• Еркін ой мінбері
  • 04 Ақпан, 2021

БАҒЗЫДАН ТАРТҚАН ТАМЫРЫН

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
гуманитарлық ғылымдарының магистрі
 

Ұлтты ұлт қылатын өнері десек, Бесқала атты ежелден қазақ халқы жайлаған қасиетті мекенде дауылдаған қазақ жыры мен шалқыған әнінің, күмбірлеген күйінің үні бір тынған емес. Атадан балаға жалғасып келе жатқан бұл өнер түп-негізін сақтап қана қоймай, үнемі дамып, жетілудің үстінде болды, қазір де тоқтаған жоқ.

ХХ ғасырда Бесқала өңірінде жыраулық, әншілік, күйшілікпен бір қатарда ақын-жазушылар да ұлтымыз мәдениетіне лайықты үлес қосты деп ойлаймыз. Алайда, кеңестік кезеңде өз баспасөзі болмаған бұл өлке қазақтарынан шыққан біраз қаламгерлер өзге тілде қалам тербеп, кітаптарын сол тілде шығарса, кейбірі қаламгерлік жолын жалғастыру үшін атамекенге оралды. Дегенмен, 1991 жылы Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласынан «Достық туы» (1993 жылдан «Нұрлы жол») газетінің, Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласынан 1992 жылы «Достық үні», «Өркен» журналының ашылуы – бесқалалық қазақтардың өнерін өрістетіп, бұрын көрінбей жүрген ақын-жазушылар халықтың көзіне түсе бастады. Бірақ «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, қолына қалам ұстағанның бәрінің дәрежесі бірдей болмайтыны белгілі ғой. Сол тұста аталған баспасөздерде өлең-әңгімелері, әртүрлі тақырыптағы сараптама мақалалары жиі жарияланып, сырттағы қазақ қаламгерлерінің арасынан суырылып алға шығып, өз дарындарын таныта білген екі қаламгерді бөле-жарып айтуға болады. Олар – Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Ахмет Өмірзақ пен Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы Бегабат Ұзақов.

Қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың 90-жылдарында келіп қосылған жаңа лектің қатарында лайықты орны бар бұл екі қаламгердің аты бүгінде баспасөз арқылы әдебиет сүйер қауымға белгілі, кітаптары басылып шығып, елге тараған.

Біз олардың шығармашылығының ұлттық дәстүрлі өнерімізбен астасар тұсына көз салып, барын бағамдап, бағалап көргіміз келді.

Ақын әлемі

Бесқаланың қала мен дала мәдениеті тоғысқан жер екенін айтудай-ақ айтып келеміз. Бұл топырақта Әбу Райхан Берунидің ізі қалған, Сүлеймен Бақырғани мәңгілік ұйқыда жатыр. Сондай-ақ, осынау құтты мекен таңды таңға ұрып жырлайтын жыршы-жырауларымен де мәшһүр. Бір қызығы, мұнда әлі күнге дейін жыраулық дәстүр мен жазба әдебиет бір-бірінен нәр алып – қатар дамып келеді.

Қазақ поэзиясының қадау-қадау шыңдарына айналған Төлеген Айбергенов, Есенғали Раушанов, Сабыр Адай сынды саңлақтарының шығармашылығы сол жыраулар мұраларынан нәр алғаны бесенеден белгілі. Әдебиет әлеміне сонау 90-жылдардың басында кіріп келген дарынды ақын Ахмет Өмірзақ бұл үрдісті абыроймен жалғастырды.

О, қайсар, ер, Қазағым,

О, жайсаң, төр, Қазағым! –

Дәуір, Қоғам саған қанша

Қиындығын артса да,

Тексіз тобыр кейде саған

Теріс қарап жатса да, –

Абай барда алқынба,

Мұхтар барда мұңайма!

Дәл қазақы қалпыңда,

Жақынсың сен Құдайға!!!

Далаң сенің киелі,

Күмбірлеген күй елі.

Бұрқып аққан дарияң

Білмейді ешбір жүйені.

Тауларыңның өр басы,

Бұлттың төсін сүйеді.

Ормандарың – шулаған –

Тәңір тартқан сый еді!!!

Соның бәрін сақтаған –

Һақ сенімін ақтаған:

Арыстанын патша ғып,

Жолбарысын сатпаған;

Қырандарын самғатып,

Аққуға оқ атпаған, –

Бабалардың асыл текті сүйегі!!! – деген төкпе жолдарына көзіңіз түскенде Ахмет Өмірзақтың Бесқала жырауларын оқумен шектеліп қалмай, Сыр сүлейлері, Ақтөбе ақтаңгерлері, Маңғыстау марқасқалары, жалпы Батыс жыраулық мектебінен хабардар екені анық байқалады. Өйткені, мұндағы өршіл рух, селдей ағын Махамбет, Балқы базар жырларымен ұштасып жатыр.

Жыраулық поэзияның басты мақсаты – елдікті, ерлікті жырлау болғандықтан да, ол үлкен гуманизм биігіне көтерілген. «Қайырлы болсын сіздерге, Бізден қалған мынау Еділ жұрт» деген Қарға бойлы Қазтуған адамгершілік шыңында тұрған жоқ па? Әрине, елінен айрылғаны үшін оның жүрегі қан жылайды, бірақ жау алдында төмендегісі жоқ.

Сол қасиет Арға аманат десең Сен,

Лайық Ұл бол ұлтыңа,

Лайық Қыз бол ұлтыңа!

Елім! – деген пәк жүрек,

Елім! – деген кеудеңде

Ыстық қаны бұлқына,

Соғып тұрсын жұлқына!

Асқақ та Сен, Азат та,

Құдірет те Сен, Ғажап та!

Тек Мәрттік пен Батырлық,

Қайсарлық пен Батылдық

Мекендейтін

Анау Асқақ Кеудеңе, –

Жасықтықты,

Пасықтықты,

Ездікті,

Жалғыз сәт те жасатпа!

Қазақ болып дүниеге келгесін,

Қазақтыққа көну керек,

Қазақ болып өлу керек қазаққа!!!

Бұл енді Ахмет Өмірзақ. «Қазақтыққа көну» деген не? Ақын қиялындағы қазақ бейнесі адал да асқақ. Сол бірегей болмысты сақтап қала алсаң ғана ұлт атына лайық екенің жайлы айтуда. Ақиқатты мойындар болсақ, ақын дәл осы қазақ тақырыбында қатарластарынан оқ бойы озық тұр. Бұл жырды оқығанда кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп, дәл осы ұлттың өкілі болғаның үшін жалпақ әлемге шырқау биіктерден көз тастайсың. Өзің мен қыран арасында ұқсастық па, туыстық па барын сезінесің.

Жалпы, жыраулық поэзияның тағы бір ерекшелігі – әсерлі, өзара шарпысып, жалындап тұрған сөздердің шалқуы ғана емес, астарында атан түйеге жүк болатындай салмақты ой жататыны, барлық мәселеге тек елдік тұрғыдан қарап, отаншылдық сезіммен жыр төгетіні баршаға аян. Өйткені, жырау тыңдарманмен тікелей байланыста болатындықтан тыңдарманды түгел бақылауда ұстайды, солғын сөздің ешкімге әсер етпейтінін өте жақсы біледі. Сондықтан да, баба жыраулардың байырғы тәсілдерін толық меңгеріп, соны жазба поэзияға түрлендіре қолданатын ақындардың жырлары тартымды екенін жоққа шығару қиын.

Жалғаншымен арбасқанда Жарық Күн,

Тура сөзде Сендей болар анық кім?!

...Қасіретінің өзінде асқан Даңқ бар,

Махамбеттей Ақын туған Халықтың!!!

Немесе:

Басылсын неге?

Сейілер қалай ол шаңдар?

Шықпаса шаңың – арамза жауың                                                                  алшаңдар.

Өрлігіңді ешкім өте алмас аттап,                                                                  бабаңның

Рухына адал болсаңдар! – деген жолдар­дағы әрбір сөз найзағайдай жарқылдап, оқырман көңіліне бір жарық сәуле таратып тұр емес пе? Кез келген бір сөзді орнынан қозғасаң, тұтас өлеңнің гармониясына әсер етеді. Сөз түгіл әлдебір тыныс белгіні өзгертудің мүмкіндігі жоқ. Дәл мұндай шымырлықты бұрын Төлеген Айбергенов поэзиясында көрсек, қазіргі кезде Ахмет Өмірзақ поэзиясынан көріп жүрміз.

Бабаларымыз образ мәселесіне де аса қатты мән берген. Бір ғана «Қарағай басын шортан шалар» дегенді түсіну үшін оқырманның санасында саңылауы болу керек қой! Жырдың бағын ашатын көркемдік десек, сол көркемдіктің бір пұшпағы тың образда жатыр емес пе? Бұл әдістің маңыздылығы бүгінгі күнде еселене түскені даусыз.

Білегіңді буғанмен «шатпақ» бүгін,

Тас жарады бір күні шақпақ тілің!

Қолыңды соз,

Таулардың кеудесіне,

Ақиқаттың ілуге аппақ гүлін!

Шыңға қолың жетпейді,

Кеудеңдегі

Күдіктердің қиратпай тас қамалын!

Тірілердің санамай күшін кемге,

Ірілерді ұққан жөн – ісінгенше.

Көр-лақатқа құлайды «құдай-қоғам»,

Айтқандарын Ақынның түсінгенше!

Көрдіңіз бе, бір өлеңнің өзінде қаншама бөлекше образ бар? Өз ойларын әманда «гүлге орап» жеткізетін Ахмет Өмірзақтың соны пікірлері жай тапқырлық емес, өмір, тағдыр жайындағы терең ойларға астасып жатады. Ылғи да қарабайырлыққа ұрынып, бұрын сан айтылған ойлар мен образдардан ұзай алмай, қайталауға ұрына беретін ақындарға жоғарыдағы келтіріп өткен жырлардағы даралық сипат үлгі боларлық құбылыс десек, әсте асыра айтқандыққа жатпас.

Ежелгі қазақ тарихы – хатқа түскен оқиғалар жиынтығы емес, аңыз-әңгімелер, эпостарға айналған көркем тарих. Ірі-ірі оқиғалар, толағай тұлғалар бізге халықтың жады арқылы ұлы жыраулар тудырған жауһар жыр боп жетті. Сондықтан да, дүниеге визуалды түрде баға береміз. Ғасырлар бойы солай қалыптастық. Бұдан соң да сөз бірінші орында тұрмақ. Көркем дүниеге айналған сөздің әсері біз үшін бәрібір басқаша. Ахмет Өмірзақтың Көтібар, Бекежан батырлар тарихына тың көзқарасын, Жанқожа, Барақ, Бекет бабаларымыздың бейнесін жырмен сомдағанын осы тұрғыда бағамдаған жөн.

Сана жеткен өлшемнен де биік біздің                                                                    өреміз,

Қайғы менен қуанышты көптен

                                              бұрын көреміз.

Таудың биік, Судың терең, Жердің                                                            жазық екенін,

Тылсым Қазақ болмысында

                              танытумен    келеміз.

Ұлы Ақиқат ақыр бір күн ту тігеді –                                                                    сенеміз,

Сонда – әлемдік даналықтың

                                 қасиетті жемісін –

АРИСТОТЕЛЬ, ӘЛ-ФАРАБИ деп

                                              екіге бөлеміз!

Сөз патшасы Абай болып дүр                                                сілкінттім санамды,

Жыр тәңірі Жамбыл болып бір                                                     сілкінттім ғаламды.

Күй атасы Құрманғазы саз тудырып                                                             теңдессіз,

Күш атасы Қажымұқан беттетпей                                                            бір адамды,

Асқақ сөзім Әуезов боп алты әлемге                                                                 таралды.

Қайсар тұлғам Бауыржан боп                                                      биіктетті даламды,

Ғалым бейнем Қаныш болып күн                                                      қасына бара алды,

Әсем әнім Әміре боп көкте қалқып                                                                  жүр мәңгі,

Осыларға қарап дүние өзі берсін                                                                       бағамды!

Ақиқатты айбынбастан Ақын ғана                                                               айта алар,

Айта алғанда, бүкіл Адам-Заттың                                                  жаны жай табар.

Сонда – зұлым замандарда қасиетті                                                             Тарихтың

Жоғалтқанын Сүлейменов,                                                     Шахановтар қайтарар!

Кезі келіп жалғандықтың

                               жолы-дағы байланар,

Байланар да – АДАМ менен ҚАЗАҚ                                                                сөзі ӨЗАРА

МӘНДЕС СӨЗге айналар!!!

Бұл жыр ақынның бар болмысын ашып тұр. Ол қазақты елге, жерге бөлмей тұтас сүюдің жарқын үлгісін көрсетуде. Егер әр қазақты еңбегіне қарай бағалап, әлемге көрсете алсақ, өркениет көшінен өз орнымызды ойып тұрып аларымыз хақ. Шүкір, өзгелермен иық теңестірер тұлғалар бізде де баршылық.

Батыс адамдарының жүрегінде ежел­ден «мен» бар. Ал, шығыс «біз» болып қоғамдасып өмір сүрудің үлгісін көрсеткен. Әр адам эгоның жетегінде кетіп жатқан мына заманда тұтастыққа қол жеткізудің мәні зор. «Біздің» айналасында бірлік, бақ-береке бар.

Бүгінде ақындарымыз сан түрлі ізде­ністерге баруда. Әлдекімдер батысқа еліктеп верлибр жазуда. Соны жаңалық ретінде ұсынғысы келеді. Кезінде кейбір қаламгерлер мұндай экспериментке барған-ды. Сәтсіз болды. Ойбай-ау, қазақта шешендік сөз деген бар емес пе? Ол еркін ырғақ, еркін ұйқасқа құралады. Қаз дауысты Қазыбектің қалмақ ханына айтқан сөзі қай верлибрдан кем? Енді біреулер жапонға еліктеп хокку, танка жазып жүр. Сөзді алғашқы орынға қойған халықтың жүрегін мұндай тақ-тұқ дүниемен жаулау қиын. Әрине, ізденістің болғаны жақсы, өйткені, әдебиет – мәңгілік ізденіс алаңы. Тек айтпағымыз, алыс мәдениеттердің үлгілерін тікелей көшіріп алуға болмайды. Ұлттық мазмұн болмаса, форма жай қаңқа ғана. Кез келген эксперименттің тамыры төл мәдениеттен нәр алып тұруы тиіс. Жалпы сәтсіз тәжірибеге ұрыну – ақынның білімі мен дарынына сын. 

Ахмет Өмірзақтың ақындық әлемінде жанарыңды талдырар биік-биік таулар, тұңғиықта жатқан маржанын тере біл­сең, терең теңіздер бар. Бұл әлемнің жұлдыздары ерекше жарқырап тұрған сыңайлы, ну ормандары самал-желмен тербетіліп әлдебір тылсым сырдан хабар беретіндей сыбдырлап тұр. Бұл әлем – сонау ғасырлар қойнауынан талықсып жеткен баба жыраулардың асыл мұрасынан бастау алар ұлттық әлем. Қазақ әлемі!

Ахмет Өмірзақтың осыдан бес жыл бұрын жарық көрген «Ақиқаттың рухы» атты жыр кітабы қазақ жырының қазы­насына лайықты үлес болған поэзиялық еңбек болатын. Өнер туындысы ретінде оқырманын шаттыққа бөлейтін ол кітаптың сан қырлы қасиеті жайында әңгімені қалағанымызша соза түсуге болар еді, алайда арғы-бергі өнер сабақтастығы туралы әңгіменің басын құрайтын бұл еңбегіміздің алып отырған обьектісіне сай, біз әзірге тамырын бағзыдан тартып, бүгінгі күнге саф күйінде жеткен осынау байтақ дүниенің бірер қырын ғана сөз етіп, келте қайырып отырмыз. Қалғаны – келер күндердің еншісінде.

Қазақи жыр құдіреті жөнінде айтар сөз таусылмағай!

Көкірегіне қонған сөздің киесі

Нағыз көркем сөз шеберлеріне тән басты қасиет – шыққан тегінің асыл қасиетін бойына сіңіріп, соны өнер тілінде ұлықтай білу. Бірақ ұлықтай білу деген беталды жел сөзге ерік беріп, дәлелсіз дәріптей беру емес. Шынайы дарын иесі өзін де, өзіне тағдыр сыйлаған ортаны да, сол ортаның өзгеге ұқсамайтын еректігі мен даралығын тани да, таныта да біледі.

Теңіздің дәмін тамшысынан білуге болар, бірақ оның күллі ерекшелігін ашып, білгеніңді паш етудің өзіне ғұмыр жетпейді. Десе де қаламгерге біткен сұңғылалықта шек жоқ: әбден көзтаныс болған нәрсенің өзінен терең ой, биік идея табады. Дәл осы тұрғыдан келгенде, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы Бегабат Ұзақовтың соңғы жылдарда жарық көрген «Жантаза» («Қазығұрт» баспасы, 2014 жыл), «Құлама құз, қара жер», «Баспа» ЖК, 2017) атты прозалық кітаптары бүгінгі қазақ көркемсөзінде өз сөзін айта алған, тұрпаты бөлек туындылардан құралған дер едік.

Қаламгердің дарынының ерекшелігі мен даралығы ол туып-өскен жер мен елдің ғұмыр кешу салтына тығыз байланысты десек, Бегабат Ұзақовтың әңгімелерінен көрінетін ХХ ғасырдағы қаймағы бұзылмаған қазақ аулындағы оқиғалардың өрбуі – бүгінде жалпы ұлттың рухани өмірінде ностальгияға айналып бара жатқан қазақи іріліктің қайталанбас характерін сомдайды. Сондықтан да, оның әңгімелерінің бір парасы этнографиялық сипатымен ерекшеленіп, халықтың тұрмыс-салты арқылы көрінетін ұлттық ұстанымның мән-мағынасын танытып отырады.

Жазушының «Балуан қыз» атты көлемді әңгімесінде бесқалалық қазақтардың той өткізу салты жан-жақты ашып көрсетілген. Онда тойға жиналған халықтың құрда жырау жырлатқан кезі қызықты баяндалған.

«Иттүйнек те уақытында бір гүл­дейді» демекші, жұрт мұрнын шүйіріп менсінбейтін  Мергенбай шопанның тасы өрге  домалап тұр. Қырық-елу түйе, жүз шақты жылқы, үш мыңға тарта қойы бар. «Мұрным барда бір сіңбірейін» деген-ау, шамасы, дүниесін шашудай-ақ шашыпты. Дастархан – ағыл-тегіл. Жақын маңайдағы Жайық жырау аздық еткендей Бесқаланың батысында тұратын Ақпанбет пен Тауелібайдан Алдашты да алдырған. Жайық аруақты батырлар Кәдір мен Сәдір, Дабыл жайлы жырларын селдей ағызды. Домбырасының күмбірі ерекше. Шауып бара жатқан мың тұлпардың тұяғының дүбірі естіліп тұрған сияқты. Отты жырдың әсері соншалық, өзіңді Кәдір мен Сәдір, Дабыл батырлардай сезініп, тұлпарға қарғып мініп, бес қаруыңды асынып жауға шапқың келеді.

«Ендігі кезек – Алдаш жыраудікі», – деп тоғашы дүйім жұртқа жариялаған кезде сұңғақ бойлы жігіт ағасы ортаға қалтақтаған соқыр шалды жетектеп шықты. Жайықтың көркіне көзі тойып отырған жұрттың көңілі қоңылтақсып қалды. «Ойбай-ау, атағы жер жарған Алдаш осы ма, не?» – деген ой жырауды бұрын-соңды көрмеген елдің санасында қылаң бере  аңтарылды. Мұндай таңданыстың талайын көрген болар, ештеңені елемей құрдың дәл ортасындағы құрақ көрпешеге жайғасып отырып алған Алдаш домбырасын сол қолымен қағып-қағып жіберіп, әндете жөнелді. Алдаш домбырасы ‒ нағыз әннің домбырасы екен. Бейтаныс әуен лезде баурап алды. Тауелібайдың тамылжыған әндеріне елтіген жұрт жыраудың табиғи кемістігін ұмытып та кетті. Ашық әуез, асқақ дауыс Қаратаудың етегінде орналасқан ұядай ауылды жаңғыртып жіберді. Бұл елдің бір қасиеті – әшейінде абыр-сабыр боп жатса да, құрда отырғанда сабырлы келеді. Тіпті, тентек суға тойып алғандар да сілтідей тынып, шырқалып жатқан ән-жырдан басқаны ұмытады. Тек ара-тұра айтушыны қолпаштау, рухын жани түсу үшін «бәрекелді!», «шап!» деген сөздер ғана естіледі.

Алдаштың әні әуелей барып үзілген кезде маймаңдап басып Ақпанбет шықты. Көзі көреді, демесең, мұның да Қалдаштан артықтығы шамалы екен. Қисық-қисық бірдеңе. Бірақ, дене бітіміне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Жаңа ғана Алдаштың қораш түрін көріп көзі үйренген ел бұл жыраудың одан да асқан дүлей екенін өте жақсы біледі. Өзін енді көріп тұрса да үнтаспалары әрбір үйде бар. Жайық пен Алдаштың жанына отырған Ақпанбет Орынбай ақынның Жанқожа батыр жайлы дастанын жырлады. Бұл жырау нөсерге ұқсайды екен. Төкпелеп-төкпелеп бір қайырғанда, манағы сабырлы халық ду қол соққанын білмей де қалды». Міне, осылай ұлттық өнерден рухтанған халық, бойында жауынгер бабаларының қаны ойнап, ердің ғана емес, елдің намысы сынға түсетін шаршы алаңдағы күрес өнерін тамашалар кезде жыр тыңдаған кездегідей емес, мүлде өзгеріп шыға келеді. Жазушы оны күреске қандай палуандардың қатысатынын білгісі келіп, абыр-сабыр болған елдің сөздерінен, сондай-ақ күреске шәкірттерін әкеліп отырған Артықбай палуан мен Бақберген палуандардың бір-бірін қыжыртқан сөз қақтығыстарынан байқатып өтеді.

Жалпы әңгімеде қазақ ауылының тұрмыс-салты суреттеліп, әдет-ғұрыпқа қатысты әңгімелер айтылғанымен негізгі мәселе басқада. Бұл жердегі күрес – екі ауылдың күш сынасқандағы егесі емес, мінез бен болмыстың қақтығысы. Назархан ауылы мен Ақшакөл ауылының адамдары Мергенбай шопанның тойын тойлауға ғана келмеген, осы тойдағы күресте палуанының жеңгені жеңілген жақты мұқатуға келген. Бұдан бұрынғы бір тойда сондай жағдайдың арты орны толмас жоғалтумен аяқталғаны бар. Ол бүгін осы тойда күреске түсіп отырған түйе балуан Алдағұл мен қайратты жас палуан Абылайдың жекпе-жегінде орын алған-ды. Талай тойда аты шығып жүрген Алдағұл өзінен жасы едәуір кіші жас пері Абылаймен белдескенде оның өзінен күштірек екенін байқап, қараулықпен жеңеді. Осы тұсты жазушы өте шеберлікпен, нанымды суреттеген: «...Абылай алдырар емес. Алдағұл ырсылдай жабысқанымен түк те бітіре алмауда. «Апыр-ай, шынымен де мынаны жеңе алмаймын ба? – деген ой жылт ете қалды Алдағұл балуанның қиялында. – Бір амалын таппасам, масқара боламын». Оның осы бір сәт босаңсығанын байқаған Абылай балуан белден ұстап шалқайта бергенде жағдайының насырға шауып бара жатқанын сезген Алдағұл балуан Абылайдың қабағына баспен соғып жіберді. Күтпеген соққыдан көзінің оты жарқ етіп, қапелімде не болғанын аңдамай қалған Абылайдың нықтап ұстаған қолы Алдағұлдың белінен жаздырылып кетті. Осы бір оңтайлы сәтте Алдағұл балуан шалт қимылдап, оң қолымен Абылайдың мойнынан орай ұстап, жамбас ала бере қағып жіберді. Әлсіресе де бірден беріле қоймай, бір қапталдай  құлаған Абылайдың мойнынан білегін жаздыра қоймаған Алдағұл оны тұрғызбауға тырысып, ышқына ырғап қалды. Абылай балуанның мойын омыртқасы шым ете қалды...». Міне, осылай Алдағұлдың қаскөйлікпен жасаған қарау әрекетінен Абылай палуан мертігіп, қайтыс болады. Алайда, Абылайдың ата-анасы алдарына жылап, кешірім сұрап барған Алдағұлды кешіріп, қазақы ірілікпен «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдырғанмен Абылайдың қарындасы Бәтиманың көңілінде өшпес дақ қалады. Ата-анасының сөзіне қарсы шыға алмаған ол Алдағұлдың нәмәрттігін алдына келтіруге өзі-өзіне серт береді. Себебі ол да палуан болатын. Қыз палуан. Жас кезінен табиғаттың берген жойқын күшінен еркінен тыс палуан болған Абылай мен Бәтиманың (нағашысы – жауырыны жер иіскемеген Сәлімбай палуан) арманы көп еді. Ағалы-қарындасты екі палуан талай байрақты бәсекеде топ жарып, туып-өскен елі мен жерінің атын шығарсақ дейтін. Бірақ тағдырдың оқыс соққысы Бәтиманы есеңгіретіп кеткенімен ол бәленің қайдан келгенін білді. Алдағұлдың қараулығы ағасының түбіне жеткенін бір сәт те есінен шығармай, оны ел алдында жығып (қазақ үшін күресте қыздан жеңілу өліммен тең ғой) масқарасын шығаруға бел байлады. Сол арманның орайы бүгінгі тойда келіп тұр. Сондықтан, ол түйе палуан – Алдағұлмен күресер жан табылмай, «бәйгемді шаппай бер» деп тұрғанда «Мен бармын!» деп ортаға шықты. Күрес ұзаққа созылған жоқ, сүт пісірімнен аз уақытта «...екпіндете жеткен Бәтима балуан мұның еңкейе қимылсыз тұрғанын көріп, қапталдай келе белінен қапсыра ұстады да, бар пәрменімен аспанға лақтырды. Дел-сал күйінен арыла алмаған бұл байғұс әуелей барып жерге гүрс ете түсті». Осылайша Алдағұлдың өзгеге еткен зұлымдығы өз басына келді.

Әңгімеде қазақ ауылындағы халықтық дәстүр-салт көріністері (жырау жырлату, күрес секілді), қызықты оқылатын сюжеттік желі, жан-жақты ашылған адам психологиясы – бәрі жиналып келіп, шығарма авторы ұлықтап отырған ұлттық болмысымыздың тірегінің бірі – мәрттіктің мәні ашылады. Мәрттік қай кезде де адамды кішілікке, кісілікке тәрбиелесе, нәмәрттік – өзіңе де, өзгеге де қауіп дегенді жазушы астармен, ыммен түсіндірген. Және балуан қыз Бәтиманың образы – қазақ прозасында соңғы кезде көрінген ерекше образ – архетиптің бірі екені анық. Жаратылысынан нәзік келетін әйелдер қауымының кейбірінің мәрт мінезіне риза болғанда халқымыз «ер көңілді» деп жататынының бір мәні «Балуан қыз» әңгімесінде ашылғаны анық.

Ұлттық болмысымызға жат қараулық әдет туралы Бегабат Ұзақов өзінің «Сейіс» деген әңгімесінде өзгеше сюжет арқылы ой айтады. Бәсекелестіктің түбінде үлкен егес жатады. Кейде соның кесірінен қарсыласын жеңу үшін кейбір қарау адамдар зұлымдыққа барып, қаскөйлік жасап жатады. Сондай бір оқиға «Сейіс» әңгімесіне өзек болған.

Сапар атты атсейіс (атбегі) ылғи да жүйрік баптап, бәйгеге қосатын, қосқан аты жүлделі болып жүрген кісі. Бірде ол көрші ауылдағы Рахман дейтін кісінің жалғыз ұлын үйлендіріп, аламан бәйге бермекші екенін есітіп, Тарлан атын сейістеп, немересі Бақытжанды атқа отырғызып бәйгеге қосқалы жүргенде аяғы сынып, жүре алмай қалады. Сөйтіп, Тарлан атқа абай болуын ескертіп, бәйгеге қатысуға үлкен ұлы Болатбекті жібереді. Алайда, ертең бәйге болардан бір күн бұрын түнде Манап сейіс Сапардың Тарланының қолтығына сабын жағып кетеді. Соның кесірінен қолтығына тер шықпай демігіп, Сапардың жүйрігі бірінші айналымда барлық аттың алдында келе жатып құлайды. Мертіккен атын көріп, мән-жайға қаныққан Сапар сейіс, бәйге болардан алдыңғы түнде аттардың жанында Манап сейісті көргенін баласынан біліп, бәленің қайдан келгенін сезеді.

Тарлан аты мертігіп, пышаққа ілінгесін Сапар сейіс есе қайтарудың жолын табады. Бұрын ұрлық істеп, сотталып келген төрт-бес атадан қосылатын туысы Жолдыбайды Манап сейістің бәйгеге қосып жүрген Қарақасқа атын ұрлап әкеп беруге жұмсайды. Сөйтіп Манаптың үйінде адам жоқ кезде оның Қарақасқасын қолға түсірген Сапар оны ертеден келе жатқан әдіспен – денесіне жабылған киіз жабудың сыртынан ыссы су құйып, терісін күйдіріп, аттың түсін өзгертіп жібереді. Солайша денесі күйген торы ат денесіне жаңадан түк шыққанда ақбоз атқа айналады. Сапар торы атты емдеп алып, қайта баптайды. Онысымен тұрмай, баяғы бұның атының қолтығына сабын жағып, мерт қылған Манап сейістің алпысқа шыққан тойында аламан жарысқа ақбоз атқа айналған Торы атты қосып, бас бәйгеге тіккен шетелдік автокөлікті ұтып алады. Солайша, қараулыққа қараулықпен жауап беріп, есесін қайтарады.

Әңгімеден жазушының атбегілік өнерден де мол хабары бар екені көрінеді. Атты баптау, бәйгеге қосу деген жалпы көпшілікке таныс нәрсе дегенімізбен, аттың түрін өзгертіп жіберу туралы әңгіме – жұртқа мүлде тосын жағдай екені анық болса керек. «Не ексең – соны орасың» демекші, адал іске арам пиғыл араласса – адам одан опық жемей тұрмайды дегенді автор өте астарлы түрде, шебер жеткізе алған.

Бегабат Ұзақовтың осы сарындас тағы бір әңгімесі «Қырық бірінші әдіс» деп аталады. Мұнда кезінде қошқар сүзістірумен аты шыққан Бекен деген жігіттің өзінің Дәуқара атты мықты қошқарын Жүсіп деген жетім балаға сыйлап, күндердің күнінде сол Жүсіптің өзіне қарсы шығып, дөрекілік танытқаны баяндалады. Бір кезде Бекеннің берген бір қошқары мен бір қойы құт боп дарыған Жүсіп, отыз бес жыл бойы қошқар сүзістіруден алдына жан салмай, әбден дандайсып кетеді. Баяғы жоқ-жітік кезінде өзіне қарасқан ізгі ниетті жанды көзіне ілмей, тіпті соның жақсылығын есіне салған адамдарды да жақтырмайтын күйге жетеді. Ақыры Жүсіпті тәубесіне келтіру үшін Бекен оны бәсекеге шақырады. Қошқар сүзістіруде жеңген адамға бес миллион теңге мен бір автокөлік беруге келіскен екеуі уағдалы уақытта жұрттың көзінше қошқарларын сүзістіреді. Жүсіптің мықты жеті қошқарын Бекеннің онша мықты емес бір қошқары соғып тастап, деміне нан піскен бәсекелес мақтаншақ жер болып жеңіледі. Ашуға булыққан Жүсіп шарт бойынша жеті қошқарын да бауыздап, етін жұртқа береді. Көлік пен бес миллион теңгеден ұтылады. Алайда, Бекен ақшаны да, көлікті де алмай кетеді. Өйткені, ол Жүсіпті алдап соққан еді. Өз қошқарын қасқырдың иісіне әбден үйреткен ол, исінен мал үркетін жыртқыштың майын өз қошқарының мүйізі мен тұяғына жағып, Жүсіптің қошқарлары сол иістен қорқып жеңіледі. Жан-жануардың осы бір табиғи инстинктін шебер пайдаланған Бекен оны пайда көру үшін емес, дандайсыған пендені сабасына түсіру үшін қолданған-ды. Сондықтан, ол бәсекелесін жеңіп тұрып, ұтысын алмай кетеді. Бұл – Бекеннің пайдадан ар-намысты биік қоятын азаматтығын көрсететін деталь. Бүгінде бәскелесін мұқату үшін небір адам жиіркенерлік жаман әдістерге баратын адамдарға қарама-қарсы типтегі Бекендей адамдар ғана ұлтымыздың ірілігін сақтай алса керек. Бұл арадағы жазушының идеялық кредосы осы. Шығарманың астарында жатқан «өзін сақтаған адам ғана ұлтын сақтауға үлес қоса» алады деген ой әңгіменің ажарын ашып тұр

Бегабат Ұзақовтың «Бесік» атты көлемді әңгімесі ескі мен жаңаның, яғни, кәсібін дұрыс жасап, нанын адал тауып жейтін бұрынғының еңбекқоры мен пайда үшін ешбір жиіркенішті әдістен бас тартпайтын бүгінгінің пайдакүнемінің арасындағы тартысты суреттейді. Ең қызығы, ол адамдар арасында емес, бір адамның ойында болып өтеді. Нәтижесінде иманды нәпсі жеңіп, нәпсі жетегінде кеткен пенде өз басына зауал тілеп алады.

...Бейсен – бесік жасайтын шебер. Өз еңбегімен күн көріп жүрген қарапайым пенде. Әйелі, алты қызы бар. Табысы мардымсыздау демесе, біреуден артық, біреуден кем дегендей – жұрт қатарлы күнін көріп жүр. Алайда, адамның рухы әлсірегенде шайтанның азғыруына еріп, жолдан таятыны секілді, Бейсен де күндердің күнінде өзі бесік жасауға ағаш сатып алып жүрген Нұрбай деген адамның арбауына түсіп қалды. Ағашты Бейсенге қымбат саудалап жүрген ол бір күні «арзандау ағаш» барын айтады. Ол қандай ағаш? Бақсақ, көрсек Нұрбайдың еліктіріп жүргені – қойымшылыққа қойылатын адаммен бірге келіп, қалып жатқан табыттың тақтайлары екен!..

Адамды шарасыздық мәжбүрлесе құламай тұра ма, күндердің күнінде Бейсен де Нұрбайдың ұсынысын қабыл алды. Өзімен өзі қанша арпалысса да, жаман түс көріп қорқып оянса да, кәсібіме кесірі тиіп кетпес пе екен деп күдіктенсе де көнді. Сөйтіп, бір кезде табыт болған ағаштан енді... бесік жасай бастайды.

Бірақ онысы ақыры жақсылыққа апарған жоқ. Бір кезде қолдан арақ жасап сатып, әбден байып, ақырында ісі әшкере болып сотталып, мал-мүлкінен айрылып қалған көршісі Садық сияқты бұған да жасаған жаман әрекетінің кесірі тиді. Алты қыздан кейін зарығып көрген жалғыз ұлы табыттың тақтайынан жасалған бесікке бөленіп (үйіндегілер бесіктің неден жасалғанын қайдан білсін), ауырып шетінеп кетеді. Ал Бейсен табыттан жасаған бесіктерін өртеп жібереді. Күшті соққыдан ақыл-есіне зиян келіп, далаға шықпайтын, жұртпен сөйлеспейтін болып қалады. Алайда, автор әңгіме соңында күндердің күнінде Бейсен есін жинап өзіне келсе, бәлкім, өзі жасаған күналары үшін ел-жұрттан кешірім сұрар деп, шығармаға соңғы түйін жасауды оқырмандарға қалдырады.

Мықты қаламгерлердің шығар­ма­ларында тосын пайымдар мен оқыс бұрылыстар көп болатыны бар. Жоғарыда біз әңгіме еткен Б.Ұзақовтың шығармаларында да сондай құбылыс байқалады. Демек ол шығарманың болмысын қолдан жасамай, ондағы оқиғалардың өрбу динамикасына еркіндік беріп, мотивировканың табиғилығын сақтайды деген сөз.

Сөзімізді қорытындылай келе айтары­мыз: бүгінгі әдебиет сүйер қауым көңілінен шығып, олардың эстетикалық талғамын өсіретін шығармаларымен қазақ прозасын дамыту жолында тер төгіп жүрген ойшыл қаламгер Бегабат Ұзақовтың түрлі бағытта жазылған әңгімелері оқырмандардың эстетикалық талғамын өсіруге қызмет етеді.

Біз талантты қаламгердің этно­гра­фиялық бояуы қалыңдау әңгімелерін жеке қарас­тырып, ой-пікірімізді айттық.

Тосын оқиғалар мен бөлекше кейіп­керлер галереясын жасап жүрген жазушы Бегабат Ұзақовтың ұлт руханиятына олжа салып, қазақ көркемсөзінің құдіретін арттыратын туындыларының қатары жыл сайын молая берері анық. Көкірегіне көркемсөздің киесі қонған қаламгер халқына әрдайым биіктен қол бұлғай берсін!

 

 

1750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз