• Ел мұраты
  • 28 Наурыз, 2021

ҒЫЛЫМДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШ

Бас бостандығы мен азаматтық-құқықтың дәмін татқан кезеңнен бастап, қазақ әйелдері аз жылдардың ішінде өзінің бойындағы табиғи мүмкіндіктері мен қабілет-дарынын баршаға аян етіп ашып салды. Қазақ әйелі ең алдымен оқу-ағарту ісіне тартылып, білім бұлағынан сусындады. Содан соң, әлеумет ісіне араласты, ел басқару ісіне тартылды. Міне, осындай жасампаздық еңбектің ең қиын да құрметті саласы ақыл-ой қызметі мен ғылыми-шығармашылық болатын. Бағдат Әбішева осы салада бой көрсеткен алғашқылардың бірі болды. Ол халықтың тарихын дамытып, рухани қазынасын молайту бағытында жаңа заманға әйел затынан алғаш қанат қаққан қарлығаштардың бірі еді.

Бағдат Нұрланқызы Әбішева 1928 жылдың 20 мамырында Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Киевка деген селода дүниеге келді. Бағдаттың әкесі Нұрлан әдеттен тыс ақылды, іскер адам болған. Кезінде ол кісі Ақмолада екі сыныптық орыс-қазақ мектебін бітірген. Одан кейін өзі білімін тереңдетіп, кітап оқып жүріп, сауда саласында бастыққа дейін өскен. Бұл салада аттай 50  жылдан артық қызмет атқарған. Мемлекеттік сыйлықтармен, ордендер, медальдар, грамоталармен марапатталған. Бағдаттың анасы Күләнда да өте сыпайы және күйеуінің туыстары келін ретінде оны өте жақсы көрген көрінеді. Күләнда сауатты, арабша жаза алатын, тіпті Мұқтасарды да оқитын, өлеңдер жазатын. Бірақ та үлкен отбасыға барған соң, әрі қарай білімін тереңдете алмаған. 

Бағдат апайдың ата-анасы жастай (әкесі 18 жаста, шешесі 15 жаста) отау құрған.  Күләнда ұзақ уақыт бала көтермеген. Тек 8 жылдан кейін Бағдат туған. Баланың атын қыз атымен Гүл Бағдат деп атаған. Қыз болса да, ер балаша киіндірген, басындағы шашын алып тастаған, біреу «мынау қыз ғой» десе ренжіген. Бағдат апай туғаннан кейін, 8 жылдан соң, көп күткен ұл келеді. Оның атын Жантөре қойған. 1936 жылы 18 наурызда Қарағанды облысы, Тельман ауданы №13 (Қарағанды совхоз-институты) ауылында дүниеге келген. Жантөре балалық шақтан бастап, оқуға, білімге талпынған, өзі оқымай тұрып әліппені жаттап алған. 3-4 жасында әліппені жақсы білгендіктен, қонақтар қай музыканы сұраса да, өзі тез пластинканы тауып, музыка ойнатқан.

Бағдат апай мектепте оқып жүрген кезде математиканы жақсы көрген,  бұл пәнді мектеп директоры А.Л.Репилова  оқытқан. Сол кісі Бағдатқа «өскенде сен Софья Ковалевская боласың» деген екен. Бірақ 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы Бағдаттың «математик боламын» деген арманына жетуге мұрша бермеді. Әкесі Нұрлан ата 1942 жылы еңбек майданына аттанғанда, Бағдат  отбасының үлкен қызы болғандықтан, оқуды тастап, жұмысқа шығуға мәжбүр болды.

1943 жылы әкесі Нұрлан  мобилизацияға ілігіп, үйіне оралғанда, Бағдат апа Ғылым академиясының Қарағандыдағы мұғалімдік институтына түскен.   1945 жылы ол институтты үздік бітіріп, Мемлекеттік аттестациялық комиссияның шешімімен әрі қарай жоғары білім алуға мүмкіндік алды. Сол жылы, яғни 1945 жылы Бағдат апай С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факульте­тінің 3-курсына қабылданды. Оны тағы да үздік бітіріп, Мәскеудің Ғылым академиясының аспирантурасына түсуге кепілдеме алды.

Аспирантураны жақсы бітіріп, уақытында кандидаттық диссертациясын «Ұлы бетбұрыс және КСРО-ның бұрынғы Ақмола округінде жаппай ұжымдастырудың басталуы» тақырыбында Кеңес Одағы тарихының үлкен залында қорғады. Жетекшісі Куркин Андрей Павлович – белгілі ғалым, қазақ  ауылын  кеңестендіру тарихын зерттеушісі. Ал диссертация қорғағанда, белгілі тарихшы Анна Михайловна Панкратова мен академик Борис Дмитриевич Греков төрағалар болып қорғауды басқарды.

Аспирантураны бітіріп, тарих ғылым­дары­ның кандидаты деген атаққа ие болған соң, Бағдат апа Қазақ Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына бас ғылыми қызметкер  дәрежесіне жұмысқа шақырылды. Жұмысқа келе сала Бағдат Нұрланқызы сол кезде шығарылуға дайындалып жатқан КСРО-ның 2 томдық тарихын жазуға кірісіп кетті. Өзін белгілі тарихшы ретінде көрсеткен Бағдат апа тарих институтының қабырғасында үш рет шыққан Қазақстан тарихын жазуға қатысты (социализм кезеңі).

1953 жылдың тамыз айында Бағдат Нұрланқызына ғылыми жұмысты басқа­ратын директордың орынбасары қызметіне ұсыныс болды. Бірақ  отбасы жағдайының мәселесіне байланысты бұл лауазымға Бағдат Нұрланқызы бара алмады, 1958 жылы ол «Қазақстандағы коммунистік құрылыс тарихы» бөлімін басқарды. Осы қызметін өзіне тиісті демалысқа шыққанға дейін абыроймен атқарды.

Бағдат Әбішева көрнекті тарихшы-ғалым және ол қазақ қыздарының ішінде ең тұңғыш болып тарих саласында ғылым кандидаты атағын алған. Бұл кісі Қазақстан тарихы жөнінде талай құнды үлкен еңбектер жазды. Профессор атағына ие болды, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бағдат Нұрланқызы Қазақстандағы жұмыскер таптың мәдени-техникалық өсу дәрежесінің мәселелерін Қазақстан тарихнамасында зерттегендердің бірінші қатарында десек теріс болмайды.

1960 жылы Бағдат Нұрланқызы «Келешек пионерлері» (Қазақстандағы өнеркәсіптегі коммунистік еңбек бригадалары) туралы кітап шығарды.

1965 жылы Бағдат апайдың «Қазақстан­дағы көмір өнеркәсібі деңгейінің өрлеуі» туралы үлкен монографиясы жарық көрді.

Бағдат апа ұзақ өмір сүрді. Оны туған елі, ағайын-туысқандары, бала-шағасы, немере-шөберелері аса құрметтеген, ұлы махаббатқа бөлеген еді. Сондай-ақ, өмірде, қызметінде үлкен абыройға жеткен кездерімен бірге қиындықтар да аз болған жоқ.

Сүйіп қосылған жары Аманжол ағаны қалай күтіп, ардақтағаны бәріміздің көз алдымызда. Ол үшін шын сүю керек, биік махаббаттың иесі болу қажет. Осы қасиеттер Бағдат апада молымен бар еді. Сондықтан болар,  Аманжол аға қашан да жайдары, үйіне кім келсе де, күліп қарсы алатын, ал Бағдат апа іле ас бөлмесіне шығып кетіп, шай, тамақ әзірлей бастайтын.

Қарағандының аяулы қызы, атақты қазақ әйелдерінің біріне сүйікті құрбы, біріне жанашыр апа, енді біріне тілеуқор ана болған танымал ғалым, балалары мен немерелеріне өте қымбат, қасындағы келіндеріне өнегелі жан өзінің өмір жолын үлгі ете білді.

Бағдат апа өзімен қатар өмір сүрген халық ақыны Мәриям Хакімжанова, Қазақстанның Ұлттық кітапханасының директоры болған Нәзира Қожахметқызы Дәулетова, халықтың сүйікті ақыны Фариза Оңғарсыновамен және басқалармен қатар өмір сүріп, солармен қатар қазақ әйелінің тарихи тағдырында тұтас бір дәуірлік құбылыс болды. Бұл құбылыстың мән-мағынасын тек оның тарихи мұрасымен, оның қазақ тарихына қосқан өзіндік үлесімен ғана өлшеу жеткіліксіз. Бұл құбылыстың әрісі – өткен ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап, қазақ қауымының рухани оянуымен, берісі – сол қауымның тең жартысын құраған қазақ әйелінің бас бостандығымен, соның рухани азаттығымен байланыстыра қарау қажет.

Бағдат апайдың тарихи еңбегі қазіргі тарихшыларының бүгінгі биігіне қарай алғаш рет сүрлеу салған, жол ашқан екеудің бірі болды.

Бағдат Әбішева уақытпен жарыса келе жатқан ғалым еді. Бағдат апаның ұзақ жыл бойы тарихқа сіңірген адал еңбегі жоғары бағаланып, атақты тарихшылар қатарына енді, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  еңбегі лайықты еленді. 2020 жылдың мамыр айында Бағдат Нұрланқызы Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арналған «Тыл ардагері» атты медальмен марапатталды.

1974 жылы мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына   жұмысқа орналасқанда, көп әйелдің ішінде менің көзіме бірден  түскен Бағдат апа болды. Аманжол ағамен бірге Бағдат апа Ғылым академиясының қасында Ленин (қазіргі Достық) даңғылы мен Шевченко көшесінің қиылысында тұрған еді. Мен басқа бөлімде жұмыс істеп жүрсем де, Бағдат апа  маған қамқоршы болып, бір күні өз үйіне түскі шайға шақырды. Сол уақыттан бастап, жиі-жиі кездесіп тұрдық. Жай ғана тамақ, шай ішу емес, біз көп әңгімелесетін едік. Бағдат апа менімен өзіне тең адамдай сырласатын, ақылын айтатын. Мен ол кісіге ұялмай-жасырмай ақтарылып сырымды айтатынмын. Біздің институт қызметкерлерінің саяжайлары бір жерде болатын, Аяп Сабырханов ағамыз мені жиі жеміс теруге шақыратын. Сонда Бағдат апа мені көріп: «Ғайым, мен шай әзірлеп жатырмын. Сендер тез келе қойыңдар», – деп, бізді шақыратын. Аяп аға екеуміз барсақ,  апаның шайы дайын, бауырсағы торсықтай, жүп-жұмсақ, өте дәмді, ауызда еріп тұратын еді. Рахаттанып, Аманжол жездеміздің тамаша күлдіргі әңгімелерін тыңдап, апаның   қазы-қартасын жеп, сүйкімді балдай шайына қанып, дем алып қайтатынбыз.

Бағдат апа жалғыз маған ғана қамқоршы болған жоқ. Жалпы институт іргесіндегі бүкіл қыз-келіншекке жылы көзбен қарайтын. Өзі көркем, өте сұлу жан еді. Сабырлы, асықпай сөйлейтін,   сұраса ақылын айтатын. Біз қыз-келіншектер Бағдат апайдай болғымыз келіп, ол кісіні үлгі тұтатынбыз.

Адам деген ардақты атты ақтап шығу,  біреу күліп, біреу жылап өтіп жатқан ескен желдей өмірде келер ұрпақтың көңіліне азық болар ғылыми еңбек қалдыру ғалымның о бастағы мүддесі еді. Бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған Бағдат Нұрланқызы Әбішева өмірінен қазақ қызы кешер халді түгелдей дерлік басынан өткергенін байқаймыз. Өмірдегі, ғылымдағы қазақ қызының қызық та қиын, бұралаң соқпағына ол кісінің тағдыры айқын дәлел. Бағдат апа 2020 жылы 15 желтоқсанда қайтыс болып, 18 желтоқсанда Қарағанды облысы Жұмабек ауылында, өзінің өмірлік серігі Аманжол ағаның қасына жерленді. 

Кімге болса да, өзінің туған жері ыстық, киелі. Оның топырағы басқа топырақтан құнарлы болып көрінуі, оның арманы басқа армандардан анағұрлым сұлу болып көрінуі мүмкін. Тіпті мүмкін емес-ау, бұл табиғи нәрсе. Қайран туған жер қай жүректі елжіретіп, қай көздің жанарына жас үйірмеді десеңізші. Бағдат апа өз елі Қарағандыға жиі соғып тұратын. Ол өзін туған жерінің ауасына, егінмен толқыған даласына борышқормын деп есептейтін.  Ол өзінің туған жерін қайта айналып көрген сайын жаңарып, қайта түлеп жаңғырып отыратын. Қатарымыздан кеткен аяулы Бағдат апамызға мен мынадай өлең шумағын арнадым:

Апамызға жыр арнашы күміс менің көмейім,

Мен жоғалттым сізді, апа, демейін.

Тоқсан екі жасыңыздың алдында

Жыр маржанын, ой алтынын төгейін.

Бақи боп кеттің, апа, түнелдім,

Тарихшылар ортасында гүл едің.

Қыз Жібектей сұлу, ғажайып жан едің,

Зарина мен Томириске теңедім.

Біздің елдің мақтан етер қыздары

Бұл заманның жеңіп шықты ыстығы мен ызғарын.

Азаматтар болса Аманжол жездедей,

Ару қыздар бағын табар іздемей.

Жарқыратып жүрек сырын ашайын,

Өкінішті қайғымды мен басайын.

Талай қазақ сүйсіне Сізді еске алды,

Алдарына жырымды мен шашайын.

Бүгінгі күні орны толмас қазаның жүректі қырнаған күйінішімен бірге көңіл көншітер сүйініші де бар. Тоқсан жылдан артық өмір сүріп, бүкіл бір ғасырдың қызығы мен шыжығын бірдей бастан кешірген батагөй Бағдат апамыздың есімі біз үшін осынысымен қымбат, осынысымен ғибрат. Оның жарқын бейнесі халық жадында сақталатын асыл жандар қатарында жасай береді.

Бағдат Нұрланқызының 3 ұлы (Жолды­бек, Жолымбек, Жәнібек) және 6 немересі (Әлішер, Нұржан, Айжан, Елжан, Төрежен, Динара) бар. Үлкен немересі Әлішер ҚарМУ-дың экономика факультетін бітірді. Жекеменшік кәсіппен айналысады; Нұржан Қарағандының Заң университетін бітірді, жекеменшік бизнесте; Айжан Қытайда университетте оқыды, ол да кәсіпкер; Елжан Лондонда Королева Марияның университетінде оқып диплом алды, қазір қаржы саласында; Төрежан АҚШ-та Массачусетс қаласының технология институтын бітірді, ол да қаржы саласында қызмет атқарады; Динара Чехияда университет бітірді, дизайнер болып істейді.  

Топырағың торқа болсын, әз апа! Жаның жаннатта, рухың кейінгі ұрпағыңның жақсы ісінде жалғаса берсін!

 

Кайни Шаймерденова,

тарих ғылымдарының кандидаты, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының профессоры

739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз