• Заманхат
  • 16 Ақпан, 2021

«ЖАҺАННАМА» – ТАРИХҚА ЖАҢА КӨЗҚАРАС

Тоғайбай Қазыев,
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, 
№1 кешкі жалпы білім беру орта мектебінің директоры, тарихшы  

Елбасының «Рухани жаңғыру: бола­шаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы – бұл елдің мәдени және саяси түлеу жолындағы серпілісі.  Бұл біздің өмірдегі мақсатымызды анықтайтын мақала екені анық.  Тәуелсіздік жылдарындағы «Мәдени мұра»,  «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштер жаңартылып, әлемнің жетекші архивтеріндегі төл тарихымызға қатысты құжаттар, көптеген құнды дүниелер зерттеліп, жарияланды. Білім және ғылым министрлігі 2012 жылы мақұлдаған  Мұхаммед ибн Нә­жиб Бәкранның «Жаһан нама» гео­графиялық трактаты (XIII ғ. басы) Қазақстан және Орталық Азия тарихының фактілері іргелі жобасы, Нияз Тобыштың «Жаһаннаманың» қазақ және ағылшын тілдеріне аудармасы әлі де жұмбақ, белгісіз оқиғаның жаңа қырларын ашты. «Жаханнама» кітабы – этнос, қоғам, адам парасаты мен дамуының бастауы хақында, сондай-ақ, қызықты тарихи-географиялық және космографиялық мағлұматтардың сырын ашуда таңға­жайып туынды болып табылады. Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранның 1208 жылы жазған бұл географиялық трактаты (кітабы) және оның VIII ғасырдан кейін ескі парсы тілінен қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударылуы бізге өз тарихымызды,  рухани әлемді танып білумізге жол ашты! Орта Азия мен Қазақстан жерлерінің көп бөлігі Хорезм мемлекетінің құрамында болғаны тарихтан белгілі. Х ғасырдан бастап, Ибн Мамунның басқаруымен Хорезм мемлекеті ғылымда, білімде, мәдениетте, сәулетте және саудада қарқынды дами бастады. Мұның басты себебі – мемлекеттің географиялық орналасуы еді. Яғни, Батыс пен Шығыстың ескі Жібек жолының бойы, оңтүстік тармақтың түйіскен жерінде, Парсы, Шам, Араб елдерімен сауда қатынасын жасауы болды. ХІ-ХІІ ғасырларда Хорезм патшалары білім мен ғылымға көңіл бөлді, оқу орындары мен ғылыми академияларды ашты, онда ұлы ғалымдар тәліптерге сабақ берді. Чынмашын, Үндістан, Шам, Рум және Мысырдан шәкірттер оқуға келді. Ғылымда исламмен бірге жаңа философиялық көзқарастар пайда болды. Құрылыста биік мұнаралар мен сәулетті ғимараттар салынды.  Медицина да дамыды. Астрономиялық зертханалар ашылды.  Онда патша сарайында ұлы философ және ғалымдар жұмыс істеді. Мұхаммед ибн Муса  әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина және Әбу Райхан Мұхаммад ибн Ахмад әл-Бируни ортағасырлық еңбектерін жазды.

Каспий (Абескун) теңізі, елдің оңтүстігіндегі парсы-араб елдеріне, Қап (Кавказ) тауларына шығу қақпасы, Батысқа, Киев орыстарына байланысқа Еділмен өтуге мүмкіндік берді. Ел экономикасы саудадан, егіншілік пен мал шаруашылығы өнімі, асыл тастар, мұнай және құрылыс салаларынан тұрды.Хорезм мемлекеті әкімшілік жағынан бірнеше уәлаяттардан тұрды. Оның құрамына Хорезм, Бұхара, Самарқанд, Хорасан, Балх, Балқан,  Маңғышлақ, Женд, Түркістан, Мауереннахр кірді.  Астанасы – Көнеүргеніш (КуняУргенч).Ірі сауда, мәдени орталықтары Бұхара, Түркістан, Отырар, Сауран, Тараз, Шаш, Женд, Мерв қалалары.Балқан және Қызылқала (Маңғышлақ) сияқты теңізге шығатын су қақпалары болды.

«Жаһаннама» трактаты сарай акаде­миясында хижраның 605 (1208) жылы сызылған картаға жазылған кітап.Осындай күшті әлеуметтік және саяси күшке ие болған Хорезмшах Сұлтан Әлиге қарамағындағы жерлерді басқару үшін карта қажет болды. Содан кейін ол жерді, су жолдарын және табиғи ресурстарды игеру үшін экономикалық байланыстың жаңа көздеріне жол ашуға шешім қабылдады және ғалымдарды жинауға тапсырма берді. Хорасанның Тусс қаласынан шыққан ойшыл, ғалым және мүсінші Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранға, көлемі 3х3 кең матаға осы картаны салуды бұйырды.Ірі қалалар Амудария, Сырдария, Узбой, Мургап, Тажен өзендері бойында немесе негізгі сауда жолдарының бойында орналасқан ерте ортағасырлық Дәукескен (Ви­зир), Налажбаба, Шахрибостан, (Хо­резмшаһтар мемлекеті, 58 бет). Кият, Жанбасқала, Топрақкала, Чорша, Маздеккан қалалары өз маңыздылығын жоғалтпаған елді мекендер болды.Мақта мен жүзім оазистерде егілді, Мауреннахрда жүзім өсірілді, одан шарап жасалды.  Халқы қонақжай келеді, қайырымды болады деп жазылған (Жаһаннама) осы кітаптағы жаңа мәліметтерді оқи отырып, біз орта ғасырларда Дешті-Қыпшақ жерінде білім  дамығандығына, халықтың ғылым мен білімнің құпияларын игергендігіне анық көз жеткіздік.  Мәселен, 16-тарауда түркі бабаларымыз туралы мына  сөзге назар аударатын болсақ: «Түркістанда Халлох пен Хатлан арасында тау өткелдері бар. Кімде-кім атқа мініп өтіп бара жатса, ол шақпақ тастың дауысының шығуына жол бермеу үшін аттың тұяғына киіз байлайды. Әйтпесе, тастың даусы шыққан кезде күн қараңғыланып, жаңбыр немесе қар жауады. Мұны түркілердің сиқырмен, яғни, қар мен жаңбыр жасау әдісі осыдан пайда болған» (Қалалардың кейбір ғажайып жайттары, 57 бет. 16 т.) деп жазады. «Ғоз (Оғыз) – Гоздардың негізгі тұрағы Тараб, Женд көлі (Арал теңізі) болды. Чаш (Сырдария) өзеннің екі жағында орналасқан. Кейін белгісіз себептермен ол Балх облысының Хатлон қаласына келді. Бұл Сұлтан Санжар ибн Мәликшаһ заманына дейін еді. 547 хижра қамари жылы (1150) Хорасанға бет алған, кейін Керман маңына қоныс аударған, олардан қалғандарын Алла фәни қылды» [1, 52 бет. Елдердің қоныс аударуы,14-т.]. Осы мәліметтерден біз түркі тайпаларының Түркістаннан шыққанын, оңтүстікке қоныс аударғанын көреміз. Мысалы, Мауереннахрға түркі тайпалары арасындағы өзара келіспеушілік салдарынан көшіп келген. Мұнда олар ұзақ уақыт тұрақтамай, Амударияның оңтүстік бөктерінде, қазіргі Ташауз өңірінің аумағында қоныстанды. Олар өздерін оғыздар деп атады. XII ғасырдан бастап олар екі бөлікке бөлінді, тайпаның жартысы Қарақұмнан өтіп, одан әрі оңтүстікке, Копеттау баурайына қоныстанды.Осылайша олар өздерін ішкі оғыздар деп атады. Солтүстіктегі қалған туыстары Сыртки (Дашогузы) деген түрікпендер болды.

Х ғасырда Түркістандағы Фараб қаласында философ, ғалымдар мен данышпандардың пайда болуы елдің ғылыми әлеуеті мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты.Түркістан әлемге әйгілі «Жібек жолының» ғылым орталығына айналды. Медреседе белгілі ғұламалар дәріс оқыды. Олар Бұхармен, Самарқандпен, Үргенішпен, Парсымен, Арабиямен және Шаммен тығыз байланыста болды. Діни ғылымдармен қатар физика, астрономия, математика, география, философия және сәулет бойынша дәрістер оқылды.  Рухани байлық, адалдық, мақсаттылық, адамгершілік этикасы басты «заңдар» болды!  Хорезм билеушілері Мұхаммед Атсыз, Ил Арслан, Текеш, Сұлтан Әли кезінде ең жоғарғы деңгейге жетіп, Персия, Рим, Египет және Қытай императорларымен терезесі теңелді.Мысалы, Хорезмшах Текештің кезінде Қытаймен саясы-дипломатиялық келіссөздер жасалды. Хорезмнің уалаяты Жетісудың шығыс бөлігіне қарақытайлардың шабуылына толық тыйым салынды (Шежере-е теракеме», Эски. 59 бет.).

 Мемлекет астанасы Көнеүргеніш (Куняургенч) қаласы болып,  архи­тектуралық ансамбльдері,  7 мұнара,  хан сарайы,  базар, медреселер, әкімшілік ғимараттар,  қала қорғаны,  әскери қорғаныстар,  қақпалары болған. Сол мұнаралардан тек Құтлұқ Темур мұнарасы тұр. Биіктигі 80 метр болған мұнараның төбесінде күмбез ұшында салмағы екі тонна «Айдың» – ислам дінінің символы орналасқан [Өтмішден нелер көрінеді, 143 баспалдақ. 66-65 бет.]. 1221 жылы Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде топ оғымен атып түсірілген,  мұнараның күмбезі құлаған. Соған дейін дәстүрлі ислам діні бойынша «Азан» мұнара үстінде  шақырылған. Орта ғасырларда мәдениеттің дамуы ғылым мен білімге негізделген.  Әбу Райхан әл Бирунидің алғашқы картасы, әл-Хорезмидің алгебрасы, математикаға нөл санының енгізілуі, Әбу Әли ибн Синаның «Шипагерлік туралы трактаты» медицинада, Әбу Наср әл-Фарабидің философиясы үлкен өрлеу болды [ІХ-ХІІ ғғ. Орта Азияның мәдениеті, 63-65 б.]. Дәрістер медреселер мен мешіттерде оқылды.Құранды оқумен қатар, онда өнер, музыка, жаратылыстану, астрология (жұлдызнама) [Даныш­пандар есімі, 145 бет], физика, жағрафия, медицина (шипагерлік) саласы да дамыды.Түркістан, Шам, Бағдат, Бұхара, Журжан (Куня-Ургенч), Мараканд медреселері арасында тығыз байланыс болды.Мұны Хорасанның Тусс қаласының тумасы Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранның Гургенішке келіп (Куня-Ургенч) хан сарайында «Жаһан­нама» кітабын жазғандығының өзі айқындайды. Бұдан 9-ғасыр бұрын, ескі парсы тілінде жазылған «Жаһаннама»  кітабының үш тілге аударылып жазылуы тарихтың тың мәліметтерін ашып берді. Бұл кітап 20 тараудан тұрады, ескілігімен өте құнды. Табиғи құпия сырлы жайттар, ұлт пен ұлыстар, олардың мінез-құлқы, бабаларымыздың таңғажайып рухани ерекшеліктері көрсетілген. Табиғи байлық көздері қара май (мұнай), тас қөмір,  қымбат тастарды қалай алып өңдегені,  шығу көздері жөнінде өте тамаша атап өткен [Жаһаннама. 17 тарау. Асылтастар кені, 62 бет]. Бұл жайттар бабаларымыздың түркі заманынан дүниеге деген  қөзқарасының терең, жоғары болғандығын айғақтайды, осыдан келіп ұлттық сананың қалып­тасқандығын пайымдауымызға болады. Қазіргі ХХІ ғасырда қазақ ұлтына ең қажеті Тәуелсіз ел болып,  ұлтты сақтаудың өзегі  «Рухани жаңғыру» болса,  болашаққа бағдар  беретін де осы  «Жаһаннама»  кітабы деп білуіміз керек.

Сөз соңында айтарым,  ұлы ойшыл, ғұлама Әбу Наср әл-Фараби бабамыздың мына сөзін еске ұстағанымыз жөн: «Адам­ға алдымен тәрбие, сосын білім қажет, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы болады». Аталарымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, мұны  «Иманды ұл,  ибалы қыз бер!» деген бір сөйлемге сыйғызған.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. «Жаһаннама»  кітабы.  Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкран, 605 \һіжра қамари\ 1208ж.Орыс тіліне аударған Болат КӨМЕКОВ.Қазақ тілі мен ағылшын тілдеріне аударған Нияз  ТОБЫШ. - Алматы. «Тоғанай Т», 2018. - 408 бет.
2. Аннанепесов М., Атагаррыев Е. Түркменстанның тарихынан материалдар. 10-17 ғас. - Ашгабат. Магарыф, 1995.  
3. «Шежере-е теракеме» Абулгазы Бахадыр хан.  - Ашхабат. – Метбугат, 1991.
4. Еген Атагаррыев. Өтміштен нелер көрінеді. Археол, док. ист.             наука. - 1971. – Ашхабад: «Туркменстан».
5. Жолдасбеков М. Жұлдызнама.  Бекасыл әулие. - Астана, «Күлтегін», 2005.

 

 

418 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Дәулетқан

17 Ақпан, 2021

Керемет жазылған екен. Жарайсыз Тоғайбай!

Оңайбай Ноғайбайұлы

21 Ақпан, 2021

Тогайбай аға жарайсың сатəлік талабың тасый берсін абыройың арта берсін тілекшіміз