• Ұлттану
  • 28 Наурыз, 2021

ТЕГІМІЗДІ ҚАЗАҚШАЛАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Ресей депутаттарының Қазақстанға қатысты үстін-үстін жасаған мәлімдемесі қазақ қоғамын бейжай қалдырмады. Ашуға булыққан халық солтүстік өңірдегі қалалардың атын тез арада қазақшалау керектігін айта бастады.

Шындығында Қазақ Елінде патша-лық Ресей, кеңестік кезеңнен қалған топонимдер (қала, аудан, ауыл, көше, т.б. жер-су атаулары) өте көп. Ондай атау­лардың ауыстырылмай отыру себе­бін мамандар қаржы тапшылығымен байланыстырып жүр. Мысалы, бір қаланың аты ауыстырылса, сол қаладағы бюджеттік мекемелердің мөрлері, ресми бланкілері, маңдайшалары, сол қала тұрғындарының жеке куәліктері, карта-атластар, т.б. ауыс­уы керек. Бұл қыруар қаржыны қажет етеді. «Қаржы тапшы» деген желеумен патша өкіметі мен кеңес кезінде халықтан сұрамай-ақ қойылған «орысизмдер» мен «советизмдер» (Павлодар, Петропавл, Павлодар облысындағы Ленин кенті, СҚО-дағы Ленин ауылдық округі) т.б. Қазақ Еліне қатысы жоқ атаулар, тіпті қазақты қанға бөктірген нағыз халық жауының есімдері (Орал қаласындағы Л.Мирзоян көшесі) әлі күнге дейін «салтанат құрып» отыр.

Тіл комитетінің төрағасы Ә.Қаба Сол­түстік Қазақстан облысындағы елді мекен атауларының шамамен 65 пайызы кеңес заманында орыс тілінде қалыптасқан, не сол кездегі саяси оқиғаларға байланысты қойылған   атаулар   екенін   айтады.

Белгілі филолог әрі аудармашы Н.Қожа­бек turkystan.kz сайтында жа­рия­лаған «-лықтың былығы» деген мақаласында мемлекеттік мекемелер, университеттер, тіпті министрлік атаулары алдымен орысша қойылып, одан кейін қазақ тіліне аударылу салдарынан мағы­насы жоғалғанын айтады (мақалада оған бірнеше мысал келтірілген).

Үкімет басшысы жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап, 2031 жыл аралығында жоспарланып отырғанын айтқан болатын.

Қазақ Елі латын графикасына көш­се республикадағы мемлекеттік меке­ме, министрлік, ЖОО, бүкіл бюд­жеттік мекемелердің мөрлері, ресми бланкілері, маңдайшалары, республика тұрғындарының жеке куәліктері, карта-атластар міндетті түрде жаңа гра­фикаға ауысатыны белгілі. Осы сәтті пайдаланып, Қазақ Еліндегі аты ауысуға тиіс бүкіл топонимдерді артық шығынсыз толығымен ауыстырып алған жөн. Ол үшін осы бастан республикалық, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық, т.б. деңгейлерде арнайы комиссиялар құрылып, аты ауысатын қалалар мен елді мекендерді, географиялық орындарды, т.б. анықтап, тізімін жасауы, оларға атау дайындаулары қажет. Тіл саясаты комитеті 2020 жылы арнайы жоба бастап, Республикадағы жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру, тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру бағытында зерттеу жұмыстарын жүргі­зуде. Географиялық атаулармен Тіл білімі институты айналысуда. Құрылған комиссия аталған зерттеу тобымен, институтпен тығыз байланыста болып, латын графикасына көшетін уақыт келгенде, зерттеу нәтижелерін негізге ала отырып, әлгі советизмдер мен патшалық кезеңдегі атауларды шешімдер арқылы тез арада ауыстыру керек. Графика ауысқанын пайдаланып, алдымен орысша қойылып, одан кейін қазақ тіліне аударылу салдарынан қате аталып жүрген министрлік, ЖОО, факультет, т.б. атауларын да мамандармен ақылдаса отырып, дұрыстап алған жөн.

Патшалық Ресей, одан кейінгі кеңес кезінде Қазақ даласындағы тарихи атаулар халықтан сұрамай-ақ «орысизмдер» мен «советизмдерге» ауыстырылған болатын. Оларды қайта қалпына келтіруде тиісті орындар халықтың жазбаша арыз-талабын, т.б. ұзаққа созылатын процедураларды күтпей-ақ, графика ауысқан кезде тікелей іске кірісулері керек (әрине, бюджеттен қаржы бөлініп жатса, графика ауысатын күнді күтпей-ақ, ауыстыра беру керек).

Қазақтар арасында құжаттарына орыс орфографиясымен немесе орысша жазылып кеткен кісі есімдері (мысалы, Алибек, Мухтар, Кадиржан, Енлик, Алмагуль т.б.), орыс тіліндегі -ов, -ев, -ин, -овна, -ич қосымшалары еріксіз таңылған сой аттар (тектер) жеткілікті. Қазақ аты-жөндерін қазақша жаңа әліпбимен жазу ережесінің жобасы да Тіл білімі институтында дайындалып жатыр. Латын графикасына көшкенде, жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі т.б. құжаттар толығымен өзгеретіндіктен, құзырлы орындар институт дайындаған ережелерді негізге ала отырып, орыс орфографиясымен немесе орысша жазылып кеткен кісі есімдерін артық шығынсыз бір күнде қазақшалап, тектерді орыс тілі қосымшаларынан бір күнде арылту жағын да ойластыруы керек.

Қалдыбай АРЫСТАНБЕКҰЛЫ,

Нұр-Мүбарак университетінің доценті

1766 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз