• Тарих толқынында
  • 28 Наурыз, 2021

БЕКМАҚАНОВ ШЫНДЫҒЫ

Бейімбет ЕРМҰХАНОВ,

тарих ғылымдарының докторы

Сонау 1947  жылы, Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұқан Бекмақановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты іргелі еңбегі жарық көрді. Онда Кенесары ханның басшылығымен болған азаттық қозғалысының тарихы егжей-тегжейлі баяндалған. Автор көтерілген халықтың көсемінің жеке бас тұлғасына да объективті баға берді.  Бұл ретте Кенесарының ұлы Ахмет Кенесариннің «Кенесары  және Садық» атты еңбегі де құнды дереккөз саналады. 2021 жылы Бекмақановтың сол зерттеуінің жарық көргеніне 74 жыл толады. Ең бастысы, осы еңбекке дейін де, одан кейін де Қазақстанның тарих ғылымында Кенесары ханның сүйегінің тағдырына және осы қозғалыстың мән-мағынасына қатысты жаңа деректерге негізделген бірде-бір ғылыми зерттеу шыққан емес. Міне, сондықтан біз «Кенесарыны өлтірушілер оның басын Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковқа берді ме және ол Эрмитажда сақталды ма?» деген сұрақтың шын жауабын Е.Бекмақанов пен Ахмет Кенесариннің еңбектеріндегі осы қайғылы уақиға туралы мәліметтерге мұқият талдау жасағанда ғана біле аламыз. Мен жазбамды екі бө­лікке бөліп қарастыруды жөн көрдім: ең әуелі – ұлы тарихшының бастан кешкен азабы, екінші бөлікте – Кенесары ханның өлімінің егжей-тегжейін зерттеуге тырыстым. 

Ермұқан Бекмақанов ғылымға екпіндеп кірді: ресейлік  жоғары оқу орнын,  Мәскеудегі партия мектебін бітірген ол жауапты партиялық және академиялық қызметтерде отырды. Соғыс жылдары Алматыға көрнекті ғалым-тарихшылардың эвакуациялануы, оларды  Бекмақановтың «қадағалауы», аралас-құралас болуы шынайы достыққа және «Қазақ КСР-нің тарихын» (1943 ж.) жазуда өзара ынтымақтастыққа ұласты. Ол 27 жасында кандидаттық, ал 30 жасында (1946 ж.)  докторлық диссертациясын қорғады, бір жылдан соң монографиясын жариялады.

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, «қырғиқабақ соғыс» басталды, ол идеологиялық соғыстың күрт шиеле­нісуімен есте қалды. ВКП(б) ОК-нің «Татария, Башкирия, Белоруссия және Украина партия ұйымдарының саяси және идеологиялық жұмысы туралы», сондай-ақ «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы (1946 ж.)  қаулылары елдегі ұлтшылдық пен космополитизмге қарсы кең көлемді науқанның басталуына әкеп соқты. Бұл, әрине, Қазақстанды да айналып өтпеді. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулыларында (1947 ж.,қаңтар) ҚазКСР ҒА Әдебиет және тіл институтының жұмысындағы «өрескел саяси қателіктер»  айыпталды.Әдебиетшілер Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев және басқалар қатаң сынға ұшырады. Жас тарихшы  Е.Бекмақанов аталмыш қаулының әсерімен белгілі ғалым, археолог,  этнограф, фольклортанушы, тарихшы Ә.Х.Марғұланды сойып салды, бірақ ол өзінің де көп ұзамай, сын мен қуғын нысанына айналатынын білмеді.

1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» кітабындағы Кенесары қозғалысы туралы тарау Бекмақановқа тиесілі еді, оны ғылыми қауымдастық пен жалпы жұртшылық қазақ халқының тарихы мен оның мемлекеттілігі туралы алғашқы және сәтті зерттеу деп жылы қабылдады. Алайда, ол да сын мен міннен тыс қалмады. 1947 жылдың наурызында, Қазақстан КП ОК пленумы өз қаулысында бұл кітапты «Ресейге қарсы ұлттық көтерілістер асыра дәріптеледі, орысқа қарсы» деп бағалады. ҚазКСР ҒА Тарих институтындағы кітап талқысы оны айыптауға арналды. 1947 жылдың екінші жартысынан бастап сын садағына  Е.Бекмақановтың монографиясы ілікті. 1948 жылы ақпан айында КСРО ҒА Тарих институтында өткен пікірталас еліміздің көрнекті ғалымдары Бекмақановтың еңбегін бұрынғыша жоғары бағалайтынын көрсетті. Бірақ,  қаскөйлер (Айдарова, Шойынбаев және т.б.)  тыншымады. Олар  ҚазКСР ҒА Тарих институтында тағы бір пікірталастың өтуіне себепші болды (1948 ж.,шілде). Пікірталас бес күнге созылды және тым шиеленісті ахуалда өтті: «шешендер» қарапайым этикалық және ғылыми нормалармен санаспай, кітап пен оның авторына қатты шүйлікті. Шойынбаев,  Айдарова, Аманжолов, Ақынжанов, Шахматов, Сүлейменов, Толыбеков, Жизневский,  Нұрқанов, Тұрсынбаев, Покровский кітап пен оның авторын айыптады.  И.У.Будовниц, Х.М.Әділгереев, А.Нүсіпбеков, Б.Аспандияров, Е.Дильмухамедов, А.М.Жиренчин, Т.М.Кұлтөлеев турасын айтты. Қатысушылардың көбі Т.Елеуовтың сөзіне таңғалды: Тарих институтының ғылыми хатшысы, парторг болып істейтін одан авторды  әшкерелеуші сөз, партия ұстанымын қолдауды күткені анық. Алайда, ол өзінің адал адам екенін көрсетті.

Пікірталас барысында қайшылық туғызған негізгі сұрақтар мынадай еді: 1. Патшалық Ресейдің және Орта Азиялық хандықтардың қазақ жеріне бір уақытта баса көктеп кіруі қазақ халқының барлық тобының қарсылығын туғыза алды ма? 2. Халықтың осы он жылдық қарулы көтерілісін автор айтқандай ұлт-азаттық деп атауға бола ма? 3. Осы қозғалысты басқарған Кенесарының орталықтандырылған мемлекет құруы мүмкін бе? 4. Кенесары құрған монар­хиялық мемлекетті реакциялық деп атауға негіз бар ма?

Бірінші сұрақ бойынша Толыбеков пен Аманжоловты және екінші сұрақ бойынша оларға қосылған Шойынбаевты қоспағанда, барлық сөйлеушілер кітап авторының пікірімен түбегейлі келісті. Үшінші және төртінші сұрақтар бойынша Елеуов автордың пікірін қолдап қана қоймай, оның  пайдасына дәлелді дәйектер келтірді. Сыншыларға қатысты  Елеуов: «Бекмақанов жолдастың құнды ғылыми еңбегін қаралауға тырысатын жолдастар оны ғана емес, ең алдымен Қазақстанның тарихын, оның ішінде Кенесары сұлтан бастаған  1837-1847 жылдардағы ең ірі ұлт-азаттық қозғалысының тарихын  қаралауға тырысып отыр» деп қорытты.

Қазақстан тарихының ең күрделі кезеңдерінің бірі туралы тақырыпқа арналған мұндай ауқымды еңбек мүлде кемшіліксіз болуы мүмкін еместігін айта келе, ол кейбір фольклорлық дерек­терге сыни көзқарастың кемшіндігін, Кенесарының қырғыз халқына қатысты саясаты мен іс-әрекетін жазуда біржақ­тылық бар екенін атап көрсетті.  Кенесары Қоқан езгісіне қарсы бірлесіп күрес жүргізуді қырғыз халқына емес, өз билігін сақтау үшін Қоқан ханына арқа сүйеген және оған қызмет еткен манаптарға ұсынғанын, манаптар Кенесарыны қолдамағанын, Кенесарының шын мәнінде қырғыз халқының қолынан емес, манаптардың, Қоқан хандығы мен орыс билігінің бірлескен қолынан мерт болғанын жазады (Бекмаханов Е.. Собр. соч. в 7 т. Том 6. Стенограмма. Павлодар, 2005. Сс. 281-294).

Пікірталас соңында  Е.Бекмақанов өзі сөйлеп: «Іске қатысы жоқ жеке бас мүдделерін былай қоя тұрып, ең алдымен менің еңбегіме шынайы сын айтқан, кейбір кемшіліктерді көрсетіп берген жолдастарға алғыс айтқым келеді. Мен  Құлтөлеев, Нүсіпбеков, Әділгереев, Медведев, Елеуов және басқа жолдастардың ескертпелерін ризашылықпен қабылдаймын. Төрт бірдей пікірталастан кейін  Кенесары көтерілісі қазақ халқының жаппай ұлт-азаттық көтерілісі екеніне еш күмән қалмады. Жолдастық сын мен ескертулер Қазақстан тарихының екінші басылымында ескерілетін болады» деді. Кенесарының Қырғызстандағы күресі туралы айта келе, автор өзінің Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз халқының арасындағы қатынастарды жете білмегенін мойындайды, Т.Елеуовке Кенесарының түпнұсқа хаты үшін алғыс айтады және оның ой-пікірлері назар аударуға тұратынын білдіреді. «Бұл хатта бағыныштылық туралы талаптар жоқ және басып алуға шақырмайды» (Сонда. 307-б.).

Осылайша, «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» кітабы туралы пікірталас кінәлаумен емес, Кенесары көтерілісін жаппай ұлт-азаттық қозғалыс ретінде мойындаумен аяқталды. Оппоненттер көтеріліске реакциялық қозғалыс деп берген бағаларын өткізе алмады. Шынында да, партия басшылығы бар күшін салғанына қарамастан,олар діттегеніне неге жете алмады деген сұрақ туады. Бұның жауабы елдегі Сталин орнатқан саяси режимнің қатігез, бейдемократиялық бола тұра, өзін социализммен шендестіріп, ұлыдержавалық шовинизмді айыптаушы етіп көрсететініне келіп тіреледі.

Бұл жөнінде «ВКП(б) тарихының қысқаша курсында» – партияның басты идеологиялық құралында былай делінеді: «Патшалық Ресей халықтардың түрмесі болды. Онда орыс емес ұлттар еш құқықсыз болды, қорлық пен жәбір-запа көрді. Патша үкіметі орыс тұрғындарға ұлттық облыстардағы жергілікті халықтарға төменгі нәсіл ретінде қарауды үйретті, оларды ресми түрде «бұратаналар» деп атады, оларға өшпенділікпен қарады. Патшалық үкімет ұлттық мәдениеттің кез келген көрінісін тұншықтыруға ұмтылды, күштеп «орыстандыру» сая­са­тын жүргізді.  Царизм орыс емес ұлттардың азаптаушысы, жендеті болды» (Сонда,4-б.).  

Пікірталас, марксизм-ленинизмді жақтаушылар мен оның қарсыластарының арасында жүрмегенін ұмытпауымыз керек, барлығы да сол Маркс-Ленин теориясына, партия құжаттарына сүйенген өзара дау-дамай. Бекмақановтың  оппоненттері интеллектуалдық, теориялық және ғылыми жағынан оның шаңына ілесе алмады, оның еңбегін елдің көрнекті тарихшылары бірауыздан мойындады. Демек, олар маркстік ұстаным тұрғысынан жазылған еңбекке қарсы өзге аргументтер келтіре алмады. Ал партиялық басшылыққа келетін болсақ, ол Кеңес халықтарының фашистерге қарсы Ұлы Отан соғысындағы жеңісінен кейін 1937 жылғы сияқты ғалымды жайдан жай «халық жауы», ал кітапты – «Кеңес өкіметіне қарсы» деп айыптауға бата алмады.

Сонымен пікірталас біткен сияқты еді. Олай емес екен. Келесі жылы екі томдық «Қазақ КСР-і тарихы» кітабының екінші басылымы жарыққа шықты: бірінші том төңкеріске дейінгі, екіншісі Кеңестік кезеңге арналды. «Сыншылар» бұл басылымнан да  (1-том) «буржуазиялық-ұлтшылдық  бұрмалаушылық» тауып алды.

1950 жылдардың басында «Больше­вик» журналында Әзербайжан КП ОК бірінші хатшысы М.Багировтың мақаласы шықты, онда партия прогрессивтік деп таныған Солтүстік Кавказ халықтарының Шамиль бастаған қозғалысы реакциялық деп жарияланды. Бұл саяси бағаға Бекмақановтың кітабын қаралаушылар бір серпіліп қалды. 1950 жылдың 26 желтоқсанында «Правда» газеті Ай­дарова, Шойынбаев пен Якунин қол қойған «Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан баяндау» атты мақала жариялады. Мақала авторлары күллі бұрмалаушылықтар мен қателіктердің бастауы Б.Бекмақановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы деп, Кенесары қозғалысының бағасы туралы мәселеге айқындық беруге, оны тарих ғылымының маркстік-лениндік «рухымен» шешуге шақырды.

Партияның орталық органының тапсырыс мақаласында қандай «рух» туралы сөз болып отырғанын аңдау қиын емес. Қазақстан КП ОК басшылығы Бекмақановтың «Правдадағы» сынды мойындап, тәубеге келуіне ықпал етуге тырысты. Алайда, ғалым өз шындығынан бас тартпады, өзіне тән аңғырттықпен әділеттілікке сенді. Бірақ оның саяси жазасын берген жиын қоғамдық-саяси талқылаумен бүркемеленді.Сөйтіп, тарих институтының жабық партия жиналысында Бекмақановтың кітабын талқылау екі күнге созылды (1951 ж. наурыз). Талқылаудың қалай жүргенін зілді сөздерге қарап-ақ білуге болады: ұлтшыл, ғалым емес, фальсификатор, т.с.с.

Талғар ауыл шаруашылық техникумын, 1947 жылы ҚазПИ-ді экстерн бітірген, институттың ғылыми хатшысы және парторгы болған Нүсіпбеков Бекма­қановты «әшкерелеуге» белсене кірісіп, өзінің бұрынғы «қателіктері» үшін қорлана кешірім сұрады (1948 жылы ол Бекмақановты қолдаған еді).  Осы кезде Шойынбаев жай оғындай жарқырап мансап биігіне зу етіп шыға келген еді: «Правдада» мақаласы жарияланғаннан кейін оны институттың сектор меңгерушісі, кейін директордың ғылым жөніндегі орынбасары етіп тағайындады.  Жиналыс автордың партиялығы туралы мәселе көтеріп, оны ғылыми дәрежелері мен атағынан айыру, кітапты қолданыстан шығару  туралы шешім қабылдады (Бекмаханов Е. Шығармалар. Том 6. Стенограмма. Павлодар, 2005). Бұл «ұсыныстар» дереу іске асырылғанын айтудың да қажеті жоқ.

Бекмақанов жұмыссыз қалды. Алматыдағы 11 ЖОО-ның, 20 техникумның, орта мектептің біреуі де оны жұмысқа алмады. Бес адамнан тұратын отбасы қуғынға ұшыраған ғалымның жас жұбайы Халима Адамбекқызының болмашы жалақысына қарап қалды. Жағдай моральдық қудалаумен одан сайын ушықты: дұшпандары табалады, достары теріс айналды, ғалымды қаралау үшін студенттердің, жұмысшылардың талай жиналысы өткізілді, аспиранттары ғылыми жетекшісінен бас тартты. Тек қана бір қазақ – Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әмір Қанапин тәуекелге барып, Бекмақановты шалғайдағы Нарынқол ауданының мектебіне жұмысқа орналастырды.

1952 жылы 5 қыркүйекте Бекмаханов тұтқындалды және желтоқсанның басында екі күнге созылған сот болды. Ғалымның тағдыры алдын ала шешіліп қойған-ды. Мемлекеттік айыптаушы тергеу кезінде Бекмақановтың саяси қателіктерін мойындағанын мәлімдеді. Куәгер болған Нұрқанов, Шойынбаев, Шахматов, Елеуов(?!)Бекмақановқа жала жапты. Тергеу кезінде Айдарова, Сүлейменов, Толыбеков,бұған дейін 25 жыл түрмеге кесілген әдебиетші Е.Ысмайылов Бекмақановқа қарсы куәлік берді.

Өзінің соңғы сөзінде Е.Б.Бекмақанов соғыс жылдары Қазақстан КП ОК-нің қазақстандық жауынгерлерге үндеуінде Кенесары мен  Наурызбай халық батырлары деп жарияланғанын, ал соғыстан кейін патриоттық  қарқын желге ұшқанын айтты. Сөйтіп Кенесары Қасымов аяқ астынан нағыз жауға айналды. «Міне, сондықтан мен бүгін саяси қылмыскер ретінде сотталушылар орындығында отырмын» деді ол. «Әлбетте, ғылыми тұрғыдан Кенесары Қасымов қозғалысына баға беруде мен асыра сілтедім, оны мойындаймын...». Бәрі бекер еді. Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясы 1952 жылы 4 желтоқсанда «Ермұхан Бекмақановты буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттағаны, орыс халқына қарсы күрескен бай-феодалдар мен реакцияшыл хан-сұлтандарды дәріптегені үшін 25 жыл еңбекпен түзеу лагеріне қамауға үкім шығарды. Үкім үзілді-кесілді, кассациялық тәртіппен шағымдануға жатпайды» (Медеу Сәрсеке. Бекмаханов. Москва-Астана. 2010. 343-355 бб.).

Әділеттік үшін айтарымыз, «Прав­дадағы» мақаладан кейін Бекма­қанов өзінің монографиясы жайындағы ғылыми пікірталас саяси реңк алғанын және іс қатерге шапқанын сезгені анық. М.Сәрсекенің сөзінше, 1953 жылы Петропавловск түрмесінен Н.С.Хрущевке жазған өтінішінде ол былай дейді: «Мен 1951 жылы ақпанда  ВКП(б) ОК-не және Қазақстан КП ОК-не хат жолдап, «Правда» мақаласын басынан аяғына дейін дұрыс деп санайтынымды және Кенесары Қасымов көтерілісін бағалауда антимарксистік қателік жібергенімді мойындаймын...» (Сонда, 304-б.).

Сталин өлген соң, Н.С.Хрущевке тікелей шыққан академик А.М.Панкратованың үздіксіз күш-жігерінің арқасында ол қамаудан босатылды. Е.Б.Бекмақановқа қарсы тергеу ісі қысқартылды (КСРО ІІМ-нің 1954 ж. 16 ақпандағы қаулысы). Ол толығымен ақталса да, партиялығы қалпына келтірілмеді, ғылыми атақтары мен дәрежелерін қайтармады. Дұш­пандары лас істерін тоқтатпады, ол жұмысқа орналаса алмады. Алайда, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы,  әйгілі Белоруссиядағы партизан қозғалысының жетекшісі П.К.Пономаренконың жеке нұсқауымен оны ҚазҰУ-дің аға оқытушысы етіп қабылдады. 1958 жылдың басында КСРО ҒА Тарих институтында екінші рет  жаңа тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Оған профес­сор атағын қайтарады, партияға қайта қабылданады, өз кафедрасын қайта басқарады. 1962 жылы ҚазКСР ҒА мүше-корреспонденті болып сайланды, бірқатар кітаптар, оқулықтар шығарды, аспиранттарға жетекші болды.   1966 жылы Ермұқан Бекмақанұлы қатты сырқаттанып қалды – қуғын-сүргін, лагерьдегі өмір мен жанкешті жұмыс текке кеткен жоқ. 1966 жылы 6 мамырда қазақ халқының көрнекті ұлдарының бірі Ермұхан Бекмақановтың жүрегі соғуын тоқтатты. Ол бар болғаны 50 жаста еді.

Е.Б.Бекмақанов «ісі» бойынша шығарылған үкімнің қатігездігі, ең алды­мен, елдегі сталиндік диктаторлық режим орнатқан саяси ахуалға байланысты еді. Расында да, 1940-50 жылдары КСРО-да ұлы державалық шовинизмді жаңғыртқысы келетін саяси ұстаным үстемдік алды. Кеңес билігінің бұл саясаты біздің еліміз үшін қайғылы 1930-жылдардан, сталинизмнің толық жеңісінен басталды. Тарих ғылымында бұл «Покровский мектебінен» байқалды, оның өкілдері Ресей тарихына революциялық ұстаным тұрғысынан қарап, оны «халықтар түрмесі» деді, самодержавиені, ресейлік мінез-құлық пен тәртіпті қатаң сынады, орыс емес халықтарды қорғады.

Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейін Сталин бұл саясатты одан сайын күшейтті. Орыс патриотизмін саудаға сала отырып, ол «ұлы мәртебелі жұмысшы табының» тарихи миссиясынан бас тартты, бүкіл халықты өзінің саяси режимінің әлеуметтік тірегіне айналдыруға ұмтылды. Бұл кейіннен кеңестік тарихнамада «жеке басқа табыну режимі, командалық-әкімшілік жүйе» деп аталды. Осындай саясаттың нәтижесінде Ресейді мадақтау, орыс емес халықтардың ролін төмендету ресми тарихнаманың басты белгісі болып қалды. Міне, сондықтан одақтас, ұлттық республикалардың тарихын ресейлік тарих тұрғысынан зерттеу, оның озық өркениеттік ролін мойындау қажет болды. Тарихи зерттеулерде ұлттық белгісі бойынша жаңа иерархия жасалды, онда бірінші орынға міндетті түрде орыс адамының тұлғасы шығарылды. Батырлық, ерлік, тектілік тек орыс адамына тән қасиет саналды.

Ғалымға қатысты қатігездік, біздіңше, Кенесары көтерілісінің ұлт-азаттық сипатын көрсетумен бірге, көтеріліс көсемін, яғни басқа ұлттың көшбасшысын дәріптеуге, бұқара халықты жаншылған, жасық құлдар ретінде емес, ар-намысы биік, батыл және қайсар жауынгерлер ретінде көрсеткеніне де байланысты екені анық. Айта кетерлігі, революцияға дейінгі ресейлік тарихнамада қазақ халқының тарихына қатысты А.Левшиннің қазақтар «жауынгер емес, тек қаруланған малшылар» дегені секілді нәсілшіл-шовинистік көзқарас үстемдік құрғаны рас. Ал «Орыс түркологиясының  атасы» В.В.Радлов қазақтардың  жауынгерлік рухы жоғары екенін айтып, Левшиннің көзқарасына қарсы шықты.

Ермұхан Бекмақанұлы өз халқына тән ұлы рухтың иесі еді. Егер, оның жаны біздің қазіргі «пендешілік» жан-сымағымыз сияқты болса, басына түскен бүкіл бәледен, әсіресе, саяси айыптар мен қуғын-сүргіннен аулақ болар еді. Бірақ, Бекмақанов ондай адам болған жоқ! Нағыз ғалым болған ол өзі үшін емес, шынайы тарих үшін күресті.

Партиялық басшылық автордан жария түрде өзінің ғылыми идеялары мен тұжырымдарынан бас тартуды талап етті. Бекмақанов бұған келіспеді, сөйтіп  оның ғалымдық өр намысы мен адами қадір-қасиеті қатаң үкімнің шығарылуына себеп болды.

2005 жылдың ақпанында «Казах­с­танская правда» және «Егемен Қа­зақ­стан» газеттерінде Ермұхан Бекмақановтың туғанына 90 жыл толуына арналған тұтас бір беттік мақала шықты. Осыған орай мен: «Екі бірдей ресми басылымда көрнекті ғалымның өмірі мен ғылыми ерлігі туралы көлемді материалдардың жарық көруі тегін уақиға еместігіне сенімдімін. Әйтеуір, қазіргі билік идеологиялық ізденістерде шынайы ғылымға, нағыз ғалымның мұрасына сүйенуге талпыныс жасау керектігін ұғынды.   Е.Б.Бекмақановтың қазақ мемлекеттілігін және тәуелсіздігін қалпына келтіру үшін Кенесары Касымовтың басшылығымен болған ұлт-азаттық қозғалысы туралы идеяларына қазіргі саяси жағдаятта сұраныс туып отыр.  Осыдан барып авторға айрықша назар аударылды. Осылайша, үшінші фактордың – саяси фактордың бейнесі қылаң береді. Алайда, шенеуніктер мен тарихшылар (заңгерлер, саясаттанушылар, социологтар, т.с.с.) шектен шықпаса екен дейміз, шынайы интернационалист-ғалымды қатардағы ұлтшылға айнал­дырмаса, сөйтіп, Е.Бекмақановқа жабылған жала мен беталды айыптаулар айтылуына әйтеуір бір негіз бар деген ойдың тууына себеп тауып бермесін» деп жазған едім.

Е.Бекмақановтың батыл әрекетін мысалға алып, мен нағыз ғалым қандай болуға тиіс екендігі туралы өз ұстанымымды баяндадым. «Тарихи зерттеудің сапасы, жалпы тарих ғылымының өзі сияқты, бірнеше факторға: қоғам дамуының әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени деңгейіне, саналуан әрі сапалы ауызша және жазбаша тарихи дереккөздердің болуына,тарихшылардың таланты мен кәсіби даярлығына тәуелді. Олар осылайша, объективті және субъективті факторлардың жиынтығын білдіреді.  Алайда, менің көзім жеткеніндей, шынайы тарихты жазудың басты шарты – зерттеушінің адамгершілік келбеті. Тарихтың мақсаты да, мәні де ақиқатты, шындықты іздеу ғой. Міне, сондықтан, тарихшының қолы да, ойы да таза болуы қажет. Қай заманда да билік басындағылар тарихшыларды «қолға үйретуге», бағындыруға, сатып алуға, олардан өздерінің апологеттерін жасауға ұмтылды. Өкінішке қарай, көбінесе солай болды, болып та жатыр. Тарихшылардың жарамсақтығы шындықты жасыруға,өтірікке бастайды, бұның зияны отандық тарихнаманың сапасына тиеді.  Бақытымызға орай, бізде нағыз шынайы тарихты жасайтын Е.Бекмақанов сияқты ғалымдар бар. «Өзін қорлауға жол бермейтін жан ғана адам болып туған» (Шыңғыс хан). Тарихшы осындай адам болуға тиіс, ол пайдакүнемдікпен, жарамсақтықпен өзін қорлатып, тарихты бұрмалатуға көнбейді. Мен үшін мұндай тарихшы – Ермұқан Бекмақанұлы Бекмақанов» деп жазған едім (Бекмақанов Е. Шығармалар. 7-том. 151-152 бб.).

Ғалымның адами келбеті туралы бірер сөз. Мен Ермұқан Бекмақанұлын көргенім үшін өзімді бақытты санаймын, оның дәрістерін тыңдадым, факультеттегі іс-шараларда бірге болдым. Оның тікелей шәкірті болдым дей алмаймын, себебі мамандану басталатын екінші курста мен жалпы тарих кафедрасын таңдадым және менің ұстаздарым ерлі-зайыпты доценттер Я.Д.Серовайский мен Л.С.Фришман – МГУ түлектері, сонда кандидаттық диссертацияларын қорғаған тарихшылар. 1970 ж. танымал медиевист-франковед Яков Давидович МГУ-де докторлық диссертациясын қорғады, Қазақстандағы жалпы тарих бойынша тұңғыш ғылым докторы еді. Лия Семеновна шығыстанушы болатын.

Атақты қазақ тарихшысының есімі маған туған жерім – Ресейдің Астрахань облысында жүргеннен таныс. 1958 жылы Алматыға С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ге оқуға түсуге келгенімде, тарихтан емтиханды Бекмақанов пен Серовайский қабылдады. Емтиханды кімнің қабылдайтынын білген соң, ол кісінің көңілінен шығу үшін білгенімді аямадым. Мен сонда өзімді әйгілі ақын Державинге емтихан тапсырып тұрған жас Пушкин сияқты елестеттім, өзім соншалық жас та емес едім. 22 жастағы толысқан жігітпін, педучилище бітіргенмін, армияда, тіпті бір жыл бастауыш мектеп мұғалімі де болғанмын.

Оқуға түсу емтиханына тыңғылықты дайындалдым. Оған қоса, ол кезде мемлекет армиядан келгендер мен еңбек өтілі барларға жеңілдік жасайтын. Барлығы 20 баллдың 19-на ие болған мен алғашқы бестікке енгеніме сенімді болып, оқуға түскенім туралы хабарды күтіп отырдым. Алайда, біріншіде де, екінші, тіпті, үшінші бестікте де менің аты-жөнім аталмады. Тек он жетінші болып аталдым. Сонда мен өмірде  әділетсіздікті жүрегіне жақын қабылдайтын адамды бірінші рет көрдім: Ермұқан Бекмақанұлы хатшы әйелге ашулана: «Ермұхановтың құжаттарын неге кеш бересіз, ол алғашқылардың бірі болып қабылдануы керек», – деді. Мен сөйтіп оның әділдігіне тәнті болған едім. Бес жыл оқу кезінде оның тектілігіне де көзім жетті. Бұл оның туабітті қасиеті және әділетсіздік атаулымен, пендешілікпен жаны қас екенін қазір түсінемін».

Мен Ерекеңе арналған «Божьей милостью историк»  деген мақаламда осылай жаздым.   Айта кетерім, бұл сөздерді белгілі жазушы Медеу Сәрсеке өз кітабында толық келтірді (Бекмаханов. ЖЗЛ. Москва-Астана. 2010. С. 527-528).Е.Бекмақановтың 100 жылдығына орай, «Триумф и трагедия ученого» деген мақала жарияладым («Саяси-Қалам»-«Трибуна», 2014, №19, 20, 21; 2915, №1, 2.).Оны қысқартылған түрде «Сотворение «священных коров» казахстанской историографии» деген атаумен «Қазақ халқының шығу тегі және оның мемлекеттілігі мәселесі» деген кітабыма кіргіздім (Алматы, 2008).

Орыс тілінен аударған

Дина Имамбаева

1546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз