• Тарих толқынында
  • 28 Наурыз, 2021

МҮДДЕ БИІК БОЛҒАНДА...

Ислам Жеменей,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы,  профессор

Шығыс пен батыс

Еуропа мен Қытай арасында ежелден сауда-саттық шеңберінде қатынас болды. Қытай мен батыс елдерін жалғастырып тұрған Жібек жолы соған айғақ бола алады. Бірақ та ондағы сауда қатынасы көбінесе делдалдар арқылы байланысып отырды. Қытай керуен жолы арқылы Орталық Азияға жібек мата және өзге де тауарлар жіберіп тұрды, осы сауда жолының негізгі тауары жібек болғаны үшін «Жібек жолы» деп аталды. Жібек жолы сауда-саттық мақсатында бір-бірімен ұштаса жалғасып жатқан жол ретінде Азияның шығыс, батыс және оңтүстігін байланыстыра отырып, Африканың солтүстігіне әрі Европаның шығысына дейін жалғасып жатады. Осы әйгілі сауда жолы б.з.д. II-ғасырдан б.з. XV ғасырға дейін он жеті ғасыр бойы әлемнің ең ірі сауда кешені болды. Алайда, Жібек жолының тауарлары Орталық АзияданАфрика мен Еуропа құрлықтарына дейінгі жерге жетіп тұрған болса да Еуропалықтардың Қытайға келуі немесе қытайлардың да Отанынан алыстап, Еуропаға жетуі екіталай болғандықтан, олардың сауда қатынасы көбінесе делдалдар арқылы жүзеге асып жатты. Осы жағдайда олардың тілдерінің бір-бірімен араласуға негіз бола алған жоқ. Сондықтан, Қытай мен Еуропа елдерінің бір-бірі туралы XVI ғасырға дейін мардымды мәліметі бола қойған жоқ.  ХVІ ғасырдың ортасында Еуропа мен Қытай арасында тікелей сауда байланысы басталды. Қытайға алғаш келген – португалдар; олар қытай жерінде Макао атты Анклав (фр. enclave, лат. inclavare-құлыптау-барлық жағынан басқа мемлекеттің немесе мемлекеттердің аумағының қоршауында қалған мемлекет территориясының бір бөлігі. Мысалы, Сан-Марино мемлекетін Италия, Лестонияны Оңтүстік Африка Республикасы, сондай-ақ Өзбекстанның Шаһимардан және Сох қалаларын Қырғыз жері қоршап жатыр. Егер Анклавтың теңізге шығар жолы болса, онда ол жартылай Анклав деп аталады) сатып алып, оны сауда монополиясы ретінде жүз жылдан астам пайдаланды. Португалдықтардың Қытай елімен танысуына италияндық саяхатшы Марко Полоның (1254-1324) сапарнамасы 14-15 ғасырларда Еуропаның бірқатар тілдеріне аударылып, жарық көруі негізгі әдебиет болған. Өйткені Марко Полоның сапарнамасы Азия картасын жасап шығуға басты әдебиет болды. 15-16 ғасырларда испан және португал экспедициялары Марко Полоның естеліктері арқасында Азия құрлығы батыстан шығысқа қарай созылып жатқандығын білді. Сол арқылы португалдар Қытай еліне көңіл бөліп, олармен сауда-қатынас жасауда  алғашқылар қатарында орын алды.

ХVІІІ ғасырда Ұлыбритания, Нидерланд және басқа да бірқатар елдердің  компаниялары түрлі табысты кәсіптен өз үлесін алып тұрғысы келді, олардың экономикалық бәсекесінің арқасында Қытайда сауда көлемі өте тез өсті.

ХІХ ғасырдың басында Еуропадағы Наполеон бастаған соғыстардан кейін жағдай өзгерді. Қытаймен саудадан түскен табыстың қомақты үлесін британдық көпестерге тиесілі болып жүрді, бұл жағдай өзге де бәсекелестер мен қытайлықтар арасында дау-дамай тудырды. Оның негізгі себебі есірткі саудасы болды. Британдық кемелер Үндістаннан Қытайға апиын тасып, қытай азаматтарының арасында нашақорлықтың кеңінен өріс алуына әкеп соқты. Бұл жағдай қытай елін алаңдатып жіберді. Ал апиын саудасы британдық көпестерді шаш-етектен ақшаға кенелтті. Қытай билігі бұл заңсыз саудаға тыйым салды. Бұл кезде Британияның саудасы «Шығыс үнді компаниясының» меншігінде болатын. Олар қытай шенеуніктерге пара беріп, апиын саудасын өз қалауынша жүргізіп келді. Соның салдарынан қытайдың он миллиондаған азаматы наша тұтқыны болып үлгерді. Соның нәтижесінде заңсыз апиын саудасының көлемі 1800 жылғы жүз тоннадан 1838 жылы 3600 тоннаға артты. Қытай үкіметі апиын саудасы қытай халқын өз иіріміне жұтып бара жатқанын сезіп, 1839 жылы оған қарсы өзінің өте іскер, патриот қызметкерін тағайындады. Ол Lin Tst-hsu болатын. Лин бастапқыда Британия патшайымына бұл заңсыз апиын сауда жайын түсіндіріп хат жазып жолдады. Ол хаттың ешқашан жауабы қайтарылмады. Кейбір болжам бойынша, Линнің жөнелткен хаты патшайымның қолына тиген жоқ. Сондықтан, Лин амалсыз Қытайға тасылатын Кантон портына барып, ол жердегі апиын саудасын қатаң бақылауға алып, қатты тәртіп орнатып, апиынның келу жолдарын жапты. Әрі апиын қолдаушыларды түрмеге қамады. Сондай-ақ апиын таситын ағылшын кемелерін қытай суларының шекарасынан шығарып, жүктеріндегі апиын тауарларын тауып, су түбіне жіберді. Осы шаралар арқасында 1100 тонна апиын жойылды. Сонымен бірге, кеме капитандарына бұдан былай апиын тасымалдау заңсыз екенін ескертті. Оларға апиын тасымалы қайталанған жағдайда портқа аялдауға рұқсат етілмейтінін қадағалап айтты. Лин жүзеге асырған қатаң шаралары ағылшын компаниясын ауыр шығынға ұшыратты. Сондықтан, Британия үкіметі мен парламентінің шешімімен қытайға қарсы соғыс ашты. Өйткені, олар аса пайдалы апиын саудасынан қағылып қалған еді.   Осылайша тарихта ағылшын мен қытай арасында екі рет  Апиын (теряк) соғыстары атпен орын алды. Оның жеңімпазы ағылшындар болды. Алайда, Лин Су қытайдың келешек тархында апиынға қарсы жасаған ерліктері үшін тарихи тұлға болып «ұлт қаһарманы» ретінде бірнеше қалада ескерткіштері орнатылған.

Аталған екі соғыстың қалай және қашан басталғаны жайына біршама тоқталсақ. XVIII ғасырда Британия мен Қытай арасында сауда қатынасы жолға қойылған еді. Онда ағылшындар көбінесе қытай тауарларын сатып алатын еді. Ағылшындар түрлі жібек маталар, қол өнер бұйымдары, қытайдың түрлі бояумен сәнделген ыдыс-табақтары, сәнді тауарлар әрі қытайдың шәйі болатын. Ал оған қарсы қытайлықтар ағылшындардың ешбір тауарын ұната қоймайтын. Сол себепті британдық саудагерлер оларға сатып алған тауарлары үшін алтын, не күміспен төлем жасайтын еді. Әрине, бұл сауда ағылшындар үшін тиімсіз болған. Өйткені, олардың құнды қазыналық алтын мен күмістері кеми түскен. Сол үшін ағылшындар апиын саудасының пайдасын көріп қалғандарына қарағанда, заңды сауданың орнын әлім жетті сауда түріне ауыстыруды ойлады. Өйткені, Британия  флотының қарамағында әскери кемелер мен басқа да заманауи әскери техникасы болғандықтан, қытай армиясына қарсы жеңіске оңай қол жеткізе алатынын сезді. Осылайша Қытай мен Британия арасындағы экономикалық қарым-қатынастар ала-құла күй кешуде болды. Өйткені, сол кездері Үндістан елі Британияның боданында болған. Оның басты рөлі де Британияның «шығыс үнді» компаниясының қолында болған. Онда апиын саудасының тетігі аталған компания ірі көлемде саудасын жалғастырып жатса қытай императоры бұл заңсыз апиын саудасына көңіл бөлмей, оған тыйым сала қоймаған болатын. Соның салдарынан қытай билігі апиын саудасына кеш назар аударып, Лин сияқты күрескерді қызметке алып келсе де, оңай жолмен пайдаға кенеліп жүрген ағылшындарды тоқтата алмай, соңында екі ел арасындағы апиын соғысына жол ашты. Бірінші апиын соғысы 1840-1842 жылдар аралығында жүзеге асты. Соғыстың басында Британияның соғыс кемесі қытайдың Кантон портын бомбалай бастады. Соның салдарынан ағылшын әскері Кантон портына жақын маңындағы «Сушан аралдарын» жаулап алды. Одан кейін Британияның бірнеше соғыс кемесі «Янг Цсе Киянг» өзені арқылы Қытайдың оңтүстік астанасы «Нанкен» бүгінгі (Наншинг) қаласын қоршауға алды. Соның нәтижесінде қытай императоры Наокуанг амалсыз берілуге мәжбүр болды. Қытайдың жеңілісі оны өзіне қолайсыз бейбіт келісімшарт жасауға мәжбүрледі. Бұл шайқаста ойсырай жеңілген Қытай  үкіметі Британия азаматтарына қытай жерінде емін-еркін жүріп тұру құқығын берді. Сондай-ақсоғыстың шығынына 21 миллион долларға тең күміс ағылшындарға төлеуді қабылдады. Сонымен бірге, төмендегідей артықшылықтарды Британия үкіметіне беруге келісті. Олар:

1. Қытай үкіметі Һонг Гонг аралын 1842 жылынан бастап, 1997 жылына дейін Британия үкіметінің билігіне өткізді. Осы аралықта ағылшындар аталған аралды әлемнің ең ірі сауда орталығына айналдырды.

2. Қытай билігі ағылшындар тұрып, сонда сауда жасап жүрген бес портты (Кантон, Амуи «қазіргі–Шиамин», Фужы, Шангһай, Нангио) олар өздеріне ыңғайлап еркін сауда аймағына айналдыруға келісті.

3. Қытай үкіметінің Капитуляция заңын қабылдауы.

4. Қытай үкіметі ағылшындар импорттаған тауарларға салық төлемін өте аз мөлшерге шамамен 3-5 пайызға түсіруге келісті.

Осылайша «Нанкен» бүгінгі (Наншинг) қаласының келісімі қытайлықтардың маңдайына қара дақ болып таңбаланды. Апиынның бірінші соғысына дейін қытай жұрты еуропалықтарға менсінбей қарайтын, олардың тіршілігіне ешқандай қызығушылық танытпайтын. Британия мен Қытай арасындағы бірінші соғыстан кейін жағдай мүлдем өзгерді. Өйткені, Қытайға қызығып қарайтын, ол елдің байлығына ауыз салғысы келетін отаршыл елдердің саны арта түсті. Сондықтан, бұдан былай  Ұлыбритания және өзге де еуропалық елдер еркін сауда жасау жөніндегі келісімшартты орындауға келісті. ХІХ ғасырда Батыс Еуропаның ықпалы күшейген үстіне күшейе берді, ал солтүстікте Ресей Қытайдың есебінен жер аумағын кеңейте түсті. Осы кезде елдің ішкі жағдайы да тұрақсызданып кетті. Оған Тай Пинг төңкерісі мысал бола алады. Бұл төңкеріс 1850 жылдан бастап, 1864 жылға дейін созылды. Оған басшылық жасаған Һунг Шию-Чуан (1814-1864) кедей диқан отбасынан бола тұра, оқыған, көргені көп болды. Ол Кантон қаласында тұрғанда, христиан дінінің бір тарауы болған протестант мәзһабының миссионерінің жанында қызмет жасады. Соның арқасында Кантон сияқты үлкен қалада тұрып, көп нәрсе үйренді. Ол қалада Батыс елдерінен көптеп жүрген саудагерлер, ірі сауда компанияның өкілдері болатын. Онда заңды да заңсыз сауданың қызып тұрған шағы еді.Һунг Шию-Чуанның көреген көзі, ой түйетін санасы бар болғаны үшін Батыс пен Шығыс елдерінің арасындағы мәдениет пен психологиясына зерделі оймен қарап, өз елінің ішкі қоғамдық-экономикалық тепе-теңсіздігін елінің саяси басқарудағы Манчо династиясының (1644-1912) императорының дәрменсіздігі мен әділетсіз түрде билік жүргізіп отырған салдарынан деп есептеп, оған қарсы жерсіз диқандар, жалдамалы жұмысшылар, кеншілер, көмір кендерінде жұмыс істейтін еңбекшілер мен қоғамдағы жұмыссыз топтарды билікке қарсы ұйымдастырып үлкен төңкеріске жол ашты.

Һунг Шию-Чуан бұндай саяси әре­кетке ерекше дайындықпен келді. Ол 1845 жылы Куангси тауларында жаңа дінінің қағидасына орай үгіт-насихат жұмысын бастады. Оның діни әрекетінің нәтижесінде жаппай халық оны құдай таңдаған әулие болған үшін «көк тәңірі» деп таныды. Ол билікке қарсы қозғалысын бастағанда, оны «Тайпинг төңкерісі» деп атаған. Өйткені, тайпинг деген сөз «ұлы бейбіт» деген мағынаны білдіретін. Сондықтан, Һунг Шию-Чуанның рухани көсемі ретінде таныған халық оны саяси лидер ретінде де мойындап, елдегі әділетсіздікті жоюға ықпалды басшы бола алатынына сеніп, қытайда бұрын-соңды теңдесі болмаған қозғалыстың тізгінін оған тапсырған болды. Әсіресе, ол кезде қытай билігі ағылшындармен бірінші соғысын жеңіліспен сәтсіз аяқтағаны үшін қомақты шығынға ұшырап, оның орнын халыққа салған ауыр салықпен толтырғысы келіп, елді материалдық ауыр жағдайға итермелеген болатын. Соның салдарынан қотыр үстіне шиқан демек бір жағы сырттан шабуылдап тұрған отаршыл күштер болса, ішкі жағдайда тойымсыз биліктегі басшылардың қысымы жалпы халықтың экономикалық әлеуетін әбден әлсіретіп жіберген болатын. Осындай жағдайда тайпинг қозғалысы Һунг Шию-Чуанның басшылығымен кең ауқымда 1850 жылдың жазында басталып кетті. Олар билікке қарсы қарулы әрекетке көшті. Сол себепті билікке қарсы ызалы халық тез-арада он мыңдаған қозғалыстың сарбаздарына айналды. Олар Манчо империясына қарсы олардың билігінің үкімі бойынша киім кию және шаш кою дәстүрін өзгертіп, одан бұрынғы салтқа ауысуды жөн көріп, манчо маньчур династиясымен бірге келген шаштарына қоятын кекілді кесіп тастады. Сондықтан, тарихи деректерде оларды «ұзын шашты бүлікшілдер», – деп атап кеткен. Олар өздерінің басшыларының санын  бірден бес адамға дейін көбейтті. Содан бес «көк тәңірі» көсем халықты басқарды. Бірақ барлық көсемдер  Һунг Шию-Чуанға бағынатын болды. Содан  қозғалыстың ауқымын 1852 жылында елдің солтүстік шығысы Һунан өлкесіне дейін кеңейтті. Бұл қозғалыс бастапқы кезде билікке қарсы таптық топтардың наразылық қозғалысы бола тұра, кейін жаппай ұлттық сипатқа ие бола бастады. Олар ықпал жасай алатын аймақтарда ауқатты, бай жер иелеріне шабуыл жасап, олардың қазынасын тонап, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдарын тартып алып, кедей диқандар арасына таратып жүрді. Сонымен бірге, билігін қолға алған өңірлерде қарапайым егіншілерді үш жылдық салық төлеуден босатып, олардың көңіліне тақ құра білді. Жалпы тайпинг қозғалысының елге жасалатын программасын мына ұранға негіздеген: «аспан астындағы әр қарыс жерді бірге абаттандырамыз. Барлық жердегі күріш өнемдерін бірге жейміз. Қайда киім-кешек дайындасақ бірге киіп, пайдаланамыз. Қайдан ақша тауып жатсақ бірге жұмсаймыз. Ешкім тоңып, аштықты сезбейтін болады», – көзқараспен келешек коммунистік идеяларға да жол ашқандай болғандары да анық байқалады. Ондай жағдайға 1644 жылынан билікте келе жатқан манчо империясы бір кезең өрлеуден кейін ел қазынасын әділетсіз түрде бөлісіп, халықтың көп бөлігінің кедейлікте өмір сүруіне алып келген болса, екінші жағынан сыртқы отаршыл күштердің заңсыз саудасы, орын алған соғыстар салдарынан халыққа жүктелген ауыр салық кесірінен жаппай халықтың психологиясын тұрмысы билеп кетті. Тайпинг қозғалысының басшылығы Батыс елдерінде болып жатқан жаңаша даму жолдарына да немқұрайлы қарамай, олардың даму жолының сыр-құпиясына қол жеткізуге түрлі шаралар ойластырып жүрді. Олардың тәжірибесінен білген-түйгендерін өз елінде жүзеге асыру жолдарын да ойластырды. Мәселен, елдің дамуына жаңа реформалар жүргізу программасын қабылдап, темір жол торабының құрылысына, жаңаша почта қызмет көрсету, ауруханалар мен банк жүйесін жасауға көңіл бөлді. Олар батыс елдерінен келген миссионерлердің ішкі сырын біліп, өздерінің жаңадан толық саяси-діни жүйесін жасақтауды да ойластырды. Бірақ та түрлі саяси, экономикалық, әскери, тағы басқа түрлі себептерге байланысты, 1857-58 жылдары қарқыны бәсеңдеп, әлсірей бастады. Дәл осы жағдайды күткен Батыс елдері оның ішінде Британия мен Франция билігі қытай императорының да ішкі тартыс-қақтығыстардан қалжырап қалғанын сезгендей, олардан көбірек ұпай алу үшін қыспаққа алды. Сондықтан, Британия қытай империясынан еркін сауда жасау үшін алғашқы апиын соғысының жеңісінен алғанынан да молырақ ұпай алу мақсатында Америка  мен Францияның да қолдауымен 1854 жылынан бастап  қысым жасай бастады. Ағылшындар Пекинде елшілік ашу, апиын саудасына тыйым салынбай, еркін саудалануын талап етуі, ағылшындар импорттайтын тауарларға мүлдем салық салмау керектін алға қойып, қытай императорын қысымға алған болатын. Қытай жақ болса, бұндай ұсыныстарға  халықтың қарсы екенін сезіп, үзілді-кесілді олардың ұсынысына қарсы болып келді. Осылайша екі жақтың ара қатынасы шиеленісіп кетті. Қытай жағы заңсыз апиын саудасына кедергі жасау үшін арнайы топ ағылшын кемелерін тексеру керектігін сезді. Сөйтіп 8 қазан 1856 жылында «Yeh Ming Chen»деген кісіні арнайы қызметке тағайындады. Оның басқаруымен бірнеше теңіз офицерлері заңсыз тауар тасымалдап жүрген Һонг Гонгке тиесілі «Arrow»  атты кемені тоқтатып, тексерді. Осы тексеру барысында кемедегі бірнеше қытай теңізші мен үш теңіз қарақшысын тұтқындады. Олар болса ағылшындар жалдаған жұмысшы тобы болып шықты. Ағылшындар Нанкен келісімін сылтауратып, кеменің еркін сауда жасауын қамтамасыз етіп, еркін сауда заңдылығын сақтау керектігін айтып, кемеде тұтқын болғандарды бостандыққа жіберуін талап етті. Бірақ қытай үкіметі олардың талабына қарсы жауап берді. Осы оқиғадан соң, қытай билігі тағы да басқа қысымдар жасап, ұлттық-мемлекеттік мүддеге біраз шаралар атқарды. Ағылшындар  қытай  үкіметімен бірге қытай билігінен көбірек ұпай алу үшін оларға қарсы біріге отырып, екінші соғысты ашты. Ол 1856-1860 жылдары жүзеге асып, қытайдың манчо династиясынан тараған Чинг империясын одан әрі әлсіретті. Бұл екінші соғыстың нағыз майданы 1857 жылдың наурыз айында француз әскери күштерінің қосылуымен басталды. Онда ағылшын мен француздардың соғыс кемелері Кантон портын бомбалап, қаланы үлкен шығынға ұшыратты. Бұл оқиғаға орыс пен америкалықтар куәгер ретінде бақылап тұрды. Өйткені, шабуылшылардан қалған олжаны олжалауды ойланып тұрғандай болды. Бұл шайқаста 1858 жылдың шілдесінде қытайдың жеңілісімен Тианжин келісімімен аяқталды. Бұл екінші соғыстың жеңілісі қытай үшін ауыр соққы болды. Себебі бұл рет қытай үкіметі шетел саудагерлеріне он қалада апиын саудасын емін-еркін жасай берулеріне амалсыз келісті. Британия, Франция, Ресей, АҚШ елдері Пекин қаласында елшіліктер мен дипломатикалық кеңселер ашуға мүмкіндік алды. Сонымен бірге, қытай жақ соғыстың шығыны ретінде миллиондаған ақшалай әрі құнды металдармен төлеуге мәжбүр болды. Ал қытай императоры олардың ақыл алмас талаптарына қарсы келісім шартқа қол қоюдан бас тартты. Сол себепті Франция мен Британияның әскерлері 1859 жылы Пекин қаласын жаулап алды. Сонан соң, европалықтар 1860 жылдың қазан айында қарақшылық салты бойынша қаланың қазынасын тонауға кірісті. Бұл оқиғалардың барлығы Қытай үкіметі мен халқын одан әрі ұлттық әрі мемлекеттік мүдделерін қорғай алатындай күшке айналуға ширай түсті. Британия бастаған батыс елдері қытай үкіметі әбден титықтап қалғанына куә болған соң, оның саяси сахнадан жойылып кетпеуін қалады. Өйткені, Чинг императорымен тиімді келісім шартқа олардың билік тізгінін ұстап отыруы қажет болды. Сол себептен әлсірей бастаған тайпинг қозғалысының қуатын біржолата жою үшін манчо әскерлеріне әскери жаңа айла-әдістерді үйретуге кірісті. Соның арқасында қытай үкіметінің әскерлері жаңаша тактикалық әскери сырларымен ағылшын офицерлерінің әскери оку-жаттығуларын үйренді. Осылайша қытай үкіметі 1864 жылдың жаз маусымында тайпинг қозғалысының орталығы болған «Нангинг» қаласын жаулап алып, мыңдаған жақтаушылар мен олардың басшы мүшелерін өлтірді. Әрине, Қытай елінде тайпинг қозғалысынан да басқа көптеген саяси толқулар болып жатты. Олардың да қытайдың ұлттық-саяси бағытына өзіндік әсері болғаны анық. 

Алайда, Қытай императоры ағылшындар бастаған екі соғыста әбден қалжырап қалған кезде, 19-шы ғасырдың соңына қарай, Жапония, Корея мен Тайваньды бақылауға алу мақсатында қатты әлсіреген Қытайға шабуыл жасады. Бұл екі ел арасында орын алған алғашқы соғыс 1894 жылдың 1-інші тамызынан 1895 жылдың 17-інші сәуіріне дейін созылды. Нәтижесінде қытай үкіметі аталған екі елді бақылау жасау құқығынан айырылды.  Осыдан кейін еуропалық ірі державалар бір кезде Африканы қалай бөлшектеп алса, Қытайды да солай бөлшектеп алуға шақ қалған заман туды. Қытай елінің экономикалық салдары да үкіметке және жаппай халыққа ауыр болғаны соншалық, қытай халқының ішкі наразылық толқындары бірінен соң бірі өршіп тұрды. Соның тағы бір маңызды қозғалыс болып тарихқа тіркелгені «боксерлер төңкерісі», – деп Еуропада аталып кеткен ірі саяси толқу болды. Бұл төңкеріс тайпинг төңкерісінен кейінгі қытайдағы шетелдердің отаршылдық саясатына қарсы ең ірі қозғалыс болды. Бұл көтеріліс 1897-1900 жылдар аралығында жүзеге асты.

Еуропа елдері, экономикалық ұпайын түгендеу үшін саяси қысымнан гөрі, әскери шабуылдарға ұласып жатқаны қытай билігін әбден ойландырды, сол себепті тайпинг көтерілісінің жалғасы іспеттес халықтың наразы жаңа толқынын қолдап, саяси сахнаға шығарсақ па, – деген оймен қытай халқының диқандарына мемлекет көлемінде қарсылық шеруге шығуға қолдау көрсетті. Өйткені, халықтың тегеурінді толқулары шетелдіктердің шексіз дәмесіне шектеу қоя алар ма деген үміт болды. Алайда, диқандар қозғалысының басшы азаматтары үкіметке жақын атқа мінерлер болады ғой деп ойлады. Биліктің бұл мүмкіндігін пайдаланған боксерлер көтерлісшілердің кедей, әрі жас топтары қытайдың ежелгі «у-шу» (қару өнері) спорт түріне көңіл бөліп, үйрене бастады. Ондағы мақсат елдің ішкі әділетсіздік пен шетелдіктердің отарлау саясатына «Zheny yi chuan» (әділетті жұдырық) ұранымен қарсы көтеріліс жасау болғанын айтты Нәбижан Мұқамбетханұлы. Боксерлер әсіресе Батыс елдерінің діни миссионерлеріне қарсы шабуылдарын күшейтті. Өйткені, олар дін арқылы қытай азаматтарының ұлттық санасын ұрлау болғанына әбден көздері жеткендей, қытай азаматтар арасындағы христиан болып кеткендерге шетелдік христиандардан гөрі көбірек жауласып жүрді. Себебі оларды іштен шыққан қауіпті жау деп санады. Қытай жұртшылығы оларға «күріш христиандар», – деп ат қойды. Оның екі себебі бартұғын бірі: олар рухы әлсіз, сорлы қытай болғандықтан, шетелдіктердің қорғауында жүруге дінін сатып, христиан болғандар, екіншісі: ұлттық өрісі жоқ, ұлттық санасы жүдеу әрі тұрмыстық жағдайы жоқ материалдық кедей неме болғандықтан, ақша үшін дінін, ұлтын сатқандар деп бағаланып келді. Христиан миссионерлердің қытай халқының ызасын тудыратын себептерінің басында олар қайырымдық жасағансып, католиктің жетімдерге «балалар үйін» салу, сәбилердің санасын өз мақсаттарына тәрбиелеу үшін «сәби ұрлау», шіркеу салып, қоғамдық көзқарасты өз мүдделеріне орайластыра бейімдеу сынды тағы басқа көптеген шараларды қолға алатын болған. Ал қытай халқы бұның бәрін ұлттық сананы жою бағытындағы қитұрқы жүйеленген жобалар деп түсініп, оған ымырасыз күрес жүргізе бастаған еді. Бұл күрестің бастауы ептеп 1860 жылдарынан басталып, түрлі шаралар арқылы жүзеге асып та жүрді. Мәселен: жер-жерде салынған шіркеулерді өртеп жіберу, ғибадатханаларын бұзу, миссионерлерге шабуыл жасау және христиан болған қытайлықтарға дөрекі мінез көрсетіп, қоғамдық қарсы көзқарас қалыптастыру сынды шаралар соның қатарына жататын еді. Манчо (Маньчур) билігі басында боксерлер көтерісшілеріне көмектесіп келгені үшін олар өздерінің ұранында билікке қарсы сөздерін алып тастап, тек қана шетелдердің аяусыз қанауына қарсы екендіктерін ұрандап жүрді. Ауыл адамдарының христиан дініне қарсы қозғалысы, жалпы ұлттық сананың оянуының бастаулары, жасырын қоғамдар құрып, саяси әрекет жасау, шетелдік мүддеге сай жаңа технологияның  дамуына қарсы болу, қытайдағы ұлт-дәстүрін берік ұстанушылардың қалыптасуы, атқа мінерлердің де Батыс елдерінің саясатына қарсы шығулары «боксерлер көтерілісіне» идеяларының бастапқы іргетасы болды. Осылайша боксерлер қозғалысы тез арада шетелдіктерге қарсы әрекетті бастап, 1898 жылы немістерге қарсы Шантунг уалаятында үлкен шара қолданып, оларға лап берді. Өйткені, немістер жабайы түрде аталған өлкенің тұрғындарының еңбегін тегін пайдаланып келгеніне ел-жұрт наразы еді. Сондай-ақ француздар да 1899 жылы католик болған түрлі ұлт-ұлыстарға қолдау көрсетіп, оларға айтарлықтай артықшылық берген еді. Батыс елдерінің бұндай бұлаң түлкі саясатына қарсылық шерулер өрши түсіп, 1900 жылында Пекинге жетті. Бұл наразылық қозғалыс биліктің бақылауынан да шығып, бүткіл саяси жүйенің де түбіне жететұғындай ауқымға жеткенін сезген биліктің сарайдағы басқарушы мүшелері Қытайдың батыс солтүстігіндегі Циян қаласына қашып кетті. Пекин қаласын басып алған боксерлер шетелдік елшіліктердің ғимараттарын қырық бес күн бойы қоршауда ұстап тұрды. Соған орай, Қытай табан тіреп қалған Еуропа елдерінің әскерлері Жопония жауынгерлерімен бірігіп, Тинт Цинь аймағынан Пекин шаһарына келіп, ондағы қоршауда қалған шетелдік елшілер мен азаматтарын боксерлер шеңгелінен құтқарды.

Пекин қаласы боксерлер қолына өткен соң, қытай ханшайымы Дуагер өзінің қызметшілерімен Орталық Қытайға қашып кетті де, жас, әлі саяси ортада пісіп жетілмеген шаһзада Ли һуанг Чангты қалада қалдырып кетті. Ол болса, 1901 жылдың қыркүйек айының 7-күні одақтас шетелдік әскерилермен келісім шартқа қол қойды. Бұл келісім еуропалықтардың «боксерлер көтерілісі» деп атағандарына орай, «боксерлер хаттамасы» деп те аталып кеткен. Онда тағы да қытай билігі атынан отаршыларға көптеген артықшылықтар берді. Сондай-ақ оларға 333 миллион доллар шығын төледі. Өйткені, боксерларға мүше топтар шетелдіктің мүддесіне қызмет жасап тұрған теміржол құрылыстары, байланыс жүйелері сынды көптеген ғимараттарға зиян келтірген еді. Оның барлығы қытай үкіметінің есебінен алынды. Әлемдік алпауыт отаршыл күштер дәл бүгінгі тәсілді Таяу Шығыс елдеріне пайдаланып, көмек деп берген бүкіл қару-жарақтың шығынын олардың есептеріне тіркеп жатыр. 

Қытай билігінің атынан  Ли һуанг Чанг екіжақты келісім шартқа қол қойған соң, шетелдіктер боксерларды қарусыздандыруға жәрдем беруді қолға алды. Сол үшін Пекинде он топ қарулы әскер орналастырды. Сондай-ақ, шетел азаматтарының қорғалуын қамтамасыз етті. Пекин темір жолын Қытай портына дейін қауіпсіздендіру шараларын іске асырды. Манчо (Маньчур) үкіметі барлық шарттарға көніп, оны орындауға уәде етті. Сонымен бірге, олардың азаматтары мен саудагерлерге мейлінше жағдай жасауды мойнына алды. Осылайша «аспан әлемі ел» жат-жұрттың боданына айналды. Қытай тек қана бір ел емес, бәлкім көптеген индустриясы дамыған елдердің жемтігіне айналды.

Осындай қиын қыстау заманда Қытай ХХ ғасырдың басында өз тарихының мазасыз, қарбалас  кезеңіне тап келді. Соның салдарынан қытайдың ішкі саяси тартыстары басталып, Манчо (Маньчур) әулетінен бастау алған Чинг (Цинь) династиясының соңғы императоры 1911 жылы тақтан құлады, мемлекеттің саяси жүйесі республикалық жүйеге ауысты.

Қытай елінің ұлттық мүддесіне бас көтерген ұлтшылдардың айтулы көсемі Сун Ят-Сен (Sun Yat-Sen: 1866-1925)болды. Ол саясаткер, дәрігер, жазушы, философ, мәнерлі жазудың маманы және төңкерісші болған. 1911 жылдың соңғы күндерінде ол басқарған гоминьдан күштері маньчури билігінің тарихын тарих қойнауына жіберді. Сөйтіп 1912 жылдың қаңтар айының бастапқы күндері Қытайдың империялық саяси жүйесін жойып, Қытай елінде «Қытай Республикасы» деген атпен әйгілі болған жаңа саяси жүйені құрды. Ал оның өзі аталмыш жаңа жүйенің түңғыш президенті болып, мемлекеттің басқару тізгінін қолға алды. Кейін ұлтшылдар құрған 1919 жылғы  гоминьдан партиясының төрағасы болып, өзінің қайтыс болған 1925 жылына дейін сол мансапта қызмет атқарды.

Сун Ят-Сеннен кейін дәл сол ұлттық партияның майдандас қайраткері «Chiang Kai-Shek» (1877-1975) билік тізгінін қолға алды. Ол Сун Ят-Сен сияқты ымырашыл саясаткер болған жоқ. Сол үшін коммунистерге өте қатаң қарады. Оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Олардың ең беделді басшы тұлғасы болған Мао Цзэдун (1891-1976) оның бұйрығымен қуғын-сүргінге ұшырады. Қытайдың ұлтшылдары мен коммунистік партиялары бір-бірімен қияң-кескі талас-тартысқа түсіп жүрген жылдары Қытай-Жапония арасындағы екінші кескілескен соғысы да 7 мамырдың 1937 жылында басталып, 9 қыркүйектің 1945 жылына дейін жалғасты. Алайда, Қытайдағы ұлтшылдар мен коммунистер арасындағы саяси тартыстар1949 жылында коммунистердің жеңісімен аяқталды. Сол жылдың желтоқсан айында Қытай Халық Республикасы құрылды. Ал «Chiang Kai-Shek» болса, Тайвань аралына кетіп, 1912-ші жылдың 11-ші қаңтарында сонда Қытай Республикасының президенті және гоминьдан партиясының төрағасы болып өмір кешті. Ол сонда 1975 жылы дүниеден өтті.

Қытай елінің саяси тарихына шолу жасағанда, жиырмасыншы ғасыр­дың аясында коммунистік идеясының концепциясы тайпинг көтерілісінің (1850-1864) негізгі қағидасынан: «аспан астындағы әр қарыс жерді бірге абаттандырамыз. Барлық жердегі күріш өнімдерін бірге жейміз. Қайда киім-кешек дайындасақ, бірге киіп, пайдаланамыз. Қайдан ақша тауып жатсақ, бірге жұм­саймыз. Ешкім тоңып, аштықты сезбейтін болады», – деген қағидасынан әсерленіп,  жасаған табиғи арнасы екендігін байқауға болады. Өйткені, халық саны шектен тыс көп болып, мемлекеттің саяси билігінің кесірінен ел байлығы әділетсіз түрде қолданыста болып, қоғамдағы бай мен кедейлер арасында өте үлкен айырма болдырғаны үшін қоғамдық-тұрмыстық психологиясынан туған үрей, сақтық сондай идеяға жетелеп отырған болу керек. Қытай халқы шетелдердің рақымсыз отарлау саясатынан сабақ алған болып, өз халқының ұлттық санасын қалай ояту керектігін сезді. Ол үшін халықты біліммен сусындатып, нақты ұлттық бағытқа баулу керектігін де ұмыт қалдырған жоқ. Ұлттық сананы бір бағытта ұлттық мүддеге жетелеу үшін жазу мен тіл және діл бірлігі керектігін де байқады. Әрі Батыс елдерінің саяси, экономикалық және технологиялық даму процесіне көз жұма қарауға болмайтынын білді. Осының бәріне шаралар ойластырды. Ең маңыздысы Сун Ят-Сен,Chiang Kai-Shek және Мао Цзэдун үш саяси тұлға, үш түрлі саяси көзқарастары бөлек болса да үшеуінің де «ұлттық саяси көзқарасы» бөлек болған жоқ. Сондықтан, әубастан күні бүгінге дейін олардың саясат, білім-өнер, экономика және технологиялық дамуда ұдайы көздегендері ұлттық және мемлекеттік мүддемен сабақтасып келе жатыр.

Гоминьдан бастаған ұлттық жобалар білім мен тілдің біркелкі болуын қамтамасыз ету саясаты жүріп, өз жалғасын тауып келеді. Сун Ят-Сен бастаған жаңа билік көптеген реформа енгізді, бірақ тұрақтылыққа қол жеткізе алмады. Жапония 1930 жылдары тағы шабуыл жасады. Мао Цзэдунның басшылығымен Коммунистік партия 1949 жылы елді толық бақылауға алмайынша, ұзаққа созылған азаматтық соғыс бір тыншымады. Осындай аласапыран кезеңде, коммунистік заманның бастапқы шағында үлкен лингвистік реформалар жүргізілді.

Енді Батыс ғалымдарының қытай тілі мен иероглифында жүргізген зерттеулерде қытай үкіметі қандай реформалар жүргізгеніне шолу жасап көрейік.

 Қытай тілінің тарихи барысына көз жүгірткенде екі мың жылдай уақыттың ішінде онша көп өзгере қойған жоқ. Иероглифтер жүйесі күрделі болды, оларды үйрену қиынға соқты. Барлық аймаққа тән тіл, жазылған сөзді қалай дыбыстау керектігі, үйретуіне нұсқау болмады: бір мәтінді Қытайдың әр бөлігіндегі халық әртүрлі дыбыстап оқитын. Бұл салада күрделі иероглифтер, ежелгі сөздер мен сөйлем құрылымдары, ортақ ауызекі тілдің болмауы тәрізді үш түрлі қиындық болды. Ұзаққа созылған талқылау мен біраз дау-дамайдан кейін үш проблеманың да шешімі табылды. «Төртінші мамыр» қозғалысының ықпалды реформаторлары 1919 жылы ежелгі әдеби тіл Вэньяньды негіз етіп алып, байхуадан өміршең жаңа жазба тіл жасап шығарды. Ол жазу формасының тарихы ұзақ болды, бірақ мәртебесі жоғары болды деп айта алмаймыз (XV ғасырдан бастап Shuihuzhuan – Су шегарасы тәрізді қалың романдар жазуға қолданылса да). Ұзақ өмірдің бір нәтижесі болу керек қой. Қазіргі қытай тілі ауызекі тілге жақын, бірақ классик авторлардың стилі мен лексикасынан айырмашылығы көп. Қазіргі тілдің функциясы зор, үйренуге салыстырмалы түрде оңай, бұл тілде сөйлеушілер классикалық мәтіндерді арнайы дайындықсыз түсіне алмайды.

16.1-сурет. Қытай жазуын оңайлату. «Бұлт» деген сөздің жазылуы: сол жақта – классикалық жазылымы, оң жақта – оңайлатылған жазылымы.

Барлық қытайлықтарға ортақ дыбыстау жүйесі де пайда болды. Мәтінді дауыстап оқудың Қытай елінің барлық шенеуніктеріне арналған әдісі болатын деген сөз рас. Бірақ ол бүкіл халыққа қолжетімді болмады және еш аймақтың оқу ережесіне негізделмеген, әртүрлі ауызекі сөйлеу мәнерін ескерген компромисс тәсіл еді. Үлкен дайындық жұмысынан кейін, Бейжіңде тұратын халықтың тіліне ұқсас дыбыстауды үлгі етіп алайық деген келісімге келді.  Бұл норма, жалпылап айтқанда, Қытай мен Тайвань елінде бірдей болды. Қытайда оны путунхуа – рutonghua – жалпы тіл, Тайваньда гойо – gouyo – елдің тілі деп атады. Сөйтіп, қытай жазуына реформа жасалды, бірақ түбегейлі өзгеріс болған жоқ.

Бірақ ХХ ғасырдың басында радикал реформаторлар дәстүрлі қытай жазуын тастап, алфавиттік жүйеге көшу керектігін айтты. Коммунистік режимнің алғашқы жылдары билік алфавиттік жүйеге көшуді құптады, бірақ пікір өзгерді, қазір ондай идея ешкімге ұнамайды. Оның орнына дәстүрлі иероглифтік таңбалар жеңілдетілді.

Бүгінде таңбаларды үйрену әлдеқайда жеңіл, бірақ иероглифтердің атқаратын функциясы өзгерген жоқ. Жеңілдетілген иероглифтер жүйесі Қытайда кеңінен қолданылады, бірақ Тайваньда қарастырылмаған. Осы үш реформаның арқасында Қытайдағы лингвистік жағдай қатты өзгерді. Барлық мектепте оқытылатын және қолданылатын путунхуа деген тіл бар. Сөздік қор мен стиль тұрғысынан жазба тіл ауызекі тілден алыс емес, жазу кезінде қолданылатын таңбалар жүйесі де күрделі емес.

Өзге де үлкен тілдік реформалар көрсеткендей, Қытайдағы реформалар саяси мақсатпен тығыз байланысты. Империя құлағаннан кейін, бір ғасыр уақыт өткенде, Қытай басшылары артта қалған, әлсіз, өз ішінен бөлшектеніп кеткен елді дамыған, пәрменді, экономикасы озық елге айналдырғысы келді. ХХ ғасырдың басында билікте болған ұлтшылдар коммунистердің көптеген басты идеяларын ұнатпады. Коммунистік режим саясатқа бірнеше рет түбегейлі өзгеріс енгізді. Бірақ ел басқарғандардың бәрі келешекте біріккен, күшті Қытайды көруді мақсат етті. Олар құлаған империяны қайта тұрғызуды емес, оның орнына ұлттық мемлекет тұрғызуды армандады.

Тілдік мәселе барлық жерде өзекті. Қазіргі ұлттық мемлекеттерге басқару, білім беру, ғылым мен мәдениет салаларында қолдануға ыңғайлы ресми тіл керек. Империялық Қытайдың ортақ жазба тілі болды, бірақ оны халықтың аз ғана бөлігі білді, ол ауызекі қатынас құралы ретінде қызмет ете алмады. Бұл латын жазба тіл болғанымен, сөйлеу тілі бола алмаған ортағасырлық Францияны еске түсіреді.

Прогресс тезірек жүру үшін білімге айтарлықтай ресурс бөлу қажет. Алдымен, халық түгел оқып, жаза алатындай жаппай сауаттылыққа қол жеткізу керек. Қытай тілінің реформасы ауызекі тілді білім беруге де, жазуға да қолайлы етті. Орта білім беру жүйесі бірнеше жыл бойы таралып келеді.  Санақ бойынша, 1949 жылы билік коммунистердің қолына түскенде, мектепте білім ала бастаған балалар саны ғасыр басындағы көрсеткіштен 25%-ға дейін өсті. Он-ақ жыл өткеннен кейін, бұл үлес шамамен 90%-ға көтерілді. Бұл – ресми статистика, ал іс жүзінде білім беру өте тез тарады, соңғы онжылдықтарда Қытай балалардың барлығын дерлік орта біліммен қамтамасыз етті. Бірақ қала мен ауылдың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Қалалық балалар тоғыз жыл немесе одан да ұзақ оқиды, ал ауыл балалары одан анағұрлым аз оқиды, олардың мұғалімдері де жоғары білімді маман емес. Соған қарамастан, халықтың жалпы білім деңгейі өсуде, кейбір Еуропалық елдердің деңгейіне таяп қалды.  

Осы процеспен бірге классикалық жазба тіл де түгелдей дерлік қолданыстан шықты. Оны енді ресми құжаттарда да, газеттерде де, көркем әдебиетте де түгелдей дерлік қолданбайды. Бизнес пен технологияға байланысты мәтіндерде де байқалмайды. Әдебиет пен философиямен айналысатын аға буын білімді адамдар ескі тілді қолдана береді, бірақ, жалпы алғанда, бұл тіл мамандарының қарауына қалдырылды. Сөйтіп, Еуропада 500-800 жылда жүзеге асқан шаруаны Қытай бір ғасырдың ішінде тындырып тастады.

Мектептегі тіл. Өмірдегі тіл

Қазіргі Қытайдағы ересектердің көбі оқыған мектептерде сабақ Бейжің қаласы тұрғындарының диалектісі путунхуаға азды-көпті ұқсас тілде жүрді. Қытай азаматтарының жартысынан көбі немесе 650 миллион адам осы тілге ұқсас тілде сөйлейді. Олар елдің солтүстігіндегі және шалғай аудандарда қолданылатын қытай тілінің солтүстік диалектісінде сөйлеушілер. Бірақ Қытайдың оңтүстік-шығысында, Шанхайдан бастап, Вьетнам шегарасына дейінгі оңтүстік «диалектілер» тек солтүстік қытай тілін білетіндерге мүлде түсініксіз. Ол жақта алты «диалект» бар: ган, сян, хакка, ву, мин және йе.

Бүгінде барлық диалектінің немесе тілдің сөйлеушілері мектепте путунхуа тілін үйренуге міндетті. Оған қоса, олар сол ауызекі тілде дауысталып оқылуға тиіс жазба тілді үйренеді. Мектепте үйде сөйлейтін тілден өзге тілде үйренді; бұл ағылшын мектебіндегі балалардың голландша сөйлеуді, оқуды және жазуды үйренгенімен бірдей.

Қытайда ресми мойындалған 55-ке жуық этникалық аз ұлт бар, ел халқының 8%-ы сол аз ұлттардан тұрады. Мұны тілдік жағдайдың тікелей көрінісі деп қабылдауға болады. Кейбір этникалық топтар ана тілдерінен бас тартып, тек қытай тілінде сөйлейді. Бұл өздерін маньчжур деп есептейтін 10 миллион адамға және басқаларға да қатысты. Бірақ кейбір санақтар бойынша, Қытайда қытай тіліне ұқсамайтын 70-ке жуық тіл бар. Бірақ олардың көбінің сөйлеушісі аз. Тибет, моңғол және түркі тілдері тобынан ұйғыр, қазақ және қырғыз сияқты тілдердің сөйлеушісі де көп, тіл ретінде де танымал.

Бүгінгі Қытайдың аз ұлттардың тіліне байланысты саясаты Франция және Ұлыбритания сияқты елдердің саясатынан онша өзгеше емес. Қағаз жүзінде аз ұлттар мәдени құндылықтарын дамытуға құқығы бар, оларға жазба тілін дамытуға көмек берілсін деген заң бар. Сонымен қатар, үкімет елдің әр азаматы мемлекеттік тілді білуін талап етеді.

Ағылшын тілі және Қытай

Ұзақ уақыт бойы империялық Қытай өзге елдердің тілін үйренуге мәжбүр болған жоқ. Қытаймен байланыс жасағысы келген өзге ұлттар «аға тілді» үйренуі керек болды. Өзге елдермен біздің түсінігіміздегі еш дипломатиялық байланыс та болған жоқ. Қытаймен ресми қатынас орнатқысы келген адам Императордың өзіне өтініш айтуы керек болды. Тілмаштар мен аудармашылар дайындайтын мекемелер болды, бірақ ХХ ғасырдың басына дейін Қытайда Еуропа тілдерінің бірін білетін адам өте аз еді.

Технологиялардағы модернизация арада делдал тіл болуын қажет етті, көп жағдайда оның рөлін ағылшын тілі орындай алды. ХХ ғасырдың басында Ұлыбритания мен АҚШ ең ықпалды державаларға айналды. Коммунистік дәуірдің бастапқы кезеңіндегі орыс тілінің қарқынды ықпалы айтарлықтай із қалдыратындай ұзаққа созылған жоқ. Кеңейген үстіне кеңейіп жатқан білім беру жүйесінде ағылшын тілі маңызды пәнге айналды, бірақ кей жерлерде өзге де шет тілдері үйретілді. Шет тілдерін үйрету ісінде бастапқыда кемшілік көп кетті. Бірақ уақыт өте келе, көп жұмыс жолға қойылды.

Бүгінде қытай балаларының бәрі ағылшын тілін азды-көпті үйренеді. Шамамен үш баланың біреуі толық орта білім алады, яғни 12 жыл оқиды, сонда олар ағылшын тілін бірнеше жыл бойы үйренеді (арасында орыс тілі немесе испан тілін үйрететін мектептер де бар). Ағылшын тілін білу дәрежесі баланың келешектегі мансабына тікелей ықпал етеді. Қазір Қытайда жоғары білім беретін университеттер мен өзге де оқу орындары көп. Әлемнің басқа да елдеріндегідей, олардың сапасы мен рейтингі әртүрлі. Бүкіл жоғары білім беру жүйесіне ортақ бір жалпыұлттық, кешенді оқуға қабылдау емтиханы бар, ол «Гаокао» деп аталады. Жыл сайын 10 миллионға жуық мектеп бітіруші сол емтиханды тапсырады. Баланың алған балы оның қай оқу орнына түсуіне болатынын, жалпы, оның ЖОО-да оқи алатын-алмайтынын да анықтайды. Емтихан жас түлектің өмірдегі орнын белгілейді, ол бұрынғы империялық жүйедегі мемлекеттік емтихандарға ұқсас.

Тестілердің бір-бірінен айырма­шылығы көп. Гаокао тестінде үш міндетті пән бар: қытай тілі, математика және бір шет тілі; ол үнемі ағылшын тілінен тест боп шығады. Осылардан бөлек, талапкер бұрынғы алған білімі мен таңдаған мамандығына байланысты тағы да басқа пәндерден тапсырады.  Бірақ ағылшын тілінен алған балдың салмағы зор. Жоғары білім алуға талаптану үшін ағылшын тілін еркін қолдану керек. Осылай Қытай билігі студенттер мен оқушылардың ағылшын тіліне көп уақыт пен үлкен күш жұмсағанын қалайды. Ағылшын тілін бәрі білуге міндетті, ал өте білімді элитаның деңгейі жоғары болу керек. Жуырда Қытайдағы ағылшын тілін азды-көпті білетіндер саны бүкіл дүниежүзіндегі ағылшын тілі ана тілі боп саналатындардан асып түсетін шығар.

Бірақ бұл ағылшын тілінің қытай тілінен жоғарылап кеткенін білдірмейді. Ағылшын тілін білу сыртқы әлеммен байланыс жасау үшін керек. Қытайдың ішінде бұл тілді қатынас құралы ретінде пайдаланып жатқандар аз, тым болмағанда әзірше солай. Үндістан тәрізді бірқатар елдердегідей ағылшын тілін ана тілі ретінде қолданатын топтардың қарасы көрінбейді. Бірақ ағылшын тілін жақсы білген қытайлар өзге елдің адамдарымен оңай және жиі қатынас жасар еді, ал бұл Қытайдың  дүниежүзілік қауымдастыққа интеграциялануына септігін тигізері сөзсіз.

Келешек

Алыс болашақта қытай тілінің тағдыры қалай болатынын ешкім білмейді, дегенмен, қазіргі үрдіс ап-айқын көрініп тұр. Сондықтан, жақын келешекті оңай болжауға болады (күтпеген жағдайлар болып қалмаса, әрине). Өткен ғасырда Қытай мемлекеті Батыста ұзақ уақыт бойы қолданылып келген тілдерге бірнеше параметр бойынша ұқсас ұлттық тіл жасады. Ол – орталық билікпен тығыз байланысты, білім беру ісінде жазба түрі де, ауызекі түрі де кеңінен қолданылатын тіл. Нәтижесін қазірдің өзінде көруге болады, ол Еуропада бұрыннан болып жатқан жағдайға ұқсас.

Қытай тілі диалектілерінің/тілдерінің ішінде стандартталған солтүстік қытай тілі, путунхуа, бүгінде жүз жыл бұрынғыдан анағұрлым маңыздырақ. Мемлекет білім беру саясатын жүргізіп жатқанда, бұл үрдіс жалғаса бермек. Алыс болашақта Оңтүстік Қытайдың көптеген тұрғыны жергілікті диалектіде сөйлеуден бас тартып,  путунхуада сөйлеуді таңдауы мүмкін.

Кейбір аз ұлттардың тіліне қазірдің өзінде жойылу қаупі төніп тұр. Олардың көбі Еуропа, сосын, Солтүстік Америка, Австралия және өзге де елдердегі аз ұлттардың тілі сияқты түгелдей жойылып кететін шығар. Ал тибет және моңғол тілдері сияқты ұлттардың тілінің тағдыры қалай болатынын болжау қиын, ол саяси ахуал мен заман ыңғайына байланысты. Бірақ тұтастай алғанда, Қытайда бір үстем жазба және ауызекі тілі бар мемлекетке айналу процесі өте жылдам жүруде.

Бүгінде Қытай халқының басым бөлігі ағылшын тілін азды-көпті біледі, ағылшын тілді әлемнің ықпалы күшейіп келеді. Десек те, Қытайдағы ағылшын тілінің орны Ұлыбританияға отар болған бұрынғы Азия, Африка елдерінен мүлде өзгеше. Қытайда ағылшын тілі ешқашан әкімдік-басқару, саясат немесе әскер тілі болған емес, билік оны қол астындағыларды басқару үшін де қолданған емес. Бұл елде ана тілі ағылшын тілі боп табылатын адамдардың саны бүкіл халықтың санынан шаққанда өте аз. Күнделікті өмірде ағылшын тілділермен ағылшынша қатынас жасайтындар некен-саяқ. Ағылшын тілі – модернизация мен жаһандану құралы, ол сыртқы дүниемен қатынас жасау үшін керек.

Түйіндеп айтқанда: Қытай үкіметі ағылшын тілін жастардың біліп, ол тілдегі саяси-ғылыми, экономикалық- технологиялық жетістіктерін үйрену керектігін ескерте отырып, ағылшын тілі мемлекеттік деңгейде ең маңызды саясат, ғылым-өнер, экономика және технология салаларында қолдануға рұқсат етілмейді.

1250 рет

көрсетілді

97

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз