• Тарих толқынында
  • 29 Желтоқсан, 2020

АЛТЫН ОРДА ЖӘНЕ ОНЫ БИЛЕУШІЛЕР

Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ғылыми орталықтың директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі

Едігені сатқын, тұрақсыз саяси тұлға ретінде көрсету Алтын Орда тарихынан кеңестік кезеңде іргелі монография жазған Б.Греков пен А.Якубовскийге де тән. Олар «шығыс деректерінің Едігеге ешқандай да ықылас танытпайтынын» айта келе осы орайда Әмір Темірге әрқашан сын көзбен қараған, сондықтан да, «оның қарсыластарын ақтауға дайын тұрған» Ибн-Арабшахтың пікірлерін мысалға алады. Сонымен қатар Б.Греков пен А.Якубовский Ибн-Арабшах пікірлерінің әдеби тұрғыдан өңделгенін мойындайды. Жалпы алғанда Ибн Арабшахтың Едіге бейнесін жаулық көзқараспен жазбағаны оның пікірлерінен белгілі. Ол Едігені былай бейнелеген еді: «Ол нағыз қара торы өңді, орта бойлы, дене құрылысы берік, қарағанда қаһарлы, аса ақылды, тартымды, күлкіге кенелген, өте зерек және аңғарымпаз еді, ғалымдарды және лайықты адамдарды сүйді».

Б.Греков пен А.Якубовскийдің бұл жерде біржақтылыққа салынғаны олардың өздерінің Ноғай эпосында Едігенің жағымды бейнеленетінін мойындауларынан да айқын көрініп тұр. Жоғарыда айтылғандай, Едігенің Тоқтамысты жеңген соң өзінің туған еліне қайтып кетуін Б.Греков біржақты және жағымсыз тұрғыдан Әмір Темірді «алдап кету», «билікті қолға түсіруді аңсау» деп сипаттайды. Б.Греков пен А.Якубовский өздерінің пікірлерін дәлелдеу үшін В.В.Бартольдқа да жүгінді. В.В.Бартольдтың «Едігенің әкесі» атты мақаласында Едігенің тұрақсыздығы атап көрсетіледі. Алайда, Едігені саяси тұрақсыз еткен оның мінезі емес, аса күрделі саяси заманы еді. Мұны біз бүгінде ескеруге тиіспіз.

Әмір Темірдің Едігеге кек сақтамағаны оның Ирандағы Керман қаласын және округін басқарып отырған Едігенің балаларына өзі өлгенше тиіспеуі және Тоқтамысқа қарсы екінші жорық барысында Едігені ынтымақтастыққа шақырып хат жазуы айқын байқатады.

Деректерге қарағанда Тоқтамысты талқандаған 1391 жылдан кейін Ақ Орда жері дегенмен де Әмір Темір ықпалында болғанын көреміз. Ол 1395 жылы Жошы ұлысы тағына Ұрыс ханның ұрпағы Қойыршақты отырғызды. Алайда, оның өмірі қысқа болды да таққа Ұрыс ханның келесі ұрпағы Темір Құтлық отырды. Натанзидің мәліметі бойынша Темір Құтлық пен Едігенің әскерлері Еділ бойында Тоқтамыс әскерлерін талқандады. Темір Құтлық 6 жыл тақта отырған тұста «патшалық ісінде бұрынғы тәртіп толығымен орнықты». Орыс жылнамашылары Темір Құтлық билік жасаған жылдарды шын мәнінде Едіге билік жасаған жылдар ретінде атап көрсетеді [13, 388-38 бб.]. Дегенмен де деректерден Темір Құтлықтың хан болуы Әмір Темірдің рұқсатымен жүзеге асқанын байқаймыз. 1397 жылы Әмір Темірге Темір Құтлық, Әмір Едіге, Қызыр Қожа өздерінің елшілерін аттандырып, Темір Құтлықты хан ретінде тануға ресми рұқсат алды [8, 187-188 бб.].

Алайда, бұл жылдар Темір Құтлық пен Едігенің Тоқтамысқа қарсы күрес жылдары болды. 1397 жылы 8 қыркүйекте Кафы түбінде олардың аз ғана күштері Тоқтамыс пен Литва князі Витовттік біріккен күштерінен жеңіліп қалды. Бірақ келесі жылы қыста Тоқтамыс жеңіліп, Литваға қашты.

Өзара қарсы тұру 1399 жылы да жалғасты. Витовт пен Темір Құтлық келісімге келе алмады. Тарихшылар осы тұста Едігенің Витовтқа жазған хатынан төмендегідей үзіндіні пайдаланып жүр: «Батыл князь! – деп жазды Витовтке Едіге. – Біздің хан (Темір Құтлық. – Т.О.) сені өзінің ағасы ретінде мойындамай тұра алмады. Өйткені, сенің одан біраз жылдарға үлкендігің бар. Бірақ өз кезегінде сен менен кішілеусің. Сондықтан да, сен маған басыңды исең, маған салық төлеуге міндеттенсең, өзіңнің литвалық ақшаңда менің мөрімді бейнелер болсаң дұрыс болған болар еді». Бұған әрине Витовт қатты қорланды. 1399 ж. 12 тамызда Витовт пен Тоқтамыстың Темір Құтлық пен Едігеге қарсы шайқасы соңғылардың жеңісімен аяқталды. Жеңімпаздар 500 шақырымға дейін, Ворсклыдан Киевтің өзіне дейін еуропалық әскерлерді қырып салды. Өлгендер арасында 20-дан астам князь бар екен.

Алтын Орданың қайта күшеюіне Темір Құтлықтың кенеттен қайтыс болуы кедергі келтірді. Натанзидің айтуынша ол «ұзақ уақыт ішкілікке салынып ұйқыға кеткенде оянбай қалған».

Жошы ұлысында ханның жоқ болуынан басталған тәртіпсіздік Едігені Шыңғыс хан тұқымын іздестіруге итермеледі. Ол таққа «өзінің әділдігімен және қабілетімен белгілі болған және жасы жағынан үлкен Шәдібекті отырғызды». Натанзи Шәдібекті тыныштық іздеген, қауіпсіз өмірді аңсаған хан ретінде сипаттайды. Ол бүкіл өмірін думандатып рахатқа бөленіп өткізгісі келді. Едіге болса мемлекетті нығайтуға күш салды. Ол бұрынғы дәстүрлерді (тура) және ұлы заңдарды қалпына келтірді. Бұл Шәдібекке ұнамады. Ол жасырын түрде Едігенің көзін жоймақ болды. Оның мұндай арам ойын сезіп қойған Едіге оған ашық қарсы шықты. Шәдібек болса тағын тастап Дербент әмірі Шейх Ибрагимді паналады және сонда кейіннен қайтыс болды. Оның патшалық құрған жылдары 1400-1408 жылдар еді.

Шәдібектің орнын Болат сұлтан алды. Шереф-ад-дин Йездидің айтуынша ол Шәдібектің баласы еді. Оның таққа отыруы да Едігенің Алтын Орда әскерлерінің бас қолбасшысы ретінде күшейіп тұрған кезіне сәйкес келді. Өзі төреден шықпаса да, яғни,  Шыңғыс тұқымы болмаса да ханға Едіге тәрізді ханға туыстық қатынасын пайдаланып Алтын Ордаға үстемдік жасағандар баршылық. Олар әдетте, ұлы ханға күйеу-гурген болып келетін. Жалғыз Едіге ғана емес, мұндай артықшылық жағдайды Алтын Орданың атақты ханы Өзбектің тұсында Құтлық Темір мен Иса-бек, мемлекет дағдарысқа ұшыраған кезеңде Мамай, ал ХІІІ ғасырда Батудың тұсында оның әкпесіне үйленген Катран пайдаланып, мемлекетте шешуші тұлғаға айналған еді. Осындай жолды орыс князьдері де таңдады. Алтын Орда ханшаларына үйлену орыс князьдері арасында билік үшін күресте «күйеулердің» мүмкіндіктерін арттыра түсті. ХІІІ ғасырда Феодор Ростиславович Черный князьдің ұлы ханның қызына үйленуі оның Ярослав өңіріне билік ету құқын арттыра түсті. Өзбек ханның қарындасы Көншаққа үйленген князь Юрий Данилович Московский Владимирдің ұлы князі мансабына ие болды. Керісінше Алтын Орданың ұлы ханына немесе оның тақ мұрагеріне өздерінің қыздарын ұзату арқылы жағдайын нығайта түскендер де болды. Бұдан Едіге де тыс қала қойған жоқ. Ол өзінің қызын 1411 жылы Темір ханға ұзату арқылы мемлекеттегі ықпалын күшейте түсуге қол жеткізді.          

Едігенің ықпалымен жаңа хан Болат Алтын Орданың орыс князьдеріне билігін күшейтуге тырысты. Бұл Едігенің мемлекет қайраткері ретінде күшейген, өзі таққа отырғызған хандар атынан теңге соқтырған кездері еді. Едігенің мемлекеттік жүйеден қайраткерлік белсенділігі, Алтын Орда мемлекетіндегі реформатор ретінде беделі ол таққа өзі отырғызған хандарға өз бетінше саясат жүргізуге әрқашан кедергі жасады. Бұл жерде әңгіме Едігеге бағынғылары келмесе де оның ықпалынан шыға алмаған хандар – Шәдібек (1400-1407 жылдар), Болат (1407-1411 жылдар) және билігінің алғашқы жылдары оған мойынсұнуға мәжбүр болған Темір (1411-1412) туралы болып отыр. Едіге әмірдің Алтын Ордада күш алуына оның ұлы ханнан және оның қандас мұрагерлері, яғни, Шыңғыс тұқымына  жататын ханзадалардан кейінгі әкімшілік лауазымы болып табылатын бектердің бегі (беклербек) мансабын иемденуі де себеп болды. Бұл шын мәнінде бас уәзірдің қызметімен барабар, барлық әскерге қолбасылық жасайтын аса шешуші билік сатысы еді. Едігенің «әмір» атанатын себебі де осыдан. Алтын Ордада беклербек лауазымы әкеден балаға мұра ретінде беріліп отырды. Яғни, Едігенің әкесі Балтышақ та кезінде осындай қызметте болған еді. Едіге мемлекет билігінде Шыңғыс ханның «Ясы» заңындағы ұстанымдардың қатал сақталуын қадағалады. Бұл бойынша Орда әмірлері қызмет тәртібін бұзатын болса ең ауыр жаза өлім жазасына да кесілетін болды. Кезінде Шыңғыс ханның өзі бекіткен тәртіп бойынша кез келген  әмір ұлы ханға ғана бағынып, соның айтқандарын ғана орындауы тиіс еді. Әмірдің немесе Орда элитасы белгілі бір билікке тағайындаған адам, мысалы орыс князьдері ұлы ханға ескертпей басқа елдердің билеушілерімен келісімге барар болса ол, опасыз сатқын ретінде өлім жазасына кесілді. Айта кеткен жөн, күні бүгінге дейін Едігенің мемлекет қайраткері ретінде жүргізген шаралары, Жошы ұлысын нығайту жолындағы саяси және экономикалық реформалары тарихымызда әлі де терең зерттеле қойған жоқ. Орыс және батыс тарихшылары Едігенің қайраткерлік және реформаторлық белсенділігін біржақты және жағымсыз тұрғыдан сипаттап, оны Алтын Орданың отаршылдық жүйесін нығайтушы ретінде көрсетіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда түркі дүниесі тарихшылары қайта қарайтын мәселелер де баршылық.

Ал Едігеге келсек, ол көптеген орыс князьдіктерін бағындырып қана қоймай, әйгілі Дмитрий Донскойдың баласы Василий Дмитриевич басқарған Мәскеудің өзін де қоршауға алғаны белгілі. Орыстың Никон жылнамасында бұл оқиға былай баяндалады: «...6917 (жаңаша 1409 ж.) қыс айында, желтоқсанның 20 күні Орда сұлтаны (құжатта - князі) Едігей Үлкен Орда патшасы (ханы) Болат сұлтанның әмірімен қалың қолмен орыс жеріне келді. Едігемен бірге татарлардың көптеген сұлтандары және төрт ханзада ілесіп келген. Жылнамашының айтуына қарағанда осы Орда князі Едіге Орданың барлық князьдеріне билік жүргізуші және Орданың барлық патшалығын өз қолында ұстаған, сондай-ақ өз қалауынша патшаны тағайындайтын...».

Ұлы князь Василий Дмитриевич әскер жинап үлгере алмай қапыда қалып, Мәскеуде өзінің інілері князь Андрей Дмитриевичті, Петр Дмитриевичті және өзінің ағасы Владимир Андреевичті, көптеген жасағын және қала халқын қалдырып, өзі әйелімен, бала-шағасымен Костромаға қарай сытылып, қашып шыққан. Ол кетіп бара жатып қала іргесіндегі сауда-өндіріс орындарын өртеуді бұйырған. Нәтижесінде қала төңірегінде үлкен өрт және наразы тұрғындардың бүлігі басталған. Жалынның көкке өрлеп сумаңдаған қызыл тіліне қаланы жан-жақтан қоршаған Едігенің қалың қолы тамашалап қарап тұрған. Олар шығынға ұшырамау үшін Мәскеу қамалынан атылған оқ жетпейді-ау деген қашықтыққа шатырларын тігіп, асықпай, жата-жастана қоныстанған. Ал Едігенің өзі болса Коломенскоеға дейін барып орыстардың жандары алқымға тығылып, үрейлері ұшқандарына, яғни, өзіне қарсы топтасып, қару асынып шығып, қарсыласуға жарайтын жанның жоқ екеніне әбден көзі жеткен соң, әскерін жан-жаққа босатып жіберген. Тізгін өз қолдарына тиген әскер басылары ойларына келгендерін жасап, көптеген адамдарды тұтқынға алып, Переславл қаласын өртеп жіберіп, Ростовты, Дмитровты, Серпуховты, Вереяны, Нижний Новгородты және Городецті басып алған. Олардағы билік жүргізушілер және қалың халық тұтқын болған.

Жылнамашының жазуынша Едігенің қаһарына қыстың қаттылығы сәйкес келген, ақ түтек боран көз аштырмаған. Өзі басып алған қалалардың князьдерін қолға түсірген Едіге енді ұлы князь Василий Дмитриевичті тұтқынға алу қамына кірісіп, өзінің жақсы биінің баласы Бегіберді және Сентіліби басқарған отыз мыңдық әскерге өзінің таңдаулы тағы төрт мың адамдық жасағын қосып аттандырды. Бірақ олар князь Василий Дмитриевичке дейін жете алмай жарты жолдан кейін қайтып оралды. Өйткені, осы кезде Орда ханы Болат өзінің жедел шабарманын Едігеге жіберіп, оның Ордаға тездетіп оралуын талап етті. Жылнамашының айтуынша Болат хан өзінің негізгі күштерін Едігенің бастауымен орыс жерін бағындыруға жібергендіктен оның тағына қызығушы бақталастарының бірі Ордада мемлекеттік төңкеріс жасап, Болатты тақтан аластатып және өлтіріп, өзін хан етіп жариялайтын сәт туды деп ойлаған. Мұндай қаскөй әрекеттің дайындалып жатқанын Болат ханның шабарманы Едігеге ашық айтты. Осыдан соң-ақ Едіге кейін қайтуға асығыс жинала бастады. Ол Мәскеудің айналасындағы ат тұяғы жететін аймақтарын дым қалдырмай тонап, тұтқындарды шұбыртып айдады. «Жалғыз Мәскеуді ғана құдай сақтап калды», – деп жазылған бұл туралы Никон жылнамасында.

Қайтар жолда Едіге Мәскеуге шабарманын жіберіп, егер қала 3000 сом салық төлесе, өзінің оны қоршауды тоқтататынын, әскерлерін алып кететінін атап көрсетті. Араға бір ай салып Едіге қисапсыз мол қазынамен және байлықпен орыс жерін тастап кетті. Егер Болат ханнан шұғыл шақырту келмеген болса тас қамалмен қоршалған Мәскеу де өзіне көрші орыс қалаларының кебін киіп, Едігенің табанында тапталары, оған тізе бүгері сөзсіз еді. Бұл жерде осы кезге дейін ресейлік тарихшылар қалыптастырған: «Москва была также осаждена, но овладеть ею Едигей так не смог. Простояв около месяца под Москвой, Едигей потребовал трехтысячный «окуп» с москвичей и снял осаду», – деген бір жақты пікірімен толық келісуге болмайды.

Едіге Мәскеуді күші жетпегендіктен ала алмады деуге негіз жоқ. Егер Орда ханы оны кері шақыртпаған болса Мәскеу халқы сақылдаған сары аязда аштықтың құрбаны болып, баудай түсіп қырылған болар еді.Едігенің орыс жеріне не себептен жорық жасағаны оның 1409 жылы ұлы князь Василий Дмитриевичке жолдаған грамотасында толық баяндалады. Бұл едәуір көлемді болғандықтан оның қысқаша мазмұнымен оқырманды таныстыра кетелік. Онда Едіге өзінің мұнда келу себебін Рустың соңғы жылдары Орда билігін, ықпалын мойындағысы келмейтін сыңай таныта бастауымен байланыстырды. «Сендерге, – деді ол, – Ханның елшілері және Орда қонақтары келеді, ал сендер болсаңдар елшілермен қонақтарды қылжақ етесіңдер, ия сендердің қиянаттарыңа олар аса ренжулі...» Едіге өзінің осы хатында Василийді сендерден бұрынғы патшалар біздің адамдарымызды қатты құрметтеп, күтіп алушы еді, орыс жерінен бұрын ешкім де ренжімей аттанатын, бұл туралы «сен ең болмаса өзіңнің көне көз қарттарыңнан сұрасаң етті», – деп сөкті. «Хан Темір Құтлық таққа отырған бетте, – деп жазды одан ары  Едіге, – сен өзіңнің ұлысыңа Государь тағайындадың, ал сен тағайындаған жерлердегі князьдер ханда ешқашан болған емес, ханның және оның сұлтандарының көзіне түскен емес. Өзіңнің боярларыңды да, ақсақалдарың мен жастарыңды және тіптен басқаларды да жіберген емессің. Балаларың да, туыстарың да бір ауыз сөзбен келген емес. Онан соң, ІІІәдібек сегіз жыл хандық құрды, оған да аталғандардың ешқайсысы келген емес... ешкімді жібермедің: сонымен Шәдібектің бұл хандығы да өте шықты. Енді ғой Болат сұлтан таққа отырды және хан болғанына да үш жыл болды: өзің келмей қойғаныңмен тұрмай, балаңды да, бауырларыңды да, аға бояриніңді де жіберген емессің. Өзің ғой ұлы ұлыстың басшысы Ұлы князісің, ал барлық істеген істерің ұнамсыз және дұрыс емес. Феодорадан Кошкаға дейін Ордаға деген жағымды әдет және ақ ниет ой сондай-ақ игілікті істер орын алып еді».

Едіге князь Василийді осылайша өткен жылдар тәжірибесінен сабақ алмайсың деп сөге келе, сонымен қатар Алтын Ордаға адал қызмет еткен адамдарды да оған үлгі ете сөйледі. Хатта олардың ішінен боярлар Илья Иванович, Петр Константинович, Иван Микитич аталады. Соларды жинап ақылдассаң орыс жері, сенің менмендігіңнен бүйтіп күйзелмес еді, – дейді Едіге. «Хан Жәнібекке кезінде салықты қалай төлеп едіңдер, естеріңде ме? Сонда ғой сендердің ұлыстарыңа ешкім де тимейтін, шаруаларың тыныштықта өмір сүретін, олар «сенің өркөкіректігіңнен қырылмайтын», – деп жазылған хатта. «Біз сенің ұлысыңды өз көзімізбен көрген емеспіз, тек әр түрлі сыбыстар арқылы естиміз», – деп ренжіді Едіге одан ары. Солай бола тұрса да «Орыс князьдерінен немесе Литвадан қандай да бір болмасын жәбір көрсеңдер, сенің өзің тағы да олардың үстінен жылда шағым айтасың және арыз грамоталарын жолдайсың, сөйтіп олардан қорғауды өтінесің және сен бізге ешқашан маза да бермейсің».

Ия, көріп отырмыз, Едіге Батый ханның кезінен бері қалыптасқан Алтын Орданың орыс жеріне үстемдік ету жүйесін қалайда сақтап қалу үшін күрескен. Жоғарыдағы Мәскеудің ұлы князі Василий І жолдаған хатында Едіге оны кезінде үлкен қателік жіберген Твердің және Владимирдің ұлы князі Михаил Ярославич Тверскойдың қателіктері тәрізді жаңылысуларға барғаны үшін айыптап отыр. Соңғыны Алтын Орда соты Ұлы ханмен келіспей, «Рим папасына қазынаны жөнелтті», «байлығын алып немістерге қашып кетпек болды» деп айыптап, өлім жазасына кескен еді. Жазаны ауырлата түскен нәрсе – орыс князінің өзіне әйелдікке алған Шыңғыс тұқымына жататын Өзбек ханның қарындасы Көншақ-Агафияның (орыстар оны княгиня Юрьева деп атайтын) өміріне қастандық жасады деген айыппен айыпталуы еді. Осындай айыптаулар ақырында Едігенің Мәскеу княздігіне жорыққа аттануына себеп болды. Едігенің Мәскеу князі Василий І-ге мұндай қатқыл мазмұнды хат жазуының байыбына бару үшін өткен тарихқа қысқаша болса да шолу жасауға тура келеді. Орыс князьдері шын мәнінде Тоқтамыс ханның өзін де ол,1382 жылдың жаз айында Мәскеуге жойқын жорық жасап, оның халқын қырып, ал, қаланы өртеп қайтқан соң ғана мойындап, өздері Алтын Орда астанасы Сарайға келе бастаған еді. Тоқтамыс хан Мәскеуге жорық жасағанда қаладан қашып кетіп, жасырынып қалған атақты ұлы князь Димитрий Иванович Донской 1383 жылы күз айында өзінің үлкен ұлы Василийді көп сый-сияпатпен Тоқтамысқа аманат етіп жіберді. Ол осында үш жарым жыл бойы аманат-тұтқын болды. Бұл Мәскеудің Алтын Орда билігін мойындайтынының нақты көрінісі еді. Ал Дмитрий Донской 1389 жылы 19 мамырда қайтыс болған соң ол өзінің қол астына қарайтын екі бірдей князьдіктің, яғни, Мәскеу және Владимир князьдіктерінің ұлы князі мансабын жоғарыда аталған өзінің үлкен ұлы Василийге өсиет етіп қалдырды. Мұны Василийді Ордада болған кезінде жақсы біліп қалған Тоқтамыс хан да мақұл көрді. Сондықтан да, оны таққа Алтын Ордадан келген Тоқтамыс ханның елшілері отырғызды. Солай бола тұрса да өзінің Алтын Ордаға адалдығын дәлелдеу үшін Василий І-дің өзі де 1390 жылы наурызда Алтын Ордаға сапар шекті. Орыс тарихшысы Ю.Селезневтың есебі бойынша Василий І барлығы Алтын Ордаға үш рет барған (1390, 1392, 1412 жылдары). Осы мәліметтерден аңғаратынымыз, Василий І Алтын Ордада Едігенің ықпалындағы «қуыршақ» хандар билеген жылдары, яғни, 1400-4-1412 жылдар аралығында Алтын Орда астанасы Сарайға аттап баспаған, өзі келмегенін айтпағанда тіптен өзінің өкілдерін де жібермеген. Василий І-дің Едігеге бақталас болып, оның жеке басының жауына айналған Тоқтамыстың «адамы» болуы ғана емес, Тоқтамыстан кейін таққа отырған Алтын Орда хандарын мойындағысы келмеуі де намысқа тиді. Өзінің оған жазған хатында Едіге міне, осыған ашуланып отыр. Орыс тарихшылары кезінде Тоқтамыстың Мәскеу князьдігін күшейтуге бағытталған шараларын ханның Әмір Темірге қарсы күресте орыс жерінен сенімді одақтас табуды көздеген әрекеті ретінде қарастырған еді. Ал енді Едігенің заманында жағдай өзгерді. Едіге керісінше орыстармен одақтасуға мүдделі бола қойған жоқ. Сондықтан да, ол енді Василий І басқарған Мәскеу князьдігінің орыс жеріндегі ықпалын әлсірету саясатын жүргізді. Бұл тарихи шындық. Едіге Алтын Орданы мойындағысы келмеген орыс князьдерімен жағаласып жүріп, өзінің негізгі бақталастарын тарих сахнасынан ығыстыруды да естен шығарған емес. 1409 жылы Едіге Батыс Сібірді паналап жүрген Алтын Орданың бұрынғы ханы Тоқтамыстың соңына түсті.

Қадырғали би Қосымұлының «Жылнамалар жинағындағы» «Тоқтамыш хан дастанында» Тоқтамыс ханды Едігенің баласы Нұраддиннің қапыда ұйқыда жатқанда өлтіргені айтылады. Л.Н.Гумилев Тоқтамыс Сарайды басып алмақ болған кезінде Шәдібектен жеңіліп, Тобылдың төменгі жағында өлтірілді дейді. 1410-1412 жылдары Алтын Ордадағы билікті бөлісу үшін пайда болған қырқыстың бел ортасында Едіге де жүрді. Нәтижесінде өкімет басына қайтадан Тоқтамыс ханның балалары келген кезде Едіге Хорезмге барып бас сауғалайды. Едігенің Хорезмге кетуін басқаша түсіндіретін деректер де кездеседі. Натанзидің айтуынша Едіге Темір Құтлықтың баласы Темір сұлтанды таққа отырғызады. Бірақ біраз уақыттан соң Темір сұлтан төңірегіндегілердің сөзіне ілесіп Едігені қуғындайды. Осыдан соң Едіге Хорезмге кетеді. Темір сұлтан оның соңына түседі. Осы кезде оның ұлысын Тоқтамыстың балалары Жәлел-ад-дин сұлтан, сұлтан Хусейн және Мұхаммед тұтқиылдан басып алады. Ал Темір сұлтан болса қашқынға айналып, қаңғырып өледі. Дегенмен де, Едіге Хорезмде көп тұрақтай алмады, ол Герат ханы Шахруқпен сыйыса алмады.

Кезінде бүкіл Алтын Орданы алақанында ұстаған, қаламағанын хандықтан түсірген, айласы мен ақылы телегей теңіз, қаһарлы әмір Ер Едігенің тағдыры қайғылы аяқталды. Нақтырақ деректерге қарағанда ол 1419 жылы Сарайшық қаласының түбінде кезінде өзі қол ұшын беріп, Алтын Орда тағына отырғызған, бірақ кейіннен билікке таласып ата дұшпанға айналған Тоқтамыстың баласы Қадірбердінің қолынан қаза тапты. Қадірбердінің бұйрығымен Едігенің денесін кескілеп тастады.

Ақ Ор­да мен Алтын Орда ханы Ұрыс (Орыс) хан. Ке­зін­де Жо­шы­ның үл­кен ұлы Ежен­ге мұ­ра­гер­лік үлес ре­тін­де бе­ріл­ген Жо­шы ұлы­сы­ның сол қа­на­ты­ның Ақ Ор­да атал­ға­нын бү­гін­гі кү­ні зерт­теу­ші­лер­дің ба­сым бө­лі­гі мой­ын­да­ды. Бұл ұлыс­тың ор­на­лас­қан айма­ғы бү­гін­гі Ор­та­лық жә­не Шы­ғыс Қа­зақ­стан айма­ғы­мен то­лық сәй­кес ке­ле­тін­дік­тен та­ри­хи әде­биет­те соң­ғы жыл­да­ры қа­зақ мем­ле­кет­ті­гін осы Ақ Ор­да та­ри­хы­нан бас­тау ту­ра­лы ұсы­ныс­тар жиі айтылу­да. Мұ­ның өзі не­гіз­сіз емес екен­ді­гін Ақ Ор­да та­ри­хы­на қыс­қа­ша шо­лу­лар жа­са­ған­да аң­ға­ру­ға то­лық бо­ла­ды. Ал­дын ала айтары­мыз, Алтын Орданы бір­тұ­тас мем­ле­кет ре­тін­де ұзақ жыл­дар би­ле­ген Өз­бек хан 1342 жыл­ға дейін Ақ Ор­да­ның тәуел­сіз ұлыс бо­лу­ына мүм­кін­дік бе­ре қой­ған жоқ. Ол бұл тұс­та шын мә­нін­де ав­то­но­миялық құ­ры­лым ре­тін­де өмір сүр­ді. Алай­да, Өз­бек қайт­ыс бол­ған соң Ал­тын Ор­да­ны (Жо­шы ұлы­сын) би­ле­ген Ба­ту тұ­қы­мы өза­ра тақ­қа та­ла­сып қыр­қы­сып, ақы­рын­да олар­дан би­лік­ті Жо­шы­ның Ежен­нен та­ра­ған тұ­қы­мы тар­тып ал­ды. Им­пе­рия­ның шы­ғы­сын­да­ғы Ақ Ор­да­дан кел­ген олар, Ба­ту тұ­қы­мын қы­рып сал­ды. Олар­дың ара­сын­да Шым­тай ұлы Ұрыс хан аса бе­дел­ді та­ри­хи тұл­ға ре­тін­де көз­ге түс­ті. Әке­сі Шым­тайға қа­ра­ған­да ол әл­деқай­да ор­нық­ты да ба­тыл ше­шім қа­был­дайт­ын би­леуші еді. Ол 1361 жы­лы Ақ Ор­да­ның та­ғы­на отыр­ды. Ба­тыс­та­ғы Ал­тын Ор­да­да осы тұс­та Бер­ді­бек хан­ның қайт­ыс бо­луы оның саяси жағ­дайын кү­шейте түс­ті. Та­рих­та оның би­лік­ті қол­ға ал­ған бет­те се­гіз жыл­ға жуық уа­қыт Сыр бой­ын­да­ғы мем­ле­кет үшін зор ма­ңы­зы бар қа­ла­лар­ды жә­не ке­зін­де Ақ Ор­да­ға астана бол­ған Сы­ға­нақ қа­ла­сын өзі­не қайта ба­ғын­дыр­ға­ны бел­гі­лі.

1372 жыл­ға дейін оған Арал те­ңі­зі айма­ғын­да­ғы жә­не Маң­ғыс­тау өңі­рін­де­гі ру­лар мен тай­па­лар да бас иді. Бұл ай­мақ­та бай­ыр­ғы Қа­ра­түр­геш­тер ода­ғы­нан бө­лін­ген Қа­ра­лар­дың (Қа­ра­ке­сек­тер­дің, Қа­ра­са­қал­дар­дың, Төрт­қа­ра­лар­дың) жә­не ке­зін­де Қы­тай­ға қар­сы кү­рес­те үл­кен белсен­ді­лік та­ны­тып, қан­ды қыр­ғын­ға ұшы­ра­ған Түр­геш қа­ға­на­ты құ­ра­мын­да өмір сүр­ген жауын­гер тай­па Шө­ме­кен­дер­дің (Шө­ме­кей­лер­дің) бас июі Ұрыс хан­ды кү­шейте түс­ті. Ен­ді ал­да кейін­гі Қа­ра­та­бын­дар мен Та­ма­лар­ды, сон­дай-ақ Маң­ғыс­тау өңі­рін­де­гі ежел­гі Дай­лар­дың жә­не кейіні­рек­те, VIІІ-ІХ ға­сыр­лар­да шы­ғыс­тан ке­ліп, Арал ма­ңын жай­ла­ған Оғыз­дар­дың бас­ты тай­па­ла­ры Қы­нық­тар­дың, Кайи­лар­дың жә­не Баят­тар­дың бі­рік­кен эт­ни­ка­лық одақ­тас­ты­ғы не­гі­зін­де қа­лып­тас­қан қа­һар­ман Адай ру­ла­ры­н ба­ғын­ды­ру мә­се­ле­сі Ұрыс хан­ның не­гіз­гі жос­па­ры­на ай­нал­ды. Егер осы­лар жә­не ке­зін­де шы­ғыс­та­ғы манч­жұр­тіл­дес Қи­дан­дар­дың қы­сы­мы­мен Ор­хон бой­ын­да­ғы Бай­шы (Бай­си) тай­па­лық бір­лес­ті­гі­нен бө­лі­не кө­шіп, Жай­ық өңі­рі­не қо­ныс­тан­ған Ал­шын ода­ғы­ның Бай ру­ла­ры жә­не Қы­тай­дың ір­ге­сін­де тұр­ған­да-ақ ын­ты­мақ­та­ры мен жауын­гер­лі­гі бас­қа­лар­ды та­ңыр­қат­қан Бе­ріш тай­па­лық бір­лес­ті­гі­не кі­ре­тін ру­лар қол­дар бол­са Ұрыс хан­ның түп­кі мақ­са­ты – Ал­тын Ор­да та­ғын ием­де­ну әб­ден мүм­кін нәр­се­ге айна­ла­тын еді. Сұң­ғы­ла ст­ра­тег Ұрыс хан мұ­ны жақ­сы тү­сін­ді. Алай­да, оның мұн­дай үл­кен ам­би­циясы­на Маң­ғыс­тау би­леуші­сі, Адай­лар мен Та­бын­дар­дың кө­се­мі­не ай­нал­ған, Жо­шы­ның то­қа­лы­нан ту­ған То­қай те­мір­дің ұр­па­ғы Той­қо­жа оғ­лан – бо­ла­шақ Ал­тын Ор­да ха­ны Тоқ­та­мыс хан­ның әке­сі ашық­тан-ашық қар­сы шық­ты. Үл­кен мақ­сат­ты орын­дау­да ымы­ра­ға ке­ле қой­майт­ын Ұрыс хан оны көп ой­лан­бас­тан өлім жа­за­сы­на кес­ті жә­не осы қа­тал ше­шім оның ба­тыс­қа ба­ғыт­тал­ған жо­ры­ғы­на да жол аш­ты. 1374 жыл­ға дейін Жай­ық өңі­рін тү­гел­дей өзі­не ба­ғын­дыр­ған Ұрыс хан ал­ғаш Са­рай­шық­ты, онан соң көп ке­шік­пей Са­рай­дың өзін ба­сып алып, Ал­тын Ор­да та­ғы­на отыр­ды. Са­рай бұл тұс­та Ба­тый тұ­қым­да­ры­ның тақ­қа та­лас­қан өза­ра іш­кі қыр­қыс­та­ры­нан әб­ден дің­кә­лап отыр еді. Сон­дық­тан да, мұн­да­ғы­лар Ұрыс хан­ға те­геурін­ді қар­сы­лық көр­се­те ал­ма­ды. Осын­да жа­ңа хан көп ке­шік­пей-ақ өзі­нің аты­нан тең­ге соқ­тыр­ды.

 Алай­да, Ұрыс хан­ның Ал­тын Ор­да мен Ақ Ор­да­ны бі­рік­ті­ру­ді көз­де­ген әре­ке­ті Мәуе­рен­нахр­да би­лік­ті қол­ға алып, кү­шей­ген Әмір Те­мір­ге ұнай қой­ма­ды. Мо­ғо­лс­тан өңі­рін өзі­не қо­сып, бай­ыр­ғы Ша­ға­тай ұлы­сын емін-ер­кін би­леп-төс­теу Әмір Те­мір­дің бас­ты мақ­сат­та­ры­ның бі­рі еді. Көр­ші­лер әл­сіз бол­ған­да ға­на өзі құр­ған мем­ле­кет­тің қуат­ты да бе­рік бо­ла­ты­нын ол жақ­сы тү­сін­ді. Сон­дық­тан да ол Ақ Ор­да­ны күй­ре­ту жо­лын із­дес­ті­ре бас­та­ды.

Осын­дайда «із­де­ген­ге сұ­ра­ған» де­ген­дей, әке­сі өл­ген соң Ұрыс хан­ның Ор­да­сын­да амал­сыз тұ­рып жат­қан Той­қо­жа оғ­лан­ның ба­ла­сы Тоқ­та­мыс Әмір Те­мір­ге қа­шып кел­ді. Ни­зам-ад-дин Ша­ми­дің ай­туын­ша Әмір Те­мір оны Жо­шы хан­ның тұ­қы­мы ре­тін­де аса қо­ше­мет­теп, үл­кен сый-сия­пат­пен қар­сы ал­ды. Құйт­ұр­қы сая­сат­та кө­ре­ген Те­мір Тоқ­та­мыс­ты Ұрыс­хан­ға қар­сы қоюға бір­ден-бір лай­ық жә­не тап­тыр­мас тұл­ға ре­тін­де та­ни біл­ді. Сон­дық­тан да, Тоқ­та­мыс­ты өзі­мен бір­ге Са­мар­қанд­қа ер­тіп бар­ған ол, оны кө­тер­ме­леп, той жа­сап, бас­қа тар­ту­лар­мен бір­ге оған Оты­рар жә­не Сау­ран ай­мақ­та­рын бө­ліп бе­ріп, көп әс­кер­мен жа­рақ­тан­ды­рып, ақы­ры Ақ Ор­да­ға қар­сы ат­тан­дыр­ды. Тоқ­та­мыс­қа сый­ға тар­тыл­ған ай­мақ­тар шын мә­нін­де Ақ Ор­да­ға қа­райт­ын еді. Сон­дық­тан да, Ақ Ор­да­ның ұлыс­бе­гі­ле­рі мен тай­па бас­шы­ла­ры Ұрыс хан бұл кез­де Ал­тын Ор­да­ны ба­ғын­ды­ру жо­ры­ғын­да жүр­се де, бұ­ған бей-жай қа­рап, әре­кет­сіз оты­ра ал­ма­ды. Олар сон­дық­тан да, Ұрыс хан­ның Ақ Ор­да­да­ғы ор­нын­да қал­ған ба­ла­сы Құт­лық Бұ­ға­ға қа­лың әс­кер жи­нап бер­ді.  Тоқ­та­мыс­қа қар­сы ұрыс 1374 жы­лы жаз айын­да бол­ды. Бұ­ған Ақ Ор­да жа­ғы­нан не­гі­зі­нен Най­ман­дар­дан, Ду­лат­тар­дан, Ал­бан­дар­дан, Қа­ра­ке­сек­тер мен Шө­ме­кей­лер­ден, Қо­ңы­рат­тар­дан жә­не түр­кі­лен­ген моңғол ру­ла­ры­нан құ­рал­ған әс­кер­лер ат­тан­ды. Қан­тө­гіс ке­зін­де әс­кер­ді бас­тап шық­қан Құт­лық Бұ­ға са­дақ оғы­нан ауыр жа­ра­ла­нып, қайт­ыс бол­ды. Мұ­ның өзі Ақ Ор­да әс­кер­ле­рі­нің жауын­гер­лік ру­хын тө­мен­де­ту­дің ор­ны­на, ке­рі­сін­ше кө­те­ріп, олар Тоқ­та­мыс­пен жанқияр­лық шай­қас­қа ба­рып, ақы­рын­да оны қуып шық­ты. Са­ғы сы­нып, өзін па­на­лап қа­шып кел­ген Тоқ­та­мыс­ты Әмір Те­мір қайта кө­тер­ді. Оны бұ­рын­ғы­дан да қо­шемет­теп, оған та­ғы да қа­лың қол жа­сақ­тап бе­ріп, жауға қайта ат­тан­ды­рып сал­ды. Бұл жо­лы Тоқ­та­мыс­қа қар­сы Ұрыс хан­ның ке­ле­сі ұлы Тоқ­та­қия қол бас­тап шық­ты. Алай­да, Тоқ­та­мыс та­ғы да күй­рей же­ңі­ліп, оның со­ңы­нан ілес­кен әс­кер­лер­дің кө­бі­сі Ақ Ор­да жа­ғы­на шы­ғып кет­ті. Жал­ғыз қал­ған Тоқ­та­мыс ағы­сы қат­ты Сыр­да­рияға қой­ып ке­тіп, әрең де­ген­де қа­шып құ­тыл­ды. Со­ңы­нан қуып кел­ген Қа­ран­шы ба­һа­дұр са­дақ­пен атып, оны қо­лы­нан жа­ра­ла­ды. Өзі­не аса ке­рек та­ри­хи тұл­ға бол­ған­дық­тан Әмір Те­мір Тоқ­та­мыс­ты із­деуге туысы Еді­ге бар­лас­ты ат­тан­ды­рып, ол жа­ра­лан­ған Тоқ­та­мыс­ты қо­па қа­мыс­ты жа­ға­лаудан тауып әкел­ді. 

 Жан­та­ла­са шап­қан жаушы ар­қы­лы күр­де­лі жағ­дай­дан құ­лақ­тан­ған Ұрыс хан Ақ Ор­да­ға қайта ора­лып, өзі­нің екі ел­ші­сін – Ке­пек маң­ғыт­ты жә­не Тұ­тыл­жан­ды Әмір Те­мір­ге ат­тан­ды­рып, өзі­нің ұлын өл­тір­ген Тоқ­та­мыс­ты қайтару­ды жә­не бұ­лай бол­ма­ған жағ­дайда со­ғы­са­тын жер­ді бел­гі­леуді та­лап ет­ті. Со­ғыс­құ­мар Те­мір көп ойла­нып жат­пай, өзі­нің со­ғы­су­ға әзір екен­ді­гін мә­лім­де­ді. Осы­лай­ша, 1376 жыл­дың қы­сын­да Әмір Те­мір қа­лың әс­кер­мен Оты­рар­ға кел­ген кез­де, бү­кіл Жо­шы ұлы­сы­нан әс­кер жи­на­ған Ұрыс хан Сы­ға­нақ­қа ке­ліп тұр­ды. Алай­да, қа­ра­ма-қар­сы тұр­ған әс­кер­лер­дің ұрыс­ты бас­тау­ла­ры­на ауа райы­ның күрт өз­ге­руі ке­дер­гі жа­са­ды. Кұн бұ­зы­лып, қар ара­лас жаң­быр жауып, адам­дар қат­ты тоң­ды. Осы­ған бай­ла­ныс­ты Әмір Те­мір Ұрыс хан әс­кер­ле­рін айна­лып өтіп, оның ты­лын­да­ғы ха­лық­ты то­нап, қайт­ып кет­ті. Әри­не, ол өзі­нің бұл әре­ке­ті­не қа­на­ға­тта­на қой­ған жоқ.

 Сон­дық­тан да, 1377 жы­лы көк­тем­де Әмір Те­мір Ұрыс хан­ға қар­сы жа­ңа жо­рық­қа ат­тан­ды. Алай­да, Ұрыс хан­ның ке­нет­тен қайт­ыс бо­луы бұл жо­рық­ты тоқ­та­тып тас­та­ды. Муин-ад-дин На­тан­зи­дің айт­уын­ша Ұрыс хан та­би­ғи өлім­нен қайт­ыс бол­ған. Ал ен­ді Өте­міс қа­жы­ның «Чин­гиз­на­ме­сін­де» Ұрыс хан Тоқ­та­мыс­ты қу­ғын­да­ған жо­рық үс­тін­де қайт­ыс бо­ла­ды. Біз­дің­ше ал­ғаш­қы­сы шын­дық­қа жа­қын. Екін­ші де­рек­те Ұрыс хан­ның ба­ла­ла­ры­на қа­тыс­ты мә­лі­мет ша­тас­ты­ры­лып бе­ріл­ген тә­різ­ді. Ұрыс хан­ның ор­ны­на тақ­қа отыр­ған үл­кен ұлы Тоқ­та­қия да көп ке­шік­пей дү­ниеден өт­ті. Ен­ді Ақ Ор­да та­ғы­на Мұ­хам­мед­хан­ның ба­ла­сы Те­мір бек отыр­ды. Ол іш­кі­лік­ке са­лын­ған мас­кү­нем адам бол­ған­дық­тан, Ақ Ор­да­ның бас­ты тай­па­ла­ры одан бе­зіп, жер­гі­лік­ті Ар­ғын, Қып­шақ, Қо­ңы­рат, Жа­лай­ыр тай­па­ла­ры­ның бек­те­рі хан та­ғы­на Жо­шы тұ­қы­мы Тоқ­та­мыс­ты ша­қыр­ды. 

 1378 жы­лы Әмір Те­мір­дің ар­найы ат­тан­дыр­ған бек­те­рі Тоқ­та­мыс­ты Ақ Ор­да­ның астана­сы Сы­ға­нақ­та тақ­қа отыр­ғыз­ды. Бұл кез­де Қа­ра­тал­да қыс­тап жат­қан Те­мір-мә­лік­тің шұ­ғыл түр­де әс­кер жи­нап, асы­ғыс ат­тан­ған жо­ры­ғы сәт­сіз­дік­ке ұшы­ра­ды. Би­лік­ке кел­ген Тоқ­та­мыс Ақ Ор­да та­ғын ием­де­ну­мен шек­тел­мей, ен­ді Ал­тын Ор­да та­ғын ба­сып алу­ды ой­лас­ты­ра бас­та­ды. Өйт­ке­ні, бұ­рын­нан қа­лып­тас­қан дәс­түр бой­ын­ша Ал­тын Ор­да­ны ием­ден­бей, оның шын мә­нін­де шы­ғыс бө­лі­гі ға­на бо­лып есеп­те­ле­тін Ақ Ор­да та­ғын­да ор­нық­ты оты­ру да мүм­кін емес еді. Осы­лай­ша, Жо­шы ұлы­сы та­ри­хын­да жа­ңа ке­зең – мем­ле­кет­тің дер­бес­те­не бас­та­ған екі қа­на­тын қайта бі­рік­ті­ру жә­не осы не­гіз­де бір­тұ­тас мем­ле­кет­ті қал­пы­на кел­ті­ру әре­ке­ті бас­тал­ды. Мұн­дай сая­сат­тың бас­тау­ын­да ен­ді қуат­ты Әмір Те­мір мен жер­гі­лік­ті бек­тер­дің қол­дауына сүйен­ген Тоқ­та­мыс хан тұр­ды.

 Ал­тын Ор­да­ның соң­ғы өр­леуі жә­не ыды­рауы. Ал­тын Ор­да­ны сақ­тап қа­лу де­ге­ні­міз шын мә­нін­де бай­ыр­ғы Жо­шы ұлы­сы­ның тұ­тас­ты­ғын қал­пы­на кел­ті­ру еді. Мұ­ны Ақ Ор­да­ға хан бол­ған Ұрыс хан да, оның қар­сы­ла­сы Тоқ­та­мыс та жақ­сы тү­сін­ді. Сон­дық­тан да, олар­дың екеуі де Ақ Ор­да та­ғы­мен қа­на­ғат­тан­бай Ал­тын Ор­да та­ғы­на оты­ру­ға күш сал­ды. Ұрыс хан өл­ген соң көп ке­шік­пей-ақ Тоқ­та­мыс тақ­қа отыр­ды. Ал­тын Ор­да та­ғын күш­пен ием­ден­бек бол­ған Ма­май­ды же­ңіп, оны өл­тір­ген соң, ол Ал­тын Ор­да­дан бө­лі­ну­ге әре­кет жа­са­ған Аст­ра­хан хан­ды­ғы­на тойтарыс бе­ріп, оны Ал­тын Ор­да­ға қайта қо­сып ал­ды. Алай­да, Ма­май­мен Кү­лік (Ку­ли­ко­во) да­ла­сын­да 1380 жы­лы бол­ған ұрыс­та қол жет­кіз­ген же­ңіс­ке ма­сат­тан­ған Мәс­кеу кня­зі Ди­мит­рий Донс­кой бас­та­ған орыс князь­дік­те­рі Тоқ­та­мыс­ты да Ма­май тә­різ­ді тақ­қа кез­дей­соқ кел­ген тұл­ға ре­тін­де қа­был­дап, оған ба­ғы­ну­дан бас тарт­ты. Қып­шақ да­ла­сы­нан әс­кер жи­нап әкел­ген өзі­нің се­нім­ді се­рі­гі Ар­ғын ру­ла­ры­ның кө­се­мі Қа­ра­қо­жа­ны Тоқ­та­мыс орыс­тар­мен бей­біт ке­лі­сім жүр­гі­зу­ге ат­тан­дыр­ды. Мұн­дай әре­кет та­быс­қа жет­кі­зе қой­ған жоқ. Өйт­ке­ні, Мәс­кеу кня­зі Ал­тын Ор­да­ның бей­біт ке­ліс­сөз­дер­ді бас­тауы­ның өзін бұл мем­ле­кет­тің әл­сіз­ді­гі деп тү­сін­ді. Ал Тоқ­та­мыс бол­са осы­дан соң ашық­тан-ашық Мәс­кеуге қар­сы жо­рық­қа дай­ын­дал­ды. Бұл кез­де Қып­шақ да­ла­сын­да оның бе­де­лі ар­та түс­кен еді. Ен­ді ха­лық ара­сын­да «біз­дің ел Тоқ­та­мыс­ты жа­ман­да­ға­нын да қой­май­ды, көр­се бас иіп тоң­қайға­нын да қой­май­ды» де­ген ма­қал кең та­ра­лып кет­кен еді. Ық­пал­ды Тоқ­та­мыс­тың Мәс­кеуге жо­ры­ғы­на Ал­шын, Но­ғай, Қып­шақ, Ар­ғын, Қо­ңы­рат, Жа­лай­ыр, Үй­сін, Кер­де­рі, Қыят, Са­рай, Най­ман, Бақ­рин, Бұр­жоғ­лы, Бұл­ғар, Морд­ва тай­па­ла­ры­нан жи­нал­ған көп қол қа­тыс­ты. Бас­ты мақ­сат – Кү­лік (Ку­ли­ков) шай­қа­сы­нан кейін даң­қы орыс да­ла­сы­ның ба­сын ай­нал­дыр­ған Мәс­кеу­дің са­ғын сын­ды­рып, оны Ал­тын Ор­да­ға қайта тәуел­ді­лік­ке мәж­бүр­леу еді. Жағ­дайды ши­еле­ніс­ті­ре түс­кен Мәс­кеу­дің Ал­тын Ор­да­ға қар­сы Лит­ва­мен одақ құ­ру­ды көз­деп жат­қан­ды­ғы ту­ра­лы өсек-аяң­ның өр­біп ке­туі бол­ды.              

Орыс та­рих­шы­сы Н.М.Ка­рам­зин Тоқ­та­мыс­тың ке­ле жат­қа­ны ту­ра­лы ха­бар­дан қат­ты абыр­жы­ған орыс ба­ты­ры Дмит­рий Донс­кой­дың ал­ды-ар­ты­на қа­рауға ша­ма­сы да кел­мес­тен Кост­ро­ма­ға қа­шып кет­ке­нін жа­за­ды. Сар­баз­да­ры Кү­лік да­ла­сын­да қы­ры­лып қал­ған оның, бұл тұс­та Тоқ­та­мыс­қа қар­сы тұ­рар қауқа­ры да жоқ еді. Ал­тын Ор­да­ның қа­лың қо­лы Мәс­кеу ір­ге­сі­не 1382 жыл­дың 23 та­мы­зын­да ке­ліп тоқ­та­ды. Мәс­кеу­лік­тер­дің жан­та­ла­са қор­ға­ну­ла­ры үш күн­ге со­зыл­ды. Екі жақ­тан да көп адам шы­ғын бол­ды. Тү­бі же­ңі­ле­тін­де­рін тү­сін­ген мәс­кеу­лік­тер под­вал­да­ғы ша­рап бөш­ке­ле­рін та­ла­са ішіп, мас­тық­пен үрей­ле­рін бас­пақ бол­ды. Мас­тар қа­мал­дың биігі­не шы­ғып алып, Тоқ­та­мыс­қа шал­бар­ла­рын ше­шіп, жа­ла­ңаш құй­рық­та­рын көр­се­тіп, хан­ның на­мы­сы­на ти­ді. Сон­дықтан да, ашу бу­ған ол, 26 та­мыз­да Мәс­кеуге ба­сып кір­ген бет­те ха­лық­ты кө­ше­ге ай­дап шы­ғып, ше­ті­нен бауыз­да­ды. Осы­лай­ша, 24 000 адам бір сәт­те қы­ры­лып қал­ды. Ни­кон жыл­на­ма­сы «кө­ше­лер­мен адам қа­ны Мәс­кеу өзе­ні құ­сап ақ­қа­нын» жа­за­ды. Мәс­кеу­дің өр­тен­ген қаң­қа­сы­на қайт­ып кел­ген Дмит­рий Донс­кой қа­ла­да тек Крем­ль мен мұ­на­ра­лар­дың ға­на аман қал­ға­нын кө­ріп тіл-ауыз­дан ай­рыл­ды. Тоқ­та­мыс Мәс­кеуді жер­мен-жек­сен ету­мен шек­тел­мей, орыс­тың бас­қа да қа­ла­ла­рын қайта жаула­ды. Дмит­рий Донс­кой осы­дан соң, Ал­тын Ор­да­ға өзі­нің ба­ғы­на­ты­нын то­лық мой­ын­дап, ба­ла­сы Ва­си­лий­ді көп­те­ген қым­бат сый­лық­тар­мен Са­рай­ға жі­бер­ді жә­не оны өзі­нің ор­ны­на Вла­ди­мир­ге жә­не Нов­го­род­қа ұлы князь етіп та­ғай­ын­дауды өтін­ді. Әмір Те­мір­ден қат­ты қауіп­те­ніп отыр­ған Тоқ­та­мыс өзі­нің ты­лын­да­ғы орыс­тар­ды жауға ай­нал­дыр­мау үшін амал­сыз­дан бұл та­лап­ты қа­на­ғат­тан­ды­ру­ға мәж­бүр бол­ды.

 Мұн­дай же­ңіс­тер Тоқ­та­мыс­ты жі­гер­лен­ді­ре түс­ті. Ен­ді ол Ал­тын Ор­да­ның Өз­бек хан би­ле­ген тұс­та­ғы ай­мақ­та­рын қал­пы­на кел­ті­ру­ді көз­де­ді. Осы мақ­сат­пен ол, Әмір Те­мір ұлы­сы­мен ше­ка­ра­лас ай­мақ Хо­ре­зм­ге екі рет, ал­ғаш 1383 жы­лы, онан соң 1388 жы­лы ба­сып кір­ді. Ол со­ны­мен қа­тар, Кав­каз­да да Те­мір жаула­ған көр­ші ай­мақ­тар­ға ба­са көк­теп кір­ді жә­не мұн­да да Әзер­бай­жан­ға екі рет жо­рық жа­сап, Әмір Те­мір­дің ба­ла­сы Ми­ран­шах­тан же­ңіл­ген соң ға­на кейін ше­гін­ді. Қа­лай бол­ған­да да, ол өзі­не дейін орын ал­ған Шың­ғыс тұ­қым­да­ры ара­сын­да­ғы 25 жыл­ға со­зыл­ған тақ­қа та­лас­қан кү­рес­тер­ді тоқ­та­тып, бі­раз уа­қыт Көк Ор­да­ның, Хо­ре­зм­нің, Қа­жы Шер­кес­тің, Аст­ра­хан­ның жә­не Ма­май ор­да­сы­ның Ал­тын Ор­да­дан қол үзу­ді көз­де­ген бөл­шек­те­ну пи­ғыл­да­рын іс­ке асырт­пай тас­та­ды.

 Тоқ­та­мыс со­ны­мен қа­тар, сырт­қы бай­ла­ныс­тар­ға да кө­ңіл бө­ліп, Мы­сыр елі­мен ара­да­ғы дәс­түр­лі бай­ла­ныс­тар­ды қал­пы­на кел­тір­ді. Осы­лай­ша, 1393 жы­лы ол Еги­пет сұл­та­ны Бар­құқ­қа ел­ші­лік ат­тан­ды­рып, оны Әмір Те­мір­ге қар­сы бі­рі­гіп кү­ре­су­ге көн­дір­ді. Алай­да, 1391 жы­лы Еділ­ге құя­тын Қон­дыр­ша айма­ғын­да екі жақ­тан бір мил­лион­ға жуық адам қа­тыс­қан ұлы шай­қас­та Тоқ­та­мыс­тың Әмір Те­мір­ден же­ңі­ліс та­буы мұн­дай бай­ла­ныс­тың өр­би тү­суіне ке­дер­гі бол­ды. Әмір Те­мір Тоқ­та­мыс­тың өзі­нің ық­па­лы­нан шы­ғып ке­тіп, Ал­тын Ор­да­ны жә­не оның шы­ғыс бө­лі­гі бо­лып та­бы­ла­тын Ақ Ор­да­ны тұ­тас­тай тәуел­сіз би­леуші­ге ай­нал­ға­нын ке­ші­ре ал­ма­ды. Оның үс­ті­не Тоқ­та­мыс Қып­шақ да­ла­сын­да да үл­кен бе­дел­ді тұл­ға­ға айна­лып, бо­ла­шақ Алаш қауым­дас­ты­ғын қа­лып­тас­ты­ру­да ше­шу­ші рөл ат­қар­ған Ал­шын­дар­дың, Най­ман­дар­дың, Ар­ғын­дар­дың, Қо­ңы­рат­тар­дың се­ні­мі­не ие бол­ды. Оны Хо­ре­зм­ге қар­сы жо­рық­та Ка­мар-ад-дин әмір бас­қар­ған Ду­лат ру­ла­ры ашық­тан-ашық қол­дай бас­та­ды. Ал­ғаш Әмір Те­мір­дің жа­ғын­да бол­ған Жа­лай­ыр­лар да, жал­пы Хо­резм айма­ғы ен­ді Тоқ­та­мыс­тың жа­ғы­на шы­ғу­ды жөн көр­ді.

­Тоқ­та­мыс­тың Қып­шақ да­ла­сын­да­ғы ық­па­лын әл­сі­ре­ту үшін Әмір Те­мір­дің әс­кер­ле­рі ал­ғаш Ал­тын Ор­да­ның шы­ғыс­та­ғы ұлы­сы Ақ Ор­да­ның айма­ғын көк­теп өтіп, Көк Ор­да­ға ен­те­лей ба­сып кір­ді. Бұл Но­ғай­лар­дың, Алан­дар­дың, Шер­кес­тер­дің, Бұл­ғар­лар­дың жә­не Орыс­тар­дың ота­ны еді. Осы ха­лық­тар­дан құ­рал­ған жа­сақ­тар Тоқ­та­мыс­ты қол­дап, Әмір Те­мір­ге қар­сы кү­рес­ке шық­ты. Алай­да, эт­ни­ка­лық тұр­ғы­дан әр­түр­лі жә­не Ал­тын Ор­да хан­да­ры­ның тақ­қа та­лас­қан үз­дік­сіз со­ғыс­та­ры­нан әб­ден зә­ре­зап бол­ған, оның үс­ті­не тер­ри­то­риялық тұр­ғы­дан өза­ра ба­қас­тық­та­ры өр­ші­ген бұл қа­лың қол, Әмір Те­мір­дің ты­ғыз топ­тас­қан жә­не со­ғыс­ты тұ­рақ­ты күн­кө­ріс кө­зі­не ай­нал­дыр­ған үйре­тіл­ген әс­ке­рі­нен әл­де­қай­да әл­сіз еді. Сон­дық­тан да, са­ны жа­ғы­нан ба­сым Тоқ­та­мыс­тың қа­лың қо­лы жақ­сы үйре­тіл­ген Әмір Те­мір жа­са­ғы­нан ал­ғаш жо­ға­ры­да атап кет­ке­ні­міз­дей, Еділ­ге жа­қын Қон­дыр­ша айма­ғын­да 1391 жы­лы мау­сым­да же­ңіл­се, онан соң 1395 жы­лы сәуір­де Кав­каз­да­ғы Те­рек өзе­ні бой­ын­да та­ғы да оң­бай же­ңіл­ді. Ен­ді Әмір Те­мір Ал­тын Ор­да­ға ойына кел­ге­нін іс­те­ді. Са­рай­ды өр­теп, Қып­шақ да­ла­сын та­лан-та­раж­ға сал­ды. Зор­лық-зом­бы­лық­тан әб­ден ме­зі бол­ған Ал­тын Ор­да ен­ді Құй­ыр­шық хан, Те­мір Құт­лық бас­қа­ра­тын ор­да­лар­ға бө­лі­ніп, одан Маң­ғыт жұр­ты бө­лі­ніп шық­ты. Көп ке­шік­пей-ақ, Қы­рым хан­ды­ғы да Ал­тын Ор­да­дан дер­бес­те­ніп, же­ке отау тік­ті. 1399 жыл­дан бас­тап, Әмір маң­ғыт Еді­ге­ден қол­дау тап­қан жә­не Құй­ыр­шық хан­ның ор­ны­на Ал­тын Ор­да та­ғы­на отыр­ған Те­мір Құт­лық Әмір Те­мір­дің қол­дауы­мен Тоқ­та­мыс­ты бір­жо­ла­та күй­ре­ту­ге кі­ріс­ті.

 1398 жы­лы 12 та­мыз­да Ворс­кла өзе­ні­нің жа­ға­сын­да Тоқ­та­мыс өзі­нің одақ­та­сы Лит­ва­ның ұлы кня­зі Ви­то­вт­пен бір­ге Әмір Те­мір­ден кө­мек ал­ған Ал­тын Ор­да ха­ны Те­мір Құт­лық­тан жә­не оның әмі­рі Еді­ге­ден қи­рай, қайт­ып бас кө­те­ре ал­мас­тай же­ңіл­ді. Оның Сі­бір­ге қа­шып, он­да өзі­нің же­ке хан­ды­ғын құр­мақ бол­ған әре­ке­тін, со­ңы­на шам алып түс­кен Еді­ге бол­дыр­май тас­та­ды жә­не ол қу­да­лауды тоқ­тат­пай, ақы­ры Тоқ­та­мыс­ты өл­ті­ріп тын­ды. Ен­ді тақ­қа Ұрыс хан­ның ұлы Құй­ыр­шық (1395-1399) оты­рып, онан соң Те­мір Құт­лық (1399-1400), Шә­ді­бек(1400-1408), Бо­лат сұл­тан (1408-1410), Те­мір хан (1410-1412) тақ­ты ием­ден­ді. Бұ­лар­дың бә­рі Тоқ­та­мыс­тың ата жауына ай­нал­ған әйгі­лі Ұрыс хан­ның ұр­пақ­та­ры мен мұ­ра­гер­ле­рі еді.

Алай­да, Тоқ­та­мыс­тың ба­ла­ла­ры мен не­ме­ре­ле­рі ыды­рауға бет ал­ған Ал­тын Ор­да­ның та­ғын өз­де­рі­не та­ғы да қайтарып ала ал­ды. Тоқ­та­мыс­тың се­гіз ұлы­ның ара­сын­да Жә­лел ад-Дин, Ке­рім­бер­ді, Ке­бек хан, Жа­пар­бер­ді, Кә­дір­бер­ді тә­різ­ді ұл­да­ры қыс­қа мер­зім­ге бол­са да Са­рай­да­ғы тақ­қа оты­рып, хан атан­ды. Бі­рақ олар­дан Ұрыс хан­ның Құй­ыр­шық­тан ту­ған не­ме­ре­сі Ба­рақ 1423 жы­лы Ал­тын Ор­да та­ғын қайта тар­тып ал­ды. Ал 1430 жы­лы Ұрыс хан тұ­қы­мы­нан Ал­тын Ор­да та­ғы Тоқ­та­мыс­тың Кә­рім­бер­ді­ден ту­ған не­ме­ре­сі Сейіт Ах­мед­тің қо­лы­на көш­ті. Осы­лай­ша екі әу­лет ара­сын­да­ғы тақ тар­ты­сы Ал­тын Ор­да­ны онан ары әл­сі­ре­те түс­ті.

 Ақы­рын­да,1431 жы­лы Ал­тын Ор­да ха­ны Кі­ші Мұ­хам­мед өл­ген соң, оның ба­ла­ла­ры Ал­тын Ор­да­ны әр­түр­лі ұлыс­тар­ға бөл­шек­теп, ием­де­ну­ге көш­ті. Ен­ді атақ­ты Ал­тын Ор­да­ның ор­нын­да Үл­кен Ор­да, Қа­зан хан­ды­ғы, Қы­рым хан­ды­ғы деп ата­ла­тын жа­ңа мем­ле­кет­тер пай­да бол­ды. Мұн­дай бө­лі­ніс эт­ни­ка­лық тұр­ғы­дан жа­ңа жік­те­лу­лер­ге жол аш­ты. Ен­ді өз­де­рін «өз­бек­тер­міз» деп атайт­ын­дар та­тар­лар­ға, маң­ғыт­тар­ға жә­не көш­пе­лі өз­бек­тер­ге жік­те­ле бас­та­ды. ХV ға­сыр­дың со­ңы­на қа­рай мұн­дай жік­те­ліс те­рең­дей тү­сіп, та­тар­лар­дың өзі Қы­рым, Аст­ра­хан жә­не Қа­зан та­тар­ла­ры­на бөл­шек­тен­се, ал көш­пе­лі өз­бек­тер но­ғай­лар­ға (маң­ғыт­тар­ға) жә­не қа­зақ­тар­ға бө­лі­ніп кет­ті. Ал­тын Ор­да­ның мұ­ра­ге­рі бо­лып есеп­тел­ген Еділ­дің жо­ғар­ғы жа­ғын­да­ғы Үл­кен Ор­да 1481 жы­лы Кі­ші Мұ­хам­мед­тің ұлы Ах­мет хан қайт­ыс бол­ған соң Аст­ра­хан хан­ды­ғы деп атал­ды. Осы­лай­ша, аты аңыз­ға ай­нал­ған Ал­тын Ор­да адам­зат та­ри­хы­ның ман­сап­қор­лық­ты аң­са­ған той­ым­сыз пи­ғы­лы­ның ке­зек­ті құр­бан­ды­ғы­на ай­нал­ды.

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 

325 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *