• Ел мұраты
  • 15 Ақпан, 2021

БЕРТРАН РАССЕЛ: ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙЛАР ТОҒЫСЫ

Мұрат Сәбит, 
философия ғылымының докторы, профессор
 

Бертран Рассел (1872-1970) – әйгілі ағылшын философы, ғалымы әрі қоғам қайраткері. Нобель сыйлығының (әдебиет саласы бойынша) лауреаты. Оның шығармашылығының әлеуеті өте кең: өзінің философиялық ізденістерін адамзат мәдениетінің ауқымды салаларымен, қоғамдық сананың формаларымен, адам және қоғам өмірінің әр тарихи кезеңдеріндегі өзекті мәселелермен (мысалы, соғыс және бейбітшілік, мемлекетті басқарудың тәсілдері, адамзаттың болашағы және т.б.) тоғыстыра зерделеген. Ол ғылымға, ғылыми техникалардың жетістіктеріне ерекше мән беріп, философия мен ғылымның арақатынасын әрдайым қалт жібермей қадағалап отырған, мұны философияның басты міндетінің бірі деп қабылдаған. Философиямен қатар ол математиканың дамуына зор үлес қосып, математикалық логиканың негізін қалаушылардың бірі болып саналады.

Философ, ғалым әрі саяси қайраткер ретінде XX ғасырдың 70-жылдарына дейін бүкіл адамзаттың игілігіне тынбай еңбек сіңірген, адам баласының ақыл-ойын, білім-білігін, мәдениеті мен әдебиетін, адамгершіліктің сыр-сипатын, тарихы мен болашағын философиялық тұрғыда өзінше топшылап, сөнбес із қалдырған данышпан ойшылдардың бірі де бірегейі осы – Бертран Рассел.

Оның Альфред Уайдхедпен бірге жазған үш томдық «Principia Mathematiсa» (1910-1919) еңбегі осы күнге дейін философтар мен математиктердің қызығушылығын тудырып, ғылымның дамуындағы логикалық-методологиялық, танымдық-теориялық мәселерді талдаудың алдыңғы шебінде тұр деуге негіз бар. Ол жинақтар теориясының қалыптасуындағы парадокстарды талдап, оларды шешудің әртүрлі логикалық әдістерін топшылап, математиканың философиялық мәселелерін талдауға көп еңбек сіңірген. Логиканы математикаландыру, оның ойынша, екінші жағынан математиканың өзін логикаға апарып саюға жетелейді. Логика Бертран Расселдің топшылауынша, философияның ішкі құрылымына, оның әдіснамасына айналды: әдіснаманың философиялық болуы мүмкін емес, демек философия дегеніміз ең алдымен логика, ал логика философияның жөн-жобасын, потенциалдық мүмкіндіктерін анықтайтын тәсіл. Философияны осылайша түсінуі оны белгілі мағынасында логикалық позитивизм (неопозитивизм) бағытына жатқызуға негіз болғаны белгілі.

Философия бойынша оқулықтарда көбінесе Бертран Расселдің ілімін осы қырынан көрсететін, оны неопозитивистердің алдыңғы қатарына қосып қою жиі кездеседі. Іс жүзінде оның философиялық эволюциясы өте күрделі болған. Ақиқатқа жүгінген ойшыл ретінде, соған жетудің сара жолын іздестіре жүріп, ол философиялық ойдың бірталай арналарына бой ұрған, сөйтіп өмір бойы шығармашылық ізденісте болған. Неоплатонизм логикалық атомизм, неопозитивизм, неогегельшілік, неореализм, юмизм және т.б. бағыттардың идеяларын саралай жүріп, ол шындықты танып-білудің адамзат тәжірибесі мен логиканың талаптарына сай келетін абзал жолын өзінше бағдарлап, неореалистік тұрғыдағы эмпиризмді арқа тұтқан.

Оның аударылып отырған «Батыс философиясының тарихы» кітабына келетін болсақ, бұл еңбектің оның шығармалары арасында алатын орны ерекше. Ол ең алғаш 1945 жылы жарық көрген болатын, демек ойшылдың ұзаққа созылған шығар­машылығының шарықтау кезеңінің бір айғағы деп тұжырымдауға болады.

«Батыс философиясының тарихында» Еуропалық философия бастан-аяқ (өзі қайтыс болған шаққа дейін) тарихи түрде тұтас алынып зерделенген. Философия дегеніміз не, ол немен айналысады, оның адам, қоғам өмірінде алатын орны қандай? Дінмен, өнермен, ғылыммен, саясатпен, жалпы алғанда мәдениетпен, қоғамдық өмірмен қарым-қатынасы нешік дегендей өте маңызды, жауабы осы күнге дейін дүдәмал, тіпті беймәлім дерлік сауалдарға бұл шығарма өзінің байсалды да орнықты, дәлелі мығым, қиын-қиын философиялық сауалдарды емін-еркін баяндап, қыры мен сырын тігісін жатқыза, түп-негізіне жеткізе айқара ашып салуы, меніңше, теңдесі жоқ дерлік әсер қалдырды. Әрбір философияға ден қойған адам үшін бұл кітап ауадай қажет – мұны оқып-үйрену үлкен философиялық мектеппен пара-пар...

Сондықтан, бұл кітапты аударудың ауадай қажет бастама екені анық. Сонымен бірге, оны аударудың қиындықтары да бар екенін көрсете кеткен жөн. Мұнда қазақ тілін жетік меңгерумен қатар, философиялық білімнің жақсы маманы болу шарт. Сонымен бірге, мәдениеттану,  әлеуметтану, саясаттану, тарих, соның ішінде философия тарихы, логика, ғылымның әртүрлі салаларынан аудармашының жеткілікті мағлұматы болуы тиіс. Аудармашы қазақ тіліне жатық аударумен қатар, мәтіннің мән-мазмұнын бұзбауға, толыққанды жеткізуге ұмтылуы тиіс. Ал бұл, әрине, біліктілікпен қатар шығармашылық ізденісті, тапқырлықты, ыждаһаттылықты қажет ететін шаруа.

Философияның батыстық тармағының Антик заманынан XX ғасырдың ортасына дейінгі даму тарихын толық қамтыған, сол тарихтың әйгілі жасампаздарының бірі болып саналатын осы автордың бұл кітабының энциклопедиялық маңызы бар шығарма екені анық. Кітаптың алғы сөзінде автор мұндай кең ауқымды тарихи шолудың қажеттілігі мен қиындықтарын өзінше негіздеп, адамзат тарихының, соның айнасы ретіндегі  философия  тарихының ішкі бірлігіне, оның даму кезеңдері арасындағы ішкі байланысқа меңзейді. Демек философияның не екенін, немен айналысатынын оның тарихының жеке тарауларын, жекелеген философтарын ілімдерін білу жеткіліксіз екен. Адам мен дүниенің арақатынасы туралы ілім ретіндегі философияның өзіндік тамырын тап баспайынша, оның өзіндік ішкі күбіріне құлақ аспайынша, мұның бәрі әлдебір мағлұматтардың нәрсіз бір жиынтығы болып қала береді. Көздеген мақсатқа жету, алайда, қиынның қиыны: философияның не екенін түсіну үшін, бір жағынан, оның тарихын білу керек, ал, екінші жағынан, бұл тарихты дұрыс қабылдау үшін философияның нені зерделейтінінен хабардар болу керек. Тап осы логикалық шеңберден шығудың жолы қандай? Бұл жол оқып-ізденуді, шығармашылық ізденісті қажет етеді. Осындайда, әрине, Ұстазға, – Аристотель, әл-Фараби, Кант, Гегель, Рассел сияқты философияның хас шеберлеріне жүгінуге тура келеді. Адамзаттың ой әлемін тұтас зерделеу, оның дамуының ішкі тетіктеріне сәуле түсіре отырып, ең маңызды тұстарын, кітаптың мазмұны мен көлемі арасындағы өлшемді сақтай отырып, жан-жақты қамту – автордың көздеген басты мақсаты осы болатын.

Расселдің пікірінше, философ, бір жағынан, өзі өмір сүріп отырған қоға­мының саяси-әлеуметтік жағдаяттары мен институттардың салдары болса, екінші жағынан, болашақ ғасырлардың наным-сенімдерін, дүниеге көзқарасын, саяси-әлеуметтік болмысын анықтайтын себеп те болып саналады. Сондықтан, ол философтарды, олардың жазған еңбектері мен ұсынған идеяларын қоғамдық өмірімен, мәдениет пен өркениеттің, соның ішінде әсіресе ғылымның жетістіктерімен тығыз байланысын да зерттейді де, ізгі болашаққа жол сілтейтін жемісті концепцияларын, ақиқатты тереңірек тануға бастайтын идеяларын, жаңылысқан тұстарын да көрсете сыни талдайды.

Философияның мәдениеттегі орны ту­ра­лы да бұл кітапта тамаша ой айтылған. Философия дейді ол, теология мен ғылымның аралығында орын тебеді, өйткені, теологияға ұқсап, ол осы күнге дейін дәл жауабы беймәлім әмбебап мәселелер төңірегінде ой қозғап, әуре-сарсаңға батады және оларды шешуде ғылымға ұқсап, абырой-авторитетке емес (мейлі салт-дәстүрдің немесе соқыр сенімнің абырой-авторитеті болсын) адамның ақыл-ойына, зердесіне жүгініп, ой тамыздығын маздатады. Теология да, ғылым да екі жақтан философияға шабуыл жасап маза бермесе де, философия өз дегенінде тұрып, иесіз қалған осы аралықты мекендейді...

Бұдан біз нені байқаймыз. Философия – адам ойының теологияға да, ғылымға да жатпайтын, оларға бағынбайтын, дербес формасы. Оның өз пәні, әдіснамасы, өз принциптері бар. Оған дін де, ғылым да үстемдік жүргізе алмайды. Сонымен бірге, ол адам мен қоғам өмірінің барлық маңызды үрдістерімен байланысып, оларды ой елегінен өткізе барлап, қайшылыққа толы адам болмысының жай-жапсарын бағамдап, ақиқатқа бой ұра, зиялылықтың, даналықтың үлгілерін тудырып, болашаққа жол меңзейді.

Меніңше, философияның ту тіккен орнын тап басып, оның мән-маңызын айқара ашып, оның басты-басты ұстаздарына тағзым етіп, ілімдерін саралап, кеңістік және уақыт үдесіндегі әлемдік (батыстық) болмысын оңтайлы баяндаған бұл кітаптың сабақтарын естен шығармаған жөн. Мәселен, философияны ғылыммен атастырып, ғылымдардың ерекше бір саласы деп бағамдау да, дәл сол сияқты философияны діндермен будандастырып, соларға бағынышты күйге түсіруде жөнсіз қадамға жатады.

Философиямен айналысатын адам, менің түсінігім бойынша, өзі туып-өскен ортада қабылданған құндылықтарды құрметтеп, ортақ наным-сенімдерді жоққа шығармай, қоғамның қатардағы бір мүшесі ретіндегі болмысында мен «философпын» деп кеудесін қақпай, даналықтың дауылпазымын деп даңғазаланбай, дінге де, ғылымға да тіл тигізбей жайсаң өмір кешуі тиіс. Тек принципті тұрғыдағы мәселелерге келгенде ғана өзінің философиялық тұрағын анық білдіріп, дәлелін келтіре ашық сұхбаттасуы тиіс. Рассел адамның ақыл-ойын төмендетіп, соқыр сенімге жығып беруге қарсы болған. Принципті түрде философия қамалын берік қорғап, философияның тілі мен ойын маздатып, логикамен байланысын тереңдей қазбалап, адам баласының шығармашылық мүмкіндіктеріне кіршіксіз бой ұрған. Догмаларға арқа сүйеп, өмірмәнді терең мәселерді оңай шешіп, адамдардың ақыл-ойын тұмшалап, қапаста ұстауға көнбейді, қарсы тұрады. Философия логикаға сүйенеді, әр мәселені ғылым мен білімнің, әлемдік өркениеттің бай қазынасына сүйене талдауға ұмтылады.

Адам мен қоғамның тыныс-тіршілігінде үздіксіз туындап отыратын өмірмәнді мәселелерді шешу, әрине, оңай шаруа емес, бірақ қиыншылықтардан қашпай, қатаң догмаларға не саясаттың ойнақы қылықтарына берілмей, адамзаттың зияткерлік күшін, ақыл-ойының мүмкін­діктерін паш ете, теория мен практиканы етене ұштастыра, логикалық дәлелін келтіре шешімін табуға ұмтылу философияның өз міндеті, өз ауыр жүгі болғандықтан, оны өктем наным-сенімнің немесе саяси ойының ыңғайына беріп қою адам баласын еркін ойлауға деген мүмкіндіктен айырып, құлдық санаға жығып салумен пара-пар. Сондықтан, шынайы философтың адамзат алдында ары таза болуы ақиқатқа ғана жүгінуі, мәдениет пен өркениеттің, жақын болашақтың ойлы сақшысы бола білуі қажет. Бертран Расселдің талайдың үдесінен шыға білген, заманының ұлы азаматы десек біз еш қателеспейміз. Осының айқын айғағы ретінде оның Альберт Эйнштейнмен бірігіп Пагуош қозғалысы бастамашыларының бірі болғанын айтуға болады.

Бертран Расселдің осы терең мағыналы, арнасы кең, мазмұны толық еңбегін қазақша сөйлету, оған қазақ оқырмандарының назарын аудару – өте маңызды. Биыл мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында Расселдің осы еңбегі қазақ тіліне аударылып басылды. Аударманың өзіне келетін болсақ, жалпы алғанда, бұл аударманың мәтінін мен құптаймын. Аудармасының тілдік форма жағынан да, философиялық мән-мазмұны жағынан да дәлдікке, жатық аударуға қол жеткізуге ұмтылатыны байқалып тұр. Аудармашылардың тілі айтарлықтай жеңіл, автордың ойы бұзылмай, өз мағынасында жеткізіледі және жатық оқылады. Зиялы қауымның әрбір өкілі бұл кітаптан рухани нәр алып, дүниеге көзқарасын шыңдай түсетіні анық, ал философияға ден қойып, философия маманы болуға талпынған жастарға, студенттер мен магистранттарға, докторанттарға бұл таптырмайтын оқулық болары сөзсіз.

1580 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз