• Ел мұраты
  • 29 Желтоқсан, 2020

ПРЕЗИДЕНТТІК БАСҚАРУ НЫСАНЫ – ТҰРАҚТЫ ДАМУЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ

Бауыржан ШЕРИЯЗДАНОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

Жаһандық коронавирустық пандемия көптеген елдердің саяси институттары үшін үлкен күш сынағына айналды. Осыған орай әлемдік деңгейде ғылыми-сарапшылық қоғамдастықта саяси құрылымның неғұрлым оңтайлы модельдері қызу талқылануда және мемлекеттің рөлі белсенді түрде қайта қаралуда [1]. Мұндай жағдайда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мемлекеттік мерекесі қарсаңында Қазақстандағы президенттік институтқа, оның мемлекеттің қалыптасуындағы рөліне және даму сын-қатерлерін шешуге шынайы баға беру аса маңызды.

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстанда алғаш рет президенттік институт құрылды. Сол кезде өткен Жоғарғы Кеңестің отырысында Н.Ә.Назарбаев Қазақ КСР Президенті болып сайланды. Бұл айтулы оқиғалар Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігін нығайтуда, сондай-ақ еліміздің табысты дамуында шешуші рөл атқарған президенттік институттың қалыптасуына негіз болды.Президент институты Қазақстан Республикасында жалпы саяси-құқықтық дәстүрлер мен тарихи мұра негізінде пайда болды. 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, республиканың мемлекеттік құрылысының негізгі принциптерін бекітті. 1995 жылғы Конституция Президентті мемлекеттік билік органдары жүйесінде бірінші орынға қойды. Бұл – республикада президенттік басқару нысанын құру туралы Конституциялық ережені бекітті.

Қолданыстағы Конституцияға сәйкес Қазақстанда биліктің тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып, оны заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу принципімен біртұтастыққа негізделген президенттік басқару нысаны бекітілді. Мемлекеттік басқару тетігі механизмі қабілетті және тұрақты түрде дамыды [2]. Президенттік басқару нысаны Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі нығайту бойынша дәуірлік қайта құруды жүргізуде бастамашылық етуші және біріктіруші рөлін жүзеге асырды [3].

Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесінің негізгі сипаттамасы Конституцияның 40-бабы болып табылады, яғни ол Президенттің мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын айқындайды. Көрсетілген бапқа сәйкес Президент Мемлекет басшысы болып табылады. Президент атынан ел ішінде де, халықаралық қатынастарда да мемлекеттің өкілдігі дербестендіріледі. Сонымен қатар, Президент мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы болып танылады. Заң шығарушының пікірінше, оның мұндай сипаты биліктің бірде-бір тармағына жатпайтынын және Қазақстанның мемлекеттік билік органдары жүйесінде ерекше орын алатынын білдіреді. Президенттің айрықша жағдайын мойындауды негізге ала отырып, Конституция Қазақстан Президенті мемлекеттік биліктің барлық жүйесінің келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді деп бекітеді. Бұл жерде президенттік институттың қазақстандық моделі Француз моделіне ұқсас: Мемлекет басшысы арбитраждық функцияны және олардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру функциясын орындай отырып, биліктің барлық тармағының үстінде тұр.

Қазақстанда президенттік институттың құрылуы еліміздегі терең дағдарыс жағ­дайында өтті. Ұлы держава құлағаннан кейін, Совет одағын хаос қамтыған кезеңінде шұғыл түрде жаңа тәуелсіз мемлекет құру қажеттігі туындады. Бұрынғы экономикалық байланыстардың үзінділерінен жеке ұлттық экономикаларды, өзіндік зияткерлік, рухани атмосфераны құру кажеттілігі айкындалды.

Тарих барысы көрсеткендей, Кеңес Одағында және социалистік жүйе елдерінде жұмыс істеген мемлекеттік биліктің партиялық-мемлекеттік жұмыс істеу тетігі әлеуметтік даму жолында тежегіш бола отырып, экономикалық, әлеуметтік және саяси міндеттерді шешуде өзінің дәрменсіздігін көрсетті. Сонымен, 1990 жылдардың басында компартияның республика өміріндегі көшбасшылық рөлінің жоғалуына байланысты биліктің вакуумы пайда болды. Кеңестік әкімшілік-командалық жүйенің рудименттерін сақтаған бұрынғы билік институттары мен құрылымдары әлеуметтік құрылымның жаңа түрінің талаптарына сәйкес келмеді. Өкілетті, атқарушы және заң шығарушы билік функцияларын біріктіретін Жоғарғы Кеңес бастаған халық депутаттары Кең­ес­терінің толыққанды басшылықты қамтамасыз ету әрекеттері сәтсіз болды. Тез әрі тиімді шешуді талап ететін пісіп-жетілген проблемалардың кең ауқымы салдарынан әлеуметтік шиеленістің өсуі сол жылдардың шындығына айналды.

Басқарудың ескі моделінің кемшіліктері – бюрократизм, мәселелердің баяу шешілуі, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігінің жоқты­ғын айқын көрсетті. Кейіннен құқықтық және саяси сипаттағы себептердің кеше­ні барлық деңгейде өкілетті кеңестік жүйенің жойылуына әкелді. Алайда, бұл республикадағы демократияның өкілетті формасынан бас тартуды білдірмейді. Содан кейін жергілікті өкілетті органдар мен қос палаталы Парламент құрылды. Осы кезеңде Қазақстан Президентінің қызметі бұрынғыдан да қызу әрі мазмұнды болды. Жоғарғы кеңестің өкілеттігі тоқтатылып, Президентке заң шығарушы органның кейбір өкілеттіктері берілгеннен кейін Мемлекет басшысы Парламент болмаған кезде өзіне жауапкершіліктің бүкіл ауыртпалығын батыл әрі жедел қабылдады. Кейінірек Елбасы атап өткендей: «Осы кезеңде мемлекет өмірінің барлық негізгі бағыттары бойынша заң күші бар Президенттің 140-қа жуық Жарлығы шығарылды, олар елге реформалардың қарқынын, ең алдымен экономикалық реформаларды жеделдетуге және даму бағытын нақты анықтауға көмектесті. Сол кезде Президенттің «Жер туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Мұнай туралы», «Шетелдік инвестициялар туралы» және басқа да Жарлықтары шығарылды. Өз идеологиясы бойынша нарықтық заңдардың бұл блогы экономиканы реформалауды едәуір жеделдетуге мүмкіндік берді». Сондай-ақ, мемлекеттік құрылыс мәселелеріне арналған заңдар қабылданды, бұл президенттік басқару жүйесінің қалыптасуында маңызды шаралар болды.

Осылайша, посткеңестік кезеңдегі прези­денттік институт объективті жағдай­ларға және жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуына байланысты жетекші саяси субъект және институт болып калыптасты.

Ел Конституциясын қабылдау, ұлттық валютаны енгізу, мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау, қос палаталы парламент құру бүкіл мемлекеттің үдемелі және тұрақты дамуының берік іргетасын қалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында президенттік басқару нысаны Қазақстанның демократиялық қайта құрулар мен нарықтық экономикаға көшуінің инсти­туционалдық ландшафтын айқындады [4].

Басқарудың қандай да бір формасының, әсіресе президенттік форманың тиімділігі халық сайлайтын бірінші тұлғалардың басқарушылық және көшбасшылық қасиеттеріне, сондай-ақ олардың патрио­тизміне, халық алдындағы парызы мен жауапкершілік сезіміне байланысты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев, белгілі ғалым, профессор М.Қасымбековтың анықтамасы бойынша «нақты мемлекеттің экономикалық және қоғамдық даму шарттарына жауап беретін басқарудың оңтайлы нысанын» табу жолымен жүрді [5].

Тарих біз үшін Шарль де Голльдің «Талант – жауапкершіліктің синонимі» деген сөзін сақтап қалды. Қазақстандықтардың жолы болды: біздің Отанымыз үшін қиын кезеңде миллиондаған қазақстандықтардың тағдыры үшін жауапкершіліктің ауыр ауыртпалығын өз мойнына алған Қазақстанның Тұңғыш Президенті осындай дарынға толық көлемде ие. 1990 жылғы 24 сәуірде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Президенттің қызметі – бұл шын мәнінде бүкіл халықтың мүдделерін шоғырландыратын іс. Ал халықтың жасампаз жұмысы – тиімді президенттік билік негіздерінің негізі» [5].

КСРО мұрасы және өткен ғасырдың 90-жылдарының басындағы жағдайдың барлық алаңдаушылығын Н.Назарбаевтың «Без правых и левых» кітабында нақты сипатталған: «...эко­номикалық және әлеуметтік хаостың күшеюін тудыратын кез-келген әрекет ертең бәрін жойып тастайтын дауылға әкеледі. Бұған тек бір ғана саясат – ақыл-ой саясаты жол бермейді». Елбасының таңдап алған саясатының нәтижелері де бірегей. Біріншіден, бұл Хельсинки актісі контексінде аумақтың бүкіл периметрі бойынша Мемлекеттік шекара мәселелерін құқықтық реттеу. Ұлыбританияның танымал жазушысы Джонатан Айткен бұл жұмыстың нәтижелері туралы өзінің кітабында былай деп жазады: «Борис Ельцинмен жеке қарым-қатынастағы дипломатияның фантастикалық маневрлерінен кейін Ресеймен шекаралас мәселелерді шешуді қамтамасыз етті. Назарбаев ҚХР төрағасы Цзянь Цзе Миньді таң қалдырған жеке дипломатияның арқасында екі ел екіжақты шекара туралы тарихи келісімге қол қойды және ратификациялады».

Басты игілік – елде бейбітшілік пен келісімді қалыптастыруды; елеулі инвестициялар тартқан үдемелі реформа­лардың заңнамалық базасын құруды; орнықты демократиялық саяси жүйені қалыптастыруды да атап өткен жөн. Ол «Тарих толқынында» кітабында атап өткен ұтымдылық негізінде: «...Әрине, демократия мен саяси бостандықтың барлығын қана­ғаттандыратын дәрежесі жоқ. Біз либералды үлгілерді мәжбүрлеп көшіруге бармадық, демократияның әрбір жаңа өскіні үшін жерді мұқият дайындадық»[5].

Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев былай деп еске алады: «Біз, қазақстандықтар үшін, бұл біздің жаңа тәуелсіз мемлекетімізді құру фактісі, Республиканың қолданыстағы Конституциясы, жаңа әлемдік және өңірлік орталыққа айналған Астананы көшіру. Бұл саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың тұтас жүйесі, олардың көпшілігі уақыттан озады. Бұл бізді келешектегі қиындықтармен күресуге, алға жылжуға, жаңа заманға өтуге дайындаған «Назарбаев дәуірі» деп айтуға болады. Еліміздің Тұңғыш Президенті және Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев көтеріп келе жатқан батылдық пен жауапкершіліктің ауыртпалығын өз мойнына ала білу ғана қажет» деп қорытындылады спикер [6]. Президенттік басқару, әсіресе жаһандық, дәуірлік реформалар, жағдай тұрақтылықпен ерекшеленбейтін басқа қоғамдық форма­цияға көшу кезеңінде, сондай-ақ кең аумағы бар елдерде және көпұлтты, көп конфессионалды мемлекеттерде тиімді.

Бүгінде Елбасы мен қазіргі Мемлекет басшысының өзара іс-қимылы жоғары саяси мәдениеттің көрсеткіші болып табылады. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев магистралдық бағдар ретінде өзінің сыртқы саяси стратегияны ұстанудағы және елімізді одан әрі жаңғыртуға арналған Елбасы белгілеген мақсаттар мен міндеттерді іске асырудағы принципті ұстанымын атап өтті.

Қазақстанда одан әрі орнықты және неғұрлым жоғары даму деңгейі жағдайында қоғамдық бақылауды кеңейту, тыныс-тіршіліктің барлық мәселелерінде  халықпен өзара іс-қимыл жасау, оларды елді басқаруға тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша азаматтық қоғамды дамыту талап етіледі. Өзара қарым-қатынастарындағы мемлекет және қоғам қарым-қатынасы тығыз болу керектігін өмір көрсетуде. Жаңа кезеңде президенттік басқару нысаны қоғамның идеяларын, бастамаларын қабылдау үшін, азаматтық қоғамның барлық сындарлы күштерін және мүмкін әлеуметтік энергияны ортақ іске біріктіру үшін ашық болуы керек. Зерттеуші С.Ударцевтің айтуы бойынша, өзгеріп отырған жағдайларда басқарудың президенттік нысаны басқару тетігінің қандай да бір институционалдық және функционалдық элементтерін нығайту, қатайту немесе әлсірету қажеттігіне мұқият ден қоюға тиіс. «Қазақстанның екінші және кейінгі президенттерінің бұдан да маңызды міндеттері болады деп нақты айтуға болады. Мемлекетті сақтау, нығайту және дамыту, қоғамның тұрақты дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ету, дағдарыс кезеңдерінен сәтті өту – одан да қиын болуы мүмкін. Әлсіз және осал мемлекет бұрын қол жеткізген табыстарды сақтап, нығайта алмайды, сондай-ақ ел алдында тұрған жаңа міндеттерді шеше алмайды. Қазіргі тарихи жағдай Мемлекет басшысының билігін нығайтуды және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылдың қосымша арналарын құру, мемлекеттік басқарудың нысандары мен әдістерін жетілдіру және ақпараттық-техникалық нысандарды қайта құру, дәстүрлі басқару органдарының (оның ішінде квазимемлекеттік) бір бөлігін тарату мен біріктіру, сондай-ақ өңірлердің пропорционалды дамуын іске асыруды талап етеді» деп жазды С.Ударцев [7].

Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында әлемдік нарықтың мүлдем жаңа конъюнктурасына дайын болу керектігімізді, біз үшін шын мәнінде әртараптандырылған, технологиялық экономиканы құру тек қажеттілік қана емес, бұл жол енді баламасыз екенін тілге тиек етті.

ХХІ ғасырдағы мемлекет эволю­циясының стратегиялық үрдістерінің бірі – күшті, жоғары технологиялық, құқықтық мемлекетті қалыптастыру болып табылады. Қазіргі Қазақстан үшін бұл факторлардың үш тарихи топтамасына негізделген: біріншіден, экономика құрылымын өзгерту және оның негізінен шикізаттық құрылымнан алшақтауы, ғылым мен техниканың, жоғары және жасыл технологиялардың жедел дамуы, әлеуметтік саланы, әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау деңгейін көтеру, нәтижесінде – ХХІ ғасырдың ортасына қарай неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына кіру; екіншіден, бұл Қазақстандағы билік пен ұрпақтың ауысу процесімен және бағыттың барлық сабақтастығы кезінде мемлекеттік басқару тетігінің кейбір элементтерін түзетудің керек екендігі негізделеді; үшіншіден, жаһандық пандемиямен, оған байланысты жаһандық экономикалық дағдарыспен және мұнай бағасының күрт төмендеуімен байланысты, мұның өзі Ұлттық, сондай-ақ өңірлік және жаһандық деңгейлерде даму стратегиясын, сондай-ақ құқықтық, ақпараттық, қаржылық, салықтық, экономикалық және әлеуметтік саясатты нақтылауға алып келеді.

«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына өзінің 02. 09. 2019 жылғы Жолдауында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қою мемлекеттік органдар қызметінің басты басымдықтары болып табылады» деп атап өтті. Өткен жылы азаматтық қоғаммен қоғамдық диалог орнату үшін Мемлекет басшысы қоғам өмірінің аса маңызды мәселелерін тұрақты түрде қарайтын қоғамдық кеңес құрды.

Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі­нің тұғырнамасында сөз сөйлеп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, адамдардың құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, экологияны қорғау белгісімен өтуі тиіс екенін қадап айтты. «Қазір осы маңызды тарихи күнге орай көптеген мерекелер өтетін уақыт емес. Істі ұзақ жәшікке салмай, біз қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуге міндеттіміз» деп қорытындылаған еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұзақ уақыт бойы ғылыми зиялы қауым өкілдері, ТМД елдерінің сарапшылары белгілі бір әлеуметтік-саяси және экономикалық құбылыстарды талдай отырып, өтпелі кезеңнің ерекшеліктеріне тоқталды.

Коронавирус және терең әлемдік эконо­микалық дағдарыс елдердің қоғамдық қатынастардың жаңа кезеңіне жаһандық көшуін ресми түрде рәсімдеді. Осылайша, біз өтпелі кезеңді тағы да бастан өткерудеміз. Әлемдік тәжірибе, сондай-ақ әлем елде­рінің саяси тарихы жаңа формацияның қалыптасуы кезеңінде күшті президенттік биліктің маңыздылығын айқын дәлелдейді. Бұл өтпелі кезеңдегі қиындықтарды жеңу үшін қоғамды да, қолда бар ресурстарды да тиімді жұмылдыруға мүмкіндік беретін президенттік басқару нысаны екенін бүгінгі уақыт дәлелдеп отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қ.Жұмабаев. Қазақстандағы Президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Президенттік басқару формасы конституциялық негіз және саяси тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция материалдары, 9 бет; Нұр-Сұлтан – 2020 ж.
2. Қ.Мәми. Қазақстандағы Президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Президенттік басқару формасы конституциялық негіз және саяси тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция материалдары, бет 12; Нұр-Сұлтан - 2020ж.
3.В.Малиновский. Қазақстандағы Президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Президенттік басқару формасы конституциялық негіз және саяси тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция материалдары 42-44 бет; Нұрсұлтан - 2020ж.
4.Б.Аяған. Қазақстандағы Президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Президенттік басқару формасы конституциялық негіз және саяси тәжірибе» атты Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция материалдары, 30 бет; Нұр-Сұлтан-2020ж.
5. А. Рахымжанов; Қазақстандағы Президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Президенттік басқару формасы конституциялық негіз және саяси тәжірибе» атты Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция материалдары, 32-33 бет; Нұр-Сұлтан - 2020ж.
6.«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаевтың сұхбаты Электрондық ресурс: https://www.inform.kz/ru/kak-sozdavalsya-institut-prezidentstva-v-kazahstane-rasskazal-nurtay-abykaev_a3642467 (өтініш берген күні 13.11.2020)
7.С.Ударцев. Қазақстандағы Президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Президенттік басқару формасы конституциялық негіз және саяси тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция материалдары, 50-51 бет; Нұр-Сұлтан - 2020ж.

1220 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз