• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2021

ЭКОНОМИКА ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРГЕ НЕГІЗДЕЛУІ КЕРЕК

Ғалым Мүсіров,
экономика ғылымының кандидаты, 
қауымдастырылған профессор,
Баишев университеті

 

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіруіміз керек. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай, һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға  кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» – дейді [1, 32б]. Оның бұл ойына түрткі болып отырған басты себептер – сол кездегі қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағынан артта қалуы, болашақ қазақ ұлтын дербес, тәуелсіз тұрғыдан дамыту еді.

Ұстаздың бұл ұлағатты сөзі бүгінгі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Бұл ғибраттан заман талабына сай өмір сүре білетін іскер адамға (кәсіпкер) қажетті үш дана қағида туындайды, олар, білімді болу, бай болу және күшті болу. Қазіргі жастарымыз осы үш қағиданы өздерінің ой-електерінен өткізіп, бойына сәйкес қасиеттерді қаншалықты сіңіре білсе соншалықты қоғамға пайда келтірері анық және ұлтымыздың экономикалық-саяси дамуына да өз үлеcтерін қосары сөзсіз.

Қазіргі дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ қажет, оны тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі, еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы білімге, мәдениетке және ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиеге байланысты.Тәрбие, соның ішінде ұлттық тәрбиенің қуаты күшті, оған тең келер рухани күш те жоқ [2]. Өйткені ұлттық тәрбиеден сусындаған адам алдымен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді, ұлт намысын ойлап, өзінің жеке мүддесінен гөрі ұлт мүддесін биік қояды, нәтижесінде жеке тұлға болып қалыптасып, биік нәтижеге көтеріледі, қоғамды да алға сүйрейді. Бізге керегі де осы.

Алайда, қазіргі жастар тәрбиесінің жұтаңдығын байқауға болады, оған Шығыс және Батыс бағыттары қатар әсер етуде. Әсіресе рыноктық даму жолына түскен кезден бастап бұл үрдіс анық байқалуда, Қазақстанда Батыс бағытын ұстанған жастардың бойында руханидан гөрі материалдық құндылықтардың басымдыққа ие болғанын, адал жолмен еңбек ету, адамдардың бір-біріне жасайтын қолғабысы, қайырымдылығы мен өзара көмегінен гөрі тез әрі жеңіл жолмен табыс табу, алыпсатарлықпен айналысу, бас пайдасын ойлау секілді арзан қасиеттерді көреміз, ал Шығыс бағытына бой ұрғандар араб ұлтының салт-дәстүрі шеңберінен шыға алмауда. Бет-аузын тұмшалап қап-қара киінген қазақ қыздары мен иегіне сақал қойған жап-жас жігіттердің қатары көбейген. Екінші жағынан етек-жеңі ашық, темекіні де еркін тартып тұрған қыздарды, бет-аузы қисайып сағыз шайнап тұрған жастарды көресің. Міне осындай екі ортада өмір сүріп келеміз.Бұл екі бағыт та еліктеуден туындаған жәйттер. Біз еліктеуге үйір және бұл қасиетте алдымызға жан салмаймыз. Олай дейтініміз – жаман әдетті былай қоя тұрайық, орыс тілін үйрену керек болып еді, оны қазір сол орыстардан артық білеміз. Асыра меңгергеніміз сонша орыс тілі осы күнге шейін қабаттасып тұғырдан түспей келе жатыр. Тіпті қазақтардың өзі бір-бірімен орысша сөйлесетін заманға келдік. Ағылшын тілін де еңсеріп алдық. Бұл ғадет, яғни, еліктеушілік қаншалықты жалғаса береді? Қашан өз құндылықтарымызды негізге алар уақыт туады?

Алаш қайраткері, алаш партиясының негізін қалаушы Ә.Бөкейханов «мем­лекеттілігі жоқ халық – жетім әрі жетекшіл халық. Мемлекеттілігі жоқ халық – еліктегіш халық» деген еді [1, 9б]. Бұл оның қазақ халқының орысқа бодан болып тұрған кезінде айтқан сөзі болатын. Қазір ше? Қазір біз өз тәуелсіздігімізді алған егеменді ел емеспіз бе? Мемлекеттігіміздің қалыптасқанына да ширек ғасырдан артық уақыт болды. Өзге жұрттың жетегіне еретіндей, олардың мәдениетіне еліктейтіндей не күн туды басымызға? Әлде 70 жыл бодандықта болған сана әлі күнге дейін серпіле алмай келе ме?

Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Әр елдің экономикалық дамуын қамтамасыз ететін жүйелері болады, немесе әрбір ел өзінің экономикалық даму бағытын анықтайтын жүйесін қалап алады десек те болады. Біздің Қазақстан 1991 жылы жоспарлы немесе әкімшілдік-әміршілдік экономикалық жүйеден бас тартып, дамудың нарықтық жүйесін өз еркімен қабылдады. Шынтуайына келгенде, біз бұл жүйеге ешбір дайын­дықсыз келдік.

Дамыған мемлекеттердің көпшілігі нарық жүйесіне көшпес бұрын әуелі егжей-тегжей зерттеп алып, оның артықшылықтары мен кемшілік тұстарын саралап алғаннан кейін барып, тиімді болған жағдайда ғана шешім қабылдайтын болған.Ал біз ше? Біз бірден нарыққа көштік. Әлемнің дамыған елдерінің көбі осы жүйеде өмір сүріп жатқандықтан, ойланған жоқпыз, экономиканы бірден кері бағытқа бұрдық. Қарапайым сөзбен айтқанда нарық бізді қарық қылады деп сендік. Осылайша нарықтық экономикаға үрдіс көшуіміздің ыңғайсыз салдары енді байқалып отыр. Олай дейтініміз, жолда тура келе жатқан адамның 180 градусқа күрт кері бұрылғанда жағдайы қалай болса (тепе-теңдіктен ауытқуы, шайқалуы мүмкін ғой), 70 жыл бойы жоспарлы экономикада өмір сүргендіктен, халық нарық экономикасының шарттарын да бірден қабылдай алмады, өйткені, адамның санасы өзінің үйреншікті жүйесінде қалды. Нарықтың қарапайым элементтерін сана қабылдамады. Нарық экономикасының толық қанды мән-мағынасын әлі күнге меңгере алмай келе жатқанымыз да сол себептен болса керек. Және бір ескеретін жәйт, әлемдік нарық жүйесінің бірнеше үлгілері бар, олар: американдық, жапондық, неміс, қытай жүйелері.

Бұл жүйелерде экономикалық қарым-қатынастарды ұйымдастырудың ерекше маманданған және өзіне тән белгісі бар ұлттық үлгісі болады. Мысалы, америкалық үлгі – кәсіпкерлікті қолдау мен оны жан-жақты дамытуды қарастырса, жапондық үлгі – ұлттық дәстүрдің жоғарғы деңгейіне негізделген. Неміс үлгісі – әлеуметтік нарықтық шаруашылықтарға бағытталса, Қытай үлгісі – шаруашылықтың барлық саласын қамтиды. Міне, осылардың ішіндегі қайсысы біздің көкейімізге жақын? Әрине жапондық үлгі. Демек, біздегі ұлттың дамуын, соның ішінде экономикалық дамуды қамтамасыз ететін нарықтық экономикада ұлттық дәстүрді негізге алуы керек. Кезінде алаш зиялылары да ұлттық дәстүрге негізделген жапондық даму үлгісіне басты назар аударған екен. Мұндағы ерекшелік – қоғамдағы барлық қарым-қатынастардың тек қана ұлттық тілге негізделгені. Тіпті экономикалық, соның ішінде қаржылық қатынастардың да жапон тілінде қызмет жасайтыны көңілге қонымды. Жапондар жапон елінде жұмыс жасайтын өзге елдің компаниясы, банктері немесе аралас мекемесінің өкілдеріне ұлттық жапон тілінде іс-қатынастарын жүргізуге талап қоятыны, олардың ұлттық намыстарының өте биік деңгейде екендіктерін айғақтаса керек. Бұл қазақ тілі туралы заңның тек қағаз жүзінде ғана қалып, нақты қолданысқа келгенде ескерусіз қалып отырғанын аңғартса керек. Сол секілді, ел тізгінінде отырған кейбір шенеуніктердің де ұлт намысына жүрдім-бардым қарайтынын, кез келген саладағы қызметтік қатынастардың орыс тіліне әлі де болса артықшылық танытатынын дәлелдей түспек.

Ал ұлт жанды алаш өкілдерінің сол кездердегі ана тілге деген құрметін, оған деген сүйіспеншіліктерін оқысақ, бүгінгі билік өкілдерінің ана тілге қатысты істеп отырған іс-әрекеттеріне көңіл толмайды. Сөзіміздің дәлелі ретінде бірқатар алаш өкілдерінің ұлттық тілге, елді басқару ісімен шұғылданып жүрген қызметкерлерге байланысты пікірлерін келтіруді жөн көрдік. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытов: «орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» [1, 47б]деп қазіргі қазақ қоғамындағы хал-жағдайды тап басқандай кесіп айтса, тағы бір сөзінде «ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін өз ұлтының күшеюіне жұмсайды», дейді [1, 44б]. Біздегі ұлтжандылықтан жұрдай, шетелде қазына ақшасына оқып, білім алса да, оны жеке бас пайдасына жарататын немесе өзге елдің қажетіне қызмет жасайтын, тек құлқынынан аса алмайтын, ол аз десек, туған ұлтының несібесін тонап, ұлтымыздың байлығын талан-таражға түсіріп отырған бүгінгі елге қызмет жасап отырған тұлғаларды құдды бір көріп отырғандай айна-қатесіз айтып отыр. Бұдан артық дәлел келтірудің қажеті жоқ секілді. Алаш өкілдері ұлт құндылықтарына негізделген қоғамның өзгелерден жақсы дамитынын білген. Сөзіміздің дәлелі ретінде Шығыс Азия елдерінің бірін басқарған премьер министрінің мынадай сөзін  келтірейік. Ол «егер қандай да бір бай-қуатты елді намыссыз, ұлты мен халқын қастерлемейтін, тек қара басының қамын ойлайтын топ басқарса – олар сол елді қаншалықты ресурстарға бай болғанмен, тонап кедей елдің қатарына түсіреді, ал егер елін, жерін, ұлтын, отанын шын сүйетін, халқына жаны ашып соның қамын ойлайтын ұлтжанды әрі әділ топ басқарса – олар елді, қаншалықты ресурстарға кенде болса да бай әрі дамыған елдің қатарына жеткізеді» дейді [3, 276б]. Бұған Сингапур елінің даму жолы дәлел.Оның лидері –Ли Куан Ю, Сингапур ғажайыбының «сәулеткері». Оның табанды әрі талапшыл басшылығының арқасында Сингапур әлемдегі бай елдердің қатарына қосылды. Шындығында, сол кезеңдегі Сингапурды біздің елмен салыстыруға мүлде келмейді. Мысалы,Сингапур 1965 жылы – аумағы жағынан кішкентай, ресурстары мүлде жоқ және өте кедей мемлекет еді. Халқының құрамы сауатсыз қытайлар мен малайзиялықтардан тұрды. Тәуелсіздік алған Сингапурда ешқандай өнеркәсіп пен өндіріс болған жоқ, тіпті ел тұщы суды қасындағы малай елінен импорттауға мәжбүр болды.

Ал, Сингапур 2019 жылы – әлемдегі ең дамыған елдердің үштігіне кірді, жан басына шаққандағы ЖІӨ $65000 – бұл АҚШ-қа қарағанда көп, әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осының бәрі Ли Куан Юдің әділетті басшылығымен білікті кадрларды ұйымдастыру және сауатты түрде жүргізген реформалық өзгерістердің арқасында жүзеге асырылды. Ли Куан Ю Сингапурды үшінші әлемнен бірінші орынға шығарды. Енді Сингапурдың әлем елдері арасында иеленетін бірқатар әлеуметтік-экономикалық рейтинг көрсеткіштеріне назар аударалық:

– білім беру сапасы бойынша бірінші орында;

– жоғары технологиялар мен интернетті дамыту бойынша бірінші орын;

– бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша екінші орын;

– үкіметтің тиімділігі бойынша бірінші орын;

– әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі;

– әлемдегі ең аз жемқор елдердің бірі;

– денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі бойынша бірінші орын[6].

Дәл осындай жетістіктерге жету үшін Ли Азиялық құндылықтарды, дәлірек айтсақ өзін-өзі бекем ұстау, ұқыптылық, үлкендерге, отбасы құндылықтары мен билікке құрмет, бәтуаға келуге бейім тұратындық, білімнің беделін негізге алды. Нәтижесінде бұл адамдардың өндірістік қызметіне айтарлықтай психологиялық серпін берсе, Ли сондай-ақ ұлтты дамыту тұжырымдамасына өзінің жеке арман-аңсарлары мен өмір туралы ұғым-түсінігін енгізді. Міне, осындай жайттар оған жаңа Сингапурды құруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Ли Куан Ю қоғам байлығын бірінші кезекке қойды, өйткені, қоғам игілігі – оны құрайтын адамдар игілігі деп түсінді. Міне, сондықтан да, дәстүрлі Азия қоғамына батыстық демократиялық құқықтар мен еркіндікті тықпалау үдерісі соншалықты қажетті емес екенін жақсы ұғынды. «Егер батыстық үлгідегі демократияны қабылдайтын болсақ, бізді не күтеді?» деген сұраққа, ол «есірткі, қылмыс, жалғызілікті аналар… саны арта түсетін болады» деп жауап береді [5].

Ли тағы бір сұхбатында: «Мемлекеттің ұлылығы тек жер көлемімен ғана өлшенбесе керек. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті тарихтың құтты мекеніне айналдыруға ұмтылған ұлтжанды көшбасшылары мен көсемдерінің сапасы ғана сомдайды. Сондықтан да, мені Батыс әлемінің шаншу сөздері мен жөнсіз мін таға сынайтыны емес, билік тізгінін өзіме сеніп тапсырған халқымның, түптеп келгенде, қандай баға беретіні көбірек ойландырады»[4]. Қорыта айтқанда, Сингапурдың лидері бола білген Ли Куан Юдің осындай өзекжарды ішкі сырлары мен тастүйін ұстанымдарын, Жапон елінің ұлттық намысқа толы жігері мен рухын құрметтемеу мүмкін емес. Өйткені, мұндай ізгі қасиеттер мен батылдық, ең алдымен, туған елі мен халқын қапысыз сүйетін ұлтжанды тұлғалардың ғана қолынан келетіні анық.

Біздің де Ә.Бөкейханов бастаған кез-келген Алаш зиялыларының барлығы да ұлтжанды ізгі қасиеттерге ие болғаны, туған халқына адал, қалтқысыз қызмет жасағаны, керек болса халқының бақытты, бай-қуатты өмір сүруіне бар күш-жігерлерін сарп етіп, соның жолында құрбан болғандарын тарихтан білеміз. Олардың әрбірі ұлттық намысқа  толы күш-қуаты мен рухын ел басқару жолына арнай  білетін көшбасшылыққа лайықты еді.

Ұлт көсемі Ә.Бөкейханов: «Еуропа мәдениеттімін-мәдениеттімін деп мақтанғанмен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі әлі хайуандық салдарынан қайтқан жоқ»[1, 23б]. Біз қазір де еліктегішпіз, соның ішінде Еуропаға көп назар қоямыз. Алайда, олардың тек артықшылық, пайдалы жақтарын ғана алып, қалған жерді ұлттық салт-дәстүрге негізделген рухани құндылықтарымызбен толықтырсақ дамудың ұлтымызға тән жолын ғана қалар едік. Демек ұлттық даму өз ұлттық құндылықтарымызға, яғни, ең бірінші кезекте ұлттық тілімізге негізделуі керек. Қоғамдық қарым-қатынастағы кез-келген қызметті тек қана ұлттық тілге негіздеу керек. Әсіресе экономика, ақша-қаржы саласындағы қарым-қатынастарды толығымен қазақ тілінде жүргізу қажет. Сонда ғана ұлт рухы оянады.

Ойымызды түйіндей келе айтарымыз әркімге бір тәуелді болмай, жалтақтамай ұлттық рухты биік ұстанған жағдайда ғана ұлттың дамуы қалыптасады. Ал ұлттық рухтың негізі – ана тілі екенін ескерсек, қазақ қоғамындағы бүгінгі қарым-қатынастарды қосарлы тілде емес, тұтастай бір ғана ұлттық тілде жүргізудің, ұлттық тілде басқарудың уақыты жетті.Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың «елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көшбасын да алып жүре алмайды» [1, 20б] немесе М.Дулатұлының «орысша сөйлеген жерде, қазақтың исі шықпайды» [1, 62б]дейтін сөздері, бүгінгі қазақ қоғамындағы ұлттың дамуына ұлтжанды адамдардың көшбасшы болуын меңзеп отырғаны баршаға түсінікті болса керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ұлт рухы: қанатты сөздер/Е.Зәңгіров – Алматы: «Arna-b», 2015. – 160 бет.

2. Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы 27.06.2017. Анар Лепесова https://turkystan.kz/article/34976-ltty-t-rbie-lt-bolasha-y/.

3. Ю Ли Куан Мой взгляд на будущее мира / Ли Куан Ю; Пер.с англ. – М.: Алпина нон-фикшн, 2017. – 446 с.

4. Ли Куан Ю әлемі. Әділ Ахметов.https://egemen.kz/article/36466-li-kuan-yu-alemi.

5. Ли Куан Ю Сауытбек Абдрахманов. 27 Наурыз, 2015https://egemen.kz/article/40838-li-kuan-yu.

6. Президент, который вытащил страну из нищеты – Ли Куан Ю.19 мая 2019. https://zen.yandex.ru/media/stark/prezident-kotoryi-vytascil-stranu-iz-niscety--li-kuan-iu-5ce17bde3f91de00b3740ac1

3477 рет

көрсетілді

324

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз