• Ұлттану
  • 28 Наурыз, 2021

ЖАМБЫЛДЫҢ ЖЫРШЫЛЫҚ ДАРА ӨРІСІ

Жамбылдың ақындық феноменін қапысыз зерделеуге ұмтылған әдебиет тарихының көреген білгірлері әлемдік озық дәстүрлермен сабақтасып жатқан бұл өзгешеліктің Жамбыл жырау шығар­машылығындағы бой көтеріп отыру фактілерін танытуда құнды деректерді құнттауда елеулі еңбек жасады.

Белгілі әдебиеттанушы-ғалым, жам­был­танушы Рафат Әбдіғұлов «Жам­был шығармашылығының  белгісіз беттері» («Қазақ  әдебиеті», 22.02.2013ж.) атты  мақалада жамбылтанудағы ақын­ның жыршылық өнер бағытын зерделеу, ескеру, нақтылы дерек-дәйектермен байыту фактілерінде ендігі ғылыми бағдарлар жүйесінде де ой қосып еді.

Жамбылдың жыршылық, өнерпаздық қырына қатысты  1940,1946 жылғы ақын жинақтарының жауапты шығару­шысы болған Есмағамбет Ысмайы­ловтың құнды деректер жазып алғандығын, ғалымның ҚР Мемлекеттік архиві фондысындағы көптеген мәлімет­тер Жамбыл шығармашылығын игеріп, танудағы ақтаңдақ беттер болып қалып отырғандығына назар аударады, Е.Ысмайыловтың бұлтартпайтын жазба дерегіне жүгініп ой бөліседі.

«1940 жылы әңгімелескенімізде оның білетін тарихи шежіре, ертегі  әңгімелерінің аса мол екені көрінді. Ақын қазақтың үш жүзге бөлінуі жайлы, әз Жәнібек, Асан Қайғы, Жиреншелердің әңгімелерін айтатын. Онан кейін Үйсін Төле бидің өміріне де тоқталып, Абылайдың қырғызға  жасаған жорығының қаталдығын, оны Алатаудан асырмай жорығын  тоқтатып ақылға салған Төле мен Бұқар жырау екенін, қырғыз Әтеке жырық пен Төленің арасындағы бітімді, татулықты жыр етіп сөйлейді.

Қазақтың бұрынғы ертегі, батырлар жырынан, тарихи жырлардан да оның білетіні, айтатыны көп. «Нәрікбай», «Алтай-Жапарқұл», «Алпамыс», «Ма­нас», «Зарқұм» және «Мың бір түн», «Шаһ­на­­мадан» көп ертегі, дастандар, тарихи жырлардан Өтеген, Ерназар-Бекет, Саурық, Сұраншы, т.б.

Айтыстардан Тезек-Сүйінбай, Қата­ған-Сүйінбай, Бақтыбай-Сүйінбай, Құлмамбет-Майкөт, Құлмамбет-Жамбыл, Шашубай-Жамбыл, Сүйінбай-Жамбыл, Шөженің қырғыз Бәйтік батырға барғаны, Шөже-Орынбай, Біржан-Сара, Сүйінбай-Майлықожа, т.б. қазақтың бұрын-соңды жеке ақындардың өлең, жыр толғауларынан да Жамбылдың жатқа білетіндері көп болатын».

Жамбылдың жыршылық дара өрісі қаншалықты қайран қалдырарлық төтен  құбылыс болса, осындай сұрапыл жыршылық қазақтың ауызша әдебиет тарихындағы соншалықты жоталы  айғақтардың бірі болатын. Жамбылдың өз аузынан жазылып алынған сөз қазақ арасына рухани ізгілік себуде тарихи миссия атқарған авторлық ауызша әдебиеттің төлтума, жалпыға тән және бір артықшылығын растай түседі.

«Жәкең өзі айтқандай, көңілде қалған  жұғындарды қағаздай қаттап, көмейде сақтап жүрген емес, тек кезі келгенде, орынды жерінде ғана есіне түсіретін еді. Жәкең кеше, мұнда жетпіс-сексенге келгенше айтып жүретін ұзақ дастандарын ұмытып қалғанына: «Адам қартайғанда торғай қамаса тоқтамайтын жыртық үйдей болып кетеді екен» деп өкінетін».

Жамбылдың жыршылық өнерінің кең насихатталмай, қағаберіс қалуында идеологиялық қыспақ, қысастық кәрі­ліктен де зор шықты.

«Бұл жол тек Жамбылды ғана шығар­машылық тұлға ретінде тұралатқан жоқ, бүкіл әдебиетті осы күйге түсіргені белгілі» .

Жамбылдың феномені Кеңес зама­нында ғана тұлғаланды деп көп көтеріліп сөйлегенбіз. Жүз жасаған жыр жүйрігінің ғұмыр ғибраты туралы кеңістікке шығып, кеңі­нен шолып сөйлеуге мүмкіндік туғызатын елеулі деректік, дәйектік фактілер қорының жалпы қазақ әдебиетінің тарихындағы авторлық ауызша әдебиеттің дара негіздерін ұғынып, сіңіру, таныту ауқымындағы мәні айрықша.

Жамбылдың жыраулық өнерпаздық қуаты, ақындық алымында қазақ автор­лық ауызша әдебиетінің айрықша таңба­ланып қалған төлтума сипаттары тың өрістер ашты.

Шығарманы жатқа айтудың дәстүрі адамзат тәжірибесінде атам заманнан жасап келгендігі, соның белгілі бір тарихи дәуірлерде қазақ халқының әдеби кеңістігінде «бұзылмай», «бүлінбей» сақталуы, оның тарихи-әлеуметтік алғышарттары бір мәнде айқын көрінге­німен, бір мәнде соншалықты бүркеулі, бүктеулі күйінде  әлі де аса қозғалмай,  тынып жатқандай.

Эпикалық мұраны ауызша айтып сақтаудың шығармашылық түп­бас­тауында болған, зерттеушілер атап  көрсететін жадыда сақтау инсти­туты, оның бұлтартпайтын шарт, заңды­лық­тары қазақ топырағында күні кешеге (тіпті күні бүгінге) шейін сақталып жетіп отырғандығы, XIX ғасырда даланы кезген жатжұрттықтардың тұмағын жерге түсіретін еді.

XIX ғасырдағы авторлық ауызша әдебиет өкілдері өз уақытындағы адам тұлғасы, оны қоршаған орта, қоғам ауқымында туған шығармаларында ұлттық бірегей болмысты, өзін-өзі  сақтаудың атам заманнан келе жатқан генетикалық ұлы миссиясын атқарды.

Бұл бағыттағы рухани игіліктер ұста­нымы, тарихи дәуір ауыртпалығы, жеке ақындықтың дара шығармашылық қуаты замана перзенті Жамбыл поэзиясында  айрықша таңбаланған.

Жасы тоқсанды алқымдап қалған Жамбылдың өнерпаздығына күдік туғызып, Мәскеуден арнайы «тексеруге» келген Леонид Соболевті қайран қалдыр­ған құбылыстың бірі ақынның өзінің кәрілігін ұтқыр теңеулермен образ етіп алуы болыпты. Кәрі аттың сиқымен салыстыруын  Леонид Соболев: «Толстой да мұндайды «Холстомерінде» айтқан жоқ» – депті.

Жамбыл шығармашылығында адам баласының ғұмыр жас кезеңдерін көз алдыңнан қызық-қызуымен, қымбат-қимасымен, қартайған шақтың сөніп бара жатқан қызусыз сәулесімен шалып сөйлейтін дәстүрлі сөз желісі және бір түлейді.

Жамбылдың кәрілік туралы бірнеше туындысы сақталып жетті, жазылып алынбай, ұмыт қалғандары да аз болмаса керек.

Бұл шығармаларда ғұмыр жас, кәрілік­ке қаратып айтылатын байырғы сипаттау, суреттеу  кәріліктің үлгілері жеке бас күйдегі кейпімен дамып, байиды.

Жабағыны жапсырып иегіме,

Жүргеніме, өзім де күлемін де.

Короліндей картаның қаужиыппын,

Қанша жылу болғанмен жүрегімде. 

                                         («Иісті майға»).

Бұл кезде белім бүкір, көзім бұлдыр,

Белге алып шыға алмайды тізе құрғыр.

Құлағым қаңылтырмен қапта­ғандай,

Ел сөзін естімейді қаңғыр-күңгір.

                                                   («Тауда»).

Қайран өмірдің беті қайтқан кәрілік шақтың небір аяусыз әшкереленген, сұрықсыз, қайырсыз кейпін айтуда ақындар бірін-бірі, ара-тұра «сыйымды» тұрақты үлгілерді кәдеге жаратып отыр­ғанымен, қайталамай, қай-қайдағыны тауып айтып отырған. Кейіптеудің жазба әдебиетке «бергісіз» озық үлгілері жасал­ған.

...Бұл кезде біздер қосылдық,

Қариялардың тобына.

Қандай екен кәнекей,

Көрейік деп оны да.

Талайлар жүріп тоздырған,

Қиын екен жолы да.

Жоқ екен жүрер тарауы,

Бұлтарып оң мен солына,

Кәрілік бізді қақпайлап,

Түсірді сөйтіп қолына.....

(Бұдабай Қабылұлы)

«Талайлар жүріп тоздырған қиын жол» – кәрілік.

Бұхар жырау, Шал ақын, Майлықожа, Мәделі, Абай, Жамбыл, ақындардың барлығы айтатын кәрілік. Суық, қатқыл, қайырсыз...

Орта ғасыр поэзиясында кәрілік пен жастықтың классикалық текетіресін Жүсіп ақын шендестірудің озық үлгілерінде ашатын.

...Оқтай түзу, қайыңдай тік едім мен,

Сабақтай боп иілдім де егілдім.

Құтты біліг»).

Әдебиет тарихындағы адамның ғұмыр жас кезеңдерін шола айтатын толғаулар Орта ғасырларда адамның Алла алдындағы парызы ауқымындағы исламдық ұстанымдармен құнарланды.

Бұл үрдістегі туындылар XVIII  ғасыр­да­ғы жыраулық поэзияда, XIX  ғасыр ақындығында бел алған; XV, XVI ғасырлардан жеткен жыр-толғау үлгілерінен бұл сарындағы туындыларды кездестіре бермейміз.

Жас шама жайлы толғамдар – Шал ақынның шығармашылығындағы өнімді өріс.

Дүния деген шолақ депті,

Жан кеудеге қонақ депті.

Ақырет деген бір келіп

Алып қайтар сол-ақ депті.

Ақынның дүниенің өтпелілігі, аз күнгі қызықтың алдамшы екендігі туралы уағыз айту машығы XIX  ғасыр ақындығында ғибрат, дін өнегесіндегі өлең үлгілерінің кең жайылғандығымен  сабақтастықтағы құбылыс.

Орта ғасыр ақыны Жүсіп Баласағұн жастық пен кәріліктің ақырын Хақ алдындағы тілекпен аяқтайды. Осы мазмұнның XIX  ғасырдағы қазақ ақын­ды­ғында қайта өріс табуы сол дәуірде мақсатты түрде жанданған, бой көтерген мұсылмандық ағартушылықтың ықпалымен өзектес.

Ислам ілімі, тағдыр концепциясы, оның көркем әдебиеттегі көрініс табу қисындары жас шама, өлім мен өмір іліктестігі арқауындағы туындыларда  да сақталып қалды.

XIX  ғасырдағы айтулы  ақындық тұлғаның бірі Әбубәкір Кердерінің шығармашылығына қатысты айтылған байламның тұтас сол дәуір ақындығын аша түсетін мәнін сезінеміз.

«Ол өзі аңдаған мәселені бұқараға айта берді, жаза берді: халық ұйыған дін жоралғысымен түсіндірді, қара сөзбен айтты, назым сөзбен де жырлады, өйткені, оның идеясы осы болатын. Сондықтан да, Әбубәкір:

Кемелденген халықпыз,

Құдай бір деп Құранға.

Жүрісіміз ұқсайды,

Арқада киік құланға.

Қазақ, естек, ноғай халық.

Баршасы бірдей кіреді.

Мұсылман деген ұрнаға,

Жахан сарай тарылып,

Жеріміз кірді гранға.

Жер тарылып су кетсе,

Заманымыз жарандар.

Қалмаған-ды тұманға, - деп болжам айтты.

Бұл бағыттағы өлең-жырлар теле­гей-теңіз мұхит іспетті XIX  ғасыр ақынды­ғының тұтас мазмұнында тұнған. Кейінгі кезеңдегі әдебиет тарихын зерт­теу еңбектерде қиын жылдарда қырқылып қалған діни ағартушылықтың мән-маңызы әр тараптан қорғалып, зерделеніп келеді.

Жастық – Кәрілік ғұмырбаяндық өлеңдерінің көркемдік кестесі, поэти­калық дәстүр өнегесі бағытында XIX  ғасырдағы шығармашылық тұлғалардың әрқайсысы бір төбе.

Жамбыл ақындығында XIX  ғасыр авторлық ауызша әдебиет өзгешіліктері тұнған айрықша поэтикалық нышан­дардың қарасы қалың.

«Жамбыл шығармашылығының белгісіз беттері» зерттеу-мақаласында Р.Әбдіғұлов ақынның ҚР мемлекеттік архиві қорындағы айналымға түспей жатқан шығармашылық ғұмырбаян деректеріне назар аударған. Осында Жамбыл поэзиясындағы эпикалық үрдіс, дәстүр мен жаңа сипаттар тұрғысындағы зерттеулерді ілгері оздыруға мүмкіндік беретін тың мағлұматтар да бар.

«1946 жылы ұлы жыршының 100 жылдық мерейтойының қарсаңында дайындалған құжаттарда көрсетілген шаралардың қатарында Жамбылдың прозасын жеке кітапша етіп шығару айтылған. Аталған папкадағы  «Менің өмірімнің» мәтінін ақынның шығармалар жинақтарында берілген мәтінмен салыстырғанда прозалық мәтіннің көп бөлігі қысқартылғаны көрінді: «Ол кездегі заманның бейнесі осы сияқты еді. Көрініп отырып, «көк» деп жасырынбақ ойнаған баладай.

Алпыс қасқыр аналы,

Жетпіс қасқыр балалы.

Ниеттері бәрінің,

Жиылып келіп қой қырмақ, – деген сөзді ел «жұмбақ» деп айтып жүруші еді. Алпыс аналы қасқыр да, жетпіс балалы қасқыр да адам еді. Хан, бек, датқа, билер болатын. Ел бейне бір көл бетінде толқыннан тұрған көбік тәрізді сырғып, жөңкіліп қашып жүретін. Қотыр үстіне шыққан шиқандай аш бүйірден орыс патшасы улы тырнағын салды.Онан бұрынғы қалмақ ханы, қыпшақ ханы, қоқан ханы Құдиярдың елге тиген ылаңы аз болмаған сияқты еді.

Мен жиырмаға жеткенде патша қазақ­ты түгел қаратып алды. Елді руымен, малды қара, келе үйірімен есептеу қалды. Құдайдың көкте дейтін «Лауқыл Мақбозы» жерге түсті. Барлық мал-жан дәптерге жазылып, есеп алынды. Оны ел «қарақат» деп атады», – жинақтарда осы тәріздес бірталай мәтін бөлігі қысқартылып кеткен».

Осы бір дана, даңғыл адамның ел күйін күңірене сөйлеуі жаныңды күйдіреді. Сол тұста халықтан қауқар қашып, қаңбақтай қаңғалақтап қаңғырып кеткен замандарда оны сөзбен жұбатып, сөзінен дауа дарытқан, жан демеуі болған авторлық ауызша әдебиетті туғызушылардың рухани әлеуеті, тарихи маңызы жоталана түскен. Ұлттық тұғырдан түсірмей, қазақты сақтаған қарулы күрес тактикасы да емес, ісшілдік (М.Әуезов) те емес, сөз өнерінің елдік, еркін бостандық рухымен ұласқан ұлы күші сияқты көрінеді.

Жамбыл сынды жыр жүйріктері кеңістігі шексіз қазақ даласының бар аймағында сілкініп, ежелгі, ертегідей ерлік  дәстүрлерді жырлады.

Оған көзі көрген өз уақытының  қайту­сыз сұмдықтарын қосты.Шамырқанды, ширықты.

Жамбылдың дәстүрлі эпикалық үрдісті жаңғырту өнегесі туралы айтылып келеді. Әлі де айтыла бермек. Зерттеушілер Жамбылдың «Өтеген батыр» жырының екінші, жарияланбаған нұсқасы туралы сөз қозғаған. «Бұл нұсқасының ерекшелігі – басқа нұсқаларға қарағанда, реалистік сипатының молдығында. Өтеген ерлігін суреттеуде эпикалық ұлғайта баяндаудан (поэмаға поэзияға болуы мүмкін –Қ.М.)  тән асқақтықтан гөрі, нақты  суреттеу басым. Мұнда сондай-ақ, ғажайып батырдан гөрі қарапайым пендеден ерлігі мен қажыр-қайраты, кісілігі анағұрлым жоғары тұрған жанды, реалды образ жасаудың жақсы үлгісі бар. Жыр қара сөз кіріспемен басталып, оқтын-оқтын қара сөз үлгісіндегі  қысқа баяндаулармен қайырылып отырады. Бұл өте көне әдебиетте кездесетін көркемдік әдіс болса да, жырдың реалдық сипатына нұқсан келтірмейді».

Жырдағы орыс отаршылдығына қарсылық сарын, Жамбыл туынды­ларындағы  «зарзамандық» желілер туралы зерттеуші кейінгі кезеңдегі жамбылтанудың өзекті мәселелері бағытында ой қозғаған. Жамбылдың эпикалық дастандарындағы түпмақсат сарындар,  түбегейлі көркемдік ұста­нымдар  XIX ғасырдағы ел батырлары туралы тарихи жыр-дастандардың жанрлық, даралық сипаттарын түзу актісіндегі жарқын поэтикалық негіздер есебінде танылған.

Жамбыл дастандарының жыр нұсқа­ларын тұтастықта зерттеу авторлық ауызша әдебиеттің ілгеріде Халел Досмұхамедұлы атап өтетін бір даралық сипатын  танып, сіңдіруге деректік, дәйектік мәнде елеулі септігін тигізбек.

«Халық поэзиясындағы авторлықтың үшінші түрі өз шығармасын автордың өзі хатқа түсірген немесе басқа біреу жазып алған өз шығармасын түзеткен сәтте пайда болады. Бұндай авторлықтың қазақ халық  әдебиетінде кездесетіндігі күмәнсіз, бірақ дәл қазір ондай авторлар мен шығармаларды атап айтуға нақты деректер жоқ. Кейбір мәліметтерге қарағанда бұндай авторлық  XIX ғасырдың бірінші жартысынан басталады деп жобалауға болады. Бұл қазақтың жазба әдебиетінің басталуы».

Х.Досмұхамедұлы пікірінің Жамбыл шығармашылығымен «тоғысатын» тұсы, авторлықтың, шығарушының өзі хатқа түсіруі мәніндегі мәселесі емес, Жамбыл ауызша шығарды, ауызша түзеді.  Жырау жанындағы хатшылар хатқа түсірді. Біз үшін маңыздысы – мәтінді шығарушының өз редакциясынан өткізу фактісі. Бұл тұрғыда ұлы жыршы  Жамбыл ұзақ жылдар үзбей, үдете жырлаудың үздік бір өнегесін дамытты. Байытты. Байырғы нәзира дәстүрінде болған авторлық құққа ортақтасу тәртібін өз туындысына қолданудың дерегін, өкінішке орай, әзірге бізге мұрасы дер кезінде жазылып алынып, хатқа түскен Жамбыл немесе Жамбылмен тұстас халық ақындары шығармашылығының фактісінде ғана болжаумен шектелеміз.

Жамбыл мұрасын тұтас, қазіргі ғылыми жаңа бағыттардың мүддесінде игеру нәтижелерінде XIX ғасырдағы әдеби дамудың авторлық ауызша әдебиеттің жаратылыс заңдылықтары мен ондағы төлтума сипаттарды ғылыми негіздеудің ықтимал міндеттерін «жеңілдетуге» болады.

Кейінгі жылдары Жамбылдың айтыстарына қатысты да дереккөздер молыға түсіп отыр. Құлмамбетпен айтысы қашан өткендігін, қалай өткендігін Жамбылдың өз аузынан естігенбіз деген   «көзкөрген» адамдардың деректері баспасөзде шықты.

Жамбылға қатысты деректердің бірқаншасы әлі мұрағат қорларда жатқандығына көңіл бөлінді. Басылым көргендерінің текстологиялық ауытқушылықтары көп екендігіне зер сала бастадық. Әдеби мұраның тұтас тарихындағы осыған ұқсас олқылықтардың орнын толтыруға ұмтылыс та, құлшылық та болды. Алайда мұраны игерудің әлде де күн тәртібіне қойыла қоймаған өзекті құбылыстары да қорлана түсуде. Қазіргі кездегі қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа даму бағыттары концептуалды, кешенді негізде жүргізіліп отырмағандығы өз алдына, ғылымдағы озық, оң нәтижелердің танылып, таралу өрісі тар. Ғылыми негіз білім беру үдерісіне сәйкес жүйелі тұтастықта тартылмайды, көбіне ескі тоқтамдар екпінімен баяндап, ұғындыру байқалып отырады. Осы тұрғыда әдебиет тарихындағы әрбір нақты құбылыстың зерттелу тарихы мен жаңа ғылыми міндеттерді барлап, аулап отырып байыптайтын құбылыстардың бірі – әдеби дамудағы айрықша төлтума сипаттарымен көркемдік кеңістік қалыптастырған ауызша авторлық әдебиеттің жанрлық-көркемдік ерекшеліктері мен түпбастау негіз, даму бағыттарында жеке шығармашылық тұлғаның поэтикалық әлеуетін айқындау. Сол негізде жекенің мәніндегі жалпы сипат, тұтас өзгешелікті тану, игеру.

«Жамбылдың айтыстары түгел жазылып алынды, толығымен жария­ланды деуге болмайды. Жәкең Досмағам­бетпен айтысқанда, «Арбаөткелде Құлмамбетпен бір күн, бір түн айтысты» дейді. Бұл айтысты С.Сейфуллин жазып алған (1931),  С.Керімбековтің, Ү.Кәрібаевтың айтуынан жазып алынған нұсқалары бұл көлемге жуықтамайды.

Жамбылдың Құлмамбетпен, Досма­ғамбетпен, Шашубаймен айтыс­тары баспа бетін көргенде қолжазба нұсқаларынан бірнеше жолдан ондаған жолдарға дейін қысқартылған. Аталған қолжазбадағы Жамбылдың Сарбаспен айтысы үш есе қысқартылған. Баспа бетін көрген нұсқада жалпы айтыс көлемі 1063 жол болса, қолжазба нұсқада 3170 жол. Тиісінше жинақтарда Сарбас кезегі 263 жолдан тұрса, қолжазбада 1130 жол, Жамбыл кезегі жинақтарда 795 жол болса, қолжазбада 2040 жол».Жамбыл мен Сарбас айтысына Мұхтар Әуезов үш жырдан құрылған айтыстағы айрықша бір үлгі деп қараған екен. Осы өзгешеліктің түпнегіз себеп, салдары туралы Рафат Әбдіғұлов байламдарында қазақ поэзиясындағы айтыс дәстүрінің XIX ғасырдағы жанрлық жаңғыру үрдісі, шығармашылық еркіндік заңдылығына арқа сүйеп отырып, жаңа өріс ашуымен түбірлес құбылыстар барланған.

«Жамбылдың бұл айтыстағы кезегі табиғаты, құрылымы, тақырыбы, идея­сы жағынан Сарбас кезегіне мүлде ұқсамайды. Тек мұнда ғана емес, белгілі қазақ айтыстары ішінде де Жамбылд ың бұл айтыстағы кезегі ерекше дара тұр».

Айтысқа бәйге тіккен Алматы айна­ласындағы Дулат, Шапырашты елдерінің бетке ұстар жақсылары Жамбылға Домалақ ана, Жарықшақ, одан Албан, Суан, Дулаттың тарауын айт дегеннен Жамбылдың кезегі ұзақ жырға ұласып кеткен екен. Осында Сұраншы, Саурық ерліктері де жалғасып айтылған.

«Табиғатынан зерек, шежіре ақын­ға айтыс басшыларының еріккен астамшылықпен қойған талабына Жам­был салқынқанды таза эпикалық сипаттағы жырмен жауап беріп шық­қан». Бұл нұсқаны зерттеуші қазақ айтыстарының ішінде көлемі жағынан ең үлкені, көркемдік ерекшеліктері, формасы жағынан өзгешесі деп бағалайды.

Зерттеуші кең құлаш құнарлы алқап­тағы қазіргі  көкейкесті жамбыл­тану туралы кең шолып сөйлеген. Жамбылдың дәстүрлі айтыс өнеріндегі реформаторлық еңбегі; ақын шығарма­шылығының жыраулық сипатын ай­қын тану (М.Мағауин, С.Қасқабасов), таза жыраулық мұрасын жеке жинақ етіп шығару – күн тәртібінде тұрған «ұсақ-түйек» шаруалар ғана екендігін құлаққағыс еткендей.

XIX  ғасырдағы ақындық өнердің асыл өзегі – суырып салма ауызша жырлар «ауызша баспадан» шыққан мүлде жаңа әлеуметшілдік бағыттағы ауызша «жазба» әдебиет жүздеген жылдардың салмағы түскен ауыр рухани-әлеуметтік міндетті қара нардай қайыспай ілгері тартты. Ақындар асыл сөзін елдің рухын түсірмеуіне, үмітін өшірмеуіне арнады.  Мың сан дара өрнегі көңіл қуантып, көз арбаған қуатты жаңа тұтас поэтикалық бағыт түзілді.

«Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты, автор тарихи әдеби сын деп көрсеткен Мұхтар Әуезовтің «Шолпан» журналында (1922ж.) басылған мақаласында авторлық ауызша әдебиеттің қазақ сөз өнерінің тарихындағы мәні, шығармашылық дара сипаттарының жүйелі ғылыми негізде танылу қисындары мазмұндалды. Қазақ әдебиеттану ғылымының енді-енді қаз тұра бастағандығын  ескергенде, әдебиет тарихының ендігі өзекті зерттеу бағытының бірі авторы сақталған ауызша туған әдебиет үлгілеріне қатысты болмақтығын қадап айтқан.

«Бірақ, өткен күннің әдебиетін еске түсіргенде, ескіліктен сол белгіні қалдырып кеткен адамды ойлағанда, айтылған өлең, жыр, тақпақ мәтелдердің ауыздан шыққан кезін ойлағанда, бәріміз де өткен күннің өнеріне ішімізден бас игендей боламыз, сөзі қалған кісінің атын құрметпен атағандай боламыз.

Сөзінен туатын мағынасы, ішіндегі қайратты рухы, сыртындағы кестесі мен келісімі өзін еріксіз елеткендей болады. Біз ескі әдебиетімізді сүйеміз, сүюіміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз... Құрметіміз негізсіз емес. Себебі: әдебие­тімізде өзге көп жұрттың ауызша әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр. Ауызша әдебиет бір заманда тәртіпті жазба әдебиеттің қызметін  атқарғандығы білініп отыр.

Сол міңдетін оқығандықтан,  ауызша әдебиет өз өрісін кеңейтіп әкеткенін көріп отырмыз. Сол ескі сөздің ішінде ескі қазақ өмірінің әрбір дәуірі, әрбір мезгілі және әрбір жеке-жеке суреттері де айтылған. Мұның үстіне, жазба әдебиетте классикалық шығармаларда кездесетін үлгілі мінездер, типтер ел ішіндегі айрықша топтардың өзгеше психологиясы  да дәл айтылған жерлер бар».

Қазақтың ауызша туып, ауызша тарап, ауызша сақталған, белгілі  бір тарихи дәуірлерде хатқа түсіріліп, баспа жүзін көрген авторлық ауызша әдебиет үлгілерінде адамзат тарихы, адам танымындағы әдеби шығармашылықтың айтулы рухани-көркемдік әлеуеті мығым тарихи-көркемдік мазмұнмен құнарланып, қуат жайды.

Әлемдік әдеби үдерістегі әспет­телуінде қапы жоқ ықпалды шығар­машылық бағыттардың қай-қайсысына да бара бар көркемдік кеңістік түзілген авторлық ауызша әдебиеттің қазақ әдебиетіндегі тарихи замандар түзген айқын екі жігі болды.

Қанипаш Мәдібай,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері

 

Құралай Мұхамади,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры

1053 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз