• Ел мұраты
  • 29 Желтоқсан, 2020

ДАНАЛЫҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ

Серікқали ХАСАН,
жазушы, журналист, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі,
«Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Абай үйінің дастарханы қашан да кең, ас мәзірі өзінің молдығымен-ақ көңіл баурайтын; оның өзі де бір жатқан аңыз еді. Бұндайда олар көбінесе қымыз ішіп, кең тыныстағанды жөн көретін. Келген қонақты өзіне арнайылап келгендегі әлдебір шаруасы, не оны әлдебір бұйымтайынан бұрын, меймандостық қадір-қасиетімен көңіліне ыстық тартып, өзінің де көңілі біраз марқайып қалады екен. Бұл да бір Абай шаңырағындағы бұлжымайтын әдетке айналыпты. Бірде, тіпті, бір ақсақал: «Абайды төбе билікке сайлағандардың ішінде менің де әкем болып еді», – дей қалмасы бар ма?! Мына сөздер Хакімжанға сонда тіптен қатты әсер етті! Абайдың осындай іс басындағы көңіл күйі, өзін-өзі ұстауы, сөз саптауы, сондағы Абай таным-білігі, алыптың мінезі мен оның айналасындағылардың Абайға қатысты көзқарастары бұл үшін де ауадай-ақ қажет дүниелер емес пе?! Тастың сыны, тастың үніне өз ретінде бұл да аз жүк емес қой! Мәселе, Абайдың төбе би болғандығында емес, дәл сондай биікке көтерілуіне дейін жеткізген басты себеп және сондағы Абайдың болмыс-бейнесіндегі әлдебір жарқылдары ше?! Тіпті, сол жолы уезд басшылары кеше ғана төбе билікке сайланған Абай Құнанбаевты өздерінің де жетік білетіндіктері және оның мойнына артар міндет, тағысын-тағы әлдебір тілек-өтініш ретінде айтарлары да аз еместігін байқатып, Абайды уезде алып қалып, ал, өзгелерін өздерінің ауылдарына қайтарып жібергендегі ойлағандары не десейші?! Енді әбден оңашаланып отырғанда, уезд басшылары Абайға: «Біз патша өкіметінің заңдарын жетік білгенмен, нағыз қазақ ортасы, қалың қазақтың салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, қазақы мінездерімен үйлесім тауып, өзара жақсырақ тіл табыса алатындай мүмкіндіктің соқпақ-жолдарын сенен артық таба алмаспыз! Аузың дуалы, сөзің кемел, ақылың тіптен салқар жансың ғой, халық өміріндегі көне салт, сонау көне замандардағы ірі мінездерді есіңе алып, қазіргі заманға сай келетіндей бір заң тармақтарын жазып бергейсің!» – деп қолқа салатындықтары ше?! Қызық емес пе, Абай бұл тілекті халқының мүддесіне орайластырып, жобаны дер кезінде олардың қолдарына ұстатады. Ал, үш тәуліктен кейін, уезд басшылары маңайдағы барлық елдің бетке шығарларын тегістей жинап алып, сондағы қалың көптің алдында Абайдың кенен ақылының қайнарына суарылып, алда әлі ұзаққа баратын, сол алдағы үлкен болашақты меңзеген және барлығы 74 статьядан тұратын, оның да ішіндегі қазақтың мұң-мүддесіне сай келетіндері тағы менмұндалаған заңды оқытып: «Ал, сендердің көптен бергі аңсай күткендерің осы еді ғой! Айтатындарыңды дәл осы жерде айтып қалыңдар, ештеңені бүкпей, барды бар, не жоқты жоқ деңдер?! Артық-кемі болса, оны да еш жасырмаңдар?! Заңды жан-жақты ойластырып, өз қолымен жазып шыққан Абай Құнанбайұлы қазір осы жерде өздеріңнің қастарыңда отыр! Заңға разы болмай, көңілдеріңе нендей бір күдік туғызып, уәйімге айналғалы тұрған жері болса, Абай оны қолма-қол осы жерде-ақ түзеп, өзінің ретіне де келтіреді!» – дегенге дейін айтпай ма?! Қалай дейсің, ел деген әлдебір қалың тобыр, қалың жұрт қапелімде ештеңеге мойынсұнбайды, олар әдетте тек өзара улап-шулағанды ғана жақсы көреді дегеннің бәрі де жалған екен! Қалың ел сондағы Абай жазған заңға құлай жығылып, Абайдың қаламының ұшы тиді деген тұстарға артық-ауыс ешқандай сөз қоспай, түгел мақұлдапты ғой! Құрылтайда билер тегістей қол көтеріп, сол заңды бір ауыздан қабылдағандығын көргенде, бұндайды бұрын әдетте өздерінің көз алдарына қиялмен де елестете алмайтын уезд басшылары мен жоғарыдан келген ұлықтар тіптен-ақ қайран қалыпты. Мінез деген, әсіресе, тұтастай халықтың мінезі деген, міне, осы емес пе?! Жидебайда, Семейде, жалпы Шыңғыстау баурайындағылардың сол жолғы алдағы Алматыда бой көтеретін Абай ескерткіш-мүсінінің бір кетігіне жарай ма екен дегендей бір үміт-сеніммен бұған өздері білетін, өздерінің естерінде мұқият сақталып қалған, не кезінде өздері куә болған талайғы жәйттерге дейін бүге-шігесін қалдырмай айтып отырып, көп жерде де соның бәрін кезінде Мұхтар Әуезовтың туған жерге жасаған әр жолғы сапарлары, не сондағы оның өздерімен жүздесіп, көп ретте солардың өздері арқылы, Абайдың сол өңірдегі өзге де ағайын, жақын-туыстарына қарай бағыт алғандықтары хақында сөз етіп отырып, Әуезовтың алдағы өз роман-эпопеясына жеткілікті дәрежедегі рухани жәдігерліктердің сырына молынан қанықса да, бертінге дейін Абайдың қолынан шыққан жыр-мұралары мен даналық ойларына қатысты дүниелерге келгенде, тағы да Алматыда тыныш отыра алмай, шежірелі Шыңғыстау бойын үлкен бір құштарлықпен тағы әрі-бері шарқұра шарлап жүріп: «Таяуда біз Алматыда Абайдың шығармалар жинағын шығарғалы жатырмыз. Абайдың әрбір шумақ өлеңдері тұрмақ, сондағы әрбір сөз, сөйлем, мақамдарына дейін түгендеп, бұрынғы қалыс қалған, не кезінде қолдан қолға өтіп жүріп, әлдебір өзгеріске ұшыраған сөздерін әу бастағы қалпына келтіргенде, ел арасындағы Абайдан қалған жұрағат есебінде айтылып жүргендердің салыстыру кезінде бір қажеті болып қалар деп және ел арасынан әлі де бір көнеліктер табылып қала ма дегендей де бір үмітіміз баршылық», – дегендіктіріне дейін де жеткізгендері ше?! Жоқ-ау, сондағы ең бастысы, Хәкімжан қай жерде, қандайылықты танымал адамдар, көне көздермен талай мәрте шұрқырасса да, әлгілердің бәрінің де түптеп келгенде, бұған:

– Сіздің Алматыда бой көтеретін атақты Абайдың ескерткіш-мүсініне байланысты үлкен байқауда озық үлгі көрсетіп, жеңіп шыққандығыңыз жақсы екен! Бірақ, сіз Алматыдағы біздің Әуез атамыздың немересі Мұхтармен кездестіңіз бе?! Біздің қасымызда ол кісі кемеңгер тұлға ғой! Оның өзі бауырында өскен атасы Әуез Абайдың қара халықтың арасындағы нағыз шынайы достарының бірі болған ғой! Көп жағдайды да білетін! Көп ретте өзі де Абайдың есімін ауызға алғанда, бәрі де қас пен көздің арасынша-ақ тез өте шыққандығына қайран қалып, көзіне ыстық жас алады екен! – дей келіп, тағысын-тағы бейнебір бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай-ақ: - Әттең, әттең, бұл жағдай сәл ертерек болғанда ғой... Әйтпесе, ендігі сіз де кезінде Мұхтар Әуезов сан рет жүздесіп, естеліктерін қолма-қол қағазға түсіріп алған Абайдың шәкірті Көкбай, Абайдың алғашқы әйелі Ділдә, ой-хой, кезінде біздің Абай атамызды өзінің сұлулығымен баурап, әбден ғашық қылған Әйгерімнің өзімен де кездесіп, көп сырларға қанығар ма едіңіз?! Жо-жоқ, айналайын Хакімжан, сен енді ештеңеден қысылма! Алматыға барған соң, атақты жазушы ғой, романшы ғой, қолы бос емес екен демеңіз, соңыра Мұхтар Омарханұлының үйіне арнайы барып, өзіне сәлем беріп, Абайдың мінезі, оның соңыра Алматыдағы ең көрікті көшелердің біріне орнатылатын алып ескерткіш-мүсін болып, халқымен алып Алатаудың баурайында қайта шұрқыраса көріскендегі қалпына қажет болады-ау дегендей түйткілді сауалдарыңыздың бәрін де сол кісіге қойыңыз! – дегендіктері есінен кетер ме?! Аһ, соның бәрі де күні кеше ғана сияқты еді-ау, сөйтіп жүріп, Хакімжан аға енді болашақ Абай ескерткіш-мүсінінің ең негізгі шаруаларына кірісердің аз-ақ алдында, тағы да алдағы барлық жауапкершілікті бүтіндей жан-дүниесімен сезіне отырып, кеше ғана Абай елінен келісімен, енді берден Алматыдағы Ғылым академиясына барып, өзінің алдағы жұмыстарының ең бір күрделі кезеңінде ауадай-ақ қажет болатын кеңесші ретінде абайтанушы-мамандардың бірін тағайындауды өтінгенде, академиядағылардың таңдауы бұл кезде өзі де Қазақ мемлекеттік университетіндегі филология факультетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасында Абайтану пәнінен дәріс оқып, Абайдың өмірі мен шығармашылығын әр қырынан әлі де зерттеп, ғылыми және танымдық-тағлымдық тұрғыдағы ізденістерін тоқтаусыз жалғастырып келе жатқан Мұхтар Әуезовке түсіп, өз ретінде оның да өзінің шығармашылықтағы жоспарлы жұмыстарының тәртіп-талабын бұзуға болмайтындығына қарамастан, бұндай ұсыныспен оңай-ақ келісе қояр деп кім ойлаған?!        

Бәрі де күтпеген жерден оңай-ақ шешілді. Енді сол кездегі қоғамдағы беделі күшті, проза саласында әлі күнге дейін алдына жан салмай келе жатқан шебер жазушы, әрі көзі тірі нөмірі бірінші Абайтанушы, кезінде өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясымен-ақ әлемге аты жайылып, шетелдік баспалар мен талайғы ұлы жазушылардың үнемі бір қызығушылығын туғызып, елдің күнделікті ресми мерзімдік басылымдарында да қадау-қадау дүниелері, жеке өзі туралы немесе Абайдың өмірі мен шығармашылық әлемін үздіксіз зерттеп, тағы да іргелі дүниелер жазып жүргендігіне қатысты зерттеулер жасап жатқан Мұхтар Омарханұлымен оңашада шығармашылық тұрғыда кездесіп, оның дәл осы бір күндерде Абайды тас тілімен қайта тірілтіп, сөйлетудегі өзінің ауқымды тұрғыдағы ескерткіш-мүсініне қатысты әртүрлі ақыл-кеңестеріне құлақ асу Хакімжан үшін де бір үлкен бақыт емес пе?! Бұл өзі Мұхтар Омарханұлының орталықтағы көп қабатты үйдегі пәтерінен Ғылым академиясы ғимаратына таяу маңдағы, бертінде өзінің мұражай-үйіне айналатын еңселі үйіне қоныс аударып, кемел шағында да, үнемі шабыт құшағында жұмыс жасап жүрген кезі еді ғой. Жоспар-жобасы, ішіндегі бөлмелерінің көлемі, орналасу тәртібіне дейін де дәл бір қолға ұстатқандай қылып, өзі сызып беріп, құрылысы кезінде өзі ұдайы маңайында жүріп, қашан енді барлық жұмыстары бітер-біткенше, құрылысшыларға ақыл-кеңестерін беруден бір танбаған атақты жазушы дәл осы бір жаңа үйіне көшіп келгелі бері, тым қатты серпіліп, өзінің алдына тағы талай мақсат-мұрат қойыпты дегенді жиі еститін. Былайғы кездерде Әуезовпен жеке жолығысып, тіл қатысу тіпті де мүмкін емес еді. Былайғы кезде жазушы өзінің түптегі тыныш кабинетіне қамалып алып, жазу жазғаннан бөлек, ұдайы алыс сапарларда жүреді, кейде ол сол жақтарға тым ұзақ кідіреді екен дейтін. Оның алғашқы бір әзірдегі Абайдың өмірі, оның саф алтындай шығармаларына байланысты, тағысын-тағы соңғы жылдардағы әлем тани бастаған Абай, не ел есіндегі, халқы соншалықты ыстық ықылас, зор сүйспеншілікпен қабылдаған алып Абай, ал, өзі әлі де тереңдете зерттеп, талайғы тың ойларын айтудан жалықпай келе жатқан Абай, оның, тіпті, уақыт өткен сайын, өзінің жаңа бір қырларымен ашылып жатқан рухани жәдігерліктеріне қатысты айтқандары өз алдына, жоқ-ау, күнде ертеңгілік өзінің шеберханадағы қауырт жұмыстарына асығыс кетіп бара жатып, жолай Әуезовтың үйіне соға кету де үйреншікті бір әдетіне айналмады ма?!

Әуезов бұған көп нәрселер туралы да айтты. Оның, әсіресе, Абайды тек осы кезге дейінгі өмірде бар айтылып, жазылып жүрген дүниелер арқылы ғана емес, оның кезінде өз жүрегін жарып шыққан, әрқайсысы бір-бір саф алтындай жыр шумақтары, поэтикалық пайымдары мен көркемдік үйлесімдегі биіктері және ақылдың кенінен қопарылып, өз алдына бір алып тауға айналғандай шырқау биіктері мен көз жеткізбестей шыңдары бар жауһар ойлары арқылы да жете танып, оқырмандарға да, көрермендерге де сондағы сол әсерді еш айнытпастан бере білудің аса қажеттігіне қатысты айтқандары тіпті де қол жеткізбестей биіктердегі құдірет емес пе?! Әуезовпен кездесудің әсерінде шек бар ма?! Әдетте Хакімжан келгенде, елдің бас Абайтанушысы гүлзар баққа толы аула ішінде әрі-бері серуендеп жүретін. Екеуі әлгі жердегі жас теректердің бірінің іргесіндегі орындықтарға ақырын жайғасып отыра қалады да, бұрынғы айтылып, дәл бұрынғы ескертіліп, не бұрынғы қызу жұмыстарының кезінде жан-жақты ескерілген жәйттерден бөлек, ескерткіш-мүсіннің өзіне тән болмыс-бейнесі, түр-келбеті, бейнебір өзің дәл сол бір сәттерде бір көркем шығарма оқып отырғандағыдай әсер туғыза алатын, жо-жоқ, түптеп келгенде, дәл сол сәттерде өз қиялындағы алып Абайдың өзімен жүздесіп, оның өзімен тіл қатысып, талайғы сырларды оның өзінен естіп білгендей болып тұрған тас-мүсінді Абай да емес, өмірдегі шын Абайдың нақ өзімен бетпе-бет жүздесіп: «Ассалаумағалейкү-үм, Абай ата?!»  дегенді айтып қалғандай әсерге бөлейтін өнер туындысының әрбір соқпақ, сылақ, қашауларына дейін де сөз ете бастайтын. Өзге бір танымал тұлға, іргелі жұмыстар атқарып жатқан филолог-ғалым, тарихшы-зерттеуші болса да, бір сәрі ғой, ал, елдің бас Абайтанушысы Мұхтар Омарханұлының алдында сен өзіңді қашан да тек шәкірт ретінде ғана сезінетінсің.

Абай ол үшін әлі де қол жеткізбестей биіктегі алып тұлға еді ғой. Дәл бұның тас-мүсінді Абайының Алматыдағы ең көрікті көшелердің бірінің төріне жарқыратылып қойылар күнді асыға күткендігі сынды, кешегі күндерде Мұхтар Омарханұлының да өз романдарының тезірек жарық көріп, оқырмандар қолдарына тезірек жетіп, халқының рухын көтеріп, мерейін тасытуға асыққандықтарын бүгінде тек оның өзінен басқа кім білер, не дәл оның өзіндей-ақ етіп кім жете түсіне алар дейсің?! Өзін де көп азапқа салды ғой. Соны сипаттағы шедеврлар өмірде тек осылайша ғана туындаса керек. Оның қасында бұның күндесін-күнде тым кеш жатып, ертесіне тағы ерте тұрып, күнұзақты шеберхана ішінен табылып жүргендігі мен күндесін-күнде ертеңгілік шеберханаға бара жатып, жолай тағы Әуезовтың үйіне соғып, оған ағыл-тегіл есеп беріп, не ол шеберханаға әр келген сайын, жанашырлықпен айтылған жаңа бір ескертуін естіп, өзге де қажетті ақыл-кеңес, ұсыныс-пікірлерін ескеруге жан салатындығының бәрі де тек бір қалыпты шығармашылық жұмыс қана екен ғой! Ал, кейде бұның атағы күркірей естілетін Әуезовке қатысты айтқан қызықты әңгімелерін естіп, тым құрыса, біз саған көмектескен болып, біразырақ қасыңда жүріп, ұлы Әуезовтың өзін жақындау жерден бір көріп, қолайы келсе, сол жағынан өзіміз қаншама рет үлкен құштарлықпен көз алмай оқысақ та, қызығына әліге дейін бір тоймай, әлсін-әлсін қайталап оқумен жүрген «Абай жолы» роман-эпопеясы кітабына қолтаңба жаздыртып алсақ деп, әлсін-әлсін төбе көрсетіп, әсіресе, соңғы кездері тіпті де өзінің қасынан мүлдем шықпауға айналған алматылық талантты мүсінші, архитектер, суретші достары, замандас-тұстастары қанша ма еді?!

Алматыдағы үлкен сынақ-байқаудағы атышулы додада жүзден жүйрік шығып, маңдайы жарқыраған тас-мүсінді архитектуралық-мүсіндік жоба, не соңыра мыңдаған алматылықтар мен тағы қаншама жер-жерден келген Алматы қонақтарының көзәйіміне айналып, қала өмірінде ерекше бір көңіл-күй, мәдени-рухани ахуал қалыптастырғалы отырғандығы туралы жаңалық хабармен әлдеқашан-ақ құлақтанып үлгерген бүтіндей ел тұрғындары да қатты қуанысып, сол бір күндерде елдің әр қиырындағы әр жүректе бір: «Ол қандай ескерткіш-мүсін екен?! Соңыра Алматы төріндегі тас-мүсінді Абаймен қандай жағдайда жүздесіп, бұрын-соңды бұндай қалпында кездесіп көрмеген алыптың өзгеше сипаттағы болмыс-бейнесімен жүздескенде, одан тағы қандайылықты үлкен әсерге бөленер екенбіз?!» – дегендей бір толғаныстар пайда болған кезде, өзінің атақты есімі, тұтастай шығармашылығы ұлы Абайдың өмірі және оның бай шығармашылығымен өте-мөте тығыз байланысты Мұхтар Омарханұлының да өзгеше бір әсер-күйге бөлініп, алдағы бұл оқиғаның өте жоғары деңгейде іске асуына мүдделілік танытпауы тіптен еш мүмкін емес еді! Сондықтан, Мұхтар Омарханұлы бұл ескерткіш-мүсіннің күні ертең-ақ Алматыда бой көтеріп, елдің Абайтану мұрат-мақсатындағы іргелі жұмыстардың біріне айналғалы отырғандығына тіптен қатты көңіл қойып, әрі сол жүргенде, өзі де іштегі қуанышын өзінің қойнына сыйғыза алмай, күнде ертеңгілік Хакімжан өзінің көгілдір түсті жұмыс комбинезонын киіп алып, бір бұрышта балшық илеп, тас қашап, тынымсыз еңбектеніп жатқан шеберханаға жиі-жиі бас сұғуды да әдетке айналдырған. Кейде ол өзінің қасына Алматыдағы өзі білетін, әдетте шығармашылықтағы ойларын бөлісіп, үнемі сырласып жүретін жазушы, сахнагер, киногер, суретші және Абай елі, Абайдай дананы өмірге әкелген қастерлі топырақты көру мақсатымен алыс өңірлер мен шалғай аймақтардан Алматыға асығыс келіп, енді әрі қарай шежірелі Шыңғыстауға сапар шегердің алдында, өзінің де бір қадірменді қонағы болып жүрген жазушылар, зерттеушілер мен киногерлерді ертіп келетіндігі қонақ қарсылау кезіндегі ермек үшін ғана емес, қайта өзінің сол бір күндердегі қуанышын солармен бірге бөлісіп, алдағы ел рухани-мәдени өміріндегі айрықша оқиғаға айналар, әрі Абайтанудағы соны бір соқпақтарға жол салар ескерткіш-мүсіннің қалайша өмірге келіп жатқандығын көрсетіп, бір жағынан, өзі тұтастай өмірін арнап, ұзақ жылдар бойына жұмыстанған бірнеше романдардан тұратын көркем эпопеясының басты кейіпкерінің тұтастай халық, қоғам таныған алып тұлғасы енді бір ғана бүтін бітім, тас тұғырдағы бір алып тау тұлғаға айналып, қаланың төрінде өзгеше салтанат құрып, өзінше шырқап тұратындығын мақтаныш етіп, әрі, бір жағынан, өзі көптен бері осыншама асыға тосып жүрген қастерлі күннің тым алыс емес екендігін де еске салмайтын ба еді?! Қайсыбір кездерде ол өзінің қасына тағы да бір топ қадірменді қонақтарын ертіп келіп, Хакімжанды да ортаға ала отырып, бұл ескерткіш-мүсіннің әлден-ақ таудай тұлға болып, әр қырынан жарқырап келе жатқандығын көргендегі кешегі күндізгі, не оның алдыңғы күндері көргендегісіндегі қатты толғаныстарынан да бөлекше бір қызу толғанысынан ажырай алмай, кезінде өзінің «Абай жолын» жазудың кезіндегі әзірге өзінен басқа жан баласы да білмейтін, бірақ, енді осылайша реті келіп тұрған соң, сырын шашып, ақтарылып айтпасқа тіптен болмай тұрған жәйттерді де тілге тиек ететін. Қызық емес пе, жұртшылық бұрын, соның ішінде, Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының ең алғашқы оқырмандарының бірі болып табылатын Хакімжан да оның атақты көркем туындысының қолжазба және әдеби журналдарда жарияланып, баспалардан ең алғашқы романдары жарық көргенде, сыншылары, жанашырлары, әрі аяқтан шалып, жолынан тайдырғысы келгендердің де көп болып, автордың кейінгі қайта жұмыстанудың кезінде, соның бәрін бірдей елеп-ескермесе де, ең негізгілері, оның да ішіндегі ең бір белді деген тұлғалардың, салымы бөлекше ауыздардың ғана тарапынан айтылғандарын барынша назарға алып, ал, өзі роман-эпопеядағы бірқатар жекелеген тараулар, тарихи оқиғаларға қатысты тұстары, онда да, әсіресе, Абай образына қатысты әлдебір сөз, сөйлемдері, кейбір жекелеген азат жолдарды түбірімен қайта өзгертіп, әрін-сәнін де бөлектеп, бірін сәл солғындатып, ендігі бірін тым жарқырата көрсетіп, барынша жаңартуға мәжбүр болып, тағы да бір тым азапты күндерді бастан кешіп, әрі тым аз уақыттың ішінде-ақ осыншама ақ тер, көк тер болып, есепсіз көп жұмыс істегендігін жақсы білсе де, тәйірі-ай, ұлы Әуезовтың одан бөлек, әу бастағы өз көркемдік ой орамдарының шегіне дейін жетіп, ендігі бар айтарымды айтып болып қалдым-ау деген тұстарда, тағы да өзінің өзге бір соны сипатты көзқарастағы көркемдік ойлардың жетегінен арыла алмай отырып, бұрынғы өзінің осыншама азаптанып жазғандарының бірқатар жерлерін тіптен аяусыз қысқартып, ендігі бірқатарын айқыш-ұйқыш етіп сызып, артынша жыртып тастап, кейбір жекелеген бөлімдер мен көлемдірек тараулары, әсіресе, Абайдың өз көркемдік болмысы мен шығармашылығын биіктете түсер тұстардағы әлі де тереңдетуді қажет ететіндей азат жолдарды қайта жазып, тіпті, кейде ертең ала таңмен Алматыға кетемін деп отырған жерінен Шыңғыстаудың баурайында тағы бір ай, не бірнеше апталар бойына кідіріп, осыншалықты азапты жұмыстардан кейін, Шыңғыстаудың етегіндегі ауыл-ауылдардағы ағайын-туыстардың арасына барып, қымыз, жұбат ішіп, жайлауда біраз тынығып қайтсам деп отырған жерінен жолға шығар сәтті тағы бірнеше айға дейін ұзартып, өз шығармашылық азаптарымен болған жағдайлары да аз кездеспепті ғой! Не деген ғаламат еңбекқорлық, не деген таусылмайтын төзімділік пен жігер десейші?! Ал, ұлы Абайды көркем прозалық шығармада қайта тірілткен «Абай» романы 1942 жылы Ұлы Отан соғысының ең бір күйіп тұрған шағында, әрі қан майданның алдыңғы шебінде жауға қарсы оқ боратып жатқан қазақ майдангерлерінің арасына апарылуға тиісті көркем шығармалардың қатарына қосылып отырылғандықтан да, жарық көрісімен-ақ қолдан қолға өтіп, майдан даласында да, тылда да оқырмандар арасында үлкен қызығушылық туғызыпты. Енді болашақ роман-эпопеяның екінші кітабы алғашқы романның табысы кезіндегі қуаныштың әсерімен тез арада-ақ жазылса да, ол сәл кешіктіріліңкіреп, соғыс өрті аяқталған соң, онда да, тек 1947 жылы ғана баспа бетін көріпті. Оның да өзіндік бір терең сырлары тағы бар. Бұл да Абайтанумен тікелей астасып жатқан қиямет-қайым жұмыстар емес пе?! Ал, өзінің тұтастай Абай заманын, Абайдың дәуірлік шығармашылық кезеңдерін қамтыған үлкен тарихи-көркем туындының екі бірдей кітабы 1948-1949 жылдары қазақ, орыс тілдерінде қатар көп таралыммен жарық көріп, бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлыққа ие болып, 1950 жылы олардың жалғасы «Ақын аға» деген атаумен қайта жеке кітап болып басылып шығып, арада тағы екі жыл өткеннен кейінгі қайта басылымында түпкілікті «Абай жолы» деп өзгертілгенге дейінгі жағдайы ше?! Осы басылымдарының бәрінде автор бабымен жақсы жаздым деген тұстарының өзінде де, қайсыбір бұрынғы көркемдік оралымдары мен толғаныстарын қайта қарап, үсті-үстіне тағы ширата түсіп, не олардың қасыбір тұстарын тағы қайта пысықтап, қайтара бір жазғандай-ақ та күй кешіп, тіптен-ақ көп азап шекпеді ме?! Алайда, екінші кітаптың орысшаға аударылардың алдындағы және аударма жұмыстарының қызу өрістеген  кезіндегі қосымшалардың Мәскеудегі Александр Фадеев пен Соболев сынды танымал мәскеулік аудармашылар мен мерзімдік әдеби басылымдар және атақты баспалардың алдындағы беделдері зор орыс жазушыларының ақыл-кеңестері негізінде қосылып, Абайдың алдағы миллиондармен жүздеспек тарихи-көркем бейнесін айшықтай түскендігі белгілі.

Сол бір күндердің қадіріне не жетсін?! Хакімжан бұл кезде биіктігі 13,7 метр болатын Абай ескерткіш-мүсінін қалыптаудың барлық үлкенді-кішілі жұмыстарын Алматы Ауыл шаруашылығы институтының механикалық шеберханасында ғана атқарып жүрген болатын. Бұл өзі орталықтағы қатынасқа қолайлы жердегі ғимарат еді, бірақ, өзінің жұмыстану кезінде әрі-бері бұрылып, еркін қимылдауына біраз қиындықтар келтіретіндей тарлау болып жүргендігін қаншама рет жүздескенде, жазушы ағаға да батып, айта алмады емес пе?! Жоқ, бұл енді өзіңнің жұмыс істеуіңе жәйлі орын, қолайлы жағдай, не іші жарық, күндіз терезелерінен тау сілемдеріне дейін жарқырай көрініп, сезіміңе бір ерекше сезім, қиялыңа тағы сондай қиял қосқандай болатын тәуірірек бір жер іздеп жататындай кез емес қой. Күнделікті тынымсыз жұмыстар, өз туған халқын ұлы Абайдың ескерткіш-мүсінімен қауыштыруға қатысты тірліктері тағы талай күндерге дейін ұласып, барынша өзіндік жалғасын да тауып жатты. Абай өмірінен көркемдік құдіреті ерекше роман жазып, оны кейін анағұрлым көлемді роман-эпопеяға айналдырып, әуелі оныларының жекелеген тарауларын елдегі әдеби журналдарда жариялатып, артынша баспадан өз алдына бір кітап етіп шығартудың кезінде қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Мұхтар Әуезовтың көрген қиындықтары мен оның сол бір қиын шақтарда соның бәріне қалайша шыдап, өзінің сары алтындай сабырлылығынан еш айнымағандығының сырын да енді ғана түсінгендей болды. О құдірет, сен енді осы бір ғажайыпқа назар аударсаңшы!

Әуезов кейде әдеттегідей араға күн салып, ертеңгілік үйіне Хакімжанның өзі келуін, не оның кешкілік үйге телефон шалып, өзін арнайылап шақыртуын да күтпестен, бір тұстан сау етіп, шеберхана ішіне өзі де келе қалатын. Оның өзі де бір алып, ал, ол енді маңдайы жарқырап, өзіңнің қасыңа дейін келіп қалғанда, сен де өз-өзіңнен қаралай қатты толқып, ұлылықтың жылуы мен даналығының асқарын да сезіне бастамайтын ба едің?! Оның осындай кездерде ойдан ой туғызып отырып, Абайдың жайлаудағы тартыс-таластар, болыс сайлауы, ұлықтардың қатысымен өткен кеңес, құрылтайларда шырай топтың алдында сөз сөйлеп, сондағы екі сөзінің бірінде де өз туған халқының мұң-мүддесі, келер күндеріне қатысты ой қозғап, өз ұстанымдарының беріктігін танытқандағы мінезі, қыр қазақтарына зор күш-қуат бергендей жігер-қайратына қатыстырып айтқан сөздері ше?! Бұл кезде Мұхтар Омарханұлының Абай туралы зерттеулері мен романдары жазылып жатқан тұстарда кездестірген Абайдың өмірдегі шынайы болмысын әр қырынан көрсеткен екі бірдей тарихи фотосуреті үнемі жазу столының үстінде жарқырап тұратын. Бұл қашан келсе де, олардың орындарынан қозғалғандығын бір көрген емес! Абайдың өз балаларымен бірге түскен суретін Әуезов содан он жылдан астам уақыт бұрын, Семейдегі мұражайға тапсырып, өзіне тек көшірмесін ғана алып қалса, ал, Абайдың қайтыс боларынан бір жыл бұрын ғана Жидебайда өзінің отбасымен бірге түскен фотосуретінің көлемі 13/23 см болып келетін түпнұсқасы әлі де Әуезовтың өз қолында еді ғой. Байқайды, Мұхтар Омарханұлы кезінде өзінің атақты роман-эпопеясын жазып, сондағы қай-қай роман, не әлдебір жекелеген бөлім, тарауларында да Абайдың үйіндегі айшықты көріністер мен оқиғаларды суреттегенде, өзіне сонау бала кезден бергі таныс Шыңғыстау баурайындағы талайғы қадірменді шаңырақтар мен Абай шаңырағына қатысты бұрынғы естіген, Ділдә мен Әйгерімнің қаншама рет суреттей отырып, әрі көбінесе қызықты, нақтылы бір себептерге байланысты әңгімелеп айтып бергендерінен бөлек, үнемі дәл осынау ұлы Абайдың өзі куәгерлік етіп, өзі-ақ бәрін дәл бір алақанға салғандай етіп айтып тұрғандай, осынау тарихи фотосуреттегі көріністерге қарап отырып, ал, арғы жағын тағы өзінше суреткерлік қиял, пайым, көркемдік ойларымен құлпыртып, өзінше жасандырып, өзінше сөйлете бастағандығы байқалады.

Сен бұндайда данышпан Абай бұл өмірде жоқ, ол өз туған халқы, осы жүрген біздің әрқайсымыздың жүрегімізден өзіндік бір көрінісін тауып, өз менімен үн қатпайды деп айта алар ма едің?! Жоқ-ау, бұндайда былайғы кездерде бұл тарсынып, шеберханасына әр жолы Әуезов келген сайын, оны қай жерге отырғызып, оның алдында өзі де қалайша көсіліп сөйлеудің ретін таппай, үнемі бір орында айналшықтап жүретін дәлізі ол үшін соңғы күндерде Алматыдағы ең бір қастерлі орын, ең бір ыстық ұяға да айналғандай ма, қалай?! Ал, енді Абайдың мүсін-ескерткішімен жұмыстанудың барлық үлкенді-кішілі шаралары аяқталып, сылауы мен қашауының ең соңғы нүктесі қойылған кезде, сол маңайдан қаншама күш жұмылдырылып, таудай алып ескерткіш-мүсін ақырын жылжытылып, шеберхана ауласының ішіндегі кең алаңқайға шығарылды. Өзі сонда тіптен-ақ құлпырып кетті. Хакімжанның сол кезде де, жалма-жан Әуезовке тездетіп телефон шалып, не оның үйіне өзі аяқтай барып, жағдайды әбден жан-жақты түсіндіріп айтып, соңыра қолы бір қалт етсе, өзінің шеберханаға келіп, тас-мүсінді Абайдың болмыс-бейнесін қарап кетуін өтінсе де болатын еді, жоқ, бұл оны артық-ауыс мазалауға тағы бата алмай, қашан Алматыға ленинградтық «Монумент-скульптор» зауытының мамандары келіп, алда әлі бұл ескерткіш-мүсінді қоладан құю үшін, Неваның жағалауына алып кетуге ыңғайлана бастаған кезде ғана, бір телефон шалып, «осылай да, осылай, Мұқа, келіп, бір қарап кеткейсіз» демей ме?!

Әуезовтың шығармашылықтағы әлдебір шаруалардың қамымен Мәскеуге барып келген бойы да сол екен, бірақ, ол бұл жолы да жалғыз емес, қасына бір топ өнер адамдарынан құралған достары және қонақтарымен бірге келіп, аула ішіндегі кең жерге шығарылған тас-мүсінді Абайды әрі-бері шолып, әрі оған ұзақ үңіле қарап, кейде ашық аспан астында тұрған ескерткіш-мүсіннің жан-жағынан тағы әрі-бері өтіп жүріп, соңында әлгі жерде тұра қалып, авторды бірден қатты сынға алыпты. Ұлы Абайға, Абайтануға келгенде, ұлы Әуезов кімді аясын?! Баяғыдан бергі екеуінің бірде оның үйінде, бірде Хакімжанның шеберханасында бір-ер кесе ыстық шәй ішіп, өзара әңгіме-дүкен құрысып, нағыз бір шығармашылықтағы айырылмас достардай-ақ болып кеткендіктерінің еш ізі де жоқ... Ол үшін шынайы, нағыз өмірдегі Абай, тек бір бүгін ғана емес, келешекте, келер ұрпақтың да санасында қайта жаңғырығып, қай кезде де дана, алып Абай ғана болып сөйлеп, Абай ғана болып, анық-қанық етіп үн қататын халықтық ұғым, халықтық таным бәрінен де қымбат емес пе?!

Олай-бұлай деп, өзін ақтауды да жөн деп таппады. Ұлы жазушының алдында қашан да кішік болуға тырысып жүрген Хакімжан сонда іштей қатты бір қиналып қалғандай болғандығы ғана болмаса, жо-жоқ, ол сонда да өзінің еңсесін еш түсірмей, қайта кеше ғана ұлы Абайтанушының тарапынан үлкен жанашырлықпен айтылған сындардың бәрін ескеріп, тағы да он күндей уақыт бойына күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып жүріп, осыншама жан сала еңбектеніп, бұрынғы кем-кетіктердің бәрін тегістей жөндеп, сол бір күндерде одақтас республикалардан келген танымал жазушы достарымен кездесіп, шығармашылық тірліктердің нағыз бір қызу ортасында жүрген ұлы Әуезовтің үйіне тездетіп телефон шалып, реті келсе, ағаның бір келіп, ескерткіш-мүсінді қарап кетуін өтінеді. Әуезов сол кездегі өзінің уақытының тар екендігіне және алда әлдебір алыс жолға шыққалы отырғандығына қарамастан, қалай да уақыт тауып, тағы да өзінің қасына бір топ жазушы достары мен қадірменді қонақтарын ертіп келіп, таяуда Алматыда бой көтермек ұлы Абайдың тас мүсінін өзгеше бір қыры, өзгеше бір мінезімен қайта көргенде, әлгінде ғана сәл қатқылдау болып көрінген жүзін тіптен өзгертіп, кәдімгі бір өмірдегі шын Абайдың өзін көргендей-ақ әсерге бөленіп, жоқ-ау, тіпті, сонда оның өзі де: «Ассалаумағалейкүм, Абай ата?!» – дей жаздап, сосын жалма-жан өзінің қасындағы соңғы күндерде әбден жадап-жүдеп, жақ сүйектеріне дейін шығыңқырап кеткен талантты жас мүсінші Наурызбаевқа қарай бұрылып: «Жарайсың, бауырым!» – деп, оның қолынан құшырлана қысып, еркелеткендей де болып, арқасынан қақты. Өз өміріндегі ең бір ұмытылмастай болып сақталып қалған сол күні Хакімжанның қуанышы одан әрі де тасыпты, ертесіне алматылық талантты жас мүсінші-шебердің қолынан шыққан атақты ескерткіш-мүсін алда әлі қоладан құйылу үшін пойызбен Неваның жағалауына қарай асыпты... 

Бүгінгі жұрт, бүгінгі қоғам алып Абайдың өз кезіндегі обьективке түсіп, сақталып  қалған тарихи фотобейнесін де жақсы біледі. Алматыдағы атақты Абай ескерткіш-мүсінін көргенде, санамыздағы сол сәттердің де еміс-еміс көрініс бере бастайтындығы тағы анық. Ал, тарихқа жүгініп айтар болсақ, өмірде Абай Құнанбайұлының Алматыдағы бұл атақты ескерткіш-мүсінінен бұрын, көзі тірісінде өзінің ағайын-туыс және ұлағатты ұрпақтарымен бірге түскен екі-ақ фотосуреті сақталыпты. Күні бүгінге дейінгі әртүрлі кітаптарға, мектеп оқушыларына арналған оқулықтарға, әрі Абайдың әр жылдардағы шығармалар жинақтары мен анықтамалық кітаптарға енгізіліп жүрген кемел шақтағы жеке фотосуреті сол көптің ортасындағы әлі күнге дейін Абайтанудағы талайғы терең сырларды ақтарумен келе жатқан көне фотобейнесі екендігі де еш дау туғызбас еді. Енді әрі қарайғысын ретіне қарай сөз етсек, Абай атамыздың бүгінгі тәуелсіздік дәуіріне дейін жетіп отырған тарихи фотобаяндарының алғашқысында Абай Құнанбайұлы өзінің ақын баласы, шығармашылық шабыт құшағына бөленген шақтарында әрдайым өзінің қасында көп жүріп, өзінің ақындық мектебінің көптеген қыр-сыраларын бойына түйген, әрі Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай, ал, бертінде әкесі өмірден өткен соң, оны ел-жұрты қатты жоқтап, бейнебір дарияның салқарындай-ақ екпінді, адуынды ой салқарымен кең баурайтын шығармаларына әбден сусап отырғанда, ақын, дана Абай, оның өмірі, шығармашылық дағдылары мен ақындық мектебі хақында өзгелердің сол тұсқа дейінгі әрқалай қылып айтылып, кейде, тіпті, өздерінің сөздері еш жұғыспай, көбінесе тым қарабайырландырып жіберетіндігіне разы болмай, ендігі жерде өзі қолға қалам алып, өз әкесі туралы өзіндік бір ғұмырбаяндық деректі шығармасын жаза бастайтын, әрі Абай шығармаларын жинақтап, онысы тұңғыш рет баспа бетін көрерде, ғұмырбаян деректерін түзеуге ерекше атасалысқан, сонымен бірге, Әйгерімнен туған тұңғыш ұлы Тұрағұлмен бірге, 1896 жылы Семейде түскен фотобейнесі көрініс тауыпты. 1896 жыл! Бұл Абайдың өзінің нағыз бір кемел шағы, әрі шығармашылық тұрғыда да тыным таппастан, өнімді еңбек етіп жүрген кезеңі емес пе?!

Абайдың сонау Шыңғыстаудың бау­райынан атақты Күшікбай кезеңін асып, Семейге жиі келіп-кетіп жүріп, кайсыбір кездері отбасы, ауыл ішіндегі шаруа жәйі, өз шығармашылығының кейбір мәселелеріне байланысты қалаға ұзақ кідіретін де кездері болмады ма?! Жо-жоқ, сол кездің өзінде-ақ қалың елі ақындығы мен даналығын мойындаған, ел таныған Абай бұндайда өңірдегі барлық әкімшілік орталықтар мен кеңселер шоғырланған Семейге тек өз жеке басының шаруаларымен ғана келіп жүрді деуге болмас еді. Ол көп ретте өзінің ұрпақтарының жәйін ойлап, солардың да қамымен, не соларды өзінің қасына ертіп жүріп, елмен, қаладағы зиялы тұлғалармен кеңірек таныстырып, араластырудың жәйін көбірек күйттегендігі туралы күні кешеге дейін оның өз ұрпақтарының тарапынан да талай рет айтылмады ма?! Бұл тарихи фотосуретте Абайды көріп отырып, оның үстіндегі сол заманның зиялыларына тән киімі, өзін ұстауы, түр-тұлғасы, жүзіндегі ақыл, жігер-қайрат, әсіресе, ортада өзінің екі ұлын қасына алып, көңілі марқайып, жүзіне шырайы кіріп отырған Абайды көреміз. Абай өзінің жасына лайықты толық денелі, келбетті, жүзі дөңгеленген дана келбетімен де көз тартқандай ғой. Үстіндегі киімдері де сол замандағы танымал қазақ зиялыларының Семейдегі үлкен әкімшілік орталығы болып табылатын қалаға келгенде, сондағы келелі бір басқосу, өздері сынды зиялы тұлғалар шүйіркелесетін ортадан табылуға ыңғайланғандықтарын байқатпай ма?! Суреттегі Тұрағұл тіптен халқы талантты ақын, дана тұлға ретінде білетін, сол жұрты қайда да өзінің алдынан шығып, зор құрметін көрсетіп, үнемі төрге шығарып жататын атақты әкесінің қасында онымен бірге суретке түсіп тұрғандығын өзі үшін тіптен ерекше мақтаныш көргендей, әрі былайғы кездерде асыл тұлғалы әкесіне жеке жолығысып, оңаша шұрқырасудың реті көп келе бермейтіндіктен, соңыра бұл фотобейнені көргендер де біліңіреп жүрсін дегендей, әкесіне еркелеп те тұрғандай кейіп танытып, оң қолын әкесінің иығына қойыпты. Ал, Ақылбай бұл тұста Тұрағұлға жол берсе де және өзінің ақын әкесінің шығармашылығын терең зерттеп, ақындық мектебінде оған анағұрлым жақындау екендігін іштей сезініп тұрса да, үлкен сабырлылық танытып, өздерінің әкенің қасында болғанда, оның да жаны жадырап, көңілі тым тәуір көтеріліңкіреп қалатынығын байқатқысы келгендігі анық аңғарылады; әрі бұл жыл Абайдың бұрын тек әркімдердің атымен ғана таратып, көбінесе өзіне жақындау Көкбайдың атынан жария болып келген жырларын «жинауды» өзінің шәкірттеріне мұқият ескерткен де жылы емес пе?!

Ғажайып сурет, ғажайып үйлесім де еді ғой бұл! Бұл тұста, әрине, Абайдай алыпты сырттай болса да, бұрыннан білетін, оның ұрпақтарына деген құрметі ерекше фотограф Н.Г.Кузнецовтың да көбірек қатысы болмады, олардың бұл жолғы өзінің фотосалонына келіп, осылайша суретке түсіп тұрғандықтары жәй ғана бір ермек үшін емес, сондағы бір ерекше көңіл күйдегі және олардың өздері үшін де тарихта шын-ақ сақталып қалуға тиісті кезең екендігін ұғып, олардың бұл фотосуреттерінің, шынында да, ақын өміріндегі айтулы оқиға болып қалуына өзіндік бір септігі тимеді деуге де келмес еді. Абайтанушылар аталмыш фотосуреттің түпнұқасының ұзындығы мен енді 9-13 сантиметр, өзі картон қағазға мұқият жапсырылған дейді. Бұл тарихи фотодеректі ұлы Абайдың өмірінен роман-эпопея жазудың кезінде ел ішін жиі аралап, Абайға қатысты жерлердің бәрінде болып, Абайға қатысты деген дерек-мәліметтердің бәріне де қол жеткізген Мұхтар Әуезов қолға ұстап жүріп, Абай өмірімен тікелей байланысы бар тағы талай құнды мәліметтер мен естеліктерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасайтын адамдарды да іздеп тауып, оның сыры кетсе де, сыны кетпегендігі мен Абай өмірінен көбірек сыр шертетін бірден-бір тарихи фотоқұжат екендігіне дейін маңыз беріп, Абай мұражайына 1941 жылдың 6-ақпанында кеңселік рәсімдеу талаптарына сәйкес, №40 қабылдау актісі бойынша өткізіпті. Әуезов, сірә, бұл жерде көзі тірісінде Абайдың өзі де осындай ұлағатты істердің басы-қасында жүріп, Семейдегі мұражайға көнеліктен сыр шертетін жәдігерліктер өткізгендігін ескерсе керек, құжаттарда көне фотосуретті тауып, оны сол кезге дейін өз жеке мұрағатында мұқият сақтап, Семейдегі мұражайға аяқтай барып өткізген Мұхтар Әуезов екендігіне дейін анық-қанық етіп көрсетіліпті.

Алматыдағы Абай ескерткіш-мүсіннің алдында тұрып, бертінде кітаптан кітапқа көшіп, газет-журналдардың беттерінде талай мәрте жарық көрген, әсіресе, Жидебайдағы Абай мұражайы мен елдің өзге де мұражайларында көшірмелері тұрған осы бір тарихи фотобейнені еске алғанда, Абай Құнанбайұлының өмірінен көп сыр шертіп, кейінгі абайтанушылар мен зерттеушілерге де Абай ғұмырбаянына, Абайдың өмірдегі болмыс-бейне, түр-келбетіне қатысты көптеген құнды мәліметтер берген және Абай өмірден өткелі бергі кезеңдерде талай ондаған, жүздеген кітаптар мен газет-журнал беттерінде жарияланып, көптеген мұражайлардың төріне жарқыратылып қойылған екінші тарихи фотосурет те көз алдыңа көлбең-көлбең етіп, келе бастай­тындығы тағы жасырын емес. Бұл фото Абайдың алғашқы фотобейнесінен кейін, арада жеті жыл өткен соң, фотообьективке бейнеленіп қалған суреті екен. Абай бұнда өзінің отбасының арасында отыр. Бізге тірі Абайды, өмірдегі шынайы Абайды көрсетуге, оның түр-келбеті, көңіл күйіне қарап отырып, ұлы Абайдың ішкі әлеміне де үңілуге дейін мүмкіндік жасап отырған бұл тарихи фотосурет 1903 жылы жасақталған. Бұнда Абай күнделікті өмірде, ауыл арасында, өз әулетінің ортасында жүргенде, қандайылықты қарапайым болса, дәл сол қалпында бейнеленгендігі байқалады. Абай бұнда өзінің Жидебайдағы үй ішімен бірге бейне­ленгендігіне қарағанда, бұл Абайдың киіз үйден тігілген өз үйінің ішінде болған жағдай деуге келіңкірейді. Бұл фотобейне өзінің тарихилығымен, қарапайымдылығымен де тартымды, Абай өмірінің терең астарларына дейін үңілуге де жол ашқандай еді. Бірінші қатарда сол жақтағы бала нәзіктігіне сән беріп, көркін ашқандай бөрік киіп отырған қыз бала Пәкизат та, оң жақтағы Пәкизатпен шамалас, ақ жағалы, ұяң қалпынан танбаған Әубәкір. Абайтанушылар бұлардың екеуі де Абайдың сүйікті немерелері, Ақылбайдың балалары екендігін айтады. Абайдың інісі Оспан оларды жастайларынан бауырына салып, өз баласы етіп тәрбиелегендігі де абайтанушылардың еңбектерінде жиі сөз етілуде. Біздің басты әңгімемізді әрі қарай жалғастырмай тұрып, Абайдың тарихи фотосуретіне тереңірек үңіліп отырған­дығымыздың сыры да жоқ емес. Мына суреттегі ортада отырған Абайдың бейнесінде 1896 жылғы қасына Ақылбайы мен Тұрағұлын алып, Семейде түскен фотосуретіне қарағанда, көптеген өгеріс бар екендігі анық аңғарылады. Алғашқы суретінен кейін арада тұтастай жеті жыл өтті емес пе?! Абай өміріне қарап отырсаң, осы кезеңде оның өмірінде нендей бір қиын шақтар кездеспеді десейші?! Соның бәрі де ақын тағдырына қатты әсер етіп, денсаулығын да кеміте түспеді ме?! Біріншіден, Абай бұл суретте сәл қартайың­қыраған, сақалы ұзарып, шиыршық атып, мұрт қойғандығы да байқалады. 1891 жылы Оразбай бастаған дау Абайды көп қинап, тіптен бітіспестей дауға айналып, оның лаңы 1897 жылға дейін де созылмады ма?! «Қырсыққанда, қымыран да ериді» демекші, әлгі даудың аяғы шиеленісе келіп, 1898 жылғы Көшбике деген жердегі Мұқыр болысын сайлаудағы шырай топтың көз алдында өткен қып-қызыл жанжалға, бір сөзбен айтқанда, бүтіндей халқы аузына қарап, маңайына топтасып, сөзін ақ, жолын даңғылға балап отырған алып Абайдың өміріне бір топ рубасы мен сотқарлардың тарапынан жасалынған қастандыққа әкеліп ұрындырмады ма?! Оны бұл жолғы ажалдан аман алып қалған да өз туған халқы, халқының асыл арман-тілегі немесе «аққа Құдайдың да жақ болатындығының» растығы емес пе?! Бұл жерде ақын да өз өмірі үшін емес, соңындағы халқының жағдайын көбірек ойлап, қөбірек қам жегендігі байқалады. Ақыр соңында Абай да бұл жанжалдың абыройсыз, ұятты, барша жиренішті сырын ашып көрсетіп, қайткен күнде де, өзінің ақ екендігін баяндап, 1900 жылдың 5-ақпанында Сенатқа жазып, Петербургке аттандырып жіберген хатында барынша айғақты, әрі ешкім жоққа шығара алмайтындай нақтылы деректерімен дәлелдеп бермеді ме?! Соның бәрі жүрекке кәдімгідей ауыр салмақ салып, өзін әбден-ақ қажытып, бұрынғыдай қолына қаламын көбірек ұстамайтындай да күйге ұшыратпады ма?! Бірақ, соған қарамастан, ақын өзінің киелі шығармашылық жұмыстарынан қол үзбей, 1898 жылы 26 жыр жазады, олардың арасында өзі жастанып жатып жүріп, көп үңілген, көп зерттеген ақындары Лермонтов пен Крыловтан жасаған аудармалары да бар еді. Ұлының ұлағатынан туындап, қалам ұшына ілінген Ғақлия – Қара сөздері де осы кезеңде қағаз беттеріне түсіпті. 1899 жылы ол өзінің жер-жерге көшірме-кітап түрінде әлдеқашан тарап кеткен шығармашылығын әрі қарай толықтыра түсіп, тағы жаңа он өлеңін (үшеуі аударма) жазыпты. 1900 жылы бұрынғыларына қосымша төрт жаңа өлең (екеуі Лермонтовтан аударма), 1901 жылы Мүрсейіттің қөшірме-кітабындағы талантты жырларының қатарын жаңа бес өлеңмен толықтырып, көшірме-кітапқа деген сұраныстың көлемі толыға бастауына да себепкер болады. Жаны азапқа түсіп, уәйім-қайғысы тым қалыңдап кеткендігіне қарамастан, осы бір жылдардағы Абай шығармашылығының жаңа, тың туындылармен үсті-үстіне байи түскендігі бертіндегі абайтанушылар мен зерттеуші-ғалымдар тарапынан үнемі көңіл аудартып жүргендігі тағы шындық. Дәл осы Семейдегі тарихи фотосуретте бейнеленіп қалардан бір-ер жыл бұрын, ақындықтың өрінде шабытын шалқытқан терең ойлы ақын көне дәуір оқиғаларын арқау етсе де, қалың елдің арасында соншалықты аңызға айналып, үздіксіз әңгіме етіліп жүрген Ескендір Зұлқарнайынның жорығы мен өмірінен «Ескендір» деген поэмасы мен «Тоты құс түсті көбелек», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» деген жырларын туындатумен бірге, Лермонтовтың қолға ұстай-ұстай, әбден ақжемденіп қалған жыр кітабынан тағы бір өлеңін ана тілінде сөйлетеді. Ал, 1903 жылдың 18-сәуірінде Семейдегі соғыс гүбірнаторы генерал Сухотиннің бұйрығымен Абай  Құнанбаевтың өзі және оның жанына ең жақын, әрі үміт күттіріп жүрген ұлдары Мағауия мен Тұрағұлдың үйлеріне тінту жүргізілгендігі мен осы жылдың қыркүйек айында Семей облысының Әскери гүбірнаторы генерал-майор Галкиннің Абай Құнанбайұлының ғұмырбаян деректері мен қоғамдық қызметін хатқа тізіп, басына тіптен «Секретно» деген айдарын тағып, Омбыдағы Дала генерал-гүбірнаторына жөнелткен хабарламасы да елеусіз қалатын, не соңына өзінің сызын қалдырмайтындай оқиға ма еді?! Соның бәрі Абайдың осынау тарихи фотосуретінде де сыр беріңкіреп жатқан­дығына не дерсің?! Әйтсе де, Абай бұнда өзінің әлі де шымыр, сергек, терең ойлы, кемел тұлғалы қалпы мен өзін-өзі ұстауындағы мінезіне қарай өміршендігін де анық көрсетіп тұрған жоқ па?! Фотобаяндағы үшінші қатарда түрегеліп тұрғандар – Абайдың ұлы Мағауия, Абайдың әйелі Еркежан және келіні, Әубәкірдің әйелі Камалия. Ал, алдыңғы қатарда, манағы Пәкизат пен Әубәкірдің ортасында отырған Тұрағұл еді. Бәрінің де жүздерінде салмақтылық, қарапайымдылық байқалады. Соған қарағанда, бұл жолғы фотосуреттің өмірге келуіне алып ақын емес, ақынның Семейден қыдырып келген туыстары, өз балалары, не қаладан Шыңғыстау баурайына келіп, ауыл-ауылдарды аралап, ақылы фотосуретке түсіріп жүрген кәсіби фотографтардың бірі себепкер болуы да бек мүмкін. Фотобейне болған соң, Абай өзінің отбасымен бірге көрініс бергесін де, соңыра оның өзге жұрттың да көздеріне көбірек түсетіндігі анық еді. Сондықтан, Абайдан бастап, отбасындағылардың бәрі де суретке түсердің алдында мұқият даярланып, жақсылап киініп, келісті қалыптарына енген, бірақ, Абайдың 1896 жылғы Семейде түскен алғашқы фотосуретіндегідей көңіл күй, іштегі сезім серпілісі де байқалыңқырамайды. Бірақ, тарихилығы, деректілігі және Абайдың болмыс-бейнесі мен өмірдегі қалпын әріден тынып, білгісі келетіндер, әсіресе, Абайтанушылар үшін де бұл аса құнды фотодерек болып табылар еді. Біздің бұлай дейтін себебіміз, Алматыдағы Абай ескерткіш-мүсінінде Абай өмірінің осы екі кезеңдегі ішкі жан-дүниесінен сыр тартарлықтай кескіндер жеткілікті-ақ. Алайда, бүгінгі қазақ баласы, қазақ қоғамы үшін Абайды ұмыттырмай, үнемі өзін Абаймен бірге жүргендей, қай кезде де ұлы ақынмен ақылдасып, оның даналық ойларына қанығып, рухани тұрғыда жаңғыруына мүмкіндік жасайтын бір асыл қазына дана, хакім Абайдың нағыз бір кемеліне келген шағында, яғни, 1890 және 1898 жылдардың аралығында қағаз бетіне түсірсе, тағы да Мүрсейіттің маржандай қаріптермен өрнектей көшірген қолжазба-кітабы ретінде қалың елдің арасына кең тараған, әрі үлкен сұранысқа ие болып, өз ретінде Мүрсейіттің өзіне әлгіндей тілек айтушылардың ешқайсысының көңілін қалдырмай, дер кезінде қайта көшіріп беріп отырған «Қара сөздері» деуге де хақылымыз. Тұтастай алғанда, әлемдік поэзияның шоқжұл­дыздарымен бірге, Герберт Спенсер, Бенедикт Спиноза, Льюис, Чарльз Дарвин, Дрепер, Джон Милль сынды талайғы ойшыл-алыптардың еңбектерімен жан-жақты таныс болған Абай шығармашылығын әрі қарай тағы байыта түсіп, түп-тамырын тереңдететін ең бір асыл мұрасы да қара сөзбен және философиялық этюдтер немесе фило­софиялық эсселер тұрғысында жазылған ой маржан­дарының бүгінгі тәуелсіз еліміз, тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, ел мәртебесін биіктетуге атсалысып жүрген әрбір қазақ баласы үшін де берері көп. Абай өзінің бұл дүниесінде тек өз шығармашылық биіктері мен өз кемел ойларының асқар шыңдарын ғана танытып қоймай, тұтастай өз туған халқының да болмыс-бейне, ақыл-ой, рухани тереңдіктерін жарқырата көрсеткендей емес пе?! Абайдың аталмыш философиялық ой-толғамдарында өз заманының адамдарын әр қырынан сынап-мінеп, шыбын жандарын қамшылай түскендей, не ел болуға, еңсе түзеуге бет алған өзге жұрттармен теңесіп, халықтық рухтың телегей теңіз шалқарын асқақтатумен бірге, бүгінгі тәуелсіздік дәуіріндегі ұрпақтарын да рухтандырып, заманы, қоғамы  туғызып отырған талайғы күрделі сауалдарға жауап табуына бола­тындай тағлымдық ой-маржандары да жетерлік-ақ! Дана бабамыз өзінің бас-басына ен тағып айтқан бірнеше қара сөздерінде ел мінезіне ауық-ауық оралып отырады. Оның осындағы ел мінезі деп отырғаны да кәдімгі өзіміздің қазағымыздың бойындағы бұрыннан бар, бұрынғылардан мұра болып қалған өнеге немесе бұрыннан да өзіндік қалыбы бар болмыс-бейне, барлық тіршілік әрекеттері мен санасындағы салауат-салмақтары ғой. Бұл тұрғыда ол бұрын­ғылардың бойларындағы өзгеше үлгі-өнегелік қадір-қасиеттерді алға тартып, сол асыл мінездің қадір-қасиеттері жоғалып бара жатқан жоқ па дегендей жанашырлық тұрғыдағы ойларымен сені тағы баурай түсіп, ұлы Абайдың мінез деп отырғаны бүгінгі тәуелсіз елдің базарлы тірлігін ұйытып, ел тәуелсіздігінің кемел келешегіне адал қызмет етіп жатқан өзіміздің замандастарымыз емес пе деп, сенің де бір сәт өзіңнің оңың мен солыңа мұқият қарап: «Біз осы өз заманымызға лайықпыз ба, өз заманымыздың ауыр жүгін нағыз осы заманның адамына сай дұрыс арқаланып, келер күндерге дейін рухани өрлеу тұрғысында жеткізуге қабілеттіміз бе?!» – деп, өз-өзіңе сын көзімен қарап, сергектене түсуіңе жетелейтін тұстары да жетіп жатыр. Ал, ұлы Абай өмірден өткелі бері, қазақ қоғамы, қазақ халқының рухани-мәдени өмірі қаншалықты қоғамдық формацияларды бастан кешіп, көптеген қиындық, кедергілерге жолықса да, халықтың жүректегі Абайға деген махаббаты, Абайды тануға деген ынта-ықыласы орта жолдан бір ортайып көрді ме екен?! Біз жоғарыда да айттық, қайта елдегі Абайтану бағыты, Абайтану бастамалары әр кезеңде, әр салада да барынша кең өріс алып, тұтастай қоғамдық сананы байытып, барынша жаңартып, жаңғыртып-ақ отырмады ма?! Сөз жоқ, Абай рухы, Абай мұрасы – мәңгілік. Ол өз дәуірінде өз талантты туындылары, даналық ойларымен өз туған халқын келешектің кемел шақтарына дейін биіктетіп кетсе, халқы оны қалайша әрдайым өз биігі, тарих сахнасындағы өз асыл тұғырынан көруге неге талпынбасын?! Туған халқы, тәуелсіз елі алға озған сайын, Абайдың да алып тұлғасы биіктеп, замана төріне қарай шығып, өз туған халқымен бірге әлемге батыл үн қатуға хақысы бар емес пе?! Қазақтың ұлы ақын, данышпан ұлына арналған Алматыдағы әрдайым өзінің даралығымен ерекшеленіп көрінетін «Абай Құнанбаев» ескерткіш-мүсіні мен еліміздегі алып Абайға арналып орнатылған өзге де терең тамырлы ескерткіш-мүсіндердің қазіргі заманғы Абайтану әлемінде алатын орны біздің тәуелсіздігіміздің кезінде де өзінің бар мән-маңызы мен өміршеңдігін жойма­ғандығы, қайта бұл үрдіс уақыт өткен сайын, бүгінгі тәуелсіз еліміздің шынайы өмірі, бай шежіресі, туған халқымыздың тәуелсіздік рухымен бірге шырқаған жан-дүниесімен де біте қайнасып жатқан ұлы ақынды, оның шығармашылығы мен даналық ойлары, сол арқылы тәуелсіз Қазақстанды, Қазақстанның алға қойған барлық арман-мақсаты мен өзгерген, жаңарған, тіптен жарқырай түскен тұлғасын танып-білудегі тас сыры, тас сиқырымен айшықталған бір жарқын бейнеге айналғандығына да куәміз. Бұл тұрғыда бүгінгі Абайтану, Абайдай алыппен жүздесу әлемдік деңгейде өзіндік лайықты жалғасын тауып отыр. Бұл да біздің замана биігіндегі жаңғыруымыздың, әлем халқының алдында жүзіміз жарқырап көрінуінің бір айқын көрінісі емес пе? Мәселен, 2006 жылы кешегі кеңестік заманда ұлы Абайдың талайғы мерейтойлық шаралары жоғары деңгейде өткізіліп, Абайдың талайғы атақты баспа­лардан кітаптары жарық көрген Мәскеу қаласындағы «Чистые пруды» бульварына ұжымдық авторлардың жасақтауымен (мүсінші М.Айнабеков, дизайнер Т.Сү­лейменов, суретші Э.Дробицкий, суретші В.Романенко) алып Абайдың тағы бір ғажайып көркем бейнесін танытатын ескерткіш өмірге келсе, Абайға, алып Абай­ды өмірге әкелген Қазақстанға, дана қазақ халқына деген бір үлкен құрметтің белгісіндей, алып ақын, ойшыл бабамыздың тағы бір шеберлікпен сомдалған мүсін, ескерткіштері 2007 жылы Иран Ислам республикасының Тегеран қаласында, 2011 жылы Әзербайжан елінің астанасы Бакуде, 2013 жылы Ташкентте, 2014 жылы Қытайда, дәл сол жылы Венгрияда, сондай-ақ 2020 жылдың қыркүйек айында екі елдің зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен және румыниялық талантты жастардың Абай жырларын өз ана тілдерінде оқып, Абай әндерін шырқаған мерекелік шаралары кезінде Румынияның астанасы Бухарестте салтанатты түрде орнатылды. Алайда, қандайма ескерткіштің де тектен-текке қойылмайтындығы, оның да өзіндік мақсат-идеясы, өзіндік өмірі, өзіндік айтар сырлары мен адамдарды толғанысқа түсірер шақтары тағы жетерлік. Адамдар тас мүсінді алып­тармен сағыныса көрісіп, оңашада олармен емін-еркін ой бөлісіп, іштей сырласа алады. Бұндайдағы тас мүсінді алыптардың айтары, саған жол сілтеп, рухыңды көтеріп, алдағы ұлы биіктерге қарай асықтыра түсер құдірет-күштері тіптен-ақ аз емес қой! Ал, бүгінгі өз еліміздің ішінде, тіпті, сол алысты-жақынды шетелдерде болсын, Абай ескерткіш-мүсінінің ең алдымен қазақтың классик ақыны, данышпан ойшылын тереңнен танып-білуге, оның талантты туындылары мен даналық ойларын еске ала отырып, көркемдік құдіретіне баға жеткісіз шығармаларын қайтара бір оқуға, өзгелерге тағы солай деп кеңес беруге деген бір үлкен құлшынысты туғызатындығы көңілге бір ерекше қуанышты сезім де ұялатады емес пе?! «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған!».

Даналық ойдың тереңдігінде шек бар ма?! Ақын, дана Абай арада қаншама уақыт, кезеңдер мен заманалар өтсе де, өз туған халқы, өзінен бұрынғылардың озық үлгілерін алға апарушы келер ұрпағымен де дәл осылайша сағыныса, қуаныса қауышып, дәл осылайша ашық-жарқын сырласа бермек!

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 

1080 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз