған едік.
Сауалдарымызға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нұрсәуле Рсалиева және Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр жауап берді.

Бүгінгі күнде қазақ тілінің табиғи тазалығы дұрыс сақталмай, ауызекі сөйлеуде, жазуда тіліміздің табиғи тұнықтығына нұқсан келтіретін жағдайлар жиі кездесіп жүр. Сіздің пікіріңізше, бұл ана тілімізге деген жауапкершіліктің төмендеуі ме, әлде басқа да себептері бар ма?

Ербол ТІЛЕШОВ: – Әрбір тілдің табиғаты, мәдениеті сақталуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, тіл жалпы жұрттың, тұтас елдің тілі болуы тиіс. Бұл ретте қазақ тілі ана тілі ретінде барша қазақтың, мемлекеттік тіл ретінде Қазақстан Республикасының тілі болмай тұр. Яғни, қазақ тілі ресми орындарда, бизнесте, бұқаралық ақпарат құралдарында орыс тілінің аударма тіліне айналған. Түпнұсқаның аты түпнұсқа, тәржімәнің аты тәржімә. Қазақ тілін шұбарламай сөйлеу, тілдің табиғи әуезділігі мен қалпын сақтау – тіл тазалығының негізгі шарты болады десек, әлгі тәржімә тілінде қазақша жазылған сөздердің өзі тіркес, сөйлем құрап келгенде түсініксіз болып қалады. Оның себебі, қазақ тілінің лексикалық байлығы, грамматикалық құрылысы дұрыс қолданылмайды. Яғни, өзге тілден тікелей аударма болып шығады. Егер қазақ тілін негізгі тілге айналдырып, осы тілден басқа тілдерге аударма жасалса, онда түпнұсқа ретінде тіліміздің еркін дамуын көрер едік. Әзірше, тәржімә тіліне айналғандықтан: «жағдай орын алды», «болып табылады», «жиналыста көтерілген сұрақтар», т.с.с. аударма тіркестерді жиі қолданып жүрміз. Яғни, тілдің төл табиғи құрылымы бұзылуда. Бұл тіл тазалығы дегенде тілді шұбарлаудан да, орыс тілінің жекеленген сөздерін қосып айтудан да залалды. Өйткені, бірді-екілі сөзді қосып сөйлесек, ондай сөздерді алып тастау оңай, қиыны әлгіндей сөйлеу дағдысына еніп кеткен қазақша болса да, тілдің табиғи құрылымын бұзып тұрған тіркестермен, сөйлемдермен күресу қиын. Екіншіден, қаладағы тілдік ортаның басқа тілде қалыптасуы. Қалай десеңіз де, қала ауыл үшін үлгі. Ендеше, тілдік тұрғыдан қала ауылға қандай үлгі беруде десек, жоғарыда айтқанымыздай, шұбарланған тілді немесе сөйлеудің табиғи қалпы бұзылған тілді айтар едік. Ауыл жастары қалаға барып, орысша сөйлегендерді көріп: «мәдениеттің жөні осы екен» деп шүлдірлейтін болды. Осы араға қоса кетсек, әлі күнге дейін санамызда өзге тіл мәдениет пен өркениеттің  үлгісіндей қабылданып жүргені рас. Осы реттен келгенде, психологиямыз өзімізді жоғары қоятын, өзіміз үшін тілімізді қай тілден болса да артық деп ойлайтын ұлттық саналық деңгейге жетпеудеміз. Үшіншіден,  тіл тазалығын сақтайтын бұқаралық ақпарат құралдары. Телеарнадағы жүргізушілеріміз, «жұлдыздарымыз» әдеби тілдің нормасын сақтамайтын болды, интернеттегі қазақ тілі тіпті сын көтермейді, күнделікті уатсаптағы жазбаларымыз қаншалықты сауатты екендігі өзіңізге мәлім, ендеше тілбұзар орта осы болып тұр. Біздің ойымызша, қазіргі кезде тіл мәдениетін сақтамақ түгілі, өз тілімізде сөйлеу мәселе болуда. Бұларға қосарым балабақшада, бастауыш сыныпта, үйде тәрбиешінің, мұғалімнің, әке мен ананың тілдік мәдениетін көтеру қажет. Ол үшін теледидарда, интернетте тіл мәдениетіне баулитын бағдарламалар қажет болар.

Нұрсәуле РСАЛИЕВА: – Тіліміздің табиғи тұнығы көз алдымызда біреудің қолымен емес, өз қолымызбен лайланып жатқаны рас. Мәселенің ең қауіпті жері – қазақ тіліндегі нормадан ауытқулар, яғни, түсініктірек айтсақ, тілдегі қателер жай қарапайым көпшіліктің аузында емес, мұғалімдердің, журналистердің, саясаткерлердің, ғалымдардың да тілдерінде жүргендігінде. Ауызша тілімізде де, жазбаша тілімізде де қате көп. Сөйлегенде елді аузына қаратқан ғалым үлкен мінберден «Мен ойлаймын» деп тұрса, халқының наркөтерер жүгін арқалап жүрген саясаткер «Өйтуіміз керекпіз, бүйтуіміз керекпіз» деп тұрса, көрерменінің көңілін тауып жүрген журналист сөзінің басында «Мерекелеріңізбен!» деп, соңында «Көріскенше» деп тұрса, мектепте ұстаз «пятница күні», «понедельник күні» деп тұрса,  аяғы тәй-тәй басып, тілі былдырлап енді шығып келе жатқан бүлдіршіннің алдындағы өнеге тұтатын аға-әпкелері бірін-бірі «Happy birthday, to you!» деп құттықтап, торттағы балауызды үрлеп, «қатырған» сыңаймен мәз болысып жатса, бұл енді оңай құтылатын «індет» емес екенін мойындауымыз керек.

Бұл бірінші кезекте, қаумалаған үстем тілдердің әсерінен. Екіншіден, жауап­кер­шіліктің төмендеуі де жоқ емес. Жауап­кершілік болмаған жерде немқұрайдылық жүреді. Әйтпесе, ауыздан бір сөзді шығару үшін кісі оны әртүрлі жауапкершіліктің сүзгілерінен өткізіп барып шығарса мұндай болар ма еді? Таза сөйлеу де – тазалықтың белгісі. Көбіміз осыған мән бере бермейміз.

Нұржан ДҮЗБАТЫР: – Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында тілдің төрге озған да, қадірі қашқан да кездері бар. Тілге деген жауапкершіліктің болмауы ұлттың болашағына деген сенімнің жоқтығы деп түсінемін. Оған бірнеше мысал келтіруге болады. Тілді шұбарлап тұрған мемлекеттік қызметші, тележурналист, спорт комментаторы немесе тіпті қатардағы мектеп оқушысына да тиісті талап қоя алмаймыз. Неге? Өйткені, қоғамдық деңгейде жауапкершілік те, талап та жоқ. Осы тұста телеарналардағы жалт-жұлт еткен жарнамалардың қазақша аудармасы мен көше, базар, сауда үйлеріндегі «шалажансар» көрнекі жарнамаларды айтпай кетуге болмас. Әрине, жауапкершілік болуы үшін жоғары талап қажет. Егер адамдар қате айтылған сөз бен қисынсыз тіркесті, мәні келіспейтін мәтінді, құлаққа түрпідей тиетін аударма атауды көрген һәм естіген сәтте орынды уәж айтпаса ит үріп, керуен көше бермек. Қойыртпақ терминдер мен қате тәржімаланған күрделі мәтіндер  қазақ тілін білгісі, үйренгісі келетін, қазақша таза сөйлеуге ниеттеніп жүрген қандастардың қызығушылығын су сепкендей басып тастайды. Тілдің табиғи тазалығын сақтаудың ең тиімді тәсілі әдеби кітап, мерзімді газет-журнал оқу екенін әр адам жақсы біледі. Бірақ, бүгінде адамдарға тұрақты оқуға еш мұрша жоқ. Оған қолымыздағы телефондар мүмкіндік бермейді. Не істемек керек? Ұлтты ұлт қылатын темірқазығымыз һәм алтын діңгегіміз ұлттық тәрбиемізге оралуымыз шарт. Бауыржан батыр Момышұлы айтқан, бесік жырын білмейтін аналардан қорқуымыз керек. Сол жас аналар кешегі өзіміз мәпелеп өсірген аяулы қызымыз емес пе? Енді кімге өкпелейміз, кінәні кімге артамыз. Бесік жырын білмейтін ананың көкірегінен нәр алған балғындар қазір шетелдік мультсериалдардың тұрақты тұтынушылары. Ана тілінің тұнығына қанбаған, уызына жарымаған баладан қандай жауапкершілік күтеміз. «Санасына берсін» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Ақиқатқа айтылар бүгінгі ақиқат осы болып тұр.    

 Қазіргі қазақтар шешен сөйлеуден неге қалып барады? Бұрынғы тарихымызға қарасақ, екі қазақтың бірі шешен болмаса да, айтар ойларын анық та қанық, көркемдеп жеткізетін. Шешендік өнер дейтін құбылыс неліктен ұлтымызға жат болып барады. Бұл қазақтардың әртүрлі ұлттармен араласып өмір сүргеннен кейінгі тілдердің бір-біріне тигізетін әсерінен бе, әлде басқа да себептері бар ма.

Нұрсәуле РСАЛИЕВА: – Бұның бірнеше себебі бар, әрине. Бірінші кезекте, бұл – уақыттың қысуынан, «Ақпарат тасқыны» деген заманда өмір сүріп отыруымыз. Бұл да жай сөз емес екен, осы тасқын бізді алқымнан алып, тұншықтырып отыр екен. Бір жұтым бос уақытқа зар болып отырады екенбіз. Ең қымбат нәрсе – сол аз ғана уақыт екен. Сол үшін қазір басқалардың асыл уақытын алмауды ойлап тұруымыз керек. Бәрі қысқа, нұсқа болу керек. Бір ойыңды айту үшін «кестелі орамал» деп отырсаң, жаныңда ешкім қалмайды.

Екіншіден, шешендік өнерін қажет ететін саланың өзінде де оның қажеті  шамалы болуы себебінен деп ойлаймын. Мысалы, сөз өнерінің биік шыңы қазақ үшін айтыс болса, біз оны да өз биігінде ұстай алмай отырмыз. Мысалы, «Алтын домбыра» жүлдесін «мына кісі өткен жылы алды, енді келесі жылы басқа алмағандар алсын» деген қазақылық – нағыз осы өнердің тамырына балта шабатын түсінік. Одан не қадір-қасиеті қалады бұл өнердің! Бұл өнердің бағасын өзінің асқақ дәрежесінде ұстап тұру үшін жыл сайын кім жеңсе, соны кәдімгі кәсіби бокстағыдай, сонша дүркін жеңімпаз тұғырынан түсірмеуіміз керек. Жеңсе ала берсін, мықтылардың мықтысы соны жеңуге дайындалып жүрсін. Ары кетсе жеті дүркін жүлдегер атанар, бір күні топты жарған және бір жүйрік шығар, қолынан келсе алар, келмесе қалар. Өнері жетсе де, өресі жетпей жатқан біреуге сондай мәртебелі жоғары атақты бере салу дұрыс па, соны ойлауымыз керек. Құдалықтың сый-сияпаты емес қой бұл, қазақтың маңдайына біткен айрықша өнері ғой. Өнері ұшқыр, өресі биік хас таланттарымыздың қадірін білсек, оларды шын қаһарман ете білуіміз де керек. Сонда шешендік өнердің, айтыс өнерінің көсегесі көгереді. Өйткені, шын өнер, күш-қуат, білім жұмсап ұмтылатын биік бар. Сонда бұл өнер сайысы жыл сайын халық болып күтетін ұлттық брендке де айнала алады, домбыраның өзін де ұлттық құндылық ретінде әспеттей аламыз, бабадан қалған қара қылды қақ жарған әділ-қазылықты да тіктейтін боламыз.

Нұржан ДҮЗБАТЫР: – Шешендік өнер – ұлтымыздың бойына біткен асыл қасиеттердің бірі еді. Айтарын нысанаға мірдің оғындай жеткізетін шешендер сиреп кетті бүгінде. Кейде газет журналистері сөз сөйлеушіні «шешен өз сөзінде» деген тіркестермен беріп жүр. Мұнысы, бәлкім, басқосуға төрағалық жасаушы модератор дегені болар. Жиналыста сөз тізгінін ұстаған баяндамашының бәрін шешен деу ағаттық, әрине. Ел алдында сөзінен мүдірмейтін, қиыннан қиыстырып, қысылтаяң тұстан жол таба білетін, сүбелі ойын шешен сөзбен кестелеп, айтқанына ел тоқтайтын адамды ғана шешен деп таниық.   Қазір біреулер әлеуметтік желілер арқылы екі айда шешен сөйлеуге үйретеміз деп шатып жүр. Шешендік ауызға орнатып қоятын құрылғы емес қой. Ол жылдар бойы оқумен, тәжірибемен келетін киелі өнер. Сіз халқымыздың әртүрлі ұлттармен араласып өмір сүруінен тілдердің бір-біріне әсері бар ма дейсіз. Батыс Қазақстан облысындағы біздің Бәйтерек ауданында 40-қа жуық ұлттың өкілі ғұмыр кешуде. Балалар мемлекеттік және орыс тілінде білім алуда. Демек, ауыл балаларының көбі аралас тілде білім беретін мектептерде оқиды. Ол мектептерде ортақ қолданыс тілінің орыс тілі екенін мен айтпасамда біліп отырсыз. Үйде және сыныпта ана тілінде сөйлейтін балалар қоғамдық ортада ойын орыс тілінде айтады. Тілдердің өзара әсері деген қарапайым тілмен айтқанда осы ғой. Тіл үйренгеннің, бірнеше тіл білгеннің оғаштығы жоқ, әрине. Әр бала өзге тілді терең біліп, өз тілін шебер меңгерсе нұр үстіне нұр емес пе?!

Ербол ТІЛЕШОВ: – Шешен сөйлеу, негізіне келсек, тілдердің араласпаған дәуірлеріне тән. Айталық, көне Эллада, ХVIII ғасырдағы Франция, қазақтың табиғи салты мен қалпы сақталған ғасырлар деген сияқты. Әлбетте, шешен сөйлеу қазір де бар. Бірақ оның классикалық дәуірлері артта қалды. Қазір прагматикалық ойлаудың дәуірі келді. Соған орай ойды дәл, кең образды, бейнелі шарттылықтармен беру қазіргі индустриялық, постиндустриялық қоғамға етене емес. Өзіңіздің сұрағыңыздағыдай, шешендік өнердің қоғамдағы орнына тілдердің өзара ықпалы себебі де және жаңағыдай әр дәуірдің әсері де бар. Десек те, халқымызға тән шешен сөйлеу, ең болмаса, мұғалімдер мен журналистерге үйретілуі керек деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда тіл заңдылықтарын сақтауда, тіл ұстартуда, сөз қолданыс­тарында қандай олқылықтар, қандай кемшін тұстар бар? Оларды түзеу үшін не істелу керек?

Ербол ТІЛЕШОВ: – Бұл жөнінде ілгеріде өз ойларымды айттым. Оған қоса, айтарым қазақ тіліндегі контентті күшейту, көбейту қажет. Атап айтқанда, ана тілімізде мультфильмдер, әртүрлі ойындар, көркем, деректі фильмдер көптеп және сапалы деңгейде дайындалып, олар интернет кеңістіктерде қолжетімді болса, жақсы нәрсені балалар да, жастар да, ересектер де көреді, тыңдайды. Егер біз осыларды дайындамасақ, онда басқалардың тәуір дүниесіне қызығу бүгінгідей толастамайды. Жалпы біз өзімізді «күштіміз» деп үйде отырып шіренгеннен халыққа пайдалырақ жұмыстарды атқарғанымыз жөн. Дүние – бәсеке, дүние – тартыс. Осы бәсеке мен тартыстың алаңында жеңісіміз аз ба, көп пе жақсылап ойланайықшы, ағайын дегім келеді.

Нұрсәуле РСАЛИЕВА: – Басқа тілдердің әсерімен тілдің заңдылықтарын бұзып кіріп, әдеби норма іспетті сіңіп кеткен құрылымдар бар. «Туған күніңмен!»,  «Мейрамыңмен!»,  «Кездескенше!» деген тәрізді. Бұл тіркестердің қазақ тілінде мағынасы жоқ. Бірнеше рет дауыстап қайталасаң да, мағына пайда болмайды. Қазақтың мән-мағына, берекеті «болсын» деген сөзінде тұр. «Туған күнің құтты болсын!», «Мейрамың құтты болсын!» деген кезде ғана бұл сөздерде қандай да бір қайыр бар. «Кездескенше амандық болсын», «Кездескенше күн жақсы болсын» деп айту керек, сонда мағына болады.

Осындай соңғы кездері пайда болған «оған хабарлас», «маған хабарлас», «жаңалықтармен бөлісті», «мамандармен тексерілді» дейтін грамматика еніп алды. Қазақ тілінің әдеби нормасында хабарласу кіммен, кімге емес, бөлісу нені, немен емес, тексерілу кіммен емес, кім арқылы, немесе кім тексерді? Бірақ жазба тілде де, ауызша тілде де етек алуы соншама, мұндай грамматикалық қатесі көзге ұрып тұрған сөйлемдерді соңғы кездерде менің өзім де «қашанғы түзетем, тұра берсінші» дей бастадым. Бірақ «бұл қателер дес бермей кетсе, қазақ тілінің грамматикасын қайта жазу керек бола ма, қайтпек керек сонда, теория бөлек, практика бөлек болып тұра алмайды ғой» деген де ой келеді лажсыз. Өйткені, біз бұл жерде бірлі-екілі мысалдарды ғана айтып отырмыз, мұндай қателер тым көп.

Үстем тілдердің әсері тілді 3 жақтан да, грамматикасы, лексикасы, фонетикасы жағынан да қаумалап «жаулап» алатыны белгілі. Қазіргі техниканың көмегімен жасалатын аударма да, бұл үдерісті жылдамдатып барады. Қараңыз:

Ты выглядишь великолепно!– Сен тамаша көрінесің!

Какой у вас чудесный дом!– Қандай керемет үй сізде!

Нам 10 лет – Бізге 10 жыл.

Мына мысалдардан грамматиканың түгелімен қазақтыкі емес екенін көреміз. Лексика туралы сөз қозғаудың өзі артық, орысша, ағылшынша қоспай сөйлеу дегеннің өзі мүмкін болмай бара жатқан сияқты. Бұған қоса, «кэрэк эмэс,  кэрэк эмэс» деп сөйлейтіндерді де естіп жүрміз. Бұл тілдің фонетикасы тұрғысынан «керегемес» болып айтылуға тиісті орфоэпиялық норманың бұзылуы.

Батыстың зерттеулерінде жойылып кететін тілдің белгілері өз тіліңде бола тұра, үстем тілдердің сөздері мен сөз тіркестерін қолданып сөйлеуден басталады екен де, сөйлейтін ұрпақ қоғамда өз тілінде сөйлеуді ұят көретін деңгейге дейін жетеді екен. «Енді не істеу керек?» деген сұраққа келетін болсақ, қол қусырып отыруға болмайды. Стихиялы түрде орын алып жатқан өзгерістерге саналы түрде қарсылық жасалу керек. Мақала, баяндама, бағдарламалар арқылы, басқа да толып жатқан тетіктер арқылы түзету, ескертулер жасалу керек. «Ескертіңдер, ескертуде пайда бар» деген хадисімізде. Мектеп те қазақ тілін қолға алу керек, балалардың өз тілі деп немқұрайды қарамай, тілдің әдеби нормаларын қатаң қадағалау қолға алыну керек. 

Біздің қоғамда соңғы кездері мемлекеттік тілдің мәселесін оны пайданың көзі етіп қою арқылы шешу, мысалы, қазақ тілін жетік білген мамандарға белгілі бір мөлшерде жалақы, не сыйақы қосу сияқты мәселелер көп айтылып жүр. Патриотизмді көтерумен де ұлттық құндылықтарды аялайтын ұрпақ тәрбиелер едік.

Нұржан ДҮЗБАТЫР: «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, кемшіліктерді түзеудің нақты жолы – әр ата-ана өзі дұрыс сөйлеп, тіл тазалығын өз баласынан талап етуі тиіс. Тіл заңдылығының сақталуы туралы айтқанда тек ана тіліміздің емес, өзге тілдің де заңдылығы барын ескере бермейміз. Кемістің күйін кешіп, араластырып сөйлеп тұрған адамға тіпті мән бермейміз. Ең үлкен қателігіміз осы. Әлемде жойылып кетуге шақ қалған тілін тірілтіп алған Еврей халқына сүйсінбеске шараң жоқ.

Биыл Ұлы Абайдың мерейлі жылын атап өтудеміз. Ұлы ақынның қара сөздерін қайыра еске түсіріп, өлеңдерін жаттап, әндерін шырқап, ақынға арналған қойылымдар сахналанып, жинақтарын қайта басып жатырмыз. Түптеп келгенде, осы шаралар арқылы тілдің өркендеуіне де үлкен бетбұрыс жасалды. Одан бөлек, Жұбанның отты жырларынан, Қадырдың қасиет тұнған қазынасынан сусындап, онлайн болса да тағылымды дүниелерден тәлім алдық. Осынау шаралар науқандық болмай халықтық сипатта ұдайы жалғасын тапса игі. Сонда ғана, сіз айтқан кемшіліктерді түзеуге қадам жасаған, әрекет қылған боламыз.        

Қазақ тілінің қазіргі замандағы дамуын қалай бағалайсыз? Қандай  мәселелерге мән беруіміз керек? Жаһандану заманында тіліміздің бәсекеге қабілеттілігін қалай бағалар едіңіз? Ғылымның әртүрлі салаларындағы ана тіліміздің қолданысына байланысты көзқарасыңыз?

Ербол ТІЛЕШОВ: – Қазақ тілінің қолданылу деңгейі де, өркендеуі де – тіліміздің қуаты мен әлеуетіне тең емес. Яғни, тіліміздің мүмкіндіктерін пайдаланбай жүрміз. Тарихқа жүгінсек, бір Абайдың өзі қазақ тілінің қаншама мүмкіндіктерін ашып берді. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары қазақ тілінің қуатты тіл екенін, оны барлық салаларда еркін қолдануға болатындығын көрсетті. Тіліміздің сөздік қоры, оралымдылығы, сөздеріміздің тіркесу мүмкіндіктерінің алуандығы, зат пен құбылыстардың сапасын, ерекшеліктерін бейнелеудегі дәлдігі мен бейнелілігі, адамның ішкі ой иірімдерін дәл, нәзік бере алудағы ғажайып әлеуеті осы күнде толық пайдаланылмауда. Әлбетте, қазақ тілі өзінің табиғаты жағынан бәсекеге қабілетті, мәселе оған берілер мүмкіндік тұрғысында. Егер тілімізге өз елімізде біріншілік, бастапқылық рөлді толық берер болсақ, тіліміз түлейді, жасарады, жаңғырады.  Жаһандануға байланысты келсек, онда осындай дәуірде атқаратын ең басты жұмысымыз – тілді сақтау, жат тілдердің экспансиясынан сақтау. Жаһандану жағдайында қазақ тілі тұрмақ, әлемдік тілдердің қатарындағы француз, неміс сияқты тілдердің өзі ағылшын тілінің жаһандық қарқынынан сақтанудың шараларын қарастыруда. Ендеше біз тілімізді сақтауды бүгінгіден де зор амалдармен сабақтастыруымыз керек. Ол үшін қазіргідей тілге тек қарым-қатынас құралы ғана деп қарамай, тіл – ұлттық ойлаудың, ұлттық танымның ең күшті құралы деп қарауымыз керек. Мықтап ұғынатын қағидамыз: қазақтың тілі – қазақтың өзі, қазақ дегеніміз – қазақ тілі деген қағиданы әр қазақ санасына тоқып, жүрегіне сіңіруі керек. Өйткені, тіл – сол ұлттың рухы. Ұлтта өмір сүрудің рухы барда, ондай ұлт жасампаз ұлт.

Нұржан ДҮЗБАТЫР: – Бізде ана тілдің даму үрдісінің баяу болса да бары қуантады. Мемлекеттік қызмет көрсету, қаржы саласы, әскери, сауда-саттық, өндіріс, өзге де салаларға мемлекеттік тіл дендеп енді. Мемлекеттік тілде құжат айналымының үлес-салмағы едәуір артты. Тілдің мәселесі өте нәзік. Даму үдерісінің баяу болуының басты себебі де осы. Болашағымыз бұлыңғыр болған тоқсаныншы жылдары тілдің мәселесін біржақты көтерудің өзі үлкен қателіктерге ұрындыруы мүмкін болған шығар. Көп дүниенің байыбына барып, терең сараптап, уақыт тезіне салудың, төзімнің арқасында кеткен кемшіліктер түзеліп келеді. Ендігі мән беретін мәселе – сапа. Сапалы сөйлеу, сауатты жазу, мәнді аударма, тап-тұйнақтай терминдер жасау. Тілдің бәсекеге қабілеттілігі тек қана өзімізге байланысты. Ана тілімізді сауатты қолдана алмасақ, бәсекелік қабілеті артпайды. Елімізде әлемнің озық кітаптарының ұлт тіліне жүйелі аударылуы тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жасалған ең қарымды қадам. Жастар миллиондардың жата-жастанып оқыған дүниелерін өз ана тілінде оқуға мүмкіндік алып отыр. ХХІ ғасырдың ілім-білімі, танымы тоғысқан соны дүниелердің енді ұлт кәдесіне асары анық. Тек сол кітаптардың насихатын жан-жақты жеткізе білуіміз керек. 

Нұрсәуле РСАЛИЕВА: – Жаһандану заманында тілдің бәсекеге қабілеттілігі туралы ойлағымыз келсе, оны алдымен жоғалтып алмауды, алпауыттардың көмейіне түсіп,  жұтылып кетпеуін ойлауымыз керек. Осы жағынан өз аяғында тік тұра алған тіл басқа да функционалды қызметтерін өзінің сала-саласымен дамытып, атқара алатын болады. Қазақ тілінің жаһандану заманында бәсекеге қабілеттілігін арттырсақ деген ниетпен латын графикасына көшуді қолға алып, саясатпен енген бөгде таңбалардан арылып, табиғи болмысына жақындау жағын қарастырып жатқан жайымыз бар. Бұл ғаламдық деңгейде жаһандану үдерісіне қарсы жүріп жатқан лингвистикалық протекционизм, яғни, өзін-өзі сыртқы күштердің әсерінен қорғау, біздегі баламасымен айтқанда, «Рухани жаңғыру» идеясы аясында атқарылып жатқан шара.

Ербол ТІЛЕШОВ: – Ең алдымен мектептің, жоғары оқу орындарының оқулықтары мен оқу құралдары қай деңгейде дегенді ойлап көрейік. Мектеп оқулықтары жөнінде сын толастамай тұр. Бәлкім, кейбір ағайын мектеп оқулығы мен ғылымның арасы қаншалықты байланысты дер. Әлбетте, байланысты, өйткені, ол әдістеме ғылымы. Жоғары оқу орындарының оқулықтарына келсек, ол ғылымның әдіснамасы. Егер қазақ тілінде мамандар бірнеше ондаған мамандық бойынша дайындалады десек, онда солардың ортасында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, қоғамтану, мәдениеттану, философия сияқты бірнеше мамандықтарды айтпасақ, өзгелерінің басым көпшілігі орыс тілінен аударылған оқулықтармен оқуда. Олардың көпшілігі тікелей тәржімәланып берілген. Сонда ана тіліміздің әртүрлі ғылымдардың саласындағы қолданысы қандай дегенді ойлана беріңіз. Тіпті, өзім жақсы білетін қазақ филологиясы саласындағы оқулықтардың көпшілігі әлі күнге дейін кеңестік дәуірде жазылған, жаңаланбаған оқулықтар мен оқу құралдары. Әрине, ішінде бүгінгі күннің сұранысына жауап беретіндері де бар. Десек те, ескіргендері көп. Дәл осыдан шығатын қорытынды, ілгеріде айтқанымыздай тіліміздің әлеуеті осы ғылым саласында да өзінің барша мүмкіндіктерін аша алмауда. Оны диссертациялардың стилінен, ғылыми терминдердің қалыптасуынан көруге боларлық.

Қазақ тілі ұлтымыздың рухы болса, онда оны сақтауға, жасампаз етуге баршамыз атсалысуға міндеттіміз. Тілдің ерекше маңызы жөнінде қай елдің болсын ойшылдары, қаламгерлері, елшіл тұлғалары қаншама сөз қалдырса, ендеше ол шынында да әрбір ұлттың сақталуы мен дамуының ең басты шарты болғандығынан. Сол себепті де қазақ тілі дәл бүгін биліктен де, бұқарадан да жаппай қолдауды күтеді.

Келелі әңгімелеріңізге рахмет!

Әңгімелескен

Берік ЖҰМАБАЙ

2311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз