• Заманхат
  • 28 Ақпан, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАЗАҚҚА НЕ БЕРДІ?

Жаңабек Жақсығалиев, 
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, 
тарих ғылымдарының кандидаты

 

САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Бұл күн – үш ғасырға жуық бодандықтың қамыты мойнын әбден қажап, еңсесі түсіп, жігері қанша жаншылса да жасымаған, ұлт қаймақтарын қанша жерден қынадай қырса да, қандағы бар тектілік қайта оралып соғатын генетиканың ұлы  заңы бойынша асылдарын жарық дүниеге топ-тобымен  әкеліп отырған арда халықтың бөркін аспанға лақтырып, шаттанатын күні. Бізден бірнеше есе көп, бірақ тағдырдың тауқыметі мен тарихтың теперішін көріп, елдігінен айырылған, мемлекеті жоқ халықтарды көргенде бұған әбден көзің жетеді. Тәуба дейсің. Өйткені өмірде бәрі де салыстырмалы.

Иә, сол тәуелсіздік жарияланған жылы елімізде мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының саны небәрі 40%-дың о жақ, бұ жағында болуы шындығына келгенде ойланарлық нәрсе. Өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында қаракөздердің осындай азшылыққа айналуы ғасырларға созылған отаршылдықтың қанқұйлы саясатының нәтижесі еді. Бұған сол 40% қазақтың жартысына жуығы өзінің ана тілін білмегенін қосыңыз. Мұның зардабын әлі тартып отырған жайымыз бар. 60% өзге ұлттар мен ұлыстар мекендеген және жер асты қазба байлықтары өте мол ұлан-ғайыр аумақта қазақ халқының жеке дербес ел ретінде тарих сахнасына көтерілуі алда әлі де өте күрделі міндеттердің тұрғанын іштей сездіретін.

Мәселен, АҚШ-тың кәнігі саясаткері З. Бзежинский әйгілі «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында  «Югославиядан кейінгі соғыс Қазақстанда болады» деп сәуегейлік жасауға дейін барды. Бұдан көп ұлтты,  көп конфессиялы, көп ментальды елдің болашағына шыныменен сенімсіздікпен қараған әлемдік саясаттағы салмақты тұлғалардың аз  болмағанын байқаймыз. Алайда мұндай сәуегейшілердің зілдей қып айтқандары бүгінгі күн биігінен сандырақтай көрінгенімен, сол кездегі жағдаймен алып қарағанда негізі де жоқ емес еді.

Иә, жасыратыны жоқ, елімізде әлі күнге дейін ара-тұра ұлтаралық кикілжіңдердің қылаң беретіні ешкімге жасырын емес. Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат. Демек, түзу жолдан сәл қиыс кету қазақ үшін саяси тұрғыдан еш кешірілмес қателік екенін ұққанымыз жөн.

Саяси тұрақтылық сөз болғанда біздің айналып өте алмайтын тағы бір шындығымыз, бұл, сөз жоқ, геосаяси тұрғыда қиын жерде орналасқанымыз. Біз тарихи әдебиеттегі бейнелі тілмен айтсақ, «аю» мен «айдаһар» атанған алып империялардың арасында сан ғасырлар бойы амалдап, ақырындап өмір сүріп келе жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Олардың бірінің халқының саны бізден он есеге жақын, екіншісінікі, жүз еседей көп екенін еске түсірсек, біраз нәрсенің беті өзінен-өзі ашыла түсері хақ. Бұл ретте атам қазақтың: «Кейінгі өскен жас бала, Ақ балтырын түрініп, ... Ықтиярсыз жүгіріп, Аузы түкті кәпірдің, Етпегей еді жұмысын» (Қазтуған жырау), «Затсыз, тексіз жөн кәпір, Аузы-басы жүн кәпір, Жаяулап келер жұртыңа, Жағалап шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа. Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны, Сөйлетпей ұрар ұртына» (Бұқар жырау), «Алыстағы дұшпаннан// Аңдып тұрған орыс жаман», «Орыстан досың болса, қойныңда айбалтаң болсын», «Орысқа берем. Әне орыс келе жатыр» немесе «Қарақытай қаптаса сары орысқа жылап көрісерсің», «Ақырзаман болғанда қарақытай қаптайды», «Көрдім талай қытайды, Көңілім одан жұтайды. Іші-тысы қараңғы, Жымиып тұрып тұтайды» (Майқы би), «Шүршіт келем деген сөз бар-ды// Көктен түскен төрт кітап// «Енжіл» атты кәләмда // Егер шүршіт келмесін, Егер шүршіт қаптаса// Алып бір жейді ақтарып// Көмулі көрден денеңді» (Бұқар жырау) – деу себебіне көз жіберген дұрыс.

Бабаларымыз: «­Көршіні Құдай қоса­ды», – дегенді де бекер айтпаса керек. Өз дәуірінің ірі геосаяси ойыншылары Әбілқайырдың Ресей және Жоңғариямен, Абылайдың Ресей және Қытаймен барын­ша арбасып баққанын, соның нәтижесінде империялардың жемсауында жұтылып кетпей, елі мен елдігін сақтап қалу жо­лын­да нағыз шығыс саясатшысына тән стратегиялық айла-амалдар мен так­ти­калық әдіс-тәсілдерді Қазақ дипло­матиясының өзегіне айналдырғанын тарихтан жақсы білеміз. Олардың да басқалай жолы болмаған. Елбасының бұдан бұрын айтқан «Менің кабинетімде Абылай мен Әбілқайыр ханның портреттері ілулі тұр» деген сөзі осы ойымызды қуаттай түскендей.

Қазақстанның қуатты державалардың нақ ортасында орналасуы, оның мұнайдан түсетін мол қоры, елдің көл-көсір табиғи байлығы, көптеген елдердің қуат көз­деріне зәрулігі еліміздің халықаралық сахнада өзіндік салмақты орны һәм саясаты бар мемлекет екенін көрсетеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазір үлкен мемлекеттердің мүдделері Қазақстанда түйісіп отыр. Біріншіден, біздің энер­гетикалық ресурстарымыз үшін түйісіп отыр. Оған Америка, Ресей, Қытай, Еуропа және басқалары мүдделілік танытуда. Ал біз мұнда тек Қазақстанның мүддесін көздейміз» (Назарбаев Н.Ә. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан туралы салиқалы сұхбат // Алтын Орда. 2007. -17-19 сәуір), – деді.

Қай кезде де ел басқару оңай болған емес. Қай заманда да, қай қоғамда да дара тұлғаның жөні бөлек. Солай болған, солай бола да береді. Елім деген, жерім деген ерлердің тарихтың тар тұстарында қандай іргелі істер атқара алғанына кәрі тарих куә. Әлемдік саясатта кез-келген уақытта оқтын-оқтын болып тұратын саяси ойындар мемлекет тізгінін ұстаған билеушінің бойынан дара бітімді, ерекше тұлғаға тән көптеген жеке қасиеттерді талап етеді. Оның үстіне Қазақстанның геосаяси орналасуы жағынан ғасырлар бойы аз зардап шекпегенін қосыңыз.

Тіршілік заңы – күрес. Әлемде геосаяси ойындар әдеттегідей тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұрын бабаларымыз ғасырлар бойы ұлт азаттығы жолында қанын төгіп, жанын берсе, ендігі күрес, ендігі мақсат – тәуелсіздікті мәңгілік ету. Осы ретте аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білімі кемел Ә.Кекілбайұлы: «Мынау өліп-талып келген тәуелсіздікті ақымақ иттің алдына қойған ас сияқты төгіп алатын болсақ, ертең біздің күніміздің не болатыны әлі белгісіз. Оның үстіне бізге алтын сандықтың үстінде отырған алты жасар бала деп қарайтындар бар. Мен баяғыда тәуелсіздік алған жылы да осылай сөйлегенмін. Соған әлі де көзім жетіп келе жатыр. Жер астында жатқан байлық қазақтың бағы ма, соры ма, оны тарих шешеді... Тарихтың өрмегін сен тоқымайсың, ұлт тоқымайды. Тарихтың өрмегін бүкіл адамзаттың коллизиялары тоқиды. Сен соның қайсысына шыдам бере аласың, қайсысына ақылың жетеді, қайсысына күшің жетеді, қайсысына айлаң жетеді, қайсысына арамдығың жетеді» деген еді (Кекілбайұлы Ә. Сырым – дала демократиясының реформаторы // Орал өңірі. - Орал. 2007.-13 қыркүйек).

Осы айтылғандардың қай-қайсысы да ел тізгінін ұстаған ел ұстарларының, игі жақсылардың мойнында, өз халқының алдында қаншалықты жауапкершіліктің жүгі бар екенін көрсетеді.

 

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ 40 %-ДАН 80%-ҒА ЖАҚЫНДАДЫ

Еліміз тәуелсіздік алғанда мемлекеттің негізін қалаған ұлт – қазақ өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында небәрі 40%-ақ болғанын жоғарыда айттық. Бұл – тарихи шындық. Тіпті солтүстік облыстарда байырғы ұлттың саны 20%-дан да төмен құлдырағаны ешкімге жасырын емес. 1959 жылғы халық санағы бойынша, республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 млн. 787 мың, яғни, Қазақстанды мекендеген барлық тұрғындардың небәрі 29 %-ын ғана құрап, өз жерінде ұлттық азшылық жағдайына түскенімізді қазір мектеп оқушысы да біледі.

Атақонысында отырған байырғы ұлттың жанына бататын осы бір өте төмен көрсеткіш халқымыздың балажандығы мен өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қытайдан келген 200 мыңдай қандастарымыздың арқасында 1960-1991 жылдар аралығында үш есеге жуық өсіп, еліміз тәуелсіздік жариялаған тұста қаракөздердің ұзын саны 7 млн-ға жетіп, соның өзінде республика халқының тең жартысын да құрай алмаған еді. Тарихи тәжірибеге сүйенсек, мемлекет тарихында мемлекет құраушы титулды ұлттың саны ерекше рөл атқаратындығы белгілі.

Біз осындай мүсәпір халге қалай түстік? Ол үшін тарихқа сәл шегініс жасағанымыз дұрыс. 1913 жылы Қазақ газетінде қайран Ахаң, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «Әлхамдуллаһи, әйтеуір қазақ 6 мил­лионға жеттік» деп қуанған екен (Кейбір мәліметтерде 8 миллион деп те кездеседі. – Ж.Ж.). Тура бір ғасыр, яғни, жүз жыл өткеннен кейін республикадағы қазақ халқының көрсеткіші енді-енді көтеріле бастаса (Тәуелсіздік жылдарында шетте жүрген 1 миллиондай қандастарымыз Қазақ жеріне оралса, соңғы кезде елімізде бала туу көрсеткіші біршама жоғарылап, жыл сайын шамамен 400 мың сәби дүние есігін ашып жатыр. – Ж.Ж.), кейбір деректер бойынша сол кезде  1-2 миллион болған «өз ағамыз» өзбектер қазір 30 миллионнан асып жығылыпты. Көршілеріміз сияқты еселеп өсудің орнына қазақ халқы өзінің атамекенінде тұрып-ақ, құрып кетудің алдында тұрды.

Неге бұлай болды? ХХ ғасырда қа­зақ­тай азап көріп, «мың өліп, мың тірілген» халық жер бетінде сирек. Біріншіден, кеңестік кезеңде қазақ қолдан жасалған ашаршылық, ұлт асылдарын қынадай қырған қуғын-сүргін, нәубет пен зобалаңдар, әр түрлі қақтығыстар мен соғыстар, т.б. салдарынан қойша қырылды. Қазақ даласында өліктер тау-тау болып үйіліп жатты. Кремль қожайындары қазақты шыбын құрлы көрмеді. Екіншіден, голощекиндік геноцид кезінде жан сақтау мақсатында көрші елдерге миллиондаған қандастарымыз көшіп кетуге мәжбүр болды. Үшіншіден, әуелі патшалы, кейін Кеңес одағы тұсында әртүрлі делимитациялар (шекара межелеу) тұсында кесіліп қалған жерлерімізбен бірге қандастарымыз шекараның арғы жағында көздері мөлдіреп қала берді.

Бағзыдан бүгінге жеткен топонимдік деректерді зерделесек, Қазақ халқы өткен ғасырларда өз атамекенінің үштен бірінен айрылғандығына көз жеткіземіз. Еділ (Волга), Хажытархан (Астрахань), Сарытау (Саратов), Селебе (Челябинск), Қорған (Курган), Орынбор (Оренбург), Төмен (Тюмень), Барнауыл (Барнаул), Үстіқұт (Усть-Кут), Ащылы (Ачинск), Байкөл (Байкал), Енесай (Енисей), Аңғар (Ангара) деп аталатын ондаған-жүздеген елді мекендер мен жер-су атауларының күні бүгінге дейін таза түркілік-қазақтық мән-мағынада айтылуы көп жайды аңғартатыны айғақ.

Тек қана Кеңес заманында 5 миллион қазақ репрессия мен аштықтың құрбаны болып, 2 миллиондай қазақ шет елді паналауға мәжбүр болды. Қазір 4 миллионнан астам қазақ дүниежүзінің 32 мемлекетін паналап, тілі мен діні әртүрлі ортада ғұмыр кешуде (Жолдасбекұлы М., Салғараұлы Қ., Сейдімбек А. Елтұтқа. Астана, 2001, 10-б.).

Нағыз ұлтжанды алаш баласын тәр­биелеу үшін түптің-түбінде көрші­леріміздің көңіліне қарамастан нағыз ақиқат айтылуы тиіс. Сондықтан, тарих­тың бұралаң жолдарында үштен бір жерімізден айрылып қалғанымызды, соған байланысты Ресей мен Қытай қанатын жайып (Кеңес кезеңінде өзбектерге бөлініп берілген жеріміз өз алдына. – Ж.Ж.), қазақ жері тарылғанын бүгінгі мектеп партасында отырған әрбір жас өскін біліп өсуі тиіс дегенімізбен, әрине, бұған әлі де уақыт керек екенін іштей сеземіз және ол тек жас ұрпақтың өз тарихынан тағылым, сабақ алуы үшін ғана. Тарих пен тіл қашан да ұлттық сананың негізгі құрауыштары. Олар құстың қос қанаты тәрізді біртұтас дүние. «Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем­құрайлылық танытатын бол­сақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық – деп сұхбат берді ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев «Ана тілі» газетіне – Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе Ресеймен арадағы шекарамыздың әлем­дегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География – геосаясаттың маңызды факторының бірі» (ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев. Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр. «Ана тілі» газеті, 25 маусым, 2020).

Саясаттың нәзік иірімдерін кірпік қаққаннан-ақ сезетін кәнігі дипломат, бүгінде мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың ой орамдары мен түрік көсемінің айтқаны өзара үндесіп, іштей қабысып жатқаны соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Қазақстанның тәуелсіздігін жарты сағаттан кейін тұңғыш мойындаған Түркияның президенті Тұрғыт Өзал бауырымыздың: «Қазақстан басқаларға қарағанда Ресеймен біртұтас болып кеткен. Араларыңызды ажырату үшін мәселені пісіріп барып, сонан кейін ғана кесіп тастап отыру керек. Ал шикі жерден кесіп тастасаңдар қан шығады», – деп айтқаны бар.  Қалай десек те тарих әділдікті іздейді, бұрмалауға жол берілсе, ол тарих болудан қалады. М.Шоқай айтпақшы, Тарих ешқашан ешкімді аямайды. Айтуға ауыз бармайды, халқының саны көп, бірақ мемлекеті жоқ, жат жұрттың жетегінде жаутаңдап өмір сүріп жатқан тарихи тағдырлары қиын халықтар (ұйғырлар, күрдтер, т.б.) қаншама?! Ұлтымыздың басынан өткен талай тауқымет пен өзімізбен тағдырлас халықтардың тартқан азабын таным таразысына салсаң, қазіргі тірлігімізге тәуба демеске лажың жоқ.

Елімізде ең соңғы санақ 2009 жылы өтті. Санақ көрсеткіші бойынша жергілікті халықтың саны 65% болса, 2017 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мәліметте еліміздегі ұлттардың арасалмағы өзгергендігі байқалады: қазақтар 71%, орыстар 21%, өзге ұлттар 8% құраған екен. Ал биылғы жылы берген сұхбатында мемлекеттік хатшы Қ.Е. Көшербаев Құдай қаласа алда келе жатқан тәуелсіздігіміздің 30-жылдығын қазақ халқы кемінде 78%-бен қарсы алатыны туралы қуанышты хабарды жеткізді. Француз Ашиль-Клод Дебюсси «Кез келген билікті бағалаудағы өлшем сол мемлекеттегі мемлекет құраушы халық санының өсіп немесе кемуінен байқауға болады», – деген екен. Бұл даналық сөз қазіргі Қазақстан билігі ұстанып отырған ішкі-сыртқы саясаттың өресі мен өрісін аңғартқандай.

Осылай, ел аман, жұрт тыныш болса, қазақ халқының саны өз Отанында әлі де көбейе беретінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұған да шүкіршілік!

Қазақтың саны – қазақтың айбары!

Қазақтың саны – қазақтың рухы!

Қазақтың саны – қазақтың болашағы!

Қазақ «Көп қорқытады, терең баты­рады» немесе «Сан сапаға жеткізеді» дегенді бекер айтпаса керек.

P.S. Қазір Құдайға шүкір, Орал қаласын­да тәуелсіздік тұсында ашылған №№1, 2, 4, 5,10, 19, 22, 27, 29, 30, 33, 34, 36, 37, 38, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46,47,48,49,50 мектептердің барлығы қазақ тілді. Бейнелеп айтсақ, қаламыздың шеткі аудандарында жаңадан салынған қазақ тілді мектептер шаһарды сақиналап, шеңберлей бастағандай. Бұрынғы орыс мектептерінің өзі алдымен аралас мектепке айналып, сосын қазақыланып жатыр. Мысалы, №№12, 13, 14, 16, 18, 20, 21,  25, 26, 31, 45 мектептер.

Әрине, Қазақстанның Ресейге шығатын батыс қақпасы, яғни, шекаралық қала саналатын өзіміздің Орал шаһарында да қазақ мектептерінің жыл өткен сайын көбейіп, қарадомалақтардың саны еселеп артып келе жатқанына жаның сүйсінеді.  Кеңестер билігі тұсында ұзақ жылдар астанамыз болған, миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласының өзінде бір-екі ғана қазақ мектебі болса, сол тұста Орал қаласында бір ғана қазақ мектебі (қазіргі С.Сейфуллин атындағы 11-мектеп) болғанын еске түсірсек, көп нәрсенің бізге өзінен-өзі түсінікті бола түсері хақ.

О, Жаратқан Ием, қазаққа бір өзің жар бола көр!

 

ЖАҢА АСТАНАНЫҢ САЛЫНУЫ

Орта және аға буын өкілдері жақ­сы біледі, кешегі КСРО заманында «Отанымыз СССР, жүрегі оның Москва» дегенді мұғалімдеріміз мектепте құйма құлағымызға құятын-ды. Бұл сол кезеңде оқушы болған ізгі қауымға етене таныс. Қазіргі кезде қалай? Біздің елордамызға деген құрметіміз қаншалықты? Бұл сауалға қапелімде көпшілігіміздің ойланып қалатынымыз ешкімге жасырын емес. Бұл – бөлек әңгіме.

Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейін­гі ел билігінің жедел қабылдаған тарихи шешімдерінің бірі – астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру болды. Бұған нендей себептер әсер еткені БАҚ беттерінде жиі көтеріліп жүргендіктен, мұны біз  қайта-қайта шиырлағымыз келмейді. Ал біздің бұл жолғы негізгі айтпағымыз қалай болғанда да астана ауыстырудың ел болашағы үшін стратегиялық һәм геосаяси тұрғыдан тарихи маңызды шешім болғаны. Ел экономикасы әлі түзеліп кете  қоймаған тұста осының бізге қаншалықты қажеті бар еді, – деушілердің де қарасы аз болмағанын  жасырып қала алмаймыз?!

Верный әскери бекінісі болған қаланың уақыт өте келе сәнді де сәулетті, Қазақстандағы алып мегаполиске айналарын әу баста ешкім болжамаған да болар. Астаналардың ілезде қанатын кеңге жайып, ондағы халық санының күрт көбейіп, жоғары жылдамдықпен еселеп өсетіні дүниежүзі тарихынан белгілі. Бір қарағанда астана­лардың ауысып, өзгеріп отыруы қалыпты құбылыс сияқты.

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек Жапонияның ескі астанасы Киото (батыс астана), жаңа астанасы – Токио (шығыс астана), қытайларда Бэйцзин (бізше Бейжин) – солтүстік астана, ал Нанкин (Нанцзин) – оңтүстік астана рөлін атқарды. Түркия астанасын Стамбулдан Анкараға көшірсе, Ресейде Мәскеу мен Санкт-Петербург, АҚШ-та Филадельфия, Нью-Иорк, 1800 жылдан бастап Вашингтон болғанын тарихтан білеміз.

Алысқа бармай-ақ кешегі Кеңес дәуі­р­інде Қазақстанның астаналары да бірнеше мәрте өзгергені белгілі. Мәселен, олар Орынбор (1920-1924), Қызылорда (1925-1929), Алматы (1929-1998) болып жалғасады.

Қысқасы, Тәу етер Тәуелсіздікке қадам басуымыз әлемдік тарих сахнасына көтерілген балауса мемлекет ретінде өз астанамызды өзімізге таңдау жасауға мүмкіндік берді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біз Алатаудың бауы­рына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жаннаты Жетісуды қимай кеттік.Тарихтың қатал талабы осындай» деген сөзінің астарында зор мағына жатыр. ҚР Тұңғыш Президентінің әсіресе «тарихтың қатал талабы осындай» деген сөзінің әр әрпінде зіл батпан ауыр жүк жатқаны ойлы оқырманға анық аңғарылып тұр.

Кезінде күндей күркіреген Кеңес­тер Одағының ҚХР-мен Семейдің Жалаң­ашкөлінде қақтығысқа барғанына да көп уақыт өте қоймаған-ды. Оның үстіне Қытайдың соңғы жылдардағы экономикалық екпіні әлемдік гегемо­нияның тізгінін ұстаған мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тың өзін қобалжыта бастады. Осы орайда француз императоры Наполеон Бонапарттың «Ұйқыдағы айдаһар оянбасын» деген әйгілі сөзі еріксіз еске түседі.

Бұған қоса теріскейдегі ұлы көрші­леріміздің ел тәуелсіздігі жылдарында оқтын-оқтын тосын мінез көрсетіп, оның күні бүгінге дейін сағызша созылуы, сол тұстағы өңір демографиясының  қазіргіден де қиындығы, сайып келгенде қазақ билігіне «екі қоянды бір оқпен атуға» итермеледі. Кеңестік-коммунистік режим жүргізген отаршылдық сая­саттың  қазақтың етінен өтіп, сүйегіне сіңгендігі сондай, әбден орыстанып, ұлттың коды алашұбарланған аймақта ұлттану үдерісінің негізі осылай қалана бастады. Атам қазақтың: «Бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады» деуі бекер емес-ті. Алты алаштың баласы  республикамыздың түкпір-түкпірінен астанамызға ағыла бастады. Бұл – аксиома. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының саны 1 млн 200 мыңнан асты.

Тұжыра айтсақ, мемлекет аста­насының елдің шетінде орналасуы геосаяси тұрғыда өте қауіпті. Мұны дәлелдейтін тарихи деректер жеткілікті. Осы ретте қазақ тарихының алты ғасыр­лық шежіресін көркем әдебиетте асқан суреткерлік шеберлікпен сомдаған, сол жолда қыруар ортағасырлық деректермен жүйелі жұмыс жасаған классик жазушымыз І.Есенберлин «Алтын орда» трилогиясында мынадай тамаша үзік келтіреді: «Ал, ақылды болсаң сен маған мынаны айт... – Ол ерінбей орнынан түрегеліп, қолындағы күміс кесесін, үйдің дәл ортасында төсеулі жатқан түкті кілемнің ортасына апарып қойды. Сөйтті де қайтадан орнына кеп отырды. – Мынау жатқан түкті кілем ноғайлы, қыпшақ елінің жері, ал анау күміс  кесе оның Ордасы – астанасы. Ақылды биім, сен мына кілемді баспай, бүлдірмей маған анау күміс кесені алып берші... – Төре би үндей алмай қалды. Қарт жырау кеңк-кеңк күлді. – Әрине алып бере алмайсың. Оған ақылың жетпейді. – Қарт жырау енді жан-жағына түксие қарады. – Мүмкін бұл кесені маған басқа біреуің алып берерсіңдер?! Қане, қайсың барсың?! Тек кілемді баспайсыңдар...

Кең сарайдың ортасына төселген кілем үлкен еді. Оның үстінен жүрмей, күміс кесені алу тіпті мүмкін емес. Отырған жұрттың бірде-бірі үндей алмады.

– Қане? – деді Асан Қайғы, сөйдеді де ханға қарады.

– Жарайды, мен алып берейін, – деді Жәнібек күлімсіреп.

Ол орнынан түрегеліп, кілемнің жаны­на барып бір шетінен бүктей бастады.

Сөйтіп, кілемді бүктей-бүктей ортада тұрған кесеге де жетті. Еңкейіп қолына алып, Асан Қайғыға берді.

–  Мінекейіңіз, – деді ол кесені ұсы­нып.

Өз жұмбағының шешімін тапқан ханға риза болған Асан Қайғы оған сәл жылы қарады.

– Сені жұрт босқа «әз» демесе керек-ті, – деді қарт жырау. – Ал енді менің Ордаңды бұл шаһардан неге көшір дегенімді түсіндің бе?

Жәнібек сәл басын иді.

– Түсіндім. – Ол орнына барып отыр­ды.

Асан Қайғы, хан тапқан шешімге ақылы жетпей, күп-күрең боп қорланып отырған Төре биге бұрылды.

– Хан Ордасы деген ел Ордасы, – деді ол. – Орда халық үйінің алтын шаңырағы. Шаңырағы күйреп жерге құлаған жұрт көзінен айырылған бас келбетті... Ақылды хан ел кіндігін жер шетіне құрмаса керек-ті. Ел шетіндегі Орда жау алуға жеңіл. Ал жер ортасындағы Орда жау қолына оңай тимейтіні кәміл. Ол үшін жаңа өздерің көрдіңдер, мынау алып дала – кілемнің бір шетінен түріп, жолдағы шептердің бәрін жеңіп, сосын ғана жау Ордаңа тиеді келіп. Қандай мықты әскер болмасын бұл оңай емес. Бұнымды ешкім бұрыс демес» (Есенберлин І. Алтын Орда: Роман-трилогия.-Алматы, 1999. 264-265 бб.).

Біздің қазіргідей ұлан-ғайыр аумаққа ие болуымыздың негізгі сыры ұлы бабаларымыздың өз заманында төрткүл дүние санасатын алып империялар құруымен тікелей байланысты. Бұл мемлекеттерді Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлытауда сөйлеген сөзінде былай түзген еді: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар».

Айбынды Ғұн державасының аста­насы бүгінде  Моңғолияның орталық өңірінен табылып, оған археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп жатса, Көк түріктердің астанасы Суяб қазіргі Қырғыз жерінде жатыр. Алтын Орданың астаналары Сарай-Бату мен Сарай-Берке Еділдің бойында қалса, Қазақ хандарының 200 жылдай меншігі болған Ташкент бүгінде Өзбекстанның астанасы екенін білеміз. Ал ҚазАКСР-інің тұңғыш астанасы Орынбор совет дәуірінде Ресейге өтті. Бұдан шығатын қорытынды,  ел астанасының жердің шетінде орналасуы ешкімге опа бермеген.

Ойымызды тобықтай түйсек, тоғыз жолдың торабында орналасқан әкімшілік әм қаржы орталығы, яғни елордасы – Нұр-Сұлтан шаһарының ел болашағы үшін тиімділігін дәлелдейтін дәйектер тек мұнымен шектелмесі анық. Оның толып жатқан басқа да қырлары мен сырлары жеткілікті.

5914 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз