• Еркін ой мінбері
  • 28 Наурыз, 2021

ҚҰБЫЛЫС (Этюдтер)

Нұрғали  ОРАЗ,

«Ақиқат» журналының шолушысы

 

Осы бір жердің тарихы қызық. Замана қалай құбылса, ол да солай құбылады. Сонау бір жылдары, нақтылап айтсақ, кеңес империясы дәуірлеп тұрған кезде мұнда сырахана болатын. Қай уақытта келсеңіз де қақпасы айқара ашық, кір-кір халат киген сары шашты, жуан орыс әйел ақ көбігін бұрқыратып сыра сатып тұрушы еді.

Ол кезде бізге оймақтай ғана аула сияқты болып көрінетін. Және де өзі, қаланың шет жағы болып саналатын-ды. Кейін нағыз орталық боп шыға келді. Өйткені, қала өсті. Кеңес өкіметі құлай салысымен сырахана жабылды. Күн сайын гу-гу етіп,  әңгіме айтып, әзілдесіп, тәжікелесіп, кейде тіпті төбелесіп жататын жұрт сап тиылды.

Сонсоң бұл жер біраз уақыт бос тұрды. Күндердің бір күнінде кореялық бір фирма қыстық аяқ киім сататын жайма базар ашты.

Бәлкім, біріңіз білерсіз, енді біріңіз білмессіз, кеңес империясы кезінде шетелдік сәнді киімдер өте қат болды емес пе. Сондықтан да, өтпелі кезеңде ашылған әлгі базарда алғашқы кезде ұзын-шұбақ өшірет көп болды. Бірінен бірі әдемі көрінген аяқ киімдерге жұрт қызығып, киіп көріп, сыйғанын алып, сыймағанын алақанымен сылап-сипап, қимағандай басын шайқап, кері қайтарып жатты.

Бір өкініштісі, ол аяқ киімдердің табаны тым-тым осал екенін бұл жұрт кейін, қыс түскенде бір-ақ білді. Өйткені резіңкеден жасалған екен. Ал резіңке дегеніңіз, суық тартады. Табаныңыздан сыз өтеді...

Ұзын сөздің қысқасы, қала орталығын­дағы жайма базардан кореялық аяқ киім сатып алған жұрт көпке дейін торсаңдап, құдды бір, ақшасын желге шашқандай өкініп жүрді.

Сосын ол базар жабылып қалды.

Сөйтті де бұл жерден бір кір-қожалақ асхана ашылды. Олай дейтін себебіміз, қаладағы Розыбакиев пен Жандосов көшелерінің қиылысынан өткен кісінің мұрнына ашыған капуста мен тұздалған қиярдың, қышқылтым щи мен жидіген борщтың иісі алыстан сезіліп тұратын-ды. Бір жақсысы, оның да ғұмыры ұзаққа бармады.

Кенет... Тап осы жерден бір алып құрылыс басталып, күндіз-түні тоқтамай, қызу қарқын ала бастады. Күйбің-күйбің шаруамен сүрініп-қабынып жүргенде байқамай да қалыппыз, күндердің бір күнінде биік-биік мұнаралары бой көтеріп, жаңа мешіттің құрылысы аяқталып қалғанын бір-ақ білдік.

Қала тұрғындары бұл жерге енді тағы да ағылып келе бастады. Әсіресе, жұма күндері тіпті, көшеге сыймай кетеді. Әлгі мешіттің күн сәулесіне шағылыса жарқыраған күмбездері Алла тағалаға құлшылық етіп, сәждеге бас қойып жатқан жұртқа жоғарыдан күлімсіреп қарап тұрады.

Сонда біздің көз алдымызға өткен күндердің қойнауында қалған ескі суреттер елестейді. Сыра толы күрішкелер мен қатып-семіп қалған тұзды балықтарға емініп, құнжыңдап отыратын жұрттың қарасы көз алдымызға келіп тұра қалғандай болады.

«Япыр-ай, Құдайсыз қоғамда олар сыраға табынған екен-ау!» деген бір күнаһар ой мазалайды...

Көңілді қолшатыр

Жаңа жылды ол өте көңілді қарсы алушы еді. Биыл да солай болды. Бірінен соң бірі телефон соғып құттықтаған достары: «Біздің жаққа келсейші,» деп шақырды. Бірге оқыған қыздар (бүгінгі бәйбішелер) қызықты да думанды студенттік шақты еске алайық десті.

Бірақ бұл олардың бәріне де рақмет айтып, күліп, әзілдеп, ақыры, жылдағыдай өзінің ең жақын құрбысының туған күніне барды. Тост көтерген кезде оған: «Сенің дәл осы, 31 желтоқсан күні дүниеге келгенің мұндай жақсы болар ма?! Жыл сайын жаңа жылды сенімен бірге қарсы алғым келеді де тұрады!» деді күліп.

Паһ, шіркін, мереке деген жақсы ғой. Ол күні күлуге, қуануға, керек десеңіз, жақсылап сәнденуге де болады. Мереке күні адамдардың мұңайып, торығып, қамығып жүргені тіпті жараспайды-ақ. Өйткені, көше-көшедегі көңіл ауаны оған қарсылық білдіріп тұрады. Ондай күні өзінің неге көңілсіз екенін айтқан кісіні тыңдайтын құлақ та табылмайды.

Алайда мерекеден кейінгі күндері бұл өзінің жалғыздығын айрықша сезіне бастайды. Тап бір думандатып, сырнайлатып-кернейлетіп бара жатқан көңілді вагоннан жалғыз өзі кездейсоқ түсіп қалғандай алаңдап, көңілі құлазып кетеді...

Міне, бүгін де солай болды. Күні кешегі салтанат, кешкі думан, сыңғырлаған күлкі көзден бұл-бұл ұшты. Тағы да сол...тас қамал секілді тым-тырыс бөлмеге қайта оралды.

Оны бүгін салқын душ та, ыстық шай да сергіте алмады. Мұндағы дүниенің бәріне – суға да, буға да – еті үйреніп кеткен. Тек кіреберістегі үлкен айнаның алдына келіп, фенмен шашын кептірген сәтте ғана санасы бір сілкініп, өзіне өзі таңдана қарады.

Ол өзінің жүзінен әр тая бастағанын, жылдан жылға қартая бастағанын білмейді емес. Білетін-ді. Бірақ... Мезгілі өтіп, қурай бастаған гүлдей күннен-күнге реңі  қашып бара жатқанын алғаш байқаған жандай шошынып қалды. Айнадан шашы селдіреп, көзі бақырайып, бетінде бір тамшы қан жоқ мыстан кемпір қарап тұрғанын көріп, кері шегініп кетті.

Жаңа жылдың қарсаңында у-шу боп, есік қоңырауын безілдетіп, сықылықтап күліп келетін құрбыларына арнап дайындап қойған дастарханы сол күйі тұр. Оның үстінде не жоқ дейсіз, бәрі, бәрі – бар. Тек, құрбылары...

Соңғы кезде келе алмай жүр. Себебі, олар да жыл өткен сайын қартайып барады. Бүгінде бірі немере бағып, бірі күйеуінің қас-қабағына қарап, дәрі-дәрмегін беріп, үйінен шыға алмай отыр.

Ал бұл болса, сол баяғы ескі күндерді аңсап, әдеттегісінше дастархан жасап қояды...

Аздан соң ол шашын тарап, қасы-көзін бояп, өзін-өзі ретке келтіргенде, айнадағы манағы мыстан кемпір «көрдің бе менің сиқырымды» дегендей көзін күлімдетіп, езу тартты.

Бірақ, бұл оны мазақ еткендей тілін шығарып: «Сен бәрібір баяғыдай сұлу емессің!» деді.

Мыстан кемпір көзін төмен салды.

«Мынау дүниедегі ең баянсыз нәрсе – әйел сұлулығы!»

Ол мыстанға жұдырығын түйіп, теріс бұрылды. Әйткенмен, өзі де кезінде небір ақылды, білімді, мәдениетті, білекті, жүректі жігіттерді көзіне де ілмеген кербез сұлулықтың дәурені аққан жұлдыздай зымырап өте шыққанын толық мойындады.

Тып-тыныш бөлменің ауасы тарыла бастағандай. Оның тезірек киініп, көшеге шыққысы келді. Үйге таяу маңдағы аллеяда біраз серуендеп, таза ауа жұтып қайтуға аңсары ауды.

Терезеден сыртқа көз салып еді, қыламықтап қар жауып тұр екен. Сонсоң киім ілгіштегі қолшатырлардың біреуін қолына іле кетті.

Әдетте жаңа жылдың алғашқы күнінде қала көшелері тып-тыныш болады. Түнімен сайран салып, шампан атып, думандатқан жұрт таң ата талықсып, ұйқыға кетеді.

Ол қолшатырын ашып, аллеяда ұзағырақ қыдырып жүргенді қалады. Жаңағы бөлмедегі тым-тырыс, қытымыр тыныштыққа қарағанда көшедегі тыныштықтың құшағы әлдеқайда кең көрінді. Тротуардың бойымен ұзаған сайын бауырына тартып, мейірімін төгіп, жалғызсыраған жанды жұбатқандай болады.

Оның жүзіне қан жүгіріп, айналаға зер салып қарай бастады. Қылаулап жауған қар аллеяның қос қапталындағы ағаш бұтақтарына қонып, қалыңдай түсіпті. Ол өзінің қолшатырының да ауырлай бастағанын сезіп, сілкіп-сілкіп қойды.

Осы сәтте қарсы алдынан кездескен қыз бен жігіт күлімсіреп, сәлемдесіп өтті. «Қайран, жастық!» деген ой толқытты оның көңілін.Қандай жарасымды. Қолтықтасып барады өздері...

Ол бұрылып, қыз бен жігіттің соңынан қызыға қарады. Олар аллеяда серуендеп бара жатқан ғашықтардан гөрі өмір сапарына бірге шыққан қос жолаушыға көбірек ұқсады...

Сонсоң алдыңғы жақта, сәкіде отырған қарт кісілер де бұған жылы шырай танытып, бастарын изеп, ілтипат білдіріп, тіпті, арасындағы біреуі: «Жаңа жыл құтты болсын!» деп дауыстап қалды. «Рақмет. Бірге болсын!»

Бұл да оларға басын иіп, күлімсіреп өтті. Ақ ұлпаға оранған ағаштардың арасында бір-біріне қар атысып ойнап жүрген балалар да қалт тоқтай қалып, бұған таңдана қарады. Олардың да көздері күлімдеп, мынау өмір қызық қой дегендей езу тартады. Тротуарға жақындау тұрған біреуі тіпті, шыдай алмай, құлашын керіп, бұның соңынан қар лақтырып жіберді. Бірақ ол нысанаға  жетпей, тротуарға топ етіп түсіп, шашылып қалды...

«Еһ, шіркін, балалық шаққа бір сәтке қайтып оралар ма едім! – деді ол. – Сендермен бірге қар атысып, сайран салар едім-ау!»

***

...Иә-ә, сол күні үш шақырымға созылатын ұзын-шұбақ аллеяда бойы сәл еңкіш тартып, сұрғылт түсті пальто киген орта жастар шамасындағы әйел қолшатыр көтеріп бара жатты. Оған тротуарда кездескен, сәкіде отырған,  балаларын ойнатып жүрген жұрт таңырқай қарап, күлімсіреп, бас изеп,  көзбен ұзатып салды...

 Олардың бәрінің де назарын аударып, жүзіне күлкі үйірген оның қолындағы көңілді қолшатыры болатын. Себебі, ол жеті түске, нақтылап айтқанда, әлемдегі ең негізгі – ақ, қара, қызыл, көк, жасыл, сары, қоңыр түстерге боялған жолақтары бар жаздық қолшатыр еді. Оны алдыңғы жылы  Анталияға демалуға барғанда сатып алған-тұғын. Жаңа үйден асығыс шыққанда қолына іле салғаны сол боп шығыпты...

Жаңа жылдың алғашқы күнінде иесінің де, көшедегі елдің де жүзіне күлкі үйірген көңілді қолшатырға, расында да, алғыс айтуымыз керек сияқты.

 

1023 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз