• Ұлттану
  • 28 Наурыз, 2021

МАҒЖАННЫҢ ТҮРІКШІЛДІГІ

Сабыр СЕҢКІБАЙ,

педагогика ғылымдарының кандидаты,

Көкшетау университеті

Қазақ халқы өз өмірінде көптеген қиындықтарды басынан өткізген халық. Егемендік алғанға дейін халқымыз бодандық заманды басынан кешті. Қазақ халқын жер бетінен жойып жіберіп, оның жері мен байлығын өзі иемденбек болған мемлекеттер аз болған жоқ. Ертедегі тарихқа үңілсек, жоңғарлар, қытайлар, патшалық Ресей... қазақтарды зорлық-зомбылықта, яғни құлдықта ұстап, өз мақсат-мұраттарын жүзеге асырды.

XIX-шы ғасырдың аяғы, ХХ-шы ғасырдың басында, яғни ғасырлар  тоғысында  Қазақстанда болсын, басқа да елдерде болсын, талай ұлы оқиғалар орын алды. Бұл кезеңде Қазақстан түгелдей Ресейдің қол астында еді. Қазақтың жер асты және жер үсті байлығын жалғыз Ресей емес, шетел басқыншылары емін-еркін иемденді. Сонымен бірге, Қазақстан Ресейдің әскери тірек еліне айналды. Жаппай орыстандыру саясатының негізінде, Қазақстан халқының көп бөлігін келімсектер құрады. Қоныс аударылғандарға қазақтардың шұрайлы деген жерлері бөлініп берілді. Жерінен айырылған қазақ халқының көбісі патша үкіметінің реакциялық саясатына шыдай алмай, көрші мемлекеттерге көшуге мәжбүр болды.

Қалған бөлігі ата қоныс жер, суын, ар-намысын қорғау барысында күреске де шығып отырды. Бірақ, ол көтерілістер аяусыз басылып тасталды.  Екі ғасыр тоғысындағы аумалы-төкпелі дәуір мен саяси оқиғалар қазақ ұлтының арасынан өз саяси қайраткерлерін шығарды. Бұл зиялылар өздерінің бар ғұмырын елі мен халқының бақытына арнап, сол жолда құрбан болды. Заңсыздық пен дөрекілік қанат жайды. Ұлтты бір-біріне айдап салу, қарсы қою, реті келсе жанжалдастырып отыруды басты құралына айналдырған болатын. Мәселен, Ресейдің әйел патшайымы 2-Екатерина, Орынбор генерал-губернаторына жолдаған нұсқау бұйрығында:

«1. Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларына араз етіп, бірімен-бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз.

2.Сұлтандарын бірімен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей тартыс­тырып, бірінің етін бірі жеуге себеп қылар­дай іс қылыңыз.

3.Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандарымен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдармен араз қылыңыз. Арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз» деп сол кезге тән сұрқия саясат жүргізді.   Ресей отаршылдары табиғи байлықты иемденіп қана қоймай, қазақ­тарды рухани жағынан да отарлады. Тілінен, дінінен, ділінен біртіндеп айыру саясатын жүзеге асыра бастады. Осы кезде қазақ халқының біртуар, ұлтжанды азаматтары, патшаның отарлау саясатына қарсы шығып, елді аман сақтап қалудың  амалдарын ойлай бастады.

 Айталық, Әлихан Бөкейхан, А.Бай­тұрсын, М.Дулат, М.Жұмабай тағы бас­қалары ұлт-азаттық қозғалысқа шық­ты.  Бостандық алу үшін жалғыз ұран­ның аздық ететінін түсініп, халық арасында оқу-ағарту ісі қажеттігін терең пайымдай білді. Олар, Қазақстандағы оқу-білім мәселелерін жан-жақты қарастыра отырып, Ыбырай, Шоқан, Абайлардың ісін алға ілгерлетушілер  болды. Қазақ халқына оқу-білім беру, елдің бостандығы мен егемендігін алу – қазақ зиялыларының басты арманы еді. Сол үшін де XX-шы ғасыр басында олардың саяси-әлеуметтік мәселелермен айналысуларына тура келді.      

1917 жылдан бастап, қазақтың ұлы ақыны, ұстаз-ағартушы Мағжан Жұмабайдың да саяси-ағартушылық көзқарасы қалыптасып, бар өмірін өз халқының бостандық жолына арнады. Оқырманға түсінікті болу үшін Мағжанның өмірінен азғантай мәлімет бере кетуді жөн көрдік.

Мағжан: «Қазақтың бақытқа жетер жолы біреу-ақ, ол – ұлттық тәуелсіздік» деп есептеді. Осыған орай, ол өз шығармаларының арқауы етіп, қазақ халқының ерлігін, өткендегі баянды істерін алады. Жалпы, Мағжанның өлеңдерін 4-тақырыптық топқа бөлуге болады. Яғни, 1-ші топқа: ұлт-азаттық бағыттағы; 2.Лирикалық; 3.Оқу-ағарту; 4.Түрік тақырыбы. Осылардың барлығының негізінде бостандық, махаббат, ізгілік, ағартушылық, ұлтжандылық, оның ішінде бауырлас халыққа деген сүйіспеншілік ілімдері басым.

Шын мәнінде, «түрік» тақырыбы М.Жұмабаев шығармашылығында елеулі орын алатынын айтуымыз керек. Шынтуайтқа келгенде, Мағжан басқа елді мадақтап, өз елін, өз халқын төмендетпеген. Керісінше, «түрік» сөзін қолдана отырып, оны қазақ халқының мақсат-мүддесі үшін пайдаланды.

Қазақ зиялыларының бірі Ж.Аймауы­тов бұл мәселе туралы былай деген болатын: «Өз халқының азаттығын аңсаған ақын, түркі тілдес елдер тізе қосып бірлесіп күреске шыққанда ғана егемендікке қолы жететінін түсінді. Сондықтан да, түрік тақырыбы ақынның өзекті идеясына айналды.Оған оның 20-шы жылдары жазған «От»,«Орал», «Түркістан», «Тұранның бір бауында», «Қазақ тілі», «Алыстағы бауырыма», тағы басқа туындылары куә. Түрік халқының,  оның ұлы көсемдері, әсересе, Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық қозғалысын дәріптеуі, қазақ ұлтына тастаған үндеуі іспеттес болатын». Түркі ұлыларының есімдерін өз өлеңдерінде арқау ете отырып, содан үлгі алып, қазақ халқы да ешкімнен кем емес екенін, қайта қасиетті Ғұн, Сақтардан тарайтынын тілге тиек етеді. Бір қызығы, сол кездегі кеңес үкіметі Мағжанның аталмыш тақырыптағы өлеңдеріне тиіспеген де, оған кінә да тақпаған. Оның себебі де белгілі. Ол уақытта Түркия шетел басқыншыларына қарсы азаттық соғысын жүргізіп жатқан болатын. Ол соғысты большевиктер өкіметі қолдаған еді. Мұның үстіне, кеңес үкіметінің басшылары Түрік ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Мұстафа Кемалмен тығыз қарым-қатынаста болды. Мағжан өзінің өлеңдерінде түрік халқының жағдайы мен қазақ халқының тағдырын салыстыра, екеуіне де аяушылық сезімін білдірді. Алайда, құйтырқы саясат өз дегенін істеп бағады.

ХХ-ғасырдың 20-жылдары Кеңестер үкіметі түрік мәселесіне тосқауылдар қойды. 1920-1932 жылдары арасында Қазақстанда адам түсіне қоймайтын қарама-қайшылыққа толы заман ағымының болғаны шындық еді. Ол азамат соғысының елді қажытуы, ақ, қызыл болып бөлініп, күнде қанды қырғынның етек алуы, елді аштықтың жайлауы, байлардың малын тартып алып, халықты жаппай коллективтік шаруашылыққа зорлап біріктіруі, коллективизация мен ауылды кеңестендіруді түсінбеген қазақтардың көрші Ауған, Қытай, Моңғол, Ресей, Орта Азия елдеріне ауа қашуы, ақыры 1932 жылы 2 миллион қазақтың аштан қырылуы сияқты ауыр жағдайлар еді.

Бұл тарихи трагедия туралы қазақ зерттеушілері біршама жазып келеді. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдардағы асыра сілтеу саясатына Мағжан ғана қарсы болған жоқ. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхаметжан, Мұстафа сияқты «Алаш» партиясының көрнекті қайраткерлерінің бәрі қарсы болды. Кейбіреулері өздерінің қарсылық пікірлерін ашық білдірсе, екіншілері іштен тынды, сарыуайымға салынды. Үшіншілері шет елге эмиграцияға кетіп, большевиктердің солақай саясатын баспасөз арқылы айыптаумен айналысты. Дәл осы жылдар Мағжан шығармашылығының шарықтаған кезі десе де болады. Оның ұшқыр қаламынан кейіннен қазақ поэзиясының алтын қорына қосылатындай сом дүниелер шықты. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы «Күншығысты Батыстың капиталдық бұғауынан азат ету керек» деген құйтұрқы саясатқа сеніп қалған ақын Батыстың мәдениеті құлайды, мәдениет «пайғамбары» Күншығыстан шығуы керек деген пікірге келіп, «От», «Күншығыс», «Пайғамбар», «Ақсақ Темір», «Түркістан», «Жер жүзін топан басса екен» деген өлеңдерін жазды. Сондықтан да, түрік тақырыбы ақынның өзекті идеясына айналды. Оған оның 20-шы жылдары жазған «От», «Орал», «Түркістан», «Тұранның бір бауында», «Қазақ тілі», «Алыстағы бауырыма» тағы басқа туындылары куә. Мағжанға тағылған айыптардың бірі – оның түрікшілдігіне қатысты болды. Бұл туралы кезінде   Сәбит Мұқанов: «Мағжан» «түрік» деген сөзді белгілі мақсат үшін ғана керек қылды. Түріктің ерлігін айта кеп, қазақты отаршыл үкіметке қарсы қайрап салғысы келді» деп жазған да болатын. Көбіне көп Мағжанға кінә тағушылар осы түркі тақырыбын оның мойнына айып қып тағып «халық жауы» боп атылып кетуіне себепкер болғаны анық.  1920 жылдары Түрік халқының, оның ұлы көсемдері, әсіресе, Кемаль Ататүрік бастаған ұлт-азаттық қозғалысын дәріптеуі қазақ ұлтына тастаған үндеуі іспеттес болатын. Мағжан Түрік халқына арнап, «Алыстағы бауырыма» деген өлең жолдарын арнайды.

...Алыста ауыр азап шеккен, бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен, бауырым.

Қамаған қалың жаудың ортасында,

Көл қылып көздің жасын төккен, бауырым...

...Шарқұрып ерікке ұмтылған түрік    жаны,

Шынымен, ауырды ма, бітіп халі...

От сөніп, жүректегі құрыды ма,

Қайнаған тамырдағы ата қаны...

... Бауырым!Сен о жақта,мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа.

Лайық па құл боп тұру? Жүр кетелік,

Алтайға, ата мирас алтын таққа, – деп, бірігіп, бас қосып, ата жауға қарсы тұруды меңзейді. Түрік халқына қалай көмек берерін білмей, жүрегі қан жылайды... Яғни, Мағжан түріктер, қазақтар бір атадан тараған қандас, бауырлас халық дей отырып, түрік халқының батырлығын сипаттайды, содан үлгі алу керек екендігін пайымдайды...Сол кездегі  КСРО-да кеңестік құйтырқы саясат өз дегенін істеп бағады. ХХ-шы ғасырдың 20-жылдары кеңестер үкіметі Түрік мәселесіне тосқауылдар қоя отырып, бұрынғы саясатына қарсы  саясат жүргізе бастады. Бастапқы кезде Кеңес одағы Кемаль Ата түріктің ұлт азаттық қозғалысын қолдап, кейін сол саясатына өздері қарсы келді. С.Мұқанов Мағжанның түрікшілдігі жөнінде былай деп жазды:  «Мағжан шынында түрікшіл емес, оған оның өз мақсаты болды. Біз жоғарыда Мағжан қазақтың ескі күнін көксегенде, баяғы хан дәуірін қайта орнатпақ емес, қазіргі қазақтың көзіне ескі, еркін өмірін елестетіп, басын көтертпек. Басын көтертіп алғаннан кейін, бөлек республика құрмақ дедік». 

Мағжан «Орал тауы» өлеңінде:

 ... Бір күнде сенің иең түрік еді,

Орын ғып көшіп, қонып жүріп еді.

Қорықпайтын таудан, тастан, батыр түрік,

Қойныңа жайыменен кіріп еді...

Ер түрік ен далада көрік еді,

Отырса, көшсе,қонса-ерік еді,

Тұрғанда бақыт құсы бастарында,

Іргесі, жел, күн тимей берік еді...» –  деп, түбі бір түркі халқының батырлығын сипаттайды. Шын мәнінде ерте кезде қазіргі Қазақстанның оңтүстік, Қызылорда облыс аумағында бүгінгі Түріктердің арғы аталары Оғыздар мекен еткен. Осы тұрғыдан Мағжан түріктерді қандас ретінде біліп, олардың ерлік істеріне ризашылық білдіреді және жас ұрпақты түріктердей батыл болуға шақырады. Яғни, Мағжан Түрік халқының ерлік істерін жырлай отырып, өз халқының да осылар сияқты өжет, батыл да, батыр болуын қалайды...

Сонымен қатар, М.Жұмабаев  за­маны­нан озып туған педагог. Оған оның сол кездегі жазған мақалалары мен еңбектері, әсіресе, «Педагогика» оқулығы дәлел. А.Байтұрсыновты ұлттың сол кездегі идеялық ұстазы ретінде білсек те, педагогика саласында алғашқы болып фундаментальды еңбек жазған М.Жұмабаев деуге болады. М.Жұмабаевтың әдістемелік бағытта жазған еңбектерінің бірі  – «Сауатты бол»  кітабы. Кітап 1929 жылы 50 мың дана болып Мәскеуде басып шығарылды. Оқулық негізінен ересектерге арналып жазылған болса да, сол кездегі қазақ мектептері үшін таптырмайтын оқу құралы болды. М.Жұмабаев өзінің «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» деген әдістемелік бағытта жазылған мақаласында: «Жазылашақ біздің оқу құралдарымыздың да мінезі мектебіміздің мінезіне байлаулы болуға тиісті» деп, болашақ оқулықтың өмір талабына сай болуын ескертеді. М.Жұмабаевтың бұл ескертпесі бүгінгі күн үшін де өзекті екендігіне шүбә келтіруге болмас. Ол:  «Бір елдің тағдыры мектебінің құрылысына байланысты. Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуына мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді қазақ жанына қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» дейді.  Өзінің «Педагогика» оқулығында тұңғыш рет ұлттық педагогиканы психологиямен байланыстыра оқытудың тәсілдерін қарастырып, бала тәрбиелеудің және олармен қарым-қатынас жасаудың жолдарын ғылыми тұрғыдан көрсетті. Оның озық ойлы тұжырымдары бүгінгі күні де өзекті. «Баланы заманына лайық етіп отырып, тәрбиелеу керек» деген сөзі қазіргі заманда да маңызын жойған жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ мектептеріндегі оқу-тәрбие мәселесі өзекті болуы заңды. Өйткені, әр ұлт өз болашағын ойласа ең алдымен ұрпағын ата-баба дәстүріне лайық етіп тәрбиелеуі керек. Сондықтан да, ұлт педагогикасының негізгі мәселесі ұлтжанды, ар-ұяты мол, саналы азамат тәрбиелеу. Педагогиканың басты мәселелерінің бірі – жеке адамның дамуы және оған әсер ететін ықпал. Жеке адамның дамуындағы ықпалдың көзі – тәрбие, қоршаған орта екендігін ескерсек, бүгінгі жастарды,  қоғамдағы келеңсіз дүниелердің әсерінен аман алып қалудың бірден-бір көзі тәрбие екендігін біздің ғұлама бабаларымыз айтқан болатын.              

 Қорыта айтқанда, Мағжан өзінің «Педагогика»  оқулығын жазуы арқылы жаңа туып келе жатқан ұлттық педагогика ғылымының іргетасын қалаушылардың біріне айналды. Өйткені, ол кезде қазақта ғылым тілі әлі қалыптаспаған болатын.   Біріншіден, ұлттық тәлім ғылымына тыңнан жол салумен ерекшеленсе, екіншіден, халықтық тәлімді ғылыми педагогикамен ұштастыра білді. Үшін­шіден, ұлттық педагогика-психологияда ғылыми тілді алғашқы қа­лып­тас­тырушылардың көрнекті өкілі болды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сембаев Ә.І. Қазақ совет мектебінің тарихы. – Алматы: Мектеп, 1967. – 150 б.

2. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2030»: Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. – Алматы: Білім, 1997. -176 б.

3. Сапаргалиев Г.Карательная поли­тика царизма в Казахстане (1905-1907 гг). Алма-Ата, 1966. – 250 с.

4. Бекмаханов Е. Очерки из истории Казахстана. – Алма-Ата: КГИ, 1966. -350 с.

5. Ильясова А. История становления и развития педагогической науки в Казахстане (1917-1988): На соискание науч. степени к.п.н. – Алматы, 1989.

6. Казахская ССР Краткая энцикло­педия. т.1. – Алма-ата, 1985. - 550с.

7. Мұхтар Құл-Мұхаммед Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқа­рас­тарының эволюциясы. – Алматы: Атамұра, 1998. - 360 б.

8. Бектұров Ж. Тағдыры қиын талант // Бес арыс: Естеліктер, эсселер және зерттеулер.- Алматы: Жалын, 1992. - 305-344 б.

9. Жұмабаев М. Педагогика. - Алматы: Ана тілі, 1992. - 160 б.

10. Елеукенов Ш. Мағжан. Өмірі мен шығармашылығы. – Алматы: Санат, 1995. – 384 б.

926 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз