• Келелі кеңес
  • 16 Ақпан, 2021

Архив – тарих сақшысы

Қанат Шоманов, 
Архив қорын толықтыру және
ведомстволық архивтер бөлімінің бас сарапшысы

Кез келген ел өзінің тарихын түген­дейтіні белгілі. Сол тарихты қаз қалпында сақтау мен хаттау мәселесінде архивтердің алатын орны ерекше. Себебі архивтегі құнды құжаттарсыз тарихты зерттеу, ғылымның, мәдениет пен білім беру саласының дамуы мүмкін емес. Еліміздің аудиовизуалды мұрасы сақталған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві» РММ-інің (бұдан әрі - Архив) атқарып отырған қызметі үлкен. Бұл архив – еліміздің тарихына қатысты ретроспективті аудиовизуалды құжаттарды өз қорларында жинақтап, сақтап және ғылыми пайдалануды қамтамасыз ететін арнайы мамандандырылған мемлекеттік мекеме.

1943 жылдың 27 қаңтарында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Алматы қаласында 1943 жылдың 1 сәуірінен бастап Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар архивінің ұйымдастырылуы туралы» №25 қаулысы қабылданады. Осы қаулы негізінде жаңадан құрылған архив алғашқы күннен бастап ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде жұмыс атқарып, Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатының архивтік бөлімінің қарауына беріледі. 1958 жылы архив Қазақ КСР Орталық мемлекеттік архивіне кино-фотоқұжаттар бөлімі ретінде қосылады. 1974 жылдың 7 ақпанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыстық жазбалар архивін құру туралы» № 50 қаулысына сәйкес дербес мекеме ретінде бөлініп шығады. 1996 жылға дейін Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Бас архив басқармасына қарады. Содан бері еліміздің архив саласы көптеген өзгерістерді бастан өткерді. Қазіргі кезде архив Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды.

Архивтің қоры өте бай. Еліміздің тарихы қатталған, халқымыздың жүріп өткен ізі қалған кино-фото-фоноқұжаттары аса құнды. ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихынан сыр шертетін киноқұжаттар кинопленкада сақталған. Қазақ халқының өмірі мен тұрмысын бейнелейтін ең алғашқы деректі фильмдер қатарына «Қазақстанның бес жылдығы» (1925 ж.), «Қазақстанда Октябрьдің он жылдығы» (1927 ж.), «Түрксіб» (1929 ж.) сынды бірқатар киноқұжаттарды жатқызуға болады.  Сонымен қатар, архив қорында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында түсірілген тарихи киноқұжаттар да аз емес. Оларды соғыс жылдарында Алматыда жұмыс істеген «Мосфильм» және «Ленфильм» студияларының негізінде құрылған «Орталық бірлескен киностудиясы» түсірген.  Сол жылдары Алматыда «Орталық бірлескен киностудия» базасы негізінде «Союзкиножурналдың» сандары үздіксіз шығып тұрды, бүгінде олар архивіміздің «Алтын қорын» құрайды. Осылайша архивтің киноқұжаттар қорында 32 722 (2021 жылдың 1 қаңтарының көрсеткіші) сақтау бірлігін құрайтын фильмдер, киножурналдар, арнайы басылымдар және сюжеттер бар. Архивте киноқұжаттармен бірге видеоқұжаттардың да сақталатынын айта кеткен жөн. Олар Betacam SP – кассета және DVD – диск тасымалдағыштарында сақталып, бүгінде 1 241 (2021 жылдың 1 қаңтарының көрсеткіші) сақтау бірлігін құрайды.

Архивтің фотоқұжаттарына келсек, олар әйнек пластинасындағы негатив, ­пленкадағы негатив және цифрлық тасымалдағыштарда (CD және DVD дисклерінде) сақталады. Архивтегі ең көне фотоқұжаттар ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын­а жатады. Жергілікті тұрғындардың тұрмысын және өлкенің көріністерін бейнелейтін бұл фотосуреттер сол дәуірдің деректі айғақтары болып табылады және олардың құндылығы күннен күнге арта түсуде. Танымал фотосуретші Д.П. Багаевтің түсірген әйнек пластинасындағы негативтері архив фотоқорының мақтанышына айналған. Осылайша, архивте сақталған 184 775 фотоқұжаттар (2021 жылдың 1 қаңтарының көрсеткіші) ХIX ғасырдың аяғы мен бүгінгі күнге дейінгі мәліметтерді қамтиды.

Жалпы саны 18 081 сақтау бірлігін құрайтын (2021 жылдың 1 қаңтарының көрсеткіші) архивтің дыбыс жазбалары магниттік лента, грампластинка, ­компакт-кассета, компакт-диск (CD - диск) тасымал­дағыштарында сақталған. «Алтын қордағы» дыбыс жазбалар тізімін қазақтың атақты, күміс көмей, жезтаңдай әншісі, актер әрі музыкант Әміре Қашаубаевтың орындауындағы әндері бастайды. Жалпы 7 әні сақталған. Олар: Ақан сері Қорамсаұлының «Балқадиша», Біржан салдың «Жалғыз арша» әні, қазақтың «Бесқарагер» және «Дудар-ай» халық әндері, «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Смет» атты классикалық әндері. Сонымен қатар, архивтің дыбыс жазбалар қорында көптеген қазақтың халық әндері, авторлық орындаулардағы шығармалар, қазақтың алғашқы опералары, айтыстар, ертегілер, сұхбаттар, әдеби және музыкалық хабарлар, деректі дыбыс жазбалары және т.б. құндылықтар сақталған. 

Қазақстан тарихынан сыр шертетін осындай аудиовизуалды құжаттары бар архив өз қорларын үнемі толықтырып отырады. «Архив қорын толықтыру және ведомстволық архивтер» бөлімінің қызметкерлері, архив қорларын тұрақты толықтырушы мекемелерден алған аудиовизуалды құжаттардан бөлек, еліміздегі тарихи тұл­­ға­лармен немесе олардың туыс-жақын­дарымен хабарласып, архив қорына тұлғаның өміріне, қызметіне байланысты аудиовизуалды құжаттарды қабылдайды. Архивке жаңадан келіп түскен аудиовизуалды құжаттардың тарихи құндылығымен қоса физикалық, санитарлық-гигиеналық, техникалық жағдайлары зерттеліп, тиісті құжаттары толтырылғаннан кейін архив ұжымының білікті мамандарынан құрылған арнайы құжат құндылығын сараптайтын комис­сиясының қарауына ұсынылады. Комиссия шешімімен іріктеліп алынған аудиовизуалды құжаттар, мемлекеттік есепке алынып, Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының бірлігіне айналады.

Осылайша Ұлттық архив қорына жа­ңа­дан қабылданған аудиовизуалды құжаттар архивтің арнайы сақтау қорла­рына келіп түседі. Архив құжаттарын сақтау талаптарына сәйкес арнайы темпе­ратуралық және ылғалдық режимі қамтамасыз етілген. Қажетті режимді реттейтін қондырғылардың жұмысын «Құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік есепке алу және техникалық бақылау» бөлімінің қызметкерлері қадағалайды.

Орталық мемлекеттік кино-фото­құ­жат­тар мен дыбыс жазбалар архивінің қорындағы құнды құжаттар ізденушілерге қолжетімді. «Ғылыми-анықтамалық аппарат және ғылыми пайдалану» бөлімінің қызметкерлері ізденушілермен тығыз жұмыс жасап, архив құжаттарының ғылыми пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Ақпарат іздеушілерге ыңғайлы болу үшін архив сайтында «кино», «фото» және «фоно» құжаттардың электрондық базалары орналастырылған. Кез келген ізденуші қашықтан немесе архив ғимаратына келіп, архив сайтына кіріп, архив қорында сақтаулы тұрған құжаттармен таныса алады. Сайтқа тіркелгеннен кейін, электрондық базадан өзіне қажетті құжатты анықтап, тапсырыс қағазын толтырып, құжаттың көшірмесін алуына болады.  Архив өз құндылықтарын неғұрлым ұзақ уақыт бойы сақтау мақсатында, өзге архивтер сияқты, аудиовизуалды құжаттарды сандық форматқа көшіру жұмысын да қатар алып келеді. Құжаттарды сандық форматқа көшіру бойынша Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архиві еліміздің архивтері арасында көш бастап тұр. Бүгінгі таңда архив өз қорындағы киноқұжаттардың 50%, фотоқұжаттардың 30%, фоноқұжаттардың 70% сандық форматқа көшірді. 

Архивтің «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2019-2025 жыл­дарға арналған жоспары бар. Аталған жоспар бойынша архив қызметкерлері жақын және алыс шет мемлекеттердің архивтерімен әріптестік байланыс орнатып, олардың қорынан Қазақстан тарихына қатысты аудиовизуалды құжаттарды айқындап және көшірмелерін алдыртуды қолға алды. Осылайша архив қорын құнды аудиовизуалды құжаттармен толықтыру жұмысы болашақта да өз жалғасын табады. 

 

24353 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз