• Ұлттану
  • 16 Ақпан, 2021

АҚСАҚАЛСЫЗ ЕЛ БОЛМАС

«Ақиқат» журналы бетінде «Ақсақал сөзі» атты айдардың ашылуына менің біршама қатысым бар десем артық айтқандық болмас. Оған мынадай бір оқиға түрткі болды. Жақында әлеуметтік желіден қазақтың бір жас азаматы «Ақсақал мәселесін» қайта көтерді. «Қайта» дейтінім, осыдан бірнеше жыл бұрын ел ақсақалдарының бірі де бірегейі академик Төрегелді Шарманов ағамыз «шал»  мен «ақсақал» ұғымдарының аражігін аша келіп, өзінің «ақсақалдық сөзін» де, ойын да айтқан болатын. Бірақ бұл әңгіме БАҚ бетінде де, әлеуметтік желіде де арагідік «қылаң бергенімен», әттең, кейін жүйелі түрде жалғасын таппады.  
 

Әлгі азаматымыз бұл мәселені тағы да орынды көтергенімен, «елімізде қазір ақсақалдық сөз айтар ақсақал қалған жоқ» деп қараспанды жаудырғаны маған ерсі көрінді. Оған жауап ретінде және жалпы қауымға арнап, сол желіге мынадай ойымды жолдағанмын. «Кім екен бұл «жоқ, жоқ» деп жылап отырған? Ел ішінде өз басы дана ақсақалдарды іздеді ме екен? Олардан кімдерді біледі екен? Олармен сұхбаттасты ма екен? Ай қайдам...

Елімізде, шүкір, сөз айтар ақсақал­дарымыз баршылық. Бірақ оларды кім іздеп жатыр екен? Олар кімге қажет болып жатыр екен мына сөз тыңдамайтын, сөз қадірін қастерлеп бағаламайтын заманда? Абай данышпан: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей «түзелген сөздер» бүгін баршылық. Сондықтан, айта беру керек, сөйлей беру керек, жаза беру керек. Елімізде лайықтылардан (алдымен республика деңгейінде) «Ақсақалдар алқасын» құрып, оларды сөйлететін арнайы телеарналар ашылса және осы ұсынысымды газет-журнал шығаратын азаматтар қолға алып жатса құба-құп болар еді» дегенмін.

Осы ойымды дұрыс деп тауып, алғашқы боп аталмыш айдарды ашып жатқан және «осы айдарды өзіңіз ашып берсеңіз» деп  маған қайта ұсыныс жасаған «Ақиқат» журналының бас редакторы Төлебаев Дәуіржан мырзаға, әрине, ризашылығымды білдіремін! Бірақ бәрібір менің көкейімнен «Бұ қалай, жетпіс алты жасқа қараған шағымда осы жаңа айдарды «кім» ретінде ашпақпын: «ақсақал» ретінде ме, жоқ,  болмаса  «ақсақал мәселесіне» азды-көпті көңіл бөлетін қатардағы өрке­ниеттанушы-руханияттанушы ретінде ме?» деген сауал кетпей қойды. Ойлана келе, соңғы санаттағы адам ретінде «сөз» алғаным дұрыс болар деп шештім. Өйткені бұл шешімім «ақсақалға», әсіресе «ақсақал сөзіне» қойылар жоғары талапты ескергендігімнің нәтижесі десем артық айтқандық емес.

Оның үстіне «жол бастаудан да, қол бастаудан да сөз бастаудың қиын» екендігін бала кезімнен ауыл ақсақалдарынан жиі естігенмін де, кейінірек қазақ ауыз әдебиеті кітаптарынан оқығанмын да. Саяси экономия маманы ретінде К.Маркстің «Капитал» еңбегінің бірінші томына жазған алғысөзіндегі «Кез келген нәрсені бастау қиын – бұл ақиқат барлық ғылымға тән» дегені де есімде. Тіпті халқымыз айтпай ма «Өнерді бастау қиын, бастаған соң  – тастау қиын» деп. Қала берді, оның растығына көзімді жеткізген нәрсе – осы күнге дейін елу жылдан астам білім беру саласындағы оқытушы-ұстаздық қызметімде өз басымда болған сөз бастаудағы, сөз қозғаудағы, сөз саптаудағы талай өкінішті «әттеген-айларға» толы  қиындықтар.              

 Жетес бидің жауабы...

Мәселеге тікелей көшпес бұрын «әлқисса»  ретінде қаралмақ мәселеге қатысты өз басымнан өткен бірнеше жайттарға тоқталмақпын. Бала кезімізде (өткен ғасырдың 50-ші жылдары) Қазалы теміржол стансасына жақындау жерге орналасқан «Ақкиіз ауылы» деп аталатын біздің бөлек ауылымызға ру басшысы (көсемі) hәм батыры, нағыз ел-жұрт ақсақалы Шәден көкеме (1878-1961 жж., ол кісі менің Әлі атамның інісі болып келеді,) арнайы сәлем береміз деп сонау Ырғыз, Қарабұтақ жағынан бір топ аттылы ағайындар жиі-жиі келіп тұратын. Келген қонақтардың бір бөлігі ылғи да біздің үйге жайғасатын. Оларды күтіп алу жабдығына әкем Жолмырза (1898-1982 жж.) жауапты. Анам Жамила (1912-1998 жж.) әжептәуір діни білімі бар (жас кезінде ишаннан дәріс алған) адам ретінде әлгі (және басқа да) қонақтар жиналған кезде «ойын баласы» жасындағы біздерді «үлкендердің әңгімесін тыңдаңдар» деп есік жаққа отырғызып «көгендеп» қоятын. Сол көп «сабақтардан» басты есімде қалғаны: үлкен кісілердің бір-бірімен емін-еркін, жайбарақат отырып, өнегелі әңгіме-сұхбат құру тәртібі мен өнері; бұл – менің осы күнге дейінгі ұстанымым.

Сол Шәден көкемнің балалары тұрмай, ұлдан жалғыз ғана  – Байқазақ ағамыз (1936-1978 жж.) өзінің әкесінен дарыған ұлттық тарихи, фольклорлық, салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық және зайырлық (инженер-механик, техникумның бөлім меңгерушісі, училище директоры) білімділігімен, біліктілігімен, айрықша шешендігі және сұңғылалығымен, нағыз азаматқа тән жайлы да жайдары және мәрттік  мінез-құлығымен жасы қырыққа жетпей-ақ «ел ақсақалы» атағына ие болған адам. Басқа басқа, ағайындары бас қосқан үлкен жиындарда бір айтқанын еш қайталамай ұзақ-сонар ғибраттық әңгіме-толғаулар айтып отырып, бір кездері «оянып кетіп»: «Ау, ағалар, әңгіме неге айтпайсыздар?» дегенде бағанадан бері оны үн-түнсіз рахаттанып тыңдап отырған, өзінен  30-40 жас үлкен ағалары:  «Байқазақжан-ау, сен сөз сөйлегенде әңгіме бізге не керек?» дейтұғын. Мен осы Байқазақ ағама өте жақын болдым: үйінде жатып, ауыл шаруашылық техникумын бітіріп шықтым, кейін сол жерде қызметтес те болдым, одан кейінгі кездерде де жиі-жиі кездесіп әңгіме-дүкен құратынбыз. Тоқ етерін айтсам, ол кісі – маған арнайы да өмірлік сабақ берген нағыз Ұстаз және «ақсақал қандай болу керек» дегенде ылғи да Байқазақ ағам еріксіз есіме түседі!

Реті келгенде аталмыш тақырыпқа қатысты айта кететін тағы бір қағидат-ұстанымым, ол «Адамның сәні не, жердің сәні не, сөздің сәні не, пікірдің сәні не?» деген сауалға ойланбастан жауап берген, кезінде он алты жасынан бастап әділ билік айтып, үлкен дау-даламаларды шешкен Әлім тайпасынан шыққан атақты  Жетес бидің (1828-1914 жж.) жауабы: «Адамның сәні – өнер-білім ақылы, Жердің сәні – жеміс-өнім дақылы, Сөздің сәні – өнегелі өткір нақылы, Пікірдің сәні – ең пайдалы мақұлы». Шіркін-ай, бүгінгі күнгі ақсақалдарымызға осы Жетес бабамыз айтқан қасиеттер – «өнер-білім ақылы, өнегелі өткір нақылы, ең пайдалы мақұлы» тән болып жатса ғой деймін мен армандап!

                «Асқақалдар кодексі» қажет

Ал енді осы «Ақсақал сөзі» айдарын­да болашақта «Ақсақалтануға» (ақсақалтанымға) қатысты қандай сұрақтар қойылып, қандай мәселелер талқыланбақ, ел ақсақалдары тарапынан  қандай елдік те аталы, тұшымды да ғибратты, үлгілі де өнегелі сөздер мен ойлар, пікірлер мен ұсыныстар айтылмақ керек? деген сауалдар төңірегінде аздап сөз қозғайын. Бұны менің «ақсақал сөзі» айдары арқылы «ақсақалтануға» қатысты авторлық «сөзімнің» бастауы деп қабыл алыңыздар, құрметті үлкенді-кішілі журнал оқырмандары!

Біріншіден, алдымен әңгіме болып отырған тақырыпқа қатысты өзекті сөздер, атау сөздер (терминдер), ұғымдар мен категориялардың басын ашып алу керек-ақ. Айталық, халықаралық стандартты былай қойғанда қазақ халқы адамдарды жас жағынан және әлеуметтік орны жағынан қандай санаттарға бөліп, оларды қалай атаған? Мысалы, адам жасын 100 жылға шамалап, оны төрт дәуірге: 25 жасқа дейінгіні «жас дәурен», екінші 25-ті «жігіт ағасы», үшінші 25-ті  «аталық», соңғы 25-ті  «қарттық дәуір» деген де пікір бар. Бұл дәуірлердің әрқайсысының ішінде адамның  жасына, жынысы мен әлеуметтік жағдайы мен орнына қарай  одан әрі «жіліктеліп»-жіктеліп кететіні тағы бар және олардың аталуы да біркелкі емес. Олай болса, оларды калай бірізділікке салуға болар екен деген сұрақ туындайды.

Екіншіден, бізге керегі – негізінен «егде адам», «шал», «қария», «қарт» «ақсақал»  ұғымдарының мән-мазмұны, оларға қойылатын нақты талаптар, оларды қолдану аясы мен жағдайлары, шарттары мен үлгілері, «ақсақал» адамның орындар парызы мен атқарар міндеттері, көпшілік қолдайтын сөздері мен іс-қимылы, мінез-құлығы. Сонымен қатар, «ақсақал» атану үшін адам белгілі бір жасқа толуы міндетті ме, ақсақалдық сөз бен іс-қимыл,  мінез-құлық танытқан әйел адамды қалай атауға болады, «ақсақал» ұғымы мен  «би», «көсем», «көшбасшы» (лидер) ұғымдарының және  ислам әлемінен (араб, иран тілдерінен) бізге енген «азамат», «абыз»,  «ахун», «ишан», «ұстаз», «хазірет», «хакім» ұғымдарының арақатынасы қандай деген сұрақтар туындайды.

Үшіншіден, «ақсақал» ұғымына толық сәйкес келетін және шынайы «ақсақалдық мінез-құлық»  танытқан Қазақ Елі тарихында бұрын-соңды өткен және қазіргі кездегі қандай тұлғаларды атауға болады? Олар нақты «несімен» осындай мәртебелі атаққа ие болды және ел жадында қа­лай сақталып қалды екен? Әсіресе бүгінгі аумалы-төкпелі заманда (соңғы 30 жыл аралығында) үлгі тұтарлықтай, ауыз толтырып айтарлықтай қандай ақсақалдарымыз болды және бар? Олар не айтты, кімдерге айтты, қандай жерде айтты, қалай айтты, айтқандарын тыңдар құлақ болды ма, болса тыңдармандар не бітірді деген сыңайлы сауалдар еріксіз ойға оралады.

Төртіншіден, қазақтың «ақсақал» сынды қасиетті ұғымына сәйкес өзге елдер мен халықтарда қандай сөз, сөзтіркесі, ұғымдар бар екен? Бар болса, оларды біздің «ақсақалмен» салыстыра-салғастыра отырып неге зерделемеске, әсіресе жас зерттеушілерге?

Бесіншіден, аталған және аталмаған жайттарды осы журнал бетінде жан-жақты талқылай келе және  оларды негізге ала отыра неге «АҚСАҚАЛДАР КОДЕКСІН» жасамасқа? Неге республикалық деңгейден бастап барлық деңгейде «АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫН» құрмасқа? Неге Ақсақалдар Алқасының ОРЫНДЫ ПІКІРЛЕРІ МЕН НАҚТЫ ҰСЫНЫСТАРЫН әр деңгейдегі билік өкілдеріне ресми түрде жеткізіп (жолдап) отырмасқа? Бұл шаралар, билік жағын былай қойғанда, жалпы бүгінгі үлкен-кішіге де, әсіресе өскелең жастарға таптырмас игілікті дәріс те сабақ, үлгі де насихат, ізгілікті іс-амал болары хақ!

«Сөз бастауымның» қалған бөлігінде оқырман қауыммен өзімнің көп жылдар бойы жиған-терген бірнеше ой-толғауларыммен бөліскім келеді. Оның алғашқысы қазақ халқының белгілі мақалына, ал екіншісі адамдардың бір-бірімен амандасу-сәлемдесу рәсіміне қатысты болмақ.

Көргенің емес, көңілге түйгенің маңызды

Қазақ халқының осы нақылын «мақалдың да міні бар ғой» деп атақты Байдалы би (Уәли ханның замандасы және досы) мен данышпан Абай айтқандай («Қара сөз»: үшінші, бесінші, алтыншы сөздер), өз басым ұстаздық қызметіме байланысты бірталай уақыттан бері былайша толықтырып айтып жүрмін: «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі, көпті көрген білмейді, көпті түйген біледі, көпті түйген білмейді, түйгенін өзгеге берген біледі, беріп қана қоймай, бергенін өзгеге еккен біледі». Осылай айтуыма өткен ғасырдың сексенінші жылдарында ҚазМУ-де (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ)  оқытушылық қызмет атқарып жүрген кезімде өзім куә болған және талай рет қайталанған оқиға себеп болды.

Сол бір кездері өзімнен 3-4 жас кіші бір тарихшы доцент жігітпен анда-санда жұмыс бабымен кездесіп қалатынмын. Ол республикалық деңгейде қоғамдық жұмыспен айналысып, сол жағынан маған әсіре белсенді болып көрінетін. Кездескен сайын «Не жаңалық бар?» деген сұрағыма ол –  бір жолы «пәлен елде болдым», келесі жолы «түген елде болдым» деп, әр кездескен сайын қай континентке, оның қай еліне барғанын, ұмытпасам, жер шарының 50 шақты елінде болғанын айрықша мақтанышпен айтатын.

Ең қызығы, «ал енді сол ел туралы айтып берші: не көрдің, не түйдің?» деген сұрағыма ол әрдайым ет пен балықтың, колбаса мен сырдың қаншама түрлері (еліміздегі 80-ші жылдарды еске түсіріңіз), автокөліктің соншама түрлері (маркалары), зәулім-зәулім үй-ғимараттары, тақтайдай тегіс жолдары мен көшелері, делегацияны кім, қалай қабылдап, қандай тағамдар мен сусындар ішкені, өздерінің жүріп-тұрғаны т.с.с., яғни, тек қана «не көргені» туралы айтатын. Ал қоғамтану ғылымдарының өкілі ретінде маған керегі – оның не көргені емес (оның көргенін мен саяси экономия маманы ретінде онсыз да білем), оның көңіліне «түйгені», яғни, сол барған елінің (халқының) өркениеті мен мәдениеті, дүниетанымы мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы, білімі мен ғылымы, саяси, әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі. Бірақ күткенім болмады.

Мұндай қолайсыз жайт қайталана берген соң, бірде оған: «Сенен ғылым кандидаты, доцент деген атақ, дәрежеңе сай естігім келгені – баланың әңгімесі емес еді ғой», – деп, ащы да болса, шындықты айтуыма тура келді. Ол көпке дейін маған біршама ренжіп жүрді, бірақ кейінірек бұл әңгімеден дұрыс шешім шығарып, елге өзін қоғамдық мәселелерді талдай білетін әжептәуір маман ретінде таныта білді. Оған да шүкір! Ал мен болсам, «құр көпті көргеннен не пайда?» деген оймен сол кезден атам қазақтың сөз болып отырған нақылын (мақалын) жоғарыдағыдай толықтырып айта бастаған болатынмын.

Енді бүгінгі күнге келейік. «Интернатта оқып жүр/Талай қазақ баласы» деп Абай айтпақшы, көптен бері дүниенің төрт бұрышын аралап, оқып алған (елге қайтып келгені бар, келмегені бар), оқып жүрген «талай қазақ баласы» (мыңдаған) баршылық, әсіресе жоғары шенді шенеуніктер мен қалталы адамдардың  балалары. Өздігінше барып оқығандарды есептемегенде, ҚР білім және ғылым министрінің айтуына қарағанда, соңғы 27 жыл ішінде бір ғана «Болашақ» бағдарламасы бойынша 13976 Қазақстан жастары, шет елдердің «ең жақсы жоғары оқу орындарында» білім алыпты. Ал олар нені көрді екен, бастысы, нені түйді екен? Түйгені болса, елімізге не берді екен? Өзінен кейінгі жастарға нені екті екен?  Олар қазір қайда жүр екен, қай елде не істеп, не қойып, не тындырып жүр екен?

Менің көзімнің жеткені, ілуде біреуі болмаса, олардың барлығы дерлік (өмір бақи жастармен істес болған соң көріп жүрміз, тыңдап жүрміз, естіп жүрміз, оқып жүрміз, тіпті қайсыбіреулерімен талай қызметтес те болғанбыз)  жақындарына, әріптестеріне, замандастарына, жұмыс істеген жерлеріне, туған еліне айтарлықтай  бірдеңе бермегені былай тұрсын, тұшым­ды етіп ештеңе айта алмайтындығы, жеткізе алмайтындығы, яғни, түйгенінің аздығы, дүниетанымының тарлығы, керек десең, дүниеқоңыздығы, мені қатты ойландырады. Олардың көңілге қонарлық бірдеңе «айта алғандығының», «жеткізе алғандығының», яғни, ғибратты ойларды «түйгенінің» өзін өз басым бізге, елімізге азды-көпті «бергені» деп қабылдар ем. Және болашақта солай болғай, тіпті, одан да асып түскей деп тілеймін!

Аралық түйін. Көп жасаған мен көп көргеннің, көп көрген мен көп түйгеннің, көп түйген мен көп бергеннің, көп берген мен көп еккеннің аражігін ажырата білу, сонымен қатар олардың өзара байланысын таба білу, түйсіне білу, қабылдай білу, іске асыра білу өте маңызды-ақ.

Өз басым осы уақытқа дейін бір ғана шет елде (Түркияда) болыппын, онда да демалыста (негізінен Кеңес заманының түлегі болғандықтан, қазіргі ТМД елдерін кәсіби және психологиялық тұрғыдан шетел деп қарау маған қиындау). Меніңше, жалпы бұрында да, әсіресе қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда, жақсы маман болу үшін «бас жоқ, көз жоқ», яғни, міндетті түрде шет елдерге барып білім алуға құмар болудың қажеті аз. Бұл – негізінен, гуманитарлық сала мамандарына қатысты тұжырым.

Менің пайымдауымша, кәсіби мұқтаж­дықпен шет елдерде оқудың екі ғана себебі бар, біріншісі – егер де қайсыбір болашақ маман өзі кейін айналысатын саласы бойынша елде бар барлық қажетті ақпарат көздерімен (олар қандай түрде, қандай тілде болса да) толық танысып, игеріп, оларды «тақияма тар келді» деп есептеп, азсынған жағдайда және екіншісі – елде жоқ жоғары технологиялық мамандықтар бойынша білім алу қажеттігі туғанда. Яғни, өз елімізде негізгі де іргелі (базалық) білім (бакалавриат, магистратура, докторантура) алғаннан кейін, шет елдерде қысқа мерзімдік білім көтеру курстарынан өту қисынды да орынды.

Басқаша айтсам, қолда бар кәсіби ақпараттық және басқа да ресурстарды толық игермей, еңсермей жатып, шет жаққа шапқылай берудің реті жоқ, керек десең, жалпы және кәсіби этикалық тұрғыдан бұл оғаш, ал кейде, айталық, гуманитарлық салада, тіпті зиян нәрсе. Мысалы, өте жоғары деңгейлі кәсіби экономист болу үшін шетел асып, орыс халқы айтқандай, «Үш теңізден ары ұшып, ақылсыз боп оралудың» («За три моря летал, умней не стал») еш қажеті жоқ.

Ол, ең алдымен – бастапқы кезде (өткен ғасырдың 90-шы жылдары)  «рефор­маторлар»  мен «вестерн-мамандардың» (батыстық мамандардың) «ауылдастың аузы сасық», «қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген қасаң пікірлерді басшылыққа ала отырып, шетел, оның ішінде батыс «данышпандарының» экономикалық білім-ғылымын керемет санап, солардың экономиканы қайта құру (трансформациялау) үлгілері мен ұсыныстарын көзсіз енгізуінің себебінен олардың алдын-ала құрған «институционалдық торларына» түсіп, қармағына ілігуі, жаппай жекешелендіру арқылы еліміздің әжептәуір мықты өндірістік әлеуетін сақтай алмай, отаны­мызды шет мемлекеттерге кіріптар етуінде.

Бұл үрдіс – оңтайлы экономикалық реформа жасау ісіне  елімізде бар шынайы экономист-ғалымдармен еш кеңеспей, кеңескен күнде де олармен санаспай (мысалы, академик Түймебай Әшімбаевпен), тек қана биліктің ығына жығылатын, ең бастысы, өзінің оқшау ойы жоқ, ешбір жүйелі де тұшымды ұсыныс бере алмайтын «сарай экономистерімен» ғана  («сарай ақындары» сияқты) шектелу нәтижесінде болған жағдай.

Қайбір жылы жоғары лауазымды қызметте жүрген бір азаматтың «Елімізде ақыл-кеңес сұрайтын бірде-бір білімді ғалым-экономист жоқ» дегені жанымызға батты. Яғни, олар ел ішіндегі сондай білімді де білікті ғалым-экономистерді өз басы «қолына шырақ алып» жатпай-тұрмай іздеген, оларды тауып алып талай рет кездесіп сөйлескен, сұхбаттасқан, ақыл-кеңес сұраған, бірақ ешбіріне көңілі толмаған адам сияқты, оның «жерден жеті қоян тапқандай» болған «жаңалығына» не дерсің?

Осы жерде ол азаматтың «елімізде бірде-бір оңды экономист жоқ» деген өзінің айтқанына өзі сенетін болса, онда осы тұжырымының алдымен өз басына соққы болып тиерін ойламағаны ғой, нақтырақ айтқанда, өзі де сол «оңды емес» экономистердің қатарында бол­ғаны емес пе? Олай болса, ол ғылыми диссертациясын өзі жазды ма немесе оған өзге біреу жазып берді ме? Сол жұмысының шынайы ғылыми деңгейі қандай екен, қайда, қалай қорғады және ең бастысы, не үшін оған жоғары ғылыми атақ берілді екен? Берілген күннің өзінде өзінің «білімді де білікті экономистігін» елімізде тиімді экономикалық реформа жасауға неге қолданбады екен?» деген тәрізді күмәнге толы орынды сұрақтар туындайды.

Кейінірек осы түбегейлі теріс бағыт пен үрдісті одан сайын барынша «күшейтуге» алыс-жақын шет елдерде «жоғары білім» алып келген бакалаврлар, магистрлер, PhD (25-30 жас аралығындағы философия докторлары) өз «үлестерін» қосып жатты. Осы бір «ат төбеліндей атқамінерлердің» ел алдындағы парызын ұмытуына өткен ғасырдың отызыншы жылдар басындағы «Ұлы тоқырау» кезінде  билікке келген АҚШ президенті Франклин Рузвельттің «Егер де мен бар болғаны 30 патриот тапсам, елді мына тығырықтан шығарып қана қоймай, оны барынша дамытып гүлдендірер едім» деген сөзінен және оны нақты жүзеге асыра білгенінен бейхабар болғандықтарынан-ау деп ойлаймын.

Мұндай жағдаятқа тосқауыл қоятын кез келді деп санаймын. Осы жердегі басты мәселе мен игілікті мұрат мынада:  аталмыш кереғар үрдісті тоқтатып, адами да ұлттық тәрбие – білім – ғылымға (ТБҒ), жаңғырушылдық – жаңашылдық – жасампаздыққа (ЖЖЖ) деген мемлекеттік идеология мен саясатты қазақ халқының төл өркениетінің (культура) және әлемдік мәдениеттің (цивилизация)  озық үлгілерін «әділеттілік» деген қасиетті де киелі ұғымға (Президентіміз Қ.Тоқаевтың қолданысындағы маған ұнайтын басты термині) негіздей отырып және басшылыққа ала отыра сөз жүзінде емес, іс жүзінде 180 градусқа қайта бұру!

Осыдан туындайтын қорытынды ғибрат: көп жасағаннан да, көпті көргеннен де, көпті түйгеннен де,  көпті бергеннен де,  көпті еккеннен де ала біл, ондайлар ел ішінде қай сала болмасын, әзірше (үлкендер, орта жастағылар, тіпті жастар арасында да) баршылық. Тек оларды таба біл, табу үшін көзіңді аша біл, оларға көңіліңді сала біл, оларды тыңдай біл, орынды ақыл-кеңесін алып, кәдеңе жарата біл, ал оларға іліге алмасаң, амал жоқ, артқы шепте қала бер!

Шіркін-ай, осы көкейкесті де көкейтесті арман-ойым мен арман-сезімімді тыңдар құйма құлақ болса ғой, қабылдайтын есті ми мен жылы да қайсар жүрек болса ғой, жүзеге асырар қайтпас жігер болса ғой!.. Қалай болғанда да, осы ой-толғауымды «ақылды алғанға, үгітті ұққанға айт» деген халқымыздың аталы сөзіне ілестіре отыра, айтушы мен тыңдаушыға, басшы мен қосшыға теліп, оны еш естен шығармай және «болмасаң да ұқсап бақ» қағидасына сәйкес тағы да ұлы Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген ғибрат іспеттес тәмсілімен аяқтағым келеді.

Амандасудың (сәлемдесудің)

қысқаша кодексі

Бұл ой-толғауымды ортаға салуға не түрткі болды? Мен өз өмірімде айнала­мыздағы адамдардың бір-бірімен: туыстармен, достармен, әріптестермен, шәкірттермен (өзім ұстаз ретінде студенттермен, магистранттармен, док­­то­ранттармен), қоғамдық көліктегі жол­серіктермен, тұрғылықты жердегі көршілермен және көшедегі, дүкендегі кездейсоқ адамдармен  түрліше ахуалда (кәдуілгі, іскерлік, қызметтік, салтанатты, қайғылы және т.б.) кездескенде алуан-алуан сәлемдесу нұсқаларының бар екенін байқап жүрдім. Ақырында осы бақылауымның нәтижесінде өзімше мынадай қорытындыға келгендей болдым. Расында біз бір-бірімізбен дұрыстап амандаса  (сәлемдесе) алмайды екенбіз: кейде сәлемшінің де,  сәлем алушының да қателігінен олар ыңғайсыздыққа да ұшырап жатады. Мен байқаған амандасудағы қателіктердің негізі сәлемдесудің қалып­тасқан дәстүрлі қазақи түрлерінің мән-мағынасы мен кейін пайда болған жаңа түрлерінің қыр-сырын ажыратып, ойдағыдай меңгермегендікте деген ойға келдім. Осыған тікелей байланысты  болған бір оқиғаны алға тартпақпын.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Азаматхан Әміртай атты еліміздің отаншыл жас өкілі ұйымдастырған республикалық «Байтақ Болашақ» Экологиялық альянстың Атырау қаласында Батыс Қазақстан өңірінің эко­ло­гиялық мәселелеріне байланысты өткізілген ғылыми-практикалық кон­ференциясына қатысқанмын. Бұл форумда Олжас Сүлейменов, Амангелді Айталы, Төлеген Қуанышев және т.б. елге біршама танымал адамдар да болған.  Сол күндердің бірінде  бүкіл делегация таңертеңгі ас ішіп отырған үлкен бөлмеге кешігіңкіреп бір жас жігіт кіріп келді. Дастархан басында отырған үлкен-кішімен дұрыстап сәлемдеспей жатып,  айрықша Олжекеңе қолын созып, тек сол кісімен амандасқан болды. Сол кезде мен «Қап, әттеген-ай! Мына жігіт амандасудың сәнін бұзды ғой» дедім. Отырған үлкендердің біреуі «Олай болса, амандасудың жөнін айтшы» деді. Өтініш түскен соң, негізінен, жастарға қарата төменде таратылмақ амандасудың кейбір ережелерін айтуыма тура келді. Тыңдаушылардың риза болғандығы шығар, қазір нақты есімде жоқ, отырғандардың  (не Олжас, не Амангелді ағаларымның, не Төлеген інімнің) біреуі «Ореке, сізге амандасудың кодексін жазу керек қой» демесі бар ма. Қысқасы, сәл талқылаудан кейін сол жерде аталмыш кодексті жазуға «тапсырма» алып шықтым.

Міне, осы айтылған жайттар мен пайым­даулар менің «амандасудың (сәлемдесудің) қысқаша кодексін» немесе «басқа адаммен кім бірінші және қалай амандасуы керек?» дегенге қатысты көптен бері ойымда жүрген пікірімді ортаға салуға мәжбүр етті.  Қазақ халқының  салт-дәстүріне қоса, қазіргі жағдайларды біршама ескере отырып, өзімнің кейбір толықтырымдарым және түзетімдеріммен  бірге қарастырсақ, сәлемдесу тараптары мынадай болмақ:           

- жасы кіші үлкенге (жас адам егде кісіге) сәлем береді;

- балалар ата-аналарымен аман­дасады;  

- ержеткен бойжеткенмен сәлемдеседі;

- келін қайын жұртына сәлем етеді;

- зайыбы ерімен (жұбайы отағасымен) сәлемдеседі;

- әйел адам ер кісімен амандасады;

- жиендер нағашыларымен аманда­сады;

- келін алған құдалар қыз берген құдалармен  («Қызы бардың (қыз бер­геннің) назы бар») сәлемдеседі;

- өз әкесінен жасы үлкен кісінің баласына алдымен сәлем береді («Шалдың баласына сәлем!», бұл – баласы арқылы жолы үлкен әкеге құрмет көрсету);

- көсе (мұртсыз) мұрттыға сәлем береді (құрдастар арасында көбірек кездеседі);

- сақалсыз сақалдыға сәлем береді (құрдастар арасында көбірек кездеседі);

- қара сақалды ақ сақалдыға сәлем береді;

- тұрған адам отырғанға сәлем береді;

- атты адам (түйе мінген, көлік мінген т.т.) жаяу адаммен амандасады;

- сау адам сырқат адамға барып аман­да­сады (және де жүзбе-жүз не басқа техникалық құралдар арқылы амандасу мен хал-жағдайын сұрауды түске дейін, күн қайтпай тұрып орындау ләзім);

- ауылдастар (көршілер) бала болса да, алыстан сапарлатып келген адамға барып амандасады: «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» дейді қазақ мақалы (бұндайда өз тарапынан жас адам ауыл үлкендерін күтпей-ақ, оларға сәлем беріп амандасуы тіпті орынды-ақ); 

- аздаған топ көпшілікпен амандасады;

- үйге (тұрғынжай, ғимарат, орынжай, кабинет, дәрісхана, бөлме) кірген адам оның ішіндегі кісілермен дауыстап амандасады;                

- бөлек үйге (ұйымның орынжайы болмаса) кірген адам дауыстап екі рет сәлемдеседі: бірінші рет шаңырақтың рухымен, екінші рет ондағы адамдармен амандасу ишарасы;

- оқытушы-ұстаз шәкірттерімен (оқушы­лармен) сәлемдеседі;

- басшы-сардар (басшы, бастық, әкім) өзінің қосшы-сарбаздарымен (бағы­ныштыларымен, қызметшілермен, жұ­мыс­керлерімен) және жұртшылықпен амандасады;             

- ел басшысы өзіне қараған жұртпен (халықпен) «Ұлық болсаң – кішік бол» деген қағидамен амандасады;

- адамдар бір-біріне бейтаныс болғанда, жастары шамалас немесе құрдастар болса, «Кім бұрын амандасса, Жаратқанның оған мейірімі  түседі» деген тәмсіл тағы бар, яғни, кім бұрын сәлемдессе, сол адамның ізет көрсеткендігі сауап болып ескерілмек.

Жоғарыда келтірілген жағдайлардың бәрінде де сәлем берген адамға сәлем алушы сәйкесінше ізетті сәлемін қайтаруы тиіс. Аздаған топ көпшілікке амандасқанда, «аздаған топтың» бәрі бірдей жамырап сәлемдесуі міндетті емес; топтың ішіндегі бір-екеуі ғана топтың атынан сәлем берсе жеткілікті,  бірақ дауыстай, естілетіндей етіп амандасуы абзал.  Басқа, көпшілік, тараптан да бәрі бірдей шулап амандаспай-ақ, көрнекті бір-екі тұлға көпшіліктің атынан сәлемді алып, қайта сәлемдесуі жөн.

Енді қол алысу және құшақтаса сәлем­десу туралы. Ер адам мен әйел адам қол алысып не құшақтасып амандаспайды. Дәретханада не моншада бас изесіп амандасып жатса, соның өзі жеткілікті. Әсіресе дастарқан басында ас мәзірі кезінде кейінгі келгендердің отырғандармен қол алысып не құшақтаса амандасуы тіпті ерсі. Отырғандарға еститіндей етіп ауызша сәлемдессе болғаны, сол орынды да және тазалық (гигиеналық) жағынан құптарлық іс. Жалпы басқа күнделікті жағдайларда қол алысу мен құшақтаса сәлемдесу міндетті емес, сәлемдесумен бірге оң қолды жүрек тұсына апарып ізет көрсетілсе жеткілікті.

Қол алысу мен құшақтасып амандасу үш жағдайда ғана болады: жақын-жуық адамдардың (туыстар, достар, әріптестер, көршілер) ұзақ уақыт бойы көріспеген жағдайында, болмаса жақын не таныс адамның қазасына көңіл айту кезінде немесе жақын дос-жарандар (көбіне жастар) кездескенде  өзара рухани жақындықты білдіру мақсатында. Осылардың өзі де дастарқан басында ас ішіп отырған кезде болмауы тиіс. Бұл да болса, басқасын былай қойғанда, халқымыз үшін дастарқанның, ас мәзірі мен дәм-тұздың айрықша қасиеттілігі мен киелілігінің айғағы (Мемлекетаралық дипломатияға, құпия не басқа да топтық қауымдарға және індетке қатысты ерекше сәлемдесу сипаты мен жоралғысы бұл жолы қарастырылмайды).

Сәлемдесу, оның түрлері, нұсқалары мен сөздік нышандары әр халықтың өзіне тән боп келеді және де олар түрлі факторлар мен жағдаяттарға қарай (жыныс, жас, қызмет, туыстық және басқа да әлеуметтік жағдайларға орайлас) қалыптасады.  Мысалы, қазақ халқының  көпғасырлық тарихи кезеңдерінде алуан түрлі сөздік сипаттағы амандасу нұсқалары орын алды: ежелгі түркілік, араби-исламдық, сонша мақұлдана бермесе де славян-орыстық,  «кеңестік», ал соңғы кездері – виртуалдық нұсқалар пайда болды. Дәл қазіргі кезде мен осыларға арнайы тоқталмаймын; бұл – ерекше тақырыптың тұздығы болмақ. Ең бастысы, амандасу өркениетсіз, яғни, қисынсыз, түсініксіз, мәжбүрлі-енжар, бөрікті аспанға атқандай дөрекі, тәкаппар-менмен болмауы шарт.  Сәлемдесу, сәлемдесуді қабылдау мен өзара сәлемдесу жоғары өркениеттік (Қар.: Ескерім) үлгіге сай болғаны жөн: қисынды, шынайы, анық, әдепті де сыпайы.

Сөз соңына қарай амандасуға, сәлем­десуге қатысты өзім кезінде куә болған және қазірде басымнан өткізіп келе жатқан бірнеше жайтқа тоқтала кеткенді жөн көрдім. Алғашқысы өткен ғасырдың сексенінші жылдарында орын алды. Бір жылы жазғы демалысқа шығып, туған жерім Қазалыға (Қызылорда облысы) тартып кеттім. Кезінде техникумға түсуіме байланысты үйден сыртқа өте ерте шығып кеткендіктен (15 жаста) ауылымды қатты сағынатынмын және әлі күнге дейін солай, тіпті туған жерге деген сағыныш барған сайын артып барады. 

Бізде екі Қазалы бар: біреуі Қазалы стансасы (қазір Әйтеке би кенті), екіншісі – ескі Қазалы қаласы. Арасы он шақырымдай. Бір күні стансадан қалаға бармақ болып, автобусқа отырдым. Сол кезде мынадай оқиғаға куә болдым. Автокөліктің орта шенінде жасы 90-ды алқымдап қалған бір қарт кісі отырған. Сәлден соң автобусқа жасы одан біршама кішілеу (жас айырмашылықтарын кейінірек олардың әңгімесінен білдім) қаба сақалды бір ірі кісі кіріп келіп, қарттың қасына сәлемін берер-берместен жайғаса беруі сол-ақ еді, әлгі ақсақал оның алдын орап, оған «Ассаламалейкүм» деп сәлем бермесі бар ма. Қарттың бұл қылығына таң қалған әлгі «жас кісі»: «Аға-ау, бұныңыз қалай, алдымен мен сізге сәлем беруім керек еді ғой?» дегеніне  қарттың берген жауабы, басқаларды білмеймін, мені ерекше таң қалдырды: «Мен саған сәлем беріп тұрған жоқпын, сенің мына келісті қаба сақалыңа сәлем беріп тұрмын ғой!» Осы  күтпеген оқиға менің қарастырылып жатқан мәселеге  сол кезден бастап айрықша көңіл бөлуіме түрткі болды.

Екіншісі, әдетте үй ауласында, жол-жөнекей көшеде және т.б. жерлерде  болмасын  кездескен егде адамдармен, олардың жас шамасына қарамай,  алдымен амандасқанды жөн көремін. Сондай кезде қайсыбіреулері ғана сәлеміме сәлем қайтарып жатса, көпшілігі таң қалысып, үрпиісіп, мені құдды бір жынды адамдай көріп жатады: «бұнысы несі, танымайтын адаммен де амандасуға бола ма екен» дегендей.

Үшіншісі – соңғы кездегі «виртуалды амандасудың» сорақы бір көрінісіне қатысты. Жақын арада менің ұялы телефонымдағы ватсабыма аты-жөні жазылмаған бейтаныс біреуден «Саламатсызыба» деген  «сәлемдеме» келіп түсті. Дәл осылай. Грамматикалық және емлелік қателерін (не нүкте, не леп белгі, не сұрау белгісі жоқ) былай қойғанда, басқа бір сөз жоқ. Осыған енді не дерсің? Бір сезгенім – шала сауатты жас адамның жазғаны екендігі.  Осы «Амандасу кодексінің» құрастырушы-авторы ретінде әлгі бейтаныс адамға болашақта ойлана жүрсін деген ниетпен былай деп жауап бердім. «Сәлеміңді алдым, рахмет, балам! Бірақ бас-аяғы жоқ, аты-жөні жоқ, бұл қалай амандасу телефон арқылы? Орыстардың «Деревне дедушке, неизвестно, от кого» дейтініне ұқсап тұрған жоқ па осы амандасуың?» Көшеде не басқа жерде жас адам үлкен кісіге сәлем беріп жатса жөн басқа, ал бұл жерде әңгіме телефон арқылы бейтаныс адаммен «сәлемдесудің» әлгідей «жаңа түрі» туралы болып отыр. Қысқасы, әлгі маған «қазақша сәлем берген» адамның кім екендігі белгісіз болып қалды.

Соңғы екі жайт ненің белгісі, ненің көрінісі? Әрине, бұл, түптің түбінде, білместік пен надандықтың, бер жағын­да амандасу-сәлемдесу рәсімінен бейхабарлықтың, оған деген жауапсыздық пен енжарлықтың айғағы дер ем. Ойымды қорытындылай келе айтарым: амандасып сәлемдесуге, сәлем алуға, сәлем қайтаруға бей-жай қарамайық, халайық!

Жоғарыда ескертілгендей, бұл мате­риалда талқыланбақшы тақырып түбегейлі түрде ашылмайды, келешекте оны автор одан әрі зерделей түсіп, алынған нәтижені жазбаша түрінде қосымша баяндамақ. Айталық, амандасу, сәлемдесу, ассалам алейкүм сөздерінің түбір сөздері «аман», «сәлем» («салам»), армысыз? сөзіндегі  «ар», мал-жан аман ба? сөздеріндегі  «мал» және  «аман» сөздері араб тілінен, ал  «жан» сөзі иран (парсы) тілінен, халың қалай? сөзіндегі «хал» сөзі араб  тілінен алынып, кезінде қазақ тілі қорына енген. Олай болса, осы жерден біздің ата-бабаларымыз байырғы заманда (ислам енбей тұрған кезде) бір-бірімен қалай жөн сұрасып көрісті (амандасты, сәлемдесті) екен, таза қазақ сөзімен жөн сұрасу болды ма екен, болса, қалай болды екен деген сұрақтар туындайды. Сол себептен де, осы «Қысқаша кодексті» егер де кімде-кім толықтырғысы, нақтылағысы әрі түзеткісі келсе осы журнал бетінде өз ойларын білдіруге немесе автормен байланысқа шығуына болады және оған алғысым шексіз болмақ (автордың электрондық поштасы  aliyevu@mail.ru). Сонымен бірге көтерілген мәселеге қатысты бірнеше әдебиет көздері де беріліп отыр[1, 2, 3, 4].

Ескерім.  Алғашқы мән-мағынасына сай «өркениет» деп мен «культураны» айтып отырмын. Ал  «мәдениет» ұғымы – «цивилизацияның» баламасы. Кезінде этимологиясы (пайда болу, шығу тегі) мен семантикасы (мән-мағынасы) ескерілмей бізге араб тілінен енген «мәдениетті» («медина», яғни, «қала» сөзінен туын­даған маданиат, мадинат) арабтар «цивилизация» (Ибн-Хальдун «хидара»), ал «культураны» (өркениет) «харс» деп атайды. Сондықтан да, соңғы кездегі барлық еңбектерімде мен «Культураны» (латынша егу, тебіндету, өскіндету, өсіру, баулу) «Өркениет» (түбірі «өр», одан өру, өрістету, өрлеу, өркен, өркендеу, өркендету, яғни, адамның, негізінен, табиғатпен табиғи байланысты өмір салты), ал «Цивилизацияны» (латынша қала, шахар)  «Мәдениет»  (яғни, адамның, негізінен, қалаға қатысты жасанды өмір салты) деп алып, олардың байырғы мән-мағынасына сәйкес қолданысқа енгізе бастадым [Қар, 5, 6, 7, 8,]. Осы «жаңалығымды» (жаңашылдығымды) жан-жақты да терең зерттеп дәлелдей келе, болашақта Мемтерминкомға (Мемлекеттік терминологиялық комиссия) «КУЛЬТУРА – ӨРКЕНИЕТ»,  «ЦИВИЛИЗАЦИЯ – МӘДЕНИЕТ»  болып аударылуы керек деген ұсынысымды жеткізбекпін.

Құрметті оқырман қауым! «Ақсақал сөзі» айдарына сәттілік тілей отыра және өзімнің алғашқы «Сөз бастауымды» аяқтай келе сіздерді осы жаңа айдар аясында бұрынырақта айтылған және болашақта көтерілмек мәселелер мен тақырыптарды жан-жақты талқылауға шақырамын.

 

Орақ АЛИЕВ,

«Тұран-Астана» университетінің профессоры,

ғылымтанушы, білімтанушы, руханияттанушы

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 5 томдық. 1-ші том, Алматы: DPS, 2011, 169-170 беттер.

2. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 5 томдық. 5-ші том, Алматы: «Азия Арна», 2014, 193-194 беттер.

3. Айып Нүсіпоқасұлы, Әкімбай Жапарұлы. Ағаш бесіктен жер бесікке дейін. 5 кітап. 2-ші кітап. Алматы,  «Өнер», 2011. 46-48 беттер.

4. Рустемов Л.З. Казахско-русский толковый словарь арабо-иранских заимствованных слов. Алма-Ата, «Мектеп», 1989.

5. Игнатенко А.А. Ибн-Хальдун. М.: «Наука», 1980.

6. Алиев У.Ж. Культура и Цивилизация. Кочевая цивилизация или Кочевая культура? Қараңыз: Алиев У.Ж. Историология: благостные размышления политэконома, науковеда, эпистемолога. – Астана: университет «Туран-Астана», 2014.

7. Өткелбаев Б. Ислам және ғылым. – Алматы: «Көкжиек». 2014, 71-74 беттер.

8. Алиев У.Ж. Астана как очаг многообразия этнических культур  и общечеловеческой цивилизации / Образование. Наука. Общество. Научный журнал университета «Туран-Астана», №3-4(6), 2018.

 

 

2537 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз