• Еркін ой мінбері
  • 28 Наурыз, 2021

ШЫНДЫҚ КӨП, АҚИҚАТ ЖАЛҒЫЗ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы алғаш «Қазақстан коммунисі» деген атпен шықты. Журналда сол кездегі белгілі қаламгерлер қызмет етті. Басылымның алғаш баспадан шыққанына 100 жыл толуына орай, арнайы ашылған айдарымыздың кезекті қонағы – белгілі жазушы, журналист, әдебиет сыншысы Ұзақбай Доспанбетов. Жетісу өлкесінде дүниеге келген қаламгер биыл мерейлі 80 жасқа толады. Ұзақбай Доспанбетов – «Жәлменде би»,  «Жылусыз от» романдарының, «Шың мен шыңырау» атты роман-дилогияның, «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы» атты төрт томдық тарихи роман-эпопеяның, көптеген повестер мен әдеби сын, ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы. Жазушының «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет еткен кезеңі жайындағы әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

– Ұзақбай аға, сіз «Қазақстан коммунисі» қоғамдық-саяси журналында 1974-76 жылдары қызмет атқардыңыз. Бұл кеңестік режимнің кемеліне келген кезі ғой. Өзіңіз қызмет еткен жылдардағы қоғамдық-саяси журналдың бағыт-бағдары, редакция басшылығы мен қызметкерлері жөнінде айтып берсеңіз.  

– «Қазақстан коммунисі»  журналы кеңестік кезеңде еліміздің басты басы­лымдарының бірі болды. Мен жұмыс істеген кезде журналдың бас редакторы – жазушы-журналист Құрманбек Сағындықов, оның орынбасары Құрманбек Әбілдаев болатын. Аттас болған соң бірін үлкен Құрекең, екіншісін кіші Құрекең дейтінбіз. Құрманбек Сағындықов ағамыз – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, атақты батыр Бауыржан Момышұлының досы, әрі жерлесі. Кеудесі толған орден-медаль. Баукең ақыл-кеңес сұраса, Құрекеңе келетін. Қ.Сағындықов журналистігімен қоса жазушылық және аудармашылық қызметімен белгілі болды. Өзі филология  ғылымының кандидаты. Ол көптеген көркем дүниені қазақшаға аударды, осы салада жемісті еңбек етті. Сол еңбектің бірі – орыс жазушысы Александр Бектің 1943-1944 жылдары жазылған «Волоколамское шоссе» деген романы. Алғаш қысқартылған нұсқасы «Арпалыс» деген атаумен шықты, кейін толығымен аударды. Бұл қолдан-қолға тимей оқылған керемет роман болды. А.Бектің өзі  де жақсы жазушы ғой, оны Құрекең ғажап аударған. «Волоколам тас жолы» кеңес әдебиетіндегі соғыс туралы ең үздік шығарма деп мойындалған. Мына қызықты қараңыз, қай қазақ туралы орыстың белгілі жазушысы роман жазды? Соғыстың күйіп тұрған кезі, әскери тілші Александр Бек оқ пен оттың арасында жүріп, болашақ романына ерекше кейіпкер іздейді. И.Панфиловтың дивизиясына келгенде, әйгілі генерал «міне, кітапқа кейіпкер болуға лайық нағыз оригинал адам» деп Бауыржан Момышұлын көрсетіпті.

Мен журналға мәдениет бөлімінің аға редакторы болып келдім, бұл бөлімнің меңгерушісі Ыдырысов – Қазақстанға белгілі журналист-жазушы, аудармашы, көп жыл бойы ҚазМУ-де сабақ берген. Басшым әрі өзімнің мұғалімім, оған қоса көп жыл көрші болдық.  Ол кезде «Қазақстан коммунисі» журналының бөлім меңгерушілерінің барлығы белгілі адамдар болатын.  Шеттерінен еңбекқор сол қаламгерлер соғыстан кейінгі жылдары мәдениет пен әдебиеттің дамуына көп үлес қосты. Құрманбек Әбілдаев та аудармамен айналысқан. Майданнан мүгедек болып қайтқан адам. Насихат бөлімінің меңгерушісі Әбиболла Ахметов, Баймаханов деген майдангерлер жұмыс істеді. Орақбай Смағұлов деген бөлім меңгерушісі көп жыл «Социалистік Қазақстанда» журналист болған, кейін бізбен жұмыс істеді. Баймаханов деген әріптес ағамыз Қызылорданың тумасы, ашаршылықты көзімен көрген кісі. Осыдан біраз жыл бұрын қайтты, 90 жастан аса өмір сүрді. Сүйегі асыл адамдар ғой. Журнал редакциясы үлкен ұжым еді. Бас  редактордың орынбасарлары, 4-5 бөлім, әр бөлімде екі-үш адамнан және корректорлар бар. Коммунистік партияның дәурені жүріп тұрған заман, үгіт-насихат жағына баса назар аударылатын. Облыстық, аудандық партия ұйымының хатшылары, түрлі кәсіпорындардағы партия ұйымдарының жетекшілері біздің журналды мұқият оқитын. Өздерінің саяси сауаттарын көтеретін, лекция оқығанда   пайдаланатын. 

«Қазақстан коммунисі» қоғамдық-саяси журнал болса да газет сататын киоскіде жатпайтын. Жаңа нөмірі түсе салысымен оқырмандар талап кетеді.  Таралымы 65-66 мың болды. Баспасөздің дүркіреп тұрған кезі, «Жұлдыз» журналының таралымы 200 мыңнан асып кеткен. Біздікі саяси журнал, сондықтан таралым аса көп болмайды.

Ол кезде газет-журнал редак­цияларына оқырмандардан хат көп келетін еді ғой. «Қазақстан коммунисі» журналына оқырмандар не туралы хат жазатын еді?

Иә, газет-журналда жарияланған сөздің өтімді кезі, халық жергілікті жерде шешімін таппаған мәселесін бізге жазады. Баспана туралы, түрлі  басшылардың келеңсіз іс-әрекеті туралы шағым көп келеді. Оқырман хатына жауап жазу – міндетіміз. Ондай шағымдар бойынша бас редакторымыз Құрманбек Сағындықовтың атынан аудандық партия комитеті хатшыларына ресми хат жазатынбыз. Сөйтіп талай хат иесінің мәселесін оң шешіп бердік. «Қазақстан коммунисі» журналының басшысы Қ.Сағындықовқа, журнал қызметкерлеріне шын жүректен рахмет айтамыз» деп ризашылықтарын жазған хаттар да жиі келеді. 

Есіңізде қалған сондай хаттың бірі жайлы айтып берсеңіз.  

Соғыстан кейінгі уақыт, күйеуі май­даннан қайтпай қалған жесір әйел, жетім бала көп. «Күйеуім соғыста өлді. Бір балам бар, жұмыс істегісі келмейді. Мен дұрыс тәрбие бере алмадым. Соған көмектесіңіздерші» дейтін хаттар жазатын әйелдер болды. Алуан түрлі хат, алуан түрлі тағдыр. Сондай бір әйелдің хаты ерекше есімде қалыпты, оқушының торкөз дәптеріне толтырып жазған. Оқып отырып «мына әйел кезінде жоғары білім алса нағыз журналист болып шығар еді» деп ойладым. 3-4 кластық білімі бар ауыл әйелі ғой. Кейбір хаттарда отбасы жағдайы туралы жазады, тұрмыс  ауыртпашылығынан әлі айыға қоймаған кез ғой. Шамамыз келгенше үн қосамыз, көмектесеміз. Сол хаттың барлығына жауап жазамыз, біраз уақытымыз соған кететін.

Журнал авторлары кімдер еді?

Авторлар негізінен  Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің, Минис­трлер кеңесінің қызметкерлері, ғалымдар, ЖОО оқытушылары болатын. Облыстық, аудандық партия комитетінде жұмыс істейтіндер жергілікті жердегі жағдай, партия тапсырмаларының орындалуы жайлы мақалалар беретін. 

Редакцияда өзіңіз куә болған ерекше жайттар болды ма?

Бір қызық әрі қиын көріністі айтайын. Мен Қазақ мемлекеттік университетінде оқыдым, оның ғимараты қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы болатын. Университет өзі есімін иеленген С.Киров (қазіргі Бөгенбай батыр) көшесінде орналасқан, арғы бетінде Үкімет үйі. Қарсы алдымыздағы бақтағы орындықтарда осы маңайда тұратын қария адамдар демалып отыратын. Соның ішінде бір қарт кісі иығына асынып алған дорбасы бар, біз оқыған ғимаратқа қарап күнұзақ отырады. Арасында дорбасынан сүті мен нанын алып ауқаттанады. Кейде редакцияға кіріп, өлеңін көрсетеді. Жігіттер «кейін жариялаймыз» деп алдап-сулап шығарып салады. Кейіннен білсем, ол қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігер екен (есімін ұмыттым). 1937 жылғы қуғын-сүргінде Сәкен Сейфуллинмен бірге қамауға алынып, бір камерада жатыпты. Сәкен атылып кетті, ал мына кісіні 20 жылға каторгаға жіберген. Айдаудан 1967-68 жылдары аман келген. Бірақ 20 жыл түрме деген оңай емес, ақыл-есіне аздап зақым келген. Білесіз бе, алғашқы жоғары білімді дәрігер қазақ! Сол сияқты өткен өмірін есіне алып, Орталық комитет ғимаратына қарап ойға шоматын бірнеше қарт болды. Кезіндегі қазақтың оқыған азаматтары, сорпа бетіне шыққандары ғой. Зиялы екені көрініп тұратын сол ақсақалдың бірі Киров көшесіндегі асханада «Әй, балалар, тыңдаңдар!» деп, қазақтың көне әндерін керемет айтатын. Әттең деймін қазір, ана шалдармен әңгімелесіп, басынан кешкенін жазып алсақ, әрі тарих, әрі бір-бір кітап болып қалатын еді. Жаспыз, жұмыс көп. Өз басымызда да қиындық бар, пәтерден-пәтерге көшіп жүреміз. Көзбен көргенмен мән бермеппіз. 

«Қазақстан коммунисінен» әдеби журналға ауысуыңызға  жазушылығыңыз себеп болған болар.

Мен әдеби шығармалармен бірге сын жазумен айналыстым. Содан мені «Жұлдыз» журналының сын бөліміне шақырды. Өзім де әдеби ортада болуды қаладым. Ал «Қазақстан коммунисі» журналы мен үшін жылы ұя, жақсы орта болды.

Журналистік қызметте іссапарлар көп болатыны белгілі. Ол кезде іссапарға қандай тапсырмамен баратын едіңіздер? 

«Қазақстан коммунисі» журналында жұмыс істеген екі жылдың ішінде бірне­ше рет іссапарға бардым. Халық хан көтеріп қарсы алады. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданына барған іссапарымда райкомның 1-хатшысы өзі қабылдап, бөлім басшысын жаныма қосып берді.Ол екеуміз Жаңаарқа ауданының мал совхоздарын түгел аралап шықтық. Малшылардың тұрмыс жағдайы, ауылдағы мәдениет саласының мәселелерімен барғанмын. Күндіз жұмыспен жүреміз, кешке үйдегі отырыспен жалғасады. Қой сойып, қазан асылады. Арқаның жігіттері шетінен әнші, тамылжытып, құйқылжытып салғанда көзіңнен жас шығарады. Кәсіби әншілер олардың қасында жіп есе алмайды. Арқа әндерін, сол кезде өте танымал болған Қасым Аманжоловтың өлеңдерін айтады. 

Бір жолы менің қатты ұялған жерім бар. Жас кезіміз, жасыратыны жоқ, кейде ішімдік те ішеміз. Малшыларды аралап жүріп, бір қойшының үйіне түстік. Қазанда ет пісіп жатыр, алдымен шай іштік. Енді әнге кезек берейік десек ол үйде домбыра жоқ екен. «Жақын маңда болса алып келіңдер» дедім үйдегілерге. Содан бір жігіт жүк көлігіне (басқа көлік жоқ) отыра салып зуылдай жөнелді. Ет пісті-ау деген кезде домбыра да жетті, қыздар да, жігіттер де түннің бір уағына дейін әнге басты. Ертесі шайдан кейін домбыраны қай жерден алып келгенін сұрадым. Сөйтсем домбыра үшін жүк машинасымен 25 шақырым жерде тұратын  шопанның үйіне барып келіпті.  Сонда барып орынсыз өтінішім үшін жерге кірердей қысылғаным есімде.  

Тағы бірде Талдықорған облысының Ақсу ауданына жіберді. Атақты ақын Ілияс Жансүгіров туған аудан. Ілекеңнің «Мен өзім тауда туып, тасында өстім, Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім. Асқарда Аршалыға қозы жайып, Бұлттың аспандағы қасында өстім» дейтін өлеңі бар ғой, дәл сол өлеңдегідей бұлтты жанынан көрдім. Ілиястың поэмасында айтылатын барлық жайлауды араладым. 

«Қазақстан коммунисі» журналында малшылардың жағдайы, жалпы ауылдағы халықтың тұрмысы, өмірі туралы шындық айтылды ма? Әлде тек жақсы жағынан көрсеттіңіздер ме?

Әрине, шындықты жазамыз. Жалған жазуға болмайды, үстіңнен арыз жазады. Кербұлақ ауданына бірнеше рет бардым. Сарыөзектен шығып, Матай тауына жүрсең, үлкен  аңғар басталады, мына жағы Түлкілі тау, Доланалы. Үлкен аудан, малы көп. Халықтың өзі жағдайы жақсарғанын ризашылықпен айтып отырады. Ақсу ауданында да малшылардың тұрмыс-тіршілігі жақсы екенін көрдік. Шопандардың жеке малы көп, совхоздың  қойы азайса, өзінікін қосып жібереді. Пысық адамның тұрмысы жақсы, бірен-саран кержалқау адамдар да бар. Талдықорғаннан 150 шақырымдай жерде бір  шопан отбасының баласы мылқау екен. Өзі де, әйелі де жас адам. «Мына баланы дәрігерге көрсеттіңдер ме? Талдықорғанға апардыңдар ма?» деп сұрадым.  «Талдықорған көрмеген жеріміз, алыс деп бара алмай жүрміз» дейді. «Әй, көрмесең баланы дәрігерге көрсетіп, барып қайтуға болады ғой» деп, өз баласының денсаулығына салғырттығына қатты ренжігенім бар.

Бас редактор Құрманбек Сағындықов қызметте қандай адам еді?

Құрекең нағыз темірдей тәртіптің адамы болатын. Өзіне де, өзгеге де талапшыл. Жұмысқа дәл уақытында келеді. Алматының «Көк базарына»   қарама-қарсы «Баспалар үйі»деп аталатын 9 қабат ғимараттамыз.  Редакциямыз 8-қабатта орналасқан. Жаздыгүні бөлмелер ысып кетеді,  қазіргідей салқындатқыш жоқ. Құрманбек ағамыздың үлкен кабинеті бар, есікті ашып қойып тапжылмай жұмыс істейді. Ол кезде жасы 70-ке келіп қалған. Аударма жасайды, баспалардан алатын ақылы рецензия деген бар, арасында соны алады.   

Ол кездегі журналистердің жалақысы қандай еді? 

Менің жалақым 150 сом болды, тоқсан сайын бір-екі рет сыйақы аламыз. Айына шамамен 200 сомнан айналады. «Жұлдызда» жалақы одан аздау екен, бірақ әдеби ортада жүру үшін баруым керек болды. Журналистік пен жазушылықты, сыншылықты қатар алып жүрдім. «Қазақстан коммунисіне» барғанға дейін мен бір-екі кітабы шыққан адаммын, әдеби ортада танылып қалған едім.

Әдебиетке қалай келдіңіз?

Мектепте оқып жүріп, «Лениншіл жас» газетіне, «Мәдениет және тұрмыс» журналына мақалаларым шыққан. Алғаш өлеңдерімді облыстық газетке  Әділбек  Абайділданов деген ақын ағамыз шығарды. Бала кезімнен білімге құштар болып, мектепті күміс медальмен бітірдім. Кішкентайымнан жыр-дастандарды, батырлар жырын жаттап өстім. Алты жыл балдақпен жүрдім. 1941 жылы наурыз айында дүниеге келдім, 2-3 айдан кейін соғыс басталып кетті. Әкем майданға аттанды. Менен үш жас үлкен ағайым бар. Бізге бас-көз болып отырған кәрі әжеміз 1943 жылы қайтыс болды. Мен 2 жастамын, ағам 5 жаста, қараусыз қалдық. Шешеміз азаннан кешке дейін егістікте, қант қызылшасын баптайды. Колхоздың жұмысы қиын әрі қатал, балаға қарауға мұршасы жоқ. Шешем таңертең кетерде терезенің алдына айран мен нан қойып кетеді. Соны ішіп алып көшеге шығып кетеміз. Үй қаңырап тұрады. Қайтып келіп үйге кірейік десек қорқамыз. Көрші үйлердің  көлеңкесіне барып ұйықтап қаламыз, кейбірі мүсіркеп тамақ береді. Сөйтіп жүріп суық тигіздім бе, белгісіз, аяғым ауырып баса алмай қалдым. Ауылда дәрігер жоқ. 3-класта сабақтан қалып қойдым. Кейін Емберген деген тәуіп шал аяғымды емдеп, жүріп кеттім. Мектепте математикаға жүйрік болдым.

Неге математик болмадыңыз?

– Әдебиетке аңсарым ауа берді. 

Кітаптарыңыздың дені тарихи дүниелер. Романдарыңыздың басты  тақырыбы, қалай жазылғаны жөнінде айтып берсеңіз. 

– Біздің Талдықорған өңірінде зерт­телмеген оқиғалар, жер-су көп. Қара­тал мен Іле өзенінің ортасында 18 әулиенің сүйегі жатыр. Мен үнемі жастарға зерттеңдер деп айтып жүремін. «Қызыл жолбарыс» атты романымда «Ақтабан шұбырынды» кезіндегі біраз тарихи дүниені жаздым. Осы кітабым мен «Абылайдың ақ туы» романымның төрт томын жазуға 18 жыл уақыт  кетті. Сол кезде 12 жыл қызмет еткен «Жұлдыз» журналынан шығып, бүкіл уақытымды осы шығармаларыма арнадым. Бұл кітаптар оңайлықпен жазылған жоқ. «Жылусыз от» романымда соғыстан кейінгі қарапайым ауыл адамдары суреттелсе, «Шың мен шыңырау» романының бас кейіпкері – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов. Замана шындығы, ондағы үлкен-кішілі қақтығыстар адамдар тағдырын билейтіні бесенеден белгілі. Бұл ел басқарған басшыға да, жер жыртып, егін еккен диқанға да қатысты. Бір кезде бүкіл Кеңес одағы бойынша дүркіреп аты шыққан ұжымшар төрағасы, өз заманының айбыны болған Нұрмолда Алдабергенов те осы өмір шындығынан тысқары қалған жоқ. Қайта оның асау арнасының қайнаған ортасында болды. «Шың мен шыңырау» атты екі томдық роман-дилогиямның сюжеттік желісі осы кісінің тағдыр-талайы негізінде құрылған, ол өмір сүрген ортадағы тартыстар мен түрлі оқиғалар кітапта молынан қамтылған. Ауыл шаруашылығы саласына оң өзгерістер енгізуді мақсат тұтқан озық ойлы адамдардың ауыр тағдыры романның негізгі сюжеттік желісін құрайды. «Жәлменде би» романымда ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, Іле мен Қаратал өңіріндегі елге басшылық жасаған атақты би мен оның баласы Пішән жайында айтылады. 

Ал «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы» деген атаулармен шыққан төрт томдық тарихи роман-эпопеям қазақ тарихындағы ең бір қасіретті, қайғылы кезеңнің бірі болған жоңғар шапқыншылығы оқиғаларына арналған. Оның ішінде Жетісу өлкесінде, әсіресе, Іле мен Қаратал өзендерінің аралығында, Қаратау бойында, Сыр жағалауында, сол кездегі қазақтың екі астанасының бірі – Ташкент қаласында болған жайлар жан-жақты суреттеледі. Романның бас кейіпкерлері Ескелді би Жылгелдіұлы, Балпық би Дербісәліұлы, Қабан жырау (Қабылиса) Асанұлы тарихта болған, Ұлы жүздің жалайыр тайпасынан шыққан адамдар. Бұлар Жетісу халқының шығыс беттегі бір бөлігіне елу жылдай басшылық жасаған, өз заманындағы тарихи оқиғалардың бәріне бастан-аяқ қатысқан тұлғалар. Романда сондай-ақ Төле би Әлібекұлына қатысты оқиғалар, Абылай ханның Сабалақ атанып жүргендегі жастық шағы, есейген кезі қамтылған. Бұл кітаптарды жазу үстінде ел аузында сақталған қыруар аңыздарды жиюмен қатар, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Мәскеу қалаларындағы архивтерді ақтарып, сан-салалы зерттеу жұмыстарын жүргіздім,  көптеген тың жаңалықтар аштым.   Осы еңбегімнің арқасы болар, 1999 жылы өзім туған Қаратал ауданының және 2009 жылы Ескелді ауданының Құрметті азаматы атандым. 2012 жылы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Абылай хан» алтын медалін иелендім.   

Қазіргі қоғамымыздағы қандай мәселелер сізді мазалайды? 

– Ең маңызды үш мәселені айтқым келеді. Оның біріншісі – латын әліпбиіне көшу. Кирилл әліпбиі негізінде кеңестік 70 жыл, одан кейінгі тәуелсіздіктің 30 жылында мәдени мұра, ауыз әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазылды. Бүгін енді халықтың түгелдей сол мәдени мұрадан айырылып қалу қаупі бар. Латынға көшсек кеңестік кезең мен одан кейінгі 30 жылда  шыққан кітаптарды жас ұрпақ қалай оқиды? Міне, бұл үлкен мәселе. Бұл жөнінде мен философия ғылымдарының докторы, профессор, Амангелді Айталының «бауырлас елдердің жағымды, жағымсыз сабақтарын сараламай, есептемей, латын әліпбиіне көшу асығыстық» деген пікірін қолдаймын.  Қазірдің өзінде қазақ тілінің болашағына сенбейтін қазақтар балаларын орыс мектебіне беріп жатыр, оларды тоқтату оңай емес. Егер латын әліпбиіне көшсек, бұл үрдіс одан сайын өршуі мүмкін. Латын әліпбиі біздің ата-бабамыздан қалған жазу емес.

Екіншісі – 12 жылдық оқу жүйесіне көшу. Қазір қай отбасына барсаң да, оң жақта отырған қыз бен сүрбойдақ жігіт бар. Ол неден? Ол осыдан 30 жыл бұрын енгізілген 11 жылдық оқу жүйесінің салдары. Жалпы 17 жастан кейін балаларды мектепте ұстауға болмайды. Сол 30-40 жастағы бойдақтар отбасылы болуды армандамайды дейсіз бе? Әрине, армандайды. Міне, бұл үлкен проблема.

Үшінші  проблема – терминдерді аудару. Халықаралық терминдерді қазақшалаудың керегі жоқ. Ал орыс тіліндегі сөз болса, оны аударуға болады. Мысалы, бұрын «творчество» деп қолдандық, кейін «шығармашылық» дедік, бұл дұрыс. Енді қазір бүкіл терминді қазақшалау керек дейтіндер шығыпты.  Әркім өзінше қазақшалайды. Мәселен, қала көшелеріндегі шетел сөздерінің қазақша аудармасын оқысаң, Оспанхан Әубәкіров пен Қалтай Мұхамеджановтың сатирасын оқымай-ақ ішек-сілең қатып күлесің. Халықаралық терминді аудару қазақ жастарының ғылымға баратын жолын жабу деген сөз. 

Тағы бір өзекті мәселе – әдебиеттегі сын жөнінде. Әдеби сын – әдебиеттің бір жанры, ол мақтау да емес, даттау да емес. Сын дегеніміз әдеби  шығарманы талдау: сюжеті дұрыс құрылған ба, образдар ашылған ба, нақты  идея бар ма, ол идеяны көрсете алған ба, нені меңзейді, осының барлығын көрсетіп жазу керек. Осыдан біраз жыл бұрын мен әдеби сынға арналған жеке басылым ашу қажеттігі туралы айтқан едім. Сол мәселе әлі өзекті.  

Менің әдеби сын мақалаларымды кезінде атақты жазушы Ғабит Мүсірепов жоғары бағалаған. 1978 жылы Жазушылар одағына мүшелікке өттім. Әнуар Әлімжанов – одақ басшысы, Дмитрий Снегин, Ғабең, Олжас бәрі отырып қабылдады. Шыққан соң Қалаубек пен Шерхан айтады: «Сен шығып кеткен соң, Ғабең: «Сын мақалаларына қарап Ұзақбай дегенді екі иығына екі кісі мінгендей жүректі, палуан біреу шығар десем, шынашақтай ғана екен ғой» деді».  «Жұлдызға» да сол сын мақалаларым үшін қызметке қабылдандым. Сол заманда КПСС Орталық Комитетінің  «Әдеби-көркем сын туралы» деген арнайы қаулысы болған. Әдебиеттегі сын жанрының дамуына бұл қаулы көп ықпал етті.   

Өзіңіз кезінде қызмет еткен «Қазақстан коммунисі» бүгінде  тәуелсіз еліміздің үнжариясына айналды. Жүз жылдық мерейтой тұсында «Ақиқат» журналындағы әріптес-ізбасарларыңызға айтар тілегіңіз. 

«Ақиқат» – саяси журнал. Шындық көп, ақиқат жалғыз. Ақиқат ешкімнен қорықпау керек. Қоғамдық-саяси журнал маңызды мәселенің барлығын батыл көтеруі керек, батыл мақалалар жариялау керек. Сіздерден ел салмақты дүниелер күтеді. 

 

Сұхбаттасқан

Дина ИМАМБАЕВА

350 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №3

16 Наурыз, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы