• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2021

ҰЛТ МҰРАТЫН ҰЛЫҚТАУШЫ

Дүниеге келген әрбір тұлғаның адами-азаматтық қасиеттері өскен-өнген ортасына, көрген тәліміне, алған ғибратына, үйренген өнегесіне байланысты қалыптасатыны белгілі. Бойына жиған-терген білімін, өмірлік мол тәжірибесін, қайраткерлік істерін ұлтының бақыты мен елінің бағы үшін сарп еткен тұлғалар қашанда ардақты, қашанда қастерлі. Қазақ дейтін текті жұрттың талантты азаматтары, дарынды тұлғалары қоғамдық дамудың әртүрлі кезеңдерінде суырылып алға шығып, қоғамдық істердің жаршысына айналғанын өткен тарихымыздан жақсы білеміз. Олар қай жұмысты қолға алса да, елім үшін, мемлекетім үшін деп білек сыбана кіріседі. Осындай тұлғалардың қатарына ел үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан көрнекі тұлға, халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының ардагері, қазақтың «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының төрағасы, бір сөзбен айтқанда нағыз қайраткер азамат, бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне жетіп отырған  отырған Жұмаділ-Есір Дәурен Сатыбалдыұлын жатқызар едік.

Еліміз тәуелсіздік алған тұста Кеңес одағының шекпенінен шыққан еліміз талай қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Тіпті, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан бөлек рухани дағдарыс бой көрсетті. Халқымыз түрлі ауыртпалықтарды басынан кешті. Осындай кезеңде ұлтымыздың дара перзенті Дәурен Сатыбалдыұлы қоғамдық істерге белсене араласып, елдік маңызы бар жұмыстардың бір жағынан шығысып, қазақтың ұлттық мұраттарына негізделген «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығын» құрады.

Қазақтың «Жаңғыру» ұлттық өркендеу Орталығы 1992 жылдың 11 қаңтар күні Алматы қаласында құрылды. Қазақ елінің 12 облысының нағыз отаншыл-патриоттарының қызу қолдауымен құрылтайы өтті. Орталық жайдан-жай құрыла салған жоқ. Ол 1989 жылы Алматы қалалық Мәдениет жөніндегі Комитеттің жанынан құрылған қазақтың болмысы мен мүддесі ескерілген тарихи-этнографиялық «Жерұйық» бірлестігінің идеясын толық­тыра отырып, оның мақсатын негізге алды. «Жаңғыру» – қазақ ұлтының бодандықтан біржола арылып, өз алдына еңселі ел болуын арман етті, – деп еске алады Дәурен ақсақал.

Орталықтың ресми түрде тіркелген күні – 1992 жылдың 26 ақпаны саналады. Сонымен қатар, қайраткер азамат білімі мен мол тәжірибесін сала отырып, ел игілігін арттыратын жобалардың бірі – «Егеменді мемлекеттік қалыптастырудың стандарт-моделін» дайындады. Аталған «Стандарт-модель» егеменді мемлекетті қалыптастырудың логикалық, бірден-бір қисынды жолын негіз етіп алған стратегиялық бағдарлама деуге тұрарлық. Жалпы, қазақтың «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығы мен өзіміз тілге тиек етіп отырған «Егемендік мемлекет қалыптастырудың стандарт-моделі» туралы еліміздің айтулы азаматтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, атап айтқанда Герольд Бельгер, Досмұхамед Кішібеков, Мекемтас Мырзахметұлы, Жұмабек Ашуұлы және т.б. көрнекті тұлғалар жылы пікірлерін білдірген.

«Қазақ рухының бүгінгі жағдайын мүмкіндігімше қадағалап келемін. Себебі  тәуелсіздікке қол жеткізген халықтың келешегі – Рух субстанциясына байланысты. Ел билеушілері саясат пен экономика жөнінде көп айтады. Ал негізі біз ұлттық рухты, ұлттық ерік-жігерді, ұлттық жадыны, ұлттық жасампаздықты күйттеп, соған ден қоюымыз керек» дей келіп: «Бұл тұрғыдан алғанда қазақтың «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының жұмысы қызығушылығымызды оятып, жанашырлық пен қамқорлық сезімімізді туындатып отыр» деп жазған екен Герольд Бельгер.

Ал жазушы Қалмұқан Исабай: «Тәу­елсіздік алғаннан кейін ұлттық рух бізге аса керек. Осыдан 250 жыл бұрын жоғалтып алған рухымызды қалай, қашан қайтарамыз? Дәрігерлер «әуелі сырқаттың себебін тауып алып, оны емдеуге содан кейін кірісу керек» дейді екен. Сол сияқты біз әуелі халқымыздың рухын көтеру мақсатына қол жеткізуге кірісуіміз керек. Бұл бағытта «Жаңғырудан» басқа орталықтар бізге көмектеседі деп ойламаймын. «Жаңғыру» дүниеге уақытында келген. Біз таба алмай жүрген ұлттық идеямыз осыдан тууы мүмкін» десе, Медицина ғылымының докторы, профессор Н.М.Қарсыбекова: «Қазақтың ұлттық «Жаңғыру» орталығы өз алдына игі мақсат қойып отыр. Ол мақсаты – қазақтың ұлттық құндылықтары мен жетістіктерін жаңғырту. Орталықтың шешіп отырған мәселелері уақытында қолға алынған. Сондықтан, ерекше құрмет пен назар аударуымызға өте лайық» деп атап өткен. Бұл орайда  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Дидар Төлеуіштің мына пікірі де кейіпкеріміздің атқарып отырған жұмыстарының мән-маңызын айшықтай түседі деп есептейміз: «...Бізге Американың даңғаза демократиясы да, Еуропаның сақалдан алар сөз бостандығы да, Шығыстың шынжырлаулы темір тәртібі де қажет емес. Санаңды сілкіндіретін, жаныңды нұрландыратын жаңа жүйе, сара жол қажет. Осы орайда қазақтың «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының төрағасы Дәурен Сатыбалдыұлының ұсынған «Егеменді мемлекетті қалыптастырудың стандарт-моделі немесе негізгі идеясы» нағыз ұлттық идеологиялық бағдарлама ретінде жаны қазақтың бойына қан жүгіртеді. Түбінде қарашаны қалжыратқан қиындықтан, тығырыққа тірелген шарасыздықтан елімізді осы бағдарлама алып шығады. Дәурен Сатыбалдыұлының ел арасына анкета таратып, әр ауылдың басшыларын анықтау ұсынысы менің көкейімдегіні дөп басты. Расында, қалың қауым арасында тұла бойы тың идеяларға тұнған тұлғалар толып жатыр. Соларды келелі шаруаларға кеңірек тартып, іс-әрекеттерін кәдеге жаратқанымыз жөн-ау! Қысқасы, «Стандарт-модель» тапталған рухты тірілту мақсатын көздейді. Ендеше бәріміз жұдырықтай тірлік жасауымыз керек. Байлар – қаржылай, ауызы дуалы ағайындар ақылымен дем беруге тырысайық» депті.

Тарихшы-мұрағатшы Марат Хасанаев «Жаңғыру» орталығының өмірге келуі тарихи қажеттіліктен, сұраныстан туындаған деген ой айтқан. Қазақтың соңғы үш ғасырда жоғалтқан рухани құндылықтары, тарихтағы ақтаңдақтар, әлеуметтік қайшылықтардағы ғылымның дағдарысы, халықтың 1916-1921 жылдардағы жаппай қырылуы, ашаршылық кезеңдер мен репрессиялар, міне, осылардың барлығының ақиқатын ашу, өшкенімізді тірілтіп, жоғалтқандарымызды табу – «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының ерекше мән беріп келе жатқан аса маңызды жұмыстары екенін атап өтсе, белгілі ақын Рафаэль Ниязбек ізгі ниетін: «Жаралған қызуынан от дененің, «Жаңғыру» – жылы желі көктеменің. «Жаңғыру» – самғағаның көкке сенің, «Жаңғыру» – самғағаным көкке менің» деп басталатын жыр жолдарымен жеткізіпті.

Қазақтың «Жаңғыру» ұлттық өркен­деу орталығы көп шаруалардың бірі де бірегейі бұл – Орталықтың жеке бастамашылдығымен (тіл жанашыры Асылы Османмен бірлесіп) 1997 жылы «Қазақстан Республикасының Тіл тура­лы» заңының балама нұсқасының  дайындалуы. Аталған заң жобасының кірісіпе сөзіндегі бір тұсына назар аударсақ: «Егер қазақтың тілін өз дәрежесінде, шын мәніндегі мемлекеттік мәртебесі бар тіл ретінде қабылдасақ, онда неге елдің рәміздерінің бәрін жатқызбасқа? Оны неге осы жолы Тіл заңымен бірге ресми бекітіп алмасқа? Қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде осы тұрғыдан қарайтын болсақ, онда оны игеру саласында мемлекеттік деңгейде көптеген шараларды іске асыруға тура келеді. Қазіргі кезде «қазақпын» деген қазақтардың белгілі бір бөлігі қазақ тілін ана тілі ретінде қанағаттанарлық деңгейде білмейтіні анық. Қазақ тілін меңгеру деңгейіне байланысты олардың бір бөлігі үшін қазақ тілі ана тілі ретінде өлі, жоқ тіл болса, екінші бір бөлігі үшін шалажансар болса, енді бір бөлігі үшін ол тірі, бар тіл болып саналатыны белгілі. Бұл жағдай одақ көлемінде, Ресейдің ықпалында болған халықтар сияқты қазақ халқының да осы кезге дейін маңдайына жазылған ауыр тағдыры болып келді. Мемлекеттік тілді игеруді болып жатқан үдерістердің бірі десек, онда ана тілін білмейтін қазақтар үшін тілді игеруді үдеріс ретінде өз тілін қайтарып беру немесе жаңғыру үдерісі дер едік, ал ана тілін шала білетіндер үшін сақтап қалу үдерісі дер едік» деген. Жалпы, аталған Тіл заңының жобасы 4 тараудан құралған. Онда еліміздегі тіл саясатын нәтижелі түрде жүзеге асыруға байланысты барлық мәселелер жан-жақты қарастырылғанын байқауымызға болады.

«Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығы туралы, «Стандарт-модель» хақында айтылған, жазылған пікірлер өте көп. Олардың барлығы кейіпкеріміздің жеке архивінде сақтаулы. Архив демекші, Дәурен Сатыбалдыұлы өзінің айналысқан қоғамдық жұмыстарынан сыр шертетін күнделік жүргізіп келеді. Өткен күндерінің белгісіндей болған күнделіктері сонау 1989 жылдан бастау алады. Бүгінге дейін жазылған күнделіктердің саны 200-ге жуықтапты. Мұның барлығында қайраткер тұлғаның өмірінен ғана емес, тәуелсіздігіміздің қалыптасу жолындағы шежіресінен де сыр шертетін маңызды деректер, ойлар, тұжырымдар, сөйленген сөздер, құжаттар хатталған.

Дәурен Сатыбалдыұлының ұлт мәсе­лесінің ең керекті, өзекті тұсына білек сыбана, бел шеше кірісіп кететін қасиеті – оны кешегі Алаш арыстарының салған ізімен жүріп келе жатқан қайраткер дәрежесіне көтергенін, сірә, өзі байқамаса да, тұлғаның айналасында жүрген аза­­­маттар бірден аңғаратыны сөзсіз. Кейіпкеріміздің тұла бойында тұнып тұрған мемлекетшілдік сана, мемлекетшілдік рух – ата-бабасынан берілген тектілік мінездерімен ұштасып, қоғам дамуының әр кезеңінде жаңа өріс тауып, тың күшпен, жасампаздық идеяларымен ілгерлеп келеді. Жалпы, адам баласын қоғам ісінен бейтарап қалатын яки бейтарап қала алмайтын деп екіге бөлетін болсақ, Дәурен Сатыбалдыұлының екінші топ­қа жатқызуымызға болады. Өйткені, ол қазақтың рухани-мәдени, ұлттық құндылықтардың шекарасын жан-тәнімен қорғап, сол жолда барын салып келе жатқан ардақты азамат. Жаңалыққа жаны құмар, қоғамнан, елдің өмірінен тек қана жақсылықты, әділеттілікті, ізгілікті көргісі келіп тұратын ағамыздың іс-қимылдары, қолға алған шаруалары жеке басының қамы үшін емес, ұлт қамы үшін жасалып жүргенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Қашан көрсеңіз де, елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүргені. Өз сөзімен айтқанда «Бұл өмірде бәрі де әдемі болуы керек» деген ұстаныммен өмір сүріп келеді. Осының барлығы да оның бойындағы немқұрайдылықтың жоқтығынан. Бір данышпан айтыпты ғой: «Немқұрайлардан қорқу керек» деп. Сол айтпақшы, Дәурен аға үшін ұлт, мемлекет ісінде ұсақ-түйек шаруа ешқашан болған емес. Барлығы да маңызды, барлығы да өзекті мәнге ие. Мысалы: «Өскелең ұрпақтың, жастардың мәселесіне мән бергенде, біз міндетті түрде олардың жан-дүниесіне үңіліп, психологиясына мән беруіміз керек.  Жастарды не толғандырады, не алаңдатады? Қандай мұрат-мақсатты бағдар етіп келеді?» деген мәселелер біздің назарымыздан тыс қалмауы керек» дейді. Осының өзі Дәурен Сатыбалдыұлының бойындағы адамгершілік, жанашырлық қасиеттердің молынан екенін көрсетеді. Айта берсек, Дәукеңнің ұлтты жаңғырту жолында атқарған сан-салалы жұмыстары өте көп. Сондықтан, кейбіріне ғана тоқталайық. Мысалы, 1989 жылдың аяғы мен 1990 жылдың басында қазақтың этнографиялық және ұлттық тәрбиелік мәні бар «Қыз сыны» байқауын ұйымдастыруға белсенді түрде атсалысқан. Алматыда сәтті ұйымдастырылған байқауға Қырғыз елінің қызығушылығын туғызып, келесі жылы дәл осындай байқаудың бауырлас қырғыз мемлекетінде өткізілуіне, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы 1990 жылы сол кездегі Орталықтың тегеурінді газеті «Комсомольская правда» газетінің бетінде мақаланың жарық көруіне тікелей ықпал еткен. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында «Невада-Семей» қозғалысының басы-қасында жүріп, атақты ақын, осы қозғалыстың төрағасы Олжас Сүлей­меновтың ядролық сынақтарға қарсы жасаған алғашқы шеруін ұйымдастыруға тікелей атсалысқан. Кешегі тоталитарлық жүйенің белгісіндей болған Дзержинский, Ермак ескерткіштерінің құлатылуына себепші болған. Орыс казактарының ақ патшаға қызмет еткендеріне 400 жыл толғанын Орал қаласында тойлануына қарсы саяси бағдарламасын жасап, «Азат» қозғалысының Республикалық Ереуіл Комитетінің төрағасы ретінде «Аттанайық Ақ Жайыққа!» деген ұранмен Оралға келіп, тосқауыл қойған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа үміткер ретінде сайлауға түсіп, бағын сынаған.

Елдің бүгіні мен келешегі үшін қоғамдық маңызы бар жұмыстарға белсене араласып, талай мехнат тартып, азап шегіп, басын тауға да, тасқа да ұрып, алтын уақытын қиып, ғұмырының мәуелі кезеңдерін осы жолға сарп еткен тұлғаның еңбегі, біздіңше, ескерусіз қалмауы керек. Мәселе – атақ-даңқ беруде де емес. Мәселе – осы қоғамның сыбайластық жемқорлықтан таза болуына, заң жүйесінің салтанат құруына, әділетсіз шешімдердің жолын кесуге, қарапайым азаматтар құқықтарының қорғалуына, тұрмыстың жақсаруына, барша қазақтың баспанаға қол жеткізуіне адами-азаматтық һәм қайраткерлік үлесін қосып келе жатқан Дәукең тәрізді ілуде бір тұлғалардың жанкешті еңбегі өз дәрежесінде бағалануында жатыр. Ғасырлардан бері қалыптасқан бір үрдіс бар: халықтық тұлғалар қашанда жұртшылықтың өз арасынан өсіп шығады. Ондай азаматтарды ешкім де оқытып-тоқытып, дайындамайды. Олар ұлт ісіне жүрек қалауымен келеді, сөйтіп өздері саналы түрде таңдап алған халықтық жолға өмірлерін арнап, бастарын бәйгеге тіккеннен кейін, алтын берсеңіз де, бұл жолдан тайынбайды. Иә, дүние осындай тұлғалармен жарық, осындай адамдармен сәулелі ғой. Сексен жастың сеңгіріне жетіп отырған ұлтжанды қайраткер ағамызға атқарған істерінің келешек ұрпақ бақыты үшін баянды бола беруін тілейміз

Алтай АЙТҚОЖА

 

911 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз