• Ел мұраты
  • 16 Ақпан, 2021

МАҚСАТЫМ – ӨЗ МАМАНДЫҒЫМНЫҢ ШЕБЕРІ АТАНУ

Эльдар ҚҰРМАШЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті,  
ІТ саласының өкілі

 

Еліміздегі аса өзекті болып отырған мәселенің бірі цифрландыру жүйесіне қатысты екені сөзсіз. Цифрландыру, қазақшалап айтқанда сандық технологияларды қолданысқа ендіру заман талабы десек, осы талапты жүзеге асыратын қазақ жастары бар ма? Бар дейміз және олардың қатары күннен күнге артып келеді. Бұл салаға дендеп бойлау үшін алғырлық, талаптылық, білімділік тәрізді қасиеттер, білуге деген құштарлық қажет. Осындай үдеден көрініп келе жатқан бүгінгі кейіпкеріміз Эльдар Құрмашевты қалың оқырманға таныстырсақ деген ниетпен аз-кем сұхбаттасқан едік. Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Физика-математика және ақпараттық технология» факультетінің 1-курс студенті. Әлі жас болса да, бірқатар биіктерді бағындырып үлгергені қуантты. Есімі «Қазақстанның алтын кітабы» энциклопедиясына енген. 

– Армысың, Эльдар! Сенің ойынша, еліміздің ІТ-саласы қалай дамып келеді?

– Әлем сандық ақпараттар ағымымен болашаққа ілгері жылжып келеді, яғни, IT саласының маманынсыз болашағымызды елестету мүмкін емес. Нақты болжамдарға сүйенсек, 2030 жылға таман бірнеше жаңа мамандықтар қалыптасады әрі барлығы технологиямен тығыз байланыста болады. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі жыл бұрынғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында осы тақырыпқа арнайы тоқтала келіп, ІТ саласын дамыту керектігін алға тартқан еді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде: «Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылым­дарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты. Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек» атап өтті.

Президент жүктеген тапсырманы орын­дауға зор жауапкершілікпен кіріскен «Nur Otan» партиясы білім беру саласын цифрландыру, мектептерде электронды күнделік жүйесін енгізу және бағдарламалау мен робототехника негіздерін тереңірек оқыту үшін еліміздің түкпір-түкпірінде ІТ сыныптар мен ІТ орталықтар ашу ісін қолға алды. ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да «Nur Otan» партиясымен бірге IT-мамандарды дайындау, шағын және орта бизнесті қолдау, білім беру саласын жетілдіре түсу мүддесімен жаңа жобаны бастап кетті. 2018 жылдан бастап мемлекеттен бөлінетін гранттар саны да арта түсті.

Қазақстанда қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта осы салада ашылатын жұмыс орындарының саны да көп болмақ. ІТ саласы – болашағы зор мамандықтардың бірі деген ойдамын. Оны меңгеру – маңызды міндет. Сондай-ақ технологиялар тілін білу өзге де мамандық иелеріне қажет. Өздеріңіз байқап отырғандай, әлемдік тенденция қазір өзгеріп, барлық мамандықтар, еңбек нарығы толассыз өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Бұрын мызғымастай көрінген мамандықтардың қазір кейбірі тіпті жойылып кетті. Сонымен қатар, бұрын болмаған жаңа мамандықтар пайда бола бастады. Бәлкім өздеріңіз білетін боларсыздар, мәселен мұржа тазалаушы деген мамандықты сіздер қазір тек ертегілерден ғана кездестірулеріңіз мүмкін.

Көлік, логистика, туризм салаларында жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады, сұраныс артады. ІТ-технологияларға байланысты да жағдай сондай болмақ. Технологияның тілін меңгеру – заман талабы. Маман болып қалыптасу – болашағымның даңғыл жолы деп есептеймін. 

Біздің таңдайтын мамандығымыз өмірлік жолымызды айқындап береді. Бұл таңдау әлбетте өте оңай емес.

– Еліміздегі карантиндік шаралар шығармашылығыңа қалай әсер етті?

– 2020 жылдың наурыз айынан бастап бүкіләлемдік індет жайлап барлық сауда үйлері, сонымен қатар, адамдар көп жиналатын жерлер және де оқу орындары жабылып, студенттерді онлайн оқыту форматына көшірген болатын. Дегенмен, онлайн оқу қиынға соғып жүрген жоқ. Бірақ тезірек университет қабырғасында оқып, студенттік өмірдің қызықтарын көргіміз келетіні рас.

– Өзіңді қоғамдық маңызы бар жұмыстарға белсене араласып келе жатқан жастар өкілі ретінде танимыз. Қазіргі таңда қандай іс-шаралармен шұғылданып жүргеніңді айта кетсең...

– Бүгінде Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығында қызмет атқарудамын. Атқарушы дирек­тордың көмекшісі болып, қазақстандық педагогтар арасында онлайн жүйесінде еліміздің рәміздерін насихаттау және оларды ұлттық стандарттарға сай қолдану бағытында ұстазым Руслан Хамзамен бірлесе ұйымдастырып келеміз.

– Қандай шығармашылық жетістіктерің бар?

– Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдығына орай, тамыз айында Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Мың бала» республикалық жобасы аясында «Абайдың 175 жылдығы» атты үздік бейне роликтің жүлдегері атандым.

Маусым айының 2020 жылы ел үміті дарынды жастардың есімін баспа және БАҚ насихаттау мақсатында Республикалық «Ozattar – білім саласы үздіктерінің энциклопедиясы» жинағына еніп, жетістігімен дараланып, үздік деп танылғаны үшін «Мақтау қағазымен» марапатталдым. Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Домбыра – дала дауысы» ән мен күй онлайн байқауына белсене қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталдым.

– Білуімізше, еліміздегі «KazMessage» мобильді қосымшасын іске асырыпсың. Осы жөнінде не айтар едің?

– Ол рас. «KazMessage» мобильді қосымшасын іске асырдым. Қазіргі уақытта Германия, Франция, Ресей, Қазақстан және т.б. мемлекеттерінен 5000-нан аса қолданушылар пайда болды. Аталған мобильді қосымшаға авторлық құқығымен қорғалып, патенттелген. Осы қосымша арқылы халықаралық жағдайды да жақсартуға өзімнің үлесімді тигіздім. Аталған жобаны іске асырудағы негізгі мақсатым еліміздің дамуына үлес қосып, алдыңғы қатардағы мемлекеттермен бәсекелесе алатындай дәрежеге шығару. Барлығы да осындай қадамдардан басталады ғой. Сонымен қатар, қазақстандық өнім ретінде, видеохостингті дамыту мақсатында www.invideo.kz-деп аталатын бейнероликтерді көруге, әрі қарай гүлдендіруге бағытталған веб-сайттың бірін жасап шықтым.

– Жергілікті «Caspionews» және «Qazaqstan-Atyraẏ» телеарналарында түрлі танымдық бағдарламаларына қатысып, жергілікті және республикалық басылымдарға мақала жазып тұрады екенсің. Осының барлығына қалай уақыт табасың?

– Әрине, жас болғаннан кейін көп нәрсеге үлгеруге тырысамыз. Себебі уақытты тиімді пайдаланбасақ, үлкен нәтижелерге жете алмайтынымыз белгілі. Технология дамыған заманда бәсекелестік қарқыны арта түсті. Демек, біз де көштен қалмай, қарышты қадамдармен алға жылжи беруіміз керек.

- Талабың оң болсын, Эльдар! Ұлтыңа, еліңе қызмет жасай бер!

 

Әңгімелесен

Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ

 

1180 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз