• Еркін ой мінбері
  • 28 Ақпан, 2021

Ұлт һәм туған тіл

(ПАТШАЛЫҚ ҺӘМ БОСТАНДЫҚ ЗАМАНЫНДА)

Патша үкіметі шет ұлттарды аздап болса да ағарту, олардың ғылым, өнерде артта қалғандарын алға бастыру туралы тіпті де қамтама жеген жоқ. О һәрдайымда ұлттарды бірін-біріне айдап салып, өшіктіріп, араларында қанды соғыстар ашып, әлсізін күштісіне талатумен болды. Бұл ұлттардың мекенін аударып аяғынан тоздырып жібереді, ескі үкіметтің мұнан басқа да шет ұлттардың білім, өнерін сендіріп, өздеріне қас болған ғұрпы-ғадеттерін қалдыртып, діндерін жойып, бүтіндей орыстыққа айналдыру сықылды ең нашар ғамалдары болды. 
Патшалық тәртібі гулеп тұрған замандағы іс басқарулар жоғарыда айтылған сияқты жырақта жатқан шет ұлттардың қараңғы таптарына білім, өнер сәулесін түсірмектен бетер, олардың ішкі, тысқы бүтін тобы ұлттық сақтауын жоққа шығарды. «Ұлт» сөзі құрғақ болып қана қалды. 
Бір халықтың өз тілінде білім-өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгереді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп... соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады. Мұның мысалын тарих бетінде бек көп ұшыратамыз, бұрын да бірнеше халықтар болған, қазір біз олардың бірін де көре алмаймыз, һәм олар жоқ та. Міне, бұлар – сол тілдері жойылып кеткендер. 
Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни, ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Патшалық заманында көп ұлттар осындай халдерге душар болды. Мінеки, залым патша үкіметі қолында айырма уақ ұлттар осылайша ойыншық болып жүрді. Ұлы өзгерістің қуатты күшімен патша үкіметінің негізсіз ұясы быт-шыт болып таралды. 
Ол өзгеріс бізге сөз бен дінге үлкен бостандық берді. Һәм бүтін ұлттарға бірдей құрдастық, тегістік жолын ашты. Міне, қазір бізге айнала кеңшілік, қай жағымызда да тоқталыс беретін кедергі жоқ. Ұлтымыздың білім-өнерін, әсіресе, ана тілімізді қалайша һәм қанша өсірсек те жолымыз ашық... 
Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың білімі де, өнері де өршімейді. Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз. 
...Егер ұлттың ешбір білім-өнері болмаса, оның кәсіп-харекеті де нашар болады. Мұның соңында ол күшті ұлттың қолтығына түседі, һәм солайша біраз уақыт өткен соң ол ұлт бүтіндей жоқ болып кетеді. Осы айтылғандардың бәрі де білім-өнері болмаған ұлттың ұлт емес екендігіне дәлел. Яғни ұлтшылдықтың нағыз белгісі болып табылады. Тіл, мұнан басқа айырмаларда ұлттардың бәрі де бірдей. Тіл ешбір уақытта өзге нәрселерге бас имеске тиіс. Біз оны бегірек те сүюге һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға борыштымыз. Тіл – айна, оның ішіне бүтін халықтың тұрмысы түсіп тұрады. 
Бала анасының құрсағында-ақ, өз ұлтының тілімен ауызданады, бүтін денесі сонымен азықтанады. Өскеннен соң бала сол тілді жарыққа шығаруға, өршітуге борышты. 
Біз ана тілімізді оқып білсек, соның арқасында ұлтымыздың білім-өнерін алға жібереміз, өршітеміз. Білімі ілгері болған жақта тұрмыстың тірегі болған кәсіпөнер жолының кең болатындығы шексіз мәлім, онда шаруашылық жағы да орасан күшті әм өте сенімді болады. Осы айтылған істерді орнына келтіргенде ғана біз өз ұлтымызға айырым басқалықтар даулай аламыз. 

Ғұмар ҚАРАШЕВ,
«Дұрыстық жолы», 
1919 жыл, №5, 1 сәуір

1198 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз