• Ел мұраты
  • 04 Ақпан, 2021

КЕЛЕР КҮНДІ БОЛЖАУ ҚАЗАҚҚА ЖАТ ЕМЕС

Дина Имамбаева,
«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы бас редакторының орынбасары

 Бүгінгі күні қоғам мен мемлекеттің кез келген саласын алдын-ала ғылыми негізделген болжамсыз дамыту мүмкін емес. Болашақтағы мақса­тымызды бүгінгі амалдарымыз ай­қындайды, стратегиялық жоба-жоспарлар да болашақты ескере отырып жасалады. Дамы­ған елдер алдағы жүзжылдықты өздерінің геосаяси мүдделеріне сәйкес тап басып талдап, таразылап қойды. Бұдан олар ұтпаса, ұтылмасы хақ. Әлемнің өзге елдерімен терезесі тең болуды көксеген тәуелсіз қазақ елі де алдына ауқымды мақсат-міндеттер қойып, Мәңгілік ел болу жолын таңдап отыр. Мұндай ұлы міндетті іске асыру үшін таяу және ұзақ мерзімдік болашақтағы ішкі және сыртқы жағдайдың қалай құбылатынын дөп басып, дәл анықтау қажет. Бұл үшін ақпараттық технологиялардың көмегімен сан-алуан деректер мен оқиғаларды талдап-таразылау арқылы арнайы болжам жасаумен айналысатын футурология ғылымына лайықты көңіл бөлінуі қажет. 

Болашақты бағдарлайтын ғылым

Ғылыми, қоғамдық болжам жасау тарихта бұрыннан бар үрдіс. Болашақта бізді не күтіп тұр, алдағы уақытта адамзаттың тағдыры қандай болмақ – қоғам мен адамды толғандыратын маңызды мәселелердің бірі осы. Бұл мәселені зерттейтін футурология (латынша faturam – болашақ заман және грекше logos – сөз, ілім) – болашақ туралы ғылым жеке сала ретінде қарқынды дамып отыр. Терминді алғаш 1943 жылы Батыс Берлин университетінің профессоры О.Флехтгайм «болашақ философиясының» атауы ретінде ұсынған. Футурология әуел бастан адам болмысының негіздеріне үңіліп, әлем мен оны қайта құрудың іргелі негіздеріне бойлаған философияның назарында болған пән. Әлемнің, нақты қоғамдардың тарихи перспективасына қызығушылық, тарихтың барысын түсіндіру, оның нәтижелерін алдын-ала айтуға сұраныс өткір болғандықтан бұл ғылым бірден қолдау тапты. Футурология аясына әлеуметтік, саяси, мәдени, техникалық, ғылыми және басқа бағыттар кіреді. Бүгінде күрделі әлеуметтік болжаумен арнайы ұлттық және халықаралық ұйымдар айналысады.  Олардың арасында АҚШ-тың Калифорния, Чикаго университеттері, Франция мен Германия және басқа елдердегі футурoлогиялық институттар, «Стратфор» орталығы бар.

Ғылым қалай дамиды, әлеуметтік саясат­тың перспективасы қандай, халықаралық қатынастар қай бағытта дамиды – мұ­ның бәрі әрбір мемлекеттің маңызды мәселелері.  Халықтың әл-ауқат деңгейін көтеру, экономикалық ахуалды жақсарту, өнеркәсіпке инвестициялар тарту, т.с.с. іс-шаралар жан-жақты зерделеніп, дұрыс есептелмесе, билік деңгейінде қабылданатын шешімдердің нәтижесі неғайбыл, пайдасы кемшін. Ақпаратты жинау және өңдеу негізінде ғылыми шынайы шешім қабылдау практикалық міндет ретінде әлеуметтік, саяси және экономикалық басқарудың құрамдас бөлігі саналады. Футуролог ғалымдар болашақта болатын қатерлердің алдын алу үшін өз болжамдарын құрып, олардың идеал модельдерін жасайды. Мемлекет соған сәйкес әрі қарай дамудың мүмкіндіктерін іздеп, іс-шаралар  жоспарлайды. Қазіргі уақытта ғылыми-техникалық, экологиялық, әлеуметтік-саяси және басқа салалардағы футурологиялық іс-шаралар ықтимал дағдарыстарды алдын-ала болжап, олардың алдын алуға көмектеседі. Сондықтан, футурологиялық болжам жасау –  болашақтың қалай болмағын сараптау мемлекет үшін де, қоғам мүшелері үшін де маңызды.

Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Махатхир Мохаммад: «Ғылымсыз бүгінгі күнді де, болашақты да елестету мүмкін емес. Біздің өміріміздегі, тұрмы­сымыздағы зат, қызмет атаулының бәрі есімі белгілі һәм белгісіз ғалымдардың еңбегінің нәтижесі. Адамзаттың болашақ тағдырын айқындайтын да сол ғалымдардың зерттеулері» деп жазыпты. Бұл сөздің болашақтану ғылымына тікелей қатысы бар. Футурология ғылыми ойдың жалпы қозғалысына айналған елдерде салалық ғылыми зерттеулер кеңінен жүргізіледі. Болжамдық зерттеулердің екі түрі бар, біріншісі, шынайы жағдайды талдай отырып, оқиғалардың болашақтағы барысының ықтимал нұсқаларын болжау, алдын-ала айту. Екіншісі, балама нұсқаларды анықтау, оған қол жеткізудің жолдарын көрсету. Одан бөлек, оптимистік (немесе жасампаз) және пессимистік (ақырзаманның келуі, топан су, т.с.с.) болжамдар болатыны белгілі.

Футурология болашақты зерде­леу­дің модельдерін құрып, оның мақсат-міндеттерін, мәні мен маңызын және философиялық астарын ашып береді. Осы ретте: «Жалпы футурологияны кең ұғымда қарастыру керек: космофутурология – аспан әлемі, ғарыштың даму эволюциясы, болашақта ғарыштың форматтары қалай құрылады, құрылымы қандай болады деген сауалға жауап іздеу. Геофутурология – Жерпланетасының болашағы, судың тартылуы, жанартаулар, жер қыртысының жай-күйі, мұздықтардың еруі, Күннің жылынуы және басқаларын болжау. Биофутурология –  биологиялық тіршілік иелерінің қазіргі түрлері, саны, деңгейі, жан-жануарлардың, жанды тіршілік иелерінің болашақта өмір сүруінің әдіс-тәсілдері, сақталуы, өзін-өзі қорғауы, т.б. Этнофутурология – ұлттың, мемлекеттің болашағын болжау. Жалпы болашақтану ілімін үш кезеңге бөлуге болады. Біріншісі – жақын болашақ, шамамен алдағы 5-10 жылдан кейін не болатынын болжау. Екіншісі – орта деңгейдегі болашақ, 100, 200 немесе 500 ж????? ??????? ?????. ???????? ? ???? ??????? ?????? ?????????? ???????? ????? ылдан кейінгі уақыт. Үшіншісі – алыс болашақ немесе адамзаттың тағдыры» дейді Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық институты Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының профессоры, философия ғылымының докторы Берік Аташ.  

Футурологтар алдын-ала болжап ай­тып берген ақпараттық, тұтынушылық қоғам айна-қатесіз келді. Ақпараттық қоғамның алғашқы белгілері 1950 жылдары көрініс берген. Бұл Америка тарихында менеджерлер, клерктер, техникалық қызметтердегі «ақ жағалылардың» саны біртіндеп артып, жұмысшылар саны азайған тұс. Америкалықтардың көпшілігі ақпаратты әзірлеумен, өңдеумен, таратумен айналысатын қызметтерге тартылғаны жаңа дәуірдің келе жатқанын білдірген еді. Жаңа күштің көзі – ақша емес, қолдағы ақпарат. Белгілі америкалық футуролог Элвин Тоффлер «Билік метаморфозасы» атты кітабында ақпараттың мән-маңызына сүйене болжам жасайды. «Билікке ие болу –  ақпаратқа ие болу» дейді ол. Тоффлер ақпараттық әдіснама негізінде ең прогресшіл технологиялардың иесі ретінде АҚШ-тың қолында бұдан кейін де әлемдік биліктің шоғырланатынын білдірді. Жалпы әлем бойынша батыс футурологиясы басымдыққа ие және танымал. Белгілі батыс зерттеушілерінің айтқан тұжырымдары аксиома саналады. Атақты футурологтар – Элвин Тоффлер, Сэмюэль Хантингтон, Френсис Фукуяма есімдері жаһандық болжамдар жасаумен әлемге танымал. Кезінде олар болжаған «ақпаратты қоғам», «постиндустриалдық қоғам» ұғымдары шындыққа айналды, әлемді бірінші, екінші деп өркениетке бөлу ереже саналады. Материалдық игіліктерді алға шығарған тұтынушылық қоғам орнап, білім индустриясы, технотронды дәуір қарқын алды. Д.Белл, З.Бжезинский сынды зерттеушілердің болжамы шындыққа айналды.

 Жаһандану процесі шарпымаған ел жоққа тән. Жаһандану дәуірінде батыс құндылықтары прогресшіл саналып, дүниежүзінің барлық елдеріне таралып отыр. Танымал футурологтар да бүкіл әлемді америкалық құндылықтар тұрғы­сынан қарастырады. Бұл салада Батыс сарапшыларының үні үстем. Ал Батыстан мүлде бөлек құндылықтары бар өзге халықтардың болашақ әлемдегі орны қандай? Бұл жөнінде Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық институты Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саясаттану ғылымының докторы Жомарт Симтиков былай дейді: «Шындығында саясаттану, әлеуметтану бойынша батыстың ой-тұжырымдары үстемдік құрып отырғаны рас. Бұл тек батыс мүддесін қорғағандықтан емес, жалпы дүниежүзілік деңгейде аймақтардың да мәселесін қамтиды. Футурология ғылымының батыста дамыған теориялық әдістемесіне сүйене отырып, біз оны өзімізше қолдана аламыз. Өйткені, бұл сала бойынша өз мектебіміз қалыптасқан жоқ. Батыстың саяси, әлеуметтік болжамдарына қарсы пікір айтып, сенімді дәлел келтіру үшін батыстың өткерген мектебін біз де бастан кешуіміз керек. Ол үшін бізге теориялық та, практикалық та тәжірибе керек». Оның айтуынша, қазақстандық саясаттанушылар қазіргі қалыптасқан халықаралық және ішкі жағдайға, көрші мемлекеттерде, аймақтарда болып жатқан дүмпулі өзгерістерге байланысты саяси болжамдар жасап отырады. Ғылыми зерттеулер жүргізіліп, сарапшылардың, қоғамның пікірі ескеріледі.

«Алтын миллиард» теориясының

негізі бар ма?

Батыс құндылықтарының апологеттері болашақ дамыған елдер үшін ғана жағымды, оңтайлы қалыптасатынын меңзейді. Бірақ саяси болжамдардың бәрі 100 пайыз шындыққа айнала бермейтінін айтады Б.Аташ. «С.Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» дейтін еңбегі, одан бұрын Освальд Шпенглердің «Еуропаның құлдырауы» деген болжамы болды. Олар адамзат қоғамының дамуы жөнінде белгілі бір модельдер құрды. Бірақ олардың кейбір болжамдары сәйкес келмеді, мысалы Шпенглер «ХІХ ғасырда Батыс Еуропа қоғамында рухани, моральдық, экономикалық құлдыраулар болады, сондықтан, Еуропа мемлекеттері өзінің өмір сүру дәуірін аяқтайды» деген болатын. Ондай белгілер әлі байқалмайды, демек болжам абсолютті сәйкес емес. Ал Хантингтонның өркениеттер қақтығысы қазіргі заманда идеологиялардың қақтығысына айналып отыр. Өркениеттер қақтығысы деген міндетті түрде соғысу емес, мәселен қазір жаһандандыру, америкаландыру, арабтандыру, т.с.с. секілді көптеген идеологиялар арасында белгілі бір қақтығыс бар, яғни Хантингтонның болжамы 50 пайыз сәйкес келіп тұр. Бәлкім, Шпенглердің болжамы 100, 200 жылдан кейін келер. Немесе осыдан 50 жыл бұрын Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алады, дербес ел болады деп ешкім болжаған жоқ, – дейді Б.Аташ. – Мен өзім жасампаздық футурологияға ұмтыламын, соған сәйкес біздің еліміздің даму мүмкіндігі көп. Халқымыздың орташа жасы Еуропаға қарағанда төмен, демек бізде өсіп-өнудің зор потенциалы бар. Мысалы Эстония, Германия, Испания сияқты елдерде бала туу азайып жатыр, отбасында бір бала не болмаса ол да жоқ, – дей келе ғалым Батыс елдеріне қарағанда қазақтың отбасылық дәстүр әлеуеті мол екенін алға тартады: – Негізінде халық саны өсу үшін әр отбасында 3-4 бала болуы керек, біреуі әкесінің, біреуі шешесінің орнын басады, үшіншісі өсім береді. Өлім-жітім болуы да мүмкін, сондықтан, халық саны өсу үшін ең дұрысы – 4 бала. Қазақтың дәстүрлі отбасында көп бала болған, бұл ұлттың қорғаныш тетіктерінің бірі. Ата-бабамыз ұл туса қуанған, себебі ол – ел қорғайтын жауынгер. Ауылдық жерде қазір де бала туу деңгейі жоғары, халықтың материалдық жағдайы төмен болса да бала туу көрсеткіші жақсы. Ал қалада әл-ауқат жоғарылау болса да бала саны аз. Дәл қазір біздің халқымызға сандық өсім керек. 2030 жылы адам саны неше миллион болады, 2050 жылы қанша, соның бәрін есептеп, модель құру керек. Түрлі індет, т.б. қатерлер бар, соның алдын алу, зиянын азайту үшін де болашаққа болжам жасап, соны іске асырудың тетіктерін табу маңызды».

2020 жылғы коронавирус індеті кезінде қоғамда әлемдегі халық санын вирус тарату арқылы азайту туралы пікірлер пайда болды. «Алтын миллиард» туралы қауесет желдей есті. Осы сөздердің негізі бар ма деген сауалға саясаттанушы ғалым Ж.Симтиков: «Қазіргідей орасан зор ақпарат ағынында ақпаратты талдау, синтездеу оңай емес. Дәстүрлі газет-журнал, радио, теледидардан бөлек интернеттің қарқынды дамуына, жалпы тілдік кедергінің бірте-бірте жойылуына байланысты ақпаратты шектеу қиын. Сол себепті ақылға қонымсыз теориялар халық арасында таралып кетеді, кейде ол қоғамда үрей, қорқыныш туғызады. Жер бетіндегі адам санын азайту туралы долбарлар ақылға сыйымсыз деп есептеймін. Бірақ биологиялық соғыс жүріп жатыр деуге негіз бар. Ол белгілі бір мемлекеттердің мүддесінен туындауы мүмкін. Мұны экономикалық үстемдік, нарықтың көзі үшін күрес деп те айтады. Дегенмен, «алтын миллиард» туралы теорияның ғылыми негізі жоқ» деп жауап берді.

Бір ұлттан ғана тұратын

мемлекет жоққа тән

Футурологиялық болжамдар бойынша ұлттық мемлекеттердің болашағы қандай болатыны қызығушылық қана емес, алаңдаушылық та тудыратын сауал екені рас. Одан бөлек, қазіргі шекара ұғымы шартты сипат алған шақта бір ұлттан ғана тұратын мемлекет жоққа тән. Біздің еліміз әсіресе ХХ ғасырдағы тарихи процестер барысында осы жерге қоныс   аударған көптеген ұлт өкілдерінің тұрғылықты мекеніне айналды. Олар бүгінде Қазақстанды өздерінің Отаны санайды. Дегенмен, жаһандану жағдайында диаспораланудың ұлт-мемлекет үшін әсері қандай деген сауалдың тууы заңды. Философия ғылымының докторы Б.Аташ: «Адамзат эволюциясында талай ұлт жойылып кетті, қазір де қаншама ұлт жойылудың алдында тұр. Тарихтың даму үрдісі солай, бір ұлт құрып, бір ұлт гүлденіп жатады. Ұлттық мәдениеттердің, ұлттық мемлекеттердің ұлттық болмысы және олардың мәдениеттері қашанда өзін-өзі сақтап қалуға ұмтылатыны күрделі тарихи-әлеуметтік процестің бірі. Егер ұлт жойылып бара жатса оның рухы күшейе түсуі немесе өшіп қалуы мүмкін. Бұл халықтың ділінің, архетиптерінің көріністері. Біз тіл, діл деп жанталасып жүрміз, соның бәрі жойылып кетпеудің қамы. Бергі заманғы отарлау саясатын айтпағанда тіпті ғұндар заманында оларды құрту үшін жан-жақтан қаншама шабуыл жасалды. Одан кейін түркі мемлекеті құрылды, сосын ол да ыдырады. Қазақ халқы талай тарихи дәуірден өтті, күні кешегі 1937 жылы отаршылар қазақты жер бетінен жойып жіберуге тырысты. Ұлтымыз бұл нәубеттен үлкен құрбандықпен аман шықты.Тәуелсіздік жарияладық, дербес  ел болдық. Бұл да елдің ұлттық рухының көрінісі. Әр ұлттың өзінің ішкі қуаты мықты болса, сол ұлт сақталып қалады. Дүниежүзі халықтарының қауымдастығында, мәдениеттер диалогында тіршілік етуге қабілетсіз ұлт өзінен-өзі жойылып кетеді.Мысалы, қазір Ресей құрамындағы татар, башқұрттар өздерін көтеріп жатыр, ал якуттардың, буряттардың ұлттық рухы әлі оянған жоқ, бір кезде оянуы ықтимал. Әрине, тілін ұмытқан ұлт басқа ұлттың құрамына сіңіп жоғалып кетеді. Бірақ мультикультурализм деген ұлтты жоюға бағытталған құрал емес, ол сол мемлекетте тұратын барлық ұлттар өз мәдениетін, дәстүрін, тілін өздері сақтай берсін, біз де өз тілімізді сақтайық деген мақсатта құрылуы тиіс модель» деп тұжырымдайды.

Ал «бір мемлекет – бір ұлт – бір тіл» деген қағидаға келсек, Ж.Симтиковтің айтуынша, қазақтардың кешегі өмір сүру стилі мен бүгінгі өмірінің арасында үлкен айырмашылық бар. «Қазіргі заманда ауылда туған бала қалада өсіп, шетелде жұмыс істеуі мүмкін. Жастар жақсы өмір сүру үшін ғылым мен техниканың тілін меңгеру керек екенін біледі. Осы тұрғыдан қарағанда, ұлттық салт-дәстүрімізді, шыққан тегімізді, тіліміз бен ділімізді ұмытпайтындай, сақтайтындай жағдай жасау керек. Ол үшін сәби кезінен бастап азаматтық көзқарасы қалыптасқанға дейінгі аралықты дұрыс пайдалансақ, болашақ азаматтың іргетасы жақсы қаланады. Ұлттық іргетасы мықты болса кейін қай елде тұрса да, қай тілде сөйлесе де ол адам ұлт үшін жоғалмайды. Іргетасы дұрыс қаланбаса, ұлттық негізі сақталмаса діл мен діннің, салт-дәстүрдің көмескіленуіне әкеп соғады. ХХ ғасырда қазақ қалаға ағылды, ХХІ ғасырда агломерация күшейді, ауылда жастар азайды. Егер біз қазір әлеуметтік саясатты дұрыс құрмасақ, ауылға көңіл бөлмесек, бірнеше жылдан кейін ауылды жоғалтып аламыз. Бұл біздің іргетасымыз шайқалады деген сөз. Қалада білім жақсы, ақпарат алу жағынан мүмкіндік мол. Мүмкіндік болған сайын біз жеңіл өмір сүруге, қолайлы тұрмысқа көп көңіл бөлеміз, бұл жағдайда ұлттық құндылықтарға қажеттілік болмай қалуы да ғажап емес. Сол себепті елдің, әсіресе ауыл тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсартуға мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлу керек» дейді саясаттанушы ғалым.

Салт-дәстүрдің өзгеруі,

адамдар мен вирустар қайшылығы...

Қазір қоғамда ұлттық салт-дәстүріміз туралы қым-қиғаш пікірлер бар екені белгілі. Өкінішке қарай, халқымыздың ықылым заманнан келе жатқан өміршең әдет-ғұрыптарын мән-мағынасын ұғынбастан мансұқтап шыға келетін кейбір жастарды қағынан жеріген демеске амал жоқ. Қазаққа тән «обал», «сауап», «қанағат» ұғымдары дәстүрге сай тәрбие алған адамдар ғана түсініп, ұстанатын сирек қасиетке айналды. Әрине, қоғам дамыған сайын әрбір ұлт өзінің болашағына жақсы, жағымды ықпал ететін дәстүрді ғана сақтауы, оларды ұрпақтан-ұрпаққа берудің жауапкершілігін терең ұғынуы тиіс. Осы тұрғыда алдағы уақытта қандай дәстүрімізді сақтап, қайсысынан арылуымыз керек, дамуға кедергі болатын әдеттеріміз бар ма деп ойланатын жайттар баршылық. Бұл турасында Ж.Симтиков: «Бүкіл әлем бойынша алғанда біздің ең жақсы қасиетіміз – қан тазалығы, «жеті ата» феномені. Тағы бір қасиетіміз – түркітілдес халықтар ішінде қазақ халқының қабілет-қарымы, зеректігі ерекше. Негізінде бұл гендік тазалықтан болса керек. Бірақ, бір өкініштісі, жеті ата деген желеумен ру-тайпаға бөліну, тамыр-таныстықты пайдалану белең алғанын жасыра алмаймыз. Оның себебі, қазақ халқы баланы шектен тыс әлпештейді, оқуын да, мамандығын да таңдап береді, жұмысқа орналастырады. Бұл қоғамдағы жемқорлыққа, тұрақсыздыққа, инфантилизмге әкеп соғады. Міне, осындай теріс әдетті тыю керек. Бала кәмелеттік жасқа келген соң бұдан арғы өміріне жауапкершілікті өз мойнына жүктеген жөн. ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамы орта ғасырдағы қазақ қоғамы емес, Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың мүшесі, өркениеттен өз орнын алуға ұмтылған мемлекет. Әлемдік кеңістікке шыққан ел өз құндылықтарын модернизациялауы тиіс. Президент Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында айтқандай, «ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін уақыт талабына сәйкес ұлттық бет-бейнемізді жаңаша қалыпта сақтайтындай салт-дәстүрімізді ұстансақ, болашақта ұрпақ сабақтастығы да үзілмейді» деп тұжырымдайды. Ал философ-ғалым Б.Аташ: «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып – психологиялық типіміз, діліміз бойынша құрылған дүниеге көзқарас. Қазір оларға рационалды тұрғыдан верификация жасап, қайсысы дұрыс, қайсысы теріс, зиянды жағы мен жағымды жағын саралау, ара-жігін ажыратып алу қажет. Даму үшін қажетті, пайдалы дәстүрді қалдыруға болады. Мысалы, Абай қазақ қоғамын қатты сынады, соның ішінде кейбір дәстүріміз де бар. Бірақ бұл жердегі түйткілді мәселе – қазір керегі жоқ деп табылған дәстүр бір кездері қайтадан қажет болуы ықтимал, ал қазір тиімді, пайдалы дегенімізді кейін зиян деп жоққа шығаруымыз мүмкін. Мысалы, кезінде отыз күн ойын, қырық күн той жасады, үш жүзге сауын айтып ас берілді. Бұл дәл қазіргі жағдайда тиімсіз. Әрине, дәстүрдің мынауы оң, мынауы теріс деп кесіп айту қиын, сонда да бізге тиімді дәстүрлердің тізбесін жасап, соны қайта жандандыруға мүмкіндік бар. Мәселен, қазақта ұл мен қызды сәби шағынан атастыру деген болды, бұны Кеңес үкіметі ескіліктің сарқыншағы, адамды байлап-матау, құқын бұзу деді. Бірақ сол атастырылып үйленген адамдар салиқалы, парасатты ұрпақ тәрбиеледі. Меніңше, бұл өте дұрыс. Ал қазір ше? Әлеуметтік зерттеулер бойынша, үйленген жастардың үштен бірі үш жылға жетпей ажырасып кетеді. Өйткені, олар бір-бірін жетік танымай, кездейсоқ үйленген. Егер атастырылған болса, ұл әкесін, қыз шешесін тыңдайды, жар іздеп жүріп адаспайды, отбасында бірін-бірі сыйлайды» деп пайымдайды.

Болашақты болжау ғылымының тағы бір маңызды саласы өзіміз өмір сүріп отырған Жер планетасының жағдайынан туындайды.Қарқынды ғылыми-техникалық даму, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге байланысты адамзаттың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету үдерісі табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін туғызды. Әлем халқын экологиялық апаттан құтқару үшін дәстүрлі техникалық-экономикалық парадигманың орнына «Тұрақты даму» парадигмасы келуі керек дейді шетелдік сарапшылар. Бұл «Рим клубы» қозғаған планета халқын реттеу мәселесімен ұштасып жатыр. 1970 жылдары Рим клубының философтары, соның ішінде Д.Форрестер, Деннис Медоуз: «Жер бетінде адам санын реттеу керек, себебі, планетамыздың ресурсы шектеулі, халық саны өскен сайын оны қамтамасыз етуге қабілетсіз, сондықтан, адам санын саналы түрде азайту, өндірістің дамуын қысқарту керек» деді. Бұл жөнінде қарама-қарсы ғылыми пікірлер де бар.

– И.Пригожин мен И.Стенгерстің айтуынша, табиғат – өздігінен реттелетін жүйе. Бұл ғалымдар «Бейберекеттіктен туған тәртіп» деген еңбегінде табиғат өзінен-өзі реттеліп отырады, оны сырттан реттеудің қажеті жоқ деді. Осы тұрғыдан қарағанда, кейбір елдерде бала туу санының азаюы табиғи эволюцияның заңдылығы болуы ықтимал. Балықтар, дельфиндер қырылып жатыр деп естиміз, бұл да табиғаттың өзін-өзі реттеуі. Ал вирусты адамзат санын реттеу үшін саналы түрде қолдану жөнінде әзірше нақты пікір айту қиын. Ақпараттың анық-қанығына жетпей сенуге болмайды. Биологтардың айтуынша, бұл вирус түрлі формаға ауысып отырады, мына түріне ем тапқанда ол басқа түрге айналып кетеді. Оның қауіптілігі сонда. Қазір атом қаруын қалқан қылатын мемлекеттер бар, бірақ онымен вирусты жоя алмайсың, оны трансгипноздау, психологиялық әсер ету мүмкін емес. Ол мүлде басқа форматтағы нәрсе. Меніңше, келешекте адамдар мен вирустар арасында үлкен қайшылықтар туады, біріне-бірі бәсекелес те болуы мүмкін. Себебі Жер планетасында адамның өзі басты қатерге – вирусқа айналып, табиғатты жойып жатыр, экологиялық дағдарыс туғызды. Ал вирус табиғатқа зиян келтірмейді. Міне, осының өзі табиғатты қорғайық, экологиялық баланста өмір сүрейік деген ескерту. Адамдар жоғары сана биігіне жеткен уақытта ғана біз вирустан құтыламыз. Ондай сана деңгейіне індеттің өзі мәжбүрлеп, еріксіз түрде жеткізеді. Басқа жол жоқ, – дейді Б.Аташ.

Қазір әлем бойынша дін саяси сипат алып, идеологиялық қарудың бір түріне айналды. Бізде де қазір түрлі діни ағымдар бар, бұны біреулер идеологияның кемшіндігінен деп пайымдайды. Қоғамдағы идеологиялық хаосты дін толтырған кезде адамдар теріс ағымдардың шылауында кететіні кейбір елдердің тәжірибесінде дәлелденген. Осыдан бірнеше жыл бұрын кейбір қазақ қыздары хиджаб киіп, жігіттер сақал өсіре бастағанда «елімізде діни фанатизм орнайды» деген пессимистік болжамдар туды. Бірақ, ғалымдар мұны уақытша құбылыс санайды. Дін ұстанатынын сырт бейнесімен де білдіретін адамдардан құралған субмәдениет өкілдері бар болғанмен де, ғалымдар «Бұл көрініс бірте-бірте жойылады немесе азшылық қалпында қалады. Бұны қоғамға қауіпті тенденция деуге болмайды, егер халықтың 70-80 пайызы діни фанатизмге беріліп кетсе, сол қауіпті» деген пікірде. 

Маман даярлауға мән берсек

Футурология ғылымының мән-мағы­насына бойласақ, оның қазаққа жат емес екенін байқаймыз. Халқымызда көріпкелдік қасиеті бар ерекше адамдар қай заманда да болған. Мәселен, қазақы таным-түсінікте жауырыншы деген бар. Жауырыншылық өнер соғыспен, жауынгерлікпен тікелей байланысты, жауырыншы — жауырын сүйегіне қарап болашақты болжайтын адам. Бұл жөніндегі деректер батырлар жыры мен ертегілерде жиі кездеседі. Адамның тісі тимеген қойдың жауырынының етін сылып тастап кептіреді. Отқа салып қарап отырып, соғыс, жорық нәтижесін болжайды. Соған сәйкес жауға қарсы айла жасаған. «Есепшіні жұт алады, жауырыншыны жау алады» деген мақал сол жаугерлік дәуірден қалған сөз. Көріпкелдік болжамдар қазақтың ауыз әдебиетінде, жыраулар поэзиясында жиі кездеседі. Мәселен, үш ғасыр бұрын өмір сүрген, заманның аңысын аңдай білген белгілі жырау, сәуегей Мөңке би: «Құрамалы-қорғанды үйің болады‚ Айнымалы‚ төкпелі биің болады... Алашұбар тілің болады‚ Дүдәмалдау дінің болады» деп, қазіргі уақыттың кескін-кейпін дәл болжапты. Осы орайда бағзыда ханға кеңес айтқан дала данышпандары сияқты, қазіргі көріпкел, бақсы, экстрасенстерді қоғам дамуы үшін неге пайдаланбасқа деген ой туады. Ғалымдардың бұл жөнінде өз пікірі бар. «Ғылыми болжау бар, көркем шығармашылық болжау бар. Мәселен фантаст-жазушылар болжаммен жазады, ғалымдар ғылыми математикалық модельдер құрады. Негізі құмалақ салу, бал ашу, жауырынмен қарау деген кез келгеннің қолынан келмейді. Асан Қайғыдан бастап Мөңке би, Шортанбай мен Бұқар жырау жай адам емес, аруақ қонған арқалы жан болған. Белгілі бір деңгейде рухтармен үндестігі болды, әр сөзін ойланып-толғанып шығарды. Сондықтан, айтқандары келді. Қазіргі экстрасенс, көріпкелдердің бір кемшілігі, олар заманның тез дамып бара жатқанын түсінбейді. Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын әлемнің кез келген елімен кез келген сәтте сөйлесе береміз деп ешкім ойламады. Бүгін міне Илон Маск «Марста адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызамын, Сахараның құмынан су шығарам» дейді, бұл да әлі-ақ орындалады. Бүкіл құжатың бір чипте сақтаулы. Барған сайын ақпарат тығыздалып барады. Бірақ біздің көріпкелдердің болжау қасиеті болғанмен, өзгерістерге бейімделмей жатыр. Олар адамның жеке өмірін болжап бере алады және ол сәйкес келуі мүмкін, ал бүкіл қоғамға болжау жасаймын деп жауапкершілік ала алмайды. Оған көп білім керек» – дейді Б.Аташ.

Расында, заманның бағыт-бағдарына қарасақ, білім мен жаңа технологияның дәурені жүріп тұр. Танымал футурологтар «Болашақ адамының өміріндегі ең маңызды құрамдас не: техникалық жетістіктер ме, әлде адами құндылықтар ма?», «Жаңа дәуірдегі білімнің рөлі қандай?» деген сауалдар төңірегінде зерттеулер жүргізіп, өз тұжырымдарын айтып жүр. Ғалымдар адамзат өмірінде технологиялардың үстемдік құратынын бір ауыздан жақтайды. Айталық, белгілі футуролог Ф.Фукуяма «Технократтар ғана дамушы елдерде өзгеріс жасай алады» деген сенімді пікірде. Бұл тұрғыда таяу болашақта Қазақстан үшін ғылым мен техниканың, білімнің даму бағыттары қандай болатыны көзі ашық әрбір азаматты ойландырады. Сол себепті мемлекеттік деңгейдегі ауқымды іс-шараларға зер салады. Ж.Симтиковтің айтуынша, мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық жоспарлардың бәрі футурологиялық іс-шараға жатады. Мәселен, 2014 жылы елімізде «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру» бағдарламасы қабылданды. Бұл қазіргі уақыт талабынан туған маңызды жоба. «Мәңгілік ел» бағдарламасының негізінде де адами капитал жатыр. «Интеллектуал ұлт қалыптастырудың қазақ халқында тарихи-әлеуметтік берік негізі бар, – дейді осы тұрғыда Б.Аташ. – Мысалы, дәстүрлі өнерді алсақ, жыршылар 30-40 жырды бірінен соң бірін жатқа айтады. Жүздеген жылқыны түсіне қарап танитын адамдар бар. Яғни, қазақтың есте сақтау қабілеті, жады күшті. Би-шешендердің сөзі, жұмбақ-жаңылтпаш, мақал-мәтелдер – бұның бәрі қазіргі заманның логикалық ойлау жүйесіне сәйкес келеді. Демек, біздің генімізде сақталған қасиеттер интеллектуал ұлт қалыптастырудың мүмкіндігі, перспективасы зор екенін көрсетеді». Ғалым «Жүз оқулық» жобасы осы бағыттағы өте тиімді жоба екенін айта келіп, аталған бағдарламаны іске асыру үшін осындай нақты тетіктер жасалуы қажеттігін айтады. 

Футурологияның ең басты әрі маңызды саласы саяси болжамдар екені белгілі. Қазақстан егемендік алған күннен бастап сыртқы саяси басымдықтарын айқындап, көпвекторлы бағыт ұстанды. Бұл саясат осы уақыт ішінде өзін-өзі ақтады және бұған еліміздің басшылығы мен халықаралық қоғамдастық тарапынан лайықты бағасы берілген. «Қазақстан Республикасының көп векторлы саясат ұстануы географиялық, аймақтық тұрғыдан маңызды қажеттілік. Қазақ­стан экономикалық әлеуеттік қоры мол әрі әскери-стратегиялық аймақ болғандықтан, геосаяси жағдай өте күрделі. Осындай үлкен әрі бай территорияға ие болу, оны ұстап тұру – қазақ халқына ата-бабасының арқасында бұйырған бақ, үлкен сый. Қазақстан әлемдік кеңістіктен өзіне лайықты орнын бекемдесе, экономикалық дамуда табысқа жетіп, қуатты мемлекетке айналсақ, ұлттық мүдде басымдық алатын уақыт келеді» дейді бұл жөнінде Ж.Симтиков. Ол үшін, әлбетте, Қазақстан әлем мойындайтын жетістіктері бар, әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты жоғары, дамыған ел болуы тиіс.

«Жастық шақ қазіргісін ғана ойласа, кемел жас бүгінгісін де, бұрынғысын да, болашағын да елеусіз қалдырмайды» деген екен бір ойшыл. Қорыта айтқанда, өркениетті мемлекеттерде лайықты қолданылып отырған футурология ғылымына назар аудару – уақыт талабы. Еліміздің жоғары оқу орындарында футурология мамандығын ашып, талантты жастарды оқытуға көңіл бөлінсе игілікті іс болмақ. Жақын және алыс болашақтағы қауіп-қатерлерді болжап, алдын ала іс-әрекет жасасақ, халқымыз бен мемлекетімізге тиімді. Болашақтағы мақсатымызды бүгінгі амалдарымыз айқындайды. Жоба-жоспарлар да болашақты ескере отырып жасалады. Футурология ғылымы қауіпсіздік үшін де, жетістікке жету үшін де қажет.

1041 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз