• Ұлттану
  • 28 Наурыз, 2021

ҰЛТ САПАСЫ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

журналист

Дәл бүгінгі таңда бізге – ұлт сапасы мәселесіне шұғыл түрде көңіл бөліп, ден қою керек болып отыр. Неге десеңіз, мемлекетті өрге шығаратын, биік дәрежеге жеткізетін бұл – сапалы ұлттың қалыптасуы. Сапалы ұлт деген мәселеге қандай қағидаларды жатқызамыз десек, адамгершіліктің, адамдықтың асыл қасиеттерін бойына көбірек сіңірген, өмірлік мұратын айқын білетін, ұлты үшін, ұлтының келешегі үшін аянбай тер төгетін, өз бақытынан ұлтының бақытын бөле-жара қарамайтын, адалдық шегінен аттамайтын, қай істі қолға алса да ұлт мүддесін жоғары қоятын қазақты өз арамыздан көбірек көргіміз келетінін жасыра алмаймыз. Дүниенің аумалы-төкпелі құбылыстары тоқтаусыз жүре береді. Осы тұрғыдан келгенде бізге мәңгілік мұраттар мен қазіргі құндылықтарды қалыптастыру аса маңызды түйткілге айналуда. Мұны айтып отырған себебіміз, ұлтымыздың, яғни қазақтың қазақтығы жоғалса, ұлттық сапамыз төмендесе, ұлттық намыс, рух, жігерімізді әлсіретіп алсақ, бұл құндылықтарды қалыптастыруға ұзақ-ұзақ уақыт қажет болатынын естен шығармауымыз керек.

Кешегі кеңестік заманда ұлтымыздың санасына сыналап енгізілген жалған құндылықтар, отарлауға бағытталған тұжырымдар, әртүрлі изм-дерден бастау алған теориялардың барлығы жиылып келіп ұлт ретіндегі сапамызды төмендетіп, рухани тұрғыдан күйрете соққы беріп кетті. Отаршылдық санадан арылу оңай емес екен. Ол үшін әр қазақ азаматы өзінің жігерін жанып, қайраттанып, ата-бабамыздың жолымен жүріп, кешегі дәуірлер мен ғасырларда мықты қазақ, намысты қазақ, ақыл-парасаты кемел қазақ, рухты қазақ болған нағыз «қазақ» бейнесін өз жүрегіміз бен көңілімізде қайта жаңғыртып, жоғалғанымызды тауып, өткенімізді жаңғыртуымыз керек емес пе.  Жаңғырту дегеніміздің өзі әншейін айтыла салатын сөз емес, әрине. Ол ұлт алдында тұрған үлкен жұмыс. Салмағы зіл батпан. Мысалы, Алаш арыстарының елге сіңірген еңбегі, жұртқа тигізген пайдасы, қазаққа болса деген адами-азаматтық, перзенттік тілегі қандай еді! Сол тілектің үдесінен шығу бүгінгі және келер ұрпақтың, замандастарымыздың асыл арманына айналуы керек. Ақиқатында, барлық дүние салыстырмалы дәрежеде танылады ғой. Өзімізді өзгелермен салыстырамыз, артықшылығымыз болса қуанамыз, кемшілігіміз көрініп қалса, мұңаямыз. Қайбір жылы Елбасы: «Бүгінгі уақыт қазақтың пайдасына жұмыс істеп жатыр», – деді. Әр уақыттан бізге енші болып тиер бақытты сәттеріміз көп болсын деп тілейміз ғой. Бүгінгі қазақтың маңдайындағы бақ ол – Тәуелсіздігі. Азаттыққа қол жеткізе алмай жүрген қаншама халықтар бар. Бірақ, Тәуелсіздігіміз бар екен деп тағы да тоқмейілсуге болмайды. Арқаны кеңге салып кеткен сияқтымыз. «Жау қайда деме, жау жар астында» деген ата-баба сөзін ешуақытта жадымыздан шығаруға болмайды. Егемендігіміздің қадірін біліп, тәуелсіздігіміздің туын әрдайым жоғары ұстап, өзімізге деген нық сеніммен алға жылжи беруіміз керек. Дарақылық, мақтангершілік, даңғазалық сияқты қажетсіз мінездерден тезірек арылып, іскерлікке, нақтылыққа, нәтижелілікке, жасампаздыққа ұмтылуымыз керек. Себебі осыдан талай уақыт бұрын өзіміз жиі тілге тиек етіп жүрген «жаһандану» заманы ентелеп келді. Жаһандану заманын қанша жерден мойындағымыз келмесе де, оның лебін, табиғатын сезініп жүрген жағдайдамыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында былай деп орынды атап өтті: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек. Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі».

Ойлап қарасақ, адам баласы қазір күллі адамзаттық мәнге ие болып кетті. Ұлт алдындағы мәселелерден бөлек, жаһанға тән мәселелер де алдымызға күрделі сауалдарды тартып отыр. Дүниежүзілік экосистеманың бұзылуы, ауа райының ластануы, табиғи-техногендік апаттар, климаттың жылынуы, мұздықтардың еруі, түрлі катаклизмдер, үлкенді-кішілі қақтығыстар, сын-қатерлер, т.т. әлемдік проблемалар жекелеген ұлттар мен мемлекеттерге де қатты әсер етуде. Ендігі әлем – мазасыз бір шаққа аяқ басқанын байқауымызға болады. Барлық сын-қатерлерден ұлт болып, ел болып қорғанудың жолдарын іздеуге тура келеді. Мықты мемлекеттер өзінен мықты мемлекеттермен ғана санасады. Экономика, өндіріс, білім мен ғылым, қорғаныс қабілеті, адам капиталы жағынан алып қарағанда кейіндеп қалған елдер әлемдік бәсекелестікте, теке-тіресте үлкен жетістіктерге жете алмайды. Қазіргі әлемнің сипаты, адамзат баласының бағдары түрлі мақсаттарға толы. Әр ел өз мүддесін ойлайтыны рас. Тоқтаусыз жүріп жатқан гео-саяси ойындардың соңы адамзат баласын неге әкеп соқтырарын уақыт көрсетеді. Бірақ, астамсып, өркөкіректеніп кеткен мүдделердің соңы жақсылыққа апармасы анық. Шынын айту керек, біз бүгін қарапайым адами қасиеттерге зәру болып қалдық. Аяқ астынан, тосыннан келген коронавирус пандемиясының салдары мен зардабы айтарлықтай әсер етіп отыр. Келер күнді ойлаудың, келер күнге жоба-жоспар жасаудың өзі күнделікті кішігірім қадамдармен ғана жүзеге асуда. Ең бастысы – сабырсыздыққа, асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Бүгінгі қазақ өз еңбегіне, маңдай теріне сүйеніп тіршілік кешуде. Күрделі кезең ешкімге де жеңіл тиіп жатқан жоқ. Бірақ, бүгінгі біз көріп отырған қиыншылықтар кешегі ата-бабаларымыз көріп, татқан қиыншылықтардың қасында түк те емес екені белгілі. Олар ашаршылықты да, соғысты да, түрлі нәубеттерді де көрді. Бірақ, сөйте жүріп, ұлттық ар-намысты, қазақи болмысты жоғалтпады, дәстүр-салтын сақтай білді. Тілін ұмытпады. Сондықтан да, олар қандай құрметке болса да лайық.

Ал қазақ бабамыздың бүгінгі ұрпақтары тәуелсіздігінің отыз жылдығына жетіп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарап отыр. Аманхан Әлімұлы ағамыз айтушы еді: «Құдай қаласа, жақсы ел боламыз», – деп. Иә, жақсы ел болуымыздың, іргелі де мықты мемлекетке айналуымыздың мүмкіндіктері өте көп. Ол үшін әр азаматтың санасында, көкейінде «мен елім үшін не істей аламын?» деген сөз маздап тұруы керек сияқты. Ал егер де ұлттық мүддеге адалдық таныта алмай, қара басының ғана қамын ойлап тіршілік қылатындардың қатары көбейіп кетсе, мемлекетімізді нығайту қиынға түседі. Мысалы, жемқорлықты алайық. Осы мәселе еліміздің көркейіп, дамып кетуіне айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Әзірге біз жемқорлықтың салдарымен ғана күресіп келе жатқан сияқтымыз. Оның шығу тегі қайда жатыр, себебі не деген мәселеге тереңдеп бойлап, ғылыми тұрғыдан талдап, таразалып көрген жоқпыз. Шынтуайтына келгенде, адам бойындағы жемқорлық тәрізді жағымсыз қасиеттер кейінгі ұрпақтарға да теріс жағынан үлгі болады. Жемқорлық дейтін құбылысты түбегейлі жою мүмкін болмаса да, азаматтарымыздың бойында оған деген жиіркеніштілікті, қарсы иммунитетті қалыптастыруымыз керек. Бүгінгі азаматтар, тұтас қоғам елдегі жемқорлықтың әр салаға дендеп еніп кеткенін біледі. Осы тұрғыдан алғанда жемқорлық, коррупция дейтін жағдай  – салдары ұзақ уақытқа созылатын, егемен елімізге қауіп төндіретін, ұлтымыз үшін абырой әкелмейтін, өсіп-өркендеуімізге тек зиянды жағынан ғана әсер ететін құбыжық құбылыс деп бағалауымызға болады. Жемқорлары қаптаған елдің болашағы да бұлыңғыр, күңгірт. Жемқорлық етек жайған мемлекетте бір түзу нәрсе жасау мүмкін болмайды. Ең болмағанда келер ұрпақ осы  пенделік дерттен аман-сау болса екен деп тілейміз.

Осындайда Міржақып Дулатұлының: «Біздің қазақтың оңбай тұрғаны да ар-ұят босағада қалып, өсек, өтірік төрден орын алып, халыққа бапсыз нәрселерді бірін-бірі мұқатуға қару қылып жұмсауда. Мұның түп-тамыры жаман екенін білмейді, білсе де «оғым тисін де, сынсын» деп ойлайды. Өзімен өзі жауласқан жұрт қанша көп, қанша мықты болса да азып-тозып әркімнің қолының ұшында олжа боп кететін сиқын көз көріп тұр», – деген сөздері еске түседі.

Шындығында, біз көптеген өзге­рістерді басымыздан кешкен елміз, жұртпыз. Рухани тұрғыдан кемелдендік пе, жоқ па, оны дәл қазір айту қиын. Бірақ, ізденіс үстіндеміз. Қай бағытпен жүреміз, кім боламыз, қандай азаматтық биіктікке шығамыз, ұлт ретінде өзіміздің келбетімізді қалай қалыптастырып, қандай мұрат-мақсатқа жұмыс істейміз деген сауалдар ұлтым деп өмір сүріп келе жатқан әр қазақтың көкейінде жүргені сөзсіз. Ең алдымен қазақтың бірлігі ауадай қажет. Қазақтың табиғатындағы, болмысындағы бірлік – тек қана басына күн туғанда ғана көрініс тауып жататыны қайран қалдырмай қоймайды. Неге олай? Бүгінгі қазақтардың арасында бір-бірін қадір тұта бермейтіндер де бар. Өз қадірімізді біліп, жақсылығымызға қуанып, мерейленбесек,  жанашыр болмасақ, өзгелер келіп көсегемізді көгертпейтіні тағы анық. Сондықтан, қазақтың ауызбірлігі, ынтымағы мықты болуы керек. Ұлт деңгейіне көтерілуге ерен күш қажет. Мінезді, жан-дүниемізді баптау, бізден ілгері жұрттардан үйрену де еш артықтық етпейді. Қазақтың бірлігіне көп жағдайда сызат түсіретін мәселелердің біразы – рушылдықпен, жүзшілдікпен тікелей байланысты. Ол кешегі кеңестік кезеңде «бөліп ал да, билей бер» саясаты арқылы санамызға еніп кеткен. Қазір «мен қазақпын» дейтін жастарды көргенде кеудеңді қуаныш сезімі кернейді. Дәл бүгінгі таңда рушылдықтың, жүзшілдіктің кесірінен талантты қазақтардың жолын жаппауымыз керек. Талантты болса, ұлтқа пайдасы тиетін жастар болса, алдыңғы қатарға суырылып шығуына мүмкіндік беруіміз керек. Бұл ұлтымыздың сапасына тікелей әсер ететін бірден-бір көрсеткіш. Қазақтың бойында ата-бабасынан, тегінен келе жатқан даналық қасиеттер өте көп. Ақылдан да, білімнен де кенде жұрт емеспіз. Жаңа заманның жаңа мамандықтарын, кәсіптің заманауи түрлерін игеруде қазақ жұрты ешбір елден кем қалып жатқан жоқ. Шаруаға икемді, іске алғыр, бар жаңалықты сол бойында игеріп кететін қабілетті халықпыз. Жағымсыз мінездеріміз де толып жатыр. Мұстафа Шоқай айтады: «Өз ішінде бірлігі жоқ мұратсыз ұлтты сырттағы күш, ол тіпті қандай жанашыр болса да құтқара алмайды», – дейді. Сондықтан, мұратсыз ұлт болмауымыз керек. Мұратсыз ұлт болу – қатерлі, қауіпті.

Орыс ойшылы П.Чаадаев өз ұлтына сын көзімен қарап, бойындағы міндерді былай деп таразылағаны белгілі: «Мы растем, но не созреваем; движемся вперед, но по кривой линии, то есть по такой, которая не ведет к цели. Мы подобны тем детям, которых не приучили мыслить самостоятельно; в период зрелости у них не оказывается ничего своего; все их знание – в их внешнем опыте, вся их душа – вне их. Именно таковы мы...Исторический опыт для нас не существует; поколения и века протекли без пользы для нас. Глядя на нас, можно было бы сказать, что общий закон человечества отменен по отношению к нам. Одинокие в мире, мы ничего не дали миру, ничему не научили его; мы не внесли ни одной идеи в массу идей человеческих, ничем не содействовали прогрессу человеческого разума, и все, что нам досталось от этого прогресса, мы исказили. С первой минуты нашего общественного существования мы ничего не сделали для общего блага людей; ни одна полезная мысль не родилась на бесплодной почве нашей родины; ни одна великая истина не вышла из нашей среды», – дейді.  Иә, П.Чаадаев өз ұлтының бүгіні мен болашағына қатысты қатты алаңдаушылық сезіммен жазған сөздерінен өз ұлтымызға қатысты да тағылым алуға болатындай. Себебі адамзаттық дәрежеге көтерілген ойшылардың көтерген проблемалары жер бетін мекендеген көптеген ұлттарға тән болып шығатыны айдан-анық. Абай атамыздың да «Қара сөздерінде» ұлтымыздың кемшіліктерді жіпке тізгендей айтып өткен тұжырымдары көп қой. Бірақ, олардан түйін жасап, сабақ алып жатқанымыз әлі де шамалы тәрізді.

Бүгінгі көптеген қазақ ұлт мүддесінен гөрі баюды, ал байлары құлқынның қамын көбірек ойлайтын болып кетті. «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам» деген ойдың жетегінде жүрміз. Бай болған да жақсы. Қазақ міндетті түрде бай болуы керек. Бірақ бай болғандар кедейлерге, мұқтаждарға да қарайласып қоюы керек. Әрине, тапқан-таянғанын елінің жоғын бүтіндеуге жұмсап жүрген бақуатты адамдардың барын жоққа шығармаймыз. Бірақ, солармен қатар, байлығын қызғыштай қорып, елге емес, өзіме көбірек болса деп әрекеттеніп жүргендер де арамызда жетерлік. Осының барлығы біздің бойымыздағы ұлттық санамен бірге мемлекетшілдік сананың да қалыптаспай жатқандығынан деп түсінуіміз керек. Мемлекетшілдік сана, аты айтып тұрғандай, мемлекет дейтін ұғымнан өрбіп, бастау алады. Ол әр адамның жүрегінде, көңілінде уақыт өте келе орнығады. Мысалы, мемлекетінің дамып жатқанын, өркендеп-өсіп жатқанын, халықаралық дәрежеде сыйлы, абыройлы болып келе жатқанын, белгілі бір көрсеткіштер бойынша қомақты нәтижелерге қол жеткізе бастағанын көрген кез келген саналы азамат аз ба, көп пе, мұндай игіліктерге мерейленері сөзсіз. Өзі де осы игіліктердің қатарынан көрінгісі келіп, патриоттық сана-сезімі оянады. Бұдан жасайтын тұжырым: мемлекетшілдік сана мемлекеттің жетістіктері арқылы қалыптасады. Мемлекеттің жетістіктері әрбір азаматты мемлекет үшін, ел үшін ізгі амалдар жасауға ынталандырады. Идеология дегеніміздің бір сипаты осындай сабақтастықтармен байланысты болып келеді.

Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін ашқан кезде алғы сөзінде не деп айтып еді. «Ал, алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп, қамданамыз ба? Қалмаймыз десек, қарап жатпалық. Көп ісіне көп болып жабылайық. Саңылаулы, саналы, халық азаматтары көмек етіп, күш қосып, демер деген үміт зор. Қолынан не келеді деп қорынбаңдар! Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылғандай. Көп жұмыстың ішінде ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлі келетін жұмыс алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы. Сәл демеу, зорға сүйеу болады. Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды, кірпіш зор емес, қаласаң сор үй шығады. Шөпшектеп жиып, шөмеледей үйлер істейтін құмырсқаны көрмейміз бе? Ұлық іс ұсақ істен құралып, зор болатындығын осылардан аңғаруға болады. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік» демеп пе еді.  Иә, шын мәнінде бүгінгі қазақтың да «бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ». Ұлт үшін атқарар талай шаруа бар. Бұл орайда бір ескерер мәселе – ұлт шаруасында ұсақ-түйек, үлкен-кіші дейтін нәрселер болмайды. Өз ретіне қарай бәрі де маңызды, бәрі де қажетті. Жүрдім-бардым дейтіндей емес, не істесек те, қандай қызметте жүрсек те, ұлттық мүдде үшін жұмыс істеуіміз керек. Қазақтың идеясы, қазақтың күллі шаруасы ұлт мүддесі аясында тоғысқанда ғана ұлттық болмыс-бітіміміз қалыптасады. Ал әзірге ала-құламыз. Зиялылардың арасында да бірлік мәселесі кемшін соғып тұр. Демек, ұлттық мүддеміз әлі де дұрыс айқындалмай келеді деген сөз. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай сөзі өзектілігін жойған жоқ.

Меніңше, ұлттық мүдде дұрыс қалып­тасып, ұлт сапалы болуы үшін бірнеше қағидаларды басшылыққа алуымыз керек сияқты. Біріншіден, қазақ деген іргелі жұрт екенімізді сезіне отырып, арамыздан шыққан таланттарымызды мойындай білуді үйрену. Бізде осы жағынан әлі де кемшіліктеріміз көп. Оған дәлел шын таланттарымыздың көбіне-көп өз елімізде емес, шетелдерде мойындалып, танылып жатуы. Екіншіден, қазақ арасында пендешілік мінездер азайып, ұлттық дәрежеде көрініс табатын қайраткерлік мінездердің, қайраткерлік істердің ілгерлеуіне жол ашу. Үшіншіден, ұлтшылдық керек. Ұлтшылдықтан үркудің қажеті жоқ. Ұлтшыл адам ғана ұлтын сүйеді. Жүсіпбек Аймауытов жазғандай: «Қазақтың ұлтшылдығы, үстемдігі бағындыруды көксеген, шегіне жеткен, озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық. Тұрмыс жүзінде уақ ұлттардың қалың бұқарасы теңгерілмей тұрғанда ұлтшылдық жойылмайды. Бұрынғы жалаңаш ұлтшылдық бұл күнде бұқарашылдыққа айналса, бұл бір саты, бұл табиғи жол. Қазақ капитал дәуірін аттап өтіп, тегістік тұрмысқа жетсе құба-құп», – дейді.

Ал Міржақып Дулатұлы: «Кейінгі буынның ата-бабасы бүгінгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма? Алла хұзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе? Олай болса, бір-екі жылда рахат ғұмыр бола қоймайды деп бостандықтан, теңдіктен күдер үзіп қол сілтесек, өзіміз не күйге ұшыраймыз? Кейінгі жас буынның көргені не болады? Біздің жұрт осыны ойлауы керек. Заман бұл қалыппен тұра бермейді. Әлі-ақ толқын басылады. Су сабасына түседі. Заман бір жәйлі болады. Сондықтан, осындайда әр ел өз дегеніне жетіп, өз билігін өзі алып қалмаса, ертең әркім буынын бекітіп, күшін жинап алған соң өзі шыққан тауы биік болғанын артық көреді», – дейді.

Ұлтшылдықты бізге теріс жағынан насихаттаған кеңестік жүйе болды. Кеңес билігі Алаш арыстарын ұлтшыл деп айып тақты. Ал алаш арыстарының еңбектерін оқып отырсақ, олар керісінше, ұлтының бақытты болуын ойлаған, азаттығын аңсаған. Ешбір басқа халықтарға дұшпандық танытуға шақырмаған. Олар бар болғаны шектен шыққан кеңестік биліктің іс-әрекеттеріне қарсы болған. Мұнда тұрған қандай кереғарлық бар? Ешқандай кереғарлық жоқ. Бұл орайда жазушы Федор Достоевскийдің: «...Го­воря, впрочем, о национальности, мы не разумеем под нею ту национальную исключительность, которая весьма часто противоречит интересам всего человечества. Нет, мы разумеем тут истинную национальность, которая всегда действует в интерес всех народов.Резких различий в народных задачах нет, потому что в основе каждой народности лежит общий человеческий идеал, только оттененный местными красками. Таким образом, собственные наши интересы и интересы человечества требуют, чтобы мы возвратились самым делом на почву народности...» деген сөздері ойға оралады. Ұлтыңды қорғау, ұлтыңның мұрат-мақсаттарына адал қызмет ету, сол жолда тізе қосып, бірлік, ынтымақ таныту, еліңнің, жеріңнің көркейіп, дамығанына атсалысуда тұрған ешқандай өрескелдік жоқ екені бесенеден белгілі. Шынтуайтына келгенде, егер біздің ұлтымыздың сапасы төмендеп кеткен болса, тіліміз, діліміз, дәстүр-салтымыз ұмытылып, терең тарихымыз дұрыс танылмай жатқан болса, мұның бәрі қанымыздағы, жанымыздағы, жүрегіміздегі ұлтшылдық қасиеттердің кемшін соғып жатқандығынан. Армян мен грузинді, шешенді кім ұлтшыл емес деп айта алады. Барлығының бойынан өз ұлтын шексіз сүйетіні көрініп тұрады. Және де қандай жарасымды. Ал біздің бойымызда ұлттық қасиетіміз толыққанды сезіле қоймайды. Өйткені, біз өз ұлтымызды (яғни, бір-бірімізді) жоғары деңгейде бағалай алмай келеміз. Бірақ, мұның барлығын уақытша ғана құбылыстар дер едім. Уақыт өте келе ұлтымыз да кемелденер, жағымсыз мінездерден арылар. Намысшыл, елшіл, жұртшыл болар. Қазірдің өзінде арамызда мұндай азаматтар бар, бірақ олар өте аз. Аздығы да көбірек сезіледі.

«Бірлікшілміз, ұйымшылмыз, жауын­герміз дейтіндер табыла қоймас, алты­бақандық, қазанбұзарлыққа мақстансақ, мақтанайық. Сүйтіп, ұсақтап келіп, жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл-үйдің малын ұрлауда қалды. Бұрынғы билердің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды. Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, жіті оқығандарында да көпке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы: «Ұлтым» деп оқып шыққандар халық арасына келсе, қарая бастайды. Сайып келгенде, қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанды қолы қылмайтын – тұрақсыздық, ұйымсыздық, басынан аспайтын – өзімшілдік, ездік. Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқығандар ендігі жас балаларға өздері үлгі болып, надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті. Соларға қазақтың мінездерін тастатып, айнымай, қажымай, таза жүрекпен кемшіліктерге қарсы тұрып, бірлік жібіне жармасуынан басқа не тілей аламыз» деп жазады Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақалада. Біз бекерден-бекер Алаш арыстарының сөздерін тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Себебі ұлт қайраткерлері айтып кеткен мәселелер әлі де өзекті мәнін жойған жоқ. Олардың сөздеріндегі ақыл нұры бүгінгі күнімізге де шуағын шашып, намыс отымыздың сөнбеуіне қызмет етіп тұр. Жалпы, қазақ үшін, қазақтың болашағы үшін басын бәйгеге тіккен, өздерінің асыл мұраттарын іске асыру жолында жандарын құрбан еткен Алаш арыстарының қажырлы еңбектері бүгінгі ұрпақпен де, келер ұрпақпен де мәңгі жасай береді. Ең бастысы Тәуелсіз еліміз аман болсын! Алаш қайраткерлерінің сөзінде ұлтымыздың сапасын өсіретін небір алымды, жігерлі ойлар бар. Сол айтылған, жазылған ойларды өмірімізде қолданып жүрсек, сапалы ұлтқа айналамыз. Бүгінгі қазақ азаматтарының алдында тұрған іргелі екі мәселені ерекше атап өтуге болады, бірі – тәуелсіздігімізді нығайту, екіншісі – ұлт сапасын көтеру. Ұлт сапасы көтерілмей ештеңе өнбейді, өрістемейді. Көш соңында қалғымыз келмесе, өзге жұрттарға күлкі болғымыз келмесе, намысымызға қамшы басуымыз керек. Тектіміз, мықтымыз деп құр бекер отыра беруге де болмайды. Біздің қандай екенімізді бағалайтын кейінгі келетін ұрпақтар екенін ұмытпайық. Сондықтан, ұлт алдында тұрған бүгінгі заманның барлық мәселелеріне зер салып, ұлтты сақтайтын, қорғайтын рухани-мәдени шептерді жасауға бірлесе жұмыс жасап, өз міндерімізден бірте-бірте арылуға қадам басатын кез келгендей. Ұлт сапасы мемлекет сапасының негізін қалайды. Ұлт сапасының артуы алдымыздан өркениетті жолдарды ашады. Ұлт сапасының көтерілуін бүгінгі уақыт және заман ағымы талап етіп отыр.

2040 рет

көрсетілді

92

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз