• Тарих толқынында
  • 28 Сәуір, 2021

ӘЛМЕРЕКТІҢ КӨРЕГЕНДІГІ

Жексен Алпартегі, 
журналист

Қазақ тарихында батыр, би, абыз және әулие-көріпкел деген атымен әйгілі Әлмерек Жаншықұлы жөнінде ел аузындағы әңгімелер күні бүгінге дейін айтылып келеді. 1658 жылы дүниеге келген Әлмерек Жоңғар шапқыншылығы кезінде қолбасы болып, талай айқасқа түссе, жаудың  небір батырларымен жекпе-жекке сан мәрте шығып, абыройын асқақтатқан.  Соның ішінде қалмақтың ең атақты батыры, қолбасы Шонжымен жекпе-жекке шығып, оны жеңгені бір бөлек әңгіме. Ғұмырының 60 жылын ат    үстінде өткізіп, қазақ-қалмақ соғысының қан майданының ортасында жүрген. Жауға қарсы жекпе-жекке шыққан талай ержүрек батырларымызға ақ  батасын беріп, ұрыс майданына жіберген. Солардың ішінде Ханкелді, Малай, Бақай, Райымбек сияқты даңқты батырлар болыпты. Ел басына төнген қиын соғыста Әз Тәуке мен Төле би, Әйтеке және Қазыбек билермен жолығып,   «Үш жүздің бірлігі ошақтың үш аяғындай нық болса, бізді ешбір жау ала   алмайды» деп, халықтың тұтастығы мен бірлігін нығайтуда өзіндік үлесін де қосқан. Сұрапыл соғысқа Әлмеректің балалары да тегіс қатысып, «жау   келді, жау шапты» заманында  Жәнібек пен Құрман, Қаракісі және басқа    ұлдары  ерекше көзге түсіп,  дұшпанның бетін қайтаруға ерен үлес қосқан екен. 1754 жылы 96 жасында қайтыс болған Әлмеректің ерлігі мен билігі және  әулиелігі жөнінде  ел аузында әңгіме аз айтылмайды.  Батыр баба дүниеден  өткеніне үш жарым ғасыр өтсе де оның батырлығынан бөлек көрегендігі мен әулиелігінде  бір  шындықтың барын ешкім жоққа шығармайды. Сондай-ақ абыздың артында даналық сөздері, өнегелі де тәрбиелік өсиеттері  қалған. Бұл да Әлмеректің ерекше қасиетінен болса керек. 

Әлмеректің кіндігінен тараған Құр­ман, Жәнібек, Баба, Қаракісі, Тоқан, Еділ, Жайық, Жұмықтан тараған ұрпақтар бұл күнде өсіп-өніп, бір-бір рулы ел  болды. Осылардың ішінде әлі де қыз алыспайтыны кездеседі. Бір жылдары Әлмерек балаларының ең үлкен бесеуі – Жәнібек, Құрман, Баба, Тоқан және Қаракісіні шақырып, «нәзір беріңдер» деп бұйырып, олардың үйлеріне түсіп болашақтарын  болжапты. «Әке балаға сыншы» демекші,  Әлмерек бірінші болып Жәнібекке барғанда баласы бір ат сойып, ауыл  үлкендері мен әке-шешесін шақырып, құдайы берген екен. Жәнібектің   ниетіне   риза болған әке: «Балам, ат – жауға мінер қанат. Тұқымыңнан  ел қорғаны болар ерлер  көп шығады. Мен түсімде сені тұлпар мініп, ту ұстаған  қалпыңда  көрдім. «Жәнібексіз жау жеңілмес» деген ұмытылмас сөз қалар. Бірақ, жаумен жағаласып жүргенде Құдайдың алары да, ажалынан бұрын  адамнан өлері де болады» деген. Әлмеректің бұл болжамы Жәнібектен бастап,  Бәйсейіт, Пұсырман,  Солтанқұл,  Тазабек, Әубәкір және  Жақыпбердіге дейін жалғасып, ажалы  дұшпандарынан келген. Жәнібек  қалмақпен болған соғыста өліп, ажалы жаудың улы жебесінен болса,  басқалары қастандықтың салдарынан өмірден өткен  деседі көнекөз қариялар. Бірі орыстан, енді бірі қытайдан  болған. Ал  олардың ерліктері  тарихта қалғаны рас.

Әлмерек бұдан кейін Құрманның үйіне келгенде  бидайдан көже тәріздес ас дайындап жатқанының үстінен түсіпті. 

– Құрманыма  құт қонғалы тұр екен. Дау шешер шешендер сенен шығып, «Құрмансыз дау шешілмес» деген сөз айтылар. Көптен  небір мықтылар шығады. Жауды алған батыр да, дау алған би де тұқымыңнан үзілмейді, – депті. Жоңғар шапқыншылығы  кезінде Құрман да  қол бастап жауға шапқан. Дұшпанның жойқын шабуылында Құрманның қорғанысы мықты да берік болғандықтан жау өте алмапты. Дұшпанның аузында «Қабырға өтпес қара Құрман» деген  сөз осыдан  қалған деген әңгіме бар. Құрманның баласы Қара Райымбек батырдың оққағары болып, батырды жаудың қоян-қолтық айқасынан қорғап жүріпті. Көкпек жазығында  қалмақпен болған  қырғын соғыста батырды қорғап жүріп шейіт болған.  Мерт болған Қараны қалың сарбаз  қолдан-қолға өткізіп, Сөгеті тауының күншығысындағы Бартоғай су қоймасына барар жолдың астыңғы жағына жерлеген. Кейін  басына күмбез тұрғызған. Мұндай ерлік Құрманның немере, шөбересінде жалғасқан. 

Ел мен жер  дауына да Құрманнан шыққан  шешендер аз түспепті.  Солар­дың бірі Құрманның Орынтайының  баласы Түменбай  албан мен қырғыздың бұғысына билік  жүргізіп, неше бір даулы  мәселелерге төрелік айтыпты. Оның есімі Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде  кездессе,  Ұлы жүздің билері  патшалық Ресейге мойынсұнғанда солардың бірі болып Түменбай да қол қойған. Биліктен басқа елге қамқор әрі жомарттығымен,  мырзалығымен танылғандары бар.  Түменбай бидің баласы Алпар да ел есінде қалған.  Бір деректе аты алты Алашқа кеткен  белгілі ақын Бақтыбай Жолбарысұлы  Алпардың үйіне түсіп, біраз күн қонақ болған екен. Оның мырзалығы мен жомарттығын көзі көріп,  риза болыпты. «Мен барамын Алпарға, Алпар жатыр шалқарда. Алпарды айтпай, кімді айтам, Ақ түйе берген сұңқарға» деген өлең қалдырып аттаныпты.  Алпардың   мырзалығы жөнінде әкем Сағымбек  те айтып отыратын. «Бір жылдары бір  кемпір  өзі сауып отырған  ешкісінен  бір қарын май алып, Алпарға сыйға тартыпты. Кемпірдің жағдайын сұрап, әкелген сыйына   ризашылық білдіріпті де, басына үй, сауынға сиыр беріп қайтарыпты. Енді бірде  бір кісі жазды күні неше түрлі көбелекті жіпке тізіп тарту еткен екен. Көптің ойына келе бермейтін тартуға мырза шын  пейіл  танытқан. Иығына шапан жауып, ат мінгізіп қайтарыпты.  Көбелек демекші, бұдан төрт-бес жыл бұрын «Экспресс К» басылымының бір санында  патшалық Ресейдің отарлау кезіндегі   экспедициясы Жетісу  жерін аралап, барлық табиғатты, жан-жануарлар мен жәндіктерді зерттеп, қағазға түсіргені жазылғанын  оқыған едік. Сонда көбелектің түр-түрін жинағаны жазылған. Міне осы экспедиция Алпардың ауылында болуы әбден ықтимал. Соны көрген әлгі адам Алпардың мырзалығы мен жомарттығын сынамақ болып істеуі де мүмкін деген ой келді бізге. Сонымен қатар  кең пейіліне қарай  балалары көп болыпты. Белгілі ақын Көдек Байшығанұлы  Албандар туралы жазған толғауында мынадай  жолдар кездеседі: «Айттағы Сайын бөлек, Құрманда Алпар, Бұларды туа қызыр  шалып өткен» деуі бекер болмағаны.   Алпардың  ұлдың ішіндегі ең үлкені Саурық елін, жерін  қалмақтан қорғап, батырлығымен елдің есінде қалса, оның ерлігі   Жетісу мен Шығыс Түркістанға танылып құрметтелді және патшалық Ресейдің отарлау саясатына  қарсы тұрған күрескер ретінде аты тарихта қалған.  Саурық батырмен бірге туған Сәске, Іліпбай және Шалтабай да ағасымен қатар жүрген.  Саурық батырдан туған  Ұзақ  1916 жылғы Қарқарадағы Албан көтерілісінің басшысы ретінде танымал болғаны белгілі. Бұдан басқа Құрманның танымал тұлғаларының төрінде  Елікбайдан шыққан  атақты күйші Қожеке Назарұлы және баласы Рақыш,  Киікбайдың ұрпақтары  білімпаз Кәрібоз Қаңтарұлы мен Байпақ, оның немересі   әлемге танымал  академик Карл Байпақовтың есімі қашанда ардақты. Сонымен қатар көрнекті  жазушы  Бердібек Соқпақбаевтың  есімі ел тарихында үлкен орын алады. Осыған қарап әулие Әлмеректің бұдан үш ғасыр бұрын Құрманға айтқан болжамы   дәл келгендігіне  негіз барын аңғару қиын емес. 

Әлмерек үшінші баласы Бабаның үйіне барғанда қой сойып дайындалып, қарсы алыпты.  Мұны көрген әке: «Қой – төрт түліктің берекесі, тұқымынан мың-мыңдап  қой айдайтын  байлар үзілмес. Саба қорымы  сенде қалатындай» деп ниет білдіріпті. Әкенің  сол айтқан болжамы бірнеше ғасырға жалғасып, ол да  кейін  шындыққа айналғаны    атақты ақындар Жамбыл мен Құланаяқ Құлманбеттің айтысына арқау болған. Оны Құлманбет тілге тиек еткен.

Жеті мың қой қорада шулап жатыр,

Бес мың құлын желіде тулап жатыр.

Он түйеге көшкенде  жамбы артады,

Әдекеңнің  тіккені жібек шатыр, – деп жырына қосқан.    

Әлмерек  Тоқанның үйіне кіргенде  шай қойып, май тоқаш пісірген дастар­қанның үстінен түсіпті. Дәмнен ауыз тиген әке: «Нан – қасиетті ас, тұқымың еңбекшіл, турашыл, момындау келеді, ішінара оқымыстылар да, молда, сопылар сенен шығады деп, бесінші ұлы Қаракісіден хабар күтіпті. Еш хабар жоқ болғандықтан   бәйбішесі екеуі Қаракісінің үйіне келсе, баласы  құдайы нәзір беруді ұмытып, отынға кетіпті. Отыннан кеш оралған   баласының еренсіз қылығына  әкесі күліп: «Сенің тұқымыңнан үйші, ағаштың қыр-сырын меңгергендер көп шығатындай. Дастарқан дәулеті ағаларыңа жетіңкіремес» деп үйіне қонған екен. Түнде Әлмерек түс көріп, түсінде үй босағасына бозторғай ұялап, жұмыртқалағанын көреді. «Жақсы түс – жарым ырыс» екенін түсініпті. Ертесінде бәйбішесіне  түсін айтып,   ұрпағы көп болатынының нышаны екеніне жорыпты. Балаларының берген құдайы нәзіріне  риза болған Әлмерек  шүкірлік етіп, Қаракісінің  үйінде біраз күн болады. Бәйбішесінен бес ұл көрсе, екінші әйелі Ырыстыдан Еділ, Жайық және Жұмық деген балалары дүниеге келіп,  түсінің шындыққа айналғанына тәубе депті. Әлмерек қартайған шағының  соңғы жылдарын Қаракісінің үйінде өткізіп, ұрпақтарының бірлігі мен татулығын, ынтымағын  сақтауды  үйретеді. Осыдан кейін  ел-жұрт Қаракісінің  үйін  «Әлмеректің қара шаңырағы» деп атап кеткен. Сол  уақыттан бері қарай Әлмеректің  сегіз   баласынан тараған ұрпақ  Алматы облысының Кеген, Шелек, Талғар,  Еңбекшіқазақ, Райымбек, Ұйғыр аудандарында және Қытайдың Іле қазақ  облысында, Моңғолияда қанатын кеңге жайған. Көнекөздер Жәнібек ауылын «батыр ата ауылы» десе, Құрманның әулетін «қабырға жетпес», Бабаны «бай ата», Тоқанды «момын ата», Қаракісі әулетінен тарайтындарды «үлкен ата ауылы» деп атаған. Бұл Әлмерек атаға деген құрмет ретінде    күні бүгінге дейін сақталып келуі де бір ғанибет. Және де мұны  тектіліктің белгісі деп айтуға негіз бар. Сондай-ақ, ел аузында Әлмерек айтқан «Жәнібексіз жау жеңілмес, Құрмансыз дау шешілмес», «Қыдыр қонған Құрманым көлдей болар, Бұла өскен бір ұл, Тоқан елге тоқтау болар» деген мақал-тәмсіл ғасырдан-ғасырға жалғасқаны тағы бар. Абыз атамыз өмірлік танымға сай келетін және тәрбиелік мәнін жоғалтпайтын  өнегелі сөзді көп  қалдырған. Ел ішінде айтылып жүрген төмендегі сөздер соған куә. 

Әлмерек абыздың айтқандары: «Қазымыр болсаң ұлың кетеді, қытымыр болсаң қызың кетеді. Сиымсыз болсаң келін кетеді, тынымсыз болсаң серігің кетеді. Қатал болсаң  жұртың кетеді, сұраншақ болсаң ұятың кетеді. Ақылсыз болсаң бауырың кетеді. Ақымақ болсаң ауылың кетеді. Аз нәрседен көңілің кетеді. Мұратқа мініп түзеткен жетеді. Міне осы тәлімді есте сақтасаң мұратқа жетесің». «Ұлдың жақсы болғаны – өмір ізі, ұлың жаман болғаны – көңіл сызы. Келін жақсы болғаны – келген дәулет, келін жаман болғаны – бітпес бейнет. Қыздың жақсы болғаны – нұры тамғаны, қыздың жаман болғаны – қырсық шалғаны».

1487 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз