• Ұлттану
  • 16 Ақпан, 2021

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ ЖӘНЕ ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

Үмбетқан Сәрсембин, 
философия ғылымдарының кандидаты, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

Тұлғаны қалыптастыратын, зиялыларды ұлттық мүддеге қызмет етуге жетелейтін – елдік сана. Елдік тарихи сананың негізінде қалыптасады. Тарих сананың негізінде елдің болашағына, қоғамға ізгілік әкелетін пайдалы әрі ұтымды істерді зерделеуден, мәнін танып білуден  туындаған өзіндік сана бар. Жалпыға ортақ мәнге айналған өзіндік сана деп ұлттық тәрбиені, ұлттың руханиятын айтуға болады. Қазақтың ұрпақты кісілікке тәрбиелеуде өзіндік сана мәселесіне терең мән беруінің себебі осында жатыр. Ата-ана мен баланың арасындағы байланыс, үлкен мен кішінің арасындағы қарым-қатынас адамның рухани болмысы төңірегіндегі танымдық қасиеттердің дұрыс қалыптасып отыруына әсер етіп отырған. Соның нәтижесінде сезімтал, алғыр, есте сақтау қабілеті жоғары, өмірдің сан қырлы тарауларындағы тәжірибеге зер салатын қоғамның қалыптасқандығы анық. Осындай ұлттық рухы жоғары ортадан шыққан ұрпақтың бірі алаш зиялылары.

Ұлт руханиятының бойында жеке адамның өзіндік санасы мен тарихи сананы байланыстырып отыратын сезімталдық қасиеттер өмірге, болашаққа ақыл көзінен, таным биігінен қараудан білінеді. Тарихи уақыттағы қоғам үшін қашан да ақыл биігі даналық болған. Даналықтың көзі – ұлттың дәстүрі мен мәдениеті, тарихы. «Интеллигент адам ұлтының тарихы мен мәдениетін жетік білуі тиіс, осы тарихи сананың негізінде ғана философиялық білім қалыптасады» деген ұғымның мазмұнын алаш зиялыларының рухани болмысына қарап ұғынуға болады.

Тарихтан белгілі, көп жағдайда зиялы­ларды қоғам алдына халықтың өзі шығарған. Қиыншылығы көп уақыттарда өзінің ұлттық мүддесін қорғайтын ұрпақтың қалыптасуына бірден-бір себеп жаңа айтып өткен руханият, яғни, ұлттың төл философиясы, өнері мен мәдениеті. Осы ұлт руханиятының өрісінде оның деңгейін салмақтап отыратын интеллектуалдар тағылымы болды. Бұл алдымен тарихи сана мен өзіндік сананы біріктіретін рухани деңгейдің жойылмауына әкеледі. Жүсіпбек Аймауытов «Мағжанның ақындығы» атты мақаласында атап көрсет­кендей, «Адамның денесі қандай мысқалдап өсіп, жетілетін болса сезімі де, пікірі де сондай, бірте-бірте жетіліп, өркендемек: адам туа ұлтшыл, туа адамшыл бола бермейді, ұлтшылдық сезімі де сол сықылды әуелі үй ішінен, одан қала берсе туған ауыл, туған жерден бастап, жоғары өрлейді. Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды». Жүсіпбек Аймауытов ұлт, қоғам, адам мәселесіне осылайша терең көңіл бөлу керектігін айтқан.

Мемлекет иесі – халық, оның негізін құрайтын халықтың төл болмысы. Сон­дықтан, оның дамуына, өркендеуіне, мәдениетінің жетілуіне тікелей ықпал ететін адам халықтың ішінен шығуы тиіс. Қоғамға мәдени өзгеріс әкелетін адамның қабілеті, тәжірибе, мінез, жасампаздық әрекеттер. Бұған жету үшін қоғамның өзінде ақыл-парасат болуы қажет. Рухани тереңдік –  қоғамның басты мүмкіндігі. Осы себептен дәстүрдің, тілдің, өзге де ұлттық құндылықтардың сақталуы барлық уақытта маңызды. Ұлттық құндылықтар сақталмаған жағдайда елдің болашағына жауапты ақыл-парасат иелерінің дәстүрі де сақтала бермейді.    

Жүсіпбек Аймауытовтың ойынша, Мағ­жан сынды қазақ ақындарының шығар­машылығын қорғау ұлттың және өзге де ұлт зиялыларының рухын қорғаумен тең. Адамның ой-өрісін қоғамынан, мәдениетінен бөліп алу, оған қарсы қою дұрыс емес. Бұндай кемшілік мемлекет, қоғам тарапынан жіберілетін қатенің бірі. Нағыз интеллигенция өкілдері ғана (ізгілігі, білімі және ойлау тәжірибесі арқылы) қоғамды алға жетелейді. Халық пен мемлекеттің арасында дұрыс байланысты орната алатын интеллигенция феномені. Интеллигенцияның қоғам алдындағы қызметі оның атқарып отырған істерінің нәтиже беруімен тереңдейді.Талант иелерінің интеллигенттік санасы өзінің бойына дарыған қабілетті халық игілігі деп ұғудан білінген. Интеллигенттік сана сол адамның өзіне ғана емес, бүкіл елдің рухын көтеруге де негіз болған.

Жүсіпбек Аймауытов былай деп жазған: «Өзгелерден гөрі әлеуметтің мұңын баса жоқтайтын ақын болуы керек. Өйткені ақын қоғамның қарапайым тырна қатар топас мүшесі емес, өзгелерден гөрі сақ құлақты, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпегенін айтып береді». Ұлттық болмыстың негізінде қоғамға қажет барлық құндылықтар сақталып, таразыланып, табысталып отырады. Қазақ мәдениетінің тарихи кеңістігінде ұлттық болмыстың рухани біріктіруші негіздерінің бірі ақындық болған. Осы себептен поэзия қазақ қоғамының өмірінде ұлттық бірегейліктің, рухани тұтастықтың кілті, рухани кітапхана қызметін атқарды. Ұлттық поэзия иелері зиялыларға жүктелген міндет – қоғамға пайдалы дүниелерді зерделеу, насихаттап отыру.

Жаһандану жағдайында адамзат қоға­мының үлкен өзгерістерге ұшырайтындығын, бұның салдарынан күрделі мәселелердің орын алатындығын тарихтағы тұлғаларымыз білген. Осы себептен олар өз заманындағы адамзаттық өзгерістерге баға берді. Жаңа өзгерістерге сынмен қарауда тиянақты түрде шешімдерді қажет ететін мәселелерді қоғам алдына шығарды. Алаш зиялыларының өркениетке қатысты, соның ішінде жаңа уақыт жағдайындағы  ғылым, техника, мәдениет, адам мен қоғам мәселесіне байланысты жасаған талдауларына қарап, бүгінгі қоғамға қажет нәрселерді де игеруге болады. «Тіршілікте, – деген Жүсіпбек Аймауытов, – адам баласы келер күнге түспек: бейнет шекпек, рахат таппақ, өкінген, үміт етпек, адаспақ, түзелмек: талай ажалға басын да байламақ, талай соққы да жемек. Бұған не себеп? Мұнша түрлі халге түсірген не? Ол – тіршілік күресі, бас қорғау, ел қорғау, жер қорғау, айналасы бір тұрмысты жеңілдетіп күнелту».

Алаш зиялыларының идеяларының негізінде мағынасы терең гуманизм жатыр. Гуманизм дегеніміз адамның адами болмысына лайықты өмір сүруі. Өмір сүруде адамзат әлеміне зардап әкелетін, болашаққа үлкен қауіп, қиындық туғызатын істерді жасамауды, оған теріс көзқараспен қарайтын ұстанымды гуманизм дейміз. Гуманизм бұл адамзатқа ортақ ереже. Рухани өмірдің адамзаттан талап ететін берік қағидасы. Осы берік қағиданы ұстанып, ізгілік жолынан шығып қалмаған елді немесе қоғамды мәдениетті ел дейміз. Жүсіпбек Аймауытовтың айтуы бойынша, «Күнелту жолында адам баласы ұшқыр ой, көп ақыл, өткір сезім, қайратының арқасында ғылым, білім, өнер тауып, дүниежүзінің қожасы болып отыр. Бұл заманда жан сақтауға, бас қорғауға, тұрмысты түзетуге қалып отырған құрал – өнер, ғылым, қысқаша айтқанда мәдениет». Мәдениет – бұл ұлттың, адамзаттың игілігіне айналған құндылықтар. Игілікке айналған дүниелер ғана мәдениетке айналады, қоғамға өзінің өнімін беріп отырған.

Ғылымға, әсіресе өнер туралы ғылым түрлеріне қол жеткізу, соны қоғамда қалыптастыру – уақыттың талабы. Бұған қол жеткізуде жалпыға ортақ міндет, негізгі мүмкіндік бұл адамгершілік. Өнер мен ғылымды түсіну құр мақтанға айналғанда қоғамдық сана деңгейі тайыздайды. Себебі, өнерге, ғылымға пайда әкелетін адамдар емес, өзіне пайда іздейтін адамдар шығады. Осы себептен зиялылар қоғамға бас болуы керек. Қоғамға бағыт беруде, оның танымына тікелей әсер етіп отыратын тарихи сана мен тәжірибе екендігін ұмытпауы керек. «Қазақ мәдениет жүзінде ерте туып, кеш қалған халық, – деген Жүсіпбек Аймауытов, – кенже қалғандығымызда, әрине көп себеп бар: жер, тұрмыс, әдет-ғұрып, надандық, жалқаулық, діні адасқандық (фанатизм),  саяси біліктің болмағаны, тепкі көргендік, жасқаншақтық, партия, өтірік, мақтан, – міне бізді ілгері бастырмаған осы сияқты істер. Ал халықтың өнерлі болып жетіліп кетуіне де әлгідей көп себеп, көп шарттар бар. Көп шарттардың бірі – баспасөз, газет, журнал, кітаптардың көбеймегі...».

Зиялылардың тарихты ой елегінен өткізуі мемлекетке идея мен білімді ұсыну үшін қажет болған. Адам мен қоғамның болмысына қатысты мәселені мәдениетпен ұштастыруда ел тарихының бастапқы кезеңіндегі болмыстан бастау қажет. Ұлттың тарихы мен мәдениетінің түрлі кезеңдеріне шолу жасауда қоғамға қажет тәжірибелер оңай қалыптасады. Неден ұттық, неден ұтылдық, кемшілікті жойып, қиыншылықты жеңу үшін нені ескеру қажет? – деген сауалдарға Жүсіпбек Аймауытов жауап берген.

Азаматтық қоғам, өркениеттілік мәсе­лесіне назар аударуда алдымен ескерілетін нәрсе – тәрбие,  білім, өнеге, тәртіп. Бұның барлығы отбасы, қоғам, мемлекет болып бірлесіп шешіледі. Барлық әлеуметтік мәселенің түйіні тәрбие мен заңның үстемдігінен келіп шығатындығы ерте кездің өзінде белгілі болған. Тәрбие мен білімнің қоғам игілігіне айналуын және оған заңның көмектесуін мәдениетті қоғам дейміз. «Адамның өзін тануы, өз жолын табуы өте қиын. Бұл қиындық әсіресе жастардың басында: олар тәжірибесіз, көңілі, ойы құбылмалы, толқымалы, сондықтан, өзін сынай алмайды. Өмір жолдары тараулы. Жастар тоқсан жолдың торабында: қай жолға түсерін білмей, дағдарады. Егер жазатайым болып, теріс жолға түсіп кетсе, өмірі өкініші кетпейді» – деп айтқан Жүсіпбек Аймауытовтың сөздері қашанда өзекті болып қала бермек.

Қоғамда өркениеттілік болу үшін, оған қол жеткізуде алдымен ортақ әлеуметтік мақсат болуы тиіс. Жеке адам мен қоғамның санасын біріктіріп, оны тұтас танымдық жүйеге айналдырып отыратын кәсіп, еңбек, іскерлік. Бұны алаш зиялылары өнер деп атаған. Қоғам өркениет жолына түсуде оның адамы өнерді дұрыс тани да, таңдай да білуі тиіс. Шынымен де әр ғасырдың шеңберінде қайталанатын тәжірибе негізінде қарайтын болсақ, жастарға өнеге, бағыт көрсете алмаған қоғам көп нәрседен ұтылған. Ұтылмас үшін тәрбие, үлкендердің өнегесі қажет. Бұл алдыменен жастарға қажет, соларға тікелей әсер етеді. «Әр адам, – дейді Жүсіпбек Аймауытов, – әлеуметке мүше болғандықтан әлеумет ісіне көмектес болуға міндетті. Көмектес болу үшін өнер таңдау керек.

Әрбір өнер белгілі мінез қасиетін тілейді. Ондай қасиеті болмаса қызмет жемісті болмайды. Белгілі бір өнерге арналып, бейім бола тұрған адамда ондай қасиет анық байқалады». Алдымен ата-ана баланың неге икемді, не нәрсеге қабілетті екенін білуі тиіс. Жастың бойындағы қабілетті, қандай өнерге икемді келетіндігін білу оның болашақта қоғамға пайдалы істерді атқаруына тікелей көмектеседі. Адамның бойындағы қабілетті тану, оның көзін ашу, соның нәтижесінде жастың қоғамдық өмірге бағыт алуы болашақ үшін пайдалы істің бірі.

Қоғамдық сана формалары өнер, білім, мәдениет, ғылым, экономика, саясат, құқық, бұның барлығы  талант иелерінің білім мен мәдениеті арқылы дамиды. Сондықтан да, қоғамның дамуына ықпал ететін күш қашанда әділеттілік, шынайылық, қабілет пен өнер, білім, ақыл-парасаттылық болған. Шынымен де Жүсіпбек Аймауытов жазғандай, «өмір бойы еңбек еткен адамның, қандай кемелдікке жеткенін сол адамның өмірінен көруге болады. Кемелдікке жету үшін ірі адамдарда келешектегі игілікке зор үміт, өзінің күшіне зор сенім болған. Бір нәрсені іздеп, зерттеп, соңына түскен адам, егер ынтасы, қабілеті, таланты болса, түптің түбінде мақсатына жетпей қоймайды. «Қуат» пен «ниет» серіктесіп, бір жүреді. Бірі болмады-ақ, талап босқа кетеді».

Ел болмысында рухани тереңдік, ұлт­тық және азаматтық бірегейлік болмай тұрақты түрде даму, мәдени өзгеріс орын алмаған. Қоғамды ортақ мақсат жолында біріктіретін ұлттық сана, ұлттық идеология. Елдің болашағына қызмет етуде үлкен өнердің түрі ол елге қызмет етудегі тұлғалар тәжірибесі болған. Қоғамның негізі, даму тетігі адамгершілік нормаларының дұрыс жүзеге асуына тәуелді келсе, оның негізінде сананың қызметі жатыр. Қоғамдық сана түрлері дұрыс әрі толыққанды жүзеге асып отыруы үшін оның психологиясы дұрыс болуы тиіс. Әлеуметтік танымның үлкен бөлігін осы қоғамдық психология құрайды. Бұл қоғамдық санаға да тікелей ықпал етіп отырады. Осы себептен Жүсіпбек Аймауытов адам болмысына қатысты екі мәселеге айрықша көңіл бөлген. Біріншісі, бұл – жан, жанның дұрыс тәрбиеленуі. Екіншісі – түсінік, ұғым, білік. Ұлттық мүдденің құндылығын, оған қызмет етуде жауапкершіліктің мәнін билік, қоғам, ел болып түсіну.  Тұлғаның айтуы бойынша қоғамға үлкен зиян, мемлекет пен халықтың болашағына қауіп төндіретін  мінез түрлері осы жанның дұрыс тәрбиеленбеуінен шығады. Елдің мәртебесін ойлайтын қоғам, билік қашан да тәрбие мәселесіне назар аударуы тиіс.

Жүсіпбек Аймауытовтың адам мен ұлттың болмысына қатысты мәселелерді зерттеуде, әл-Фараби мен Абайдың көңіл бөлген мәселелеріне де тоқталып отырғандығын байқаймыз. Соның бірі – жеке адамды әлеуметтік ортадан оқшаулайтын нәрселер. Адам қоғамның игіліктеріне қайшы келетін мінезі арқылы одан қашықтайды. Бұндай адам халықтың, елдің жағдайын түсіне бермейді. Біліксіздіктің зияны осында жатыр. Тәрбиесі күшті болса ол адам қанша мықты, әрі білімді болған сайын қоғамына жақындай түспек. Зиялылар елдің тұрмысынан қашықтамауы тиіс. Олардың мәдениеті арқылы халықтың саяси мәдениеті қалыптасады. Интеллигенцияның сезімталдығы, жауаптылығы, шындығы, ауызбіршілігі мемлекетке үлкен көмек береді. Ұлттың болашағына жасалатын қиянат бұл сатқындық, екіжүзділік, жағымпаздық. Осы үшеуі толығымен жойылмайынша қоғам өмірінде тұрақтылық болған емес. Интеллигенцияның беделі жоқ жерде болашаққа деген сенім тағы жоқ. Алаш зиялыларының ойынша бұндай нәрселер мемлекет тарапынан күні бұрын ескерілуі қажет. Адамзат қоғамында ғылым мен техниканың даму қарқыны жоғарылаған сайын интеллигенция шындығына деген мұқтаждық та арта түседі. Егер мемлекет, ұлт тәуелсіздігінен қол үзбесе, оған басқа мемлекет қысым көрсетпесе, кез келген қоғам болашағына қызмет ететін зиялыларды шығара алады. Қоғам қашан да әріден ойлануы керек.

Жаңа буын өркениет дүниелеріне көңіл бөлуде алаш зиялыларының мұраларын, идеяларын негізге алуы тиіс. Олар шын мәнінде мәдениеті, білімі арқылы өркениет тұлғаларының қатарында. Жүсіпбек Аймауытовтың философиялық идеялары осылайша адамзат, ұлт игілігіне қызмет етіп отырады.

1855 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз