• Ел мұраты
  • 28 Наурыз, 2021

ҰЛЫЛАРДЫҢ ҒИБРАТЫ

Тәжібай ЖАНАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Поезд жүйткіп келеді. Паровоздың арқыраған дауысы әлсін әлі естіледі.

Қаладан шыққанда сәске түс болып қалған еді.

Ал, қазір қай кез, ең бастысы қайда бара жатыр, дәлірек айтқанда, қайда алып бара жатыр, бәрі-бәрі өзіне беймәлім. Шеткі купе алдында соқталдай конвоир көз алмай қарап отыр. Есік алдынан әрлі-берлі өтушілер таңырқай қарап өтеді. Көрші купедегі екі жас жігіт, шамасы, студенттер болса керек. Қайта-қайта көріне берді. «О, тоба, өзің жар бола гөр... Иа аману, я аману, я сабуру, я сабуру» деп, іштей күбірлеп, «я, Алла, я Алла, тек сабырыңды бере гөр» деп жалбарынды. «Ең болмаса әйеліме де хабар бере алмадым-ау» деп уайымдады. Жұмысқа келгені сол еді, іңківідінің екі қызметкері есіктен сау етіп кіріп келді де, аты-жөнімді атап, «Сіз прокурордың санкциясымен тұтқындалдыңыз» деп қолыма кісен салды да, ай-шайға қаратпай ала жөнелді. Бар болған жай осы деп есіне алды. «Енді мына хатты әйеліме қалай жеткізсем екен» деп ойланды.

Біраздан соң, конвоирдың орнынан көтеріліп тамбурға кеткенін байқады. Сол сәтте көрші купедегі студенттердің есігінен қарап, «Жігіттер, мені жаламен ұстап бара жатыр, мына адрес бойынша хатты әйеліме салып жіберіңізші» деп өтінді. «Мақұл» деп екеуі де бірдей тіл қатты. Хатты берген соң тез орнына келіп отыра қалды.

Конвоир қайтадан өз орнына оралды.

Паровоздың дауысы алыстан талып естілді...

Содан бері қаншама жер бітіп, қаншама су ақты десеңізші, ол ұлтшыл, «контрреволюцияшыл», «халық жауы» аталып, үш рет сотталып, үш рет түрмеге жабылды, бір түрмеден екінші түрмеге ауыстырылып, Сібірге жер аударылып, талай құқайдан өтіп, көресіні көргені бір өзіне ғана аян. Елдегі қариялар «Құдай сүйген құлын үнемі сынақтан өткізеді» деуші еді. Сол рас болды. Бақандай он жыл түрмеде отырып, тағы он жылдай ГУЛАГ-тың ең шалғайдағы бөлімшесі Воркутада айдауда жүрсе-дағы тағдыр талқысына қасқайып қарсы тұра білді. Жеңілмеді, иілмеді, ақылы мен жігер-қайратының арқасында ақыры тірі қалды.

Оның жігер-қайратының бастауында әрі досы, әрі сыныптасы ақын Сұлтанмахмұд тұратындай көрінетін оған. Оның «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам, Қараңғылықтың кегіне күн болмағанда, кім болам... Мұздаған елдің жүрегін Жылытуға мен кіремін!..» деген жалынды жыры көкейінен кетпейтін.

Ес білгеннен бері ел үшін, жер үшін еңбек етуді, ғылымның шыңына шығуды алдына мақсат етіп қойды. «Алаш» партиясын құруға атсалушылардың бірі болуы да сол себепті. Қазақ өлкесін басқару бойынша әскери төңкерісшіл комитетінің мүшесі әрі коллегия төрағасы болғанда да соны ойлаған еді. Қазақ автономиясының шекарасын межелеуде арыстанша атылып, ел мүддесін қорғағанын алты алаш біледі. Шекара мәселесі бойынша құрылған комиссия құрамында бес рет айтысқа түсіп, өз көзқарасын Ленин алдында дәлелдеп шықты. Бұл айтулы кездесу жеті күнге созылды. Қазақ автономиялық республикасы мен РСФСР шекарасын межелеу ұзақ дауға ұласты. Біздің жақтан Ә.Бөкейханов бастаған он бес адам. Баяндамашы Әлімхан. Олар жағынан – Министрлер кеңесі түгел және Лениннің өзі қатысты. Дау-дамай Қазақстанның батысы мен шығыс шекарасына ауысты. Олар қазіргі Атырау облысын Астрахан губерниясына қосып алуды көздеген. Сөйтіп, Каспийдің қызыл балығын иемденгісі келген. Бірақ олардың ойы жүзеге аспады. Әлімханның келтірген дәлелдері оларды келісуге мәжбүр етті. Сөйтіп, екі жақтың шекарасы түпкілікті белгіленді.

Сол айтулы жылдары қазақ ауылда­рындағы ақсақалдар «Апырмай, біздің Әлекеңмен айтысатын орыстан да ұлан шығыпты» деген сөздері ел жадында қалған.

Қаншама ұзақ болғанмен жолдың да барар жері бар. Көрген қорлық пен бастан кешкен азаптың да шеті мен шегі болады екен. Жұртқа белгілі 1953 жылдан кейінгі «жылымықтан» соң Кеңестің сеңі бұзыла бастады. Әлекең өзінің халық жауы емес екенін дәлелдеп, талай рет арызданып, бас бостандығы үшін күресе береді. Ақырында 1955 жылы 7 наурызда КСРО Бас прокурорының қаулысымен түрмеден мерзімінен бұрын босатылады. Толық ақталып шығу үшін әлі екі жыл қалғанын өзі де білмейтін.

Елге оралысымен, бірден сол кездегі ҚазССР Министрлер кеңесі төрағасының қабылдауын өтінеді. Оның көмекшісі «Кім келіп тұр деп айтайын?» деп сұрайды. «Математика профессоры Әлімхан Ермеков десеңіз болады» дейді.

Үлкен әрі кең бөлменің төріндегі орнынан ұшып тұра келіп, Министрлер кеңесінің төрағасы Д.А.Қонаев құдды бір ескі танысындай қуана қарсы алады. «Шырағым, мені танымайтын боларсыз» деп бастайды Әлімхан Әбеуұлы ұзақ әңгімесін.

«Әлеке, о не дегеніңіз. Сізді білмейтін қазақ баласы жоқ, – дейді Дінмұхамед Ахметұлы, – бала кезімізден қадіріңізді біліп өстік емес пе. «Ұлы  математика курсы» атты кітабыңызды оқыдық, оның үстіне баяғыда вагонда кездескенімізде жеңгемізге жолдаған хатыңызды табыстаған студент мен едім» дегенінде Әлекең қатты толқиды.

«Енді Сіздің мәселеңізді шешейік. Әлеке, толық ақталғанша мұнда қалуыңыздың реті болмайды. Сондықтан, Қарағандыдағы тау-кен институтының математика профессоры болып барсаңыз, үй де беріледі» деп ұсыныс жасайды. Ә.Ермеков бұл ұсынысты ризашылықпен қабылдайды. Сол институтта өмірінің соңына дейін ұзақ жыл абыройлы еңбек етеді. Ұстаздық етумен бірге ғылыми зерттеу жұмыстарымен де шұғылданады. Ықтималдық теориясы, математикалық статистика, қазақ тіліндегі математикалық терминология салалары бойынша елеулі ғылыми еңбектер жазды.

Халқымыздың ардақты екі ұлының екі кездесуі осылай аяқталған еді.

Ұлы қайраткердің 100 жылдығына арналған шахмат мемориалында

Осыдан он жыл бұрын жас кәсіпкер Қабиден Жакеев заманымыздың аса  ірі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматы қаласында тұратын өнер қайраткерлері арасында шахматтан, бильярдтан жарыс өткізді. Жарыс алдында Дінмұхамед Ахметұлы жайлы естеліктер айтылды. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткерлері «Д.А.Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған медальмен» марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бұл айтулы еске алу шахмат мемориалы жайлы талай газетте ақпарат жарияланғандықтан, турнир қорытындысы жұртқа мәлім. Менің айтпағым сондағы шағын кітап көрмесі жайлы еді. Мұнда ұлы тұлғаның өз қаламынан туған «О моем времени», «Өттің дәурен осылай» атты соңғы кітаптарымен қатар, ол жайлы жазылған естелік кітаптар да бар екен. Арасынан мен іздеген кітап көрінбеді. Сол сәтте маған КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімовпен қарсылас болып шахмат ойнау кезегі келген еді. Бірден ойынға кірістік. Ойын қыза түскен кезде менен гөрі ұлы актердің жанкүйері көп екен, адам қаптап кетті. Олардың арасынан «Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың» вице-президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиевтің де төбесі көрінді. Ойынның саябырсыған бір сәтінде «Кеңес Мұстаханұлы, Димекең туралы алғаш шыққан кітап туралы айтайын ба?» – дедім.

– Айтыңыз, – деді ол.

–  Осыдан 40 жыл бұрын, яғни 1972 жылы Орта Азия мен Қазақстанның мұқым халқы бөркін аспанға лақтырып, қуанған оқиға «Алып держава КСРО басшылығы құрамына бір мұсылман қайраткері еніпті» деген хабар еді. Сол жылы Д.А.Қонаев КПСС Орталық комитеті Саяси бюросының құрамына енген болатын. Ол кезде саяси тұлғалар жайлы кітап шығару үрдісі жоқ еді әлі. Солай бола тұрса да, бір топ журналистің еңбегінің арқасында «Туысқан халықтардың біртұтас семьясында» атты қазақ, орыс тіліндегі жинақ «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Оған атсалысқандар Абай Бейсенбаев, Альберт Садықов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Сүнният Тілеуқұлов, Саламат Хайдаров, Инна Филимонова, Тамара Шамис, Қажығали Мұқанбетқалиев және осы жолдардың авторы. Бұлардың бірқатары өмірден озған адамдар. Бәріміз де абыройлы еңбек еткен едік. Кітаптың бірер тарауын аударуға қатыстым, – дегенімде, «Жарайды» деп Кеңес Мұстаханұлы қалта телефонымен біреуге қоңырау шалды.

Асанәлі кішкентай алтын шақшасын алып, қара бұйра насыбайын атты. «Ұтамын» деп отыр. Тақтада тең ойын нобайы көріне бастады. Сол сәтте асай-мүсейін арқалап, К.Аухадиевтің хатшысы жетіп келгені. «Сіз Димекең атындағы Халықаралық қордың медалімен марапатталдыңыз» деп, Кеңес Мұстаханұлы менің өңіріме медаль тағып, бірнеше кітап пен жорнал табыстады. Жұрт ду қол шапалақтады. Ал Асанәлі ағамыз «Теориялық тең ойын» деп, қолымды қысты.

Мұхтар Әуезовты құтқарған

жанкештілер

«Алаш қайраткерлері ішінде коммунистік террордан тірі қалған жалғыз қазақ Мұхтар Әуезов еді» дейді академик Рымғали Нұрғалиев «Алаштың бас шығармасы» атты мақаласында.

Осы ойдың жетегіне түсіп, біраз қарманып көріп едім. Төмендегідей іздің үстінен шықтым. Бұл жайында, әсіресе, М.-Х. Сүлейменов, Ж.Сүлейменова, А. Голубевтің авторлығымен орыс тілінде шыққан «Ілияс Омаров. Өмір және философия» (Алматы, 2003) атты кітаптың айтары көп екен.

1948 жылы Қазақстан ВКП(б) Орталық комитетінің идеология бөлімінің хатшысы болып халқымыздың сүйікті ұлдарының бірі Ілияс Омаров сайланады. Содан бастап зиялы қауымның талайының қыл үстінде тұрған тағдырына араша түсіп, 58-статьяны мойындарына ілгізбей, аман алып қалады. Жазушылар Юрий Домбровский мен Николай Анов тағдырына байланысты өз алдына бір сүре әңгіме, ақырында олар өсек-аяңнан, ғайбаттан, жаладан ада болады.

Мәскеулік тау-кен ісінің оншақты академигі мен генералдары академик Қаныш Сәтбаевтың үстінен КСРО Министрлер кеңесіне хат жолдайды, онда Сәтбаевтың болжамдары қате, өндіріске зиян келтіреді деп жала жабады. Осыған байланысты, Қазақстан ВКП(б) Орталық комитетінің атынан Ілияс Омаров КСРО Қара металлургия министрі Иван Тевосянға тікелей телефон соғып, Сәтбаевқа араша түсіп, оны жаладан ақтап алуын өтінеді. Министр барлық арызданушыны шақырып, тексергенде, олар өз қателерін мойындап, Сәтбаевтан кешірім сұрайды.

Енді бірде кешкісін, Ілияс Омаровтың үйіне ежелгі досы, байырғы чекист Рақымжан Мусин соғады. Әңгіме арасында ұсталуға тиісті адамдардың тізімі жасалып жатыр. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтың есімі де жазылған. Бір күн жарымнан кейін  адамдарды ұстай бастайды дейді. Осы хабарды естісімен, Ілияс Омаров ҚазССР Сыртқы істер министрі Төлеген Тәжібаевқа телефон соғып, таңертең жұмысқа бара жатып кездесуге келіседі, ертеңіне одан министрлік қызметкерлері Мұхтар Әуезов атына Мәскеуге самолетке билет алып, оны депутаттар бөлмесі арқылы өткізіп жіберуін өтінеді. Содан түс кезінде Төлеген Тәжібаев Ілиясқа телефон соғып, «тапсырма орындалды» деп хабарлайды.

Ілияс Омаров сектор меңгерушісі Ісләм Жарылғаповпен хабарласып, «жұмыс соңына қарай бес минут бұрын көше қиылысында мені күт, телефонмен айтылмайтын әңгіме бар» дейді. Жұмыстан кейін кездесіп, Ілияс Ісләм Жарылғаповқа: «Тап қазір Мұхтар Әуезовтың үйіне барып менің сөзімді жеткіз, осылай да осылай деп түсіндір. Басқаша жол жоқ, өміріне қауіп төнуде, ұзақ мерзімді іссапарға баруына тура келіп тұр. Таңертең дипкорпустың қызметкерлерімен бірге келіп, өзіңізді алып кетеміз де» дейді.

Ертеңіне Ісләм Жарылғапов дипкорпустың екі қызметкерімен бірге Әуезовтың үйіне келіп, оны машинамен әуежайға алып кетеді.

Түске таман Ісләм Бас поштадан Ілиясқа «сәби ұйықтады» деп телефон соғады. Бұл олардың өзара құпия белгісі болатын.

Сөйтіп, бұл операция осылайша сәтті аяқталады. Ілияс Омаров бастаған бір топ нар тұлғалы азамат ұлы жазушының өмірін аман алып қалумен бірге, қазақ әдебиетінің жарқын болашағын да сақтап қалған еді.

766 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз