• Тарих толқынында
  • 28 Наурыз, 2021

ТАРИХИ САНАНЫҢ ЖЕТІЛУІ

Үмбетқан Сәрсембин,

философия ғылымдарының кандидаты

Ұлттық мүдде жолындағы ұрпақтың рухани (тұлғалық) болмысы тарихтың туындауына себепкер болған. Осы себептен тарихты адамзат баласының, ұлттың жүріп өткен жолы, ұлт болып қалыптасудағы ұрпақтың кейінгі буынға табыстайтын дүниесін тарихи құндылық дейміз. Әлихан Бөкейханов жазғандай, «Тарихтың сарын жолы екіге бөлінеді: бір бөлек тарихтың пайдаланғаны соғыс істері... Тарихтың екінші түрлісінің пайдаланғаны – жұрттың болмыс-салты, рухани мәдениетінің дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың сол замандағы тіккен үйінен, киген киімінен, ұстаған аспаптарынан, сөздерінен білінеді. Анық тарих – осы екіншісі. Бұған жем нәрселер (материал) жақсы, шын ақындар шығарған, бұзылмаған жырларда болады»[1. 302 б.]. Әрбір жаңа уақыт жағдайында орын алып отырған тарихи оқиғалар негізінде де дамудың заңдылықтары ерекше көзге түседі. Соның ішінде ең күрделісі ұрпақтың мәдениетіне, төл болмысына қарама-қарсы тәрбиеленуі. Ұлттық сананың мәдени құбылысқа айналуында керісінше ұлттың болашағына үлкен зардап әкелетін нәрселерге қарсы тұру бар. Саналы түрде бұндай қарсы тұруды халықтың өзіндік санасының үлкен жетістігі деп айтуға болады. Алаш зиялылары жазғандай, «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кем, қор болмайтын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады. Қазақ ішінде әр үйдің отағасысы, әр ауылдың ақсақалы тұрған бір шежіре. Бұрынғы өткен-кеткеннен естіген-білгені болса кейінгі жастарға соның бәрін айтып отырады» [2.16-б.]. Тарихты жасайтын халық, халықтың интеллектуалдық тарихының (жасампаздық қасиеттерінің) негізінде адамзат тарихы қалыптасады. Уақыт кеңістігінде ұлттың тарихын қалып­тастыратын, оның әлемдік тарихпен байланысуына себепкер болатын  тұлғалар.

Ұлттың тарихының қалыптасу кезеңі оның тұлғалық болмысының қалыптасу дәуірін негіздейді. Ұлттың өзі жасаған тарихы сақталған кезде оның философиясы, қоғамы да дамыған. Тарихтың философиясын ұғынудың негізінде ғана тарихты сақтап отыратын істер жалғасады. Заманның ыңғайын ерте танитын, уақыт өрісінде орын алып отырған құбылыстарға төтеп беруге ерте қамданатын қоғам тарихи сананың нәтижесінде ғана қалыптасқан. Осыған байланысты Жүсіпбек Аймауытов былай деп айтып кеткен: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері.

Көршіміз орысты алайық. Бұлардың қара халқы надан болды. Оқығаны ұлт қамын ойлаған жоқ, қызыққа, шенге, дәрежеге салынып, бас пайдасынан өзгені ескерген жоқ. Шенеунігі өзі қожа, өзі төре болып, қара халықты менсінбеді, жан есебінде көрмеді... Қара халқы мен оқығанының арасында жақындық болмады, бірін бірі жек көрді. Ақсүйек, дворяндар қара халықпен сүйкесуді  бойына қорлық, намыс көрді. Екінші жағынан арыс патшасын Құдайдан жаман әспеттеп, көкке көтерді. Именді, қорықты, патшадан күшті әмір иесі бар деп ойлаған жоқ. Патшаны шырғалаған өңкей ақсүйек, шенеуніктер патшаны қара халықтан алыстатпаса, жақындатуға себепші болған жоқ. Қара халық қорлықта, қысымшылдықта жүріп жатты...» [3. 3-б.]. Әлемде орын алып отырған құбылыстарға төтеп берудің бір ғана жолы қоғамның мәдениетке ие болуында. Бұндай дәстүр рухы биік, ой-өрісі жоғары ортаны қалыптастырудан көрінеді. Барлық мәселе тарихи санаға, тарихты білуге, оның феномендерін дұрыс ұғынуға қатысты. Тарихтың қабырғасын қалайтын халықтың өзі болғандықтан, кез келген ақыл-парасат иесі оның біріктіруші бөлшегі сияқты. Өйткені, тарих тереңнен ойлауды талап етеді. «Егер жұрт, жұрттықты ойласа, – деген  Міржақып Дулатов – партиясын, тым болмаса, уақытша қоя тұрып, бірлік-береке қылатын болса, Алаш аты бәйгеден келмей қалмас еді. Жоқ, жұрттық деген құр сөз болып, әркім бетімен жайылып, «баққа таласып», баяғы Иванға шауып баратын болса, Алаш тілегіне қарсы болды деген осы»[2. 441-б.]. Қоғамның ұлттық деңгейге ие болуына бас болатын интеллектуалдар. Интеллигенциясы болмаған, олар тарихты толық білмеген жерде тарихи шындық кез келген адамның түсінігіне айналып кетуі мүмкін.

Тарихты бұрмалау үлкен қателік. Кейбір адам тарихтың рухын өзінің жеке басының мақтанынан әрі асыра алмай, санасы (бар білгені) сонымен ғана шекелген болса алдыменен оның зардабын тартатын қоғам. Сондықтан, қоғамға, оның құндылықтарына жауапты адамдар, соның ішінде, ғалымдар міндетін дұрыс атқаруы тиіс. «Жұрт болу­дағы мақсат осы күнгі тірі жүрген адам баласына ғана емес, кейінгі нәсіл-нәсіп, үрім-бұтақтың кем-қор болмауы үшін керек зат. Біз басымызға түскен таршылықты бұрынғы бабаларымыздан көретін едік. Солар біздің қамымызды жеген болса, біз мұндай қорлықта, тарлықта жүрмес едік деуші едік. Кейінгі буынның ата-бабасы осы күнгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма, Алла құзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?!...Біздің жұрт осыны ойлау керек» – деп айтып кеткен алаш зиялылары [2. 440-б.]. Мәселен бүгінгі ұрпақтың әрекеті келешек уақытқа тікелей әсер етеді. Адам тарихын дұрыс білгеннен оны құрметтей алады. Тарихты, оны жасаушы тұлғаларды зерттейтін адамдарды да уақыт өзі шығарған. Бұлардың өнегесі алдыменен тарихи сана мәселесіне аса ұқыптылықпен қарауды жүктейді, соны міндеттемек.

Алаш зиялылары тарихты зерттеп қана қойған жоқ, қоғамына тарихи сананы жетілдірудегі нағыз ұлттық тәжірибелерді көрсетіп кеткендігі белгілі. Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұлттың болмысы, оның үлкен тарихи мәнге айналуы, ұрпақтың тарихи танымы, зиялылардың тарихилық принципі алдыменен атамекен, соның ішінде тарихи жер атауларымен де тығыз байланысты. Ерлік қанға, топыраққа ғана емес, санаға сіңуі керек. Бұны санадан өшіру, құр ұранға, мақтанға айналдыру әдепсіздік. Себебі тарихты жасаған тұлғалардың бір ғана арманы, бір ғана мақсаты, бір ғана ойы болады. Ол тәуелсіздік, осы жолда арқаланатын ұлттың абыройы. Ұлттық намыс туралы ұғым ғана оларды биікке жетелеген. Биікке жетелеуде уақыттың өзі кісілікті сынға салып отырады. Ал кісіліктің ел тарихында қалатын биік төбесі бірлік, ауыз біршілік.

Әр ұлттың тарихы әдемдік тарихтың қырларымен байланысып отырғанымен оның өз табиғаты, дербестігі бар. Мәселен қазақтың тарихы дегенде батырлықтың феномені есімізге түседі. Батырлармен қоса хан да, би де, жырау да, бай да, діни адамдар да батырлық иесі атанды. Халықтың алдында сенім мен үлкен беделге ие болу үшін батыр болу керектігін қоғам болып ескерген. Осыған байланысты тарихтағы Абылайханның тағдырын айтуымызға болады. Абылай жас болса да ерлігімен халықтың сеніміне ерте бөленген тұлғалардың бірі. Дініне, діліне берік адам болған. Құдайшылдығы күшті, ұлттың болашағын ойлап, оның тағдырынан әрі аспаған. Абылай үшін дәулет те, билік те ұлттың болашағына қызмет ету болды. Осы жолда оның өзі талай жорықтарда қазақ батырларын бастап жүрді.

Ұлт тұлғаларының дәстүрі тарихи уақыт кеңістігінде орын алғанымен олардың тағылымы кейінгі уақытқа үлкен тәжірибе болып қалады. Нағыз ұлт тұлғаларының тәжірибесін идеяға айналдырып отыру қоғамның деңгейіне байланысты. Зерделі орта, сауатты адамдар, тәжірибелі ғалымдар болса тарих тәжірибесі идеяға арналған. Мәселен Мағжан ақын былай деген:

Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой,

Ерлері ертегінің өрт еді ғой.

Айрылып ой екпінді ерлерінен

Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой.

Сонау дерт түгелімен ауып маған,

Дариға, жүрегімді өртеді ғой!

Ер көрмей, көрден басқа, сұр өмір де

Шерлі жан шерлі кеңес шертеді ғой,

Жадырап жаным, шерім тарқар еді,

Кеңесім тыңдаушыға сала алса ой.

Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,

Жанымды орай берсе улы уайым.

Кеудеме күннің нұры толғандай боп,

Жырлаймын алты Алаштың Абылайын [4. 245-б.]

Тарихи сана жетілуі үшін тұлғалардың ерлігі, оны сақтап отырудағы, жарыққа шығарудағы шынайы еңбек бағалануы керек. Ұлт зиялыларының, әсіресе, олардың дәстүрімен келе жатқан тәжірибелі ғалымдардың зерттеулеріне көңіл бөліну қажет. Тарих болмысы немесе оны зерттеуге бағытталған ғылым, идея болсын, қазіргі уақытта заңмен қорғалуы керек. Кез келген адамның тарихты зерттеу ісіне араласуы тарих пен уақыт арасын бөліп тастайды, тарихи сананың қалыптасуына кері әсер етпек. Тарихтың өзі уақыттың жүйесімен келсе, оны зерттеу үшін де жүйелілік керек. Бұндай ереже орын алмаған жерде тарихи сананың орнын тобырлық сананың басатыны анық.

Айтып өткендей, кез келген тарихи тұлғаның феноменін алып қарасақ, олардың игілігін бүгінгі ұрпақ көргенімен өздері көрмейді. Тарихтың қиын жері осы, болашақ үшін басын қатерге тіккен адам оның игілігін көрмейді, еңбекті, одан шығатын нәтижені болашаққа қалдырып кетеді. Қаншама жас тарихта тәуелсіздікті армандап кетті. Оларды жұмылдырған қазақ хандары да парасатты оймен өтті. Қазақ руханиятында жиі айтылатын Абылайдың арманы бүгінгі уақыттан өз заманындағы батырларға аса жауапкершілікпен қарауды жүктейді.

Ханның билігі ғана емес, ұлтқа ерлігі рух берген. Билік ерліктен туындаса ел үшін үлкен күш. Себебі уақыттың өзі туғызып отырған (тарих сахнасына шығарған) тұлғаларда оларды ерлікке жетелеп отыратын күш бар:

Алты алаш Абылайдай арғымағын,

Алаштың аруағына пар қылатын.

Бетіне Абылайдай ардагердің

Келуді алты алашқа ар қылатын.

«Бетіне келген жанды соғар кие!» – деп жырау, жауырыншылар жар қылатын [4.249-б.].

Ұлттық рухтың биік көрінісі тарихи уақыттағы тұлғалардың ерлігімен қатар, сол ерлік иелерін тәрбиелеп шығарған ұлттың зердесі де. Қоғам ерліктің негізінде жатқан құндылықтарды тануға, ұғынуға бағыт берген. Тарихи сана биіктігімен қарасақ, оқиғалардың ағы мен қарасын ажырата білетін зерде бар жерде ғана кез келген тарихтың шындығы, тәжірибелер ұрпақ өмірінде идеяға айналып, қоғамның дамуына ықпал етеді. Осы себептен қазақ батырлықтың мәнін түсінуге көңіл бөлген. Ойшылдардың дүниелерін айтпағанның өзінде, алаш зиялыларының зерттеулері, ұғымы  осы шындықты негіздейді. 

Тарихи сананың және ұлттық болмыстың рухани өзегі саналатын феномендердің негізінде қалыптасып, өрісін кеңейтіп отыратын зерденің пайдасы қоғамның әлеуметтік танымын дұрыс бағытқа бұрып, бірегейлікті қамтамасыз етуінде. Мәселен Абылай мен Кенесары, өзге де алаш тұлғалары дегенде, ерліктің халықтың тарихи санасымен байланысып отыратын рухы көзге түседі. Бұл жерде ерлік дегеніміз жекелеген адамдардың ғана емес, қоғамның өзін-өзі жеңе білуі. Өзін жеңе білген адам өзгені де жеңе біледі. Өзін жеңуде көзге түсетін негізгі нәрсе ақыл-парасаттылық болған.        

Тарихи уақытта әр адам ұлттың өкілі, сол қоғамның мүшесі ретінде орын алып отырған оқиғалардың куәгері ғана емес, оны шешуге, тоқтатуға атсалысушы да. Сол заманда өмір сүрген кез келген адамның (мейлі үлкен, мейлі жас болсын) өмірге ақыл көзімен қарағандығын байқаймыз. Бұлай болмаған болса, ерлікке, тәрбиеге қатысты аталы сөздер қалмаған болар еді. Біздің айтпағымыз тарихи уақытта оның қиыншылығын барлық адам басынан өткізді, тұлғалық құндылықтар (жер, тіл, дін, тәрбие, білім) мен кісілік қасиеттер қатар сараланды, ұрпақ, отбасы, бейбіт өмірді қадірлеп, оның мәнісін білді. Тарих кез келген адам үшін жауапкершілікті жүктейтін құндылық ретінде қалуы тиіс. Бұған тікелей ықпал ететін мемлекет пен ғалымдар. Ғылымның беделі жоғары болған сайын тарихтың да беделі жоғарылай түседі. Яғни кез келген тарихи уақыт жағдайындағы құбылыстарды сезіммен қабылдаудан гөрі, ақылмен ұғынатын, одан тәжірибе алатын орта қалыптасады. Тарихты дұрыс түсіндірудің салдарынан әлем, қоғам адам туралы ілімдерді де түсіну оңай.

Адамзат тарихына, соның ішінде, ұлт тарихына зер салсақ, одан жалпыға ортақ бір ғана мәнді көре аламыз. Ол зерденің қызметі, ақылдың рухы. Бұл мән негізінен елдіктің, зиялылықтың биіктігін көрсетеді. Егер тарих оқиғалардан, қайшылықтардан құралмаса бұл мән көрінбес еді. Осы рухани мән бар жерде, құбылысқа айналғанда, қарапайымнан күрделіге өтіп отыратын қайшылықтар еркіндікті, шынайы еркіндік пен адамгершілікті ұғындыра түспек.

Тарихи сана бұл тарих, мәдениет, соның ішінде, ұлт пен тұлғалар болмысы туралы терең білім, жалпыға ортақ деңгейдегі ұғым. Тарихи сана кез келген адамның пайымы мен зердесінің дамуына әсер етеді. Өркениеттіліктің өзегі мәдениет, ғылымның, техника мен технологияның дамуы болса, оны реттейтін адам. Адамның жасаған дүниесі оған бағынуы тиіс. Адам оны өзіне бағындыра алмаса, мәдениет күйзеліске ұшырайды. Осы себептен мәдениет көзі ақыл, ақылдың көзі тарихи сана болған. Бүгінгі уақытта тарихи сананы күшейту үшін тарихи тұлғалардың ерлігі, солардың шығарған халықтың еңбегі тегістей бағаланып, ұлттың рухани дүниелері, соның ішінде, алаш зиялыларының тағылымы насихатталуы маңызды болуда.

 

         Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Бөкейханов Ә. Шығармалар. - Алматы: Өнер, 1994. - 383 бет.

2. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысан­баев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. -560 бет.

3. Жүсіпбек Аймауытов. Ұлтты сүю // Ақиқат №6, Маусым, 2013 ж.

4. Жұмабаев М. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. - Алматы: Жазушы, 1989. – 448 бет.

1045 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз