• Еркін ой мінбері
  • 27 Наурыз, 2021

Ақпараттық кеңістіктегі заманауи кітапханалар

Адамзаттың ақпараттық тарихының жаңа электронды кезеңіне өтуін бесінші ақпараттық революция қамтамасыз етіп, ол сандық есептеуіш техника құралдарының іс-тәжірибеде қолданысқа еңгізілуімен байланысты. Әсіресе, бұл үдеріс соңғы 20 жылда қарқынды дами түсіп, өндірістерде дербес ЭЕМ құрастырыла және кеңінен шығарыла бастаған кез. Олардың қоғамның ақпараттық ортасында пайда болуы шынайы түбегейлі өзгерістерге әкеліп соқтырып, адамдардың ғылыми, педагогикалық және өндірістік қызметінің іс-тәжірибесі мен психологиясын барынша өзгертті.

Бүгін ақпараттық қоғам қоғамның барлық салаларына революциялық тұрғыда әсер етеді, адамдардың іс-әрекеті мен өмір сүру жағдайларын, олардың мәдениетін, мінез-құлық стереотипін, ойлау салтын түбегейлі өзгертеді. Дәл сол себепті К.К.Колиннің  пікіріне сүйенетін болсақ, қоғамды ақпараттандыру үдерісін жаңа социотехникалық революция ретінде анықтап, оның ақпараттық негізін алтыншы ақпараттық революция құрайды. Революцияның нәтижесінде біздің планетамыздағы жаңа өркениеттің –  ақпараттық қоғамның қалыптасуы пайда болды. Жаңа ақпараттық технология өміріне қарқынды түрде еңгізілген жарқын иллюстрациялардың бірі – Интернет технологиялар.  Жаңа ақпараттық технологияларды еңгізу – бір мезгілде қоғамды ақпараттандырудың күрделі әлеуметтік экономикалық және ғылыми-техникалық үдерісінің нәтижесі болып табылмақ. Ақпараттандыру – ақпараттық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін тиімді жағдайлар жасайтын және жаңа ақпараттық технологияны пайдалана отырып, қоғамның ақпараттық ресурстарды пайдалануын ұйымдастыратын, адамзат құқығын жүзеге асыратын ұйымдастырылған әлеуметтік экономикалық үдеріс.

Ақпараттандыру үдерісі әртүрлі елдерде бірқалыпты емес, әртүрлі қарқында өтуде. Алғашында бұл жолға ХХ ғ. 50 жылдарының соңы мен 60 жылдардың басында АҚШ, Жапония және Батыс Европа елдері түсті. Бұл мемлекеттерде 60-70 жылдардан бастап адам қызметінің барлық салаларында ақпараттандыру саясаты жүргізілуде. Қоғамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуын тездету үшін, ақпараттық ресурстарды барынша толығымен пайдалану мақсатында мемлекеттік деңгейде ақпараттандыру бағдарламасы жасалған және қабылданған. 2020 жылы АҚШ, 2030-2040 жылдары Жапония және негізгі Батыс Европа елдері ақпараттық қоғамға өтуі аяқталады деген болжам жасалады. Соңғы жылдары мұнда мемлекеттің тарапынан қолдау көрсетілетін жалпыұлттық бағдарламалар ұйымдастыруда.

Қазіргі кезде АҚШ-та ақпараттандыруға жұмсалатын шығынның көлемі (ЭЕМ, әртүрлі деңгейдегі ақпараттық желілер мен жүйелер, мәліметтер базалары т.б. жасау, өндіру, монтаждау, пайдалану) жылына бірнеше жүз миллиард долларға жетеді және ол әскери шығынның көлемінен артық. КСРО-да мемлекеттік деңгейде ақпараттандыру идеясын жүзеге асыру ХХ ғ. 80 жылдардың соңында қарастырылды. 1989 жылы қоғамды ақпараттандыру тұжырымдамасы жасалды. Елдегі экономикалық және саяси жағдай тұрақты болған жағдайда Ресейде 2050 жылдары ақпараттандыру аяқталуға тиіс.

Әлемдік деңгейде ақпараттық қоғамның даму тұжырамдамасын  жасаудың  келесі  қадамы – 2005  жылдың  қарашасында Тунисте  өткізілген  Дүниежүзілік саммиттің екінші кезеңі. Онда жаңа постиндустриялдық  қоғамның  басты  құндылықтары  ақпарат  емес,  сол  ақпаратты  пайдалана  білу,  яғни  білім  болуға  тиіс  деп  жарияланды. Осылайша  ХХІ  ғасырдың  басында  білім  қоғамы  тұжырымдамасының  пайда  болуымен   байланысты  өркениеттік  дамудың  жаңа  кезеңі  басталды. Бұл  тұжырымдама  ЮНЕСКО  құжаттарында  көрініс  тауып,  онда  жай  ақпарат  ағымының  өсуі қоғамның  дамуы  үшін  жаңа  мүмкіндіктердің  пайда  болуына  әкелуі  міндетті  еместігі   атап айтылды. Білімге  негізделген  қоғам  қазіргі заманғы қоғам эволюциясының жоғары мақсаты ретінде  қарастырылады. Білім қоғамдарын  құру идеясы  басты  үш  мәселенің  жауабы болып табылады. Берілген  ақпарат  пен  білім  арнасында  әртүрлі  елдер мен әлеуметтік  топтардың   (тұрғылықты  халық,  мүмкіншілігі  шектеулі  адамдар, мысалы, мүгедектер, күнкөрісі  нашар  адамдар  және т.б.) біркелкі  дамымауы; жалпы  адамзат  игілігі  ретінде  жиналған  білімге  бірдей  қол  жеткізуге   кепілдік  беруді  қамтамасыз  ету; адамның  білім  алуға  құқығы мен  барлық  мәдени  құқықтарын,  сондай-ақ еркін  өздігінше  айта  алумен  қоса,  оның  басты  еркіндігі  мен  құқықтарын  сақтау.  Қоғамның  білім  жетістіктеріне  жету  жолы  ақпараттық   қоғам  арқылы  өтеді.

Кітапхана пайдаланушыларға қазіргі талаптарға сай электрондық каталогтар оқу залының, электрондық ресурстар залының, ақпараттық-библиографиялық сервис қызметін, мұнай және газ электрондық оқу залының, әлем тілдері бөлімінің, ғылыми оқу залының, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қазіргі заманғы технологиялық құралдармен жабдықталған залдың және т.б. заманауи оқу залдарының қызметін ұсынады. Кітапханада барлығы 17 зал ашылған, сондай-ақ 2,5 млн. дана кітапқа лайықталған кітап қоймасы және электрондық ақпараттарды терабайттық көлемде сақтауға мүмкіндік беретін серверлер кешені бар. ҚР ҰАК кітап қоры 600 мыңнан астам кітапты құрайды. Кітапхана қоры кітаптардан басқа 900 атауға жуық отандық, шетелдік мерзімді басылымдармен толықтырылады. 2010 жылдың басында ҚР ҰАК «TELELIFT» (Телелифт) дара рельстік транспорттық жүйесі жүргізілген. Осы жүйенің арқасында ҚР ҰАК қор қоймасынан оқу залдарына кітаптар мен басқа да құжаттарды бірнеше минут ішінде жеткізуге болады.   «TELELIFT» жүйесі – ҚР ҰАК қазіргі заманғы үлгідегі кітапхана ретінде пайдаланушыларға қызмет көрсету деңгейін көтерудің, оның одан әрі қарай дамуының маңызды қадамы.

  Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана (РҒТК) 1960 жылы құрылған. Кітапхана республикадағы ғылыми-техникалық ақпарат қызметін жетілдіру және кітапхана ісін нығайту мақсатында құрылды. РҒТК ақпараттық орталық ретінде қалыптасуының маңызды техникалық әдебиеттер мен құжаттардың арнайы түрі бөлімінің құрылуы болады. 1965-1976 жылдар аралығында РҒТК тікелей бағынышты 18 облыстық ғылыми-техникалық кітапхана (ОҒТК) қызмет атқарады. 1977-1980 жылдары РҒТК ҒТА ҰО бірге Бірыңғай аймақтық анықтама-ақпараттық қорлар қалыптастыру жұмысын басқарды. Соңғы он жылда РҒТК өзінің қалыптастыру жұмысын басқарды. Мұнымен қатар, 18 ОҒТК және 429 техникалық кітапханаларымен бірге Қазақстанның ғылыми-өндіріс саласындағы мамандарды ақпаратпен қамтамасыз етуде. 1999 жылы РҒТК болған өзгерістердің салдарынан ОҒТК оның құрамына филиал ретінде енді.

2007 жылдың 10 мамырындағы ҚР Үкіметінің № 375-қаулысының негізінде РҒТК Акционерлік қоғам мәртебесін иеленеді. Мәртебесінің өзгеруіне байланысты, ақпараттық технологияны меңгеруге және ақылы қызмет түрлерін көбейтумен тығыз байланысты бірқатар өзекті мәселелерді шешуді талап етті.

Кітапхананың қоғам алдындағы міндеті «Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана миссиясы» деп аталатын құжатта бекітіліп көрсетілген. Оның негізі – ғылыми-өндіріс саласының мамандарының және барлық азаматтардың ақпараттық қажеттіліктерін жоғары кәсіби деңгейде қанағаттандыру болып табылатын мемлекеттің маңызды әлеуметтік қызметін атқару. Қызмет көрсетудің басты нысаны – ұжымдық пайдаланушылар, яғни ғылыми-зерттеу мекемелері, барлық өндіріс саласының кәсіпорындары, шағын және орта бизнестің тауар өндірушілері, техникалық жоғары оқу орындары. РҒТК филиалдары республиканың өндіріс аймақтарында орналасқандықтан, оның қызмет аясы бүкіл Қазақстан аймағына таралған. Кітапхананың қазіргі ақпараттық технологияны меңгеруі пайдаланушылардың әлемдік ақпарат ағымындағы құжаттарға, әлемдік ақпараттық ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Респу­бликалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы (РҒПК) 1932 жылы құрылған. Қазіргі уақытта РҒПК республикадағы кітапхана саясатының көшбасшысы, бірден-бір педагогикалық бағыттары  – оның ірі ұлттық ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік, ғылыми-библиографиялық және үйлестіруші орталық ретіндегі қызметі. РҒПК Қазақстан оқу орындарының кітапханалар желісімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Алғаш рет кітапхананың бастамасымен респу­бликада: ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Республикалық кітапхана ақпараттық комисссиясы (1985 ж.); республиканың ірі жоғары оқу орындары базасына облыстық әдістемелік орталық; оқу орындарының кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін жетілдірудің республикалық жүйесі құрылды және ұйым­дастырылды.

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы 1937 жылдың 19 шілдесінде ұлттық библиографияның мемлекеттік мекемесі ретінде ұйымдастырылған.  Кітап палатасы елімізде шығарылған  тіркеу, есепке  алу және басылым туралы  библио­графиялық ақпарат құрастыру мақсатында  белгіленген тәртіп бойынша  баспаханалардан «міндетті дана» деп аталатын басылым данасын алады,  Қазақстанда шыққан баспа өнімдерінің  «Баспасөз мұрағаты»  депозитарийін жинақтайды.  «Баспасөз мұрағатының» бірегей қоры 5 млн астам бірлікті құрайды. «Баспасөз мұрағаты»  Қазақстан тарихын, ғылыми іздеулерді зерттеу,  библиографиялық анықтамаларды орындау үшін  база болып табылады. Мұрағаттағы құнды қорларды зерттеу және сақтау мақсатында  баспасөз мұрағатының қорын таңбалау бойынша  Кітап палатасымен «СофИнформ»  компаниясы тобының арасында ынтымақтастық пен бірге қызметтесу меморандумы  және Абай атындағы  Қазақ Ұлттық педагогика университетімен консорциалдық келісім жасалды. Кітап палатасы 62 библиографиялық  көрсеткіш шығаруды жүзеге  асырады. Олар: «Қазақстан Республикасының  баспасөзі»,  «Журнал мақалаларының шежіресі», «Газет мақалаларының шежіресі»,  «Рецензиялар шежіресі», «Казахстаника»,  «Қазақстан Респу­бликасының ... жылғы баспасөзі», «Қазақстан кітаптарының жылнамасы»,  «Мерзімді және жалғасты басылымдар шежіресі». Сонымен қатар, өткен жылдарының ретроспективтік библиографиялық көрсеткішін шығарады .

Ғылыми-техникалық ақпараттың (ҒТА) мемлекеттік жүйесінің міндетін ғылыми-техникалық ақпараттарды жинау мен өңдеуге бағытталған  ақпараттық ұйымдардың және ғылыми-техникалық желілердің ұйымдары атқарады.    Ғылыми-техникалық ақпарат жүйесінің бас ұйымы  Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы (ҰҒТАО) болып табылады. Орталық жаратылыстану, дәл және техника ғылымдарын техникалық ақпараттармен қамтамасыз етіп, ғылыми-техникалық ақпараттардың мемлекеттік ресурстарын жасаумен айналысады. Қазақстан республикасында қорғалған кандидаттық  және докторлық диссертациялардың құ­жат­тық ағымдарын, ғылыми-техникалық бағдарламаларды, депонирленген ғылыми жұмыстар, қазақстандық ғылымдардың басылымын жинау, өңдеу және талдауды, сонымен қатар, ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.  Орталық қорына түскен барлық әдебиеттерді тіркеу автоматтандырылған түрде жүзеге асырылады. Орталықтың негізгі басылымдарына мына реферативтік журналдар жатады: «Химия. Қоршаған ортаны қорғау. Адам экологиясы»,  «Геология. Энергетика. Металлургия. Тау ісі. Машина жасау транспорт»,  «Ауыл және орман шаруашылығы. Тамақ өнеркәсібі» «Физика-математика ғылымдары» сериялары. Ескерілетін «Қоғамдық ғылымдар», «Мәдениет. Тіл білімі. Әдебиет. Өнер» серияларын ҚР Ұлттық  кітапханасы  шығарады. Сондай-ақ   орталық серия бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы тәжірибелік-құрылымдаушылық  жұмыстардың  реферативтік  жинақтары мен  тіркеу  бюллетенін  шығарды және  жарияланбаған  ақпарат  дереккөздері  бойынша қорды  толықтырады. Жоғарыда   айтылған ақпараттық  орталықтан  басқа  ғылыми-техникалық  ақпарат жүйесіне: ғылыми-техникалық ақпарат ұйымдары мен ЖОО,  өндірістік бірлестіктегі ғылыми-техникалық мекемелер кіреді. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының кеңінен белгілі  «ҚР ҰҒА Хабаршысы», «ҚР ҰҒА баяндамалары», «ҚР ҰҒА хабарлары»  басылымдары «Биология ғылымдары», «Геология ғылымдары», «Қоғамдық ғылымдар»,  «Физика–математика ғылымдар», «Химия ғылымдары», «Аграрлық ғылымдар» сияқты сериялар бойынша  қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көреді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – еліміздегі басты ЖОО-ның бірі, Қазақстандық ғылымның көшбасшысы «ҚазҰУ хабаршысын» 16 серия бойынша шығарады. Олар «Биология ғылымдары», «Шығыстану», «География ғылымдары», «Тарих ғылымдары», «Математика. Механика. Информатика», «Халықаралық құқық және халықаралық қаты­настар», «Педагогика ғылымдары», «Саясаттану, философия, мәдениеттану», «Психология және әлеуметтану», «Филология ғылымдары», «Физика ғылымдары», «Химия ғылымдары», «Экология»,  «Экономика ғылым­дары», «Заң ғылымдары».

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында өткен ғасырдың отызыншы жылдарында сауат­сыздықпен күрес жүргізілгендей, компьютерлік сауаттану жөніндегі ауқымды іске азаматтарды тарту қажеттігі айтылған және мемлекеттік қызметке жаңа қызметкерлерді қабылдау кезінде компьютерді, интернетті және электрондық поштаны қолдана білу дағдысы міндетті талап болуға тиіс екендігі атап көрсетілген. Осыған байланысты, XXI ғасырда ақпараттанған қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін қызмет көрсету саласында төмендегідей міндеттерді шешу көзделіп отыр: компьютерлік техниканы, интернет, компьютерлік желі, электрондық және телекоммуникациялық құралдарды, электрондық оқулықтарды қызмет көрсету барысында тиімді пайдалану арқылы қызмет көрсету сапасын көтеру. Пайдаланушыларға қызмет көрсетуде ақпараттандыру процесі кітапхана қызметкерлері мен мамандарының біліктілік, қызмет сапасына үлкен талап қояды. Ол қызметкерлердің өзін-өзі дамуына, өзіндік білім алуына және қызмет көрсету барысында шығармашылықпен жұмыс жасауға мүмкіндік туғызады.

Ақнұр БЕКТЕМІР,

Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университеті Кітапханатану және библиография кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі,

Ақтоты ТОЛЫҚБАЕВА,

кітапхана ісі мамандығының 3 курс студенті

 

1442 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз