• Еркін ой мінбері
  • 27 Наурыз, 2021

Отбасындағы зорлық-зомбылыққа кім кінәлі?

Жанар ҚАБДІРАХИМҚЫЗЫ,
журналист  

Өкінішке орай, қазіргі таңда БАҚ өкілдері тарапынан  көбірек айтылып қалар ақпараттар ағынының басым бөлігі – зорлық-зомбылық жайы. Өйткені соңғы жылдары елімізде отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық факті­лерінің жиі орын алып отырғаны жасырын емес. Тар құрсағын кеңітіп, дүниеге әкелген ана мен өз қанынан жаратқан әкенің осыншама өз балаларын өзектен тепкені қынжылтары сөзсіз. Көгілдір экрандағы ата-аналарынан жәбір көрген бүлдіршіндерге қарағанда, жүрегің езіліп, көзіңе еріксіз жас аласың. Ата-аналар неліктен қатыгез?  Бұндай қатыгездіктің алдын алу үшін не істемек керек? Оның салдары не болмақ? Бұл сауалдар төңірегінде жан баласының бас қатырып, ойланбайтыны қалай? Бейкүнә сәбилердің келешегі ел ертеңі екені туралы ешкім еске алмайтыны неде? Халқымыз «Ел бола­мын десең, бесігіңді түзе» демей ме. Алайда, бесікті түзету тұрмақ оны сындырып жатса, ел ертеңі не болмақ? Болашақта олардан қандай білімділік, салиқалылық күтеміз? ЮНИСЕФ Қазақ­стандағы өкілетті органдармен бірлесіп жүргізген зерттеулерінің нәтижелеріне сүйенсек, ересектердің шамамен 75%-ы отбасында балалардың мінез-құлқын қадағалап отыру үшін дене жазалауын қолдануды құптайтынын айтады. 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында зорлықпен тәртіпке салу шарасына ұшырайды екен [https://www.unicef.org/]. Бұл жағдайдың жойылмауының  бірінші себебі – «зорлық-зомбылық» ұғымы түсінік аясының тарлығы. Бұл ұғым аясы көбіне тек дене жазалауында ғана қолданылады, ал отбасындағы, тұрмыстағы қорқыту, психологиялық қысым көрсету, тіл тигізуді бұл ұғымнан бөлек санайды. Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі ашық айтылмай келгені аян. Бұл жағдай әлеуметтік проблема қатарында қарала қоймайтын, бұған аса айрықша мән де берілмейтін. Ал Ішкі істер министрлігінің ақпаратына жүгінсек, елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам зорлық-зомбылық фактілері тіркелетінін көреміз. Ал, тіпті тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық фактілерінің ба­сым көпшілігінің тіркелмей жатарын қайда қоярсыз. Сарап­шы­ларға сүйенсек, ресми статис­ти­каны көз жұмып, ең кемінде, төртке көбейтуге болар еді [https://www.unicef.org/]. Әрине, бұл аз дүние емес.

Қазіргі таңдағы пандемияның кесірі бұл тақырыпты да айналып өткен жоқ. Батыс Қазақстан облысы бойынша статистикаға үңілсек, отбасылық зор­лық-зомбылық алдыңғы жылға қарағанда, 2,5% есе өскені байқалады [http://zhaikpress.kz/]. Құдай-ау, өз қызын тірілей өртемек болған әке мен суық күнде қыз баласын киімсіз далаға шығарып қойып тәрбиелеймін деген ананың бұл әрекетіне не дерсіз? Қалай болғанда да, мұндай жандарды ата-ана құқығынан айыру мәселесі елімізде қазіргі таңда бірінші орында тұрған көрінеді. Біздіңше, бұл орайдағы өкініштісі, тәлім-тәрбие аламын деп ата-анасынан жәбір көрген бүлдіршіндердің психологиясына керағар әсер болуы. Үлкендер жағы балаларға қатігездік көрсету арқылы олардың психикасын бұзып қана қоймай, сондай-ақ жас ұланның дамуы мен денсаулығына орасан нұқсан келтіретіндігін түсінбеуі қынжылтады. Сонымен бірге, қылтанақ кезінде зорлық-зомбылық көрген балапандар да уақыт өте келе  ашуланшақ болып, өзгелерге оспадарлық, дөрекілік  әрекет жасауы әбден мүмкін-ау! Бұлар ата-анасының өздеріне жасаған зорлық-қорлық әрекетін болашақта екі еселеп жібермесіне кім сенер. Әрине, болашағын көз алдына елестете алмаған жан атаулыдан өзге не күтуге болар? Дені сау баланың аяқ астынан психикалық түрлі кемістікке ұшырап, денсаулығының бұзылуы  тек елімізде ғана емес, әлем бойынша күн санап өсе түсуі, сөзсіз, әлемдік проблема екені даусыз. Иә, бұл – көп болып, көпшілік болып назар аударарлық әлемдік мәселе. Бұған жас балалардың суицид жасауын қосқайсыз. Демек, жас буынның ойсыз әрекеттерге баруына қатысты осы саланың алдын алу – «зорлық-зомбылық» мәселесін түп тамырымен жою болмақ.

Қысқасы, біз қысқаша таразылаған қазіргі таңдағы әлемдік проблеманың аясы кең. Бұл реттегі еліміздегі ата-ана мен бала жөніндегі жаңа Заңды дұрыс пайдаланып, қатігез ата-аналар өз құқықтарынан заң бойынша айырылуы тиіс. Себебі, Отан отбасынан басталады. Ертең ұлтын ұлықтайтын ұрпақ өз отбасында ез болса, елдігін көтерер ер болып қалай қалыптаспақ. Ит үреді, керуен көшеді, десек те ондай ұрпақтан не үміт, не қайыр? Қалай десек те, әділетсіздікке тоқтау болары аян. Елдің елдігін еселейтін жас ұрпақтың болашағы барлығымызды ойландыруы тиіс.

 

1417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз