• Заманхат
  • 04 Ақпан, 2021

МҰҚАҒАЛИ БИІГІ

Мінуар ӘКІМХАНОВ, 
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Биыл ақпан айында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толады. Мұқағали Мақатаевпен алғашқы танысып, табысқанымды ойға алсам, одан бері елу екі жыл өтіпті. Ол  кезде  өрімдей  жас,  өлең  өнеріне   өлердей    ғашық,  албырт  көңіл  ауыл  баласы   едім. Әр  нәрсеге  әуестікпен   қарап,  атағы   алысқа  кеткен  ақын   ағаларды   көруге    көңіл  құлатқан  құмарлы  сағыныш  басым   еді.  Оның   үстіне   жапырақ   жамылған    жасыл  қала   Алматыға  келіп,  жаздың   жұпарын   жұта   жүріп,  жоғары  оқу  орнында  оқи  бастаған   тұсым   еді.

Әлдеқандай  бір  шаруамен  сол  кезде Жазушылар одағында  қызмет   істейтін,  белгілі  сыншы  Зейнолла   Серікқалиевті  іздеп,  Қазақстан   Жазушылар    одағы орналасқан   үш   қабатты   үйге   бардым. Аз-кем   сұқбаттасқан соң,  екеуміз де   бөлмеден  сыртқа  шықтық. Дәл  сол  мезетте   өзім   сыртынан   біліп, көріп,  бірақ   тілдесуге   жүрексініп   жүретін  және   «Жұлдыз»  журналында  қызмет  істейтін    ақын   Мұқағали  аға   бізге  қарсы   ұшырасты.  Зейнолла   екеуі   емен-жарқын  амандасып,  әлденелерді   әңгімелеп   тұрды.  Мұқаң   маған   көңіл  аударып,  көз   қиығын  салған   да  жоқ.  Бұл   бір-бірімізді  әлі  жыға  танымағандығымыздан  еді. Бір  мезетте  Зейнолла   ақын  ағаның   сөзін   бөліп:

– Мұқа,  сізді  мына   бауырыңызбен   таныстыру   тарс  есімнен   шығып   кетіпті,  кешірім   өтінемін, – деді.

Мұқаң менің бетіме тіктеп бір қарап алды да:

– Жас жігіт, сен өзің қай жақтансың?

– Мен   Нарынқолданмын.

– Оның  қай   ауылынансың?

– Сарыжазданмын.

– Е, онда сен, Алжан  болғаннан   саумысың,  атың  кім? Мұнда   не   жұмыспен   жүрсің?  Мына   алыстан   келген  Атыраудың   қазағымен  қайдан  танысып,  табысқансың?  Өз   ағаңды   жағалағаның   жақсы   еді  ғой, – деп   сөзінің  аяғын   әзілге   апарып   тіреді.

Мен  Мұқағали   ағама    бірер  жылдан   бері  атақты   ақын   Әбу   Сәрсенбаевпен  араласатынымды,  сол  кісі  арқылы З.Серікқалиевті  танығанымды,  Қазақ   Мемлекеттік    университетінің  журналистика   факультетінде  оқитынымды  айттым.  Сөзімді  мұқият     тыңдап   алған  ақын    аға  сәл   ойланып  тұрды   да:

– Оқып   жатқаның   оңды   болған  екен.  Өзің   қадір   тұтқан   Әбу   қарт  қайырымды  адам.  Сен   секілді   ауылдың  талай  жасына   жақсылығы   тиген.  Енді  сен   сол   Әбекеңнің  етегінен   ұстап   айрылма,  ақылын   тыңдасаң,   адаспайсың.  Ол  кісі   бізбен   көрші    тұрады.  Өз басым  Әбекеңді   қатты  қадірлеймін,–деді.

Бірде  Әбу  ата мені   Мұқағали   ағаның   үйіне   жұмсап, насыбай   сұратты. Мұқаңның   насыбай   ататынын  сонда   білдім.  Үйіне   барғанымда,   есікті  ақынның   өзі  ашты  да, бірден  тамақ   ішетін   бөлмеге  бастап   барды. Лашын   жеңгемізді   дауыстап   шақырып  алып:

– Мына   жігіт  қайның  болады,  қуыс  үйден  құр  шықпасын, көже  бер,–деді. Жеңгем  маған  кешіктірмей   кесе   толы  арпа көже   ұсынды. Ауылда   жүргенде   талай  ішкен  арпа   көжені   алғаш  рет  қалалық  қазақтың   үйінен  кездестіріп   отырғаным  бір түрлі  қызық  көрінді. Енді  ойласам, бұл  көрініс қаншалықты  қалада тұрсақ  та  біздің  тамырымыз  ауылда  жатыр,  осыны  жадыңа  жатта, ауылыңды  ардақ  тұт  дегенді  меңзегені  екен  ғой.

Мұқаң   кездесе   қалса,  ең   алдымен, «Елге  бардың  ба? Аудандық  газетте   кімдер  қызмет  істеп  жүр  екен? Ертеректе  сол  газетте  мен  де  жұмыс  істегенмін,  өзіңнің   сол   жақтағы  қаламгерлермен   қарым-қатынасың  қалай? – деп   сұрақтың  астына   алатын. Содан  соң, өлең  өнері   жайында  әңгіме  қозғап: «Зорланып  қалам   тартпа,  еркіңнен    тыс  туған  нәрседе  нәр  болмайды. Жас  кезіңде   өндіртіп   жазғаның  жақсы.  Әйтсе  де,  жылауық  өлең  жазып,  өлермен  ақын  атанған  абырой  әпермейді», – дейтін  еді. Жақсы  да  жарқын  ағаның  осы  бір  ағынан  жарылған  адал   сөзі    жадымда  мәңгі  жатталып  қалды.

1968  жылдың   қоңыр   күзінде  ақын   үйінің  есігін  екінші  рет  аштым. Ақын  жұмыс  бөлмесінде  көңілді  отыр  екен.  Келген   шаруамды   айттым. Бұлданып,  бұлтақтаған  жоқ. Сәті  түссе  көмек  көрсетемін  деді. Дастарқан  басынан   тұрған   соң жазу  бөлмесіне қайта  бастап  барды.  Үстелінің  тартпасынан  сол  жылы  жарық  көрген  «Қарлығашым, келдің  бе?»  деген  жыр  жинағын  алып,  оған «Мінуар, бауырым.  Армандаған  биігіңе  көтеріл, еңбегің  ісіңмен   өтелсін. Жақсы ниетпен ағаң – Мұқағали. 04.Х.1968» деп  қолтаңбасын  қойып, кітабын  ұсынды. Мен ақын ағам астыма ат мінгізгендей қуаныштан жарыла жаздап, сыртқа шықтым. Сол кітапты бойтұмардай көп жыл сақтадым. Ақын ағамыз ата-бабасы ғұмыр кешкен Нарынқол ауданына қарасты Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Ал аяулы анасы Нағима апамыз бертінде жасы тоқсанға таяп барып өмірден өтті.

«Мен де адаммын жаралған сүйек-еттен», – деп әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов айтқандай ақын Мұқағали да даланың даңғыл жолымен жүріп өткен жоқ. Ол кісі де өмірдің өрлі-еңісті, кедір-бұдыр кезеңдерін басынан кешті. Бірде ақын алыстағы ауылда мұғалім болып жүргенінде жүйкесіне жүк артқан бір оқиғаны ортаға салғаны бар.

– Мектептегі партия ұйымының хатшысы колхоз төрағасының зайыбы еді, – деп еске алды ақын аға өткен өмірін. – Сол әйелдің бастамасымен бастауыш партия ұйымы менің партиялық мәселемді қарады. Таққан айыбы – менің ащы суды «артық ішіп», көптің көңіліне көлеңке түсіргенім болды. Жастық шақтағы шалағайлығымды, ел ішіндегі еркелігімді ескермеді, қатал үкім жасауға үміт артты. Жиналыста соңғы сөз өзіме берілді. Сөзді қыңырланбай, қысқа қайырдым. Бірақ сөз арасында «Күштінің боғын жеген ит құтырады» деген аталы сөзді аңдаусыз айтып, арандап қалғанымды артынан аңғардым. Қолында билігі бар адамдардың басыма әңгіртаяқ ойнатарын ойладым да, көп тұрмай Алматыға аттандым. Мұнда келгеніме өкінбеймін. Өлең қуған өнерлі ортаға түстім. Жақсы-жаманды көріп, көңілімнің көзі ашылды.

Хантәңірі секілді аспанмен астасқан асқар таудың баурайында отырған ел талантты өренге тапшы болған емес.

Ақиық ақын Мұқағалимен үзеңгілес, сырлас, сыйлас болғандары да бар. Солардың бірі – өмірден ерте кеткен Оралбек Шамырханов дейтін азамат еді. Есімі аталған ағамыз жайдары мінезді, ақын жанды, ақжарқын кісі еді. Жазған өлеңдері көзінің тірісінде аудандық, облыстық газеттерде жарық көріп жүрді. Қазіргі Райымбек ауданының Сүмбе, Нарынқол, Текес, Сарыжаз ауылдарындағы орта мектептерінде ұстаздық қызмет атқарды. Жасы Мұқағали ақынмен қарайлас болатын. Жастық шақтары бірге өткендіктен бе, екеуі кездесе қалса қалжың- дасып, әзіл әңгіме айтып, көңілді отыратын.

1970 жылдың 3 қаңтарында Оралбек аға екеуміз Алматыға жол тарттық. Кешкі апақ-сапақта Алматыдағы Интернационал (Қазір С.Мәуленов атындағы көше) көшесі, 129-үйдің 20-пәтерінде тұратын Мұқағалидың үйіне атбасын тіредік. Ақын ағамыз үйінде екен. Ауылдан келген бізді жылы қарсы алды. Лашын жеңгеміз кешкі астың қамына кірісті білем, көпке дейін біз отырған бөлмеге бас сұқпады. Әлден уақытта ақ дастарқан жайылып, алдымызға иісі бұрқыраған ет келді. Кешкі астан соң, Мұқаң бізді жұмыс бөлмесіне бастап барды. Соңғы кезде жазған өлеңдерін оқыды. Келесі бір мезетте «Райымбек бабам жайлы сүбелі шығарма жаза бастап едім, енді содан үзінді тыңдаңдар» деп құлаққа жағымды қоңыр даусымен өлең жолдарын оқи бастады. Арада бірнеше жыл өткенде, Мұқаңның «Райымбек, Райымбек» атты поэмасы кітап болып жарық көрді. Шығарманың алғашқы тыңдаушысының бірі болғанымды мақтан санаймын. Сол күні елден келген екі қонақ Мұқағали ағамен бір бөлмеде түнедік. Әзілі жарасқан екі құрдас түннің бір уағына дейін өткен-кеткен өмір қызықтарын айтып, күлісіп жатты. Ертеңгі шай үстінде Мұқаң: – «Латын Америкасының атақты ақыны Уитменнің өлеңдерін қазақ тіліне аударып едім, жақында жеке кітап болып жарық көрді. Соның бірін саған сыйлайын, – деп Оралбек досына көлемі шағын жыр кітапты ұсынды. Сәлден соң әлгі кітапты Орекеңнен сұрап алып, оның алғашқы бетіне қарағанымда «Тауда өскен тамаша досым Оралыма – алматылық ақын досы Мұқасынан» деген сөздерге көзім түсті. Айтулы ақын ағамның бұл сөздері жадымнан өшкен емес.

1970 жылдың көктемінде ауылдан Алматыға келдім. «Жетісу» газетінде қызмет істейтін ақын досым Рахымжан Өтегеновты тауып алдым. Жаңалықтарымызды айтып, әңгімелесіп отырғанда, ол:

– Айтса да Мұқағали ағаң ауырып, ауруханада емделіп жатқан көрінеді, барып көңілін сұрасақ қайтеді, деді. Бірден келісе кеттім. Дереу сол кездегі Мұқаң тұратын Интернационал, қазіргі С.Мәуленов көшесіндегі үйіне келіп, Лашын жеңгейден ақын ағамыз емделіп жатқан аурухананы анықтап алдық. Соның алдында ғана «Жазушы» баспасынан Мұқаңның «Мавр» атты жыр жинағы жарық көрген еді. Сол кітапты Рахымжан екеуміз бір-бірден дүкеннен сатып алдық та  ауруханаға бет түзедік. Ертеден ет жақындығы бар ақын ағам маған жылы қабақ танытып, әдейі іздеп келгеніме риза болды. Сөз арасында аудандық газеттегі қаламдас серіктерімнің кім екеніне көңіл аударып, жазған өлеңдеріңді облыстық, республикалық газеттерге жолдап тұр. Сен қызмет істейтін «Советтік шекара» газетінде менің де қолтаңбам қалған, – деді ақын ағам сөз арасында. Шап-шағын әңгімеден соң, жаңадан жарық көрген кітабына құтты болсын айттым да қолтаңба беруін өтіндім. Ақын ағам жылы жымиды да: – Қаламсабың бар ма, – деді.

– Бар, мінекиіңіз, – деп қаламсапты ұсындым. – Отырып жазатын стол жоқ, сондықтан, арқаңды тос, – деді күліп. Айтқанын екі етпей арқамды тостым. Сонда аталған жыр кітабының ашық бетіне: – Бауырым Мінуарға ең жақсы ниетпен, Мұқағали Мақатаев, 21 март 1970 жыл, Аурухана, – деп жазып берді. Қасымдағы қаламдас  досым Рахымжанға да маған жасаған көріністі қайталап кітабына қолтаңба жазып берді. Ақын ағамның жоғарыда аталған қос бірдей жыр жинағын көп жыл сақтадым. 2011жылы ақынның туғанына 80 жыл толды. Сол тұста ақынның Қарасаздағы мұражайының директоры марқұм Жұмаш Өтеев Алматыға мені іздеп келіп, ақынның қолтаңбасы бар қос кітабын сұрады, бердім. Сол қос кітап қазір Қарасаздағы ақын атындағы мұражайда тұр. Атақты ақынның атында аталған ауданның «Тегістік» дейтін ауылында орта мектеп бар.Бұған қоса осы ауданның өзге ауылдарында ақын есімімен аталатын көшелер бар.

Өткен ғасырдың 1986-90 жылдары Райымбек (бұрыңғы Нарынқол) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, Бақыт Оспанов дейтін азамат қызмет атқарды. Өзі өнерге жақын жан еді. Ұлттық салт-дәстүрді жақсы білетін, білікті азамат болатын. Сол азаматтың араласуы арқылы аудандық «Советтік шекара» газетінің жанынан, Мұқағали атындағы әдеби үйірме құрылып, бірнеше жыл тәп-тәуір жұмыс істеді. Оған жергілікті қаламгерлер қатысып, елді мекендерде кездесулер өткізді. Онда Мұқағалидың өмірі, шығармашылық жолы сөз болды. Аудандағы ауылдарды аралауға шыққан кезде шығармашылық топты автокөлікпен қамтамасыз етуді аупартком хатшысы өзі қадағалап отырды. Қазір осы үрдіс үзіліп қалды.

Көзінің тірісінде-ақ атақ-даңқы алысқа кеткен ақын аға ауыл жаққа барғанда, оның адуын мінезін көрген қайсыбір белсенділер алдынан аю шыққандай айналып өтетін. Бірақ ондайлардың омырауын ақынның өршіл өлеңдері оттай осып тастайтынын талай көргенбіз. Тіпті, Мұқағалидың аты айтылса тыржиып, тырысып қалатын қайсыбіреулердің қазір ақын жайында тебіреніп естелік айтатынын қайтерсің.

«Момыны біздің үйдің кірпіші дер,

Қулары таудың қызыл түлкісі дер.

Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,

Менің нәзік жанымды кім түсінер?», – деп ақын ағамыздың өзі жазғандай оның көзі тірісінде жан-дүниесінде қандай сыр жатқанын кім бағамдап бағалады дейсің.

«Қарасаздың шыбығын жел тербеген, жел тербеген шыбықты мен тербегем», – деп қалам сілтеген Мұқаң өзінің кіндік қаны тамған Қарасазын қадірлеп, қастерлеп өтті. Қазір сол Қарасаз ауылында Мұқаңның мұражайы бар. Ақын ағамыз қаламының қайратын батыр бабасы Райымбекті жырлауға арнағанын ел біледі. Тағдырдың жазуы ма, әлде, ақынның алдын-ала сезе білгені ме, қазір бұрынғы Нарынқол Райымбек ауданы атанып отыр. Осы бір тарихи әділеттіліктің болашаққа жол тартуына талантты ақын Мұқағалидың қосқан үлесі зор. Мен көрнекті ақынның көзін көріп, әңгімесін тыңдап, айтқан ақылын көкірегімде көктеттім. Асыл ағаның жарқын бейнесі көз алдымнан алыстай қойған жоқ. Ағаның рухына арнап бірнеше өлең жаздым. Ол дүниелерімнің оқырман ойынан шыққан-шықпағанын дөп басып айту маған сын. «Тау алыстаған сайын биіктейді» дегендей, ақын ағаның асыл бейнесі алыстаған сайын біздің де сағынышымыз сарқылмақ емес.

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *