• Тарих толқынында
  • 16 Ақпан, 2021

«ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛАДАН» БАСТАЛҒАН САБАҚТАСТЫҚ

Әл-Фараби ғұламаның «қайырымды қала» [1] ұғымы мен Абай хәкімнің «Қажымас дос халықта жоқ», – деген өлеңінің соңғы шумағындағы: «Сыйласарлық тектінің, Кім танымас нұсқасын?» [2, б. 117], – дегеніндегі «Сыйласарлық тектінің», – ұғымы, Н. Назарбаевтың «Ұлттық код» ұғымдарының сабақтастығын түбіне жетіп түсіну үшін алдымен келесі сөз тіркестерінің: «баяғыда бай бопты, төрт түлігі сай бопты», «көшпенділік», «жеті ата», «жеті атаға дейін қыз алыспайтын туысқандар» дегендердің мәнін түбіне жетіп түсіну ләзім екенін, осы мәселелерді 22 жылдан аса уақыт зерттеу мен зерделеудің арқасында түсіндім.

Халқымыздың ертедегі әңгімелерінің біразы «баяғыда бай бопты, төрт түлігі сай бопты» деген сөз тіркестерімен басталатыны көбімізге аян. Тек осы сөз тіркестерінің шын мәні неде деген сұрақ ешкімді қызықтырмайтын. Себебі, біз көшпенділіктен отырықшыға айналдық, көшпенділер үшін аса маңызды сөз тіркесі біз үшін жай, аңызды жеткізудің бір амалы болып көрінетін.

Шын мәнінде, жылдың төрт мерізімі: қысы, көктемі, жазы, күзі, қайтадан қыс бойы үздіксіз шөп дайындамай, қорасыз, малдың жағдайына байланысты көшіп-қонумен өмір сүретін ата-абаларымыз үшін, басқа қысы жазынан температурасының қарсыз, борансыз салқындалуымен ғана ерекшеленетін аймақтағы көшпенділерде болмайтын, «төрт түлігі сай болмаса», бай болмақ түгілі қыстан аман шығу қатерінің болуына байланысты біраз мәселелерді шешу қажет болды.

Біріншіден, малдың төрт түлігі: түйе, жылқы, қара мал, ұсақ малдардың барлық түрлерінің түгел, сөзсіз болуы.

Екіншіден, олардың мол болуы. Соңғы талапты жүзеге асыру үшін Тұңғыш Елбасымыз: «Тарих толқынында» атты еңбегінде айтқандай: «...қоғамының өзіне тән жағдайында қазақ халқы өзін орнықтыру үшін өз ішінде ғажайып тірек ... – «Жеті аталық» зерде» [3, б. 36-37], – қалыптастыруы қажет болды.

Өмір талабымен келген осы «зердеде»: жеті атаның әр буынында, әр шаңырақта кем дегенде екі ұл өмірге келуі парыз болған. Осы қағида бойынша, бірінші буында екі ұл өмірге келсе, екінші буында төрт ұл туылған, сәйкесінше үшінші буында – сегіз ұл, төртінші буында – он алты ұл, бесінші буында – отыз екі ұл, алтыншы буында – алпыс төрт ұл, жетінші буында – жүз жиырма сегіз ұл туылған. Әр ұл шаңырақ көтергенде, еншісіне (ертеде екі енші ұғымы болған: бірі өзінің керегіне, екіншісі қонағына) түйе, жылқы, қара мал, ұсақ мал алады десек, олардың мөлшерін: бір келе, үйір, табын, отармен есептесек, жетінші буында бір әулетте болатын малдардың жалпы мөлшері «баяғыда бай боптыны» айғақтайтындай деңгейде болатыны анық. Адам санының төрт түлік санымен қатар өсуі: еңбек ресурсына тапшылық туғызбаған. Малдың санының мол болуы қыстан аман шығудың кепілі болған. Әр малдың өз міндеті бар: түйелер қалың қарды өз шөбін шалып омбыласа, олардың ізін басқан жылқылар өз шөбіне жету үшін қарды тебіндеген, қара малдар сол тебінделген жерден өз шөбін шалған, ұсақ малдар ірі қаралардан соң өз шөптерін тапқан, сол жердегі шөп оталып біткенше күндіз қоректеніп, түнде бірімен бірі ығысып (50 градус аязда өмір сүретін пингвиндердей) қыстан, қорасыз аман шығатын болған.

«Жеті аталық» зерде» Тұңғыш Елба­сымыздың пайымдауында: «Күні бүгінге дейін сахараның жазылмаған заңы бойынша жеті атаға дейін бір-бірімен үйленуге рұқсат етпейтін ... Міне, қазақ халқының даналығы тудырған қуатты генетикалық тамыр қайда жатыр» [3, б. 45], – дейді. «Жеті аталық» зердедегі», «генетикалық тамыр», өзара қыз алыспайтын үш жұрттағы туыстарды [3] қамтыйды:

– бірінші, өз жұртың (әр жерде әртүрлі аталуы мүмкін): екі ұл – Тек ата – кенже мен оның ағасы – тұңғыштан тараған – туажат (128 ұл); осылайша Түп атадан тараған – немене (64 ұл); Баба атадан – шөпшек (32 ұл); Арғы атадан – шөбере (16 ұл); Атадан – немере (8 ұл); Әкеден – әкелес (4 ұл); Баладан – емшектес (2 ұл) туыстар;

– екінші, нағашы жұртың (әр жерде әртүрлі аталуы мүмкін): екі ұл – Тек ата – кенже мен оның ағасы – тұңғышының шешесінің әке-шешесінен тараған – туажат (128 ұл); осылайша Түп атадан тараған – немене (64 ұл); Баба атадан – шөпшек (32 ұл); Арғы атадан – шөбере (16 ұл); Атадан – немере (8 ұл); Әкеден – әкелес (4 ұл); Баладан – емшектес (2 ұл) туыстар;

– үшінші, жиен жұртың (әр жерде әртүрлі аталуы мүмкін): екі ұл – Тек ата – кенже мен оның ағасы – тұңғыштың ұзатылған қарындас, әкпелері мен солардың күйеулерінен тараған – туажат (128 ұл); осылайша Түп атадан тараған – келгеншар (64 ұл); Баба атадан – дегеншар (32 ұл); Арғы атадан – жиеншар (16 ұл); Атадан – жиен (8 ұл); Әкеден – әкелес (4 ұл); Баладан – туажат бала емшектес (2 ұл) туыстар [4]. Толығырақ Кесте 1-ден көруге болады.

Ескерту: Жеті ата сары түспен боялған; Жеті ұрпақ жасыл түспен боялған. ХV – әкеден балаға берілетін хромосома саны. Ұл – ұл саны. Ұрпақ алмасуы 30 жыл деп алынған. Жеті атаның ұрпақ алмасу уақыты – 210 (30х7) жыл, Жеті ұрпақтың ұрпақ алмасу уақыты – 210 (30х7) жыл, барлығы – 420 жыл.

Кестеден Жеті ата ұғымы, шын мәнінде, Жеті ұрпақ ұғымын да қамтыйтынын байқайсыздар. Туажат, бала кезінде жетінші буын, әке болғанда – Жаңа ұрпақты Әке болып бастап қалыптастырушы. Осымен бірге, Әке баласына Әке, немересіне Ата, шөбересіне Арғы ата, шөпшегіне Баба ата, неменесіне Түп ата, туажатына Тек ата ретінде жаңа жеті атаны қалыптастырушы.

Кестеде: Тек атадан тараған Түп атаның, Баба атаның, Арғы атаның, Атаның, Баланың бағаналары (столбецтері), ұрпақ алмасуына сай, әр келесі буыны, Тек ата бағанасымен қатарлас көлбей орналастырылған. Осы арқылы, әр буындағы атадан тараған ұрпақтардың Жаңа ұрпақ буындарымен қатарлас, бір кезеңде өмір сүретіні көрсетілді. Мысалы, Тек атаның туажаты, бірінші буын 30-1 жылдары өмір сүрсе, осы жылдары Түп атаның неменесімен, Баба атаның шөпшегімен, Арғы атаның шөбересімен, Атаның немересі, Әкенің баласымен қатар өмір сүретінін байқайсыздар. Осыған сәйкес, Жаңа ұрпақтың Баласымен қатар Түп атаның туажаты, Баба атаның неменесі, Арғы атаның шөпшегі, Атаның шөбересі, Әкенің немересі қатар өмір сүреді. Осылайша, Жеті ұрпақтың неменесіне дейін жалғаса береді. Демек, жеті ата бойы бірге, бір әулет болып өмір сүру деген сөздің шын мәні, ұрпақ алмасуы отыз жыл десек, Жеті атаныкі – 210 (30х7) жыл, Жеті ұрпақтікі – 210 (30х7) жыл, барлығы – 420 жыл. Осынша уақыт тарамай, береке-бірлікте, өзара қаймағы бұзылмай бірге өмір сүрудің «Сыйласарлық тектіліктен» басқа қағидасы болмай, әл-Фараби ғұлама бабамыз айтқандай: «әдет деп, мен белгілі бір әрекеттің жиі-жиі және ұзақ уақыт қайталануын айтамын» [1], – дегеніне сай, әдетке айналған. Тек, осы салт-дәстүр: үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты сыйластық қағидалары ғана өз жұртыңды, үш жұртты өзара қаймағы бұзылмайтын қалыпта 420 жыл бойы ұйытқан. Толық көшпенділіктегі әдетіміздің сырын, шын мәнін әл-Фараби ғұлама бабамыз: «...бір-біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісіне өмір сүруіне қажетті нәрселердің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестері арқылы ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәрежесіне жете алады. Осындай қауымның барлық мүшелерінің іс-әрекеті жиналып келгенде олардың әрқайсысына өмір сүру үшін және кемелділікке жету үшін керекті нәрсенің бәрін тауып беріп отырады» [1], – деген сипаттамасымен ашуға болады.

Көшпелі қазақ әулеті (128 туажат, 64 немене, 32 шөпшек, 16 шөбере, 8 немере, 4 әкелес, 2 бала) қазақ үйлерін бір қоныста қатар тігіп, сол жерде төрт түлік малын бағып, қыз алыспайтын туысқандық қарым-қатынаста, береке-бірлікте 420 жыл бойы, өзінің қыз алыспайтын нағашыларын (жиі отырықшылардан болуы мүмкін) да, жиендерін (жиі отырықшылардан болуы мүмкін) де мүлтіксіз танып, ажыратып – «Бірге тумақ та, бірге жүрмек те бар» деп, жеті ата, жеті ұрпақ бойы «желілік типтегі далалық биокомпьютерлердің рөлінің» [3, б.39] тегеурінінде, қан араластырмай бір қауым болып өмір сүрген. Осындай қауым туралы ғұлама бабамыз әл-Фараби: «Ертедегі адамдар «қала және үй деп тек қана мекенді түсінген емес, содай-ақ адамдар тұратын баспананы және баспананы күтетін адамдарды да, қандай болса да, неден (салынса да), қайда – жер астында, немесе жер үстінде болса да, ағаштан немесе балшықтан, киізден, қылдан немесе үйді жасайтын басқа сондай бір нәрседен салынатын мекенді түсінген [1, 226 б.]», – дейді.

Бүгін біз отырықшыға айналған соң: «Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ», – дейміз. Себебі, отырықшылықтағы қазақтың жағдайы басқа, біз жеті буын бойы (420 жыл) жер үйлерді бір жерде салудан шектеуліміз, әр буында көршілеріміз басқа әулеттен болуы мүмкіндігінен 3-ші буыннан бастап бір-бірімізден алшақтай берудеміз, туыстық араласуымыз шектеліп – «араласпаған жат боладыға» жақындаудамыз. Бұл туралы әл-Фараби бабамыз: «Тікелей шыққан тегінің бірлігі және соған жақындығы олардың байланысын неғұрлым баянды етеді, ал бұтақтан бұтаққа тарап, алшақ кеткен сайын бұл байланыс әлсірей береді де, келе-келе үзіледі де толық үзіліп, оның орнын бақастық басады» [1], – дейді.

«Тікелей шыққан тегінің бірлігін» өз көзімен көріп көкірегінде сақтаған ғұлама бабамыз әл-Фарабидің «қайырымды қала» туралы үмітін әлемдегі ешбір отырықшылар жүзеге асыра алмады, себебі, көшпенділердің, бүкіл әулет болып 420 жыл бойы бір жерде көшіп-қонып ажырамай өмір сүру дәстүрін отырықшылардың қайталауы мүмкін емес еді. Абай хакімнің де «сыйластығы тектінің» деген жоқтауының шешімі жоқ, себебі көшпенділікті қалпына келтіру мүмкін емес еді. Егемендікке қол жеткізіп, оны беріктендірген соң Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы Ұлттық кодымызды, шын мәнінде сол ғұлама бабаларымыз армандаған, жоғалтқан қайырымды қоғам, сыйластығы тектінің дәрежесіндегі салт-дәстүріміздің салтанат құруын мақ­сат етті.  

Толық көшпенді болған заманда қыз алыспайтын отырықшылар туысқандары туралы қажетті ақпаратты көшпенділерден біліп, анықтап отырған. Қазақи, аталған ерекшелікке қанық Тұңғыш Президент, Елбасымыз: «Бүгінгі таңда бүкіл әлем жаңа технологиялық желімен жалғасқан: Ал біздің тарихымызда жеті аталық ұстаным, рулық байланыс институттары, белгілі дәрежеде сол желілік типтегі далалық биокомпьютерлердің рөлін атқарып, күн сайын өз жадын өзі мыңдаған есе кеңейтіп отырған. ...», – дейді [3, б. 39]. Көшпенділердің «желілік типтегі далалық биокомпьютерлердің рөлін» атқаруын, бүгінгі IT-технология заманында, компьютердің жадына жүктеу мүмкіндігі туып отыр.

Жеті ата – Жеті ұрпақ бойы өзара қыз алысып, қыз беріспеуді IT-технология мүмкіндігіне жүктеуді, жеті ата, жеті ұрпақтың, үш жұрттағы мүшелерінің азаматтық жағдайын, олардың әр буынындағы: үйлену, бала туу тіркелуінен бастауға болады. Ол үшін: үйленгенде, бала туғанда, бала ержетіп үйленгенде (күйеуге шыққанда), олардың азаматтық жағдайын хаттағанда ерлі-зайыптының өздерінің аты-жөнін тізімдеумен қатар олардың өзара қыз алысып қыз беріспейтін үш жұртындағы туысқандарының аты-жөнін де тізімге тіркеп, оларды компьютердің жадына, жеті ата, жеті ұрпақ бойы үздіксіз, өзгерісін жіті қамтып, буыннан буынға жіті жинақтап отыруға болады. Бұндай бағдарламаны 1-кесте негізінде дайындап, қамтамасыз ету IT-технология мамандары үшін қыйын емес.

Жеті ата бойы қыз алысып қыз беріс­пейтін дәстүріміздің кездейсоқ еместігін: қазіргі заман ғылымына белгілі, әр баланың қанының құрамындағы 46 хромосома, ата-анадан екендігі растайды [5]. Осыны басшылыққа алсақ, үш жұрттағы ұлдың да, қыздың да қанында ата-ананың 46 хромосомасы бар. Демек, зайыптының әрқайсысының қанында: мысалы, жеті ұрпақтың бірінші буынындағы Әкенің (аға, інісінің) де, шешенің (Әкенің әйелінің, оның бауыр, әкпе, сіңлілерінде) де, ұзатылған қыздың (Әкенің әкпе, қарындасының) да қанында 23 ХV-хромосомасы ер адамдікі (әкесінікі), 23 Х-хромосома әйел адамдікі (шешесінікі), барлығы 46 хромосома болады; ал екінші буында, сәйкесінше, Балаларының 46 хромосомаларындағы Әкенің 23 ХV-мен Шешенің 23 Х-хро­мосомаларының әрқайсысында алдыңғы буынның 11,5-хромосомалары сақталатыны адамның санасынан тыс және тәуелсіз (обьективтілі) болатыны ақиқат. Осылайша, үшінші буында, Немерелерінің 46 хромосомасында бірінші буынның 5,75-тен хромосомалары; төртінші буында, Шөберелерінің 46 хромосомасында бірінші буынның 2,88-ден хромосомалары; бесінші буында, Шөпшектерінің 46 хромосомасында бірінші буынның 1,44-тен хромосомалары; алтыншы буында, Неменелерінің 46 хромосомасында бірінші буынның 0,78-ден хромосомасы; жетінші буында, Туажаттарының 46 хромосомасында бірінші буынның 0,36-дан хромосомалары сақталатыны обьективті. Сонда қан араласуы дегеніміз, жәй логикамен бажайласақ: туысқандардың өзара үйленуіне байланысты нормадағы 46 хромосоманың қалыпты жағдайдан өзгеріске ұшырауына байланысты әртүрлі дерттің пайда болуы деуге болады. Мысалы, егер әр буында туысқандардың өзара үйленуіне байланысты қосылатын хромосомалардың санын қызыл түспен белгілесек қан араласуына байланысты дертке ұшырау ықтималдығын былайша болжай аламыз. Айталық, бірінші буындағылар өзара үйленсе олардың қанындағы 23 ХV пен 23 Х-ке ұқсас 23 ХV пен 23 Х-хромосома қосылса, жай логикамен ұқсас хромосомалар соқтығысуы залалға әкелуі ықтимал. Осы, бірінші буындағы туысқандар үйленгендегі қан араласуының дертке шалдықтыру ықтималдығы жүз пайыз десек, сәйкесінше екінші буында елу пайыз, үшінші буында 25 пайыз, төртінші буында 12,5 пайыз, бесінші буында 6,25 пайыз, алтыншы буында 3,125 пайыз, жетінші буында 1,56 пайыз. Ал сегізінші буындағы туысқандар үйленгендегі қан араласуының дертке шалдықтыру ықтималдығы ноль пайыз­дан төмен болуына байланысты біздің ата-бабаларымыздың өзара қыз алысуға рұхсат бергенінің обьективтілігін түсі­неміз.  

Жеті ата бойы қыз алысып-беріспеудің IT-технологиясын енгізуді Қазақстан Республикасы Президентінің: «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» 1996 жылғы 2 сәуірдегі №2923 Жарлығына [6] азаматтық хал актілерін тіркегенде қыз алыспайтын туысқандардың тізімін қоса тіркеу құқығы қосылса, оның негізінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексіне [7] де, «Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу актісі кітаптарының нысандарын және осы кітаптардағы жазбалардың негізінде берілетін куәліктердің нысан­дарын бекіту туралы» Қазақстан Респу­б­ликасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 сәуірдегі № 498 Қаулысынан [8] аталған қосымша орын тапса:

– ұлттық кодымыздың «антро­по­логиялық кодын» «тұрақтандыруға», отырықшы болсақ та, бірге тұрмасақ та, араласпасақ та компьютердің берік жадының арқасында кез келген уақытта кіммен қыз алысып-беріспеу керек екенін (компьютерге кіріп танысқан адамның кім екенін) дөп біліп, сыйластығымыз жарасып отыру мүмкіндігіне қол жеткіземіз. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасында айтылған: «Өзіне қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейтумен, мемлекеттік қызмет көрсетуді жоспарлау және кейіннен тек қана электрондық нысанда көрсетуді қарастыратын «Digital by default» қағидатын іске асыру негізгі іс-шара болып табылатын болады» [9] – дегенінің нәтижесінде қан тазалығының, сыйластықтың қызығын көреміз;

– халықтың қан тазалығын сақтап, соған байланысты аурулардың алдын-алып, денсаулықты күшейту арқылы, басқалармен тең жан-жақты ғылыми-техникалық, рухани, физикалық бәсе­келестікте бәсекелестік мүмкіндігіміз күшейеді;

– «Жеті атаға дейін бір-бірімен үйле­нуге рұхсат етпейтін ...генетикалық тамырымыздың» тізімделіп компью­тердің жадында сақталуы жастарымыздың мәдени кодымызға, бес анық – тіл, дін, туған жер, тарих, салт-дәстүрімізге, сыйластыққа [10, б. 82-83] деген көз­қарасын жеті ұрпағының болашағы үшін жауаптылығымен ұштастырып, жаңғыртуына серпінділік әкеледі;

– қазақ, қазақстандық халық қалып­тасу барысында ру, тайпа, жүзге бірігу қажеттігі жоқтығы айқындалады, өз әулетіміз арқылы: әр адам тікелей халық қалыптастырушы, қазақстандықты қалыптастырушы екенідігін берік сезінеді;

– әл-Фараби ғұлама бабамыздың «қайырымды қала» туралы үмітінің де, Абай хакімнің жоқтаған – «сыйластығы тектінің» де тірілуі Н.Назарбаевтың Ұлттық кодының антропологиялық кодының жаңғыруымен қатар басталады. Ол үрдіс әл-Фараби ғұламамыз ұсынған: «...туа біткен он екі қасиетті ұштастырған:

Біріншіден, бұл адамның мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс;

– бұл мүшелердің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, сонда егер осы адам әлде бір мүшесінің жәрде­мімен әлдендей бір іс істемек болса, ол мұны оп-оңай атқаратын болады;

– жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек;

– өзі түсінген, көрген, есіткен және аңғарған нәрселердің бәрін жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмыт­пайтын болуы керек;

– әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт;

– өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын тілмар болу шарт;

– өнер-білімге құштар болу, оқып үйренуден шаршап-шалдықпай, оған жұм­салатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болу керек;

– тағамға, ішімдік ішуге, сыр-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек, жаратылысынан сауыққорлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт;

– шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек;

– жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт;

– оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жараты­лысынан игі істерге ынтызар болуға тиіс;

– дирхем, динар атаулыға, жалған дү­ние­нің басқа да атрибуттарына жирене қарауы керек;

– жаратылысынан әділеттілік пен әділет­тілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбыр­лықты және осылардың иелерін жек көруі керек;

– жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне, өз білігінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет;

– әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек, әділеттілік алдында нойыс мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлде рақымсыз болу шарт;

– өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» [1.], – деген сипаттарды игерген, Абай хакім айтқан: «Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек», – дегенін ұстанған, қоғамға оңтайлы орта жасауға құзырлы басшы-көсемдерді баптаумен ұштасуын әкеледі.

Төле би бабамыз айтқан: «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» – дегенінің мәнін де жете түсініп, ұғынып біртұтас «Мәңгі қайырымды қазақ халқы, қазақстандық» болуымыздың жарқын болашағына қадамымызды нықтаймыз, қазақ үшін ғана емес, бүкіл адамзаттық қан тазалығын сақтау – ортақ мұратына қол жеткізуге сүбелі үлес қосамыз.

Жеті ата, Жеті ұрпақ бойы қыз алыспайтындардың тізімін жинақтап жүргізу: бірге тұрмасақ та бірге жүрмесек те сыйластықпен өмір сүру қағидасын өз жұртында ғана емес нағашы, жиен жұртында да, қаймағын бұзбай ұйытып, аса тиімді жалпықазақтық, қазақстандық, адамзаттық қайырымды, сыйластығы тектінің менталитетін қалыптастыру мүмкіндігін береді.

Біздің болашақ ұрпағымыз, ежелгі ата-бабамыздың, еңбек ресурсын төрт түлік малды бағып, қағуға, ұқсатуға, қазақ үйін тігіп, оны қажетті мүлікпен қамтамасыз етуге, мәдениетке, сыйлас­тыққа, дінге, тарихқа, кеңістіктің сырын білуге құзырлылықты дуалды білімде игерткенінен рухтанып, солардай жаппай еңбекке деген құштарлыққа ие болу мүмкіндігін иеленеді.

Өздерінің, еңбек ресурсы ретінде, қабілеттіліктерінің әртүрлі екенін біліп: сегіз қырлы бір сырлылығын; жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлығын; тура биде туыс жоқтығын, әл-Фарабидің «...туа біткен он екі қасиетті ұштастырғандығын» сынақтан өткізуді дәстүр етеді.

Нәтижесінде, ұрпағымыз «баяғыда бай бопты төрт түлігі сай бопты» дәрежесіне жету, екі енші қағидасымен (бір еншісі – шаңырақ көтерушінің күнделікті өмір сүруі үшін, екінші енші – қонағын қарсы алу үшін), «алтынмен аптап, күміспен қаптап» дәрежесінде өмір сүру үшін: 2050 бағдарламасы, 30 дамыған елдің қатарына қосылу сияқты бағдарламаларды қабыл­дап, оларды өзара сыйластықтағы заман талабына сай, аса жоғары құзіреттілікте жүзеге асырады. Іске сәт.

 

Болат Болсанбекұлы,

 «Тұран» университетінің профессоры, Қазақстан

Республикасы Білім беру ісінің үздігі, зейнеткер

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әл-Фараби. 4 том. Әлеуметтік философия: Этика. Эстетика. Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактат /1/ әл-Фараби және оның рухани мұрасы – Kaznu.kz.

2. Абай (Ибраhим Құнанбаев) Өлең – сөздің патшасы. Шығармаларының бір томдық жинағы. Халықаралық Абай клубы. Жидебай. 2006, - б. 117.

3. Н. Назарбаев. Тарих толқынында. – Алматы: «Атамұра». 1999. - б. 36-37; 45.

4. С. Кенжеахметұлы. Қазақ халқының салт-дәстүрі. – Алматы: ТОО «Алматыкітап». 2006. - б.76; Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. Том 1.А-Д. – Алматы, DPS, 20011. - б.19, 470.; Том 2. Г-З. – Алматы: ТОО «Алем Даму Интеграция», 2017 - б. 528, 529, 543, 544, 596.; Алимбай Н. Семипоколенная экзогамия структур «жетіата» как община-социум (к проблеме совпадения рода и общины у казахов–кочевников. Исторический ежегодник (труды ученых ИИиЭ) /Главный редактор Кабульдинов З.Е. – Алматы –2019. - с. 99-116.; Қол жазба. Төкен Құрманғалиұлы; Болсанбек Б. Б. «Жеті ата» – қазақтың ежелгі саяси-экономикалық, мәдени қатынастар жүйесі. – Алматы: КТТЭА, 2010. - б. 8; Болат Болсанбек. Жеті ата жүйесінде жаттыкқ жоқ. // Егемен Қазақстан, 20 шілде 2016 жыл; Болсанбек Болат Жеті ата жүйесі мен Мәңгілік ел тұжырымдамасы. //Gazagstan zamany, 17 мамыр 2018 ит жылы; Болсанбек Болат Қазақтың ұлттық коды мен діңі. // Gazagstan dauiri, 29 наурыз 2019 доңыз жылы.

5. Ұлттық код генетиктің көзімен – El kz https://el.kz/kz/news/ruhani.../ulttik_kod_genetiktin_kozime...; Хромосома туралы мәлімет – Shygharma.info shygharma.info/hromosoma-turaly-m-limet-aza-sha/; Әр халықтың өз генофонды бар | Қазақ әдебиеті – QazaqAdebieti qazaqadebieti.kz › Сұхбат.

6. «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі №2923 Жарлығы.

7. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексі.

8. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу актісі кітаптарының нысандарын және осы кітаптардағы жазбалардың негізінде берілетін куәліктердің нысандарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 сәуірдегі № 498 Қаулысы.

9. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысымен бекітілген.

10. Ұлттық рухтың ұстазы. – Павлодар, 2006. - б. 82-83.

 

297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *