• Ұлттану
  • 04 Ақпан, 2021

ЖАХАН МОЛДАБЕКОВТЫҢ ҚАЗАҚТАНУ ІЛІМІ

Үмбетқан СӘРСЕМБИН, 
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

Философ, қазақтанушы-ғалым Жахан Жанболұлы Молдабековтың отандық философия, мәдениеттану ғылымының дамуына, соның ішінде қазақтану ілімінің қалыптасуына қосқан үлесі зор. Қазақтың дүниетанымдық тәжірибелерін, соның ішінде ұлттық болмыстың тұлғалану негіздерін, ұлттық мүддеге қызмет етудегі алаш тұлғаларының тектілігін, кісілікті зерттеуде кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Ұлтқа қызмет етудің артықшылығы қашанда жеке адамның рухани қасиеттері, біліктілігі, білімінің тереңдігі, шығармашылықтың өрістілігі арқылы көрініп отыратындығын ғылыми ортаға көрсетіп кетті. Біздің ойымызша кейінгі ұрпақ ұлттану мәселесіне, соның ішінде қазақтануға келгенде ғалымның мұраларына, идеяларына, кісілік өнегесіне жиі көңіл бөлері даусыз.  

Ұлттың рухы қашанда халықтың ішінен өзіне қызмет ететін адамдарды  іріктеп отырған. Жахан ағайымыз алдыменен қазақы тәрбиемен сусындап өскен адам. Кешегі кеңес қоғамы тұсында, қоғамның қиыншылығы мол тұстарында көзбен көргендігін ғалымның шығармаларынан байқаймыз. Сол кездегі ауылдың қарапайым өмірі, ұлт руханиятының жағдайы, қоғамға жүргізіліп отырған саясат, ел мәдениетіне қажетті дүниелердің шектелуі, соның ішінде өзі өскен ортада қазақтың тарихы мен мәдениетін жетік білетін көне көз адамдардың болуы, халық санасында ұлттық рухтың құбылысын негіздеп отыратын жер атаулары осындай ұлтжанды ғалымдарды еріксіз биікке шығарып отырған. Осыдан да болар қазақтанушы ғалымның еңбектерінің бірінде кез келген адамның қалыптасуы, биікке талпынысына әсер ететін тарихи сана, тәрбие, зерделі ой мен ұлағатты сөз екендігі алға тартылады: «Тұлғалардың талғамы мен толғанысы халық тарихымен, халық тағдырымен төркіндес. Еркіндігі жетіспеген, ерлігі олқы әлеумет елдің тұрлаулығы мен тұтастығын орнықтыра алмайды, өзі әлеуметтік күшке көтерілуге әлсіздік танытады. Әлсіздіктің көзі – өз келбетін тұтас күшке айналдыра алмауында, ақиқат үшін, әділдік үшін, келісім үшін күресуден жалтаруында. Мұндай іштей үгілушілікте өмірге деген төзімділік босаңсиды, ең басты мүддеден жаңылысып, бұра тарту қарқын алады. Проблемаларды байыппен, сындарлы және ашық талқылау дәстүрі ескеріле бермейді» [1.4-б.]. Шынымен де солай, кез келген ақыл-парасат иесі зиялы адам, мейлі тұлға болсын, ұлттың мәдениетінің, белгілі бір тарихи кезеңдегі қоғамның басты өнімі, соның бет-бейнесін айқындап отыратын өкілі. Осы себептен де болар, ойшыл Абай, «Кім де кім жаман болса замандастарының бәрі жауапты» – дейді.

Көрнекті ғалым Жахан Молдабековтың еліне, әсіресе оның болашағына жанашырлық танытып, қоғамына пайдасы тиетін еңбектерді жазып қалдыруына, ғылымда жаңа бағыттың қалыптасуына аянбай еңбек сіңіруіне ықпал еткен, тәрбиеленіп өскен, білім алған ортасы. Бұл да болашақта ғалымның шығармашылығы мен философиясын зерттеушілер тарапынан ескерілуі тиіс мәселенің бірі.

Қазақтану мәселесінің қазақ хандығы құрылған дәуірдегі ұлттық мүддені қорғау идеясымен тығыз байланысты екендігі белгілі. Тарихтағы қазақ ойшылдарының пайымдауынша «Қазақ» ұғымының өзі ұлт атауы ғана емес, ұлттың негізгі идеясы да болды. Ұлттық идеяның қалыптасу негіздеріне ұлттың тарихы, тарихтағы өмір сүру ұстанымы мен зиялылар тәжірибесі тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақтану ұғымын екі мағынада зерделеуге, қолдануға болады. Біріншісі, қазақ болу, ұлттық рухты, болмыстың тереңдігін, ұлттың азаттығы мен мемлекеттің дербестігін дәріптеу, ортақ құндылық ретінде бағалап отыру, үнемі осы мақсатта ел мүддесіне қызмет ету. Екіншіден, ұлттық болмыстың тұлғасын, рухани негіздерін білу, танып отыру. Философ, ғалым Жахан Молдабековтың қазақтану бағытындағы зерттеулері осы екі мәселені толығымен қамтитын, қай заманда болмасын өскелең ұрпақтың тарихи санасының қалыптасуына негізделген ілім болатын. Бұл шынымен де күрделі нәрсе. Қазақтың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін, әсіресе оның қалыптасуына тікелей әсер етіп отырған ұлттың болмысын түп-тамырынан зерттеу арнайы дайындықты, білім мен қабілетті қоса қажет етеді. Ғалымның бұны еліміз тәуелсіздігін алған уақытта-ақ өзіне міндет етіп алуы кездейсоқтық емес. Аз уақыттың ішінде көп күш жұмсап бұл мәселенің ғылыми бағытта тұтас жүйеге айналуына еңбек сіңіруі, келешекте де рухани ортаға үлкен әсер берері анық.

Қазіргі уақытта біздің мемлекет тарапынан ұсынылған, қолға алынған мәселелерге, соның ішінде рухани жаңғыру идеясына тереңдей алмай жатқан тұстарымыз да жоқ емес. Бұндай жағдай кез келген мемлекеттің тарихында болған. Қоғамда жаңа нәрсе жасауға болады, бірақ сананы өзгерту, оған ықпал ететін нәрселерді зерттеу, қоғамдық сана өрісінде орнықтыру оңай жұмыс емес. Уақыт өзгерген сайын қоғам да өзгере түседі. Бұны қазақ даналығы «елу жылда ел жаңа» деген ұғыммен түйіндеген. Сананың өзгерісі қоғамның өзгерісіне қарағанда күрделі. Себебі сананың өз талғамы, өзінің уақыт талабына сай қажет ететін құндылықтары бар. Бұл негізінен тарихи дүниелерден де белгілі ұлттық құндылықтар, ұлттық құндылыққа айналған нәрселер.

Профессор Жахан Молдабеков қазақтану бағытында ғылыми ізденісті жетілдіруді азаматтық парыз деп түсінген. Бұндай көзқарастың сол уақытта қазақтың өзге де азаматтарының ойында болғандығы анық.Ғалымның өзі атап көрсеткендей, «Қазақтану – нақты деңгей мен стратегиялық бағдардың өзекті тақырыбы. Олай дейтініміз қазақтану, біріншіден, Қазақстан Республикасының болашағын болжайтын, оның қоғамдық түрлену жүйесін түсіндіретін кешенді көзқарас, екіншіден, тәуелсіз елдің ішкі және сыртқы эволюциялық жаңаруын саралайтын ұлттық сана-сезімнің түйіні және жекелеген дәрежесі, үшіншіден, азаматтың ұлыстық, ұлттық үйлесімділігін қадағалауға мұрындық, төртіншіден, ұлттық мәдениеттің астары мен арқауын өркениет өрісімен салыстыруға ұйытқы. Халқымыздың өзіндік ерекшелігін, оның әлемдік рөлімен қатар көрсету – біртұтас мәселе [2.-36 б.].

Қазақтану қазақ ұлтының өткен тарихы мен болашағын қатар зерттейтін ілім. Мәселен көне дәуірдің өзінде ойшылдардың «игілік дегеніміз не нәрсе?» деген бір ғана сауалы, ғасырлар бойы құндылықтар мәселесінің зерттеліп, даналықтың биігінен түйінделіп отыруына негіз болды. Сол секілді қазақтың ел-жұрт идеясы, ғасырлар бойы тарих пен оны жасаушы алаш тұлғаларының ой елегінен өтіп, бүгінгі ұрпақтың міндетіне жүктелген ғылыми мәселеге айналуда. Бұның арғы жағында әлем ғұламалары зерделеген жалпыға ортақ игілік мәселесі жатыр. Осы тұрғыдан да алып қарасақ, қазақтану идеясы кез келген адам кірісе беретін іс емес. Шешімі күрделі, тәжірибесі мен білімі тарихтың ішінде жатқан, ұлттың дәстүр тәжірибелерін ғана емес, ең бастысы дүниетанымдық тәжірибелерді түп нұсқада толық меңгеруді, ұлттық қасиеттерді иеленуді талап етеді. Бұған қазақтанушы ғалымдарымыздың зерттеулері толығымен негіз. Негіз болу себебі Жахан Жанболұлы қазақтануға қатысты мәселелерді зерделеуде алдыменен ұлттық болмыс шеңберіндегі, ұлт руханиятындағы ұғымдарды зерттеп, олардың ғылыми айналым шеңберіне енуіне ықпал етті. Қазақ дүниетанымы мен халықтың тарихи санасы деңгейіндегі ұлттық болмыстың тұлғалану мәнін негіздеп отыратын бұндай мәселелер, олардың бүгінгі қоғам үшін маңыздылығы қандай деген сұраққа толықтай жауап беретін зерттеулерді қалдырып кеткендігін аңғартады.

Мәселен әр ұлттың ерекше қасиеттері бар. Ол алдыменен тарихи уақыт пен қоғамдық өмірдің талаптарынан білініп отырады. Тарихи уақыттағы әлеуметтік өмірдің талабы негізінде қалыптасқан тәжірибелерді негіздеуде, ұлттық қасиеттердің уақыты келгенде ұлттық құндылыққа айналып отыратындығын тағы да қайталап айтқымыз келеді.  Ұлттық құндылыққа айналған дүние елдің болашағына ауадай қажет. Сондықтан да, қазақтану мәселесі тұрғысында бүгінгі ұрпақ, елдің болашағы үшін не нәрсе игілік болып саналады деген сауалды қоятын болса, ол біз үшін атамекен, ана тілі, діл мен дін, дәстүр мен мәдениет, ұлттың бірегейлігі мен биік рухын танытатын тарихы және тағы да басқа дүниелер.Осы құндылықтарды түп-тамырдан біріктіріп, ұрпақтан-ұрпаққа табыстайтын тұлғалық қасиеттер. Бұлар, яғни, қазақтану мәселесі осы себептен уақыт өткен сайын өзінің мәнін тереңдетіп отырады.

Қазіргі әлем жағдайында, кез келген қоғамдық дамуға қатысты дүниелерді зерделеуде де қазақтану тәжірибелері негізге алынуы тиіс. Мәдени өзгеріс бірінші кезекте қоғамдық санадан бастау алады, үнемі солай болуы тиіс. Қоғамдық сананың негізінде ұлттық сана феномені, тарихи сана, өзіндік сананың дұрыс қалыптасуы мәселесі жатыр. Өзіндік сананың дұрыс әрі терең болуын талап ететін өзге де әдеп түрлері бар. Бұны ұлттық тәрбие дейміз. Осы ұлттық тәрбие желісінде қалыптасып, мәдени құбылысқа  айналып отырған қасиеттерді ұғымдық негізде зерттеу, бір-бірінен ажыратып қоғамға ұсынылып отырғандығын ғалымның зерттеулерінен көреміз.Мәселен Жахан Жанболұлының бастапқы кезеңде көңіл бөлгені тектілік, елдік, ұлтжандылық ұғымдарын тарихи философиялық тұрғыда негіздеу болды. Ұғым болғанда бұлар жай ұғымдар емес, мәдени құбылысқа ие, жеке адам мен халықтың жалпыға ортақ тұлғасын айқындайтын қасиеттер болатын. Басында бұл мәселелер қоғамға жат болып көрінгенімен, қазіргі жағдайда осы қасиеттерді уақыт қоғамнан талап етуде. Ұлтжандылықты кезінде ұлтшылдық деп қабылдадық, тектілікті ақсүйектік деп түсіндік. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың, «ұлтына жұртына қызмет ету, білімнен емес, мінезден» деген сөзі көп жағдайда ескеріле бермейді. Алаш зиялысы мінез деп адам бойындағы қоғамына, мәдениетіне игілік пайда әкелетін ұлттық қасиеттердің шоғырлануын айтқан еді. Шынымен де ел мүддесіне қызмет ететін адамның бойында ұлттық мінез, рух, ұлттық сана болуы тиіс. Осыған бағытталған немесе бағыт алған адамның ақыл-парасатын, ұстанымын, ерік-жігерді тектілік, ұлтжандылық дейміз. Текті адам бұл шынайы немесе шын мәніндегі ұлтжанды адам. Бұндай деңгейдегі адам қай елде, қай жерде жүрсе де кісілік талғамына берік келеді. «Өзгенің аруағына тамсанбай» өзінде бар нәрсені қанағат тұтады, оның өрістенуіне мән бермек. Халқымыз тарихта жоғарыда аталған ұлттың төл құндылықтарын қоғамның ой-өрісіне енгізу арқылы ұлттық мүддені қорғайтын ұрпақты қоғам алдына шығара білгендігін осы тұста ұғыну қиын емес. Қазақтанушы ғалымның пайымдауынша, қазақтану мәселесінің ойшылдар тарапынан қолға алынған кезеңі, қазақ хандығының құрылу тарихын кездейсоқ құбылыс деп қарауға болмайды. Оның негізінде болашаққа бағытталған идея, ұрпақтың ұстанымы, алаш тұлғаларының мемлекет мүддесін нығайтуға бағытталған стратегиялық мақсаттары жатыр. Қазақ хандығы құрылған дәуірде қазақтанушы ғалым Жахан Молдабеков атап көрсеткендей, «Халық сана-сезімін бостандық, ерік пен елдік немесе күрескерлік идеясы үйірді. Бірақта дүрліккеннің бәрі де тарихты талдап, толқымалы сезімді тоқтатарлық тоқтамға келе алды деу ағаттық. Қандай игі қасиеттерінен көз жазып қалғанымызды, қандай жағдайда сана-сезіміміздің жұқаратынын ұғыну үшін үш нәрсе қажет: оқиғаға толы уақыт, іркіліксіз ірі ізденіс және ынтымаққа деген ынта-ықылас. Үш фактор дала сахарасының дәстүр-салтынан өзіндік үндеу тапты, күтпеген кедергілерге тап болды» [1.20-б.].

Философия ғылымдарының докторы, профессор Жахан Молдабеков  ұлттың тарихы мен мәдениетін зерттеуде кәсіби философ, ғалым ретінде  қазақтанудың ғылыми әдістемесін де қалыптастырып кетті. Себебі бұл кісі кәсіби философтардың ортасында білім алған, әлемдік деңгейде таныла бастаған ғалымдардың мектебінен өтті. Осыдан да болар, қазақтану мәселесіне ғылыми тұрғыда қарауда, ғалымның мұраларынан әлемдік ғылымдағы тәжірибелердің де ескерілгендігін көру қиын емес.

Өркениеттілік пен мәдениет өрісін кеңейтуге қатысты мәселенің қоғамдағы тарихи сананың қалыптасуы арқылы жүзеге асып отыратындығын өз заманында француз, неміс ғалымдары да ескерді. Байыппен зерделесек көшпелі тұрмыстағы, атамекен жағдайына бейімделген халықтың болмысында, әсіресе оның ұлттық құндылықтарының сақталып отыруында ерекше көзге түсіп отыратын тарихи сана. Бұған қатысты Жахан ағамыз былай деп жазып кеткен: «Қазақ сахарасын дүрліктірген – бостандық идеясы, елім-ай қозғалысы. Қараның да, қадірлінің де мұңын тапқан, мүддесіне жақындаған бұл ұран мен идея халықтың қолдауын тапты. Өз елінің іргесін көтермекшілердің ұққаны: жер орнында, ел орнында болғанда халық тұғыры тураланбақ. Қазақтың халық болып қалыптасуын үш фактор тездетті: өздерін талан-таражға ұшыратқан сыртқы шабуылдардың басылмауы, 1465 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандардың қазақ хандығын құрғаны, халықтың ойын бірігу, бірлесу идеясына үйірді. Оның үстіне, елдің елдігін, халықтың бірлігін азаматтың ерлігін бұрмалаған және бұзатын идеялардың пайдасыздығын, ел оларды күшпен қолданғанда көбіне зиянды нәтиже беретінін қазақтар басынан кешірді» [1.20-б.].

Қазақтанудың негізінде халықтың басынан өткізген тарихи уақыт өрісіндегі ұтылған және ұтымды болған нәрселерді зерделеу, уақыт сынынан өткен тағылымды ескеру жатыр. Уақыт өзгеріп, адамзаттың білімі түрленгенімен тарихи уақыттың сынынан өткен  дүниелердің құндылығы жойылмайды. Керісінше ұлт, мемлекет жаһандану уақытындағы өзгерістермен бетпе-бет келгенде бұның қажеттілігі арта түспек. Бұл мәселеге мемлекет бірден назар аудармауы мүмкін. Көңіл бөлсе де қоғамның ішкі жағдайы ұлттық деңгейдегі дүниелерді толыққанды бірден қолға алуға кедергі болуы ықтимал. Осындай сәтте мемлекетке, әсіресе оның болмысына қажетті құндылықтардың игерілуіне көмектесетін нағыз ғалымдар. Қазақтанушы ғалым Жахан Жанболұлының, өзге де тарихшы, философ, әдебиеттанушы ғалымдардың ұлт тарихының елеулі тұстарын жан-жақты зерттеуде оған ұлттық сана рухымен келетіндігін байқаймыз. Бүгінгі қоғам алдында тұрған міндет осы ғалымдарымыздың еңбегін ғылыми тұрғыда бағалап, идеяларын негізге алу болып табылады. Зерттеулер қайта жалғасуы қажет.

Қазіргі уақытта қазақтану мәселесіне мемлекет тарапынан көңіл бөлінуде. Әсіресе, Рухани жаңғыру бағдарламасына қатысты жобаларды жер-жерлерде жүзеге асыруда осы ғалымдардың тәжірибелері ескеріліп, шығармалары негізге алынса дейміз. Мәселен Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға арналған тұжырымдамасында қазақтану жобасы бар. Қазір достық үйлерінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда, еліміздің кейбір жоғары оқу орындарында (Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларында) қазақтанудан арнайы курстар оқытылуда. Қазақтану мәселесінің күрделі әрі жүйелі түрде зерделеуді қажет ететіндігін ескерсек, бірінші кезекте біздің ойымызша қазақтанушы ғалымдар жазып кеткен ғылыми тәжірибе, идеялар негізге алынуы тиіс. Себебі кез келген мемлекет тарапынан қолға алынып отыратын ұлттық бағдарламалар қоғамдық сананың жаңғыруына, ұлттық бірегейлікті, жекелеген адамдардың азаматтық бірегейлігін қамтамасыз етуге негізделеді. Осы себептен қазақ ғалымдарының зерттеулері мемлекет саясатын жүзеге асыруда негізгі қазықтың бірі болып табылады.

Қазақтанушы ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Жахан Молдабеков туралы көп нәрсе айтуға болады. Әлемдік философияға, соның ішінде көне шығыс философиясына да қатысты мәселелер, қазақ философиясы мен мәдениеті ғалымның ұзақ жылдар бойы зерттеген мәселелері болатын. Ұстазымыз саналы ғұмырында ұлтының мәдениетін, болмысын әсіресе оның рухани негіздерін сомдайтын ұғымдарды зерттеп, көптеген дүниелерді жарыққа шығарып кетсе, іліміндегі идея желісіне арқау болған кісілік қасиеттер алдыменен ол кісінің бойынан табылды, шәкірттеріне үлгі-өнеге беретін күшке айналды. Тарихтан да, қазіргі уақыттан да белгілі ұлттық болмысты өз қалпында, сол деңгейінде зерделеп, ұлықтау үшін ол адам алдыменен соған сәйкес болуы тиіс. Лайықтылық неден шығады? Ол ғалымның өзі зерттеп, жазып кеткен қоғамына насихаттаған тектілігі, осы қасиетпен көрінетін кісілік, ұлтжандылық, елдіктің өрісіндегі дүниелер.

Ғалымның өзі дүниеден өткенімен, оның мұралары, адамгершілік қасиеттерінің тарихта қалатыны белгілі. Кейінгі жаңа буынның ішінен зиялылардың шығуына ықпал етеді. Қазақтануды ұлттық рух өзегі деп түсінген ұстазымыз осылайша тарих пен ұлт мәдениетінің жолында ерекше орын алатын дүниелерді даналықтың таразысына салып, еліміздің ұлттық идеясының даму жолын көрсетіп кеткен. Бұны да тарихтағы нағыз қазақ зиялыларына тән қасиеттің бірі дейміз.

Ғалымның зиялылығы мемлекеттен бұрын, оған қажетті, түбінде мемлекетінің өзі қайтып оралатын, уақыт талап еткенде оған қажетті тәжірибе мен білім түрлерін қалыптастырып кетуінде. Ғалымның зиялылығы көп жағдайда мемлекет, қоғам тарапынан елене бермеуі  мүмкін. Бірақ кез келген өркениет жолындағы елдердің мәдениетіне зер салатын болсақ, оның тарихта өзіне лайықты орынды иеленуіне көмектесетін зиялылар, тәжірибесі мол ғалымдар.  Біздің де тарихымызда солай болған, қазірде солай. Осы себептенде болар, орыс философы Н.А.Бердяев, қашанда интеллигенцияға қойылатын талап, алдыменен олар философияны білуі, меңгеруі тиіс дейді.

Ұлттың философиясы мен мәдениетін нығайтуға қатысты мәселе ұлтты тану, ұлттың өзін-өзі тану идеясы. Қазақтың ұлттану ілімі бұл қашан да қазақтану идеясымен тығыз байланысты. Себебі тарихи уақыттағы тәжірибелер ұлттың тұлғалану болмысын зерделеуде оның атауы мен өмір сүру идеясын зерделеуді талап етіп отырған.

Қазіргі уақытта қазақтану мәселесі қоғамнан, оны насихаттайтын ортадан бір ізділікті талап етуде. Қазақтанудың философиясы ұлттық құндылықтарды бағалауда жатыр. Адамзат мәдениеті жаңа өзгерістерге кезігіп отырғанда, ұлттық құндылықтарға деген сұраныс та арта түседі. Осы себептен бүгінгі уақыт жағдайында қазақтың болмысын зерделеу қазақтану ілімін қажет етуде.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Молдабеков Ж. Қазақ осы – мың өліп, мың тірілген. – Алматы, «Санат», 1998.-2008 б.

2. Молдабеков Ж. Қазақтану және жаңару философиясы: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – 282 б.

 

865 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *