• Ел мұраты
  • 28 Наурыз, 2021

ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ

Рафхат ХАЛЕЛОВ,

фотожурналист

28 желтоқсан 2020 жыл тәуелсіз қазақ елінің, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының тарихында елеулі оқиға ретінде сақталатыны сөзсіз. Себебі бұл күні Күнбатыс Алашорданың 1918 жылдың ақпанында «Қаратөбе сиезі» өткен киелі орында  Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану мұражайы салтанатты түрде ашылды. Сөйтіп, 102 жыл бұрын өткен сиез тарихы қайта жаңғырды.

Мұражайды Қаратөбеде салуды қол­ға алып, аяқтаған Ержан және Нұр­­жан Хасановтар бұдан екі жыл бұ­рын жерлестер форумында: «Туған жерге сый жасағымыз келеді» деген сөздерін іске асырды. «Тектіден текті туар» дегеніміз осы. Енді бұл мұражай Қаратөбенің тарихын айшықтап, келуші қонақтарға өлке шежіресінен сыр шертіп тұратыны сөзсіз. Осы ретте аз-кем Хаса­новтар әулеті туралы айтып өтіп, әрі қарай мұражайға кеңірек тоқталамын. «Ақиқат» журналы мұқабасының соңғы бетінде мұражайдың тұсаукесерінен ұсынылған суреттермен таныса аласыз­дар.

Иә, Хасановтар әулеті – текті әулет. Ертеде Қаратөбеде «Шымырдан Едігені туғызған, Қарабектен Иманғазыны туғыз­ған бұл Құдайдан қалай айналмассың» деген сөз тараған. Сол Иманғазының ұлы Төлеген жоғары білімді ұстаз. Өзіміз тілге тиек етіп отырған атақты сиезге қа­тысқан Алаш қайраткері. Ал енді әкенің ізін жалғап, зиялылық жолымен жүріп, оқу-ағарту саласында еңбек еткен Хасан атаның баласы Қайыр­жан Хасанов та текті әулеттің өнегелі дәстүрін жалғап, ел тарихын терең зерттеуге ден қойды. Білікті өлкетанушы атанды. Халық ардақтап, сыйлайтын арда азаматқа айналды. Қос перзенті – Ержан мен Нұржан да елім десе еміреніп тұратын тұлғалар бо­лып қалыптасты. Оның бірден-бір дәлелі осынау мұражайдың салынуына бастамашы болып, демеушілік көрсетіп, қолға алған істерін соңына дейін жеткізіп, халық игілігіне тапсыруы. Елге, өскелең ұрпаққа, замандастарымызға үлгі бо­лар­лық қадам жасап, үлкен жобаны мәресіне жеткізді. Қайыржан ағай мен Ырысты апайға осындай саналы ұрпақ тәрбиелегендеріне Қаратөбе халқы өте риза.

Ардақты азамат жайында ардагер ұстаз Аман Жүсіпқалиұлының БАҚ бетінде жарияланған естелігін оқығаным бар: Сонда Аман аға былай депті: «Қайрекең жасынан көпшілікке бейімделген азамат. Оның 5-6-сыныптарда оқып жүргенде аудандық газетте, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында шағын-шағын мақалалары жарық көрді. Ол кезде балалар да, ересектер де газет-журналдарды көп оқитын. Сол мақалалары дамыған үстіне дами түсті. Сол мақалаларының бәрі өлкетану бағытында жазылған дүниелер екен. Ауылымыздың бұрынғы би-шешен, балуандары, кейін Кеңес үкіметі «ұры, банды» деп атаған тұлғаларымыз ту­ралы жазып жүреді екен. Соның бірі – Құныскерей. Кеңес үкіметі кезінде қуғын көрген. Сол кісі туралы Қайрекең көп ізденді. Орынборға дейін барып келді. Көп адамдармен, ұрпақтарымен кездесті. Соның бәрін жинақтап, кейін шағын кітап етіп шығарды. Кітапта Кеңес үкіметінің озбырлығын ашып, Құныскерейдің ешқандай банды еместігін, қазақтың намысын таптатпағанын ақтап шықты. Қаратөбенің Егіндікөл елдімекенінен 12 шақырым жерде «Құныскерей үңгірі» деген бар. Былтыр тамыз айында сол жерге QR-код тақтайшасын орнатты. Бұл белгі облыс бойынша алғаш рет сол жерге қойылды» дейді. Өз басым Қайыржан Хасановтың тәлімін алдым деп айта аламын. Журналистика саласына баулып, фотоәлемнің қыр-сырымен таныстырған да бір өзі еді. Ағай деп құрметтейтінмін. Ұстаз тұттым. Қайыржан ағай саналы өмірін Батыс Қазақстанның, оның ішінде  туған жеріміз – Қаратөбенің батырларын, әнші-күйшілерін, спортшыларын, әулие-әмбилерін, киелі жерлерін, жалпы Қаратөбе тарихын зерттеуге арнағаны белгілі. Соңынан толағай кітаптар, сүбелі дүниелер қалдырды. 140 еңбектің авторы, ақын, Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі. Қасиетті жерде бой көтерген музейдің мақсаты – Алаш арыстарының құнды мұраларын түгендеп, Қайыржан Хасановтың жарқын еңбектерін бір жерге жинақтап, Қаратөбе тарихын жалғастыру болып табылады.

Мұражай ішіне енген бойда «Алты Алашты» меңзейтін алты тармақты шаңырақ көзге шалынады. Мұнда бірне­ше залдар орналасқан. Атап айтқанда: «Үлкен көрме», «Алты алаш» залы, «Қайыржан Хасанов» залы, сондай-ақ жиындарға арналған Төлеген Иманғазиев атындағы мәжіліс залы бар. Барлығы да заманауи талаптарға сай жасақталған. Тартымды, әдемі.

«Алты алаш» залында сиез өткен Мешіт үйінің макеті көрініс тапқан. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол – тай­ғақ кешу» романында суреттелетін Қаратөбе сиезінің көріністерін дәл осы макеттің терезесінен тамашалауға болады. Арнайы көзілдірік арқылы зер салсаңыз әсері мүлдем бөлек. Тағы бір ерекше жәдігер Батыс өңірінде аңыз қылып айтылатын Күнбатыс Алашорда құжаттарын салып, жылқы майын жаққан киізбен орап, көміп тастаған дейтін «Мерседес» автокөлігінің бейнесі де ұтымды шыққан. «Қайыржан Хасанов» залында Қара­төбе өңірінен сыр шертетін суреттер келушілер назарына ұсынылған. Соны­мен қатар, өлкетанушы ағамыздың өзі тұтынған заттары қойылған. Балалық шағы, студенттік кездері, Әнуар Құлбатыров, Құрманғазы Қараманұлы сияқты достарымен түскен суреттері, әскерде жүрген кезі және еңбек жолдарын баян ететін тарихи фотоларды тамашалауға болады. Залдың төрінде Қайыржан ағайдың жеке кітапханасының көшірмесі мен өзінің жұмыс үстелі бар. М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» атағын алған кездегі мантиясы да осы жерде. Қайыржан Хасанов зерттеулерінің негізінде жасалған Қаратөбенің киелі жерлерінің интерактивті картаға зер салған адам өлке тарихынан мол мағлұмат, пайдалы деректер таба алады.

Музейдің салтанатты түрде өткі­зілген тұсаукесер рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласынан алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музей дирек­торы Марғұлан Оспанов, Ы.Ал­тынсарин еңбектерін насихаттаушы, қостанайлық Роза Қуанова, белгілі журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Бекен Қайратұлы қатысты. Сондай-ақ рәсімге Орал қаласынан бірқатар құрметті меймандар, Қайыржан Хасановтың туыстары, замандас достары, Қаратөбе ауданының тұрғындары келді. Аудан әкімі Жанат Ержан мен Нұржан Хасановтарға Асантаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің «Алғыс хатын» тапсырды. «Алғыс хатта» қос азаматтың ел игілігіне жасап жатқан жұмыстары жоғары бағаланған. Мен де осы тарихи күннің куәсі болғаныма қуаныштымын.

1042 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз