• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2021

ЖАМБЫЛДЫҢ ТІЛДІК МҰРАСЫ

Жұлдыз Манапбаева,
Алматы қаласы №124 жалпы білім беретін мектептің
 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жамбылдың ғасырдай ұзақ, тарихтай сырлы мол поэзиясын әр қырынан сөз еткенде, бір қыры – сол поэзияның тілі болмаққа керек. Жамбыл – ұлы ақын, дүр ақын. Жамбыл – жыршы, Жымбыл – жырау. Оның ұлылығының бірегей болмаса да, бір сыры – тілінде жатыр. Жамбыл заманамен аяғын қаншама тең басып, қоғам қожасы – халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтағанмен, сол ниетін тарқатып берер әсем тілі болмаса, мұншама шырқау биікке көтеріліп, ақындар ақыны аталмас еді. Көңілге ойы қонса да, тілі ұяламас еді. Ал тілі жүрекке жылы тимеген поэзия миллиондар талғамынан Жамбылша шық­пас еді.

Жамбыл шығармаларының тілін та­нып-талдау жеңіл іс емес. Өйткені бұл – осы қаламгердің тал бойына тән сөз асылын, ғылыми тілмей айтқанда, ақындық шеберлігін, стилін зерттеп қана қою емес. Бұл – ең алдымен Жамбыл ақындығының түп-төркіні – қазақтың сан ғасырлық ұлан-ғайыр халық поэзиясының тілін танып-білу, ақтара таныстыру дегенді қажет етеді. Күні бүгінге дейін Жамбыл ақынның тілі дегенді қомақты түрде қарбытып зерттей алмай келеміз. Жамбыл шығармашылығындағы тілін әдейі, арнайы азды-көпті сөз еткен Е.Смайылов, Б.Кенжебаев, М.Балақаев, М. Базарбаев, М.Жақыпбеков, М.Хасенов сияқты зерттеушілердің жұмыстарына тоқтамай, олардың Жамбыл тіліне, шығармашылығына талдауларын басшы­лыққа аларымыз сөзсіз.

Әлемдік өркениеттің қалыптасуы мен дамуына ден қойсақ – зиялы қауымдарға ортақ азаматтық мұрат пен міндеттер бар. Жамбыл шығармашылығындағы ұлттық-тәлімдік мәселелерге ден қойған тұста – әлеуметтік-қоғамдық жайлар, адамдық-имандық, мәдени-рухани әлем иірімдері көз қуантып, көңіл өсіреді, жүректі тербейді.

Осы орайда, алдымен айтарымыз – Жамбыл шығармашылығы бірыңғай поэзиялық мұра – арнау-өлеңдерден, айтыс-дастандардан, жыр-толғаулардан тұрады. Өз кезеңінің уақыты талап еткен өлең арнауларынан, жалпы шығармашылығынан парасат пен саясаттың бедер-беті бары да анық. Бірақ, парасатты поэзия саясаттан үстем тұрғанын әркім-ақ таниды...

Ендігі негізгі тақырыпқа оралайық. Он бес жаста жазған «Шағым» атты өлеңінен өмір, уақыт шындықтары тереңінен танылады. Діни оқу сипаты, молдалар мұраты жас шәкірттің қарсылығын туғызады. Діни оқу барысындағы молданың іс-әрекетін:

Шып-шып етіп молданың

Қолындағы тобылғы,

Қозғалтпайды жонымды,

Талай дүре соғылды.

Торсылдатып танадай,

Жыртар болды тонымды.

Тілің ащы бала деп,

Қайнатты әбден сорымды, – десе, келесі кезекте әлгі молданың түпкі ойын, теріс мінез-мұратын былай білдірген:

Оқымаймын молладан

Не оқытпақшы ол маған?

Бала келсе сабаққа,

Жем дәметкен дорбадан.

Ақ сәлдесін төңкеріп,

Көзін жұмып теңселіп,

Күн ұзынға боздаған.

Жас Жамбылдың әкесіне қаратып:

Оқығанша мен одан,

Домбыраны қолға алам,

Өлең кірген түсіне,

Жөргегінде мен болам, – деп үн қатуынан сөз өнеріне біржола бет бұруы танылады. Өлеңнен молда мұраты мен сөзіне қарсылық, сатиралық элементтерден (әжуа-мысқыл, т.т.) кезең белгілері көрінеді. Демек, Жамбылдың өзі айтқандай: «Мол­даның таяғынан осылай құтылдым» деуінде шындық бар.

Өлеңдегі негізгі түйін: қоғамның басты байлығы – еркіндік, тәлім-тәрбиеге кең өріс секілді үлгі-өнегелік қырлары бүгінгі күн талаптарымен үндесіп те асқақтап та тұр.

Жамбыл шығармашылығында арнау өлеңдер көптеп кездеседі. Олар тақырып, көлем-мазмұн жағынан әр алуан болып келгенімен адами-имандық мәселелерді, ұлттық-тәлімдік тақырыптарды, дүниетаным иірімдерін танып-түстеуде көп көмек етеді. Айталық, аталас ағасы Сарыбасқа арнаған өлеңінен сөз сырын, сынын түсінетіні көрінеді. Шығармада Жамбылдың өлең-өнерге беталысы, өмір-дәуреннің, адам баласының алуан қырлары, артық-кем тұстары таразыға түседі. Өмір мұраты, адам бедері былай берілген:

Жаманның көңілі көкте, жерде басы,

Алыс қой аңғарғанға екі арасы.

Жақсының өзі кіші, ойы биік,

Бірдей ме екеуінің мәртебесі?

Өлеңде өмір бедері, адам суреті бар. Ол суретке сырттай қызықтап емес, керісінше көз тоқтатып, көркем шығармаға қойылар талап-тілек тұрғысынан қарасақ, өлең – өнердің белгі-бедері, адам-қонақтың құпия сырлары, ең негізгісі жақсы-жаман арасы, дүниетаным иірімдері жарқырай көрінер еді. Өлең-өнер құпиясы, өмір шындығы да осында.

«Сараң бай мен жомарт кедей» атты өлеңінде өмір, кезең көріністері, адамның асыл да жағымсыз қасиет, белгілері бедерлі берілген:

Малы көп бай жылайды қар жауғанда,

Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.

Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,

Әйелі толы шелек сүт сауғанға.

Өлең мұраты айқын. Ол бай мен кедей арақатынасын ашу. Мектеп оқушылары да өлеңді оқығанда бірден байыбына барары сөзсіз. Мал-дүниенің бай үшін «қымбат та мәңгілік мұра» екендігін көрсету. Керісінше, кедейдің жомарт жүрегін, барға қанағат көңілін көрсету нақты, көркем берілген. Осы көрініс-суреттер арқылы уақыттың таңба-салмағын, ең бастысы халқымыздың ерекшелік белгілерін, адам әлеміндегі өзгеріс-құбылыстары қаз-қалпында, бейнелі жеткізіледі.

Осы тақырып – «Әділдік керек халыққа» деген шығарма арқылы табиғи жалғасын табады. Ұзынағаш базарында халыққа сес көрсете келген Қисыбай болыс төңірегіндегі би-төрелерге Жамбыл халық атынан сөз арнайды. Ел өмірі, тұрмысы, дәстүр-өнегелерінен танымдық-тәрбиелік мән-маңызы жоғары сыр толғайды. Кедейлерге теңдік керектігін, салық салмағының қарапайым халыққа қасірет әкелгенмен бірдей екендігін бүкпесіз жеткізеді. Өз кезегінде бай-болыс, төре-төлеңгіттер бейнесі мен кәсібін былай суреттейді:

...Болыс елді аралап,

Жарлыны шауып жаралап.

Көзін жойып жарлының,

Ас берсе бай саралап.

Айтқандары өтірік –

Ұлыққа кім бар сенетін

Сыздауық жара секілді

Денені сыздап керетін.

Өлеңде өмір шындығы, адам орны, іс-әрекеттері бар. Ақын сонымен қатар тиісті қоғамдағы «жоғары басқыш өкілдері» – «хан-төрелердің алдайтынын, би-болыстар арбайтынын, тамақ-параға сатылатынын да айтады.

Өлеңдегі ой-түйіндердің жыраулар поэзиясы үлгісімен кең өріс алуы ұлттық-тәлімдік тұрғыдан мәнді:

... Асқар тау ғаріп емес пе?

Айдынды көлі болмаса.

Ер жігіт ғаріп емес пе?

Белгілі елі болмаса.

Ел де ғаріп емес пе?

Белгілі белге қонбаса.

Абайға арналған жұбату өлеңі – «Жалғызбын деп жүрмесін» деп аталады. Әбдірахман өлімінің қалың көппен бірге Абайға аса ауыр екенін сезінген Жамбыл осы өлеңін арнаған. Көлемі 12 жолдан тұратын туындыдан – қазаға қайраттылық көрсету керектігі танылады. Өлең-өнердің қос жүйрігінің қатар соққан жүрек лүпілі, көңіл толқыны да айқын аңғарылады:

Сәлем айт барсаң Абайға,

Кеңесі кеткен талайға.

Ауруды жеңген қара жер,

Сабырлы болсын қалай да!

Бір жұтқан судай дүниесін,

Ащысын тастап күймесін.

Жапанға біткен бәйтерек,

Жалғызбын деп жүрмесін.

Кемелге келген асыл-ай,

Тасқынды тәңір басуы-ай!

Нар көтерген ауырға,

Арқасын тоссын жасымай.

Бұдан басқа «Тоқтағұлға», «Жаныс ақынға», «Сырттанға» сынды арнау өлеңдерде ақиқат жолы, өмір өрімі өрнекті үлгіде өріс алса, керісінше «Абышқа», «Есенәлі мешкейге», «Мөңке туралы», «Тілеміске», «Шалтабайға», «Сәт сайла­нарда», т.т. ел үстінен күн көріп, айла-амалмен ар-намысты таптағандарға халық қарсылығын, уақыттық талап-міндеттерін нақты, жүйелі жеткізеді. Ел ардағына айналған таныс тұлғалар еңбек, ортасына сай суреттелсе, бір күнгі табыс-тамағына көңіл өсіріп, жалғанды жалпағынан басқандар отты өлеңнің жалынына шарпылады, сын садағының ұлы жебесіне ілінеді, уақыттың құрбанына айналып, құлдық кейпіне енеді. Ар айнасының таразысына түседі...

Аталған туындыларға халық өмірі, адам мен оның іс-әрекеттері, ұлттық-тәлімдік мәселелер,т.т. белгілері тән. Жамбыл шығармашылығында бұл тақырыптар жүрек тербеністерімен, өмір тәжірибелерімен, уақыт шындықтарымен қатар беріледі. Егемен елдің ертеңіне үлкен үмітпен қараған бүгінгі ұрпақ үшін бұл тақырыптар дерек көзі, рухани олжа ретінде мәні зор.

Ақын шығармашылығында өмір, уақыт шындықтарына суарылған дидактикалық сипат та, ұлттық-тәлімдік мәселелер де, қанатты сөз бен ұтымды ойлар да кең орын алған. Оқып көрелік:

Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,

Көп жылқы тең елмейді бір тұлпарға,

Жақсының әрқашан да жөні бөлек,

Жаман адам жарамас бір қымтарға.

Адал туған ұлдарым,

Сендерге көз, құлағым,

Ағат баспа бір қадам.

Адамдықты айт, ерлікті айт,                                                батырлықты айт,

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Жоғарыдағы нақыл сөздердің саны баршылық. Оқып, танысқан даналық ой, қанатты сөз, ұлттық-тәлімдік мән-маңызы жоғары тақырып, мәселелер өмірден өрбіген, уақыт шындығына суарылған әрі көңілді тербеп, жүректі қозғаған шымыр, өткір өлеңнің өрнекті үлгі-нұсқалары. Ақынның өмір тәжірибелерінен, талант қуатынан нәр  алған мұндай ұтымды ой, шымыр шумақ, тіркестерін арнайы бағдарламада, оқу ісінде, тәлім-тәрбиелік жұмыстарда кеңінен пайдалануға әбден болады.

Бұларды білу, үлгі-өнегелік қырларынан мұрат тұту – баршамыз үшін мәнді.

Жыр жүйрігінің шығармашылығын айқындай түсетін қыры – Жамбыл айтыпты деген даналық нақыл сөздер, әзіл-әжуа тақырыбындағы ұтымды ой қанатты тіркестер деп білеміз. Айталық Жамбылдың әдеби хатшыларының бірі – Ғ.Орманов саятшылдық сапардан олжасыз оралыпты. Сонда Жамбылдың айтқаны:

Кекілік ұшып дүр етті,

Ғали шошып дір етті.

Атқаны бір сауысқан,

Оқтың бәрін тауысқан.

Осындай әдемі сөздар арқылы өз достарымен әзілдері жарасып отырған. Әрбір сөзі өткір әрі шыншыл тұстары өлең жолдарынан айқын көрінеді. Жамбылдың жеткен шағын көлемді көрініс-құбылыстардан ұтымды ой орамдарын, мезгіл әуендерін, ең негізгісі адамдық-танымдық, тәлім-тәрбиелік мұрат міндеттер терең танылады.

Адамтану тақырыбын меңгеруде мұның да берері көп.

Негізінен алғанда, Жамбыл шығар­машы­лығындағы ұлттық-танымдық мәселелер уақыттың талап-тілектерімен телқабыс астасып жатыр. Жергілікті бай-болыс бюрократтардың «жатып-атар» іскерліктері, қарапайым халықтың әлеуметтік-кәсіптік жағдайларының төмендігі, қоғамдық татулық пен тұрақтылық, адам мен оның асыл, жағымсыз қасиеттері, т.т. өлең-жыр, дастан, толғау түрінде кең көлемде жырланады. Жыр жүйрігінің қайсібір тақырыптағы шығармасын алмайық, ұлттың ар-ожданы атынан қалың көптің мүддесін көздегені, қоғам, уақыт шындықтарына көзқарас білдіретіні, адам мен оның еңбегін ардақтайтынын, материалдық-әлеуметтік жағдайлар сырына селқос қарамағаны терең танылады. Халық өмірі мен мүддесін қорғау, әлеуметтік-рухани мұраттарын сөз етуі – қашан да қымбат, кәделі іс. Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы кең көлемде аталып өтіп жатқаны ішімізді қуантады. Жас ұрпаққа ұлы ақынның шығармаларын насихаттау және оны дәріптеу әрбір болашағын ойлаған елдің міндеті деп білеміз. Жамбыл шығармашылығындағы ой мен сөз үйлесімінің кейбір үлгі, өрнектері осындай.

 

4093 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз