• Ел мұраты
  • 28 Наурыз, 2021

АКАДЕМИК ТАҒЫЛЫМЫ

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ  Ұлттық педагогикалық

университетінің ректоры

Биылғы әлемді жайлағын GOVID-19 пандемиясы салдарынан қаншама жақсы адамдар мезгілсіз дүниеден өтті десеңізші. Солардың бірі – бүкіл Қазақ еліне аты мәлім үлкен ғалым, сонау 80-ші жылдары жеті жыл Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары, үш жыл Министрі, он жылдан астам ҚазМУ-дың ректоры және басқа да көптеген жауапты  қызметтер атқарған мемлекет және қоғам қайраткері, академик Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев болатын. «Жақсы адам жанып тұрған шаммен тең» дегендей, шын мәнінде Көбекең үнемі айналасына шуақ шашып, жарық беріп тұратын жақсы кісі еді. Сұңғақ бойлы, тұла бойы қарағайдай тіп-тік, қыр мұрынды, өткір көзді, атжақты, қарасұр өңді, шалқайта қайырған бозқырау шалғын шашы оны сырт көзге сұстылау көрсеткенімен, сөйлесе келсең аңқылдаған ақ көңілмен,  жарқылдаған жанашыр сезіммен жаныңды баурап, жүрегіңе жарық түсіретін.

Амандасар адамдармен тек күліп,

Көрген емес, көңілінде кек тұнып.

Елі үшін еміренген тұлғаның,

Келбетінен көргендейсің тектілік, – деп ақын жырлағандай, Көпжасар аға шынында да текті адам болатын.

Мен сонау 2007 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясына басшы болып тағайындалған соң, көп ұзамай, академик Көпжасар Нәрібаев аға мені жұмыс орныма іздеп келіп құттықтады.

– Такир шырағым, бұл мекемеге нағыз керек басшы өзің едің, бұл жердің бағы енді жанатын шығар. Аянбай жұмыс істе, академияның шатқаяқтап тұрған шаруаларын жөнге сал, шырағым. Бұл сенің ғана қолыңнан келетін іс, –  деді Көпжасар аға жылы жүзбен. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дегендей, бұрын ресми түрде сіз-біз десіп  жүретін біз бұдан былай арқа-жарқа әңгімелесіп кеттік. Ол кісі Білім академиясының жұмысын жолға қою үшін шаруаны неден бастау керегін айтып, ақыл-кеңесін де аямады, Көбекеңнің сол кездегі «шырағым» деп мейірлене айтқан жылылық пен шуаққа толы жалғыз сөзі әлі күнге жүрегімде жаңғырып тұрғандай...

Көпжасар Нәрібаев ағамен білім мен ғылымның өзекті  мәселелері туралы жиі пікірлесіп, ой бөлісіп жүрдік. Ол кісі қазіргі біздің Қазақстан  жағдайында білім беру саласына ұлттық құндылықтарды барынша енгізіп, ұлттық білім беру жүйесін құруымыз керек деп жиі айтатын еді.

– Біздің ұзақ жылдар бойы оқып және оқытып келген жүйеміз – Кеңес өкіметі билік құрған кезде қалыптасқан жүйе, – дейтін еді ол. – Кеңестік дәуірде білім беру, оны ұйымдастыру мәселесі өте жоғары деңгейде болды және керемет жақсы біліммен әлемге өзін мойындата білді. Оған дау жоқ. Ал ең үлкен кемшілігі жоғары білімді шектен тыс идеологияландырып жібергені. Бұл білім беру жүйесін партияландыру, коммунистік саясатты оқу үдерісіне жөнсіз тықпалау ісінен айқын сезіліп тұратын. Жоғары оқу орны дәрігер ме, инженер ме, мұғалім бе, заңгер ме, экономист пе, қай мамандықты дайындап жатса да, маркстік-лениндік философияны, капиталистік және социалистік экономиканы (саяси экономияны), СОКП тарихын, ғылыми коммунизмді, ғылыми атеизмді және басқа да маркстік көзқарасты дәріптейтін ілімдерді зорлап оқытты. Ол кезде біздің елімізде ұлттық білім жүйесі мүлде қалыптаспаған еді. Қазақ философиясын, қазақ психологиясын, қазақ тарихын, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін пәндер бізде оқылмайды.  Қазір де оларды толық игеріп үлгерген жоқпыз.  Сөйтіп осы ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын дәрістерден жұрдай болып келіп, енді Болон (Италия) процесіне  қосылудан кейін кім боламыз, қазақ бола аламыз ба,  қазақ болып қаламыз ба? Мені толғандыратыны  – осы мәселе. Әрине, әлемдік үдерістерден қалмауымыз керек. Сол үшін өзіміздің ұлттық білім беру жүйемізді, ұлттық моделімізді  қалыптастырып алып кіріссек, онда әңгіме басқа. Қысқасы, ұлттық құндылықты меңгермеген адам әлемдік өркениеттің шыңына шыға алмайды. Барлық білім, барлық ғылым ұлттық құндылыққа, ұлттық мүдделерге  негізделе қалыптасады...

Ұлттық білім беру жүйесі  туралы айтқанда, Көпжасар Нәрібайұлы шабыт­танып, арқаланып сөйлейтін еді. «Жоғары білім ғана емес, білім беретін барлық салалардың ұлттық сипаты, рухани мәйегі болуға тиіс, – дейтін ол. – Білімнің мазмұны, оқыту стандарттары ұлтымыздың тағдырын, еліміздің ерекшелігін, халқымыздың менталитетін ескеріп, жастарды ұлтжан­дылыққа  тәрбиелеуге бағытталуы керек. Осындай мүмкіндігі бар білім жүйесін ғана ұлттық жүйе деп атауға болады. Бұл жүйенің түпкі мақсаты, ең маңызды міндеті – ұлтымыздың рухани өмірін сақтап қана қоймай, оны байытып, халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, сана-сезімін, тарихи және мәдени құндылықтарын қазіргі адамзат өркениеті биігіне көтеру. Жаһандану заманында өз ұлтымызды сақтап қалудың басқа жолы жоқ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жоғары білім берудің толыққанды ұлттық ұстыны қалыптастырды деп айту ертерек. Талпыныс бар, біраз игілікті істер атқарылып жатыр. Дегенмен, шешілмей жатқан шаруалар бастан асады.

Көбекең аз-кем ойланып барып, сөзін одан әрі сабақтады. Ол кісінің ойын­ша, кез-келген білім жүйесін ұлттық жүйеге  айналдыру үшін оған мықты ұлттық компоненттерді қосу керек. Мы­са­лы, қазақ мемлекетінің тарихи және құқықтық негіздері, қоғамымыздың мәдени-әлеуметтік және экономикалық ерекшеліктері, қазақ философиясы, халық педагогикасы мен ұлттық психологиясы, тілі мен әдебиеті, тағы сол сияқты ұлттық болмысты бейнелейтін пәндердің құрамы оқу жоспарына міндетті түрде енуі қажет.

Көпжасар Нәрібайұлы сол жолы бүгінгі білім беру стандарттарында ұлт­­тық компоненттеріміздің мүлде мар­дымсыз екенін күйзеле айтқаны әлі есімде. Ол айтса айтқандай, жоғары білім берудің мемлекеттік стандарттары, оқу жоспарлары мен оқыту бағдарламалары әр мамандық бойынша осы саладағы жетекші университетте құрылған оқу-әдістемелік бірлестіктердің күшімен жасалады. Бірақ олар мамандықтың кәсіби біліктілік талаптарына көңіл бөледі, ал бірақ білімнің ұлттық компоненттерін құрастыру, оның мазмұнын, құрамын, оқыту мерзімі мен әдістерін анықтау олардың қолдарынан келмейді. Сондықтан, мұндай ұлттық маңызы бар мәселені бір университеттің меншігіне беріп қоюға болмайды. Мұны Білім және ғылым министрлігі өз құзырына алғаны абзал...

Осылай толғанған академик Көпжасар Нәрібаев бұдан кейін ұлттық білім беру жүйесін құрудың нақты жолдарын айтып берген еді. Бұл туралы кейін көлемді мақала жазғаны да есімде. Оның идеялары бойынша оншақты жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ұлттық тәрбие» пәні оқытылуда. Осы аттас кафедра ашылып, журнал шығарылуда, бірнеше оқулық пен оқу әдістемелік құралдар жарық көрді. Көпжасар Нәрібайұлы университетте ашылған «Ұлы Дала тұлғалары» орта­лығының жұмысына рухани жетекшілік еткен кісі. Оның жобасымен оқу орнында ондаған белгілі тұлғалармен кездесу, тарихи қайраткерлер туралы ашық дәрістер өткізіліп, студент-жастарды тұлға ретінде тәрбиелеуде көп жұмыс атқарылды. Енді Көбекең айтқан ұлттық білім беру жүйесін құруға еліміздегі бүкіл жоғары оқу орындары жаппай атсалысса, мақсатымыз орындалар еді.

Көбекең білім саласына қатысты көп мәселелерді зердесінен өткізіп, тиісті жерде оны көтеріп те жүргенін білемін. Ол білім, ғылымға қатысты барлық құқықтық құжаттарды жинастырып, Тәуелсіздіктің осынау елең-алаңында-ақ Білім туралы Кодекс дайындау керек дейтін еді. Кейін көп ұзамай «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Заңдар, Мемлекеттік бағдарламалар қабылданды.

Мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне ректор болып келгенде, Көпжасар Нәрібаев ҚР Ұлттық Ғылым академиясынан осы оқу орнының қабырғасында ашылған Қоғамдық-гуманитарлық бөлімшесі төрағасының орынбасары екен.

– Такир шырағым, сіз Білім министрінің орынбасары, бірнеше ЖОО-ның, ғылыми мекемелердің басшысы, республикалық тестілеу орталығының директоры сияқты көптеген  жауапты қызмет сатыларынан өткен тәжірибелі адамсыз, бәріне біліміңіз бен қабілетіңіздің жететінін де білемін.  Ал бірақ менің де ойларымды  тыңдап көріңіз, – деп Көпжасар Нәрібайұлы көп жылдан бері өз ойларын  жазып жүрген дәптерін  маған сыйлады. Білім министрі, университет ректоры, оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, проректор, Үкімет аппаратының жауапты қызметкері болып, талай-талай асуларды, құз-қияларды бағындырған ағамыздың сол кездердегі ойлары жазылған дәптері мені білім мен ғылым әлемі туралы жасыл жағалауға жетелей жөнелді... Шынында да, ол теңіздей терең, шалқар ойдың, адалдық пен парасаттылықтың адамы еді.

Біздің университетіміздің шаңырағында қызмет істеп жүргендіктен, Көпжасар Нәрібайұлымен жиі дидарласып, көптеген маңызды мәселелер бойынша кеңесіп отыратын едім. 2017 жылы маусым айында мен Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне ректор болып келгенде оқу орнының келесі жылы атап өтілетін 90 жылдық мерейтойы туралы сөз бола бастады. Арада бір-ақ жыл уақыт қалғандықтан, оған дайындықты осы бастан бастай бермесе болмайды. Сондықтан, көп ұзамай, мерейтойға дайындықты бастап та кеттік. Оқу орнының ардагерлерімен және басшылық құрамымен кездесіп, жоба-жоспарларымызды қолға алдық. Осындайда өмірден көргені мен түйгені  мол Көпжасар Нәрібайұлының тың ойлары мен ұсыныстары  бізге көп көмегін тигізді. Тұп-тура бір жылдан кейін университеттің мерейтойын кең ауқымда, халықаралық деңгейде өткізіп, қазақ жоғары білімінің абыройын бір көтеріп тастағанымыз бар.

Ұлттық білім беру жүйесін құрайық деп жар құлағы жастыққа тимей шыр-шыр еткен К.Нәрібаев ағамыздың нағыз елін, ұлтын сүйген ұлтжанды патриот азамат болғанын ол кісінің 1986 жылы желтоқсан қозғалысынан кейін басынан өткен оқиғалары мен естеліктерінен анық байқаймыз. Көбекең сол бір қиын-қыстау кезді жиі еске алып отырушы еді...

1986 жылғы ақпан айында Қазақстан Компартиясының XVI съезі өтеді. Сол съезде сөйлеген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы республикамыздың жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастары көбейіп кеткендіктен, басқа ұлт өкілдері, әсіресе, орыс балалары оқи алмай зиян шегуде деп бұрын-соңды ешкімнің ойында болмаған мәселені көтереді. Бұл, әрине, Қазақстан басшысы Д.Қонаевқа Мәскеудің алғашқы шабуылы болатын. Сол шабуылды орталық өз адамдарымыз  арқылы жасатып отырса амал бар ма?

Съезден кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып қайта сайланған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев сол кездегі Жоғары және арнаулы орта білім министрі Көпжасар Нәрібаевты өзіне шақыртады.

– Көпжасар, мына біздің хатшымыз қазақтарды көп оқытып қойдыңдар деп екеумізді айыптап отыр ғой, бұған не айтасыз? – дейді.

– Димеке, қай жағынан алсаңыз да, бұл орынсыз айыптау. Біріншіден, Қазақстанда қазақтар оқымағанда кім оқуы керек? Екіншіден, қазақ студенттерінің үлесі әлі шектен шығып кете қойған жоқ, – дейді Министр К.Нәрібаев.

– Оған дерек-дәлелдерің бар ма? Мен саған бір ай уақыт беремін. Осы уақытта әрбір оқу орны, әр облыс және республика бойынша мәліметтерді жинақтап, жүйелеп маған әкеліп көрсет, – деді Д.Қонаев.

– Бұл мәліметтер онсыз да Министрлікте жүйеленіп, хатталып тұрғандықтан, К.Нәрібаев оны аз-ақ күнде қайта қарап, сараптап, жоғары оқу орындарында ұлтшылдықтың жоқ екеніне дәлелдер мен дәйектерді даярлап қойды. Мысалы, сол 80-ші жылдары институтқа әрбір 10 орыс баласының 7-еуі оқуға қабылданады да, ал 10 қазақтың тек 5-еуі ғана оқуға ілінеді. 1986 жылы республиканың барлық ЖОО-на оқуға түсу үшін құжат тапсырған 81 мың талапкер құжат тапсырса, орыстардың 72 пайызы атанса, қазақтардың 46 пайызы ғана оқуға түседі. Міне, осы екі салыстырмалы цифрмен және басқа да дәйектермен жоғары оқу орындарына қабылдауда ешқандай «ұлтшылдық» белгілері орын алмағанын дәлелдеді Министр К.Нәрібаев.

Тағы бір мәселе, қазақтардың ең көп шоғырланған жері оңтүстік  аймағы емес пе?! Сондықтан, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Талдықорған облыс­тарының балалары оқуға Алматыға немесе өз қалаларына бармағанда қайтеді?!

Орыстарға обал болды, олар қазақ «ұлтшылдығының» салдарынан оқи алмай жатыр деген Мәскеу жандайшаптарының байбаламына да Министр К.Нәрібаевтың жауабы дайын болатын. Орыс жастары жоғары оқу орындарынан гөрі, техникумдар мен училищелерге түсіп, ертерек маман­дық алып, жұмысқа тез орналасуды қалайтын. Сондықтан, республикадағы кәсіптік-техникалық училищелер мен техникумдарда  оқитындар кілең орыс балалары болатын. Көбекең Министрлікке  қарайтын орта арнаулы және кәсіптік білім беретін оқу орындарында оқитын жастардың ұлттық құрамын анықтап көрсе, бұларда оқитындардың 54,6 пайызы орыстар, 32,2 пайызы қазақтар екен.

Сонымен бірге, К.Нәрібаев өз мәлі­меттерінде тағы бір мәселенің бетін ашты. Қазақстанның шығыс, солтүстік, батыс аймақтарының жастары Ресейдің Сібір және Орал өңірлеріндегі ЖОО-ларға түседі екен. Себебі, оларда конкурс жоқтың қасы – бір орынға 1,0-1,3 баладан аспайды. Ал біздің Қазақстанда бір орынға 2,5-4, ал кей мамандықтарда 5-7  талапкерден келеді екен. Сонымен бірге, Ресейдің көптеген ЖОО-лары оқу жылы бітпей тұрып қабылдау комиссияларының өкілдерін Қазақстанға жіберіп, абитуриенттер жинақтайтын еді. Соның арқасында жылына қазақстандық 10-12 мың мектеп бітіруші Ресейге оқуға түсетін.  Әрине, олардың дені орыс балалары болатын.

Жоғары және арнаулы орта білім министрі көп ұзамай, Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа  мәліметтерді апарып, өзі анықтаған жайды түгел баяндап береді.

–  Мұның дұрыс екен, – деп Дінмұхамед Ахметұлы рахаттана күліп алды, – деп еске алатын Көпжасар Нәрібайұлы. – Бұл «ұлтшылдық» мәселесі бекер көтеріліп отырған жоқ, мұның артында тұрған азаматтар бар. Жақын арада Мәскеуден комиссия келуі мүмкін. Олар жоғары оқу орындарына қабылдаудағы қазақ «ұлтшылдығын» дәлелдеп бағуға тырысады. Солардың көзін шындыққа жеткізуге тырысыңдар.  Көпжасар, айналайын, Мәскеу тексереді екен деп қаймықпаңдар. Ешкімге де жалтақтамай, қазақтың балаларын оқыта бер. Иісі қазақтың Отаны – осы қазақ жері. Өз елінде оқымаса, олар қайда оқиды?» – деген Д.Қонаев сөзі қанаттандырған Министр К.Нәрібаев сол жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін де Орталықтың адамдарымен жан аямай шайқасып, қазақ ұлтшылдығының жоқ екенін дәлелдеуге тырысады.

1987 жылғы 7 қаңтарда Орталық Комитетте Желтоқсан көтерілісіне байла­нысты жиналыс болып, оны жаңа келген бірінші хатшы Г.В.Колбиннің өзі жүргізеді. Ол алаңға шыққан бұзақы студенттердің осы уақытқа дейін жазаланбай, оқып жүргенін, олардың үстінен қылмыстық іс әлі күнге қозғалмай отырғанына күйіп-піседі. «Нәрібаев сасқан жоқ, – деп суреттейді осы бір сәтті жазушы-журналист Көлбай Адырбеков. – Генадий Васильевич, алаңға шықты деп бәрін жаппай жөн-жосықсыз жазалай береміз бе? Егер, солардың арасында заң бұзып, қолға түсіп жатқандары болса, базбіреулердің басын жарып, көзін шығарып жатса мақұл-ау. Меніңше, алаңға шықты деп  балалардың бәрін бірдей жазалай беру орынсыз. Оның үстіне, 40 пайызы студенттер екен. Ал қалғандары ше? Мен жауапкершіліктен қашпаймын. Бірақ неге бәрін маған және студенттеріме үйіп-төгесіздер?!

Колбин жалт берді. «Нәрібаевтың айтып отырғаны дұрыс. Бар айыпты тек студенттерге жаба беруге болмайды. Меніңше, ресми мәліметтерге қарағанда, қаладағы зауыттың және құрылыс меке­мелерінің жұмысшылары да алаңға шыққан. Араларында қызметкерлері де, инженерлері де бар. Ал оларды кім ұйымдастырды? – Ол біршама министрді орнынан көтерді. Бірақ көңіл көншітер жауап ала алмай дал болды».

Желтоқсан көтерілісінен кейін К.Нәрі­баев өзіміздің Орталық Комитетте, қалалық партия ұйымдарында отырған көптеген шенеуніктерден көресіні көрді. Ақыры Министр креслосын тастап шығуына тура келді... Көпжасар ағамыздың елін сүйген елжандылығы, ұлтын сүйген ұлтжандылығы, патриоттық бейнесі айқын көрінеді...

1960 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін  бітірген Көпжасар Нәрібайұлы сол жылы Мәскеу қаржы институтының аспирантурасында үш жыл оқып, 1964 жылы сол оқу орнында «Механикаландыру жағдайында есептеудің қазіргі форма­лары­ның дамуы» тақырыбында канди­даттық диссертация қорғады. Содан 1964 жылдан 1976 жылға дейін үздіксіз 12 жыл Алматы халық шаруашылығы институтында аға оқытушы, доцент, декан, кафедра меңгерушісі, проректор болып қызмет атқарды. 1973-74 жылы Америка Құрама Штаттарының Нью-Иорк, Принстон, Флорида университеттерінде тағылымдамадан өте жүріп, капиталистік мемлекеттің экономикасын зерттеді. 1976-1983 жылдары – Қазақ КСР Жоғарғы және арнаулы орта білім министрінің орынбасары, 1983-1987 жылдары Жоғарғы және арнаулы орта білім Министрі, 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Экономика институтының жетекші ғылыми қызметкері, «Халық шаруашылығын басқару мәселелері» бөлімінің меңгерушісі, 1990-1991 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңсесінің экономикалық реформалар жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы төрағасының орынбасары, 1991-2001 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, 2002-2006 жылдары Алматы технологиялық университетінің проректоры болды. Бұдан кейін Экономика институтында, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет атқарды.

Көпжасар Нәрібайұлы Жоғарғы және арнаулы орта білім министрі кезінде Қазақстанның білім беру жүйесін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін дамыту жолында қажет болып отырған мамандықтар мен жаңа оқу ордаларын ашуға тікелей жетекшілік жасады. Алматы мемлекеттік театр және көркемөнер институты, Рудный ин­дуст­риалды институты, Қостанай ауыл­шаруашылығы институты, Семей ет және сүт өндірісі технологиялық институты және т.б. ондаған жаңа техникумдар мен училищелер Көбекең еңбегінің жемісі.

Бұл жылдары жоғары білікті ғылыми-педагогикалық және ғылым маман­дарын дайындау үшін аспирантура мен докторантура жүйесі анағұрлым ұлғай­тылды. Қазақстандық жас ғалымдарды одақтың ірі оқу орындарына аспирантураға жіберу көлемін ұлғайтуда  да К.Нәрібаевтың еңбегі зор.

Республикадағы ең бас оқу орны С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ректор болған 10 жылдағы қалдырған ізі де өте айқын. Көбекеңнің университеттің атын ғұлама-ғалым әл-Фараби есіміне көшіруі де үлкен ерлік болды. ҚазМУ-дың автономиялық мәртебе алуы да ректор еңбегінің айғағы. Сол 10 жылда университет жан-жақты дамып, оның аты халықаралық деңгейде танылды.

Көпжасар Нәрібайұлы қай жұмысқа барса да, өзінің ізденімпаздығы мен табанды еңбегінің арқасында жаңалыққа, жаңа бастамаларға жол ашып отырды. Ол кісінің әдебиетке жақындығы, ақынжандылығы да атап өтуге тұрарлық. Көбекеңнің жас кезінде және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін қуғын көріп қиналған сәттерінде жазған өлеңдері осыдан 5-6 жыл бұрын «Жасырын жатқан жырларым» деп аталатын жинағына топтастырылған еді. Бұл жинақты оқи отырып, оның сөз өнеріне үлкен мәдениетпен және парасаттылықпен қарайтын тәп-тәуір қаламгер екенін ұққандаймыз. Көбекеңнің біраз қазақ жазушыларының шығармаларына жазған талдаулары, пікірлері оның әдебиеттен хабары мол азамат екенін көрсетті. Үлкенмен үлкендей, кішімен кішілей сыйласып, біреуді шәй деп ренжітпеген ағамызды білетіндердің бәрі жақсы көруші еді. Ол өз елін, өз халқын сүйді, отаны үшін алпыс жылдан астам қызмет етіп, соңында жақсы істерін қалдырды. «Жақсы адамның соңында із қалады» деген осы болса керек.

781 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз