• Ел мұраты
  • 29 Желтоқсан, 2020

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ҰЛТ

Өткен күннің бәрі тарих десек те, соның ішінде еліміз үшін елеулі, мемлекетіміз үшін айшықты, бедерлі күндер болады және олар уақыт өткен сайын қадірленіп, мазмұндана береді. Сондай қасиетті күннің бірі де, бірегейі 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсап күткен Тәуелсіздік ұғымы әр қазақтың жүрегінде, көңілінің төрінде мәңгілік маздап, санасына шуағын шашып тұратын қасиетті ұғым. Тәуелсіздік жайында көп айтып, толғануға болады. Ең бастысы Тәуелсіздігіміз арқылы біз жаңа биіктерге құлаш ұрдық. Азаттық таңы атқан сәттен бастап өзіміздің дербес ел екенімізді жан-жүрегімізбен сезініп, келешекке тәуелсіз мемлекет ретінде жоспар құрып, бағытымызды айқындадық. Тәуелсіздік арқылы әлемдегі өзге елдермен тереземізді тең етуге мүмкіндік алдық.
Дүниежүзіне қазақ дейтін ұлттың тәуелсіз мемлекеті барын жариялауға, жариялап қана қоймай, жаһандық мәселелерге үн қосуға, көптеген жаңа идеяларға бастамашы болуға мүмкіндік алдық. Сонымен ұлтымыздың өмір жолында тәуелсіздік мұраттарымен астасқан қауырт шақ басталды. Жаңа заманның жаңа лебін сездік. Азаттық дегеніміз тарих алдындағы үлкен жауапкершілік. Біз ұлт ретінде сол жауапкершілікті жақсы сезіне білдік. Себебі тәуелсіздік бізге әлдебіреулер айтып жүргендей оңай келе салған жоқ. Кешегі байтақ тарихымызға қарайтын болсақ, тәуелсіздік үшін қаншама күрестер болды. Тәуелсіздік алдындағы азаттық үшін болған үлкен күрестің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы еді.
1986 жылдағы Желтоқсан – дербестікке, азаттыққа ұмтылған қазақ рухының көрінісі. Желтоқсан оқиғасын тілге тиек етпей, Тәуелсіздік жайында әңгіме қозғаудың өзі мүмкін емес. 16 желтоқсан күнінің әр қазақ үшін қастерлі болатын себебі де осында. Елдік намыс пен рухты ту етіп көтеріп, тоталитарлық режімге қарсы тұрған қазақ жастарының батырлығы, қаһармандығы әлемге үлгі болды. Бұл ірі оқиға арманға айналған азаттығымыздың сәтін жақындата түсті. Осылайша, 1991 жылы Тәуелсіздігімізді алдық. Келесі жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Әрине, 30 жыл тарих үшін қас-қағым сәт тәрізді. Алайда қазақ үшін, қазақтың мемлекеті үшін 30 жыл дербес мемлекетімізді орнықтыруға, бәсекеге қабілетті етуге, тығырықтан шығар жаңа жол іздеуімізге, қоғамдық қарым-қатынастарды өзгертуге, ескіліктен арылуға, жаңашылдыққа бағыт алуға негізделді. Иә, талай қиыншылықтар, әртүрлі қарама-қайшылықтар орын алып жатты. Мұның барлығы ел болып есеюіміздің, мемлекет болып тұғырлануымыздың жолындағы талпыныстар мен қадамдардың көрінісі еді. Елбасы айтқандай, осы жылдардағы еңбегіміздің ең басты қорытындысы – ел болғанымыз. Ел бола алғанымыз. «Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да, аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймаған, мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық» деді Елбасы.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қалыптастыру, әлемге таныту жолында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен екені белгілі. Бұл ретте 1 желтоқсанның – Тұңғыш Президент күні болып белгіленуі де Елбасының қажырлы еңбегіне деген лайықты құрмет деп білеміз. Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қайраткерлігіне, көшбасшылығына, жаһандық бастамаларына, Президенттік билікті тапсырудың өркениетті үлгісіне әлем саясаткерлері өз бағаларын берді. Ұлт көшбасшысы қалыптастырған сара жолды бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лайықты жалғастырып, сабақтастық дәстүрлерді сақтай білді.
Осы жылдар ішіндегі қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап қалу үшін Тәуелсіздігімізбен бірге келген ұлттық құндылықтарымызды ары қарай да өркендетіп, дамыта беруіміз қажет. Тәуелсіздік күні, Тұңғыш Президент күні құтты болсын! Көк туымыз биіктерде желбіреп, мемлекетіміздің іргетасы нығая берсін!

Асыл МҰРАТ

1378 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз