• Ұлттану
  • 16 Ақпан, 2021

ӘЙЕЛ ЖАНЫНЫҢ ӘДЕМІ ӘЛЕМІ

Гүлзия ПІРӘЛІ,                 
М. О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы

 

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары ұлтымыздың  ұлылығын ұлықтар, ана­ларын ардақтар жалғыз журнал «Қазақстан әйелдеріндегі» қазақ қыз-келіншектерінің ерлік еңбектері, адами қасиеттері, кісілік келбеттері жөніндегі ойлы мақаларымен жүрекке жылы сезімдер сыйлаған журналист, жазушы Шәрбану Бейсенованы көзі қарақты қазақ, оқырман қауым жақсы таныса керек-ті. Өйткені, Абай айтамыз айтқандай: «ақырын жүріп, анық басса да» өзінің сұлу да сырбаз табиғатымен, танылуға жанұшырып ұмтылмайтын ұстамдылығымен, айғайынан ақыл-парасаты басым бірқалыпты мінезімен, ішкі мәдениетімен өзінің журналистік қызметінде қаламын әбден ұштап, шеберлік шеберханасынан өткендігін оның шығармалары дәлелдеді де.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты Шәрбану Қонақбайқызы Бейсенованың әйел болмысы мен психологиясының тылсым сырларын жүйелі түрде жазып, талмай ізденіп жүргенін «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен жарық көрген таңдамалы шығармалары дәлелдейді. Оның «Туған үйдің түтіні» топтамасында соңғы жылдары жазылған әңгімелері мен үш хикаяты  берілген (1-том. Астана: Фолиант, 2011.-464 б).

Қолына қалам алған қыз балалардың қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасы туралы айтылған қай бір мақаланы, еңбекті алсаңыз да бәріне ортақ  тақырып – әйел мәселесі, олардың өзге жұртқа беймағлұмдау көрінетін табиғаты,  тылсым сырлары көп қабатты құпия қырлары. Алайда, әйел қаламгерлерді бір тақырып төңірегіне топтап, шектеп қоюдың да қисыны жоқ. «Әйел бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербейді» дегендей, олардың Әйел-Ана тақырыбы арқылы адамзаттық құндылықтарды, әлемдік мәселелерді, ұрпақ арқылы ұлт тағдырын толғайтынын әсте естен шығаруға болмас.

Жалпы шығармашылықта жынысқа бөліп бағалау арзан, балаңдықты ұқтырса да айналып келіп қай қаламгердің өзіне жақсы таныс тақырыбын тереңдетіп талдап, түсініп, елге де түсінікті тілмен  баяндап беретінін тағы да мойындамасқа амал жоқ. Қай қаламгер болса да өзінің сөз өнеріндегі өмірлік ұстанымы еткен тақырыбын жүйелі түрде зерттеп, өзінің қаламгерлік қыры, шығармашылық артықшылығы, даралық, қолтаңбалық стиль ерекшелігі етіп танытары хақ.

Әйел ананың осынау құпиясы мол табиғатын, жан әлемін жалғыз қыз қаламгерлер ғана түгендеп, бүге-шігесіне дейін зерттеп, зерделеп жүр ме, әрине жоқ. Әлем әдебиетіндегі «Эмма Бовари мен өзіммін» дейтін француз классигі Флоберден («Бовари ханым»)  бастап, өзіміздің «Қаралы сұлумен»  жесір әйелдің жан мен тән азабын Мұхтар Әуезовтей шынайы әрі асқан шеберлікпен зерттеп, зерлеген суреткер сирек. Ұлттық таным түсінік шекарасынан шығып  бүкіл адамзаттық құндылықтар, бүкіл әлемдегі жесірлерге тән жалғыздық проблемасы, әйел ана табиғатына тән биологиялық, моральдық, психологиялық табиғи заңдылықтар зерделенген «Қаралы сұлудай» классикалық әңгімелер көпшілік мойындасын, мойындамасын,  ұлттық сөз өнерінде де, өзге әдебиетте де, қыз қаламгерлерде де, әйел тақырыбын қаузап жүрген  азамат қаламгерлерде де кездесе қоймайды.

Өзі нәзік жанды әйел қаламгер бол­­ған­­дықтан өмірінің де, өнерінің де басты мұраты санаған қазақ әйелдерінің тағдырын тілге тиек ету, олардың ұрпақ пен ұлтқа еткен еңбектерін бейнелеген Шәрбану Бейсеноваға бұл тақырып тосын емес, табиғи жақын. Шәрбану өзі білетін бар қыр-сырына қанық тақырыбына адал.

Кешегі классикалық дүниелерімізде әйел-ананы аялау, қыздарға деген қамқорлық пен аяулы сезімдердің жоғалып бара жатқанынан шошып, Шәрбанудың қарапайым қазақ әйелін, оның ірі қасиеттерін, сұлу мінезін, ерін, елін ардақтаған асыл ақылы мен мінсіз мнезін, ұрпағын ұлтжанды етіп өсіріп, ұлтын ұлықтауды мұрат тұтқан жанкешті еңбек ерліктерін бейнелеген шығармаларына жиі жүгінуді жаның қалайды. Әйелдің әдемі қылықтарына, жақсы қасиеттеріне деген құрметің оянып, анаңды, әпкеңді еске аласың. Кейде ер адамның  әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы болудың орнына ез болып, отбасының ойранын ортаға түсіретін кезде де  осы жауапкершіліктің бәрін  өз қолына алып, парасаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен басқарған әйел-аналардың бейнесін «Махаббаттың кермек дәмі» деген әңгімесінде Мағия деген келіншектің тағдыры арқылы береді. Отбасының бірлігін, татулығын өз басынан кешкен тағдыр тәжірибесі арқылы күйеуінен жырақта жүрген қызына ұқтырғысы келген «Жұмақыздың құбылысындағы» ананың парасаты,   мейірімділік пен ұяттылыққа, инабаттылық пен ізеттікке тәрбиелеген тағлымы ер мен әйелдің бақыты өзара рухани түсіністікте екендігін ұғындыратын ұлылығында болса керек.

«Қамсыздандыру агенті» деген әңгі­месіндегі Назираның тағдыры, мұңы, қуанышы мен қайғысы, өмірдегі мақсат-мұраты, ғылым жолына түскен қыздардың қасіреті. Өмірінің құндылығын тек ғылымнан іздеп мына жалғандағы жаратқан Табиғат тарту еткен әйел бақытын, ана бақытын бастан кешпеген, соған құлық қоймаған қыздың мақсатына жеткен мезетте бұрынғы құндылығының құны төмендеп, мансұқталуы бір кешкі оқиға өрісінде өрбуі, тек әйел баласының ғана емес, жалпы адамзаттың қарапайым тіршіліктегі адами бақытының өзіне ештеңе жетпейтіні жай ғана кездейсоқ оқиғамен баяндалып, оқушыға ой салады. Мұндай тағдыр жан-жағымызда күнде кездесіп жатпай ма? Әңгіменің шынайылығы да осы күнделікті өмірімізде кездесіп жүруімізде, кейіпкердің сөзі де, ойы да, бір сәтте санасын да, өмірінің мағынасын да өзгерткен оқиғада екендігін үлкен дабыра етпей жай ғана танымдық ақпарат ретінде шынайы  бейнелеуінде болса керек.

Мысалы, «Мақтақыз» әңгімесінің оқиғасы да анау айтқандай алабөтен оқыс емес, кейіпкерлері де кездейсоқ немесе кесек емес, жәй қарапайым өмірде жиі кездесетін ауылдың өзіндей таза мектеп түлегінің жақсы оқыса да институтқа түсе алмай жұмысқа тұрып, таңсық болған қала тіршілігін жаңа бастан кеше бастаған бойжеткен Мақтақыздың өміріне құрылған. «Адамға қарсы келмеу, өзіне жүктелген іске мұқият қарап, ережені бұзбау оның бойға сіңген әдеті еді» деген мінездеме оның бүкіл табиғатын ашып тұр (51 б). Мұндай мінсіз мінездеме  ауыл мен қала қызының бәріне бірдей бұйыра бермейтін жақсы қасиет. Ауыл тіршілігінен епетейсіз дөрекілеу біткен дене мүшесіндегі міндерге көңілі толмайтын қыздың өзін қораш сезінетінін қаламгер тек әйел балаларына тән табиғи сезімталдықпен нәзін нақыштап, шынайы бейнелейді. Әдемілік тек сыртқы сұлба емес, ішкі  табиғатта, тазалықта екендігін сол сұлу емес бірақ сүйкімді қыз баланың іс-әрекеті арқылы ашып, танытады. Өзінің «Мақтақыз» деген есімінен бастап киген киімдері мен кескініне де көңілі толмайтын, тіпті мінездерінде де көп мін бар екенін автор қыздың өзінің ойымен береді: «Табиғат та кейде әділетсіз ғой. Бір адамның басына көрікті де, тілді де, қылықты да үйіп-төгіп бере салады. Біреудің тілін табу үшін  дәл жаңағыдай іші-бауырына кіріп өтірік мақтап, көлгірсу қолынан келмейтін нәрсе...». Қасындағы қаланың қулық-сұмдығын бойына сіңіріп, өмір сүрудің қитұрқы тәсілін меңгерген қыздардың қылықтарына қайран қалып, қызықса да Мақтақыздың «...тар маңдай, қабағы өсіңкі, бауырсақ мұрны, кіші көзі» де оқырман үшін көрікті, өңі түскен көнетоз көйлегі де әдемі әсер қалдырады. Керісінше: «...Бөлмеге ұзын бойлы, шашын майлап, бір жағына жыға тараған, қолында қалың папкасы бар жігіт кірді...», – деген алғашқы таныстырылымынан-ақ тұла бойың жиырылып, қараптан-қарап әлгі жігітті жек көре бастайсыз. Міне, жазушының шеберлігі көркем детальды ұтымды  пайдаланудың үздік үлгісін көрсетеді. Шашын майлаған жігіттің түбінде дұрыс адам еместігін  оқушы түйсігі осы психологиялық деталь арқылы-ақ аңғарады.  Мақтақызға бүкіл қағазын бастырып, ауылдан келген аңқау қыздың өзіне деген аяулы сезімін аяусыз аяқ асты етіп,  «жұмысы бітті, қу кетті» дегендей  арзымайтын тиын-тебен төлеп табан жалтыратқан  «қаламгерсымақтың» қылығы жиреніш тудырады. Ауыл қызының тазалығы, қалаға келгелі небір әділетсіздіктерді көрсе де өмір мен адамға, ертеңге деген сенімінен, үлкенге құрмет, кішіге ізетінен айрылмаған Мақтақыздың ішкі дүниесінің байлығы, мәрттігі мен мендік қасиетінің ірілігі, пәк таза нұрлы әлемін, адам сезімінің аса нәзік сезімдерін автор аса бір жылылықпен жазады. Отқа жағылған еңбекақысымен бірге әділетсіздікке деген өзінің әлсіз қарсылығын көрсеткен қазақ қызының қаланың түпкілікті тұрғыны болса да адамдық қасиетінен, кісілігінен, таза табиғатынан айнымаған бейнесі кешегі кеңестік кезеңдегі урбанизация кезінде жиі кездесетін оқиғаның бірі ретінде туындыдан жылы орын алған. Жаңа өмірдің қилы қияметтеріне қарсы тұрарлық қайсарлық  пен өжеттілікті танытқан Мақтақыздың жан-дүниесіндегі рухани ширығу сәтін суреткер осындай тосын әрекет арқылы ашады. Бұл сөз жоқ, жазушының кейіпкер характерін өзінің ішкі сезімдік эмоциялық құбылыстарын еріксіз түрде сыртқа сездіріп қоятын психологиялық құбылыстармен, қимыл-қозғалыстармен, көркем детальдармен беруге бейімдігін байқатады. 

«Туған үйдің түтіні» деген жинаққа енген «Бір махаббаттың баяны» деген туындысы саяси репрессияға ұшырап ұзақ жылға Сібірге айдалған жұбайы Мұқанның тағдырына ортақтасып, итжеккенге сапар кешкен  Марғуаның тағдыры туралы сыр шертеді. Жүрек ауруынан емханаға түскен кейуана Марғуаның бүкіл өмірін, тосыннан келген қиянаттың кесірінен түбегейлі өзгерген өмір құндылығын, рухани кемелденуін, көрген қиындықтар арқылы қалыптасқан адами қасиеттерін, даралық мінез болмысын кейіпкерінің күтпеген оқиға үстіндегі көңіл-күйлерімен береді. Қас-қағым сәтте бүкіл жан-дү­ниесін қопарып кеткен психологиялық жағдайларды, жан мен тән арпалысын жан-жақты талдау арқылы кейіпкерінің ішкі жан-дүниесіндегі жұмбақ әлемді ашады, автор. Тарихи шындыққа негіз­делген туынды болғандықтан онда өмірде болған, көз көрген кейіпкерлердің бой көрсетуі, олардың образдары өмір шындықтарына жанасымды болуы, автордың әдеби ортадағы ахуалды, психологиялық, моральдық аураны жақсы білетіндігі байқалып отырады. Көркем детальдарды ұтымды пайдаланудың нәтижесінде оқиға сюжетін күрделендіріп, мазмұн мәнін арттырады. Мұқан ұсталып, үйінен қуылған Марғуа аш қалған балаларына аз ғана болса да асырауға жарарлық қаржы болар кітаптарын алуға келгендегі эпизод соншалықты сенімді әрі психологиялық тұрғыдан ауыр. Кеше ғана бірге жүрген, дәмдес болған әдебиетші, ақындардың күтпеген жерден келген  Марғуаны көргендегі сәтті суреттеуі шынайы әрі нанымды. Оқып көрелік: «Халық жауының әйелі» деген қарғыс таңбасынан тайсақтай ма, әлде бір пәлесі жұғар деген қорқыныштан ба тілден қалған ақын үйіндегі үнсіздікті жып-жылы үнмен : -Марғуа, шырағым, амансың ба? – деген, өзіне қаратып айтылған майда қоңыр дауысты есітті. Бірден таныды.Тек сол кісі ғана бұның атын атағанда «у» қаріпін созып, ерекше әуезбен айтушы еді. Бұл басын сәл көтеріп еді, қақ төрде отырған кемеңгер Мұхаңды-Мұхтарды сонда көрді...» дейді. Өзі де өмір бойында соңында қоңырауы болып үрейде жүрсе де басын бәйгеге тіккен Мұхтардан өзге бас көтерері болмағандығын, сол кісінің көмегімен екі шкаф толы Мұқанның Ленинградта аспирантурада оқыған кезінде жинаған құнды кітаптары көз ілеспес жылдамдықпен сатылып, біраз қор жиналғаны жөніндегі эпизод сол кезеңнің саяси ахуалынан хабар береді. «Босама, Марғуа. Құдайдың басыңа салғанын көресің. Берік бол. Балаларыңа аман-есен жете ғой, – деді жұмсақ үнмен.Ол кісінің көрсеткен ілтипаты, жасаған көмегі, ағалық қамқорлықпен айтқан әлгі сөздері Марғуаның жалғызсыраған, жетімсіреген, жүдеген бүгінгі көңіліне шуақ боп төгіліп, өлшеусіз жылу құйғандай. Дүние тегіс бұлардан сырт айналып кетпепті. Марғуа әуелі соны түйсінді. Үміт оты қайта тұтанғандай. Мұқанның жазықсыз екені көпке мәлім екен ғой... Әйтпесе, соншама жазушы келіп, кітабын бөліп алар ма еді...», – деген  сенім осы күнге дейін екіұдай күй кешкен кейіпкердің  өмірге, ертеңге үмітін оятып, қайта түлеуіне себеп болады. Характер табиғатын ашатын диалог әңгімені сәтті пайдаланған жазушы мұнда тек Марғуаның немесе кеше бір ортада жүрген әріптестерінің ғана емес, Мұхтар Әуезовтің де тек өзіне тән сөйлеу мақамын, даралық қасиетін, өз өмірі қыл үстінде жүрсе де (сол топтың ішінде де іріткі салатын сатқындар аз болды ма?) тайсалмаған тұлғалық бейнесін, кісілік келбетін, адами қасиетін ерекше сүйіспеншілікпен бейнелеген. Ұлт руханияты үшін тарихи тұлғаның әрбір сөзінің тыңнан табылып жатуы ерекше көркемдік жаңалық екенін ескерсек, бұл мәтіндердің қазақ әдебиетіндегі мұхтартану саласына қосар үлесі де қомақты. Ел есіндегі, көзі көрген замандастарының нарратологиялық мәтіндерінде жылдар бойы ашылып қасықтап жиналар көрнекті суреткердің тарихи бейнесі қазақтың көркем прозасында да осылай орнықты орын алуы да бұл шығарманың құндылығын арттырып тұр десек артық айтқандық болмас.

Қазақтың Марғуадай әйел-аналарының заман қасіретінен де, айналасындағы адамдардан келетін опасыздықтан да қаймықпайтын, олармен өрлікпен күресе білетін қайсарлығы,  пендешіліктен биік болатын бекзаттығы, таза табиғаты, адамгершілік қасиеті, келешекке деген үміті жоғалмаған жағдайда қазақтың да ұлт ретінде жойылып кетпеуі сенім тудырады. Сегіз жылдан кейін оралған серігінің енді ғана ел қатарына қосыла бастаған тұста тағы бір тажал таянып, екінші ұсталуы Марғуаның өлі мен тірінің арасында күй кешуіне, дерексіздік діңкесін құртқан дүдәмал ахуал авторды күрделі психологиялық көркемдік компоненттерді суреткерлік шеберлікпен пайдалануға пәрмен береді. Баяндау жүйесіндегі кейіпкердің сәт сайын ауысып тұратын аумалы-төкпелі көңіл күйлерін, сананы сарытап еткен сарғайған сағыныш пен тәнді тоздырған жан арпалысы жазушы стилінің көркемдік ерекшелігін, қаламгерлік көркемдік қуатын танытады. Қилы заманның қиын тағдырын бастан кешкен келіншектің жан әлеміндегі психологиялық арпалыстар, көп қатпарлы құпия сезімдер табиғи әрі нанымды нақышта көркемдік шешім тапқан.

Көкейіне алған ісін орындамай тынбайтын қасиет те Марғуаның табиғатына тән. Ұзақ толғаныстан туған түйін кейіпкерді Сібірге баруға бел шештіреді. Заманның зобалаң шағында саясаттың қитұрқы құқайын көрген ұлт зиялылары зайыптарының жиынтық образын айшықтаған Марғуаның қайта оралмас жастық шағының шері, өксікпен өткен өмірінің қайғы-қасіреті    сол сапарда көрген құқайлары,  күдік пен үрейге толы  ой арпалыстары, жан күйзелістері, бәрі де бөтен елге жол шеккен адамға тән табиғи психологиялық сезімдер арқылы суреттеледі. Жол ұзарған сайын күрделене түскен жан күйзелістері де түрлі  психологиялық жағдайда өсіп, өрбуі оқырманды өз шырмауынан шығармай кейіпкермен бірге ауыр психологиялық ахуалды бастан кешуге  мәжбүрлейді.

Сібірдің сонау түкпіріндегі саяси тұтқындар тұратын «итжеккенге», «Алтын кенге», одан да әрі  баратын «Таежный тупик» деген жерге жеткенше талай тағдырлы адамдармен сапарлас болған Марғуаның орыс ағайындардың шынайы пейіліне, адами қасиеттеріне, көмегіне разы болған сәттерін бейнелеу шеберлігі қаламгердің өзіндік қолтаңбасын танытар тұс. Оқып көрелік: «...Машина үстіндегілер түгел түсіп, бұларды қоршап алған. Олар да қатты қуанысып, бірі келіп құшақтап, бірі Мұқаңның қолын алып, бірі бұның бетінен сүйіп:

– Қандай бақытты едің?!

– Бақ жұлдызының астында туған екенсіңдер!

– Бақыт деп міне – осыны айт! – десіп, мәре-сәре. Жалғыз бұлар емес, қарапайым жандардың өздерімен бірге қуанғаны көрген жанды толқытты». Міне осындағы адам басында сирек ұшырасатын бақытты сәтті де, кездейсоқ адамдардың да шын  ниетпен бөлісе білетін адамзаттық құндылық қасиеттерді бар болмысымен нанымды бейнелеу қаламгер шеберлігін танытса керек. Осы бір сәтті эпизод арқылы автор тұтас бір халықтың табиғатына  тән характерді шебер бейнелейді. Әсірелеу, тым  аспа-төк артық сөзі жоқ салмақты да сауатты сөйлемдер қаламгердің қолтаңбасын дараландыра түскен.  

Сібірге тайсалмай барып, жарымен «итжеккеннің» ауыр тұрмысын бірге арқалап, Мұқандай әдебиеттің үлкен тұлғасын еліне аман-есен жеткізу арқылы ұлттық ғылымға үлкен қызмет атқарғанын суреткер тарихи шындықтар арқылы көркем шежіреге айналдыра білді. Ауруханадағы профессор дәрігердің: «Кезінде бұл апамыздың алдында Алматының бар еркегі қалпағын алып, бас иетін», – деген әзілінің астарында тамыры терең ащы ақиқат барын бүгінгі ұрпақ білер ме екен? Өзі қыр сырын да, құпия қалтарыстарын, табиғи жаратылысындағы небір жұмбақ   әлемді жақсы білетін әйел табиғаты туралы да автор нанымды бейнелейді. Нарративті мәтіндегі сан алуан сезімдер шарпысуы, ірі істерге алып баратын  тосын әрекеттер әлемі, түрлі көңіл-күй өзгерісі кезіндегі психологиялық құбылыстарды, күрделі ой  қақтығыстарына толы кейіпкердің жан әлеміндегі түрлі жағдайларды өзі білетін қарапайым қағидалар тұрғысынан талдап,  зерделейтін  эпизодтар, күрделі сюжеттер желісі жазушыдан кең тынысты эпикалық баяндауды талап етеді.

Ұлттық сөз өнері құдіретінің өзі шы­найылығы мен қарапайымдылығында, оқырманға ұғынықты тілде баяндалуында екендігін қатты қадағалайтын қаламгер әдебиетке деген адалдығынан айны­майды. Нені жазса да, кімді жазса да тек тазалық тұғырынан түспей, ақиқаттан аттамай нанымды беруге тырысады. Оқырманды түрлі ой додасына шақырмай-ақ адам жүрегін шымырлатып, кейде көңіл құлазытса, кейде ертеңге деген үлкен үмітті оятып рухани ләззат сыйлау сәтінен де құр қалдырмайды. Оқырманды алма-кезек өмірдің түрлі түйткілдері мен тағдырдың қатал тәлкегімен таныстыра отырып, өмірдің мәнін түсіндіреді. Қазақ қыздарының бастан кешкен қилы-қилы тағдырларын автор қалай сезінсе оқырман да солай қабылдап, бастан кешуі ол жазушының кәсіби шеберлігін танытары сөзсіз.

Соңғы жылдары қазақ тарихындағы қаһарман қыздар, тарихи әйелдер, дана аналар бейнесін сомдауға көп көңіл бөліп жүрген қаламгер Ш.Бейсенова  бұрындары белгісіз болып келген Сүйінбике, Сүзге, Бозоқ, т.б. сынды қаһарман қыздардың тарихын, тағдырын түрлі архивтерден іздеп,  жазып, насихаттап, жариялап жүр. Қаламгердің «Сүйінбике – ұлы дала аруы» атты танымдық-көпшілік басылымы соның куәсі (Құраст: Ш.Бейсенова, Ж.Әскербекқызы. -Астана: Фолиант, 2016.-192 бет). Мұнда бүкіл түркі әлеміне танымал тарихи тұлғалар Сүйінбике ханым  мен Сүзге жайлы тарихи деректі материалдар негізінде жазылған туындылары топтастырылған. «Менің Сүйінбикем», «Сүйінбике өскен ортадағы ханымдар», «Сүйінбике мұнарасы», «Сүйінбикенің Мәскеуге аттанардағы Сапагерейдің рухымен қоштасу монологі», «Сүйінбикенің Қазанмен қоштасуы», «Сүйінбикенің көрегендігі», «Сүйінбике білезігі», «Сүйінбикенің арманы» деген тарихи деректі хикаят толғаулардан тұратын топтамада қазақтың тарихында бұрындары белгісіз болып келген Әйел-Аналардың ерлігі сөз болады.

Осы кітаптың үшінші бөлімін құрайтын Ш.Бейсенованың «Алтын көмбеден табылған  асыл ару. Тарихи баян», «Сүзге-дастан. Көркем баян» деген жеке хикаяттарының да берері мол тарихи тағлымды туынды десе болады. Мұндағы «Сүзге-дастан» атты көркем баян мен «Туған үйдің түтініндегі» «Сүзгенің соңғы күндері» атты хикаяттың мәтіндері бір. Ш.Бейсенованың кейінгі жинағында жарияланған «Сүзге сұлу хикаясы және қаламгер мұраты» деген Тоқтарбек Қамзиннің ғылыми талдау еңбегі берілген (176-190 бб). Қазақтың тәуелсіздіктен кейінгі әдебиетінің қоржынына қосылған сүбелі шығармалардың бірі Ш.Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері» хикаятын жан-жақты талдаған Т.Қамзин: «...шығарма барысында орын алған психологизмнің сана ағымы, ішкі монолог сияқты түрлері азайып, авторлық баяндауға кең өріс ашылған. ...Себебі жазушы Сүзге образын сомдау арқылы жалпы көркем әдебиеттің қоғамды ізгілендіру һәм тазарту миссиясын ұстанған. Осы ретте жаңа қоғамдық процестердің негізінде қалыптасатын жаңашыл талаптар әдебиет әлемінде де жаңашылдықты көненің өзегі арқылы, идеяны жетілдіру арқылы жаңашылдыққа ұмтылуды тудырады. Жазушы Шәрбану Бейсенованың негізгі ұстанымы да қазіргі кезде кеміп бара жатқан әдебиеттің тәрбиелік мәніне және этикалық талаптарына келіп саяды. Сүзгенің бойындағы адалдық пен қайсарлық, ар-намыс пен абырой қазақ аруларына тән қасиеттер екенін шығарма идеясы ретінде көрсетеді», – деп жоғары баға береді.

Сібірдің атақты ханы Көшімнің жары болған Сүзге сұлу шығарма соңында орыстың ханы Грозаға елші жіберіп, адамдарын дін аман сақтап еліне жіберуге рұхсат алысымен қазынадағы бар байлықты үлестіріп, қорғанда жалғыз қалып өзінің ар-намысын, жарға деген адалдығын сақтай отырып дүниеден өтеді. Міне осындай қиын қыстау кезінде ел мен жер амандығын қолға алған қайсар қыздың ерлігін жырлау жазушы Шәрбану Бейсенованың шын мәніндегі кәсіби шеберлігін танытары хақ.

Қоғамдағы саяси әлеуметтік құбы­лыстарды  адам санасындағы өзгерістер арқылы, күнделікті тіршілік барысындағы бейсаналы түрінде үздіксіз жүріп жатқан «өмір сүру» қағидаларын әйел-ана ретінде жүрегінен өткізіп барып жазатын суреткерлік ерекшелігімен танылған Шәрбану Бейсенованың шығармалары әдебиеттегі адамтану міндетін терең меңгерудегі кәсіби сапалық жетістіктерге, көркемдік-эстетикалық және жанрлық, стильдік, тілдік ізденістерге бай.

412 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *